Темір (II) сульфатымен реакция
Балық майының 1-2 тамшысына немесе 0,05%-дық А дәруменінің хлороформдағы ерітіндісі мен 5-10 тамшы темір (II) сульфатымен қанықтырылған мұзды сірке қышқылын және 1-2 тамшы концентрленген күкірт қышқылын қосады. Біртіндеп қызғылт-қызыл түске өтетін көгілдір түс пайда болады. Каротиндер бұл реакцияда жасылдау түс береді.
Күкірт қышқылымен реакция (Друммонд реакциясы)
1 тамшы балық майын 4-5 тамшы хлороформда ерітіп, оған 1 тамшы концентрленген күкірт қышқылын қосады. Тез қоңыр-қызыл түске өтетін көгілдір түс пайда болады.
Келтірілген реакцияның негізінде күкірт қышқылының А дәруменінен түсті реакция өнімдерін түзе отырып суды тартып алуға қабілеттілігі жатыр.
D ДӘРУМЕНІ (АНТИРАХИТТІК КАЛЬЦИФЕРОЛ)
D ТОБЫНЫҢ ДӘРУМЕНДЕРІНЕ САПАЛЫҚ РЕАКЦИЯЛАР
Құрал-жабдықтар, реактивтер. 1 мл-лік тамшуырлар (4 дана); сынауықтарымен штатив; балық майы; анилин; бромның хлороформдағы ерітіндісі (1:60); тұз қышқылы (конц.).
Анилинмен реакция
Құрғақ сынауыққа 1 мл балық майын және 1 мл анилин мен концентрленген тұз қышқылының (15:1) қоспасын құяды, араластырады, қайнағанша үнемі араластыра отырып жайлап қыздырады, 0,5 мин қайнатады. D дәрумені бар болса, сары эмульсия алғашында жасыл, кейін қызыл болады. 1-2 мин кейін эмульсия екі қабатқа бөлінеді, олардың төменгісі қаныққан қызыл түске боялады.
Бромхлороформдық сынама
Құрғақ сынауыққа 1 мл балық майын және 1 мл бромның хлороформдағы ерітіндісін (1: 60) құяды. D дәрумені бар болса, жасылдау-көгілдір түс пайда болады.
Е ДӘРУМЕНІ (КӨБЕЮДІҢ АНТИСТЕРИЛЬДІ ДӘРУМЕНІ, ТОКОФЕРОЛ)
Е ДӘРУМЕНІНЕ САПАЛЫҚ РЕАКЦИЯЛАР
Құрал-жабдықтар, реактивтер. Сынауықтарымен зертханалық штатив; 96%-дық спирттегі 0,1%-дық α-токоферол; азот қышқылы (конц.); темір (III) хлориді.
Концентрленген азот қышқылымен реакция
Құрғақ сынауыққа 4-5 тамшы α-токоферолдың 0,1%-дық спирттік ерітіндісін алып, 10 тамшы концентрленген азот қышқылын тамызады да, сынауықтың ішіндегіні шайқайды. Эмульсия түзіледі, ол біртіндеп қабаттарға бөлінеді: жоғарғы май қабаты қызыл түске боялады. Боялу α-токоферолдың қызыл немесе сарғылт-қызыл түсті α-токоферилхинонға тотығуы себепті болады.
Достарыңызбен бөлісу: |