Сілекей бездері
Дамуы. Сілекей бездері шырышты қабықшаның эпителийінің туындылары. Олар мезенхимаға ене орналасқан тығыз эпителий созындылары түрінде басталады. Эмбриогенездің 2-ші айында ірі сілекей бездері қалыптасады. 1-ші болып жақасты, сәл кешірек тіласты және шықшыт (құлақ маңы) бездері түзеледі. Эмбриональдық дамудың 3-ші айында кіші сілекей бездері дами бастайды.
Мезенхимаға ене бастаған эпителий созындылары көптеген тармақтар түзейді, кейін олар бездің шығару өзектері мен секреторлық аяққы бөлімдерін береді. Шығару өзектерінің тесігі эмбриональдық дамудың 3-ші айында пайда болады. Бұл мезгілде оларды қаптап жатқан эпителий екі қатарлы болады. Эмбриогенездің 4-5-ші айында аяққы бөлімдер қалыптасады, ал 8-9 айда олардың қуыстары пайда болады. Басында аяққы бөлімдер бүкіл бездерде бірдей индифферентті эпителийден құралған. Секреторлық эпителийдің дифференцировкасы алдымен аралас бездерде өтеді. Басқаларға қарағанда оларда шырышты жасушалар ертерек пайда болады. Содан кейін серозды жасушалар құралады. Шықшыт безінің қалыптасуы басқалардан кешірек жүреді.
Эмбриональдық дамудың 5 - 5,5 айында мезенхимадан бездердің дәнекер тіндік капсуласы және бөлікше аралық дәнекер тін түзеледі. Дәнекер тіннің даму деңгейі шығару өзектерінің және аяққы бөліктің дамуымен тығыз байланысты. Аяққы бөлімдер түзеле бастағанда дәнекер тіннің түзелу қарқыны баяулайды. Нәрестелерде ірі сілекей бездерінің бөліктерге бөлінуі жақсы анықталады, ал аралас бездердің серозды айшықтары өте анық байқалады.
Сілекей бездерінің жалпы сипаттамасы. Ауыз қуысына шырышты қабықшадан тыс орналасқан үш жұп ірі сілекей бездері – шықшыт, жақ асты және тіл асты бездерінің шығару өзектері ашылады. Ауыз қуысының шырышты қабықшасының қатпарларында көптеген ұсақ сілекей бездері – ерін, ұрт, тіл, таңдай бездері қоныстанған. Барлық сілекей бездерінің эпителийлік құрылымдары ауыз қуысын жауып жатқан көпқабатты жазық эктодермальдық эпителийден дамиды. Сондықтан олардың шығару өзектері мен секреторлық бөлімдеріне көпқабаттылық тән.
Сілекей бездері күрделі альвеолярлық немесе альвеолярлық – түтікшелі бездер түрінде болады. Олар секреторлық аяққы бөлімдерден және өнімді сыртқа шығаратын өзектерден тұрады.
Аяққы бөлімдері құрылысы мен бөлінетін өнімнің сипаты жағынан үш типті: ақуызды (серозды), шырышты (мукоидты) және аралас, яғни белокты-шырышты (серомукоидты) болып келеді. Сілекей бездерінің шығару өзектері бөлікшеішілік, бөлікшеаралық болып жіктеледі. Бөлікішілік өзектердің құрамына ендірмелі және жолақты өзектер кіреді.
Белокты бездер ферменттерге бай сұйық өнім бөліп шығарады.
Шырышты бездер құрамына гликозаминогликандар кіретін зат – муциннің көп мөлшері бар, барынша қою тұтқыр секретті түзеді. Секреттің жасушадан бөліну механизіміне қарай барлық сілекей бездері мерокринді болып табылады.
Сілекей бездері экзокриндік және эндокриндік қызметтерді атқарады. Экзокриндік қызмет ауыз қуысында сілекейдің ұдайы бөлінуінен көрінеді. Оның құрамына су (99%), белокты заттар, оның ішінде ферменттер, бейорганикалық заттар, сондай-ақ жасушалық элементтер (эпителийдің жасушалары, лейкоциттер) кіреді.
Сілекей тамақты шылап, оған жартылай сұйық консистенция дарытады, мұның өзі шайнау мен жұту үрдісін оңайлатады. Ұрт пен еріннің шырышты қабықшасының сілекеймен ұдайы шыланып отыруы сөйлеу әрекетіне септеседі. Тамақты ферментативті өңдеу сілекейдің маңызды қызметтерінің бірі болып табылады. Сілекей ферменттері полисахаридтердің (амилаза, мальтаза, гиалуронидаза), нуклейн қышқылдары мен нуклеопротеидтердің (нуклеазалар мен калликреин), белоктардың (калликреин тәрізді протеазалар, пепсиноген, трипсин тәрізді ферменттер), жасушалық қабықшалардың (лизоцим) ыдырауына қатыса алады. Секреторлық қызметпен қатар сілекей бездері экскреторлық қызметті де жүзеге асырады. Сыртқы ортаға сілекеймен бірге әртүрлі органикалық және бейорганикалық заттар: зәр қышқылы, креатин, темір, йод т.б. шығарылады. Сілекей бездерінің қорғаныштық қызметі бактерицидті зат – лизоцимнің бөлінуінен көрінеді.
Сілекей бездерінің эндокриндік қызметі сілекейде инсулин, паротин гормондары секілді биологиялық белсенді заттардың, нерв өсімі факторының (НӨФ), эпителий өсімі факторының (ЭӨФ), тимоцит өзгерту факторының (ТӨФ), өлім факторының (ӨФ) және т.б. болуының арқасында қамтамасыз етіледі. Сілекей бездері су-тұз гомеостазын реттеуге де белсене қатысады.
Аяққы бөлімдерінің және бөлікшілік өзектердің әріқарайғы дифференцировкасы постнатальды кезеңде де жалғасады. Ұрықтарда және 2 жасқа дейінгі балаларда ендірме өзектер және аяққы бөлімдер шырышты жасушалардан түзелген.
Достарыңызбен бөлісу: |