Құзіреттілік. Мектепке дейінгі кіші жас аяғында балалардың әлеуметтік құзіреттілігі оның қарым-қатынас жасауға, әсіресе, өз құрдастарымен әңгімелесуге деген қажеттілігінің артуымен, олардың ортасында өз орнын анықтауымен сипатталады. Бала басқа адамдармен өзара қатынас жасаудың түрлі тәсілдерін меңгеріп алады. Түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тілді және басқа да қарым-қатына құралдарын қолданады. Адамзат қарым-қатынасын өте жақсы бағдарлайды: жақын ересек адамның, құрдасының эмоционалдық күйін байқайды, оған назар аударып және жаны ашиды.
Интеллектуалды құзіреттілік - жоғары ойлау белсенділігімен сипатталады. Бес жасар «негештер» өмірдің түрлі салаларындағы себеп-салдарлық байланыстарға (тірі және өлі табиғаттың өзгеруімен, адамдардың шығу тегімен, олардың кәсіби іс-әрекеттерімен) қызығады. Бала өзі ойға алған нәрсесі мен сол үшін атқаратын іс-әрекетін қарапайым түрде жоспарлай алатын болады.
Ана тілін меңгеру барысында оған түрлі дыбыстармен, ұйқастармен, мағыналармен ойын әрекеті тән сипатта болады.
Дене құзіреттілігі салауатты өмір салтын ұстану ниеті мен қызығушылығының артуына байланысты қажетті гигиеналық шараларды, күн тәртібін орындау, қимыл-қозғалыс белсенділігін реттеу, қозғалысын жетілдіру сияқты әрекеттерден көрініс береді.
Бес жасар баланың эмоционалдылығы қуану, ренжу, қанағаттану, өкпелеу сияқты түрлі сезімдік жағдайларын көптеген амал-тәсілдер арқылы білдіру ерекшелігімен сипатталады. Адамгершілік қасиеттерінің біреуді аяу, оның жағдайын түсіну сияқты сезімдері бала бойында қалыптаса бастайды.
Баланың еріктілігі қоғамда қалыптасқан нормалармен, мысалы, бастаған істі аяқтау (конструктор құрастыру, ойыншықтарды жинау, ойын ережелерін есте сақтап, өлеңдер мен ән сөздерін жаттау), өз іс-әрекетін сәйкестендіруден басталады.
Креативтілік балалар әрекетінің арнайы түрлерінде: ойында, құрастыруда, сурет салуда, мүсіндеуде, музыкалық әрекеттерде, сонымен қатар сөйлеу барысында едәуір айқын білінеді. Бала бір материалды, оның түрлі пішіндері мен бейнелерін әртүрлі қырынан танып, оны өзінің салған суреті мен табиғи материалдардан жасалған көшірмелерде және т.б. бейнелеуі мүмкін. Бұл бейнелерді ойында, мәнерлі қимылда, ертегілер жазуда қолдануға болады. Түрлі материалдармен, дыбыстармен, сөздермен тәжірибе жасаудан ерекше рахат алады.
Бес жасар баланың ынталылығы түрлі ойындарды таңдау, ересектер мен құрдастарына сұрақ қою мен ұсыныс жасау, өздігінше тиімді әрекеттерді ұйымдастыру мен жүзеге асыруға ерекше белсенділік танытуы арқылы пайда болады.
Бұл жастағы баланың өз бетінше (дербес) әрекет етуі қарапайым өзіне-өзі қызмет етуде (киіну, шешіну, жуыну және т.б.), жекелеген тапсырмаларды орындауда (асханада кезекшілік ету, өсімдіктер мен жануарларды күтіп-баптау); өз еріктерімен ойнайтын орта қалыптастыруда; түрлі тиімді іс-әрекет түрлерінде меңгерген білімдері мен тәсілдерін қолдануда көрінеді.
Бес жасар баланың мінез-құлық еркіндігі оның өз қөзқарасын қорғау, өзі қалаған нәрсені алуы, өзі ұнатқан баламен ойнауы сияқты тәуелсіз әрекеттері арқылы байқалады. Еркіндік сезімі балаға ашық, өз ойын, сезімін қысылмай жеткізу мүмкіндігін береді.
Достарыңызбен бөлісу: |