13-тарау. БЮДЖЕТТIҢ ЖОБАСЫН ҚАРАУ ЖӘНЕ БЕКIТУ
ПРОЦЕСIНIҢ НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕРI
74-бап. Республикалық бюджеттiң жобасын қарау және бекiту
туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасының Парламентiне ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегiнен кешiктiрмей енгiзедi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы заңның жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттарды және материалдарды:
1) республиканың әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын;
2) орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулар жобаларын;
2-1) стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi бюджеттiк бағдарламаларының жобаларын;
3) соңғы есеп берген күнгi мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың жай-күйi туралы деректердi;
4) бюджеттiк бағдарламалардың бюджеттiк кiшi бағдарламалары бойынша бюджет қаражатының жұмсалу бағытын нақтылайтын ақпаратты және республикалық бюджеттiң жобасына енгiзiлген шешiмдердi ашып көрсететiн түсiндiрме жазбаны ұсынады.
2. Республикалық бюджет ағымдағы қаржы жылының 1 желтоқсанынан кешiктiрiлмей, әуелi - Мәжiлiсте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы палаталардың бөлек отырысында бекiтiледi.
3. Егер Қазақстан Республикасының Парламентi ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейiн республикалық бюджет туралы заңды қабылдамаса, Қазақстан Республикасының Президентi кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржылық жоспар туралы жарлық шығаруға құқылы, ол республикалық бюджет туралы заңды Қазақстан Республикасының Парламентi бекiткенге дейiн қолданылады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржылық жоспар туралы жарлығының жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң оны iске асыру туралы қаулысының жобасын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
Кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары кезектi қаржы жылына арналған республикалық бюджет болжамының төрттен бiр бөлiгi көлемiнде ағымдағы жылдың 25 желтоқсанынан кешiктiрiлмей бекiтiледi.
Республикалық қаржы жоспарының атқарылуы осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары бекiтiлген жағдайда, осы қаржы жылына арналған республикалық бюджет сол жылғы 1 наурыздан кешiктiрiлмей бекiтiлуге тиiс.
Бұл ретте осы қаржы жылына арналған республикалық бюджет сол жылдың бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары ескерiле отырып бекiтiледi.
5. Республикалық бюджет туралы заң қосымшаларымен бiрге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдағы қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары туралы Жарлығы қосымшаларымен бiрге бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Ескерту. 74-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
75-бап. Жергiлiктi бюджеттiң жобасын қарау және бекiту
туралы жалпы ережелер
1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң жобасын тиiстi мәслихатқа ағымдағы қаржы жылының 15 қазанынан кешiктiрмей енгiзедi.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетiнiң жобасын тиiстi мәслихатқа ағымдағы қаржы жылының 1 қарашасынан кешiктiрмей енгiзедi.
Жергiлiктi атқарушы орган жергiлiктi бюджеттiң жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттарды және материалдарды:
1) өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын;
2) мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерiстер мен толықтырулар жобаларын;
2-1) стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi бюджеттiк бағдарламаларының жобаларын;
3) бюджеттiк бағдарламалардың бюджеттiк кiшi бағдарламалары бойынша бюджет қаражатының жұмсалу бағытын нақтылайтын ақпаратты және жергiлiктi бюджет жобасына енгiзiлген шешiмдердi ашып көрсететiн түсiндiрме жазбаны ұсынады.
2. Тиiстi мәслихаттар облыстық бюджеттiң, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiн Қазақстан Республикасының Президентi республикалық бюджет туралы заңға қол қойғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрмей бекiтедi.
Мәслихат ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджетiн облыстық бюджеттi бекiту туралы облыстық мәслихаттың шешiмiне қол қойылғаннан кейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрмей бекiтедi.
3. Егер мәслихат осы баптың 2-тармағында белгiленген мерзiмде жергiлiктi бюджет туралы шешiмдi қабылдамаған болса, тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органы кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары туралы қаулы шығарады, ол мәслихат жергiлiктi бюджеттi бекiткенге дейiн қолданылады. Кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары туралы жергiлiктi атқарушы орган қаулысының жобасын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
Кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары кезектi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет болжамының төрттен бiр бөлiгi көлемiнде ағымдағы жылдың 25 желтоқсанынан кешiктiрiлмей бекiтiледi.
Жергiлiктi қаржы жоспарының атқарылуы осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары бекiтiлген жағдайда, осы қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет сол жылдың 1 наурызынан кешiктiрiлмей бекiтiлуге тиiс.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары аудандық (қалалық) мәслихаттар аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерiн бекiту туралы шешiмдер қабылдағаннан кейiн күнтiзбелiк жетi күн iшiнде мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға және бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға бекiтiлген жергiлiктi бюджеттердiң негiзiнде жинақталған облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерiн, сондай-ақ жергiлiктi бюджеттерден қаржыландырылатын жоспарлы кезеңге арналған инвестициялық жобалардың тiзбесiн ұсынады.
6. Мәслихаттың жергiлiктi бюджет туралы шешiмi қосымшаларымен бiрге және кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары туралы жергiлiктi атқарушы органның қаулысы қосымшаларымен бiрге бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Ескерту. 75-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
76-бап. Өкiлдi органдардың бюджеттер жобаларын қарауының
негiзгi принциптерi
1. Өкiлдi органдар бюджеттердiң жобаларын қарау кезiнде мынадай принциптердi ұстанады:
1) негiздiлiк принципi;
2) бюджеттiң теңгерiмдiлiгiн сақтау принципi.
2. Негiздiлiк принципi депутаттардың бюджет жобасына өзгерiстер немесе толықтырулар енгiзу туралы кез келген ұсыныстары осы түзетулердi енгiзу, оларға тиiстi есеп-қисаптар қоса берiле отырып, олардың әлеуметтiк-экономикалық даму басымдықтарына сәйкестiгi және мемлекеттiк органдар қызметiнiң олардың стратегиялық жоспарларында көзделген мақсаттарын, мiндеттерiн және нәтижелерiнiң көрсеткiштерiн түзету жөнiндегi ұсыныстардың қажеттiгi жазбаша баяндалып берiлуге тиiс екендiгiн бiлдiредi.
3. Бюджеттiң теңгерiмдiлiгiн сақтау принципi депутаттар бюджет жобасына кез келген өзгерiс немесе толықтыру енгiзген кезде бюджет тапшылығының мөлшерiн бюджет жобасында белгiленгеннен асырмай сақтау үшiн түсiмдердiң қосымша көздерi не қысқартылатын шығыстар айқындалуға тиiс екендiгiн бiлдiредi.
77-бап. Республикалық бюджеттiң жобасын Қазақстан
Республикасының Парламентiнде қарау
Республикалық бюджет туралы заңның жобасын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсi мен Сенатының жалпы отырыстарында қарауға Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген адамның (адамдардың) республиканың әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы және республикалық бюджет туралы заңның жобасы бойынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкi Төрағасының ақша-кредит саясаты бойынша баяндамалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Палаталары уәкiлеттiк берген адамдардың заң жобасы бойынша қорытындыларымен коса баяндамалары кiредi.
Ескерту. 77-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
78-бап. Жергiлiктi бюджеттiң жобасын мәслихаттың тұрақты
комиссияларында қарау
1. Жергiлiктi бюджеттiң жобасы тиiстi мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады.
2. Тиiстi мәслихаттардың тұрақты комиссиялары комиссия мүшелерiнiң арасынан жұмыс топтарын құрады. Жұмыс топтарына жергiлiктi атқарушы органдардың өкiлдерi тартылуы мүмкiн.
3. Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарының пiкiрлерiн ескере отырып, тиiстi негiздемелермен және есеп-қисаптармен жергiлiктi бюджет жобасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi және оларды тиiстi мәслихат айқындаған тұрақты бас комиссияға жiбередi.
4. Тұрақты бас комиссия тұрақты комиссиялардың ұсыныстарын жинақтауды жүзеге асырады, ол мәслихаттың сессиясына шығарылады. Бұл ретте жинақтауға тиiстi негiздемелерi мен есеп-қисаптары бар ұсыныстар ғана енгiзiледi.
5. Тиiстi мәслихаттың сессиясында жергiлiктi бюджеттiң жобасын талқылауға тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк әкiмiнiң немесе жергiлiктi атқарушы орган уәкiлеттiк берген адамының (адамдарының) өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы, жергiлiктi бюджеттiң жобасы бойынша, сондай-ақ мәслихат уәкiлеттiк берген адамдарының жергiлiктi бюджеттiң жобасы бойынша қорытындысымен қоса баяндамалары кiредi.
Ескерту. 78-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
79-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi
атқарушы органдардың республикалық бюджет туралы
заңды және жергiлiктi бюджеттер туралы
мәслихаттардың шешiмдерiн iске асыру туралы
қаулылары
1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республикалық бюджет туралы заңды iске асыру туралы қаулысы Қазақстан Республикасының Президентi республикалық бюджет туралы заңға қол қойған күннен бастап бiр апта мерзiмде қабылданады.
Жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру туралы жергiлiктi атқарушы органның қаулысы мәслихат жергiлiктi бюджеттi бекiткеннен кейiн екi апта мерзiмде қабылданады.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың республикалық бюджет туралы заңды iске асыру және жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру туралы қаулыларының жобаларын тиiсiнше бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган немесе мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың республикалық бюджет туралы заңды iске асыру және жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру туралы қаулылары бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органға, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiне бюджеттiң уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету жөнiнде, жергiлiктi атқарушы органдарға жоғары тұрған бюджеттен бөлiнетiн нысаналы трансферттер мен кредиттердi пайдалану бөлiгiнде тапсырмаларды көздейдi.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республикалық бюджет туралы заңды iске асыру туралы қаулысына:
1) облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана арасында төмен тұрған бюджеттерге ағымдағы нысаналы трансферттер мен кредиттер бөлу;
1-1) Қазақстан Республикасының Үкiметi резервiнiң жалпы сомасын резерв түрлерi бойынша бөлу;
2) объектiлер бойынша бюджеттiк инвестицияларды, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша нысаналы даму трансферттерi мен кредиттердi қоса алғанда, жоспарлы кезеңге арналған басым республикалық бюджеттiк инвестициялардың тiзбесi;
РҚАО-ның ескертпесi!
2-1) тармақша 2011.07.01 бастап қолданысқа енгiзiледi.
2-1) аса маңызды және жедел iске асыруды талап ететiн мiндеттердi iске асыруға бағытталған, осы Кодекстiң 152 және 156-баптарында белгiленген жоспарлау сатыларынан өтпеген, бiрақ Республикалық бюджет комиссиясының оң ұсыныстары бар объектiлер бойынша жоспарлы кезеңге арналған инвестициялық жобаларды, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана бойынша нысаналы даму трансферттерi мен кредиттердi қоса алғанда, басым республикалық бюджеттiк инвестициялардың тiзбесi қоса берiледi.
Тиiстi құжаттама белгiленген мерзiмде ұсынылмаған жағдайларда бюджеттiк инвестициялар республикалық бюджеттi нақтылау немесе түзету кезiнде одан алып тасталады. Бұл ретте көрсетiлген бюджеттiк инвестицияларды iске асыруға көзделген сомалар бюджеттiк бағдарламалардың тиiстi әкiмшiсiнiң басқа бюджеттiк инвестициялары арасында қайта бөлiнуi мүмкiн;
3) объектiлер бойынша республикалық бюджеттен қоса қаржыландыруды қажет ететiн, жоспарлы кезеңге арналған концессиялық жобалардың тiзбесi;
4) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
5) республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi және мемлекеттiк тапсырмаларды орындауға жауапты заңды тұлғалар көрсетiлген мемлекеттiк тапсырмалар тiзбесi;
6) Қазақстан Республикасының Үкiметiне айқындау жүктелген, республикалық бюджет туралы заңды iске асыруға қажеттi басқа да деректер немесе көрсеткiштер қоса берiледi. P090565
Жергiлiктi атқарушы органдардың жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру туралы қаулысына:
1) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) арасында төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер мен кредиттер бөлу;
1-1) жергiлiктi атқарушы орган резервiнiң жалпы сомасын резерв түрлерi бойынша бөлу;
2) объектiлер бойынша инвестициялық жобаларды, сондай-ақ аудандар, облыстық маңызы бар қалалар бойынша нысаналы даму трансферттерiн қоса алғанда, жоспарлы кезеңге арналған басым жергiлiктi бюджеттiк инвестициялардың тiзбесi;
3) объектiлер бойынша жергiлiктi бюджеттен коса қаржыландыруды қажет ететiн, жоспарлы кезеңге арналған концессиялық жобалардың тiзбесi;
4) Алынып тасталды - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
5) жергiлiктi атқарушы органға айқындау жүктелген, мәслихаттың жергiлiктi бюджет туралы шешiмiн iске асыруға қажеттi басқа да деректер немесе көрсеткiштер қоса берiледi.
3. Республикалық бюджет нақтыланған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң республикалық бюджет туралы заңды iске асыру туралы қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы Қазақстан Республикасының Президентi республикалық бюджет туралы заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заңға қол қойған күннен бастап он күн iшiнде бекiтiледi.
Жергiлiктi бюджет нақтыланған жағдайда, мәслихаттың жергiлiктi бюджет туралы шешiмiн iске асыру туралы жергiлiктi атқарушы органның қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы жергiлiктi атқарушы органның қаулысы мәслихаттың жергiлiктi бюджет туралы шешiмiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы мәслихат шешiмi бекiтiлгеннен кейiн екi апта мерзiмде бекiтiледi.
Ескерту. 79-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
14-тарау. ТӨТЕНШЕ МЕМЛЕКЕТТIК БЮДЖЕТТI ӘЗIРЛЕУ,
ЕНГIЗУ НЕМЕСЕ ОНЫҢ ҚОЛДАНЫСЫН ТОҚТАТУ
80-бап. Төтенше мемлекеттiк бюджеттi әзiрлеу, енгiзу
немесе оның қолданысын тоқтату үшiн негiз
1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайын енгiзу немесе оның күшiн толық немесе iшiнара жою туралы жарлықтары төтенше мемлекеттiк бюджеттi әзiрлеу, енгiзу немесе оның қолданысын тоқтату үшiн негiз болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының бiрнеше өңiрiнiң аумағында бiр мезгiлде төтенше жағдайды енгiзу төтенше жағдайдың салдары республиканың ұлттық мүддесi мен экономикалық қауiпсiздiгiне нақты қатер төндiруi мүмкiн болған жағдайда ғана төтенше мемлекеттiк бюджеттi енгiзу үшiн негiз болып табылуы мүмкiн.
3. Төтенше мемлекеттiк бюджеттi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi және ол Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығымен бекiтiледi.
Ескерту. 80-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
81-бап. Төтенше мемлекеттiк бюджеттiң жобасын әзiрлеу
1. Алып тасталды - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
2. Қазақстан Республикасының Президентi төтенше немесе соғыс жағдайын енгiзген кезде тиiстi мемлекеттiк органдар бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға төтенше немесе соғыс жағдайының қолданылуы кезеңiнде жүзеге асырылатын iс-шараларды қаржыландыру жөнiндегi бюджеттiк өтiнiмдердi енгiзедi.
3. Бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган төтенше немесе соғыс жағдайының iс-шараларын қаржыландыруға арналған бюджеттiк бағдарламалардың тiзбесi мен көлемдерiн жасайды және оларды Республикалық бюджеттiк комиссияның қарауына енгiзедi.
4. Республикалық бюджеттiк комиссия осы баптың 3-тармағында көрсетiлген бюджеттiк бағдарламалардың тiзбелерi мен көлемдерiн мақұлдағаннан кейiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше мемлекеттiк бюджет туралы жарлығының жобасын жасайды. Төтенше мемлекеттiк бюджет туралы Қазақстан Республикасы Президентi жарлығының жобасына:
1) осы Кодексте белгiленген құрылым бойынша жасалатын төтенше мемлекеттiк бюджет;
2) төтенше мемлекеттiк бюджеттiң құрамына енгiзiлген және төтенше немесе соғыс жағдайының iс-шараларын қаржыландыруға арналған қажеттiлiктi ескере отырып, түзетiлген республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң көрсеткiштерi қоса берiледi.
5. Төтенше мемлекеттiк бюджет туралы Қазақстан Республикасы Президентi жарлығының жобасын Қазақстан Республикасының Үкiметi, егер Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше немесе соғыс жағдайын енгiзу туралы жарлығында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне енгiзедi.
Ескерту. 81-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
4-бөлiм. БЮДЖЕТТIҢ АТҚАРЫЛУЫ
15-тарау. БЮДЖЕТТIҢ АТҚАРЫЛУЫ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
82-бап. Бюджеттiң атқарылуы туралы жалпы ережелер
1. Бюджетке түсiмдердiң түсуiн, бюджеттiк бағдарламалардың (кiшi бағдарламалардың) iске асырылуын қамтамасыз ету, бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану) жөнiндегi iс-шаралар кешенiн орындау бюджеттiң атқарылуы болып табылады.
2. Республикалық бюджеттiң атқарылуын Қазақстан Республикасының Үкiметi қамтамасыз етедi.
3. Жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуын жергiлiктi атқарушы органдар қамтамасыз етедi.
4. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бюджеттiң атқарылуы саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды және оның iске асырылуын жүзеге асырады, өз құзыретi шегiнде республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, бекiтедi, республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң атқарылуы, бухгалтерлiк және бюджеттiк есепке алу, қаржылық және бюджеттiк есептiлiк саласындағы әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады.
5. Бюджеттiң атқарылуы ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталады.
6. Бюджеттiң атқарылуы республикалық бюджет туралы заңмен немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiмен бекiтiлген тиiстi қаржы жылына арналған бюджет қаражаты көлемiнiң шегiнде жүзеге асырылады.
Бюджеттiң атқарылуы кезiнде жоспарлы кезеңнiң екiншi және (немесе) үшiншi қаржы жылдарында көзделген бюджет қаражатын ағымдағы қаржы жылында пайдалануға жол берiлмейдi.
7. Бюджеттiң атқарылуын ұйымдастыру және бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң қызметiн үйлестiру бюджеттiң атқарылуы жөнiндегi тиiстi уәкiлеттi органға жүктеледi.
8. Бюджеттiң атқарылу рәсiмдерiн және оларға кассалық қызмет көрсетудi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
83-бап. Қазақстан Республикасының кейбiр заңдарының
ерекшелiктерiн ескере отырып, бюджеттiң атқарылуы
Бюджеттiң атқарылуын реттейтiн осы Кодекстiң ережелерi мемлекеттiк құпиялар, Қазақстан Республикасының Президентiн, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, мәслихаттардың депутаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау, жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру, елдiң сыртқы саяси қызметiн, қорғаныс қабiлетi мен ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген ерекшелiктердi ескере отырып қолданылады.
16-тарау. БЮДЖЕТТIҢ АТҚАРЫЛУ ПРОЦЕСI
84-бап. Бюджеттiң атқарылу негiзi болып табылатын құжаттар
Мыналар:
1) осы Кодекс;
2) республикалық бюджет туралы заң және жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмi;
3) республикалық қаржы жоспары туралы жарлық және жергiлiктi атқарушы органның кезектi қаржы жылының бiрiншi тоқсанына арналған жергiлiктi қаржы жоспары туралы қаулысы;
4) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның республикалық бюджет туралы заңды немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру туралы қаулылары;
5) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердi атқару барысында қабылдайтын шешiмi;
6) мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарлары;
7) нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келiсiмдер;
8) мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары;
9) бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландыру жоспарлары;
10) мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландырудың жеке жоспарлары;
11) осы Кодекске сәйкес бюджеттiң атқарылу тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық актiлер бюджеттiң атқарылу негiзi болып табылады.
85-бап. Мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық
жоспары, түсiмдердiң және төлемдер бойынша
қаржыландырудың жиынтық жоспары
1. Мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, республикалық және жергiлiктi бюджеттер бойынша түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасауды, бекiтудi және жүргiзудi бюджеттi атқару жөнiндегi тиiстi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
2. Мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi және бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының бюджеттiк бағдарламалары бойынша бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң оларға арналған бюджет қаражатының жылдық көлемi шегiнде ақшалай түрдегi мiндеттемелердiң ай сайынғы көлемiн айқындайтын, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердiң өздерi қабылдайтын мiндеттемелерi бойынша қаржыландыру жоспарлары негiзiнде жасалады.
3. Түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бюджет түсiмдерiнiң және төлемдер бойынша бюджеттiк бағдарламаларды қаржыландырудың теңгерiмделген ай сайынғы жоспарын айқындайтын құжат болып табылады.
Түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары теңгерiмделген болуға тиiс, ол жыл басынан бергi өспелi жиынымен айлар бойынша түсiмдерден шығыстардың асып кетуiне жол бермеудi бiлдiредi.
4. Түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары бюджет түсiмдерi сыныптамасының санаттары, сыныптары және кiшi сыныптары мен ерекшелiктерi бойынша жасалатын, бюджетке түсетiн түсiмдердiң жиынтық жоспарынан және функционалдық топтар, бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi және бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының бюджеттiк бағдарламалары бойынша жасалатын төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарынан тұрады.
Бюджетке түсетiн түсiмдердiң жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес бюджетке төленетiн төлемдер түсiмдерiнiң мерзiмiн, бюджетке өткен жылдары түскен төлемдер түсiмдерiнiң қарқынын, мемлекеттiк бағалы қағаздардың табыстылық қарқынын талдауды және бағалы қағаздар нарығындағы сұраныс пен ұсыныстар деңгейiн, кредиттiк шарттардың, қарыз шарттарының, байланысты гранттар туралы келiсiмдердiң талаптарын негiзге ала отырып, бюджет түсiмдерi сыныптамасының топтама кодтарының толық көлемi бойынша бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган жасайды.
Төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары оларға арналған бюджет қаражатының жылдық көлемi шегiнде бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң және оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердiң қабылдаған мiндеттемелердi орындау есебiне төлемдердi жүзеге асыру үшiн қажеттi жеке бюджетi қаражатының ай сайынғы көлемiн айқындайтын бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң төлемдерi бойынша қаржыландыру жоспарлары негiзiнде жасалады.
Мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының, түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының жылдық сомалары бюджеттiң бекiтiлген (нақтыланған) түсiмдерi мен шығыстарының сомаларына сәйкес болуға тиiс.
5. Мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларын бюджет шығыстарының функционалдық және экономикалық сыныптамасы жөнiндегi мемлекеттiк мекемелер әзiрлейдi және бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландыру жоспарларын бекiту және әзiрлеу үшiн бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiне берiледi.
6. Мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарлары бойынша шығыстардың жинақталған сомасы мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарларына сәйкес болуға тиiс.
7. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландыру жоспарларын бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамасы бойынша әзiрлейдi және бюджеттiк бағдарламалар деңгейiнде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi органға бередi.
Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi операциялық жоспарды уақтылы iске асыру мақсатында айлар бойынша жоспарлы тағайындауларды бөлудi қамтамасыз етедi.
8. Мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландыру жоспарлары, мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландырудың жеке жоспарлары жоспарлы кезеңнiң бiрiншi жылына арналып әзiрленедi және бекiтiледi.
9. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшелiктерi мен бюджеттiк бағдарламалардың кiшi бағдарламаларына қатысты және бюджеттiк бағдарлама бойынша шығыстардың жылдық және ай сайынғы көлемдерiн өзгертпейтiн мiндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына өзгерiстердi дербес енгiзедi. Бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiне қажеттi бюджеттiк бағдарлама бойынша шығыстардың ай сайынғы көлемдерiнiң өзгерiстерi бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган арқылы жүзеге асырылады.
Бюджеттiң атқарылуы барысында бюджет қаражатының үнемделуi пайда болған жағдайда бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi қаражатты бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның немесе мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi жергiлiктi уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша, осы Кодекстiң 157-бабы 5-тармағында белгiленген жағдайды қоспағанда, бiр бюджеттiк бағдарлама шегiнде бюджеттiк инвестициялық жобалар арасында тиiстi бюджет комиссиясында қарамастан, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындаған тәртiппен қайта бөлуге құқылы.
Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi мемлекеттiк мекемелердiң өтiнiмдерi бойынша мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларына өзгерiстер енгiзудi жүзеге асырады.
10. Мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, түсiмдердiң және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландыру жоспарларын, мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелерi мен төлемдерi бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларын жасау және жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 85-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |