«ҚҰТАДҒУ БІЛІК» – ДАНАЛЫҚ ДАСТАН
Орта ғасыр жазба әдебиетінің айқын көрінісі Жетісулық Жүсіп
Баласағұнның «Құтадғу білік» атты кітабы.
1911 жылы Қазан қаласында басылып шыққан. Құрманғали
Халидовтың «Тауарих Хамса» атты кітабында осы «Баласағұн», «Құтадғу
білік» деген сөздердің мағынасына түсініктер беріледі. Халидовтың
айтуынша: «Бала» көрікті қашалған тас, «сағұн» – қала деген моңғол
сөздері. Көрікті тас қала деген ұғым береді» - дейді.
Жүсіп Баласағұнның толық аты Жүсүф Хас-хожиб. ХІ ғасырдың
алғашқы ширегінен бастап, сол ғасырдың 70 жылдарына дейін өмір
сүрген адам. Жүсүп қазіргі Қазақстан жеріндегі Шу бойына орналасқан
ескі қаланың бірі – Баласағұнда туған. Осыдан Жүсүп Баласағұни деп
аталып кеткен Бұл қала сол кездердегі Қарахан мемлекетінің бір астанасы,
әкімшілік және сауда-саттық орталығы болған. Жүсүптің әкесі де өнер
иесі, күйші сазгер екен. О да Қарахан мемлекетінің қожасы Бохраханға
(Толық аты Табғас Бұғара Қарахаһон Әбу-Әлі Хасан) қызмететкен. Ел
аңызының айтуынша, ол Бохранның аталарының бірі Хұсайын дегенге
арнап «Дәрди Хұсайын» («Құсайынның дерті») деген күй шығарған
белгілі қобызшы бопты. Жүсүп осы талантты өнерпаз әкесінің тәлімін
алып өскен. Жасынан зерделілігімен көзге түсіп, сарай қожаларының
көңілін аударған. Шығыс Түркістан, Қашқар, Баласағұн, Жетісу өлкелерін
билеп тұрған Боғрахан (1102 ж. өлген) Жүсүптен зор үміті болып оны
баулыған. Жүсіп кезіндегі атақты деген білім ордаларында болып, көп
тілдерді үйреніп, тез жетілген. Әділет жолын іздеп, алас ұрған жігерлі
жас әдебиет пен ғылым салаларын жете меңгерген. Жүсіп өз кезінің
білімді адамы саналған. Ол жасынан оқып, түркі тілдеріне қоса парсы,
араб қытай тілдерін жақсы білген. Сол кез әдебиетінен, тарихынан,
астрономиясынан, геометриясынан, тағы басқа ғылымдарынан мағлұмат
алған.
Білім мен өнер жолын қуған Жүсіптің дүние, дәуілетпен ісі болмай,
парасатты өмір сүрген. Ол өзі туралы: «Барын табқылап мен кечүрдүм
күнүк – Барды қанағат тұтып күн кешірдім, әред әмгәк артты йаруды
түнім – еңбектің рақатынан түнім жарқырады. Әліг қысақ туттым
тәвуртәрмәдим – қолым қысқа тұттым, түлік жинамадым; Хава арзуларға
көңул бәрмәдим – Бұл босқа айтылған сөз емес. Жүсүп өзінің саналы
өмірін ізденумен өткізіп, тез қартайғанша налиды. Елу жасқа келгесін-ақ
157
шашы ағарып, буыны босайды. «Тәгүрді мәңә елгі эллік нашым» – Елу
жас маған қаһарын тигізді. «Қуғу қылды құзғун түсі – тәч башым» қара
шашым аппақ болды. «Отуз йығмышын иандур алды эллік» - Отыз жыл
жиғанды елу не қылар екен?
Жоғарыда келтірілген сөздерге қарағанда Жүсүп өз дастанын елу
жасқа келген шақта жазған. Ал жазу, іздену жұмысымен отыз жыл бойы
айналысқан. Бірақ ол дастанын 18 айда жазып шықтым деп ескерткен.
Хиджраның 462 жылы немесе 1069 жылы аяқтаған. «Иыл алтмыш әкі
эрді төрт йуз білә (төрт жүз алпыс екінші жылы) Бу сөзләрдім мән туту
йан сүрә (Жаным қинап бу сөздерді шығардым). Түгәл он сеңіз айда бу
сөз (Бұл сөздерімді 18 айда түгәл тәмәмдәдәм) Әндүрдім ақырдым сөз
әвдіф тәрә «Сараптап сөз тердім».
Жүсүптің бізге тек осы «Құтадғу білік» дастаны ғана жеткен. Өзге
жазғандарынан мәлімет жоқ. Асылы, Жүсүптің өзі жазған туындылары
тек бір осы дастан ғана болмас. Дастан жазғанға дейін Жүсүптің басқа
әдеби туындыларының болуы ғажап емес, керісінше, талай тамаша әдеби
шығармалар дүиеге келсе де бізге жетпей тарихтың қалың қыртысына
көміліп, жойылып кеткен сияқты.
«Құтадғу білік» - барлық түркі халықтарына ортақ орта ғасырлық зор
туынды. Оның жалпы көлемі 13 мың жол (тармақ) шамасы. Дастанның
алдында қара сөзбен және өлеңмен жазылған түсінік, кіріспе сөзі бар.
Бұл кіріспесінде жазушы оқушысына біраз ескертпелер жасайды. Онда
Жүсүп өз дастанынын мазмұны мен мәнін, қалай жазылғанын түсіндіреді.
Ол түсініктері төмендегідей:
«Құтадғу біліктің» мазмұны ақылға, парасатқа толы, оның әрбір жолы
Қытайдың данышпан ақындарының өлеңдерімен, үндінің нақылдарымен
безендірілген. Бұл кітаптың дана жолдарын оқыған адамдар ақыл-ойға
кенеледі, жетіле түседі.
Қытай мен Үндінің ғұламалары осы күнге дейін Шығыста, Түркістан
жерінде, бограханидтер тілінде бұл сияқты кітапты еш адам шығарып
көрмегенін әбден біледі. Әр елдің данышпандары біздің кітабымызды
өздерінше атап жүр. Қытайдың ойшылдары «Мемлекет иелерінің
даналық ережелері» деп атаса, үнді кемеңгерлері оны «Жайлы басшылық
кітабы», шығыс патшалықтары «Хүкмет әшекейі», парсылар «Бақытқа
жеткізетін ғылым», кейбіреулері оны «Патшаларға кеңесші кітап» деп
атап кеткен. Ал түркілер жерінде бұл кітапты «Құтадғу білік» – дейді.
Кітапты жазған – білімді парасатты Баласағұнда туған ер. Бұл кітапты
ол Қашғарда аяқтап, хандар ханы Бограханға тарту етті. Ол үшін хан
тақсырдың сыйлығы мен дәрежесіне ие болды. «Хас-Хажиб» (басшы,
кеңесші, ақылшы) деген құрметті атақ алды. Осыдан кейін ғана бұрынғы
қарапайым жазушы Жүсүп Хас-Хажиб атанды. «Кітапқа негіз төрт асыл
қасиеттер: бірішісі – ғаділеттік, екінші – бақыт, үшіншісі – ақыл, төртінші
158
– молшылық. Бұлардың әр қайсысын ер деп атадым. Ғаділеттікті –
Күн толды – элик басшы еттім. Бақытты мен Айтолды деп атап, уәзір
дәрежесінде таныттым. Ақылды – Огдулмыш деп атап, уәзірдің баласы,
молшылықты Одурмыш деп атап, оны уәзірдің інісі тұттым. Осы төрт ер
өзара әңгімелеседі, біріне бірі сұрау қойып, жауап береді. Осы төрт ерді
бір тұлға ретінде қабылдаған зерек оқушыларымның жаны жадырасын,
жүрегіне жылу берсін, олар өзінің мүсәпір шығарушысын есіне алсын...»
Жазушының жоғарыда келтірілген ескертпе сөздерінің сыры айқын.
Шығармасының жазылу жайын, ондағы мақсат, мағынаны образды
түрде айтып берген. Автор өзі туралы да азды-көпті мәлімет қалдырған.
Шығарма кейіпкерлерінің автор қиялынан алынғандығын байқауға
болады және олардың атқаратын міндеттері бейнелі тілмен шебер
сипатталады.
Баласағұндық Жүсүптің негізгі пікірі – әділеттілік пен ақыл, ақылды
қарапайым адам басқарғаны жайлы, берекелі елді аңсау. Бұл әрине,
халықтың ертеден бергі ізгі армандарына ұштасады және әл-Фарабидің
«Жақсы қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактатымен» үндес
пікірлер мол ұшырайды. Әл-Фараби сияқты Жүсүп Баласағұн да қатал
қара күшке қарсы ақыл мен парасаттықты қойған Әділдік пен ақыл
билеген бақытты өмір, молшылыққа кенелген тұрмысты аңсаған.
Жүсүптің «Құтадғу білік» дастаны кезіндегі ел билеуші хан-
қаһандарға әділдік пен парасатты биліктің шешен шежіресі ретінде,
ақылмен іс қыла білудің заң ережесі ретінде ұсынылған. Жазушы
дастанының әр тұсында да жалпы ел, бүкіл халық мүдделерін жоғары
қоя білген. Әрбір қоғамдық топтардың ел, мемлекет өмірінен алатын
орындарын айту арқылы қандай басшы, әмір болмасын ол тек қана ел
жұртымен ардақты, соларға жасаған жақсылықтарымен беделді деген
ұғымға саяды. Сондықтан қаған үшін тек үстем топ емес, барлық кәсіп
иелері, өндіргіш күш саласындағы еңбек адамдары, өнерпаздар қажет.
Олар да басшы адамның назарына мұқтаж.
«Илақа сән-әк сән йарықа-Илаһа-Түзу иелерімді жарылқа, Разы қыл
қамұғ барча Момынларқа – Разы қыл барлық қамыққан момындарды» –
деп, барша езілген халықты, түгел ел-жұртты жарылқарлық күш іздейді
ақын.
Дастанның жоғарыда келтірілген кіріспе түсінік сөздерін автордың
өзі жазды ма әлде кейінгі көшірушілердің ескертпесі ме? Бұл мәселе
зерттеушілер тарапынан әлі тиянақталған жоқ. Сөйте тұрса да, кіріспе
мақсаты айқын. Ол дастанға дұрыс түсінік беріп, шығарма мазмұнының
тура түсінігін нұсқайды.
«Құтадғу білік» ғылым әлеміне ХІХ ғасырдың бас шағында ғана
мәлім болды. Оны алғаш Австрияның Стамбулдағы елшісі болып жүрген
Иозеф Хаммер-Пургшталл (1774-1856) деген адам жергілікті Әбдіразақ
159
Шайхзада деген түріктен ұйғыр әліпбиінде жазылған дастан қолжазбасын
сатып алып, Вена Сарай кітапханасына тапсырды. Кейін 1820 жылы ол
араб, парсы, түркі каталогтарын жариялап, соның ішінде өзі тапсырған
дастанның қолжазбасы туралы мәлімет береді.
Сөз болып отырған қолжазба «Құтадғу біліктің» Гераттық (кейін ол
Веналық нұсқа деп аталады) нұсқасы. Қасан қара Сейіл Шамс дегеннің
1439 жылғы осы көшірмесі еді. Бұдан кейін француз ғалымы Р.Жобер
осы қолжазбамен танысып, ол туралы «Азия тану журналында» 1825
жылы мақала жазады. Дастанның кейбір тарауларын француз тіліне
аудара отырып, мазмұнынан мәліметтер береді. Жовердің жарияланған
дастан тарауларының үзіндісін И.Н.Березин «Түрік Хрестоматиясы»
(1857) еңбегінде қайта бастырады. Бұдан кейін Россия ғалымдарының
«Құтадғу білікті» зерттеумен шұғыл айналысқаны байқалады. Қазан
университетінің профессоры Н.Ильминский дастанды танытуға күш
салады. Өзі құрастырған «Түрк-татар тілінің» (1861) оқу құралында сөз
етеді, үзінділер жариялайды.
«Құтадғу білік» дастанын арнайы зерттеу ісімен шұғылданушы
ХІХ ғасыр түркологтары Герман Вамбери мен В.В.Радловтар болатын.
Венгер түркологы Вамберидің (1870 ж.) «Ұйғыр тілінің ескерткіші» және
«Құтадғу білік» кітабы дастанды Европа ғылымына толық танытқан
тұңғыш салмақты зерттеу болды. Ол неміс тілінде түркі дастаны туралы
мәліметтер беріп, толыққа жақын аударып шықты. Латын ғибрасы
бойынша дастанның көптеген тарауларын жариялады. Вамбери – «Құтадғу
білік» Веналық (гераттық) нұсқасын танытуда алғаш еңбек еткен даңқты
түрколог. Оның түсініктері, талдаулары, ғылыми болжаулары кейіннен
зерттеген В.Радловқа әсер етті. Академик В.В.Радлов 1884 жылдан
бастап, «Құтадғу білікті» зерттеу жұмысымен шұғыл айналысты. Әуелі
Вамбери ізімен Веналық нұсқаны зерттеп, оның толық мәтінін қолпына
келтіріп, 1891 жылы факсимилесін жариялайды. Кейін дастанды неміс
тіліне аударып, 1897 жылы бастырды. Осы тұста «Құтадғу біліктің» араб
жазуындағы бұрын белгісіз жаңа көшірме нұсқасының Каирда табылған
туралы хабар естіледі. В.Радлов бұл жаңалыққа елең етпей қалмайды.
Ол жаңа нұсқамен де дереу танысып, оның бұрынғысымен салыстыра
ұзақ та байсалды зерттейді. Нәтижесінде ол 1910 жылы дастанның
толық түрін зерттеп жариялайды. Акад. В.Радловтың жариялауы, түсінік
сөздері, ғылыми зерттеулері «Құтадғу білікті» дүние жүзіне кеңінен
танытты. Жер жүзі ғалымдары В.Радлов еңбегін жоғары бағалады.
«Құтадғу біліктің» үшінші көшірме нұсқасы 1914 жылы Наманганнан
табылды. Оны сақтаушы Мұқаммедқожа деген адам екен. Профессор
А.Фитрат өзінің «Өзбек әдебиетінің қадым үлгілері» (1928) деген
кітабында дастанның жаңа түрінен кейбір тарауларын жариялайды. Сөз
болып отырған «Құтадғу біліктің» намангандық нұсқасы араб әліпбиінде
160
түркі тілдеріне жақын жазылған. 1971 жылдары өзбек тіліне аударылып,
толық жарық көрген дастанның тұңғыш толық басылымына негіз болған
да осы нұсқасы. 1971-1972 жылдары Ташкентте шыққан «Құтадғу
білік» дастанының академиялық басылымы К.Каримовтың аудармасы
бойынша С.Мұраталлибов пен Ш.Шукуровтар редакциясымен жарық
көрді. Бұл түркологияның табыстарынан саналып отырған дастанның
бұл басылымы – сөз жоқ үлкен ғылыми табыс. Өзбек ғылым академиясы
қызметкерлеріне абырой әперген ізгі еңбек. Кейін қазақ, ұйғыр тілдеріне
аударылуына жол ашты. «Құтадғу білікпен» Мәскеу әдебиетшілері де
үздіксіз шұғылданып жүр. С.Е.Малов, А.А.Валитова, Е.Э.Бертельс,
И.В.Стеблевалар өнімді зерттеулер жазып келеді. Кейінгі кезде «Құтадғу
біліктің» поэтикалық аударма тексін орыс тіліндегі поэтикалық мәтінін
Н.Гребневтің аудармасы бойынша бөлек кітап етіп жариялады (Бұл
екінші рет басылуы).
Бір ескерте кететін жай, аудармашы Н.Гребнев өзінің кіріспе сөзінде
дастанға жоғары баға берген. Ол «Құтадғу білікті» даңқты «Игорь полкі
туралы жырмен» қатар қояды. Маңызы мен көркемдігі жағынан бұл
екі ескерткіш кеңес халықтарының мақтанышы боларлық көне дәуір
мәдениетінің тамаша көріністері екенін атап көрсетеді.
Е.Э.Бертельс өз еңбектерінде Жүсүп дастанының ерекшеліктері
туралы сөз қозғап, оның жазба әдебиет пен ауыз әдебиеті негізінде
жазылған шығарма екенін атап өтеді, онда ескі түркі эпосының әсері де
айқын деп таниды. Ол: «Баласағұн өз поэмасын көшпенділер талабына
сай жазған... Поэманы түгелдей қарахандықтар тілегін көрсететін
шығарма деуге болмайды. Дастанда дәстүрге көп орын берілген.
Автордың өзі үстем тап билігін қолдаса да, адамгершілік идеясын
жоғары көтеріп, әділдік, ұстамдылықты әр уақыт ханнан талап етеді»,
– дейді
62
. Бірақ Бартольд та, Бертельс те «Құтадғу біліктің» негізгі
мазмұнын терең тексермей, оны не Иран әдебиетінің үлгісі деп танып,
не бір ғана көшпелі елдің тұрмысымен байланыстырмақшы болған.
Дұрысында «Құтадғу білікте» қала тұрмысы мен бақташылық тұрмыс
қатар айтылып отырады. Тіпті қала тұрмысы мен мемлекеттік идея
басымырақ деуге де болады. Мұнда көбірек ұшырайтын адамдар –
қалада тұратын әкімдер, саудагерлер, шеберлер, оқымыстылар, олармен
бірге мал өсіретін бақташылар, егіншілер. Сондықтан бұл шығарманы
егіншілік-отырықшылық пен өсірушілік тұрмысын бірдей қамтыған
шығарма деу орынды.
Ескерткіштің тілі туралы да Бертельс өз пікірін айтқан. «Құтадғу
білікті» зерттеушілер оның тілін шартты түрде ұйғыр тілі деп атап жүр.
Дұрысы, оның тілі түркі тілдерінің шығыс тобына жатады, яғни қазіргі
62
Е.Э.Бертельс. Литература народов Средней Азии. Журнал «Новый мир». 1939, №8, стр. 261-
263.
161
өзбек, қазақ, қырғыз тілдеріне жақындығы бар, бірақ түрікмен мен
азербайжан тілдеріне жақын емес», – дейді зерттеуші.
«Құтадғу білік» поэмасын зерттеп, келелі пікірлер қозғап жүрген
А.А.Валитова. «Бұл дастан тек Орта Азия мен Шығыс Түркістанның ХІ
ғасырдағы қоғамдық санасы мен тілін зерттеу үшін керек ескерткіш қана
емес, бұған қоса ол көп жерлерде әлі эстетикалық маңызын жоймаған
еңбек, қазірдің өзінде де ол түркі тілді оқушылардың назарын аудара
алады»
63
– дейді.
Жүсүптің тілінде арыстандай айбатты, сауысқандай сақ, түлкідей
айлакер, данышпандай ақылды, меруерттен көрікті деген сияқты теңеулер
қолданылады. Басқа да қанатты тіркестер, ойлы тұжырымдар көп.
А.Н.Самилович 1918 жылы жазған еңбегінде «Құтадғу білікті»
қарлұқ тайпасы тілінде жазылды деп болжайды. Ал Әмір Наджиб Жетісу
ескерткіштері тілінде жазылған туынды деп қорытады.
Қарахан мемлекетінің басшылары қарлұқ, чығыл, йағыма санатынан
шыққандар, ал қарахан тайпасының негізгі ұйтқысы қарлұқтар болған.
Чығыл мен йағымалардың өзі қарлұқтан тараған аталықтар. Олар басқа
тайпалардан гөрі саны жағынан басым, мәдениеті ілгері аға тайпа
саналған. Қытай жібек жолының ең шиеленіскен, түйіскен тұстарын
қолдарында ұстап сауда-саттықпен ерте айналысқан. Керуен сарайлар,
базарлы қақпа тұрақтар, отырықшылық, қолөнері, жер өңдеу кәсіптері
ерте дамыған. Араб дінін ертерек қабылдап, мешіт, медреселер салдырып,
оқу ісімен көбірек айналысқан. Қытайға барып оқушылар, олардың
мәдениетімен шұғылданушылар да көп болған. Қарлұқтар Жетісуды
екі ғасырдай билеп-төстеген. Орталық қаласы – Баласағұн. Екіөгіз,
Алмалы, Тараз – ірі қалалары, осы қарлұқтар кезінде қарахан мемлекеті
өркендеп, олар монғол шабуылына дейін өмір сүрген. Моңғолдар
қарлұқ, қарахан мәдениетін қабылдап, олардың білімді адамдарын өз
істеріне пайдаланған. Академик В.Бартольд қарахандықтар әулетінің
қарлұқтардан шыққанын дәлелдеген болатын.
Қарахан қағаны Сүтук Боғрахан 960 жылы исламды мойындап,
араб жазу мәдениетіне көшкендігін хабарлаған. Осыдан кейін түркілер
парсылармен қосыла ислам дінін шығысқа таратушылардың бірі болып
алған. Қарахан мемлекеті өсе келе кіші иеліктер – князьдықтарға ыдырап,
дербес ұсақ ұлыстар мемлекеттеріне айналады. ХІІ ғасырдың аяғында
бұлардың өзара наразылықтары өршіп, кейбір тәуелсіздіктерінен де
айрыла бастайды. Ғазна-ауған әмірі Махмут (998-1030) көрші қыпшақ
даласын басып алады. Орта Азияның біраз жерін Хорезм шахы өзіне
қаратып, тәуелсіз дербес Хорезм мемлекетін құрады. Кейін, ХІІ
ғасырдың басында іргесі сөгіліп, бөлшектеніп, ыдырай бастаған Қарахан
мемлекетін Моңғол шапқыншылары оп-оңай өзіне қаратқан.
63
А.А.Валитова О некоторых поэтических особенностях «Кутадгу билик». М., 1960. стр. 11.
162
«Құтадғу білік» – әңгіме-аңыз ретінде баяндалатын даналық сөз,
өсиет, ғибрат. Дастан оқиғасы ХІ ғасырда Ыстықкөл, Жетісу және Қашғар
өлкесінде болған шындыққа байланысты өрістейді. Жүсүптің дастаны
саяси және ғибрат-өсиет-ақыл айту түріндегі трактат, адамгершілікке
үндейтін, тәлім-тәрбие берерлік дидактикалық туынды. Онда жеке
адамның өзін қоғамда, үй ішінде қалай ұстай білуі керектігінен бастап,
хандармен бектердің өз қарамағындағы әрбір қоғамдық топтарға қалай
қарауға тиіс екендігі жөніндегі көптеген мәселелер қамтылған Өзінің
идеясы жағынан бұл дастан – жалпы адамгершілік, гуманизм рухында
жазылған дидактикалық шығарма. Бірақ автордың негізгі мақсаты –
қарахандықтар мемлекетін нығайту, оның даңқын зорайту еді. Өзінің
этикалық принциптері жағынан ол Орта Азиялық әдет нормаларын
негізге алады. Дастанның мазмұны – түсінікті, құрылысы қарапайым.
Дастан оқиғасына аз ғана топ адам қатысады. Шығарма сюжеті осы
адамдардың өзара әңгімеселуі, сөйлеуі, кеңесуі арқылы дамиды.
Данышпан Одгурмышттың Элик бекке айтатын ақылдары, әділет,
ырыс иелері араларындағы кеңес сөздер ретінде келеді. Поэманың
құрылысындағы бір ерекшелігі оның диалогқа құрылуы. Бұл әдебиеттегі
муназар формасы екенін бір дәлелдесе, екіншіден, ауыз әдебиетіндегі
айтыс жанрының да мол әсерін танытады. Сонымен өзінің стилі жағынан
«Құтадғу білікте» кітаби дәстүр мен ауыз әдебиеті ұштастырылған.
Онан Орта Азия тұрғындары мәдениеті мен көшпелі тайпалардың мінез-
құлқы, көркемдік талғамы байқалады.
Поэма 73 тарауға бөлінеді. Алғашқы тарауында дәстүр бойынша
құдайға сыйыну орын алды. Ақыл мен білімнің маңызы, сөз өнері,
шешендік дәріптеледі. Күнтолдының билігі әңгімеленіп, нағыз әділ
адам бейнесі жасалады. Мұнда білгір адам би болса екен деген арман
қозғалып, ақылды, әділ басшы суреттеледі. Айтолды мен Күнтолдылар
осындай адамдар еді делініп, олар Бограханға ақылшы, үлгі есебінде
көрсетіледі.
Поэманың негізгі тарауларында ақыл өсиет, тәлім, тәртіп уағыздалады.
Ханның өз қарамағындағыларға қамқор болуы тіленеді. Оған өз
отбасында қонақта, елшілері мен қызметкерлері арасында қандай істер
істеуі керек, өзін қалай ұстаса жақсы болады деген сұрақтарға жауап
беріледі.
Ақын-жырауға сипаттама беретін тарау өте маңызды. Автор
ақындық өнерді жоғары бағалайды, ақын тілін өткір қылышқа теңейді.
Ақындарды ел үшін еңбек еткен адамның атын мәңгі сақтаушылар,
даңқын асырушылар деп, ханға олардың өткір сөзіне ренжімен,
қошеметтеп, көтермелеп, бағалай біл деп ақыл береді. Ақындар сөзін кең
таратып, сұрағанын тартынбай беріп, өз сөзіңді сөйлетуге күш сал дейді.
«Елші қандай болуға тиіс» деген бір тарауында «Оқыған білімді адам
болумен қатар, шиндар мырзалары үлгісінде ақсүйектік тәрбие алған,
163
сөзге шешен, өткір тілді, ойлы, айла-амалға жетік адам болуы керек»
деп түйеді. Мұны ол өз елінің беделін басқа елдер алдында көтеру үшін
қажет деп есептейді.
«Құтадғу білік» дүние, әлем жайларында сөз етіп, кезіндегі озық
ойлы адамдардың дүние туралы түсініктерінен хабардар етеді. Әлемдегі
жеті тұлғаны (планетаны), он екі бұрыш (жарық жұлдыздар), дүниенің
төрт бұрышы, аспан, ай, күн, түн, қыс, жаз, күз айлары жырланады.
Бұлардың біріне-бірінің жарасымдығы, өзара байланысты болатыны
сөз болады. Қараңғы түнді жарық ай мен жұлдыз жарқыратса, күн нұры
барлық ғаламшарға жан беріп, өз әсерінде ұстайды, осының бәрі табиғи
заңдылықта қозғалып, өзгеріп тұратын құбылыс ретінде суреттеледі.
Ай мен күн, шолпан, жетіқарашы, темірқазық, т.б. жұлдыздар аталып,
олардың бәрі әлемді сәндендіріп, жан беріп тұр, олардың әр қайсысының
атқарар әрекеттері бар, дүниеде артық жаралған нәрсе жоқ дейді. «Жер
адамға қойнын ашып, бойындағы бар байлығын сыйға тартты. Даладағы
егінді жаңбыр көгертер, бақтағы жеміс – ағашты гүлдендірер...» деген
білгір тұжырымдар жасайды.
Адамның жаралуы туралы пікірлер діни түсініктерден алшақ болмаса
да, жаңашыл ойларымен мәнді. «Отпен су, ауа, саз балшықтан Адамды
бір Алла жаратты. Алла адамға көз бен құлақ, ақыл берді, ғылымға
жетілсін деп» деген жолдар – сол дәуірде жасаған көптеген ойшылдарға
тән танымал түсініктер. Адамның жаралуы туралы көп жылдар өмір
сүрген замана пәлсапасы.
«Құтадғу біліктің» білім туралы түсініктері – тамаша. Білім – адам
баласының сарқылмас қазына-мүлкі. Білімді адам – білгір, ақылды; жазу,
оқу, білімділік белгісі; надандық деген сырқатты ешбір емші жаза алмас,
оны тек білімділік қана айықтырар. Ақыл – түпсіз құзға бара жатқан
адамды аман сақтап қалатын қыл арқан. Терең ой, зерек білімімізбен ғана
біз алдағы арманымызға (тілегімізге) жетеміз, надан адам – соқыр әрі
керең, білімді адам – соқырға көз, кереңге құлақ. Білместік – қараңғы
түн, адасасың. Білім – жарық, өзіңе жол ашасың. Ақылың мен білімің
ғана өмірде сый, өлгенде құрмет әпереді. «Құтадғу білік» дастанында
адамның асыл қасиеттерін қадірлейтін жолдары да көп. Білім мен ақыл
адамның ең қымбат, ең әдемі қасиеттерінен саналады. Бұл мәселеге де
дастанның бір тарауы арналады. Ақын өзін көркем сөз шебері ретінде
де ақылды ардақтап, білімді дәріптеу негізгі міндетім деп біледі. Ақыл
адамды басқалардан жоғары көтеріп, даңқын асырады. Нуширвандай
өлмес даңққа ие етеді. Егер табиғатынан патша ақылды дана болып туса,
ол – халқының бақыты, тағдырдың сол елге берген баға жетпес үлкен
сыйы. Ақыл – кәмелетке жеткен адамға тән қасиет. Ақыл тоқтатпаған жас
бала мен буыны босап, алжи бастаған шалдан ақылды іс күтуге болмайды.
Ақыл – тәуелді – төмен топтың адамын да асыл жандар қатарына көтере
алады. Ақылды ер – қарапайым қарадан шықса да қадірлі мырза, өзінен-
164
өзі таңдаулы тақсыр санатында болады. Білімді адам ешкімге тәуелді
болмай-ақ, өзіне тамақ пен киім табады. Білімге жетелейік, білімнің
қадірін білейік, білімді болсақ әркімге де қажет адам боламыз.
«Құтадғу біліктің» осы бір келтірілген жолдарын ағартушылық
идеяның орта ғасырлық ең тамаша үлгілері демеске болмайды. Әсіресе
ХІХ ғасырдағы Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев сияқты қазақ
ағартушыларының пікірлерін Жүсүп Баласағұнмен сабақтастыратын
да осындай жолдар сияқты. Баласағұн да заманында надандық пен
тоғышарлыққа оқу, білім, өнерді қарсы қойған заманының ақылгөй
ағартушысы, озық ойшылы. Бұл жағынан да ол – кейінгілерге ұстаз.
Ақылды адамға жат мінез-құлықтарды атап көрсетіп, оны сынауы
жағынан да Жүсүп дастаны заманындағы адамдарға, ел басы ұлықтарға
ғана өнеге болып қоймай, кейінгі ақын ұрпақтарына да үлгі болған
деуге болады. Жүсүп ақылға қарама-қарсы ашуды, зұлымдықты,
өтірікшілік-жалғандықты, қызғаншақтық пен пейілсіздікті, арамдық
пен мейірімсіздіктерді қояды. Ел үшін еңбек етер, ақыл иесі ер азамат
бұл сияқты жағымсыз мінездерден таза болса екен деген арманын
білдіреді.
Жүсүп Баласағұн өз дастанында өнер-білімге қажырлы еңбек пен зор
талаптылық қана жеткізетінін ескерткен. Ол өзінің ақыл-кеңестерінде
Абай Құнанбаевқа ұқсас түйіндер жасап былай деген.
Талапты ер жалықпас,
Талапсыз өмір жарытпас.
Еңбекпен барлық қажетің табылар,
Еңбексізер қызықтан да жалығар.
Біліммен адам толығар,
Білім оны зор қылар...
Ақылымен ғана адам хайуаннан ажырар,
Ақылымен ғана ер – әділет үшін құрбандыққа шалынар.
Адам өзінің адам деген атына лайық қайырымды болмақ! Адам адамға
дос болып тату-тәтті өмір сүрсе, қой мен қасқыр бірге жүргендей жайлы
өмір орнар еді, – деп татулыққа, ағайыншылыққа үндейді. Өмірдің
қасиетті парызын адамның адамға жақсылық жасауы деп ескертеді.
Өмір жолы көрген түспен тең,
Ғажайып, бірақ ұзақ емес.
Өмір қымбат болса да өлшеулі,
Жақсылық жаса, қайырымды бол.
Ұлыққа да, құлға да өлім болар қақ,
Түбінде бәрімізге тағдыр ортақ.
165
Күшің барда жақсылық қыл,
Бәрімізге қаза көрі қазулы тұр.
Жеке адамның тарихи рөлін бағалауда да Жүсүп пен Абай пікірлерінде
ұқсастықтар кезігеді. Мысалы:
Біз малмыз, одан өзге данышпан,
Біз қойша шұбырдық, шопан соңынан.
Құмарлық, махаббат, сұлулық туралы ойларында да толып жатқан
ұқсастықтар ұшырайды.
Әркім де білер бұл дүниеде
Сүйген жардың мінсіз боларын
Ғашықтың көзі көр болар,
Көрмейтін өзге дүниені.
Абайдың кедей-кепшікке қарасуға үндейтін сөздерімен дастанның
мына жолдарын салыстыруға болар еді.
Пақырға қарас, мейірімді бол,
Тағамың болса, аяма, ашыққанды тойындыр.
Адамның мінез-құлқын бейнелеуде де бұлардың ойлары тамырласып
жатады. Ақылға мінез сауыт болады. Ақылды адамға байсалдылық керек
деген ойлар айтады. Қызғаншақтық, ашушаңдық, өзімшілдік мінездерге
қарсы ақылдылықты, әділеттілікті қояды.
Ашу адамды ақылдан айырады,
Ашу үстіндегі мейірімді адамның, өзі – зұлым.
Зұлым адам ұзақ өмір сүре алмас,
Өзінің зұлымдығы оны жұтар.
Зұлым (адам) бақытты да, қуанышты да білмес,
Тек мейірманды адам ғана дегенге жетер.
«Құтадғу білік» қазақ халқына ертеден таныс шығарма болғанын
танытарлық деректер өте көп ұшырайды. Көктемнің көркін жырлауы,
өнер-білімді уағыздауы ақыл-нақылдардың төркіндерінің қазақ ауыз
әдебиетіне тоғысар тұстарын, адамның өмірін, жас ерекшеліктерін
жырлайтын жолдары, жастыққа кәрілікті қарсы қою, айтыс формасын
қазақ поэзиясымен туыстастырар фактілер.
Жастық өмірдің ең жақсы өрнегі,
Шындық пен мейірімділік болсын көргені.
166
Жастықты мәңгі бермеген,
Ақылсыз ер өтерін оның білмеген.
Кәрілік кеп тұр есікке,
Маған жетті, сен де тұрсың есепте...
Қырық жас болды шекара,
Жел боп шыққан оңынан,
Елу жас келді өңмеңдеп,
Әжім басты өңімді.
Алпысқа қуып тастардай...
Күн санап қайрат кеміп тұр...
Не жаздым саған жастық шақ,
Алпысқа қуып тастардай.
Халық арасына кең тараған «Алтын жима, ақыл жи, иілместі алтын
еңкейткен. Қанағатсызда тойым жоқ, қанағатсыз патшадан, қанағатты
кедей артық» деген сияқты мәтелдер «Құтадғу білік» беттерінен сол
қалпында сақталған. немесе:
Биік таққа отырған ақылсыз,
Тақ қадірін кетірер.
Ақылды ер есіктен орын тепсе де,
Биікке өзін көтерер.
Шығыс зерттеушісі В.В.Бартольд те Жүсүп дастанына көңіл бөліп,
оның маңызын ерекше атаған. Онда парсының дидактикалық әдебиетінің
әсері бар және автор жергілікті түркі халықтарының нақыл сөздерін,
ауыз әдебиетінің образдарын жақсы пайдаланған.
Өзінің филосфиялық лирикаларында дастан авторы кәрілікке қарсы
пікірлер қозғайды. Бұл Орта Азия әдебиетіндегі дәстүрлі форма болатын.
Рудаки, Яассуилер, тағы біраз ақындар кәрілік туралы өлеңдер шығарған-
ды. Қазақтың кейінірек жасаған бірнеше ақындары да кәрілікті жыр
еткені әркімге мәлім.
Осы сияқты, қазақ әдебиетінде сақталып келген «Наурыз» жырларына
ұқсас көркем жыры, табиғатты суреттеулер кездеседі. Көркем табиғаты
жібекке, түрлі әшекейлі бұйымға салыстырылып, көтеріңкі жырланады.
Көгі мен көлі мол шексіз дала, аспанмен таласқан кең алқапты заңғар
таулар, көктем табиғатының көз тұтар әсем суреттері өте тартымды
және ол адам баласы мен жан-жануарлардың шат көңіл-күйіне бөлене
сипатталады.
С.Е.Малов осы дастанның мазмұны туралы бір маңызды ескертпе
жасаған. Ол Жүсүп Хас-Хожибтің шығармасы «Құтадғу біліктің»
«Көктем сипаты» деп басталатын (14 тармақ) жолдарын қазақ ақыны
167
Шәңгерей Бөкеевтің өлеңімен салыстырады. Шәңгерейдің Көлболсыны,
оның бетінде дамылсыз қанат қаққан құстарды бейнелеуі, сол Жүсүп
шығармасына үндестік белгі деп таныған
64
.
Асылы наурызда туған жер табиғатын жырлаған Шәңгерей
өлеңдерінде сөз болып отырған ескі шығармаға кейбір ұқсас жолдардың
ұшырауы кездейсоқ болмаса керек. Бірақ бұл әлі жете дәлелденбеген
жай. Оның үстіне мұндай өлеңдерді басқа да ақындардан табуға болады.
«Құтадғу біліктің» мазмұнында қазіргі қазақ түсінігіне қонымды
жолдар аз емес. Әсіресе, Айтолды мен Әлибек арасындағы кеңестер
ақыл, өсиет, нақылдарға толы.
Тумақтың өлмегі бар,
Тәңірдің қалағаны болмағы бар.
Өмір деген өткінші желдей есер,
Оны кім тоқтатып күшін басар?
Дастандағы осы бір даналық сөздер кейінгі кемеңгер ақындарымыздың
өлеңдеріне де ұқсап жататын сияқты. Мысалы, Абайдың өсиет
өлеңдерінде осы жолдар көп өзгеріссіз қайталанып отыратынына таң
қалмасқа болмайды. Дастан авторы тілдің маңызын түсіндіруге талай
тапқыр сөздер қолданған. Тауып айтқан сөз ақылдылық куәсі, ал ақылды
сөз адамға бақыт, жұғымсыз сөз адамға қасірет әкеледі, сондықтан,
адамның өз тілі өзіне бірде дос, бірде қас, тіліңе сақ бол, әр сөзді ойлап
айт, сөзге мән бермесең, басың кетеді, – дейді. Қазақтың мақалаларында:
«Жақсы сөз жарты ырыс», «Адам тілі тас жарар, тас жармаса бас жарар»,
болмаса «Ауру – адамның өз тілінен» дейді. Бұл нақылдың барлығы
әрине, «Құтадғу білікте» жазылғандай, ерте заманнан мирас болған,
бір арнаға түскен алтын ойлар. Олардың түбегейлі сарыны адамды
адастырмау, оны тежеп ойға түсіру, ақылды іс істеуге шақыру.
Дастанның «Білім және шешендік туралы» тарауында да мынадай
ақылды сөздер кездеседі:
«Тіл адамды көкке көтереді, сол арқылы ол бақытқа жетеді. Сондай-
ақ адам өз тілінен жаза да тартады, басын да жояды. Тіл – арыстан, ол
босағаңда жатыр, сақ бол одан, ол алдамшы, басыңды алып түсуі де
мүмкін. Мазаңды ала берсе, тіліңді кес. Сақтанып сөйлесең басың өзіңде
қалар.
Сақтық қылсаң тіліңе, бұзылмайды тісің де. Жақсы болғың келсе
жаман сөз айтпа. Көп сөйлеме, аз сөйле. Он мың сөздің түйінін он сөзбен
шеш. Адам екі нәрседе қарымайды: бірі – ізгі іс, екіншісі – ізгі сөзі. Адам
өледі, сөзі қалады, сөзімен бірге өзі қалады. Өлмей өмір сүре бергің
келсе, жақсы іс пен дана сөз қалдыр. Адам көркі – сөз. Адамның сәні
бетінде – беттің сәні көзінде. Ой көркі – ақыл, сөз көркі – нақыл.
64
С.Е.Малов. памятники древнетюрк. Письмен. М. – л., 1951. Стр. 240.
168
«...Ақылмен іс қылған бек елге де сүйкімді болады. Осындай ақылды
басшы Әлибек еді. Өзі әмір жүргізіп тұрған шақта мұңын шаққан-ды.
Сондықтан да оны елі сүйіп еді. Ол зұлымдар мен бұзықтарды халық
арасынан аластап еді. Осылайша сақтықпен іс қылып, халқына әмірін
жүргізіп еді. Сондықтан оның тұсында қой мен қасқыр бір жүретін,
біріне бірі тимейтін. Мұны есіткен жаулары өздері келіп, бас иіп, оған
қосылып жататын. Күн санап ел бақыты өсе берді. Халық түгел бақытқа
жетті. Бұның бәрі ел басшысы бектің мейірімділігінен, жақсылығынан,
рақымдылығынан болған еді. Бегің рақымды, қарапайым болса, елді
жақсы басқарса, әділ болса, ерге де елге де ең жоғары бақыт сол болады.
Осындай адам Әлибек еді. Сондықтан оның әмірі кезінде барлық жерге,
көп елге жүріп тұрған еді...»
Ұлық – заң берер, ғалым – білім берер,
Кей ғалым сөзі патшадан да, оның заңынан да болар мықты.
Ғалымды патша ұлықтардан да жоғары қоюы – нағыз озық пікірдің
жемісі. Ақылмен іс қылуды көксеген жазушы ұсынар пікірлердің түп
төркіні әділетті билікті, бақытты өмірді аңсау: «Өз бақытыңа өзің қарсы
шыққың келмесе, ешкімге жалған сөйлеме, жамандық қылма!».
Дана адамның сөзі де, ісі де бір жерден шығады. Ол барлық жағынан
әділет үлгісі болуға тиіс деп біледі. Тауып айтылған өнегелі сөзге берер
бағасы зор: «Алтын мен күміс байлық емес, тауып сөйлей білген байлық.
Дүниеде ешнәрсе де баянды емес, тек жақсы сөз ғана баянды».
Бұл сияқты халқымыздың: «Жақсы сөз жарым ырыс,. Сөйлей білмеген
сөз қадірін кетірер. Өзінен кейін жақсының сөзі қалар», – деген қанатты
сөздерімен сабақтас.
Жүсүп Баласағұн өз сөзін өте жоғары бағалайды. Өмірдің өткіншілігін,
болымсыздығын айта келіп, өзі кетсе де сөзінің қалатынына сенеді.
Жасаған Алла адамға сөз берді,
Биіктен орын тепсін деп.
Ақылды берді шексіз білім тапсын деп,
Жер бетіне жарық шырақ жақсын деп.
Алла бізге ар-ұятты беріп еді,
Зұлымдық пен залымдықты жойсын деп.
«Құтадғу біліктің» ең ескі нұсқасы – Каирдағы жазба. Ал Гераттық
(Венадағысы) және Наманғандық (Ташкеенттегі) түрлері кейінгі
кезге жатады. 1890 жылы Ресейде академик В.В.Радлов оның бір ғана
веналық (гераттық) вариантын жариялағанды
65
. Радлов өзінің түсіндірме
сөздігінде бұл дастанға жоғары баға берді. Оның бір кездегі тарихи
65
В.В.Радлов.Кутадгу билик. Факсимиле рукописи императорской и королевской придворной
библиотеки в Вене., СПб., 1890 г., стр. 11.
169
оқиғалар негізінде туған әдеби шығарма екенін айта келіп, дастанға
бастан-аяқ екі жолды, 11 буынды өлеңмен жазылған ғибрат сөз, шебер
афоризмдер деп санады.
Мен шірімес сөзді тілеймін,
Ұрпақтардан артық жасайтын.
Басыңдағы шашың ағарса,
Әрекет-ісіңді де тезірек ағарт...
Жүсүп дастаны берер ақылдардың шегі жоқ. Адамгершіл, гуманист
және ағартушы ақынның ұсынар талап-тілектері шетінен мәнді, маңызды
нақылдар.
«Құтадғу білікті» біз дидактикалық шығарма делік. Оның әрбір жолы
тұспал афоризмге толы келеді.
Нағыз адамдықтың белгісі – кісілік. Екі аяқ жүру үшін берілген.
Адамның өзі қымбат емес – адамгершілігі қымбат. Ізгілік – ізгілікпен
қайтады, адамгершіл – адамгершілікпен қайтады. Ұялған адам шын
іске көшеді. Бар пәледен ұят сақтайды, барлық істің байламы да ұят.
Бұл жалғанда бұзатын арсыз адам (арсыздық). Құрмет (сый-құрмет)
берерде Алла әуелі ұят береді. Ұят – жаман ойдың жүгені. Жақсының
аты жатпайды. Атың өтімді болса, өмірің татымды болады. Атақты келсе
(кірсе) атып тұр. Игілікпен атыңды мәңгілік қыл. Құр атақ қуған ер өзінің
түбіне жетеді. Ер қанша көтерілсе, қамы сонша көбейер. Басы қанша
үлкейсе, сонша үлкен бөрік киер. Өзің мәңгі болмасаң – атың мәңгі, атың
мәңгі болғанда, бойың сәнді. Қадірлі кісі қартаймас. Арзан нәрсе жерде
жатар, парша жібек төрде жатар. Жұпарды жасырғанмен иісі білінеді.
Ақыл көркі – (ойлы) сөз, тілдің көркі – сөз, адам көркі – жүз, жүздің көркі
– көз. Не ексең, соны орасың. Құлықсыз адам қадірлінің құнын түсіреді.
Жер шұқыған, құдықтан (су) ішеді. Тастақ жерде от (шөп) болмас,
қышыма тонда ұят болмас. Ағын су тоқталмайды, жүйрік тіл тоқтамайды
(бөгелмейді). Бақыт баяндап тұрмайды, тіршілік тоқтамайды. Ердің аты
айқаста шығады. Құс қанатсыз ұшпайды. Қол қосылса, ерлік-бірлікпен,
ұлы таудың басын жерге тигізер. Кісі игісі – ел жүгін көтереді. Көзінің
сұғы болса, өзінің түгі болмайды. Сараңдық – емі жоқ ауру. Сараңдық күш
алса, қуаныш азаяр. Сен дүние-малға сұқтансаң, өлім саған сұқтанады.
Аш адам ішіп-жеп тояр, ашкөз өлгенде қояр. Атыңды шығарам десең,
асыңды сыйла. Сараңға қызмет етсең, өмірің (еңбегің) босқа кетеді. Не
сұраса, соны бер, берген алар. Дүние үшін өзіңді отқа салмай, біреудікін
күшпенен тартып алма. Күмісті көріп көңілі бұзылмаған адамды нағыз
періште де. Өз пайдасын ойламайтын адам басқаға (қандай?) пайда
келтірер? Жомарт – малға қайғырмас, білімді – істе жаңылмас. Ақылды
болу сараңға да жарасады. Жай адам жесе тоқ, сараңға тойым жоқ. Сараң
бай сорлы құлдан да төмен. Көзі тоймайтын адамды дүниенің (түгел)
170
байлығы да тойдырмайды. Тәкаппар адам- жұмаққа шықпас. Өзімшіл (тек)
өз пайдасын көздейді. Елге жүк артпай, өзің жүкті бол. Кісі қылығымен
танылар. Көңіліңді төмен тұт, асқақ ойды қуып таста. Құрмет кейбіреуді
тәкаппар етеді. Мақтанған тілде – мың пәле. Ашу қысса – аузыңды жап.
Асығыстан без, салмақты бол. Ашу-ыза – ақымақтықтың белгісі. Қорқақ
(бір) адам қалың қолды бұзады, берекесін қашырады. Еріншектің түрі
де жиіркенішті. Күндеуіштік – көп емдеуді талап ететін ауру. Қызғаныш
қайда болса, ұрыс сол жерде. Арақ ішкен – ақылын ішеді. Шарап ішсең
– кедейлікке жол ашылады. Шарап ішпе, дауға кіріспе. Шарап деген
білім мен ақылға жау. Мас кісіде ақыл жоқ. Қарынға шарап барса, сөзді
сүйреп шығарады. Құмарлықтан арылсаң – қисық бойың түзелер. Құмар
қуған (құмарлықпен есі кеткен) – құл болады. Бәлеқор жаныңда болса,
бәледен бас алмассың. Ұрының қасында ұры жүреді. Жарамсақтың жолы
жіңішке. Көп күлген бір жылар. Көз – жіті, құлақ – сақ, көңіл – кең болу
керек. Көз қайда түссе, көңіл де сонда. Көз көрмей, көңіл тоймас. Кісі
көңілі – түпсіз теңізбен тең. Көңіл сүйсе бір нені, түгел сүйіп жүргені.
Көңілді сөзден адам күпінеді (өседі), қырсық – ыстық сөзден ісінеді.
Көңілді (көкіректі) төмен тұт, жүзіңді ашық тұт. Көңіл мен тілді төмен
(тежеп) тұт. Дүниенің барлық жомарттығынан да күле қараған (ажар)
артық. Тілектің шегі болмайды, тілсіздің сөзі болмайды. Өкпе-реніш
адамның өзінен көп жасайды. Қайғы басқанда (басыңа іс түскенде) ағаш
атқа жайдақ мінерсің. Тарығып жүрген – сүрінер, қамығып жүрген –
қуанар. Сағыныш түбі – сүйініш. Рақат іздесең – бейнетінен қорықпа,
қуаныш іздесең – қайғысынан қорықпа. Істің басы қуаныш болса, аяғы
бейнет. Басы бейнет болса, аяғы қуаныш (зейнет) болар. Дүниеде тек бір
құдай мұңсыз... .
Осы сияқты нақылмен келетін сөздер дастанның басқа бөлімдерінде
де өте көп. «Сүйкімділік пен ғашықтық сипаты туралы», «Қол басы
батырлар бағасы», «Елшілер туралы», «Саудагерлер туралы» бөлімдер
адамгершілік, ғибрат сөздерге толы. Дастанның кейбір бөлімдері халық
тұрмысын, таптық қайшылықтарды да әңгіме етеді. Онда күйзелген
халықтың қайғылы халі көрінеді.
«Құтадғу біліктің» тіл көркемдігін арнайы зерттеген А.А.Валитова
дастан стилінің біркелкі емес екенін, оның әрбір бөлімі өзінің көркемдігі
жағынан әр алуан деп атап көрсетеді.
«Дастан стиліне дидактикалық ғақлия, философиялық поэзия мен
публицистикалық аңыздау тән, оның көркемдік құны да осынысында»
66
– дейді зерттеуші.
Дастан негізінен екі жолды шумақтардан тұрады. Оның сөздері қазіргі
тілімізге аудармасыз да түсінікті.
Ауыздан бірде от, бірде су шығар,
Бірі жанса, бірі сөндірер.
66
А.А.Валитова О внекоторых поэтических особенностях «Кутадгу билик», М., 1960, стр. 11.
171
Аққан су – ол жақсы сөз,
Қайда ақса, сонда гүл өсер...
Осы келтірілген өлең жолдары ақыл беріп, білімді болуға, ақылмен іс
қылуға, сөз күшін бағалауға үндейді.
«Құтадғу білікте» Бограханға арналып айтылған мақтаулармен бірге
басқа да көптеген нақылдар бар. Онда хан өз тұсындағы қоғамдық
топтарға қалай қарауға тиіс, мұның хандықтың нығая түсуіне
қаншалықты пайдасы тимек деген сұрауларға жауап беріледі. Оның
ішінде керуеншілер, саяхатшылар, егіншілер, малшылар, қолөнершілер
жайлы, шаруалар мұңы туралы айтылады. Бұларға адамша қарап,
олармен санасып отырса ғана ханның даңқы арта береді дейді ол.
Саяхатшы, керуенші
Алыс жерде жүрмесе,
Інжуді кім табар еді.
Олардың бәрін ішке алып,
Аралассаң қажет табылар
Солармен ғана, сенсеңіз,
Даңқың жұртқа жайылар, –
деп поэманың авторы Бограханға сауда-саттық адамдарымен санасып,
сыйласып отыруды ұсынады. Осындай ақылды автор – шеберлер,
ұсталар, елшілер, тасшылар, оқшылар, шешендер, қолбасылар турасында
да айтады.
«Адамның тағы бір түрі шебер, өмір қажеттерін табу үшін, олар
қолдан өнер шығарады. Бұлардың бәрі де саған қажетті адамдар. Өзіңе
тарт, олар саған пайда келтіреді», – деп үгіттейді.
Ауыл шаруашылығы кәсібіндегілер (егінші, малшылар) туралы да
автор осындай ақыл айтып, ханның бұларсыз күні жоқ екенін, сондықтан
оларға да адамша қарауға тиіссің деп ескертеді.
Бограханға елді басқару әдісі мен жаулап алған жерлерге тәртіп орнату
тәсілдері жөнінде де ақыл айтылады. Елді өз қолында ұстау үшін бірыңғай
күш қолдану, қылыш жұмсау жеткіліксіз, қол астындағы халыққа ақыл
айламен айтқаныңды істете білу керек деген пікір білдіреді.
Қылыш ел тоздырар һәм бұдан қазалар,
Ел тозар һәм қазына азаяр...
Әркім, туған нәрсе өлуі керек,
Әр нәрсенің аяғы тәмәм болмақ, –
дей келіп, адам баласы ізгі ниетте болуға тиіс, өлім хақ, тірлікте қаншама
172
асып-тасқанмен түбі бір өлім. Сондықтан да ел-жұрттың қамын ойла,
дүниеқорлыққа салынба деген тұжырым жасалады. «Кісілігімен атын
көтереді кісі», – дейді ол.
Адамға ақылмен іс қылу ең ардақты қасиет, ал ақылсыз адам –
жеміссіз ағаш, ол ешкімге пайда бермейді. Ел бірлігі нығайса, хан билігі
күшеймек, ел бірлігі ең жақсы қорғаның, аш-жалаңашқа қарас деп
үгіт айтады. Жүсүптің бұл пікірлері оның моральдық көзқарастарын
танытады. Ең алдымен, елге, халыққа жайлы болып, адамшылыққа сай
іс қылуды нұсқайды. Ел дәулетін арттырып кәсіп иелеріне дұрыс қарауға
шақырады.
«Құтадғу білік» орта ғасыр ескерткіштерінің ең көлемді және
көркемдігі жағынан зерттеушілерін таңдандырған әдеби көркем
туынды. Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген түркілердің көне
мәдениеттерінің жарық жұлдызы деп атарлық әдеби мұра. Бұл өлкенің
бір кездегі өркендеген мәдениетін танытарлық тарихи куә, тамаша
ескерткіш. Орта ғасырдағы көптеген ру, тайпа тілдерін бір ізге салып,
қалыптасуына, әдеби тілдің негізін қалауға зор үлес қосқан дастан.
Түркі әдеби тілінің даңқын зорайтып, кейінге жеткізген де осы сияқты
көне ескерткіштер болып отыр. Дастан тілінің кейінгі әдебиетке де әсері
тиді. Алтын Орда, Хорезм, Сыр бойы көне қыпшақ әдеби өмірі «Құтадғу
біліктен» алшақ кетпейді. Керісінше, содан нәр алып, өркендейді.
«Құтадғу білік» – Орта ғасыр түркілерінің таңдаулы мұрасы. Оны
кезінде «киелі» кітап тұтып, үстем тап өз мүлкі, жеке меншік мұрасы
тұтқан. Қазіргі оқушы оны, әрине, тікелей оқып кете алмайды. Бірақ
ерте кезде дастан тілі сол тайпа түркілеріне түсінікті әдеби тіл болып
өмір сүреді. Бұл шығарма қазіргі қазақ әдеби тілінің негізін, әдебиеттік
ескі арнамыздың көзін танытатын мирас. Әлемдік мәні әйгілі, түгел
түркі халықтарының мақтанышы дерлік мұра, жазба әдебиетіміздің ең
ілкі тұлғалы шығармасы. Орта Азия мен Қазақстанның ескі тайпалары
қалдырған орта ғасырлық ортақ мәдениет үлгісі. Жазба әдебиетіміз
тарихында лайықты орны бар ескерткіш.
Жүсіп Хас-хожыптың «Құтты білік» атты дидактикалық дастаны
қазақ зиялыларына таныс шығарма болғанын біз жоғарыда ескерттік.
Қолыңыздағы кітаптың авторы 1960 жылдардан бастап, аталмыш
дастанды тұрақты зерттеп, оның мәні мен маңызын танытумен үздіксіз
айналысып келеді. Әуелі мақалалар жариялады, кейбір мәтіндерден
үзінділер аударып бастырды. «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері»
(1967) зерттеулерінде арнайы тарау берді. Оқырмандарын орта ғасырлық
ескерткіш әбден таныстырды және оны оқулықтарының бәрінде де толық
талдаулар жасады. (1975, 1986, 1989, 1997 жылдарғы оқулықтары).
Бұған қоса ақын Асқар Егеубаевтың толық аудармасы шығып,
дастанды тани түсудің өрісі кеңейді.
173
Достарыңызбен бөлісу: |