Сұрақтар мен тапсырмалар
60-80 жылдардағы балалар әдебиетінің даму дәрежесі. Жанр, түр, стиль, дәстүр мен жаңашылдық тарапындағы ізденістер.
Балалар поэзиясының тақырыптық сипатын анықтаңыздар. Балалар ақындары өлеңдерінің қазақ балалар әдебиетіне әкелген жаңалығы, көркемдігі жайында әңгімелеңіздер.
3. Қазақ балалар прозасындағы басты тақырыптарды атаңыздар. Өздеріңіз оқыған шығармалардың тақырыптарын анықтаңыздар.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
Қазақ балалар поэзиясының антологиясы. - Алматы: Жалын, 1977.
Шынашақ. Қазіргі қазақ балалар поэзиясының антологиясы. - Алматы: Балауса, 1992.
Алғашқы қоңырау. Қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері. - Алматы: Жазушы, 2001.
Алтын бесік. Қазақ жазушыларының балаларға арналған әңгімелері. Алматы: Жазушы, 2003.
Қазыналы керуен. – Алматы: Балауса, 2008.
Қабанбаев М. Бақбақ басы толған күн. - Алматы: Жазушы, 2003.
Нұрмағанбетов Т. Қарлығаштың ұясы. - Алматы: Жазушы, 2003.
Табылды Ә. Таңдамалы шығармалары. Екі томдық. – Алматы: Балалар әдебиеті, 2005.
2 тарау. Ә.ТҰРМАНЖАНОВ
Өлеңдері. Ә.Тұрманжанов - І.Жансүгіров дәстүрін жалғастырушы ақын. Бұл ретте Жансүгіровтің «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» өлеңдерін еске түсірсек те жеткілікті. Ә.Тұрманжанов өлеңдері де қимыл- қозғалысқа, бояуға толы динамикалы болып келеді. Ақын өлеңдерінде сәбиге тән бала тілі, оқушыға тән асқақ сезім, романтизм, лиризм бар. «Тамаша ғой қыс деген», «Ән салайық айналып», «Балқаш көлге барайық», «Көк гүлдерді жұлмаңдар», «Жасыбайдың үңгірі» өлеңдері балаларға арнау түрінде жазылған. Автор «Тамаша ғой қыс деген» өлеңінде қыс тамашасын шаңғы тебу қызығымен байланыстырады. Алғашқы шумағында қыстың шұнақ аязын алға тартады. Бірақ «қызыл шұнақ аяз» ықшам киінген шаңғышы балаға бұйым емес. Кейінгі үш шумағы шаңғымен сырғыған баланың қимыл-қозғалысы мен оның физиологиялық, эмоциялық өзгеріске түсу жайын баяндайды. Бұл өлеңде де М.Жұмабаевтың «Ақ қала» өлеңіндегі эмоционалдық реңк бар.
Қуат бітіп бойыңа,
Қанат бітіп қолыңа.
Қарлығаш боп кетесің,
Жел ілеспей соңыңа.
Ақын қыстың бір ғана қызығын айтып отыр. Өлеңді қыстың қызығына алаларды ынтық ете аяқтайды.
Балалар-ау, балалар!
Мұнан қызық не болар?
Қыстың да бар қызығы,
Жылында бір оралар.
М.Дулатов «Мектепке», «Мектептен» өлеңдерінде, І.Жансүгіров өз өлеңдерінде балаларды оқуға шақыруды мақсат етсе, Ә.Тұрманжанов жырларында спортпен шұғылдануды міндеттейтін сыңай байқалады. Ә.Тұрманжановтың арнау түріндегі өлеңдер тілек білдіру, бұйыру мағьшасында келеді. Мәселен, «Балқаш көлге барайық» өлеңі балаларды Балқаш көліне қызықтыру мақсатын көздейді. Бірінші бөлімде «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» көлге бару, екінші бөлімде көлдің сан қызығын көру тілек етіледі. Ән сап, өлең айту, сөйтіп ауылға қайту - қызықпен өткен уақыт жемісі. Бұйрықтық мағына «Көк гүлдерді жұлмаңдар» өлеңінде айқын.
Балалар-ау, балалар!
Көк гүлдерді жұлмаңдар!
Көбелекті қумаңдар!
Көбелекті қусаңдар,
Қуып жетіп ұрмаңдар!
Автор байқауынша, гүл мен көбелек - егіз ұғымдар. «Гүлдің досы көбелек, доссыз өмір не керек?» деп өлеңін түйіндейді автор. Достық тақырыбы табиғат аясындағы құбылыс төңірегінен алыстамай ашылған.
Ә.Тұрманжанов фольклорлық тақырып пен сюжетті шығармашылықпен пайдаланды. «Баласын сүю» атты халық өлеңінде қой, сиыр, түйе, ешкі, жылқы, қабан, қасқыр, ит, мысықтың баласын қалай сүйетіндігі айтылса, Ә.Тұрманжанов «Төрт түліктің төлдерін сүюі» өлеңінде солардың төртеуін ғана, атап айтсақ, жылқы, ешкі, қой, сиырды таңдайды. Халық өлеңінде «жылқы сүйеді баласын «құлыным» деп», Тұрманжанов өлеңінде «Жылқы сүйер құлынын жүйрігім деп» келеді. Алғашқы өзгешелік осы. «Ешкі сүйер баласын лағым деп, тастан-тасқа(жардан- жарға) секірген шұнағым деп, қой сүйеді баласын қоңырым деп, ештеңені(қулық-сұмдық) білмейтін момыным деп, сиыр сүйеді баласын торпағым деп, қараңғыда баспаған(баспайтын) қорқағым» деп келетін жолдарда жақша ішінде көрсетілгендерден басқа айырмашылық жоқ. Бірақ авторлық өлеңде төрт түлік сипаты толықтырылып беріледі. Бұл өлеңнің төрт түлікке ғана арналғандығынан болса керек. Ешкі малына арналған халық өлеңі «Ешкі қойды бастаған, қойды артына тастаған ешкі деген жануар» деп басталатын көлемді өлең. Ә.Тұүрманжановтың «Ешкі деген жануар» өлеңі шағын.
Қос мүйізі қылтылдап,
Қылшық жүні жылтьшдап,
Тұяқтары сыртылдап,
Бүйректері бұлтылдап,
Қой бастаған қутыңдап
Ешкі деге жануар.
Автор ешкінің қой бастайтын қасиетін аңғартуды мұрат тұтқан тәрізді. Жалпы, ешкі жайындағы өлеңдер Ә.Тұрманжановта бірнешеу. «Ешкім, ешкім, егіз тап» өлеңі «Бөбектің тілегі» атты халық өлеңі үлгісін еске түсіреді. Халық өлеңінде «Тоқтышағым, тоғыз тап, саулық қойым, сегіз тап, сегізін де семіз тап!» делінсе, авторлық өлеңде «Ешкім, ешкім, егіз тап, егіздете семіз тап, тоқтым, тоқтым, тоғыз тап, тоғызын да егіз тап!» деп келеді. Өлеңдерде түлік атауларының орындары ауысқан. Халық өлеңінде бие мен сиырға айтылатын тілек(«құла бием, құлын тап», «әукем, алып бұзау тап») Ә.Тұрманжановта жоқ. «Ешкім, ешкім, егіз тап» өлеңінде ақынның күтетін нәтижесі төмендегідей:
Төлге толсын қорамыз,
Сүтке толсын шарамыз.
Қазан-қазан сүт қайнап,
Қаймақ жейтін боламыз.
Халық өлеңі жануарға бұйыру түрінде келеді. Мұндай сипат арнау-тілек өлеңдерінен байқалған болатын. Авторлық өлеңдерде балаларға қатысты жиі қолданылған. Мәселен, «Ақ ешкіні баптап бақ» өлеңінде «еңбек түбі - зейнет» деген ой бар. Ақ қаймақ пе ақ қолғап ешкіден. Түбіт беретін - күтім көрген ешкі. Ақ қолғап тоқып берген әжеге ықылас үлкен.
Түлік төлдеріне арналған өлеңдер халық өлеңдері арасында да кездеседі. Мысалы, «Торы құлын» атты халық өлеңі «жағы қалақтай», «мойны садақтай», «жүні құндыздай», «жалы жібектей», «саны білектей», «көзі моншақтай», «құйрығы шашақтай» құлынды көз алдыңа әкеледі, құлынның жансыз суреті ендігі сәтте қимылдай бастағандай көрінеді. Бірте-бірте құлынның қимыл- қозғалысы үдейді. Ноқта-желіні, киім-теріні ернімен емеді, езгілеп береді. Айнала шабады. Ақыр соңында «Енесін емер еді, еркелеп тебер еді». Халық өлеңі 5-6 аралас буынға құрылған. Өлең үшінші жақта айтылады. Ә.Тұрманжановтың «Құлыншақ» өлеңінің халық өлеңінен бірнеше өзгешелігі бар. Біріншіден, 7 буынды болып келген. Екіншіден, екінші жақта айтылады, яғни қаратпа сөзге құрылады. Үшіншіден, өлеңге бала кейіпкер қатысады, нақтырақ айтсақ, тілегімен қатысады.
Желдей жүйрік құлыншақ,
Құстай ұшқыр құлыншақ,
Қалсын халық ойланып,
Берші маған бәйге алып
Ұқсастығы, халық өлеңі де, авторлық өлең де түлік төлін бірдей мінездейді. Ә.Тұрманжановтың «қамыс құлақ», «күміс тұяқ», «жібек жалды», «бөкен санды» құлыншағы - халық өлеңінің шекпеніне оранып туған құлыншақ.. Авторлық өлең көлем жағынан ұтылған. Халық өлеңі жиырма алты жолдан тұрады. Ә.Тұрманжанов болса, құлын сипаттамасын тоғы жол, екі шумаққа сыйғызған. «Қошақан» өлеңі бұдан сәл өзгеше. Бала кейіпкер қошақанды әңгімеге артады.
Қошақан-ау, қошақан!
Гүл берейін, жейсің бе?
Гүлімді жеп қолымнан,
Рақымет дейсің бе?
Лирикалық кейіпкер бүл жолы да өз тілегін батыл жеткізеді:
Күз болған соң қолғапқа,
Берші жұмсақ жүніңді.
Ә.Тұрманжановтың төрт шумақтан тұратын «Әукім, әукім, ақ бұзау» өлеңі де сиыр төлінің келешектегі пайдасын ескертеді. Өлең түгелдей тілекке құрылған. Ақ бұзауды күтетін, шөп салып, суаратын, асты-үстін қарап, тазалайтын баланың еңбегі қоса-қабат айтылады. Автор бұзаудың үркек мінезін дәл береді.
Едіреймей танауың
Ене қойшы қораңа.
Одырайып қарауың
Ескі досқа бола ма?!
Негізгі тілек - бұзаудың сүтті сиырға айналуы.
Әукім, әукім, ақ бұзау!
Ертерек өс, құтты бол!
Өзгелерден өзің дәу
Сиыр бол да, сүтті бол!
Халық өлеңдерінің қаратпа сөзге құрылатын түрі - арнау-тілек өлеңі. Халықтың арнау-тілек өлеңдері табиғат құбылыстарына арналған және хайуанаттарға арналған болып екіге бөлінеді. Ә.Тұрманжановта да осылардың екеуі де бар. «Жау, жау, жаңбыр, жау, жаңбыр», «Қанатты гүл» өлеңдері - осының дәлелі. Ерекшелігі - көлемінде. Біріншісі - үш шумақ өлең. Екіншісі отыз шақты жолдан тұрады. «Жау, жау, жаңбыр, жау, жаңбырда» автор көңілі шартарапты кезеді. Халық өлеңіндегідей арық суының мол болуымен, өсімдік-шөптің көп болуымен шектелмейді.
Жау, жау, жаңбыр, жау, жаңбыр!
Жадырасын, жер тойсын.
Төгілген соң жерге нұр
Егін салсын, ел тойсын.
Авторлық өлеңге ел егіні, гүл жапырағы, жеміс түйіні, қосылады. Автор жаз бұлбұлының сайрағанын, қозы-лақтың ойнағанын қалайды. «Қанатты гүл» өлеңі сюжетке өрілген. Гүл терген бір бөбек көбелекті гүл екен деп «Жан бітті ме гүлге» деп шошып қалады. Көбелекке деген жүрекжарды тілегін бірден білдіреді.
Ұстап алсам, қыспаймын,
Жұмсақ қана ұстаймын.
Қанатыңа тимеймін,
Бұл қанатты гүл деймін.
Халық өлеңдерінің ішінде жеткіншектер поэзиясына жататын қызықтама деген өлең түрі бар. Сюжеттік баяндауға құрылады. Ә.Тұрманжановтың халық өлеңі ізімен жазылған «Түлкі, түлкі, түлкішек» өлеңінде көп өзгешелік жоқ. Ешкі сүтіне қатысты «Сүтін қайда қоясың?» деген сұраққа «Ішіп алып тоямын» деген жауап қатыстырылады. Авторлық қызықтамада лақ орнына қозы сойылады. Оны түлкішек тал басына қояды. Сұрақ-жауап ары қарай төмендегіше жалғасады.
Құс жеп кетсе, қайтесің?
Тал түбіне қоямын.
Ит жеп кетсе, қайтесің?
Жолына қақпан құрамын
Ұстап алып ұрамын.
Осылайша, оптимистік сарында аяқталады. Өлең жеткіншекті белсенді іс-әрекетке шақырады.
Ә.Тұрманжанов мазақтамалары да жетерлік. «Тәмпиген Қасым», «Ей, кір бала, кір бала» өлеңдеріндегі буын саны біркелкі емес. «Тәмпиген Қасым» мазақтамасының бірінші шумагында Қасымның әрекеті баяндалады.
Қолына ап тарақ,
Айнаға қарап,
Тарады басын
Тәмпиген Қасым..
Екінші шумақта осы әрекетінен зиян шеккен Қасым сипатталады.
Маңдайда-ақ шашы,
Тап-таза басы.
Тараймын деп шашын
Тырнатты басын.
Халық өлеңдері тақпақ және сұрамақ болып бөлінеді. Халық тақпағының бірі «Торғай». «Торғай, торғай, тоқылдақ» деп басталатын тақпақ Ә.Тұрманжановта да бар. Авторлық тақпақ 23 жолдан тұрады. Торғай Тұрымтайдан, Мысықбайдан, Күшікбайдан, Нүсіпбайдан қорқады. Торғайды жәбірлеушілердің әрқайсысының мінездемесі қоса берілген. Торғайға лирикалық кейіпкер іштартады.
Торғай, торғай, торықпа,
Бәрінен де қорықпа,
Тары себем жолыңа,
Қона ғой келіп қолыма.
«Қасқырдың қойшыларға айтқаны» деп аталатын халық өлеңі он тоғыз жолдан тұрады. Аралас буынды өлең. Өлең өзінің атауына сай. Мазмұны қасқырдың бала қойшыға, төрт қойшыға, үш қойшыға, екі қойшыға айтқан тілегіне және атты қошы, түйелі қойшы, өгізді қойшыны мінездеуге құрылған. Ә.Тұрманжановтың «Қасқыр мен қойшы бала» өлеңі қасқыр мен қойшының айтысынан тұрады. Формасы жағынан «Ұл мен қыз», «Бала мен шіл» айтыстарын еске салады.
Қасқыр:
Бала қойшы, бала қойшы!
Асық ойнап қала қойшы.
Малыңды ойға сала қойшы,
Ауылыңа бара қойшы.
Автор халық өлеңінен алдыңғы екі жолды ғана алған және оған аздаған өзгеріс енгізген. Бірақ қасқыр ішкі ойын бала қойшыға сездіргісі келмейді, «бір тоқтыңды бере қойшы» демейді. Бала қойшыға қасқырдың ойы белгілі. Сондықтан алдауға көнбейді.
Достарыңызбен бөлісу: |