Қазақстан республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі


МОДУЛЬ 2. СУМЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛЕРІ, ЖЕЛІЛЕРІ ЖӘНЕ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ



бет16/48
Дата09.03.2023
өлшемі5.9 Mb.
#470527
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   48
Шайдуллина УМКД ИССиО 2022 каз 130123

МОДУЛЬ 2. СУМЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛЕРІ, ЖЕЛІЛЕРІ ЖӘНЕ ҚОНДЫРҒЫЛАРЫ

7 Дәріс


Тақырыбы: «Сумен қамту жүйелері туралы жалпы түсініктер»

Сумен қамту жүйесінің құрылымы. Сумен қамтуға арналған табиғи су көздері топтары. Су құрамындағы қоспалар дисперстік дәрежесіне байланысты топтастылуы. Табиғи сулардың сапасының сипаттамалары. Сумен қамту жүйелерінің құрамына кіретін қондырғылар. Жалпы арналуы бойынша сумен қамту жүйелерінің жіктелуі. Қаладағы су тұтынудың түрлері.


Дәрістің мақсаты: Сумен қамту жүйесінің құрылымы, құрамына кіретін қондырғылардың инженерлік желілері туралы жалпы мәліметтермен танысу.


Елді мекендер мен өнеркәсіп орындарын сапалы сумен қамтудың санитарлық-гигиеналық және шаруашылық маңызы зор. Қазіргі заманғы қалалар мен өнеркәсіптік өндіріс орындарының қажеттілігі үшін қатаң талаптарға сай сападағы үлкен су қоры қажет.


Табиғи су көздерінен су алуға, оның сапасын жақсартуға (яғни тазартуға) және тұтыну орындарына жеткізуге арналған инженерлік құрылымдар кешені сумен қамту жүйесі деп аталады.
Сумен қамтуға арналған табиғи су көздері негізінен екі топтан тұрады:

  1. Беттік су көздері - өзендер, көлдер және су қоймалары;

  2. Жер асты су көздері – артезиан сулары мен бұлақтар.

Өзен сулары лайлылығымен (әсіресе, су тасу кездерінде), құрамында органикалық заттардың, бактериялардың және өзіндік түсінің болуымен ерекшеленеді. Солай бола тұра, өзен сулары құрамында тұздар аз болады.
Көлдер мен су қоймаларының суларында қалқыма заттар аз болады, өзіндік түсі болады, құрамында органикалық заттар көп және жаз кездерінде планктондар кездеседі. Көл суларының минерал құрамы әр түрлі болуы мүмкін.
Беттік су көздерінің сапасы атмосфералық жауын-шашынның түсу қарқындылығына, қардың еруіне және беттік ағын сулардың ластауына байланысты болады.
Жер асты сулары құрамында, әдетте, қалқыма заттар кездеспейді, болса да, өте аз мөлшерде кездеседі және түссіз болып келеді. Олардың санитарлық сапасы өте жоғары, бірақ көбінесе өте минералды, қаттылығы жоғары және құрамында темір кездеседі.
Табиғи су көздері суларының сапасымен басты тұтынушы топтарының су сапасына қоятын талаптарын салыстыра келе, мынадай қорытынды жасауға болады: елді мекендерді сумен қамту үшін жер асты сулары тиімді су көзі болып табылады (егер минералдылығы өте жоғары болмаса).
Іс жүзінде, көптеген кіші қалалар мен орташа ауқымды қалалардың басым бөлігі жер асты суларымен қамтамасыз етілген. Көптеген ірі қалалар толығымен немесе басым бөлігі беттік су көздерін тұтынады. Сонымен қатар, бірнеше ірі өнеркәсіп өндірістері, тіпті кейбір қалалар теңіз суын тұтынады.
Табиғи суларда (беттік және жер асты) айналу процесі нәтижесінде қоршаған ортадан түсетін түрлі қоспалар кездеседі. Су құрамындағы барлық қоспалар дисперстік дәрежесіне байланысты үш топқа бөлінеді:

  1. ірі дисперсті немесе қалқымалы қоспалар;

  2. коллоиднодисперсті қоспалар;

  3. молекулалы-ионодисперсті қоспалар.

Ірі дисперсті (қалқымалы) қоспаларға өлшемі 10 ммкм ірі түйіршіктер жатады. Ірі дисперсті қоспалар механикалық сүзгілер арқылы ұсталынады және олар уақыт өте келе тұнба түзуге қабілетті.
Колоиднодисперсті қоспаларға өлшемі 1-ден 10 ммкм-ге дейінгі түйіршіктер жатады. Бұндай қоспаларды механикалық сүзгімен ұстау мүмкін емес, және олар ұзақ уақытқа дейін тұнба түзбейді.
Молекулалы-ионодисперсті қоспаларға өлшемі 1 ммкм-нен кіші, яғни молекулалық және иондық ыдырайтын (суда еріген тұздар, сілтілер, қышқылдар және т.б.) қоспалар жатады.
Табиғи сулардың сапасы төмендегі көрсеткіштермен сипатталады:
Температура. Бұл көрсеткіш - түрлі көздерден келіп түсетін су температурасын сипаттайды.
Қалқымалы заттар (лайлылығы). Бұл көрсеткіш – судағы ірі дисперсті заттардың болу дәрежесін сипаттайды.
Түстілігі. Бұл көрсеткіш – су құрамында гуминді заттардың немесе фульвоқышқылының болуымен түсіндірілетін, су түсін сипаттайды және платино-кобальт шкаласы бойынша градуспен өлшенеді.
Иісі мен дәмі. Су иісі табиғи (батпақ, саз, күкіртті сутек және т.б. иісті) және жасанды (феноль, мұнай, хлорлы және т.б. иісті) болады. Су дәмі ащы, тұзды, қышқыл және тәтті болуы мүмкін. Судың иісі мен дәмін араластыру дәрежесіне байланысты бес балдық жүйемен былай бағалауға болады: өте әлсіз, әлсіз, байқалатын, анық байқалатын және өте күшті.
Қышқылдануы. Бұл су қрамындағы органикалық заттардың болу дәрежесін сипаттайтын жанама көрсеткіш. Ол 1 л судағы органикалық заттардың қышқылдануына жұмсалатын оттегінің немесе калий перманганатының шығынымен өлшенеді.
рН - сутекті көрсеткіші. Бұл көрсеткіш қышқылдық дәрәжесін немесе судың сілтілігін сипаттайды және судағы рН сутегі иондарының концентрациясымен анықталады. рН=7 болғанда, су нейтралды, ал рН<7 болғанда қышқыл, рН>7 болғанды сілтілі.
Құрғақ қалдық. Бұл көрсеткіш суда құрамында молекулалы және коллоиднодисперсті минерал және органикалық заттардың болуын (мг/л) сипаттайды. Ол суды буландырып, қалған қалдықты 105 ÷ 110 0С кептіру арқылы анықталады.
Қаттылық. Бұл көрсеткіш судағы қақ түзетін кальций мен магнийдің тұздарының болуымен сипатталады (мг-экв/л). Судың жалпы қаттылығы, магний мен кальцидің бикарбонатының болуымен түсіндірілетін - карбонатты және кальций мен магнийдің хлоридтері мен сульфаттарының болуымен түсіндірілетін - карбонатты емес болып бөлінеді.
Сілтілік. Бұл көрсеткіш суда гидроксид аниондарының және әлсіз қышқылдар – бикарбонат, карбонат, силикат және т.б. аниондарының болуымен сипатталады. Ион түріне байланысы гидрантты, бикарбонатты, карбонатты, силикатты және т.б. болып бөлінеді.
Темір,  марганец,  иод  және  фтор  құрамы.  Бұл көрсеткіштер су құрамында темір, марганец, иод және фтор болуын сипаттайды.
Хлоридтер мен сульфаттар құрамы. Бұл көрсеткіштер су құрамында кальций, магний және натрий тұздары түрінде кездесетін хлоридтер мен сульфаттардың болуыен сипаттайды.
Бактериалдық ластану. Бұл көрсеткіш судағы бактериялардың болуын көрсетеді және 1 мл судағы бактериялар санымен немесе коли-титр-мен (шек палочкасы табылған ең аз су мөлшері) анықталады.
Қалалар мен елді мекендердегі негізгі су тұтынушылар – халық пен өнеркәсіптік өндіріс орындары. Өртке қарсы шараларға су тұтынушылар ерекше топты құрайды.
Елді мекендерді сумен қамту жүйелері табиғи суларды алуды, оны тазартуды (қажет болған жағдайда) және тұтыну орнына жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Бұл міндеттерді орындау үшін сумен қамту жүйелерінің құрамында төмендегідей қондырғылар болуы қажет:

  1. Су алу құрылымдары – оның көмегімен су көздерінен су алынады;

  2. Су көтеру құрылымдары (сорғы станциялары) – суды тазатру, сақтау және тұтыну орындарына жеткізуге арналған құрылымдар;

  3. Су сапасын жақсартуға арналған құрылымдар- суды тазартып, өңдейді;

  4. Су өткізгіштер мен су құбырлары тармақтары – суды тұтыну орындарына жеткізеді;

  5. Су арынды шанақтар мен резервуарлар – реттеуші және су қоры ролін атқарады.

Негізгі су ағызу құрылымдарының өзара орналасу схемасы 31-суретте көрсетілген.
Су тұтыну сипатына және жергілікті ерекшеліктерге байланысты сумен қамту схемасында өзгерістер болуы мүмкін.

31-сурет. Негізгі су ағызу құрылымдарының өзара орналасу схемасы
1-су алу құрылғысы; 2 – І көтерудің сорғы станциясы; 3- тазарту қондырғысы; 4- таза су резервуары; 5 – ІІ-көтерудің сорғы станциясы; 6 – су құбырлары; 7 – су арынды мұнара (шанақ); 8 – су құбырлары тармақтары, 9- максимальды су тұтыну периоды үшін қолданылатын құбыр желілері.

Іс жүзінде кездесетін алуан түрлі сумен қамту жүйелерін төмендегі үлгіде сипаттары бойынша жіктеуге болады.


Жалпы арналуы бойынша сумен қамту жүйелері былай бөлінеді:
1) коммуналдық;
2) ауыл шаруашылық;
3) өндірістік.
Мақсатты арналуы бойынша:
1) шаруашылық – ауыз су;
2) шаруашылық- өртке қарсы;
3) шаруашылық - өндірістік;
4) суару;
5)өртке қарсы.
Табиғи су көздерін тұтыну түріне байланысты:
1) беттік су көздерін тұтынушылар;
2) жер асты суларын пайдаланушылар;
3) аралас тұтыну.
Суды беру тәсіліне байланысты:
1) өздігінен ағатын;
2) суды механикалық жолмен алатын (сорғы көмегімен).
Қаладағы су тұтынудың барлық түрін үш катергорияға жатқызуға болады:

  1. шаруашылық-ауыз су қажетіне жұмсалатын су шығыны;

  2. өнеркәсіптік мекемелердің, көлік және энергетика салаларының өндірістік қажеттеріне жұмсалатын су шығыны;

  3. өрт сөндіруге жұмсалатын су шығындары.

Объектінің арналуына және су сапасына тұтынушылар қоятын талаптарға, сонымен қатар экономикалық шарттарға байланысты барлық мақсаттарға арналған суды бір су құбырымен немесе жеке категориядағы су тұтынушыларға жеке су құбырларымен беруге болады.
Қалаларда әдетте бір шаруашылық - өртке қарсы су құбырын тартылады, ол құбыр бойынша халықтың шаруашылық-ауыз су, ауыз су сапасын қажет ететін өнеркәсіп мекемелерінің шаруашылық және өрт сөндіруге қажетті су беріледі.
Қалалардағы тазартылмаған су тұтына беретін ірі өнеркәсіптік мекемелер үшін жеккелеген өндірістік су құбырлары тартылады.
Өртке қарсы су құбырлары мен шаруашылық ауыз су құбырларын немесе өндірістік құбырларды біріктіру мәселелері технико-экономикалық есептеулер нәтижесінде шешіледі. Көбінесе, өртке қарсы су құбырларының ролін шаруашылық-ауыз су құбырлары атқарады, себебі қала ішінде көп тармақталған.
Өнеркәсіптік сумен қамту жүйелерінде тікелей, кезектік және кері сумен қамту жүйелері қолданылуы мүмкін.
Тікелей сумен қамту жүйелерінде суды өнеркәсіптік тұтынушыларға тікелей беріп, оны қолданып болған соң ағызу схемалары қарастырылады. Егер су технологиялық процестерден кейін ластанса, оны ағызар алдында тазарту қондырғыларынан өткізеді.
Кезекті сумен қамту жүйелерінде бір цехта қолданылған суды екінші бір цехта қолдана береді. Бұл жүйеде тікелей сумен қамту жүйесіне қарағанда, тұтынуға алынған су мөлшері біртіндеп азаяды.
Кері сумен қамту жүйелерінде технологиялық тұтынылған су қажет болған жағдайда тазартылудан өткізіліп, өндіріске кері жіберіледі. Өндірісітк процестерді орындау және суды тазарту барысында су мөлшері азаяды. Бұл шығында су көздерінен толықтырылып отырады. Кері сумен қамту жүйелерінің арқасында, су қоймаларына тасталатын ластанған су мөлшерін азайтуға болады.
Бақылау сұрақтары:

  1. Сумен қамту жүйелерінің арналуы.

  2. Табиғи су көздерінің арналуы және сипаттары.

  3. Су сапасының көрсеткіштері.

  4. Сумен қамту жүйелерінің негізгі құрылғылары.

  5. Су құрамындағы қоспалар дисперстік дәрежесіне байланысты топтастылуы.

  6. Жалпы арналуы бойынша сумен қамту жүйелерінің жіктелуі.

  7. Қаладағы су тұтынудың түрлері.

  8. Сумен қамту жүйелерінің жіктелуі.

Ұсынылатын әдебиет: НӘ 1,3, ҚӘ 2,3

8 Дәріс


Тақырыбы: «Сумен қамту жүйелерінің негізгі құрылғылары»

Су алу құрылғысын таңдауға қойылатын талаптар. Суды алып беру сенімділігіне байланысты су алу құрылғыларының категориялары. Алынатын су мөлшеріне қарай су қабылдағыштардың бөлінуі. Орналасу орны бойынша су қабылдағыштардың бөлінуі. Жағалаудан су алудың біріктірілген схемасы. Су сапасын жақсартудың технологиялық схемасы.


Дәрістің мақсаты: су алу құрылғысын таңдауға қойылатын талаптар, су қабылдағыштар және сумен қамту жүйелерінің  инженерлік желілері туралы жалпы мәліметтермен танысу.


Сумен қамтудың технологиялық жүйесінде негізгі звено – су алу құрылғысы. Бұл құрылғыларлың түрін және құрылымын таңдау су көзінің түрі мен сипатына, табиғи және геологиялық шарттарға және жердің топографиясына байланысты жүргізіледі.
Су көзінің түріне байланысты су алу құрылығысы екі топқа бөлінеді: беттік су көздерінен су алуға арналған құрылғылар және жер астынан су алуға арналған құрылғылар.
Беттік су көздерінен су алуға арналған құрылғылар өзендерге, су қоймаларына және көлдерге орнатылады. Бұл топтың құрылғыларының құрылымын таңдағанда келесідей талаптардың сақталуын қадағалау керек:
а) көзден алынатын су шығыны тұтынушының есепті су тұтыну шығынын қамтамасыз етуі және тұтынушыға толығымен берілуі;
б) сумен қамту жүйесінің суға ластушы заттардың түсуінен сақталуы;
в) су қоймасына балықтың келмеуі.
Суды алып беру сенімділігіне байланысты барлық су алу құрылғылары үш категорияға бөлінеді:
а) суды үздіксіз алып бееретін су қабылдағыштар;
б) су алуда 5 сағаттық үзілістер жасау немесе бір ай бойына оның мөлшерін азайту мүмкіндігі бар қабылдағыштар;
в) 3 тәулікке дейін су алуды тоқтата алатын қабылдағыштар.
Алынатын су мөлшеріне қарай су қабылдағыштар былай бөлінеді:
а) өндірімділігі аз қабылдағыштар (су алуы 1 м3/сағ кем);
б) өнімділігі орташа (су алуы 1-ден 6 м3/сағ);
в) өнімділігі жоғары қабылдағыштар (6 м3/сағ жоғары).
Орналасу орны бойынша су қабылдағыштар: ағындық, жағалық, плотиналық және т.б. болып бөлінеді.
Жағалауларда су алу шартын қанағаттандыратын ойпатты жерлер бар болса, онда жағалық су алу құрылымдарын салады. Бірінші көтеру станцияларын су алу құрылымымен бір ғимарат ішіне орнатуға немесе жеке орнатуға болады. Оған байланысты жағадан су алу құрылымын екі түрге жіктейді: біріктірілген және жеке.
Жағалық су алу құрылымының жеке түрдегі схемасы 32-суретте көрсетілген. Су алу А және Б секцияларына бөлінген екі құдық түрінде орындалған.
Тормен және жаппа тетігімен қамтылған 2-кіру терезесі арқылы енген су А секциясына түседі. А секциясынан шыққан су 5-қабырғада орнатылған 4 -тор арқылы өтіп, Б секциясына түседі де 3-сору құбырлары арқылы 7-сорғыға беріледі.Бақылауға ыңғайлы болу үшін 3-сору құбырлары 9-галереяда тартылған.
Пайдалану кезінде қиындықтар туғызбау үшін және торларды тазарту мүмкіндігі үшін қабылдағы екі бөлікке бөлінген. Айта кететін мәселе - жоғарғы су алу терезесі-2 жоғарғы су деңгейінен, ал төменгі терезе – төменгі су деңгейінен төмен орналасуы керек.



32-сурет. Жағалық су алу құрылымының жеке түрдегі схемасы
1-құдық; 2 – кіру терезелері; 3 – сору құбыры; 4 – тор; 5 – қабырға;
6 – қызметшілер бөлмесі; 7 – І-көтеру сорғысы; 8 – сорғы станциясы ғимараты; 9-галерея; 10-су құбырлары.

Жағалаудан су алудың біріктірілген схемасы 33-суретте көрсетілген.





33-сурет. Жағалаудан су алудың біріктірілген схемасы
1-құдық; 2-жоғарғы терезе; 3 – сору құбыры; 4-тор; 5-қабырға; 6-І-көтеру сорғысы; 7-су құбыры.

Жайдақ жағалаулар мен таяз суларда ағындық типті су алу құрылғылары қолданылады (34-сурет). Бұл жағдайларда су жағадан алыс орнатылған 1- су алғыш арқылы алынады. Ірі қиыршықтар түсіп кетпеуі үшін оған тор орнатылады.





34-сурет. Жайдақ жағалаулар мен таяз суларда ағындық типті су алу құрылғылары
1-су алғы; 2 - өздігінен су ағу құбыры; 3-жағалау құдығы; 4-сорғының сору құбырлары; 5-сорғылар; 6-І-көтеру сорғы станциясы; 7-су құбырлары.

Жоғарыда қарастырылғаннан басқа жүзбелі су алу құрылғылары (су деңгейі ерәуір және су шығыны аздап өзгеріп тұратын) немесе су қабылдағыш ожау деп аталатын құрылғы түрлері бар.


Шаруашылық-ауыз су жүйелерінде жоғары сапалы су алу үшін жер асты су қабылдағыштары кеңінен қолданылады. Жер асты сулары әр түрлі тереңдіктерде орналасады. Осыған байланысты жер асты су алу құрылғыларын мынадай түрлерге бөледі: құбырлық құдықтар; шахталық құдықтар; көлденең су жинағыштар; инфильтрациялық су жинағыштар; бұлақ суларын жинағыштар.
Құбырлық құдықтар жер асты сулар өте терең (10 м терең) орналасқанда қолданылады, жерге бұрғылау нәтжесінде енгізіледі (35-сурет). Ішіне топырақтың құламауы үшін қабырғаларын болат құбырлармен бекітеді, ал су алынатын құбырлық құдықтың бас жағына сүзгі орнатылады.

35-сурет. Құбырлық құдықтар жер асты сулар өте терең орналасқанда жерге бұрғылау
1-техникалық колонна; 2-пайдалану колоннасы; 3-жалғау муфтасы;
4-сальник; 5-сүзгі колоннасы; 6-судың статикалық деңгейі; 7-депрессиялық қисық.

Су қуаты аз, тереңдігі 10 м-ге дейінгі жер асты су көздеріне шахталық құдықтар орнатады (36-сурет).Олардың диаметрі 1-ден 1,5 м, қабырғалары кірпіштен, бетоннан және т.б. материалдардан орындалады.





36-сурет. Шахталық құдықтардың орналасуы
1-қақпақ; 2-желдету құбыры; 3 –отмостка; 4-саз құлып; 5-су деңгейі; 6-депрессиялық қисық; 7-сүзгі материалы

Терең орналаспаған жер асты суларын көлденең су жинағыштар арқылы (37-сурет) алуға болады, олар дренаж каналдары немесе құбырарынан, су жинау құдығынан және сорғы станциясынан тұрады.


Егер өзен аңғары су өткіш топырақтан құралса, онда инфильтрациялық су жинағыш шахталық құдықтар орнатуға болады.

37-сурет. Көлденең су жинағыштардың орналасу схемасы
1-құбырлық дренаж; 2- су жина құдығы; 3-жер асты суының статикалық деңгейі; 4-су өтпейтін қабат.

Бұлақ суларын жинау үшін каптеж камералары қолданылады, олар суды жинап, оған лас заттар түсуінен сақтайды.


Су қабылдағыштан тазарту құрылғыларына су сорғы станцияларының көмегімен жеткізіледі. Сорғы станциясының құрамына қозғалтқыш жетекті сорғылар, бақылау-өлшеу аспаптары орнатылған құбырлар және жаппа-реттеу арматуралары кіреді.
Арналу мен орналасуы бойынша сорғы станциялары І және ІІ көтеру станциялары болып бөлінеді. І көтеру станциясының сорғылары суды су көзінен алып, тазарту орындарына жеткізуге арналады. Егер су тазартуды керек етпесе, І көтеру станциясы су тарату тармақтарына немесе су резервуарларына су береді. І көтеру станциясының схемалары 38-суретте берілген.



38-сурет. І көтеру станциясының схемалары
1-Су алу құрылғылары; 2- І-көтеру сорғы станциясы; 3-арынды құбырлар.
а) –жағалық біріктірілген станция түрі; б) жағалық жеке станция;
в) – ағындық біріктірілген станция; г) – ағындық жеке станция.

ІІ көтеру сорғы станциялары тазарту құрылғыларынан кейін орнатылады, да тұтынушыларға таза су жеткізуге арналады. ІІ көтеру сорғы станциясыны жинақты схемасының түрлері 39-суретте берілген.





39-сурет. ІІ көтеру сорғы станциясыны жинақты схемасы
1- І-көтеруу арынды құбырлары; 2 – І-көтеру сорғы станциясы; 3-таза су резервуары; 4- ІІ-көтеру сорғы станциясы; 5-су арынды құбырлар.

Сорғы станциясының негізгі жабдығы ретінде көлденең және тік ортадан тепкіш сорғылар, поршеньді сорғылар және т.б. қолданылады.


Табиғи су көздерінен алынған су сапасының ГОСТ талаптарынан қаншалықты ауытқитынын тазарту құрылғыларында анықтайды. Қалаларды сумен қамтуда қолданылып жүрген, кеңінен таралған әдістер мыналар: мөлдірлеу – судағы қалқымалы заттардан тазарту; түссіздендіру – су түсін жою; тұщыту – су құрамындағы тұздарды шекті мөлшерге дейін азайту; зарарсыздандыру – ауру туғызатын бактерияларды жою.
Сонымен қатар, су сапасын жақсартудың арнайы әдістері қолданылуы мүмкін: темірсіздендіру; фторлау; фторсыздандыру; жұмсарту; газсыздандыру және т.б.
Су тазарту жүйелерінің технологиялық схемалары реагентті, реагентсіз, арынды және арынсыз болуы мүмкін.
Су сапасын жақсартудың технологиялық схемасы 40-суретте көрсетілген.



40-сурет. Су сапасын жақсартудың технологиялық схемасы.
1- І-көтеру сорғы станциясы; 2- микросүзгі; 3 – реагент шаруашылығы; 4- араластырғыш; 5 – ұлпа түзілу камерасы; 6- тұндырғыш; 7- су сүзгілеу немесе иіссіздендіру қондырғысы; 8- мөлдірлеу сүзгісі; 9-суды зарарсыздандыру қондырғысы; 10– таза су резервуары; 11- ІІ-көтеру сорғы станциясы.

Су сапасын жақсартуда бірінші технологиялық опреация – мөлдірлеу. Суды мөлдірлеудегі негізгі процестер: коагуляциялау, тұндыру және сүзгіден өткізу.


Коагуляциялаудың мақсаты – тұндыру және сүзгілеуден өтпейтін майда қалқымалы заттар мен коллоидті-дисперсті заттарды ірілендіру. Коагуляцмя процесі суға арнайы реагенттер қосу салдарынан жүреді, нәтижесінде судағы бетіне қалқымалы заттар жинайтын коагулент ұлпалары түзілетін химиялық реакциялар жүреді. Қалқымалы заттар жинаған коагулент ұлпасы тұнбаға айналады. Коагуляциялауда реагент ретінде күкірт қышқылды алюминий Al2(SO)3x18H2O, күкірт қышқылды темір FeCl3x6H2O қолданылады.
Реагентті сумен араластыру үшін арнайы араластыру құрылымдары қарастырылады. Су дайындауда қолданылып келе жатқан араластырғыш түрлері: тесікті, қабырғалы, құйынды және механикалық. Мысал ретінде, 41-суретте темірбетон астаудан жасалған, бірнеше қабырғысы бар тесікті d=50 мм араластырғыш схемасы көрсетілген.
Араластырғыштан кейін су ұлпа түзілу камерасына түсіп, тиімді коагуляция жүргізіледі. Су дайындауда қабырғылықты, су иірімді, құйынды, біріктірілшген (тұндырғышпен) және т.б. ұлпа түзу камералары қолданылады. Тұндырғышпен біріктірілген ұлпа түзу камерасының схемасы 43-суретте берілген. Мұндай камераның төменгі жағында перфорирленген құбырлар тартылады да олар арқылы коагулент беріледі. Жылдамдығы 2-3 мм/с ағып жатқан суда коагулент ұлпасы түзіліп, қалқып қалады.



41-сурет. Бірнеше қабырғысы бар тесікті араластырғыш схемасы
1-астау; 2-қабырғалықтар.
Соңғы уақыттарда тік құйынды араластырғыштар кең таралып келеді (42-сурет).

42-сурет. Тік құйынды араластырғыш
1-су кірісі; 2-су шығысы; 3-реагенттер кірісі.



43-сурет. Тұндырғышпен біріктірілген ұлпа түзу камерасының схемасы
1-су кіруі; 2- су шығуы; 3- ұлпа түзілу камерасы; 4- қалқымалы тұнба қабаты; 5- тұндырғыш; 6- тұнба әкететін қорап; 7- тұнбаны әкету.

Ұлпа түзу камерасынан шыққан су тұндырғышқа әкелінеді, мұнда неғұрлым ірі заттар тұндырылады. Су тазартуда қолданылып жүрген тұндырғыштар сұйықтық қозғалысына қарай былай бөлінеді: көлденең, тік және радиалды. Мысал ретінде көлденең тұндырғыштың схемасы 64-суретте беріліп отыр. Мұндай тұндырғыш ұзындығы 40 ÷100 м тік бұрышты резервуар болып келеді. Мұндай тұндырғыштағы су аз жылдамдықпен (2÷6 м/с) қозғалады және қалқыма заттар ауырлық күші салдарынан тұнба түзіп ыдыс түбіне шөгеді де, перферирлі қораптан алып кетіледі. Тұндырғыштан кейін фторлау немесе иіссіздендіру үшін реагенттер қосылады және су мөлдірлеу сүзгілеріне жіберіледі. Су дайындау саласында кеңінен терелған «баяу» және «жылдам» сүзгілер сүзу жылдамдығы бойынша ажыратылады (баяу сүзгілерде w=0,1÷0,2 м/сағ; ал жылдам сүзгілерде w=6÷10 м/сағ). Көп қолданысқа ие болған жылдамдықты сүзгінің схемасы 44-суретте берілді.



44-сурет. Жылдамдықты сүзгінің схемасы


1-сүзгі материалының қабаты; 2 –қиыршық тас қабаты; 3 – дренаж коллекторы; 4- қалта; 5 – мөлдірлеуге су кіруі; 6- мөлдір судың шығуы; 7- шайма судың кіруі; 8- шайма судың шығуы.

Уақыт өте келе, сүзгі материалы қалдық заттарға толып, сүзгіні регенерациядан өткізіп тұрады (кем дегенде тәулігіне бір рет), сүзгі материалы сүзу бағытына қарсы шайынды сумен жуылады. Мөлдірлеу сүзгісінен өткен соң суды зарарсыздандыру реагенттері қосылады (61-суретті қара) да, тазартылған су таза су резервуарына жіберіледі, ол жерден су ІІ-көтеру сорғы станциясының көмегімен сумен қамту жүйесінің тармақтарына беріледі.


Бақылау сұрақтары:

  1. Су алу құрылғыларының түрлері мен схемалары.

  2. Сорғы станцияларының арналуы, олардың түрлері және схемалары.

  3. Тазарту құрылғыларында су өңдеудің негізгі әдістері.

  4. Тазарту құрылымдарының негізгі жабдықтары мен жалпы схемасы.

  5. Су алу құрылғысын таңдауға қойылатын талаптар.

  6. Суды алып беру сенімділігіне байланысты су алу құрылғыларының категориялары.

  7. Алынатын су мөлшеріне қарай су қабылдағыштардың бөлінуі.

  8. Орналасу орны бойынша су қабылдағыштардың бөлінуі.

  9. Жағалаудан су алудың біріктірілген схемасы.

  10. Су сапасын жақсартудың технологиялық схемасы.

Ұсынылатын әдебиеттер: НӘ 1,5, ҚӘ 2,3


9 Дәріс


Тақырыбы: «Канализация жүйелері»

Лас сулардың топтастырылуы. Канализацияның жүйелерінің түрлері. Канализация жүйесінің элементтері. Лас су айдайтын сорғы станцияларының бөлінуі. Канализация құбырлары және олардың бөлінуі.


Дәрістің мақсаты: канализацияның жүйелерінің түрлері, элементтері, құбырлары және олардың инженерлік желілері туралы жалпы мәліметтермен танысу.


Канализация жүйесі дегеніміз – адамдардың тіршілігі мен өнеркәсіптік мекемелер іс-әрекеті нәтижесінде түзілетін лас суларды жинауға, әкетуге және тазартуға арналған инженерлік құрылымдар жүйесі.
Пайда болуы және ластану сипатына байланысты лас сулар үш топқа бөлінеді: тұрмыстық (шаруашылықтық), атмосфералық және өндірістік.
Тұрмыстық лас сулар қол жуғыштан, ванналлар мен әжетханалардан, моншадан, кір жуу орындарынан, душтардан және т.б. орындардан жиналады. Тұрмыстық лас сулар өте лас болып саналады. Олардың құрамында минералдық, органикалық ластанулар мен ауру туғызатын микроорганизмдер болады. Оларды табиғи су қоймаларына тастар алдында тазарту керек.
Атмосфералық лас сулар жауын жауып, қар ерігенде пайда болады және қала және өндірісітік мекеменің территориясындағы лас заттармен ластанады. Бұл сулар салыстырмалы түрде таза болып есептеледі және санитарлық бақылау орындары бұл суларды тазартусыз табиғи су қоймаларына жіберуге рұқсат етеді. Өнеркәсіптік лас сулар құрамы бойынша алуан түрлі болып келеді. Бұл сулар өндіріс технологиясымен қалдықтарды әкетуге байланысты ластанады. Өндірістік лас сулар арасында құрамы жағынан салыстырмалы түрде таза немесе адамдар, жануарлар және өсімдіктер әлеміне нұқсан келтіретіндей лас сулар болады. Қажет болған жағдайда, өндірістік лас сулар арнайы тазартудан өтуі керек.
Кейбір лас сулар сипаты, концентрациясы және құрамы бойынша түрлі тазарту әдістерін қажет етеді, сондықтан оларды әкету үшін жеке канализация жүйелері тартылады.
Канализацияның үш түрі бар: жалпыға бірдей, жеке және толық жеке емес.
Жалпыға бірдей канализация - барлық лас су түрлерін бір канализация тармағымен тазарту орындарына жеткізуге арналады.
Жеке канализация жүйесі – жекелеген канализациямен лас су әкетуге арналады.
Толық жеке емес канализация жүйелері тұрмыстық лас суларды әкетуге және өндірістік лас суларды әкетуге арналған жүйе.
Лас сулады жинау, әкету, тазарту және су қоймасына жіберу жұмыстары канализация жүйесі арқасында атқарылады және ол мынадай элементтерден тұрады:

  • үй ішілік және цехтық канализация құрылымы;

  • сыртқы квартал ішілік канализация тармағы;

  • сыртқы көшелік канализация тармақтары;

  • сорғы станциялары, арынды құбырлар, тазарту орындары;

  • лас суды су қоймасына жіберу.

Үй ішілік канализация (45-сурет) лас суды қабылдау мен ғимарат сыртына шығаруға арналады.

45- сурет. Үй ішілік канализация
1-қол жуғыш; 2-унитаз; 3-раковина; 4-ванна; 5-гидрозатвор; 6-әкету құбыры; 7-желі; 8-тазарту; 9-шығару құдығы; 10-шығару.

Раковиналарда, қол жуғыштардан, унитаз, ванна және т.б. санитарлық-техникалық аспатардан өзіндік ағу арқылы желілерге, одан аулалық құдыққа ағады. Канализация жүйесін желдету шатырдағы бөлмелер арқылы ауа шығару арқылы іске асады. Сыртқы квартал ішілік тармақ (шығару құдығы; бақылау құдығы; квартал іші тармағы; көше тармағы құдығы; көше канализациясының тармағы; бақылау құдығы) аулалық құдықтардан лас суды жинап, көшелік канализация жүйесіне тасымалдауға арналады. Квартал ішілік құбырларды і=0,01 еңіспен тартады және соңына бақылау құдығын орнатады.


Сыртқы көшелік канализация тармақтары (46-сурет) квартал ішілік канализация тармақтарынан лас су жинап, оларды канализация коллекторына жіберуге арналады. Канализация коллекторлары арқылы лас сулар сорғы станциясына, одан тазарту орындарына жіберіледі.
Жердің рельефінің күрделілігіне байланысты канализация жүйесінің схемасы перпендикуляр, қиылысқан, тармақталған және аумақтық болып тартылады.
Жер рельефі тегіс болса, су тазарту қажет болмаса, өзенге қарай еңіспен перпендикуляр канализация схемасын пайдаланып, жағаға перпендикуляр желі тартады.


46- сурет. Сыртқы көшелік канализация тармақтары
1 – көшелік канализация торабы; 2 – канализациялық коллектор; 3 – жалғау коллекторы; 4- сорғы станциясы; 5- тазарту орындары.

Қиылысқан схема деп жағаға бойлай орналасқан, лас суды жинауға және әкетуге арналған жинақтаушы коллектор қолданылатын схеманы айтады (46, б-сурет).


Тарамды канализация схемасы деп канализация коллекторлары жағаға параллель тартылған схеманы айтады (46, в-сурет).
Аумақты канализация схемасын қала территориясында лас су өздігінен ағатын жағдайы жоқ аумақтар болған кезде қолданылады. Бұл жағдайда (46, г-сурет) жоғары орналасқан аумақтардан лас су өздігінен ағып келеді де, төмен орналасқан жерлерден тазарту орындарына сорғы көмегімен жеткізіледі.
Канализациялық сорғы станциялары лас сулар өздігінен ағып келу мүмкіндігі болмаған кезде қолданылады. Канализациялық сорғы станциялары сорғылар орналасқан машина бөлімінен, сорғыларға келіп түсетін лас су ағынының бік келкі болуын тұрақтандыратын қабылдау резервуарынан тұрады. Лас су айдайтын сорғы станциялары орындайтын функциясына байланысты былай бөлінеді:
1) жекелеген аудандардың төмен орналасқан коллекторларынан жоғары орналасқан коллекторларына лас су айдайтын аудандық;
2) барлық территориядан тазарту орындарына лас су айдайтын басты.
Сонымен қатар, канализациялық сорғы станциялары:
а) қабылдау резервуарының сорғы ғимаратына орналасуына қарай - бөлек орналасқан және біріккен болып;
б) сорғы агрегаттарының жер бетіне орналасуына қарай - терең емес (4 м-ге дейін), жартылай терең (7 м-ге дейін) және шахталық түрдегі (7 м-ден терең) станция болып;
в) орнатылған сорғы агрегатының түріне қарай – көлденең, тік және осьтік сорғылы болып бөлінеді.
Мысал ретінде, 47-суретте терең емес, қабылдау резервуары бөлек орнатылған және көлденең сорғылы канализациялық сорғы станциясының схемасы берілген.

47-сурет. Канализациялық сорғы станциясының схемасы
1- әкелуші коллектор; 2- қабылдау резервуары; 3- сору құбыры; 4-сорғы станциясының ғимараты; 5-сорғылар; 6 – арынды құбыр.

Лас суды тасымалдау үшін түрлі материалдардан жасалған канализация құбырлары қолданылады (керамика, асбоцемнт, бетон, темірбетон, шойын және пластик) және олардың көлденең қимасының пішіні де әр түрлі - дөңгелек, эллипс, жартылай эллипс тәрізді, астау тәрізді және т.б. (48-сурет).





48-сурет. Түрлі материалдардан жасалған канализация құбырлары
а) – дөңгелек; б)- эллипс тәрізді; в)-жартылай эллипс тәрізді; г) – астау тәрізді.

Канализация жұмысын бақылау үшін, сонымен қатар, тазалап отыру үшін канализациялық бақылау құдығы орнатылады. СНиП талаптарына сай олар мынадай жерлерде қарастырылады: канализация құбырларының қосылған жерінде; құбырлардың диаметрі, еңісі және бағыты өзгерген тұстарда; түзу учаскелерде (құбыр диаметрі 150-ден 600 мм-ге дейін – 50 м сайын, құбыр диаметрі 600-ден 1400 мм-ге дейін – 75 м сайын, құбыр диаметрі 1400 мм-ден жоғары болғанда – 150 м сайын).


Арналуына байланысты бақылау құдықтарын сызықтық, бұрылыстық, жалғау, өзгерістік және шайма құдықтары деп бөледі.
Канализация құдықтары жұмыс камерасы мен өңештен тұрады (49-сурет). Құдық өңеші жұмыс камерасының плитасы үстіне орнатылады. Оның биіктігі тармақтың төселу тереңдігіне байланысты анықталады. Өңеш диаметрі – 700 мм. Құдыққа түсі үшін өңеш қабырғалары мен жұмыс камерасына тұтқалар орнатылады.



49-сурет. Канализация құдықтарының схемасы
1- өңеш; 2- жұмыс камерасы; 3-люк; 4-бетон астау; 5-құбыр.

Қала канализация тармақтарында көбінесе, жақсы гидравликалық және техника-экономикалық көрсеткіштерге ие болған, сыртқы күш әсерлеріне төзім беретін және пайдалану мен монтаждау кезінде ыңғайлы дөңгелек қималы құбырлар қолданылады. Канализация құбырлары кимелі (раструбные) немесе тегіс ұшты болып келеді (50-сурет).





50-сурет. Канализация құбырларының түрлері
а) – кимелі құбырдың жасалуы: 1- керамикалық құбыр; 2- смола майына батырылған жіп; 3- цемент құлып.
б)–асбоцемент құбырды жапсарлай жалғау: 1- құбыр; 2- резина сақина; 3- муфта.
в) – шойын фланецті муфтамен жалғау: 1- құбыр; 2- фланец; 3-бұранда; 4-втулка; 5- резина сақина.

Лас сулар су қоймасына тасталмас бұрын тазартудан өтеді. Қала канализацияларында тазартудың екі әдісі қолданылып келеді: механикалық және биологиялық. Механикалық тазарту сүзгіден өткізу мен тұндыруды қарастырады. Бұл кезде лас сулардан механикалық және органикалық ірі дисперсті заттар алынып тасталады. Қажет болған жағдайда, механикалық тазартудан өткен суды биологиялық тазартудан өткізеді. Биологиялық тазарту механикалдық тазартудан кейін лас су құрамында қалған органикалық заттарды аэробты бактериялармен қышқылдандыруға негізделеді.


Бақылау сұрақтары:

  1. Канализация жүйесі дегеніміз не?

  2. Лас судың жіктелуі және сипаттары.

  3. Канализация жүйелерінің түрлері.

  4. Үй іші канализация жүйесінің негізгі элементтері және схемасы.

  5. Квартал іші және көшелік канализация схемалары.

  6. Канализациялық сорғы станцияларының түрлері.

  7. Канализациялық құбырлар мен құдықтардың түрлері.

Ұсынылатын әдебиеттер: НӘ 8, ҚӘ 2,3




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   48




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет