Қисса дастандардың мифтік негіздері
Профессор А.Қыраубаева шығыс сюжеттеріне құрылған бұл
зерттеуінде қисса оқиғаларының негізгі фабулалық желілері ең көне
шығыстық мифтерден бастау алатындығын әрі миф мәдениетін
жеткізуші ретінде маңызды рөлге ие екендігін алға тартады. Ғалым
қисса сюжеттеріндегі «тастанды бала», «сарай салдырған қыз», «мінсіз
кейіпкер», «қыз әкесіне жеті жыл қызмет ету», «Ирамбақ», «Жазира
арал», «Шын-Машын», «кейіпкер жанының шөпке (гүлге) ауысуы»,
«қасиетті жүзік», «жұмақ-тозақ» сынды тұрақты желілер түп-тамырын
ежелгі мифтерден тартатындығын ғылыми тұжырымдайды.
А.Қыраубаева зороастр дінінің шығу тарихына да тоқталып, оның
негізін салған Заратуштра туралы жан-жақты тарихи мағұлматтар береді.
Ол Авестаны қазақ мифологиясындағы қайнарлардың бірі екендігін айта
келе, қазақ халқын құраған кейбір рулар, яғни ерте замандағы қаңлылар
Зороастризм дініне сеніп, ай мен күнге, отқа табынғандығын, Авестада
зороастризм дінін қабылдаған тайпалардың ішінде түркиялықтар
аталатындығын, қаңлы сөзі де кездесетіндігін түсіндіреді.
Ғылыми зерттеуде кездесетін «Авесталық мифтер», «Қасиетті ағаш»,
«Хан қызының жауына болысуы», «Дәрі шөпті тапқан тышқан», «Дәуіт
пайғамбар және тойымсыздық», «Сүлеймен пайғамбар және оның
жүзігі», «Жақып пайғамбар және қыз әкесіне жеті жыл қызмет ету»,
«Жүсіп пайғамбар – кейіпкер сұлулығы, әйелдің өгей баласына ғашық
болуы», «Аң асыраған бала», «Өлім мен өмір», «Патшаның тастанды
баласы», «Мұнара басындағы қыз», «Мифтік жеті саны», «Мифтік
уақыт», «Мифтік бейнелер: итбас адамдар», «Жылан, айдаһар-аждаһа»,
«Самұрық құс», «Пері», «Ғайып ерен, қырық шілтен» – бұлардың барлығы
қисса-дастандарға сюжеттік жағынан түпқазық болған тұрақты желілер
екендігін ғылыми тұжырымдаған А.Қыраубаева қисса-дастандардың
мифтік бейнелер мен қаһармандарды жаңғыртқан ежелгі әдебиеттің
жанры екендігін дәлелдейді.
Бұл зерттеу ғалымның «Қазақ әдебиетіндегі қисса-дастандардың
түп-төркіні мен қалыптасуы» атты докторлық диссертациясының бірінші
тарауы (Алматы, 1997). Кейін бұл еңбек «Шығыстық қисса-дастандар»
деген атпен монография түрінде жарыққа шықты (Қыраубаева Алма.
Алматы: «Рауан», 1997). Зерттеушінің аталмыш монографиясы туралы
филология ғылымдарының докторы Ө.Әбідманұлы: «...шын мәніндегі
күрделі ғылыми еңбек» деп оң бағалаған (Жас қазақ, 2007, 4-мамыр).
А.Қыраубаева докторлық диссертациясын жазбас бұрын «Қазақ
мифологиясы және Авеста» (Жұлдыз, 1996, № 2), «Қорқыт ата мифтері
және Авеста» (Жұлдыз, 1997, № 2) атты ғылыми мақалалар жариялаған.
Ал монографиясында осы мақалаларды толықтырып, тұжырымдаған.
359
Монография 2010 жылы қайталап жарық көрді (А.Қыраубаева.
Шығыстық қисса-дастандар. Алматы: – «Өнер», 5 томдық шығармалар
жинағы. ІІІ том.– 344 бет). «Қисса дастандардың мифтік негіздері» осы
еңбектің бірінші тарауы.
Томға ұсынылып отырған зерттеу мәтіні еңбектің 2010 жылғы
басылымы бойынша дайындалды.
Хаван А.
Достарыңызбен бөлісу: |