№ 3 (106) 2015
495
де ұлттардың ұлттық ар-намысын аяқ асты етпей, ұлтаралық қатынастар мәдениетін дұрыс құра
білуге тиіс деген ойдамыз.
Әрбір адам өзі өмір сүретін тарихи-этномәдени ортаның күшті ықпалын сезінеді және сол
ортамен тығыз эмоционалды байланыстың орнығуына байланысты оның туған жеріне, Отанына,
тілі мен дәстүріне деген қатынас (қабылдау немесе жатсыну) қалыптасады. Мұндай тұтасып
құрылған сезімдер жиынтығы белгілі бір дәрежеде тұрақты болып келеді және ұлттық патриотизмді
айқындайды.
«Патриотизм» ұғымы ертеден грек тіліндегі «patria» - «отандас» деген сөзден шығып, тарихи
қалыптасқан. «Рatria» сөзінің түбірі – Отан. Бұл ұғым отандық сезім, отанға деген сүйіспеншілік,
оған деген адалдық, оның мүддесіне өз ісімен қызмет ету, ол үшін мақтаныш деген терең
мағыналарды білдіреді. Патриотизмнің басты нысаны – Отан. Оның тарихи элементтері - туған
жерге, тілге, дәстүрлерге деген құрмет мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, бекітілген отандық
сезімдердің бірі.
Патриотизм ұғымының мәні терең әрі күрделі. Ол жеке тұлға, әлеуметтік топ деңгейінде де,
сондай-ақ халық, ұлт деңгейінде де көрінуі мүмкін. Патриотизм – бір жағынан, жеке тұлғаның
терең сезімдерінің бірі, өнегелік, саяси ұстаным, яғни жеке қоғамдық сананың элементі, екінші
жағынан – Отанды қорғауға және нығайтуға, оның біртұтастығын сақтауға бағытталған ұлттық
сезім. Н.И.Губановтың сөзімен айтатын болсақ, «Шын мәніндегі патриотизм кім-кімнің болса өз
Отанына шексіз берілгендігі, сонымен бірге өзге халық мақтанышына құрметпен қарау болмақ. Ал
мұндай қасиет іс-әрекет пен идеяның, ықыластың бірлігінің айғағы» [5].
«Ұлттық патриотизм» (немесе этнопатриотизм) термині шетелдік және отандық ғылымда
қарастырылып, кеңінен қолданылып жүр. Бұл терминді алғаш қолданған И.С.Кон. Ол «...
этнопатриотизм связан с созданием конкретизированных, упрощенных образов своего народа, как
правило, наделенных положительными чертами» деп жазды. Ұлттық патриотизм туған халқымен
ішкі рухани байланыс, «өзінің» ұлттық құндылықтарына құрмет сезімі ретінде айқындалады.
Отандық зерттеуші, саясаткер Қалмырзаев А.С. айтқан ой бойынша, «Патриотизм - адамға туа
біткен сезім емес, ол кенеттен және бір мезетте өздігінен пайда болмайды, саналы өмір нәтижесінде,
ірге қалаушы құндылықтар негізінде, әрине, белгілі бір субъективті факторлардың көмегімен
қалыптасады» (Ауд.: мақала авторы А.Сайлаубек қызы) [6].
Біздің ойымызша, ұлттық патриотизм сезімдік категория ғана емес, ол ғасырлар бойы
әлеуметтік тәжірибе негізінде жинақталған өз ұлтына қатысты теориялық-эмпирикалық білім мен
дүниетанымдық түсініктерді де қамтиды. Анағұрлым кең дәрежеде ұлттық патриотизм ұлттық
бірегейлікке негізделеді. Ұлттық бірегейлік – тарихи және әлеуметтік құбылыс. Н.Ә.Назарбаев
«Тарих толқынында» атты еңбегінде бірегейліктің екі негізгі деңгейін көрсетеді: «...бірінші деңгейі
- біздің азаматтық әрі саяси бірлігіміз...», яғни қазақстандықтардың бірегейлігі болса, «...екінші
деңгейі қазақтардың өздерінің ұлттық бірегейлігіне байланысты. Бұл еңбектің идеясы да қазақтың
ұлт ретінде өзін-өзі түсінуі мен рухани өрістерін анықтау проблемасына орай туындаған... Ұлттық
бірліксіз патриотизм деген жансыз бірдеңе ғана болып қалады...» [7].
Ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай «бірлік» дегенді «ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ
болса екен» деп түсіну қате екенін айта келе, шын мәніндегі ұлттық бірлікті ел қамын, ұлт қамын
ойлаудағы санадағы бірлік, халықтың келешегі үшін күрестегі бірлік деп түсіндіреді. Тек бірлік
болса ғана қазақ ел бола алады, бостандыққа, тәуелсіздікке жете алады, «Алтау ала болса, ауыздағы
кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ой түйеді [8].
Ұлттық патриотизм ұғымының мағынасын терең ашқанда біз біртұтас Еліміз - Қазақстан
Республикасының көпұлтты мемлекет екендігін ерекше атап көрсетеміз. Әр ұлттың өз Отаны
бар. Қазақстан - қазақ ұлтының Отаны, бірақ сан қилы тарихи жағдайларға байланысты Қазақстан
жүзден астам ұлттар мен халықтардың Отанына айналды. ҚР Конституциясына сәйкес елімізде
барлық ұлттар өкілдеріне қазақ ұлтымен терезесі тең өмір сүруге барлық мүмкіндіктер мен
кепілдіктер берілген.
Көпұлтты Қазақстан мемлекетінің мұндай әлеуметтік құрылымы объективті түрде күрделі
әрі маңызды мақсат ретінде қоғам мүшелерінің, әсіресе жастардың, саяси санасында ұлттық
патриотизммен қатар жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың жолдарын да айқындап
отыр. Қазіргі жағдайда көрсетілген мәселенің ғылыми нұсқауларын, студенттік жастарға идеялық
ықпал етудің нақты әдістері мен тәсілдерін айқындау қажеттілігі тұр. Қазақстандық патриотизм
|