Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi


-тарау. БЮДЖЕТТIҢ ТҮРЛЕРI МЕН ДЕҢГЕЙЛЕРI



бет2/17
Дата01.07.2016
өлшемі1.05 Mb.
#169862
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

2-тарау. БЮДЖЕТТIҢ ТҮРЛЕРI МЕН ДЕҢГЕЙЛЕРI

      6-бап. Бюджеттiң түрлерi мен деңгейлерi туралы жалпы


              ережелер

      1. Қазақстан Республикасында мынадай деңгейдегi бюджеттер: республикалық бюджет; облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерi; аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi бекiтiледi, атқарылады және дербес болып табылады.


      Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерi, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi жергiлiктi бюджеттерге жатады.
      2. Осы Кодексте белгiленген жағдайларда, Қазақстан Республикасында төтенше мемлекеттiк бюджет әзiрленуi, бекiтiлуi және атқарылуы мүмкiн.
      3. Қазақстан Республикасында талдамалы ақпарат ретiнде пайдаланылатын және бекiтуге жатпайтын мемлекеттiк және шоғырландырылған бюджет, облыстардың бюджетi жасалады.
      Мемлекеттiк бюджет өз араларында өзара өтелетiн операциялар ескерiлместен, республикалық және жергiлiктi бюджеттердi бiрiктiретiн, мемлекеттiң орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
      Шоғырландырылған бюджет өз араларында өзара өтелетiн операциялар ескерiлместен, республикалық бюджеттi, облыстардың бюджетiн республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiн және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына бағытталатын түсiмдердi бiрiктiретiн мемлекеттiң орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
      Облыс бюджетi өз араларында өзара өтелетiн операциялар ескерiлместен, облыстық бюджеттi, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджетiн бiрiктiретiн орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.

      7-бап. Республикалық бюджет

      1. Осы Кодексте айқындалған түсiмдер есебiнен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттiк органдардың, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттiк саясаттың жалпы республикалық бағыттарын iске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры республикалық бюджет болып табылады.
      2. Республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен бекiтiледi.

      8-бап. Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала,


              астана бюджеттерi

      1. Осы Кодекспен айқындалған түсiмдер есебiнен қалыптастырылатын және облыстық деңгейдегi, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi мемлекеттiк органдарының, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi мен функцияларын қаржылай қамтамасыз етуге және тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте мемлекеттiк саясатты iске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерi болып табылады.


      2. Облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерi тиiсiнше облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаттарының шешiмдерiмен бекiтiледi.

      9-бап. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi

      1. Осы Кодекспен айқындалған түсiмдер есебiнен қалыптастырылатын және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi мемлекеттiк органдарының, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттерi мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге және тиiстi ауданда (облыстық маңызы бар қалада) мемлекеттiк саясатты iске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi болып табылады.
      2. Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетi аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының шешiмiмен бекiтiледi.

      10-бап. Төтенше мемлекеттiк бюджет

      1. Төтенше мемлекеттiк бюджет республикалық және жергiлiктi бюджеттер негiзiнде қалыптастырылады және Қазақстан Республикасында төтенше немесе соғыс жағдайларында енгiзiледi.
      2. Төтенше мемлекеттiк бюджеттiң қабылдануы туралы Қазақстан Республикасының Парламентi дереу хабардар етiледi.
      3. Төтенше мемлекеттiк бюджеттiң қолданылу уақытында республикалық бюджет туралы заңның және барлық деңгейлердегi жергiлiктi бюджеттiң бюджеттерi туралы мәслихаттар шешiмдерiнiң қолданылуы тоқтатыла тұрады.
      4. Төтенше мемлекеттiк бюджет төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген мерзiм iшiнде қолданыста болады.
      Төтенше мемлекеттiк бюджеттiң қолданылуы тоқтатылысымен республикалық және жергiлiктi бюджеттердi нақтылау жүргiзiледi.

3-тарау. БЮДЖЕТ ҚҰРЫЛЫМЫ

      11-бап. Бюджет түсiмдерi



      1. Кiрiстер, бюджет кредиттерiн өтеу сомалары, мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түскен түсiмдер, қарыздар бюджеттiң түсiмдерi болып табылады.
      2. Салықтық, салықтық емес түсiмдер, негiзгi капиталды сатудан түскен түсiмдер, трансферттiк түсiмдер бюджет кiрiстерi болып табылады.
      3. Нысаналы трансферттердi қоспағанда, кiрiстер нысаналы мақсатқа ие болмайды. Кiрiстердiң жаңа түрлерiн енгiзу, қолданылып жүргендерiнiң күшiн жою немесе оларды өзгерту осы Кодекске мiндеттi түрде өзгерiстер немесе толықтырулар енгiзiле отырып жүзеге асырылады.
      4. Салықтық түсiмдер Қазақстан Республикасының Салық және  Кеден кодекстерiнде белгiленген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер болып табылады.
      5. Салықтық емес түсiмдер негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдерге жатпайтын, Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде, кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделгеннен басқа, осы Кодексте және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiнде белгiленген, бюджетке мiндеттi, қайтарымсыз төлемдер, байланысты гранттар, сондай-ақ трансферттерден басқа, бюджетке тегiн негiзде берiлетiн ақша болып табылады.
      6. Бюджетке:
      1) мемлекеттiк мекемелерге бекiтiлген мемлекеттiк мүлiктi сатудан;
      2) мемлекеттiк материалдық резервтен тауарлар сатудан;
      3) мемлекет меншiгiндегi жер учаскелерiн жеке меншiкке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден не Қазақстан Республикасының заңдарында немесе халықаралық шарттарда көзделген тәртiппен өзге де тәсiлмен өткiзуден;
      4) мемлекетке тиесiлi материалдық емес активтердi сатудан түсетiн ақша негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер болып табылады.
      7. Трансферттер түсiмдерi бюджеттiң бiр деңгейiнен басқасына, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетiн трансферттер түсiмдерi болып табылады.
      8. Бюджеттiк кредиттердi өтеу сомалары бюджеттен алынған кредиттер бойынша негiзгi борышты қайтаруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың төленген мемлекеттiк кепiлдiктер бойынша талаптарды қайтаруына байланысты бюджетке түсетiн түсiмдер болып табылады.
      9. Мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер заңды тұлғалардың, оның iшiнде мемлекеттiк меншiктегi халықаралық ұйымдардың, мүлiктiк кешен түрiндегi мемлекеттiк мекемелер мен мемлекеттiк кәсiпорындардың қатысу үлестерiн, бағалы қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргiзуiндегi өзге де мемлекеттiк мүлiктi сатудан бюджетке түсетiн түсiмдер.
      10. Қарыздар мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруға және (немесе) қарыз шарттарын жасасуға байланысты бюджетке ақша түсiмдерi болып табылады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2010.06.30 N 297-IV (2010.07.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      12-бап. Бюджет шығыстары

      1. Шығындар, бюджет кредиттерi, қаржы активтерiн сатып алу, қарыздарды өтеу бюджеттiң шығыстары болып табылады.
      2. Шығындар қайтарымсыз негiзде бөлiнетiн бюджет қаражаты болып табылады.
      3. Бюджеттiк кредиттер бюджеттен қайтарымды, жедел және ақылы негiзде бөлiнетiн ақша болып табылады.
      4. Қаржы активтерiн сатып алу заңды тұлғалардың, оның iшiнде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерiн және бағалы қағаздарын мемлекеттiк меншiкке сатып алуға бағытталған бюджет қаражаты болып табылады.
      5. Қарыздарды өтеу Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттiк сыртқы қарыздар туралы, сондай-ақ iшкi қарыздар бойынша халықаралық шарттарға сәйкес негiзгi борышты өтеуге бағытталған бюджет қаражаты болып табылады.

      13-бап. Бюджет құрылымы

      1. Бюджет құрылымы мынадай бөлiмдерден тұрады:
      1) кiрiстер:
      салықтық түсiмдер;
      салықтық емес түсiмдер;
      негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер;
      трансферттер түсiмi;
      2) шығындар;
      3) таза бюджеттiк кредиттеу:
      бюджеттiк кредиттер;
      бюджеттiк кредиттердi өтеу;
      4) қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдо:
      қаржы активтерiн сатып алу;
      мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер;
      5) бюджет тапшылығы (профицитi);
      6) бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитiн пайдалану):
      қарыздар түсiмi;
      қарыздарды өтеу;
      бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары.

      14-бап. Республикалық бюджеттiң мұнайға қатысты емес


               тапшылығы (профицитi)

      1. Қарыздарды өтеудi қоспағанда, республикалық бюджет шығыстарын шегергендегi республикалық бюджеттiң мұнайға қатысты емес тапшылығы (профицитi), қарыздар түсiмдерi мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының кепiлдендiрiлген трансфертiнiң түсiмдерiн есептемегенде, республикалық бюджет түсiмдерiнiң сомасына тең.


      2. Мұнайға қатысты емес тапшылық бекiтiлмейдi және талдамалық мақсатта пайдаланылады. Бюджет шығыстарының мұнайға қатысты емес түсiмдерден тәуелдiлiгiн төмендету үшiн экономиканың мұнайға қатысты емес секторын нысаналы дамыту есебiнен ұзақ мерзiмдi кезеңде мұнайға қатысты емес тапшылық мөлшерi кемiтiлуге тиiс.
      Ескерту. 14-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      15-бап. Таза бюджеттiк кредиттеу

      Таза бюджеттiк кредиттеу бюджеттiк кредиттердiң және бюджеттiк кредиттердi өтеудiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      16-бап. Қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдо

      1. Қаржы активтерiмен операцияларға:
      1) қаржы активтерiн сатып алу;
      2) мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер кiредi.
      2. Қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдо қаржы активтерiн сатып алу және мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      3. Қаржы активтерiн сатып алу және мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.

      17-бап. Бюджет тапшылығы (профицитi)

      Бюджет тапшылығы (профицитi) кiрiстер мен шығындар, таза бюджеттiк кредиттеу және қаржы активтерiмен операциялар бойынша сальдо арасындағы айырмаға тең.
      Терiс белгiсiмен алынған шама - бюджет тапшылығы, оң белгiмен алынғаны - бюджет профицитi болып табылады.

       18-бап. Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитiн


               пайдалану)

      1. Бюджет тапшылығын қаржыландыру қарыз алу және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары есебiнен бюджет тапшылығын жабу жолымен қамтамасыз етiледi.


      Бюджет тапшылығын қаржыландыру көлемi алынған қарыздар, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасының қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеу сомасынан асып түсуi ретiнде айқындалады.
      Бюджет тапшылығын қаржыландыру мәнi оң белгiмен белгiленедi және бюджет тапшылығының шамасына сәйкес келедi.
      2. Бюджет профицитiн пайдалану қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеуге бюджет профицитiн, қарыздар қаражатын, бюджеттiң пайдаланылатын қаражаты қалдықтарын жұмсау жолымен жүзеге асырылады.
      Бюджет профицитiн пайдалану көлемi қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеу сомасының алынған қарыздар және бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары сомасынан асып түсуi ретiнде айқындалады.
      Бюджет профицитiн пайдалану мәнi терiс белгiмен белгiленедi және бюджет профицитiнiң шамасына сәйкес келедi.

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКIМЕТI МЕН
ЖЕРГIЛIКТI АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ РЕЗЕРВТЕРI

      19-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi


               атқарушы органдардың резервтерi туралы жалпы
               ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерi республикалық және жергiлiктi бюджеттердi әзiрлеу кезiнде жоспарланбаған шығындарды, олардың тосындығына және ағымдағы қаржы жылында шұғыл қаржыландыруды талап ететiндiгiне байланысты қаржыландыру үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттер құрамында құрылады.


      2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң резервiне:
      1) төтенше резерв;
      2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
      3) соттардың шешiмдерi бойынша мiндеттемелердi орындауға арналған резерв;
      4) облыстық бюджеттердiң, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнiң қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерв кiредi.
      3. Облыстық деңгейдегi атқарушы органдардың резервiне:
      1) төтенше резерв;
      2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
      3) соттардың шешiмдерi бойынша мiндеттемелердi орындауға арналған резерв;
      4) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерiнiң қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резервтi қамтиды.
      4. Аудандық деңгейдегi атқарушы органдардың резервiне:
      1) төтенше резерв;
      2) шұғыл шығындарға арналған резерв;
      3) соттардың шешiмдерi бойынша мiндеттемелердi орындауға арналған резерв кiредi.
      5. Қазақстан Республикасы Үкiметi резервiнiң жалпы көлемi республикалық бюджет туралы заңмен белгiленедi.
      Жергiлiктi атқарушы орган резервiнiң жалпы көлемi трансферттер мен қарыздарды есептемегенде, тиiстi жергiлiктi бюджет түсiмдерi көлемiнiң екi процентiнен аспауға тиiс.
      6. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерiнен ақша бөлу қаржы жылы аяқталғаннан кейiн күшiн жоятын, тиiсiнше Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың қаулыларымен ағымдағы қаржы жылына республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерде бекiтiлген көлемдер шегiнде жүзеге асырылады.
      Бiр қаржы жылынан астам iске асыру мерзiмiмен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың, сондай-ақ адам өмiрiнiң саяси, экономикалық және әлеуметтiк тұрақтылығына және олардың денсаулығына қауiп төндiретiн жағдайлардың зардаптарын жоюға байланысты авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын және өзге де iс-шараларды жүргiзу үшiн шығындардың жалпы сомасы айқындала отырып және ағымдағы қаржы жылының сомалары және Қазақстан Республикасының Үкiметi кейiнгi қаржы жылдарында қосымша шешiм қабылдайтын сомалар көрсетiле отырып, Үкiметтiң резервiнен қаражат бөлiнедi.
      Резерв түрлерiнiң бiрiне көзделген қаражат жеткiлiксiз болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның резервтерi қаражатының жалпы көлемiн қайта бөлу арқылы тиiстi резервтiң жоспарлы мақсаттылығын ұлғайтады.
      7. Алынып тасталды - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      Ескерту. 19-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      20-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi


               атқарушы органдардың резервтерiн пайдалану

      1. Төтенше резерв Қазақстан Республикасының аумағындағы табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында және Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге ресми гуманитарлық көмек көрсетуiне пайдаланылады.


      2. Шұғыл шығындарға арналған резерв Қазақстан Республикасының немесе оның әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгiнiң саяси, экономикалық және әлеуметтiк тұрақтылығына, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайларды жою мақсатында пайдаланылады. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шұғыл шығындарына арналған резервi сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiмен айқындалатын өзге де күтiлмеген шығындарға пайдаланылуы мүмкiн.
      3. Соттардың шешiмдерi бойынша мiндеттемелердi орындау резервi соттардың шешiмдерi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, орталық мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, жергiлiктi атқарушы органдардың мiндеттемелерiн орындауға пайдаланылады. 
      4. Кезектi қаржы жылында облыстық бюджетте, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерiнде қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, кезектi қаржы жылына республикалық бюджетте олардың бюджеттерiн кредиттеу үшiн резерв көзделедi.
      Келесi қаржы жылында бюджеттерiнде қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттерiн кредиттеу үшiн кезектi қаржы жылына облыстық бюджетте резерв көзделедi.
      Кезектi қаржы жылында қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда, қаржы жылы шегiнде алты айға дейiнгi мерзiмге қарыз беру жүзеге асырылуы мүмкiн және республикалық немесе жергiлiктi бюджеттi нақтылау қажет етiлмейдi.
      5. Резерв құрамында көзделген ақша толық көлемiнде пайдаланылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Парламентiне немесе тиiстi мәслихатқа республикалық бюджет туралы заңға немесе жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган резервтерiнiң мөлшерiн ұлғайту туралы ұсыныстар енгiзедi.
      6. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның резервiнен бөлiнген ақша қаржы жылы iшiнде пайдаланылмаған немесе iшiнара пайдаланылған жағдайда, бюджет бағдарламасының әкiмшiсi бөлiнген ақшаның пайдаланылмаған бөлiгiн ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына дейiн тиiстi бюджетке қайтаруды қамтамасыз етедi.
      7. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың резервтерiн пайдалану тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
      Ескерту. 20-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

5-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ
ҚОРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ, ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

      21-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры

      1. Материалдық емес активтердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегi шотында шоғырландырылатын қаржы активтерi түрiндегi, сондай-ақ, өзге де мүлiк түрiндегi мемлекет активтерi болып табылады.
      2. Материалдық емес активтердi, экономиканың мұнай секторына тәуелдiлiгiн және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын төмендетудi қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры қаржы активтерiн және өзге де мүлiктердi жинақтау жолымен мемлекеттiң  әлеуметтiк-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге арналған.
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады.
      Материалдық емес активтердi және тәуекелдiң қалыпты деңгейiнде ұзақ мерзiмдi перспективада Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры активтерiнiң кiрiстiлiгiн қоспағанда, жинақтау функциясы қаржы активтерi мен өзге де мүлiктiң жинақталуын қамтамасыз етедi.
      Тұрақтандыру функциясы Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры активтерi өтiмдiлiгiнiң жеткiлiктi деңгейiн ұстап тұруға арналған.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының тұрақтандыру функциясын жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын бiр бөлiгi кепiлдiк берiлген трансферттi қамтамасыз етуге қажеттi мөлшерде айқындалады.
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану әлемдiк, iшкi тауар және қаржы нарықтарының конъюнктурасы, мемлекеттегi және шет елдердегi экономикалық жағдай, бұл ретте макроэкономикалық және фискалдық тұрақтылық сақтала отырып және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi сақталынып, республиканың әлеуметтiк-экономикалық даму басымдықтары ескерiле отырып айқындалады.
      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi, сондай-ақ оны пайдаланудың көлемдерi мен бағыттары бойынша шешiмдердi Қазақстан Республикасының Президентi қабылдайды.
      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсiмi және жұмсалуы ұлттық және шетелдiк валюталармен жүргiзiледi.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының операциялары бойынша есепке алу мен есептiлiк ұлттық валютамен жүзеге асырылады.
      7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi арасында жасалатын сенiмгерлiк басқару туралы шарт негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқаруды жүзеге асырады.
      Сенiмгерлiк басқару туралы шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiк басқару нәтижелерi бойынша жылдық қаржылық есептiлiктi жасауды жүзеге асырады.
      Ескерту. 21-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      22-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын


               қалыптастыру көздерi

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру көздерi:


      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсiмдер;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетiн инвестициялық кiрiстер;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсiмдер мен кiрiстер болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсiмдер:
      1) мұнай секторы ұйымдарының тiкелей салықтарынан (жергiлiктi бюджеттерге есептелетiн салықтарды қоспағанда) тұрады, оларға:
      корпоративтiк табыс салығы, үстеме пайда салығы;
      пайдалы қазбаларды өндiру салығы, бонустар, өнiмдi бөлу жөнiндегi үлестер;
      экспортқа рента салығы;
      өнiмдi бөлу туралы келiсiмшарт бойынша қызметтi жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемi жатады;
      2) мұнай секторы ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетiн басқа да түсiмдерден (жергiлiктi бюджеттерге есептелетiн түсiмдердi қоспағанда), соның iшiнде мұнай келiсiмшарттары талаптарының бұзылғаны үшiн түсiмдерден (жергiлiктi бюджеттерге есептелетiн түсiмдердi қоспағанда);
      3) республикалық меншiктегi және тау-кен өндiру және өңдеу салаларына жататын мемлекеттiк мүлiктi жекешелендiруден түсетiн түсiмдерден;
      4) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатудан түсетiн түсiмдерден тұрады.
      3. Шикi мұнайды, газ конденсатын өндiрумен және (немесе) өткiзумен айналысатын, сондай-ақ шикi мұнай, газ конденсатын барлауға келiсiмшарттар жасасқан заңды тұлғалар мұнай секторы ұйымдарына жатады.
      Кезектi қаржы жылына мұнай секторы ұйымдарының тiзбесiн ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган және мұнай операцияларын жүргiзу, келiсiмшарттар жасасу және орындау саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган бiрлесiп бекiтедi.
      4. Материалдық емес активтердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетiн инвестициялық кiрiстер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қаржы құралдарына орналастырудан құралады.

      23-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан түсетiн республикалық бюджетке кепiлдi трансферт түрiнде;
      2) алып тасталды - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқаруға және жыл сайын аудит өткiзуге байланысты шығыстарды жабуға жұмсалады.
      2. Материалдық емес активтердi қоспағанда:
      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сақталуын;
      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жеткiлiктi өтiмдiлiк деңгейiн ұстап тұруды;
      3) тәуекел деңгейi қалыпты болған кезде ұзақ мерзiмдi перспективада Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры кiрiстiлiгiнiң жоғары деңгейiн;
      4) ұзақ мерзiмдi перспективада инвестициялық кiрiстер алуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры рұқсат етiлген қаржы құралдарына орналастырылады.
      3. Материалдық емес активтердi қоспағанда, рұқсат етiлген қаржы құралдарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын Басқару жөнiндегi кеңестiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесiп айқындайды.
      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры жеке және заңды тұлғаларды кредиттеуге және мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету ретiнде пайдаланыла алмайды.
      5. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына активтердi есептеу және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану тәртiбiн айқындайды.
      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетiн немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алынатын активтер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен айырбастауға немесе қайта айырбастауға жатады.
      Ескерту. 23-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      24-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан


               республикалық бюджетке түсетiн кепiлдiк берiлген
               трансферт

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетiн қайтарымсыз түсiмдер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепiлдiк берiлген трансферт болып табылады.


      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепiлдiк берiлген трансферт мөлшерi абсолюттiк тiркелген мәнде айқындалады және Қазақстан Республикасының заңымен бекiтiледi.
      3. Есептi қаржы жылы iшiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке аударылмаған кепiлдiк берiлген трансферт сомасын Республикалық бюджет комиссиясының ұсынысы бойынша және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тәртiпке сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бюджеттi түзету арқылы азаматтық-құқықтық мәмiлелерi осы Кодекстiң 96-бабының 5-тармағына сәйкес жасалған тиiстi бюджеттiк бағдарламалар бойынша төленбеген тiркелген мiндеттемелер сомасынан аспайтын көлемде өткен қаржы жылының республикалық бюджетiнде бекiтiлген ағымдағы бюджеттiк бағдарламалар мен бюджеттiк даму бағдарламаларын қаржыландыру үшiн ағымдағы қаржы жылында пайдалануға құқығы бар.
      4. Есептi қаржы жылы үшiн республикалық бюджетке Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан аударылмаған кепiлдiк берiлген трансферт сомаларын тарту өткен қаржы жылының ағымдағы бюджеттiк бағдарламалары, бюджеттiк даму бағдарламалары бойынша тiркелген мiндеттемелердiң төленбеген бөлiгiнiң және қаржы жылының басындағы бюджеттiк қаражаттар қалдықтары айырмасының сомасында жүзеге асырылады.
      Ескерту. 24-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      25-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару


               жөнiндегi кеңес

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi кеңес материалдық емес активтердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын тиiмдi пайдалану және оны қаржы құралдарына орналастыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейтiн, Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы консультациялық-кеңесшi органы болып табылады.


      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi Кеңестiң функциялары:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану көлемдерi мен бағыттары жөнiндегi ұсыныстарды қарау және әзiрлеу;
      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын орналастыру үшiн, материалдық емес активтердi қоспағанда, рұқсат етiлген қаржы құралдарының тiзбесi жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөнiндегi Кеңестi құру туралы шешiмдi, оның құрамын және ол туралы ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет