Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет5/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

17
Отыз бірдеңе жыл бойы бітпеген неткен жұмыс дерсіз. Жүз жылда бітпейтін, бір кісі емес, жүз кісі, әлденеше ұрпақтың ғұмыры жетпейтін жұмыстар бар. Әлбетте мына мен – өзім ойлағандай үлкен дарын болмасам керек. Болғам, алғашқы жазу, ізденіс жобаларыма қарағанда. Содан соң... сірә, құлай сүйіп, шын ғашық болған баяғы қалыңдығымнан қапияда айрылған күйік әсері ме, әлде басқадай, кездейсоқ, көлденең кесел соқты ма, бір басым екіге жарылғандай, жарты ес, жарты күш, жарты жүйке, жарым жан... жағдайды айқын сезінген едім. Рас, ақыл, парасатым кемімеген, білім-танымым да сол қалпында сияқты. Ал өмірге ынта, еңбекке құштарлық – талап пен жігер ортаймаған, мүлде жоққа сайған сияқты. Немқұрайды салқындық желкемнен тартып, кеудемді одан әрі басып тұрады. Жұрттың бәрі менен артық сияқты. Мен бәрінен қор, бәрінен төмен сияқтымын. Ең ақыры, тобығыма жетпейтін шалағай дүмшенің өзі менен көп білетіндей көрінеді. Артық болмаса да, көп білмесе де, көзеген мақсатына менен бұрын жететіндей. Баяғыдай арындап, асқақтап емес, қорғаншақтап, именшектеп тұрам. Әйтеуір әуелгі бір берік бағдар, айнымас мұрат – халқымның бір кәдесіне жарасам деген ұлтшылдық сана ғана сол қалпында. Мені сүйреген, еңбекке еріксіз жеккен де осы, туа біткен, жүре бекіген ұлттық сезім болса керек. Сонымен қатар, "жыланды үш кессе, кесірткелік халі бар" дегендей, кесілдім бе, кемідім бе, әлде әуелден барым сол ма, қайткенде де мүлде қабілетсіз бозөкпе болмасам керек. Әйтеуір, аршындап ұтпасам да, тасбақаша тырбанып, ең бастысы – көлденең шаруа, пайдасыз істен бас тартып, бір бағытта еңбек етіп келем. Менің алдымнан шыққан ең үлкен бөгесін – зерттеудің қиындығы, ғылымның күрделі, жұмбақ болмысы емес. Балшабектік жүйе, тоталитарлық тәртіп. Сырттай қарағанда, мен сияқты бәкене кісі үшін тым үлкен сөз көрінуі мүмкін. Шындығында, советтік замандағы әрбір адам – атақты академик, даңқты жазушыдан – қатардағы студент, ең соңғы қойшы, кәсіпсіз жұмыскерге дейін арнайы бақылау астында болды ғой. Әрқилы деңгейдегі партия комитеті, ашық кеңістік, барлық қуысты толтырған КГБ, үлкенді-кішілі басқару орындарынан кәдімгі, бейкүнә кейіпті кәсіподаққа дейінгі құрылым атаулы кез келген екі аяқты тірі пенденің әрбір қадамын бағып отырды. Айрықша ықылас – қаламгерлер қауымына тиесілі болатын. Олардан өткен құрметті күзетте – тарихшылар. Жазушылардың әрқайсысының жеке басы күмән туғызса, тарихшылар – бүкіл ғылымы, бағыт-бағдар, барлық ісімен. Тұлпар ма, тұғыр ма, жазушы атаулы өз бетімен жамырап, әрқайсысы жеке-дара кетеді. Ал тарихшылар белгілі бір қызметке, яғни күнкөріс, жұмыс орнына байланған, оның өзінде үйірімен. Нені зерттеу, қалай зерттеу, нені айтып, қайсысын қайтіп жазу – күнібұрын белгіленген. Бұра тартуға, тіпті, сара жолдан аз-маз ауытқуға ешқандай мүмкіндік жоқ. Өзінше толғаған, яғни ғылыми тарих, ақиқат шындыққа ұмтылған ерлердің, тіпті, ер де емес, әдепкі адалдың көретін күні белгілі. Алдыңғы ағалардың айқын мысалы бар. Ол – басқа заман еді деседі. Айырмасы сырт көзге ғана. Ендігі қапас – торлы терезе, темір есікті түрме, биік дуал, тікенек қоршаулы лагерь емес, тарихты зерттеу мекемелерінің өзі. Азғана ақшаңды ал да, адал наныңды жеп, аузыңды ашпай, тыныш отыр. Неге десеңіз, советтік отарлық идеологияның ең негізгі тұрғыларының бірі – кіріптар халықта ата тарих болуға тиіс емес деген қағида. Бұл айнымас ережені жүзеге асырудың ең төте жолы – өткен заманның өзін жоқ деп жариялау, бұл тарапта қандай тұрғыдағы болмасын зерттеу атаулының өрісін қию. Алда-жалда өткенге үңіле қалсаңыз, отарлық идеологияны насихаттау бағытында ғана жұмыс жасауға тиіссіз. Соның өзінде, қалай жағынсаң да, көлденең бір кінарат шықпай тұрмайды. Мәселеге сырттай қарағанда, менің мансұқ болған ескімен жалғас жаңа тақырыбым өте ұтымды көрінген. Орыс және қазақ халықтарының бүгінгі бауырластығы мен мәңгілік одағының түпкі тамырларын айғақтау. Киев Русі болды – түрік текті пешенектер. Оған тетелес орыс кінәздіктері – половецтер, яғни біздің қыпшақтар. Рас, бұлар өзара жауласып тұрды. Бірақ өткен тарихта жауласпаған халық бар ма. Славян-қыпшақ соғыстары Киев, Черниговтан Владимир, Рязаньға дейінгі аралықтағы орыс кінәздіктерінің өзара шапқынынан ауыр болмаған. Керісінше, бейбіт қатынас – байыпты, түбегейлі. Алыс беріс, сауда-саттық, құданда-жекжаттық, әскери одақтастық. Орман мен Дала тарихы астасып жатыр. Әрине, дәл бүгінгідей емес. Өзара дербестік, ұтымды бірлестік, қажетті келісім, тепе-теңдік жағдайда. Екі жақ үшін де пайдалы, зиянды сыпаттарымен. Қайткенде де бұлтартпас ақиқат, нақты деректерге негізделген тарихи шындық. Осы, негізінен орыс тарихнамасынан алынған күмәнсіз дерек, даусыз ақиқатты айқындадық. Сол айқындықты әйгілеу үшін, тең жарымын тәрік етіп, ақыры ұзақ талқы, үлкен қиындықпен қорғалған еңбекті кітап етіп шығаруға талап жасадым. Ғылыми кеңестің мақұл ұсынысымен осы Академияның өзінің баспасында, ол кез үшін шағын таралым – бес мың данамен. Онсыз да күзеліп, шұнтиған жұмыс, енді баспаның арнайы редакторы, одан соң жабық рецензия мен жалпы талқыға сүйенген редакциялық Кеңес тас-талқан етіп, кітап болып түптеліп шыққанға дейін тағы бірталай нәрінен айырды. Нақты деректердің өзін сол қалпында бере салуға болмайды екен. Буржуазиялық объективизм аталады. Яғни, зиянды, советтік ғылымға жат тәсіл. Сен өткен тарихтағы болмысты нақты құжат, архив куәлігі, замана айғақтары негізінде дәлме-дәл қалыптап көрсеткен, тіпті, таратып айтып, дәйектеп жазбасаң да, осы, талғамай, таңдамай, маркстік-лениндік көзқарас тұрғысынан іріктеп, сын елегінен сүзбей, сол қалпында келтірген деректерден жаңылыс қана емес, теріс, зиянды, яғни жетекші идеологияға қайшы қорытындылар шығып кетуі мүмкін, сондықтан советтік тарих ғылымында тексерістен өткен, қабылданған, бекіген көзқарасқа сәйкес дәйек, түйіндерді ғана аламыз. Тіпті, әлгі, айрықша қажетті, немесе тұздықты, қайткенде де әлдеқалай қыстырылған дерек, куәлігіңіз қалай тартса да, шығатын қорытынды, ақырғы тұжырым қажетті арнадан табылуы шарт. Тағы да екшедік, қатқыл көрінген байламдарды жұмсарттық, "жаңсақ" қорытындыларды қысқартып, тиімсіз, артық-ауыс мағлұматтарды түгел жұлып тастадық – ақыры, тағы бір жылдан астам созбұйдаға түскен азап, қидалана кесілген қорлықтан соң оннан бір нұсқасы қалған талайсыз кітабым да басылып шықты. "Ежелгі орыс елі және көне қыпшақтар – XI-XII ғасыр." Төлбасы, жалғыз данасы қолыма тиген күні таң атқанша ақтарыстап, ішім удай ашып отырғаным әлі есімде. Зерттеудің өзі жоқ, көлеңкесі ғана. Екі жүз елу бет – бастан-аяқ... өтірік емес, сыңаржақ. Қыпшақтың бар ісі теріс, орыстың бар ісі оң. Қыпшақ шабады – басқыншылық, озбырлық, орыс шабады – қорғаныс, болашақ ұрпақ қамы. Және үнемі қыпшақ жеңіліп, орыс жеңіп отырады. Қыпшаққа қатысты оңтайлы, әділ деректер түгел қысқарып қалған соң олай болмағанда қайтсін. Ең ақыры, қыпшақ тілі мен мәдениетіне қатысты тарауға дейін, қазаққа тым ұқсап кетіпті деген айыппен кітаптан ажыраған. Яғни, тілі де, мәдениеті де болмаған мақұлық. Жабайы, дүлей. Сол қорқау, тұрпайы түйсікпен, мәдениеті жоғары, текті жұртқа қастандықтан басқаны ойламаған. Ақыры, артында із қалдырмай, тұқым тұяғымен құрып кеткен. Әрине, ондай байлам, мұндай сөздер менде жоқ, бірақ кітапты оқып шыққан кез келген кісі осы қорытындыға келер еді. Нәтижесінде, бар жазуым өзімдікі емес, өзге болып кетті. Әйтеуір кітап шығарған аты ғана. Ақыры, өзімді өзім жұбаттым. Қайткенде де тасқа басылған еңбек қой, кітап атаулының жөні бөлек, әрі тың тақырыпқа арналған, әжептәуір көлемді монография; уақыт оза келе, кетігін бүтіндеп, кемісін толтырып, әуелгі қалпында, тіпті, одан әрмен жетілдіріп, қайыра бастырудың сәті түсер. Қанша қомсынсам да, сырты дүр, келешек жұмыстарға, бұдан да үлкен еңбекке баспалдақ, ғылыми дәрежеге себепкер болар. Мүлде жарық көрмей қалса қайтер едім, осыған да тәуба дедім. Әйткенмен, жүрегім түйіртпек, көңілім қоңылтақ еді.

Сөйтсем, мен тойып секірген екем. Арада үш күн өтті-өтпеді, – ойбай-аттан шықты. Компартияның Орталық Комитетінің тура өзінен. Бұл кезде бізді бастаушы, бағыттаушы мекеменің бұрынғы идеологиялық көсемі, дарақы белсенді Нұрқан Жангелдин қызметінен шеттеп, оның орнына амалды, айлалы Нұрмаш Саттаров келген. Кейінірек, мен өзім онша тәуір көрмейтін, бірақ баз-базында тура айтып қалатын бір әдебиетші жазғандай, Мәскеудегі Сұр кардинал, көтерем арық Сусловтың рабайсыз жуандаған қара көлеңкесі – Қоңыр кардинал. Бұдан соңғы, бізге тиесілі, тиесілі емес, бақылаушы қожайын – Орталық Комитеттің мәдениет және ғылым бөліміне басшы болып, орыс есімді қара қазақ, ақылы мен зұлымдығы астас Иван Мокеевич Есенғалиев келген. Осы екі сабаз тығыз жұптаса отырып, қазақ руханиятын ескіліктің қалдығынан тазартуға кірісті. Бұл кезде, мана айтсам керек, бүкіл Советтік кеңістікте заман біршама түзік, тіпті, қарайлас, қатарлас ұлттық республикалардың бәрінде жағдай қалыпты, бейбіт. Озығы өткенін оңдап жатыр, қалығының өзі қолдағысын берік ұстап отыр. Тек біз ғана. Кері бағытқа түскен. Негізі – жері бай, елі иесіз қазақты біржола құртуға ниет еткен Мәскеудің нұсқауы болар, бірақ мұндағы екі жандайшап артығымен орындауға ұмтылған. Күн озған сайын өрісіміз қысқарып, тынысымыз тарыла түсті. Менің, ішінде жартылай болса да, әуелгі бүтіннің жұқанасы қалған сорлы кітабым осы екеуінің тұсы, түптеп келгенде, тура жиырма жылға созылған сырқат науқанның әуелгі кезеңіне тап келіпті. Ол заманда баспадан шыққан, кез келген кітаптың алғашқы, төлбасы аталатын он данасының бесеуі тұпа-тура Орталық Комитетке түседі, әлгі екі басшыға және бөлімдегі, сектор меңгерушісі, нұсқаушы деп аталатын, олар да билікші, бекемдеуші ғана емес, тексеруші, тергеуші қызметкерлерге. Тірідей салмағы жүз қырық жеті килограмдық, беті жалпақ, мойны бітеу, бұты талтақ, ресми жұмыс кабинетіндегі алдыңғы, ұрдажық әріптесінің кең әрі жайлы орындығына сыймай, ауқымды, серіппелі, арнайы кресло жасатыпты дейтін Қоңыр кардинал менің өзіме іліп-алары жоқ, жып-жылмағай көрінген жартыкеш кітабымды қолына алып, ақтарып үлгерді ме, үлгермеді ме, білмеймін, елгезек, ширақ, үнемі әлденендей пәле іздеп, аласұрып жүретін Иван Мокеевичтің қырағы көзі бірден шалып, алпыс екі тамыры түгел иіп, қожалақ бетіне қан жүгіріп, тышқан көздері жайнап кетсе керек. Сол сәтінде қарауындағы қызметкерлерін жинап алып, ай қарап отырсыңдар ма деп біраз сілкіген соң, осыншама зиянды кітаптың ғылыми баспаға қалай өтіп кеткенін тезінен анықтауға бұйырады. Сол қалпында, қанын ішіне тартып, тас-түйін, шешімтал кейіпте жоғары көтеріледі. Әуелі өзінің тікелей көсеміне. Негізгі мамандығы тарихшы, яғни кезінде КПСС тарихына іліктес тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған, жалпы тарихтан еміс хабары бар, онсыз да із-түзі жоқ қазақ тарихын мойындамайтын Нұрмаш Құрмашевичке. Келеңсіз жағдайдың барлық жай-жапсарын мағлұм қылған. Қоңыр кардинал іс мәнісін, қатер мен қауіп жөнін бірден аңдайды. Және уақытылы дабыл, жамандықтың алдын алған қырағылық, соған орай қолданылмақ қатаң шара, жоғарыға жетпек дүңкіл мен даңғыр нәтижесінде артатын абырой, табатын пайдасын. Сазара түйіліп азғана отырып, бұрқ еткен. "Сендер қайда қарап отырсыңдар! Академияның бағыт-бағдары осы ма? Баспаның сауаты, танымы осы ма! Ұлы орыс халқының қас жауы болған половецтерді дәріптеген не сұмдық! Бұл деген бүгінгі ұйып отырған халықтар достығына қарсы масқара әрекет емес пе! Ең кереметі, баяғыда, бұдан мың жыл бұрын өтіп кеткен қайдағы бір половецтердің бізге қатысы қанша? Әлденендей қатысы бола қалса, оны дабыралап керегі қанша? Саяси сауатсыздық, маркстік-лениндік таным жолынан ауытқыған деген осы емес пе! Тезінен қатаң шара қолданылсын!" – дейді. Енді біржола күш алған Қара Иван зырқырап кетеді. Нұсқау, шақыру, жарлық. Сондай да сондай сұмдық кітап шығыпты – ұлы орыс халқының қас жауын насихаттаған, тарихты бұрмалаған! – Бітті!! Ұзын сөздің қысқасы, басылып, түптеліп, дайын тұрған бес мың дана кітап қолма-қол тұтқынға алынады. Талдау, тексеру, анықтау, оң, терісін айғақтау жоқ. Қоңыр кардинал мен қара Иванның жалғыз-ақ ауыз сөзі шешеді, бір кітап түгілі, тұтас бір халықтың мәдениеті мен әдебиетінің тағдырын. Арада апта өтпей, Ғылым Академиясының Ғылыми кеңесінің арнайы шешімі бойынша, идеялық тұрғысы жат, бастан-аяқ жаңсақ дерек, қате қағида, теріс байламдарға құрылған зиянды кітап туралы қатаң қорытынды шығарылды. Сорлы кітап сол күні, типографияда буылып-түйіліп, сауда орындарына өткізуге дайын тұрған қалпында пышаққа түсіп, мұқабасы жұлынып, ішкі беттері қидалап кесіліп, макулатураға жіберілді. Баспаның бар шығыны менің мойныма жазылды – ол заман үшін аса көп ақша, ай сайынғы табысымнан жырмалап, тақаудағы төрт жыл ішінде өтеп бітуге тиіс едім. Бұл аз болғандай, мен КГБ-ның ерекше есебіне іліндім, ендігі жерде жазған жазуым тұрыпты, басқан ізім, ең аяғы сейіл-серуен, қонақ – бейсауат жүрісімнің өзі есепте. Айтпақшы, өзімдегі жалғыз кітапты қайтып беру талап етілген. Әуелде баспа, содан соң Ғылыми кеңес, оларға көнбеген соң, ақыры КГБ-ның ғұзырлы бөлімі. Мұндай қатерлі кітап ақырғы данасына дейін жойылуға тиіс екен. Мен әуелде олқы, жат көрінген, енді айрықша бағаға шыққан, мен ғана емес, естіген жұрттың бәрі үшін құнды санала бастаған бейбақ кітаптың ең соңғы тірі данасынан еріксіз айрылуға тиіс едім. Әрине, қимаймын. Жоғалтып алдым дедім. Қалай? Солай. Неге солай? Кітабым шықты деп қуанып, дос-жаран жігіттермен тойлап едім, көбірек кетіп қалыппын, ресторанда ұмытылды, немесе жолай трамбайда түсті. Қаншама өтірік болса да, сылтау-себеп. Бірақ КГБ-ның жігіттері бұған тоқтамаған. Балалықты қойыңыз дейді. Сондай құнды... өзіңіз үшін баға жетпес кітап, қалайша жоғалтасыз, оның үстіне нақты анықтадық, сіз мүлде ішпейтін кісі көрінесіз... Айрықша құнды екенін білгеннен, деймін, есім шыға қуанғаным; бұрыннан ішкіштік тәжірибем болмаған соң, оқыстан масайып қалғаным. Қай ресторанда жудыңыз, қасыңызда кімдер болды? Оған да қисынсыз өтірік табылды. Кітап шығып, қолға тие сала ішіп едім, содан соң кімдерді және қалай қосып алғаным, қайда барып, не істегенім жадымда жоқ. Үлкен кісісіз, осындай өтірік айтасыз, дейді. Кітап өтірік еді, бұл сөзім шын деймін. Үйіңізде тұр, дейді. Тауып алу оп-оңай. Біз сізді сыйлап... Шын сыйласаңдар, аңқам кеуіп тұр, ақша жоқ, бір жүз грамм жұтқызып жіберіңдер, содан соң барып біздің үйді тінтіңдер. Тапсаңдар – сіздікі, мүбарак қолтаңбамен өткізейін деймін. Анығы – қиынға жытыртып жібергем, итпен іздесе таба алмас еді. Оны біліп тұр. Үгіттеді, қорқытты, үркітті – көнбедім. Мәселе шынында да құны кем, мәні жоқ кітапта тұрмаған. Адамдық қасиетімнің ақырғы жұқанасы осы соңғы данада қалғандай көрінген. Бүтін, тәп-тәуір дүниені қысқартты, қидалады, бұрмалады, елес-сұлбасын ғана қалдырды, ақыры сол сүмірейген қалпының өзінде өмір сүруге қақысы болмай шықты. Енді көрге біржола көміп, алас-қапаста түсіп қалған ескі ұлтарағын сұрайды. Бермеймін. Не істейді маған бұдан артық. Түрмеге тыға ма – тықсын. Алдыңғы ағаларымнан артық емеспін. Айдасын, атсын, бүйткен қорлық өмірден қараңғы көр артық...

Әрине, басың бұлада күпсіну оңай. Қанша батырсығанмен, бойымды үрей жайлаған. Уайым, қайғыдан емес, кітапты жоқтағаннан емес, ғылым жолынан да, тіршілік машақатынан да тыс, жүрек, жүйкеден өтіп, жан-әлемнің терең түкпірінен көтерілген еріксіз қорқыныш. Бұл кезде күмәнді кітап жайына қалып, менің ізшілдерім басқа бір тарапқа ойысқан. Менің ішкі сыр, ой-пікірімді тексере бастады. Сірә, біздің сала бойынша білгір кеңесшілері бар. Шыңғыс хан, Бату хан туралы қандай ой-пікірдемін, Абылай ханның тарихи қызметі неде, Кенесары деген кім – мен жауаптан жаңылмадым. Тек Алаш-Орда туралы сұрақтан ғана жалтарғам. Естімедім, білмеймін. Тарихшы болғанда... мен басқа, арғы заман тарихының маманымын. Осы соңғы сауалдан соң ағайындардың маған арнап қыл тұзақ есіп жатқанына күмән қалмаған. Манағы сылтау сөзді өзгеше амалға ұштастыру осы кезде ойға келген. Дзержинский көшесіндегі Сұр үйге кезекті тергеуге барғанда... удай мас едім. Тілім күрмеліп тұрса да, есім түзу, қандай жауапқа да әзірмін, әзірліктің, айрықша қуаныштың белгісі ретінде Феликс Эдмундовичті де, Лаврентий Павловичті де аттап өтіп, бүгінгі қырағы чекист, бас чекист Андропов турасында тұтас бір лекция оқуға кіріскен едім. Мұндағы жас чекистер айрықша құрмет танытып, арнайы машинасымен үйіме жеткізіп салысты. Рақмет, алғыс айтып тұрып, келесі лекцияның қай күні өткізілмегін сұрап едім. Бұдан былай КГБ-ның тарихын жазу ниеті бар екен менде. Әуелі темір Феликс туралы. Содан соң, өзінің даңқты қызметін Қазақстанда бастаған Ежов туралы... Бірақ бұл ниеттердің ешқайсысы жүзеге аспай қалды. Келесі шақырыстағы көңілді көріністен соң маған қолдарын бір-ақ сілтеген. Жоғарғы жаққа тәрбие жұмыстары тәмамдалды, енді аяғын қия баспайды деген ақпар берілсе керек. Бірақ мен маскүнем атағымды ақтау үшін, бәлкім, туралған, кемтар емес, баспаға түсерден бұрынғы кемел кітабымның күйігі және дәл осы мезетте, арада он екі жыл – тұтас бір мүшелден соң қайтып оралған ескі қайғы – қосылмай қалған қалыңдығымды жоқтап, тура қырық күн бойы қызыққа кенелдім. Қызығы құрысын, біржола маскүнем болып кете жаздап, маған түсіністікпен қарап, қуат, күш беруге тырысқан, бұл кезде мұрты түгілі шашына дейін көкбурыл тартқан Қарасақал ағамның жанашыр ренішінен соң әрең тоқтаппын.

Тоқтамас жөнім де жоқ. Өмірді танығаным өз алдына, ақылым да толысып, өлшеусіз ересек тартыппын. Ең үлкен нәтиже – мас кісі өкіметке қауіпсіз көрінеді, тиесілі орындар менің райымды байқаған соң, сірә, бұл кезде әуелгі әңгіме де ескіре бастаса керек, ендігі жерде менен май шықпайтынын көріп тұр, бүлік те шықпасына көз жеткен, ары қарай қазбалап, қудаламады. Бірақ жақсы білем, менің үстімнен қозғалған іс, бар дерегім, кейінгі жауабым, соңғы өнерім түгел тіркелген жуан пәпкі әзірше жабылғанымен, кез келген уақытта қайта ашылуы оп-оңай. Енді мен де байыз таптым. Маскүнемдік жайын айтпаймын. Әуелден құмарлығым шамалы, біржола қойдым, күні кешеге дейін арақ-шарап атаулыны аузыма алып көргем жоқ. Сыртқы жағдай емес, іш пікірім, ғылыми жаңа ізденістер жөнін айтам. Азғана, ақиқат тауарихтың көлеңкесінің өзі осыншама ылаң-шу шығарды. Үлкен әңгіме көтерілсе, түбегейлі, байыпты, баянды зерттеу, соны пікір, тың, бүгінгі қалыптасқан ұғымға мүлде қарама-қайшы мәселелер алға шықса... не болмақ? Менің бар жолым кесілген еді. Өзім ниет еткен, бағыт түзеген тарапта. Ойлап тұрсам, қаншама бейнет шектім десем де, осыдан үш-төрт жыл бұрын ежелгі тарихтан еңбек қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алуымның өзі кездейсоқ жағдай, шынын айтқанда, төтенше бақыт екен.

Қайткенде де атағың бар. Және жайлы жұмыс орны. Бұл орын, сен қызмет атқаратын Зерттеу орталығы, өткен тарихың үшін емес, бүгінгі тарих – яғни Октябрьден соңғы барақат өмір, ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығы, совет өкіметі мен коммунистік партияның ақиқат, ақ жолы – бір сөзбен айтқанда, орыс-совет отарлық жүйесін насихаттау үшін құрылған, ашылған. Ал сені, Қарасақал ағаңнан бастап, амалсыз қосымша ретінде тіркей салған. Тарих-зерттеу орталығы! Яғни, Қазақстандағы тарих ғылымының ұйықты ордасы. Орда түгілі, үйшік емес. Ағаң екеуің үшін. Орда болса, социалистік, коммунистік құрылым жаршыларына арналған орда. Демек, әліңді біл, жолыңды біл. Жаңағы, коммунизм жаршыларының арқасында ішіп отырған сорпа-суыңа риза бол. Тек жүресің – тоқ жүресің. Тоқ болмасаң да, аштықтың ауылынан алысырақ. Ең бастысы – темір тордың сыртында. Ақиқат шындықты мойындадық. Мойындамасқа шараң жоқ еді.

Мына қараңыз. Біздің зерттеу орталығы ғана емес, бүкіл Академия жүйесінде жаманатқа шығып, Ғылыми кеңестің барлық құрылымдар үшін арнайы таратылған қаулысы арқылы ғылымға жат, теріс ой, арам пиғылды кісі ретінде әшкереленгеннен кейін менің атақ-абыройым көтеріліпті. Бүкіл академиялық қауым шынайы ұлтшыл, нағыз отаншыл, аса дарынды жас ғалым ретінде мойындаған. Сол астыртын атақ, бейресми даңқ бүкіл ғұмырыма созылып, бүгінгі күнге жетті. Одан не пайда. Жазбаған ғалым, жасамаған тарихшы. Яғни, түгім де жоқ. Бар болса, манағы жалған атағыма сәйкеспейді.

Әлбетте, әуелгі бағыттағы зерттеулерімді тоқтатқам жоқ. Алайда, ынта бұрынғыдан кем, жас кездегі жалын сөнген, тым бойкүйезбін. Осының қажеті қанша деп ойлайсың кейде. Зорланасың, зарланасың, қиналасың, шалдығасың, белгілі бір нәтижеге жетерсің – ақыр түбі тығырық. Жарыққа шықпайды, жұртқа жетпейді. Көлденең жұртың не, әріптес қауымның өзі селт етпейді. Ешкімге керексіз. Сенің қалап тапқан ғылымың өтпелі дүние сияқты, баянсыз екен. Өмір... күнделікті күйбең, кәкір-шүкір шаруа астында, ол да өтіп барады.

Әйтеуір тіршілік жібі үзілмеген. Қалай түңілсең де, тынысыңды өткен тарихтан табасың. Ендігі жерде зерттеуші емес, оқушы ретінде қарайтын болдым. Архив деректерін байыптау, арғы-бергі дерекнамаға үңілу – мен үшін роман оқығандай. Тек қиялдан туған емес, дүниеде нақты болған оқиғаларға құрылған роман. Және қызық емес, қасырет, мұң. Кеудең көтеріліп барып, қайта басылады. Сондай да сондай болыппыз. Ендігіміз мынау. Бар дерегімді жүйелейін, бар білігімді қағазға түсірейін деймін кей кезде. Бастаймын, аяқтай бермеймін. Толғанамын, түгеспеймін. Ендігі қай істе де қызу құмарлық жоқ, серпін аз; санамда бәрі сайрап тұр, қаншама жоспар, биік мақсат, бірақ бойлай кіруге, жүзеге асыруға келгенде тартыншақтай берем. Алды, артым тұйық. Ал өзім тірі өлікке тақаумын. Біржола өлу үшін де қуат керек екен. Әйтеуір ілініп-салынып жүре беріппін. Ақыры, ешкім де күтпеген тәуелсіздік төбеден түскенде, аспан қақырап, жер айрылмай-ақ барлық жол ашылды, барлық жол ашылғанда... мүлде есеңгіреп, отырып қалыппын. Кім білген, кім ойлаған. Қарап тұрсам, бар өмірім зая кетіпті.
18
Зая кеткен – ғылымдағы өмір еді. Әдепкі тіршілік – ел қатарлы. Тіпті, ел қатарынан тәуір. Академиялық қызметкердің жалақысы өте жоғары саналады. Сол заман есебімен алғанда. Киім-кешек, ас-суыңа толығымен жетіп жатыр. Бұл кезде мен үйленгем. Әйелдің қойнын көрген бойдақ жігіт бауыр суытпай жүре алмаса керек. Кезекті ермегім – Балнұр деген қыз еді. Академия ғимаратының шығаберіс аузындағы кітап киоскісінде сатушы. Керекті әдебиетімді түгел тауып беріп жүрді. Жаңа, маған қажет-ау деген басылымдарды іркіп қояды. Орнықты әрі ықтиятты бала. Әуелгі назарымды аударған – атындағы ұқсастық еді. Бұл да Бал... Басқа да үйлестік бар сияқты. Бет-бейнесі, мінезі емес. Жүрісі мен тұлғасы. Бұл да сәл-пәл толықша, майда басып, еркін қозғалады. Келгені сол, бірден үйіріп түсірдім. Арада жарым жыл өтті ме, өтпеді ме – өзгеше жағдайын мағұлым етті. Ренішсіз, қуанышсыз, әдепкі ақпар ретінде. Өзінше сақтанып жүретін сияқты еді. Үш айдан асыпты. Айтуынша, білмей қалған. Әрине, білген. Біле тұра жүре берген. Мен баяғы... Балжанды еске алдым. Ол да... солай екен ғой. Білді ме, білмеді ме, сол бетінде кетіпті. Мені ай-далаға тастап. Ауылына, әлде одан да арыға. Үш айға толмапты. Одан соң... алғызды ма, әлде кейінгі, көлденең күйеуіне сүйей салды ма. Енді міне... Күмәнсіз өзім... Әуелде абдырап едім, сағат өтпей, сабама түстім. Қайткенде де қыздың есебі дұрыс. Менің есебіме де қайшы емес екен. Рас, Балжан сияқты пәкізе қалпында жеткен жоқ қолыма. Бірақ былғанышы байқалмаған. Әрі мінезі өзгеше жайлы. Ұяң, кірпияз, байыпты. Мен бұрын ойламаған, оқыс шешімге тоқтадым. Сол күні, сол сағатта бойдақ пәтеріме алып келгем. Бұл жолы ертеңгі заңды әйелім ретінде.

Бұл кезде мен қаншама бейнеттен соң ғылыми атаққа жетіп, қызметте берік бекігем, өмірден де өз орнымды тапқандай едім. Енді сүрбойдақ жалғызбас емес, үйлі-баранды кісілер қатарына қосылдым. Арада бес-алты ай өткенде кішкентай қызды болдық. Балнұр декрет демалысынан кейін жұмысқа қайта шықпады. Тұңғышымыздың тұсауын кескеннен соң көп ұзамай, тағы бір қыз туды. Ол қалтақтап жүре бастағанда тағы бір бала, яғни үшінші қыз. Баланың аласы жоқ. Басымыз өскен. Рас, бір ұл керек-ақ еді, оған... төртінші қыздан қаймықтық. Әрі тетелес, түгел кішкентай үш сәбиді бағып, қағудан шаршап кеткеміз. Бірақ қыздарымыз ақжолтай екен, бәрі сәтімен келіп, осы шамада Ғылым Академиясына арнап салынған ғимарат есебінен үш бөлмелі пәтерге қол жеткен. Ресми тұрғыда қаншама сыйсыз саналсам да, жазықсыз жапа шеккен дарынды жас ғалым ретінде жақсы есепте болсам керек, күтпеген қуаныш. Рас, жаңа құрылыстан емес, қонысын жаңартып сонда көшкен үлкендердің бірінен босаған үй. Кірпіш үйдің ескі, жаңасы бар ма, көп ұзамай, жеңіл сылақтан соң кіріп алдық. Дәл уақытында көшіп үлгеріппіз. Баяғы халық жауларына парапар, саяси сенімсіз, сондай да сондай кісіге қалайша социалистік меншіктен пәтер беріледі деген арыз түсіпті жоғарға. Әуезінен оп-оңай таныдым. Зерттеу орталығына менен кейін келген, зәру, өтімді, яғни советтік тақырыпта жеңіл қорғап шыққан, менен жарты мүшел кіші Қаражұманов деген жігіт. Сумақай. Кәсіподақ па, басқасы ма, жиналыс сайын сөйлейді. Идеялық қазығы берік, әсіре белсенді шіркін. Әлдебір жоспарлы жұмысты талқылау кезінде жасын да, жолын да ұмытып, сұғына бергенде шыдай алмаған біздің Қарекең: "Сен алысқа барасың! Бірақ ашық пен жарияда өз орныңды біл!" – деп нұқыртып қойғаны бар. Содан бері жиын, кеңес атаулыда тыныш отырады және бар пәле осыдан дегендей, мені жек көреді. Арыз тексерілді, негізі жоқ деп табылды, кезінде қателескені рас, бірақ бір істе екі жаза болмайды, одан беріде түзелді, қадарынша адал еңбек етіп жатыр, тұрмыс мәселесінің өткенге қатысы жоқ, үш баласы бар, міне, пәленбай жыл бойы жалдама пәтерде тұрады екен, бәрі заңды деген, тұтас бір дәйектеме жауап жазылды, әйткенмен, даулы пәтерге тезінен кіріп алмасам, көшіп үлгермесем, қолдағы ордеріме қарамай, баспана атаулыдан қағыс қалады екем. Бұл жағдаятты талай күш, қаншама жүйке тұрмыс салмағы, еріксіз дау-дамай астында тозғанын атап айту үшін еске алып отырмын.

Қайткенде де қалыпты өмір еді. Үйреншікті тіршілік. Бұл кезде баяғы бөлмелес серігім Құлашбек ғылым докторы болған, шеткері бір пединституттың проректоры, аспирантурадағы, мамандығы басқа болса да қатарлас жігіттердің бәрі де табысты, тепей-ақ темір үзіп, жайнаң қағып, әр тарапта – байсалды ғылымда, ұстаздық үлкен қызметте жүр. Тек мен ғана, әуелгі қалпын сақтай алмай, екпіні төмендеген. Жігерім сөніп, кеудем басылған тұнжыр жағдайымды кейін ғана ұқтым. Таң қаларлық ахуал. Пайым-парасатым да, өмірлік тәжірибе, білім-таным да күн санап арта түскен, бірақ өнімді еңбекке зауқым кеміс. Барымды сыртқа шығарсам, бұрынғыға жаңадан жеткен дерек, толғамды ұштастырып, кең өріске бет қойсам... кешегі дақпырт, жалаңыз не, одан он, жүз есе артық аттан көтеріліп, шынымен-ақ басымды жоюым мүмкін деген ой көкірегіме түйіледі де тұрады. Мені тежеген – қорқыныш елесі ғана емес. Нәтижесіз, жеміссіз еңбек. Ал, зерттедің, арып-аршып жаңа бір еңбек жаздың – не шықты? Әйтсе де... Енді ғана білдім, қорқыныш пен үмітсіздік – берідегі бөгесін екен. Менде мұрат-ниет, таным-ұғымға сай серпімді жігер, қажырлы қайрат болмапты. Айрылғам, басқа жаққа кеткен... Өкінішті, қайғылы жағдай, бірақ осы қалпымда да көп шаруа тындыруға мүмкіндігім бар еді. Тым құрса өзім үшін. Көкірегім тазарып, еңсем жазылу үшін. Оған парасатымыз жетпепті. Парасат қана емес, сенім. Тарихты тани тұра, ең құдіретті империялардың өзінің құлағанын біре тұра... дәл өз жағдайымызда көрсоқыр болыппыз. Советтік-коммунистік құрылым мың жыл мызғымайды деп білдік қой. Мың емес, жүз болсын. Сол жүз жылда өзің қайдасың, қазағыңнан не қалады? Сенің, бар ғұмырыңды құрбанға байлап, шелектеп тер төккен, тынымсыз азап шегіп, жан түршігерлік үрей, үздіксіз қатер астында жүзеге асырған жұмысың – зобалаң заманның қай күні жалаға ұшырап, өзіңмен бірге кетпек? Жалаға түспесін, өзіңмен кетпесін, одан соң бұлдыр мен тұманда іріп, тозып, боқат төгілген қай шұқырда қалмақ? Жетпейтін жерде не бар, өнбейтін істе не бар! Мен өмірден баз кешпесем де, өзімнің тума табиғатымнан айнып, ғұмырлық мұратымнан бой тартқан екем.

Шындығында, басқаша болуы мүмкін де емес. Бәрі заңды. Мен әлдебір сырлы, құпия күштердің қалауымен, жоқ, өзімді өзім паршалап, шарасыздық жеңген, санам сансырап, жүрегім толқыған тылсым түнде... қақ жарылып, екі кісіге айналыппын. Ынта-жігер, қуат-қайрат, өмірге құштарлық, асқақ менмендік – бәрі де Балжанмен бірге кеткен. Анаған. Мұнда, жалбағай жатақханада жатқан менің үлесіме ізгі ниет пен жарым жүрек қана қалған сияқты. Және... қазақы қан. Менің бойыма біткен, тумысыма тән сыпаттардың барлығы да тепе-теңдей бөлінген күннің өзінде мен жарым кісі болар едім, үлкен есеппен алғанда, қатардағы көптің бірі. Бірақ олай шешілмепті. Әуелгі болмыстағы әрқилы, жақсылы-жаманды қасиеттің бір парасы маған қалған, бір парасы оған кеткен. Ерікті түрде, өзінше әділ таразы бойынша. Негізгі тұрғы, басты белгілерде. Ол өз қалауын, өз керегін әкеткен. Сен де өзің үшін құнды, мәнді деп есептеген қасиеттерді ұстап қалғансың. Ал Балжан... өмірлік мақсатқа жету жолында сенен гөрі оған керегірек екен. Сен Балжансыз-ақ ғылым жасай алар едің. Ол Балжансыз байлық жасай алмайтын. Сондықтан, бұл ретте де әділетсіздік жоқ. Әркім өзінің қалауын тапты. Керек десеңіз, бастап айрылысқан кім? Сенің өзің. Келісіп қойған шаруа, оң ба, теріс пе, шешімін табар ең соңғы сәтте тағы толқыдың. Қызды пойызға салып жіберіп, өзің қала тұрмақ болдың. Әуелде арбағаныңды, одан соң аздырғаныңды ұмыттың. Екінші жарымың мұндай озбырлықпен келісе алмады. Сенен біржола бөлінді де, сүйгенін құшақтап кете барды. Яғни, қай жағынан алғанда да, бәрі орынды, бәрі де ақылға сыйымды. Алмағайып сәтте екіге бөлінбеуің мүмкін емес екен. Бір бүтін – екі жармақ шыққан. Түп негізі ортақ болса да, енді дербес, жекеше екі кісі. Әрқайсысы өз түйсік, өз тірлігімен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет