25
– Ешқандай қалжың емес, – дедім мен. – Әуелгі сөзімнен қайтпаймын. Үш жүз елу дедім – үш жүз елу. Ынсап керек. Маған ғана емес, саған да. Қызығын көрдің, тұтас отыз және тағы бір жыл бойы жалғыз өзің. Енді түп иесіне қайтарасың. Балжанды.
Марат мені жаңа көргендей, немесе рабайсыз ұсыныс жаңа ғана жасалғандай, таңырқап, үрке қарап, азғана отырды. Содан соң зорлана жымиды.
– Неге қырсығып отырсың? Шынымен-ақ көңілің... баяғыдай ма?
– Баяғыдай ма, басқадай ма, мәселе онда емес. Мен өткеннің есесін қайырғым келеді.
– Ешқашан қайтпайды, – деді Марат. – Өткен отыз жыл және... кейінгі бар ғұмырға татитын әуелгі тоғыз ай – жалған дүние екінші мәрте оралмайды... Сен мені – өзіңді өзің мұқату үшін ғана. Хош. Кезінде құмарың тарқамай қалыпты. Рас, Балжан... әлі де қыздай. Құшағы ыстық. Қапада қалған сен емес, бар ғұмырын бірге өткерген менің өзімнің... ынтығым тарқаған жоқ. Сенесің бе соған?
– Сенем... – дедім, жүрегіме шым-шым қан құйылып. – Сондықтан да... қайта көргім келеді. Өткен дәурен оралады. Көзге болмаса да, көңілге.
Дәл осы сәтте Балжанды шынымен сұрап отырғаныма өзім де сенгендей екем.
– Жөн дейік. Енді ақылмен ойлап көр. Мен... бағзыдағы іңкәрің үшін, есе емес, алыс-беріс сауда жөнімен саған бермек екем. Сонда... Балжан көне қоя ма? Сені кім деп келеді? Неңе қызығады?
– Біріншіден, кім екенімді ұғындырасың. Алдымен өзің. Содан соң мен. Иә. Құдай қосқан әуелгі қосағымын.
– Жартылай деп айт, соның өзінде бес минутқа ғана.
– Сол бес минут сол қыздың бүкіл болашағын айқындаған. Мен болмасам, саған да бұйырмайтын еді.
– Жарайды, жарайды, тәптіштемей-ақ қой, – деді Марат жымия күліп.
– Құдай қосқан заңды қосағымын. Әуелгі. Бір деп қой. Екіншіден... сенің қазақ тарихының білгірі деген атағыңа жол ашылады. Осының өзі жетіп жатыр. Үшіншіден – отыз жыл бойы тегін пайдаландың. Енді, қартаймаса да, мамырлаған шағында... жалғыз көйлекпен, жалаңаш шығармайсың. Сенің бар байлығыңның негізін салған кім? Қайын атаң. Балжанның әкесі. Яғни, Балжанның өзі. Сендегі бар байлықтың түгеліне демейін, анық тең жарымына еншілес. Үлесін толық алмаса да, үй-жай, тиесілі қазына, қаражатымен...
Марат менің манадан бергі шарт-талабымның мән-мағнасын енді ғана аңдағандай, кеудесін кере отырды, көзінде қатаң от ұшқыны, езуінде жымысқы, ащы күлкі табы бар еді.
– Айта бер, айта бер, – деді басын изеп, кеудесіне қолын қойып, мырс етіп.
– Сен күлетіндей ештеңе жоқ. Қай заңға жүгінсең де, мені... мен емес, Балжанды жақтап шығары күмәнсіз. Яғни, барша байлығымен қоса ұзатасың. Бірақ ең бастысы – ол емес. Маған несіне қызығады дейсің. Алғашқы күндерде өзім де күмән мен тұман аралығында жүрдім, елесі есімнен емес, көз алдымнан кетпей қойды, өңімде де, түсімде де. Иә. Сен – мен емес едің. Балжан оны да сезіп білді. Сенің салқын тартқаныңды байқамаса да, менің мұнда қалған ыстық құшағымды аңсап, құлазыған шақтары болды. Тән ләззаты ғана емес, жан жарастығын да іздеген. Анық, сол, ауылдағы әуелгі күндердің өзінде сенен гөрі мені жақсы көрді. Бірақ менің мұнда қалғанымды білмейтін. Бары осы шығар деп, тағдырға мойын ұсыныпты. Әйтсе де, өмір бойы, баяғы, екеуіміз бірге жүрген алғашқы күндерді аңсады. Сен өзгерді деп ойлады. Өзгерген жоқсың, өз қалпың. Махаббаттан тыс, мейір, мархаматтан тыс, бар ісі қатаң есепке құрылған менің екінші жарымым...
Марат тіке қарап, үнсіз қалды.
– Бірақ Балжан... алғашқы махаббат, әуелгі жар... Баяғы кіршіксіз көңілден айнымады. Ал сен... саған Балжанның нәзік жаны емес, ыстық қойны ғана қымбат еді. Аңсарын тапты, бақытты деп ойладың. Ал сенің аңсарың бір әйелден асып, далаға төгіліп жатыр еді. Өмір бойғы көлденең жүрісің тұрыпты, дүниенің есігі сендейлер үшін айқара ашылған шақта, жаңа байлықпен қоса, жаңа бір қызыққа жеттің. Иә. Ризашылығын берді, келісті, сенің онсыз да келістіріп жүргеніңді білетін, аяғына тұсау түссін, әркіммен емес, біреумен ғана болсын деді. Енді міне... Сол, отыз бір жыл бұрын айрылған жарым көңіл жоғалған жоқ, бар болып шықты. Өлген тірілсе де, өшкен жанбайды. Бірақ қимасыңның түнекке батпағанын, бар екенін білудің өзі бір ғанибет емес пе. Әрине, әуелде, алғаш естігенде ауыр болады. Қиналып тұрып түсінеді, кешіреді. Мені де, сені де. Содан соң сұрайық, кімді қалар екен. Күмәнің болмасын, қартайған, қажыған, тұрмыстан тозған мені қалайды. Керек десең, манағы жалғыз көйлекпен шығады, байлығыңды да, басқаңды да тәрік етіп. Айттым, әуелі мән-жайды ұғындырамыз, содан соң сауалды өзіне саламыз. Өзіңе сенімді болсаң, осыған көн.
– Мен сенем, – деді Марат. – Өзіме ғана емес, Балжанға да. Міне отыз... отыз бір жыл тату-тәтті тұрдық, бақытты ғұмыр кештік. Бір ұл, үш қыз өсірдік. Ақымақ емессің, сол балалардың әкесінен, өмірлік қосағынан айрылып, қайдағы бір... сені таңдап, сонша не көрініпті!
– Таңдар, таңдамас, алғашқы баласы – жалғыз ұл өзінің әкесін тануы керек...
Марат атып тұрып, мені жағадан ала түсті.
– Қу қайыршы! Сүмелек! Енді бір ауыз сөз айтшы!..
Шеңгелдеп қысып, буындырып барады.
– Шындықтан қорқасың ба? – дедім, тынысымды әрең алып. – Қорықпасаң, босат.
Босатты. Бірақ тапап жібергелі, төніп тұр.
– Шындық сол – Балжан менен жүкті кеткен. Жаспыз, аңдамаппын. Ойлап барып, кейін білдім. Алғашқы бала – жалғыз ұл – менікі.
– Сенікі емес, менікі, – деді Марат ыза мен намыстан жарыла жаздап. –Менің өз ұрқым. Сондықтан да Балжан сенімен қалған жоқ, менімен кетті.
Енді мен күлдім.
– Егер бастапқыда екеуіміз бір кісі болсақ, ол кездегі бала менен қалай алыс болады. Менен саған жақын емес. Ортақ. Оған қандай күмәнің бар?
Марат сылқ етіп, ескі диванға отыра кетті.
– Нағыз сұмырай екенсің, – деді бар болғаны тісін шықырлата ысылдап.
– Нағыз сұмырай – мына сен, – дедім. – Қалыңдығымды қатын қылдың, баламды бауырыңа бастың. Енді көпе-көрнеу ақиқатты теріске шығарғың келеді.
– Сен сорлы түсінсеңші, – деді Марат сәл-пәл сабыр тауып. – Қалай айтсаң да, Мақсат менің бауырымнан жаралды. Мейлі, саған да тиесілі дейік. Бірақ... сондай ақылды, сүйкімді бала болып, менің алақанымда, молшылықта өсті. Әрине, сен де соншама әлпештеп бағып, қағар едің. Бірақ заман өзгерді ғой. Сенің емес, менің пайдама. Енді сол қалпында, сенің шаңырағыңда өссе кім болып шығар еді? Қорлағаным емес, өзің айтқан ақиқат шындыққа жүгінейік. Қайткенде де, мектепте үздік оқитын еді. Одан кейін университетті де қызыл дипломмен бітірді дейік. Сонда, мына сен... осы баланы болашағы мол, түсімді, жақсы қызметке орналастыра алар ма едің? Ол да ештеңе емес. Дарынына сенейік. Өзі жарып шығады деп. Ол – бұрынғы, сендер сөгіп, істен алғысыз қылып жүрген совет заманы ғой.Қазір бәрі басқаша. Сенің данышпандығың көк тиын. Ақылы кеміс, аузы қисық байдың баласы өтеді. Кеміткенім емес, мына сенің өзіңнің балаларың не болды? Оны да білем. Үш қызың да мектепті алтын медальға бітірген, үшеуі де университетті үздік тәмамдаған. Үлкен қызың, ағылшын тілін білгенінің арқасында әлдебір шетелдік фирмаға жұмысқа әрең ілінді. Қалған екеуі күйеулерімен бірге, әр тарапта әйтіп-бүйтіп үнемдерін айырып жүр. Ал біздің Мақсат мұндағы университеттен соң Англияда, Кембриджде оқып қайтты. Менің арқамда. Тағы да, сол оқуы үшін емес, әкесінің бай-бағлан болғандығы үшін болашағы зор мемлекеттік қызметке ілінді. Ал сен сол Мақсатты қай ұшпаққа шығаратын едің? Сен ғана емес, сен қатарлы, тіпті, сенен атақ, абыройы жоғары профессор, жазушы, академиктердің дарынды балалары далада қалды. Сырттағыны қойғанда, өз көзіммен көргенім, біздің ұлмен қатар жүрген, әуелде теңдей оқыған, қабылет-дарыны қарайлас, жайнап тұрған тағы бір балалардың тағдырын айтпай-ақ қояйын. Бастарын тауға ұрды, тасқа ұрды, ауыл-үй арасында қалды. Біздің Мақсат қатарынан озып, оқшау шықты. Бар қызығы алда. Енді сол баланың көңіліне қаяу салмақсың. Екі әкеден туатын бір бала бола ма? Кім сенеді? Жарайды, мен қалыспын, саған ғана тиесілі екен дейік. Балжан да ризашылық берсін. Сонда не ойлайды ол бала? Тіпті, біздің өзгеше жағдайымызды ұғынсын. Не деген сұмдық! Екі әкенің ортасында қияли болып кетпей ме жас бала! Нағыз безер екенсің ғой өзің. Неге сонша жабысып қалдың осыншама қаскүнем ойға? Қандай ниетің бар? Мені қажау ма, әлде көбірек пайда табу ма? Тыныштығым бұзылды, отбасым ойран болғалы тұр. Маған жалғыз ұлдың жақсы болашағынан артық ештеңенің де керегі жоқ. Қаласаң – миллион ал. Тек, жарқыным, бізге тыныштық бер. Ертеңі белгісіз мен үшін емес. Онсыз да көңілі жарым Балжан үшін емес. Аталы әулеттің ең соңғы тұяғы, бар болашағы алда тұрған жалғыз ұл үшін!..
Менің көзіме жас келді.
26
Менің көзіме жас келді.
– Рақмет! – дедім. – Жақсы өсіріпсің. Келешегін айқындап, оң жолға түсіріпсің. Ризамын... Ешқандай талап, тілегім жоқ. Менікі қалжың, манадан бергі. Көп өкпенің азғана қайырымы. Бірақ... сын сағатта мені екіге бөліп, жарым көңіл, жарым ақыл, жарым мінез, жарым кейіпте тастап кетсең... ол да тағдыр ісі шығар. Ал Мақсат деген бала... кімнен туса да аман болсын, халқының шын ұлы ретінде бар мақсатына жетсін. Атынан айналдым, садағасы кетейін. Тек сен екеуімізді айырған тәңірім оған сенің арамдығыңды, менің дәрменсіздігімді бермесін. Балжан... Балжанға да өкпем жоқ. Сені – мен деп жүре берсін. Бақытынан айрылмасын. Өзің де аман бол. Мұраттан айнып, әуелгі тамырыңнан бөлініп, басқа бір жол тауыпсың. Төреші – хақ тағала... Енді менің басымды ауыртпай, келген ізіңмен кері қайт, – дедім.
27
Марат босаңси сөгіліп, азғана отырды.
– Соңғы сөзің бе? – деді қайтадан еңсесін жазып.
– Саған және сенің отбасыңа қатысты ең ақырғы сөзім, – дедім мен де жүйкемді бекітіп.
Бірақ Марат тоқтамаған. Серпіле көтеріліп, әуелгі қалыбын тапты. Және әуелгі ниетін.
– Тілектестігің үшін саған да рақмет. Мені өзіңнің жалғасың, басқа бір өмірің ретінде мойындадың. Сөйте тұра... ынтымаққа, бірлікке... жол бергің келмейді. Екеуіміздің қайтадан бірігуіміз мүмкін болмаса да, селбесіп, септесіп жүрсек несі айып?
– Сен септеспейсің, – дедім. – Сенің ұғымыңдағы ынтымақ, бірлік – басқа бір нәрсе. Сен менің отыз жылдық мұратым – ғұмырлық еңбегімді көлденеңнен, оп-оңай иелене салғың келеді.
– Тегінен-тегін емес, – деді Марат әлі де сынай қарап. – Сатып алам. Айттым, өте қымбат бағаға.
– Ар-намыс сатылмайды.
– Сатылмайтын нәрсе жоқ, – деді Марат. – Соның ішіндегі ең оңайы, ең құнсызы – дәл осы сәтте саған қастерлі көрініп тұрған ар-намыс.
– Ол – бүгінгі сенің ұғымың. Сен сияқтылардың пәлсапасы. Сендер ар-намыс тұрыпты, туған елді, барлық қазына-байлығымен қоса сатып жібердіңдер. Бірақ құнын білмей, тым арзанға. Әйтсе де ұпайларың түгел. Ертең жауабы да толық болады. Бұ дүниеде қайтпаса, о дүниеде. Ғарасат жоқ болса, жер бетінде қалған ұрпақ алдында.
– Сен түзелмейді екенсің, – деді Марат кеудесін кере дем алып, менен біржола күдер үзіп. – Маған сенің шимай-шатпағыңның түкке керегі жоқ. Тұрмысың жеңілдесін деп, жаным ашып...
– Өзіңе жаның ашысын, – дедім мен. – Қалай бұзылғансың. Шынында да, сені осындай сұмдыққа жеткізген есепшіл арамдықтың әуелгі бастауы менен шықты деп ойлаудың өзі азап мына мен үшін. Осы қалпымда жарты денем шіріп кеткендей, немесе белшемнен нәжіске батқандай тіксініп тұрмын. Енді менің көзге қораш болса да, көңілге таза, бейбіт пәтерімді арам денеңмен былғамай, тезірек кет.
– Мен кетем, – деді Марат орнынан тұрып. – Ал сен қандай жағдайда, қалай тұрғаныңды білемісің? Зиялы шіркін, тұрмыстан қажып, дүниеден түңілгенің сондай, қалыпты иба, әдептің ең соңғы жұқанасынан айрылыпсың. Ақыл-түйсігің де орнында емес. Қазақ атаң түн жамылып келген құдайы қонақты қашан үйінен қуып еді? Жай ғана қонақ емес, бірге туған бауырдан да жақын, етене жармақ екенімді біле тұра, жаудан бетер жиырыласың. Менің не жазық, не кінәм бар сенің алдыңда? Сен түгілі, таныс, бейтаныс бүкіл жұрт алдында? Кімнің қорасына түсіп, қолындағысын тартып алыппын? Иә, мен баймын. Бұрынғы, бәрін басып ұстап отырған өкіметің тырапай асып құлады, иен қалған, иесіз қалған боқтышақты мен алмасам, басқа біреу алатын еді. Керек десеңіз, жиырма бес жылдық адал еңбегімнің өтемі. Екінші біреу еселі сыбағадан сырт қалса, тағы өзі жазықты. Шындық сол. Енді бар пәлені маған аударып тастамақсың. Иә, мен рақымсыз қаталмын. Мені қатал қылған – заман, орта. Зұлым дейсің, залым дейсің, бұлағай заман, былыққан қоғамда басқаша өмір сүру мүмкін бе? Мына сен мейірбандықтан не таптың? İзгіліктен не ұттың? Аңқау, адалдығыңмен қай ұшпаққа шықтың? Енді жердің үстін астына түсірген, қазақтың бар қазына-байлығын жат қолына өткізген, тек арамнан ғана мал жиып, зорлықпен ғана мансапқа жеткен мың сан жалмауыздың ішінен ғұмыр бойы бейнет астында тірнектеп тіршілік жасап, өзіне тиесілі үлесін ғана алған мені – өткендегі өзің, бүгінгі кіндіктес сыңардан жақын жармағыңды көре қалыпсың. Сүйініш емес, қайғы тауып отырсың. Қаншама ауыр сөз айттың. Көлденеңнің бетіме тіке қарағанын көтере алмайтын маған. Сен білесің бе, басқаны қойғанда, манағы он ауыз сөзіңнің біреуі үшін ғана көзіңді құртып жібере алатынымды? Оп-оңай жоқ қылатынымды. Кез келген уақытта. Ешқандай ерекше оқиғасыз. Мәселен, енді үш күннен соң мына жаман люстраның берік, темір ілгегіне, мықты кендір жіпке асылып тұрсаң. Ауыр тұрмыс, тұйық тығырық. Басқа амал қалмаған. Немесе, ертеңіне, көшеде, бейуақта қасыңнан өте берген әлдебір бұзақы бала қақ жүректен біз тығып алса... кім біледі, кім табады? Көрдің бе, қалай тартсам да, сенің тағдырың менің қолымда.
– Керісінше, – дедім, барлық лоқы, доңайбатын сабырмен, үнсіз тыңдап болған соң. – Керісінше, сенің тағдырың менің қолымда. Мен емес, сен тәуелдісің. Сондықтан де келіп отырсың. Рас, тіршіліктегі тағдырымыз екі айрылған. Бірақ тумысымыз бір екені анық болса, ажалымыз да ажырамас бірлікте. Өмір жіптігі ортақ. Оны өзің де білесің, мана аңғартып қалдың. Ерте ме, кеш пе, екеуіміз бір күнде, бір сәтте өлуіміз хақ. Сенің рақымсыз жендетің мені мойнымнан қылқындыра іліп, төбеге тартқан шақта, әлдебір алыс қалада, сәнді сарайда, масаттанып, рақаттанып, өз бетімен отырған сенің де кеңірдегің кептеліп, тынысың бітіп, тұншығып өлесің. Сенің жалдамалы бұзығың, немесе бұзық келбетіне түскен қылмыскерің қасымнан өте бере, көкірегіме біз тыққан сәтте, ай даладағы сенің де жүрегіңе қан толып, тіл тартпай кетесің! Мен өз бетіммен аштан өлсем, сен артық жеген тамақтан уланып, немесе күпті болып өлесің. Өзіме өзім қол салуым мүмкіндігін айтпағанда. Міне, көрдің бе, менің емес, сенің өмірің кісі қолында. Бар тірлігің маған тіреліп тұр. Әйтпесе, осыдан әлдеқашан бұрын жаңа шет-жағасын айтқан жоспарыңды іске асыратын едің. Құдайдан қорыққаннан, немесе мені аяғаннан іркілген жоқсың. Мәселенің мән-жайын танып білген соң, өз қауіпсіздігіңді ойлап қана тоқтадың. Енді қалауыңды қорқытып алмақсың. Сен емес, мен қорқытуым керек. Күш сенде емес, менде!..
Марат әлде сөзіме, әлде өзіме таң қалғандай, аңыра қарап тұрып қалды. Содан соң қарқылдап күлген. Ауыр қол, қайратты алақанымен солқ еткізіп, иығымнан қақты.
– Аналитик ғалым болғаныңның бір пайдасын көрдің, – деді сүйкімсіз ыржиып. – Кел, төс қағысайық. Ендігі жерде жұбымыз ажырамай, ынтымақ, бірлікте болайық деген кім? Әйткенмен, – деді маңдайын тыжырып, бетін сипалап, – манадан бері өзімді өзім толық танымай отырыппын. Бәлкім, сені сынағым келген шығар...
28
– Екеуіміздің бірге жаралғанымыз рас, – деді. – Сірә, бірге өлуіміз де ғажап емес. Әйткенмен, күмәнім бар. Бәлкім, сенің өмір жіптігің менде шығар. Яғни, сен қайда кетсең де, мен орнымда қалам.
– Кеткен – сен, қалған – мен, – дедім. – Мен бөлініп шыққам жоқ, сен бөліндің. Өмір жіптігі менде қалуға тиіс. Яғни мен дербес тіршілік жасай берем. Мен өлген күні сен де...
Марат ойлана, шүбәлана қарап, бөгеліп қалды.
– Жіптіктің ұштығын қоя тұрайық, – дедім мен. – Қайткенде де, бүтіннің жармағы – өзара тәуелді. Айттым, бірге туғанымыз рас болса, бірге өлмегіміз де күмәнсіз.
– Солай шығар... – деді Марат. Керіле созылып, өтірік есінеді. – Бірақ неге? Бөлінген – қайта бірікпесе...
– Сол бір азапты түн, сын сағатта, ерікті ме, еріксіз бе, өтпелі тәніміз біржола бөлінгенімен, ғазиз жан уақытша ғана айрылған. Жарық дүниеге жалқы болып келді, сол жалқы, жалғыз қалпында оралуға тиіс. Ең соңғы мезет, тәсілім сәтінде қайта табысамыз. Алланың әуелгі есебінде, мейлі Мұрат де, мейлі Марат де, қалай атасаң да, екеу емес, бір-ақ кісі бар. Жаман болар, жақсы болар, жер бетінде ғайыптан шыққан, есептен тыс адам жоқ. Туғанда жалқы едік, өлгенде де жалғыз болып шығамыз.
– Иә... – деді Марат ойға батып. – Мен құдайға сенбесем де, тіршілік, табиғат заңын мойындаймын. Анада... ғылым жөнімен, ескілікті бір дәрігерден кеңес алдым. Сен келіп кеткен соң. Кіндігі бір егіздер турасында. Бірге өлмесе де, кейде бірге ауырып, бірдей сезінеді екен. Екеуі екі қиырда жүргеннің өзінде. Ал біз... егіздің сыңарынан да жақынбыз ғой.
– Алыспыз, – дедім мен. – Бірдей сезініп, бірге ауыра алмаймыз. Бірліктен – қарама-қайшылық басым. Қақ айрылғанда... жақсылы-жаманды деп айтпайын, бір бас, бір жүректен бастау алған, өзара айырмасы бар екі-дай мінез, екі-дай таным, екі-ұшты мақсат... теңдей бөлінбей, қақ жарылып, әрқайсысы өз тарабына тартқан. Біреуге анау, біреуге мынау, біреуге азы, біреуге көбі кеткен. Яғни, екеуіміз – қарама-қайшы қалыптағы екі адам – керек десеңіз, өзара дұшпан болуға тиіспіз. Сені менімен қайта жүздестіріп отырған – риясыз көңіл емес, амалсыз қажеттілік.
– Мені жек көресің, – деді Марат. Мен де... қанша елемейін десем де, өте жайсыз жағдайға түстім. Өте өкінішті жағдай. Баяғыда менен бөлініп қалмай, бірге кетуің керек еді. Әуелде солай шештік қой. Аяқ астынан қобалжып, бұзылып... Енді өткен іске шара жоқ. Жек көрсек те, жақсы көрсек те мәмлеге келуіміз керек. Жаңағы... жармақ атаулының өзара өштігі туралы сөз... сірә, жалған лақап. Қарама-қайшылық бір кісінің бойында тұрса... өзін-өзі қалай жек көрмек. Біздегі бар айырма – сол ерекше сыпаттардың ажырап, бөлінуі ғана. Қайткенде де жаттық – біздің жолымыз емес. Өзімізге өзіміз орынсыз қиындық туғызудың қажеті қанша. Діңіміз ортақ, өзегіміз бір екені анық қой. Мен, тілесем де, тілемесем де, өзім тұрыпты, өзге, көлденең жұрт көзінде сенің есім, елесіңнен қашсам құтыла алмаймын. Бірге туған бауыр екеніңе ешкім де күмәнданбайды. Және менің төңірегімдегі барлық жұрт өз көзімен көрді. Сондықтан сені жатырқай алмаймын. Және жұрттан ұят, менің жақыным болғандықтан, сен жоқшылықта жүруге, таршылықта қалуға тиіс емессің.
– Мені сатып алғың келгені сол екен ғой?..
– Екі есеп, бір қисап, – деді Марат шімірікпестен. – Туыстық көмектің сені ештеңеге міндеттемейтін оңай жолын ұсынып едім. Саған да жақсы, маған да жақсы. Оны қабыл көрмедің. Жарайды, мен тым зәру емеспін, пәленбай ғалым деген дабыраға. Ақшаң жетсе, атақ шығарудың амалы көп.
– Сен арам ақшаңды көлденең тарта берме, – дедім мен.
– Адал ақша. Арам болса да ешкімнің дауы жоқ. Өрекпи бермей, сөз тыңдасаңшы.
– Айт енді, арманыңды түгесіп.
– Мен сені қайта көріп, риясыз әңгімелеспек ем, жас кезімдегі тұрпатымды жаңадан танығандай болып тұрмын. Енді... тағдыр солай жазыпты. Сен мені қалай кінәласаң да, менің саған өкпе, аразым жоқ. Әйтпесе, келмес те едім. Енді, келген соң, көрген соң, өткен мен кеткенді түгел саралап отырмын. Өкінішім де жоқ емес. Саған ғана емес, өзіме де... жаным ашиды. Мына мен де, сенімен бірге жүрген кезімде... ғылым жолын аңсап едім ғой. Бәрі басқаша шықты. Мен үшін. Ал сен сондағы үлкен мақсат жолында әлі де талмай еңбек етіп жатырсың. Үй-жағдайыңа, тұрмыс талқысына қарамастан. Сол үлкен шаруаны межелі жерге жеткізу керек. Сенің арманың – менің арманым. Сен жетсең, менің де жеткенім. Бірақ бұл қалпыңда бір күні үзіліп кетуің ғажап емес. Талассыз нәрсе, өнімді жұмыс жасау үшін қолайлы жағдай керек. Үй-жай, ас-су, бағым-күтім дегендей. Күнделікті тіршілікке қатысты тағы қаншама игіліктер. Осының бәрі қолдағы нәрсе. Менің қолымдағы. Саған тиесілі.
– Жөн-ақ, – дедім, күдік пен кекесін аралас. – Яғни, манағы, саудаға өтпей қалған ақшаны маған тегін бересің...
– Дәл таптың, – деді Марат менің бет-жүзіме тіке қарап. – Тек қаражат қана емес. Қаражұман мен Мақанның да ауыздары жабылады. Ғылыми жұмысың тежеусіз, көлденең бөгесінсіз алға басады. Жүйкең қалыбына түсіп, денсаулығың күрт жақсарады. Өрісің кеңіп, өмірің ұзарады. Осының бәрі – сен жек көретін ақшаның арқасында. Менің емес, сенің ақшаң. Тиесілі сыбағаң. Және мен үшін емес, өзің үшін өмір сүресің, еңбек жасайсың. Бұдан артық не керек?
– Ештеңе де керек емес, – дедім. – Сенің есебіңнен ештеңе де керек емес, – дедім, сөзімді түзете нақтылап.
– Бала болма, – деді Марат зілсіз. – Мен сенен төлемін сұрап тұрғам жоқ қой. Бар төлемі – өзіңді өмірлік мақсатқа жеткізетін ғылыми нәтиже. Менің орындалмаған арманымды сен жүзеге асырасың. Несі теріс? Көңіліңде маған деген әлденендей күмән болса, бірлігімізді, туыстығымызды ұмыт, демеуші деген бар ғой қазір. Жағдайы келісті әлдебір алпауыт ай даладағы әншіге концерт ұйымдастырып береді, алашағы, берешегі жоқ әлдебір жазушының кітабын шығарады, әлдебір академиктің тойын өткізеді, ол аз болғандай, тарту дей ме, таралғы дей ме, рет-орайына қарай әркімге иномарка машина мінгізіп жатады. Менің сол меценат байлардан қай жерім кем? Әлгі машина мінген академик, кітабын тегін шығарған жазушы сенен артық па? Оның үстіне, қанша айтсам да мойындамай қойдың, саған тиесілі, еншілі қаражат. Мен сол бір түнде... мейлінше қаталдық жасаған сияқтымын. Ортақ қалыңдығымызды айтпаймын. Әуелден маған бұйырған екен. Басқа... Сенің бойыңдағы, мен асыл деп, артық деп білген бар қасиетті, оған қоса, енді ғана аңдадым, жігер мен қайратыңның ең қажырлы бөлігін... тартып алып кетіппін. Жарайды, мұның бәрі санасыз түрде, менің еркімнен тыс ілесіп кеткен игіліктер екен. Мен сенің қалтаңдағы ең соңғы тиыныңды, үстіңдегі жалғыз костюм, жарамды көйлегіңе дейін сыпырып әкеттім, панасыз, қорғансыз, дәрменсіз қалыпта ескі жұртта жалғыз қалдырдым ғой. Менің бар сияпатымды соншама зорлықтың азғана өтеуі деп біл...
Балжаннан айрылған, барымнан айрылған сол бір азапты, қиын күндер ойыма қайта оралды. Көңілім бұзылып, үнсіз отырып қалған екем.
– Тағдыр кеш те болса, қайта табыстырды, – деді Марат. – Ендігі өкпе-аразға орын жоқ.
Оң қолын маған соза беріп, оқыс бөгелді де, пенжегінің төс қалтасынан әлде қағаз, әлде құжат, бір бума алып шықты. Алақанымен салмақтай басып, стол үстіне қойды. Қолын тартқанда көрдім, тығыз қатталған, ортасынан белдеулей оралып, әлдебір банк таңбасы басылған жасыл қағаз. Доллар. Он мың. Марат екінші, сол қолын келесі төс қалтасына тығып, тағы бір бума шығарды. Текшелеп, әуелгі кесектің үстіне қойды. Тағы он. Екі бума – тура жиырма мың...
Мен басында таңырқап, содан соң әлде тіксініп, әлде осыншама ақшаның мысы басып, құныса бақырайған қалпымда отырып қалсам керек.
– Бұл – алғашқы, оңтайлы қажетіңе, – деді Марат алақанын уқалап. Тағы да ұмсына бере, қолын кері тартты. – Тек, айналайын бауырым, бала қораз құсап, өнімсіз төбелеске ұмтыла берме. Саған керегі – ғылыми жаңалыққа құрылған толымды монография ғой. Ештеңеге алаңдамай, жұмысыңды жаса. Мұндағы тіршілік-жайың тұрыпты, сырттағы бар шаруаңды маған тапсыр. – Жеңіл күрсініп, азғана бөгелді. – Тек бір тілек... Екеуіміз қайтара кездеспей-ақ қояйық. Ауыр болар. Тіпті, телефондасып сөйлеспейік. Кеңеспейік, ақылдаспайық. Және біріміздің ісімізге екіншіміз қол сұқпайық. Араздасып қалармыз. Біздің жағдайда алыстан сыйласқан жақсы. Бірақ хабарсыз қалмаймыз. Міне, визитка, менің көмекшімнің. Тікелей кеңсе телефоны, қалта телефоны. Бірақ көбіне өзі хабарласар. Ара-тұра, айрықша керексіп жатсаң... әрине, өзің соғасың. Аспандағы ай... – Марат мекірене күлді, – менің екі қатынымнан басқа бар қажетіңді орнына келтіреді...
Менің жауабымды күтпестен, теріс айналды да, нық басып шығып кетті.
Бұл кезде аппақ болып таң да атқан екен.
29
Сол күннен бастап, менің тұрмыс-тіршілігім өзгеріп, бар өмірім жаңа бір арнаға түсті. Қуатым қабындап,өзіме деген сенім кеудеме сыймай тұрғандай. Әуелі Академкітап дүкеніне барып, тоталитарлық тәртіп құрдымға кеткеннен бері шын еркіндік тапқан орыс ғалымдары дайындап шығарған, сапалы қағаз, қымбат мұқабалы, кесек-кесек, том-том, әлемдік тарих пен қоғамдық ой, әдебиет пен философия тарабындағы, Ресей мемлекеті, Ұлы Дала, Мұсылман дүниесіне қатысты құнды кітаптарды қабатымен, тобымен сатып алдым. Содан соң бар шоқпытымды бүтіндеп, шыттай киіндім. Тесік шұлық, шоңқиған туфли, жыртық дамбал – көнетоз костюм, мыжырайған қалпақ, салпиған пальтомен бірге қоқысқа тоғытылды. Сапалы, қымбат киім-кешек, кеудеше, аяқ киім, бұт киімдерді айтпағанда, әдепкі күнделікті костюмнің өзінің төртеу-бесеуін қатарынан алыппын.
Әуелде қайырдан түскен көлденең қаражатты қажетіме жаратуға дәтім бармады, әлде ұрлық жасағандай, әлде пара жегендей ыңғайсызданып, қоңылтақсып едім, қажетті, қолға түспес кітаптардан бастап, аз-маз ауызданған соң, арада апта өтпей үйрендім. Қайткенде де адал ақша. Екінші жармағым тапқан, яғни өзіме өзім сыйлаған еншілі сыбағам. Және тек қана игілікке жаратам ғой. Әрі тым көп те қаражат емес. İлкіде көл-дария боп көрінген қос бума шетінен жеміріле бастағанда, онның бірі кетпей-ақ аз көрінген. Бұлай шаша берсем, шашып емес, қажетімнің өзін ірікпесем, жарым жыл өтпей сарқылады екен. Тағы да баяғы кедейшілік. Әуелгі кебіме қайта оралу сұмдық апат көрінді. Енді жағдайды пайдаланып, осы бар кезімде, әбігерден туған еріксіз демалысымды үзіп, жұмысқа қаптал отыру керек екен. Әзірге жеткен жерімді байыптап, қолдағы барды қайта қарасам, мойындағы жұмыс әлі де бірталай көрінді. Темір тор қираған соң көкжиек өлшеусіз кеңіген, тарихымызға қажет қаншама жаңа дерек, тың зерттеулердің беті ашылған. Тіпті, ежелден бардың өзін жаңаша байыптау қажет. Бұрынғыдай жан-жағыңа жалтақтамай, кімнің қыбын табам деп қорғаламай.
Жастық арманыммен қайта табысқандай, ескілікке көмілдім де кеттім. "Тәуелсіздік деген осы!" – деймін, соны байлам, тың пікірлерімді жапырақ қағазға жеке тезистер түрінде таңбалаған сайын, көкірегімді кере масаттанып. Кенет... бұл тәуелсіздік келер-келместен, бұрынғы тар заман тозақы заманға айналғаны, бейбіт, тыныш күнде, небәрі екі-үш жылда ел-жұртыңның жаппай тозып кеткені... менің өзім арып-аршып, жан төзгісіз жағдайға ұшырап... ғайыптан оңалғаныма анық бір ай өтпегені... есіме түсіп, өзімнің екі-дай жағдайыма таңырқай қараймын. Неге аяқ астынан өзгере қалды – заман емес, менің жармағым? Әлде тереңнен тартқан басқа бір мақсаты бар ма? Таразыға салсам, құр күмән көрінеді. Менің игілігім – яғни екеуіміздің ортақ, ортақ емес, іліктес өміріміздің оңды болғанынан басқа ниеті жоқ сияқты.
Тегеурінді әрі тыңғылықты жұмысқа кіріскеніме оншақты күн өтер-өтпесте, Ғылыми кітапханадан кештете шығып, жадау пәтеріме келсем, тар кухнядағы жалаңаш тамақ-стол үстінде үлкен, қалың конверт жатыр екен. Қайдан келгені белгісіз, шығасы, кіресі адресі жоқ. Бірақ маған арналса керек. Ең кереметі – мен қолыма мол ақша түскеннен соң жаңадан салдырған темір есігім, және қабаттаған қос құлып бөгесін болмаған, оп-оңай ашқан, кірген, қойған. Яғни, мен бармын ба, жоқпын ба, кез келген уақытта, тіпті, түнгі ұйқы үстінде еркін кіреді және ойына келгенін істей алады деген сөз... Қалай қорықпассың. Алдымен қолыма ілінген оқтауды ала салып, төрге озып, столдың астын, шипәнердің ішін, диванның артын тексеріп шықтым. Иә, содан соң қайта оралып, туалет-ваннаны. Ешкім жоқ, ештеңе орнынан қозғалмаған. Табақтай пакет көктен түскендей. Буынымды бекітіп тұрып қолыма алдым. Әуелде қас па, дос па, қайткенде де мені шырмап алған жармағым мойынға артар әлденендей бұлтартпас шарт... әлде басқадай талап қойып отыр ма деген қауіп, содан соң... үрей – менде мол ақша барын білген қарақшы рэкет... барымды түгел талап етеді... – екі-дай сезім үстінде, шетінен жыртуға батпай, қайшымен қиып, қолым қалтырамаса да, елбірей толқып, әзер аштым. Әуелі – бір жапырақ қағаз, қақ ортасында – компьютермен терілген, қолтаңбасыз, шағын хабарлама.
"Қаражатым сарқылып қалады деп қорықпа. Өзіңнен басқа ешкімге де керегі жоқ ғылыми жұмысыңда зорығып кетпе. Денсаулығыңды күт, іш, же, ойнап-күл... Мынау – Бас банктің "Алтын кәртішкесі" – арнайы есепшотың. Және соған сәйкес қажетті құжаттар. Тағысы тағы болады. Өзің."
Яғни өзіме өзім сыйлағам. Ең бай, ең беделді банктегі тиесілі ақша көзі. Сыбағалы үлесім ғой... Масаттанып, маңызданып, асықпай отырып, мұздатқыштан алып, бір стақан лимонды су іштім. Ентігімді басып, тынысым түзелген соң, тиесілі үлкен пакетке оң қолымды молынан салдым. Әуелі – қаражат куәлігі – бетіне алтынды бедермен менің аты-жөнім, есепшот номері жазылған, банк деректері таңбаланған, визит кәртішкесінің үлкендігіндей ғана бір жапырақ теміршек, жоқ, әлумен әлде күміс... "Алтын" атанғанымен, сырты ғана жылтырайды, күміс емес, кәдімгі пластик болуы да – қайткенде де мол қазынаның сиқырлы кілті. Оны алып бір қойдық. Келесі – үлкен пакет ішіндегі кіші конверт. "Алтын кәртішкенің" өзім ғана білуге тиіс құпия коды екен. Одан әрі... толып жатқан қосымша, көмекші жапырақтар, анықтама құжаттар. Оқып отырып, өзім де қайран қалдым. Қолыма берілген кәртішкенің құдыретін тани түскендеймін. Жай ғана ақшалы кілт емес, баяғы Аладдиннің қырық қарақшыдан олжалаған сиқырлы шамымен парапар. Банктің есігі ашық – қалауыңша аласың. Жол жүре қалсаң, өз елің тұрыпты, жер әлемнің шалғай түкпіріндегі ақша қоймалары түгел қызметіңде. Париж бе, Стамбұл мен Лондон ба – ертегілік елдегі кез келген байтақ шаһар, таңдаулы отельдер дайын. Ауырсаң, сырқасаң, ем-дом тегін, ең ақыры, ажал жетіп, кездейсоқта өле қалсаң, мәйітіңді үлестегі ақшадан бөлек, сырт қамсыздандыру есебінен, туған еліңе әспеттеп жеткізіп береді... Өлмей-ақ қой, тіршілігіңде бар қызыққа кенелесің. Енді кергімегенде қайтерсің. Асып-таспас не жөнің бар. Сырдың суы тұрыпты, мұхиттың суы тобығыңнан келмейді. Көңілімнің шалқығаны сондай, ас батпай, кешкі тамағым – жолдағы кулинар дүкеннен, жүрек жалғау үшін ала салған самса мен құймақ жеусіз қалды.
Ертеңіне, әдепкідей байыздап отыра алмай, Ғылыми кітапханадан күн еңкеймей шықсам, сыртта баяғы... Бас көмекші, әлде Бас менеджер, әлде орындаушы директор ма, ит біліпті, әйтеуір Мәкеңнің ең сенімді көмекшісі, ескі таныс көлденеңдеп тұр. Анада сияпатынан жаңылмаса да, кеуделі, еркін еді, енді мен жоғары, ол төменшік. Өзінің орнына сәйкес, ізет, ибамен сәлемдесті.
– Сізді маңызды жұмысыңыздан қалдырып, мазалауға батпап едік, жақсы шықтыңыз, – деді шынымен қуанып. – Қазір бір жерге... қарсы болмасаңыз...
– Алыс па? – деп сұрадым. Қайткенде де көңілімде қатер бар.
– Тау жақ бетте. Ауасы таза, тамаша жер.
Көңілім онша орнықпаса да, байыз тапқандай болдым. Енді бас көмекші бөйтеңдеп, жорғалай жөнелді.
– Былай, былай... – дейді.
Сол кезде көшенің арғы бетінде, жолымды тосып, әлгі, бай-бағландар ғана мінетін, пәленбай деген, кіші-гірім вагонға жақын, "Бірдеңе-паджеро" ма, "Сірдеңе-круз", әлде "...круиз" бе, арыс-алып машинаға көзім түсті. Келдік.
– Артқа отырасыз ба, алға отырасыз ба? – деді, екі есікті қатарынан ашып. – Шеф артқа отыратын, оң жақтан.
– Бастықтың меншікті орнына жабыспайын, – дедім. – Алға отырам.
– Ол кісінікі басқа, бұдан гөрі тәуірірек машина, – деді Көмекші күліп. –Мейліңіз. Бірақ сіздікі де жөн.
Мен ойлағандай ұзамадық. Тым алысқа ұзамадық. Қаланың түстік-шығысына, тауға қарай өрлейтін кең даңғылды бойлай келе, солға бұрылып, жасыл беткейде жаңадан өсіп шыққан, еуропалық үлгідегі, биік, сәнді ғимараттың алдына тоқтадық. Бауырыммен, бауырым емес, жармағыммен оңаша үйде кездесетін болдық. Тағы не айтар екен. Сірә, жаңа шарт... Кіре беріс дәлізде күзетші. Нақтыласақ, қарулы сақшы. Есіктегі әйел, әлденендей қызмет, міндеті бар тағы біреулер. Байлар тұратын үйге тән, қалыпты жағдай. Жап-жаңа, тап-таза, шынылы, сұлу лифтімен жетінші қабатқа көтерілдік. Даланының өзі даладай. Бүтін бір қабатта жалғыз-ақ пәтер бар сияқты. Көмекші жанқалтасынан бір буда кілт алды да, ұзынды-қысқалы екі-үшеуін бірінен соң бірін салып, дыбыссыз бұрап жатыр, майлы құлыпты. Келер мезетте үлкен, қалың, болатты есік айқара ашылған.
– Оң аяғыңызбен, ағасы, – деді Көмекші маған жол беріп.
Оң аяғыммен аттадым. Сыңғыраған, өзгеше дәулетті, кең сарай. Дәлізінің өзі бір бөлмедей. Мен алға аттай бере бөгеліп қалдым.
– Біздің шеф... – деді Көмекші сәл-пәл мекіреніп, жеңіл әуезбен, маған қарап жымиып тұрып, – біздің шеф жеке коттеджден гөрі осындай, бар қызметі ішінде орналасқан, арнайы пәтерді жөн көрді. Сізге де ұнайтын шығар деп ойлаймын. Екі жүз қырық шаршы метр. Жеті бөлме, бөлек-салағын есептемегенде. Ғылыми жұмысыңызға қолайлы жағдай. Көлденең бөгесін, артық дабыр, у-шу жоқ. Төменгі, нөл және минус бірінші этажда қызмет жайлары.Қажетті тамақ, барлық керек-жарақ, – мына қоңырауды бассаңыз болды, радиотелефон, айтасыз, қалаған уақытыңызда қолма-қол жеткізіп береді. Енді төрге озыңыз. Бар шаруашылығыңызды көрсетейін. Ең жоғарғы және ең үлкен бөлме – кітапхана-кабинеттен бастайық. Елу... Елу сегіз шаршы метр. Мінекиіңіз. Төрт қабырға түгел сөре, әзірше толтыра алмадық, небәрі жеті мың томға тақау, сізге ең қажетті деген, қалғанын өзіңіз жабдықтайсыз ғой... Әзірше не бар десеңіз, біздің шеф сізге не керегін жақсы біледі ғой, арнайы тапсырыспен Москвадан, Санкт-Петербургтан, енді бірқатарын Алматы мен Ташкенттен алғызды. Міне, – деді мені жетелегендей алға шығарып. – Әуелі – бүкіл әлем әдебиеті. "Илиада", "Одиссея", "Маха...раджа"...
– "Махабхарата",– дедім.
– "Маха... Бхарата", "Рама..." – "Рамаянадан" бастап, Толстой, Бальзак, Достоевскийден өтіп, бүгінгі кім еді... әлгі, жұртты көп шулатқан, иә, міне Маркус...
– Маркес, – дедім.
– Маркес, қатарында тұрған – Кортасар, алдында тұрған – Борхеске дейінгі бүкіл әлем классикасы деп айтты. Бұрынғы даңқты ақсақалдар, бүгінгі дабыралы есімдерден қолға ілінбеген ешкім қалған жоқ. Бірталайы совет заманында тиым салынған, немесе шектелген, енді ғана жарыққа шыққан дүниелер болса керек. Джойс, Пруст, Кафка, Миллер... Бұл – көркем әдебиет. Терең ойдан шаршаған кезде ермек қылып, көңіл делбейтін. Ал мынау – анықтама кітаптар. Ескі "Совет энциклопедиясынан" атақты "Британникаға" дейін. Және "Қазақ энциклопедиясы". Баяғы, тәуір, алғашқы басылымы және соңғылары да түгел. "Жануарлар әлемі", "Өсімдіктер әлемі", "Өнер энциклопедиясы"... Енді... басыңызды ауырта беріп не қылайын, өзіңіз де көріп тұрсыз, анау – саясаттану, философия. Ежелгі грек ойшылдары, өзіміздің Фараби, Орта ғасырлардан бергі Еуропа ғұламалары, кейінгі Тойнби, Шпенглер, Рассел, Сартр, Ганди мен Неру. Бұрын қолға түспейтін, құбыжық деп көрсеткен Ницше, Шопенгауэр, Ламброзо, Фрейд. Блавацкая, Рерих...Бұл жағынан қапы кеткеніміз жоқ, ағасы. Барын түгел түсірдік. Әуелден хабарыңыз мол, әрине, бірақ қолда, көз алдыңызда тұрғанға не жетсін. Иә, айтпақшы, мына екі-үш сөре – ағылшын тілді әдебиет, әзірше орысқа аударылмаған: кешегі Черчилль, мемуар кітабы, сөздер мен толғамдар жинағы, содан, кейінгі Батыс ойшылдарына түсесіз – Ортега-и-Гассет, Фукуяма, Хантингтон, Валлерстайн дегендей...
– Бауырым, сенің өзің де әрнеден хабардар сияқтысың ғой, – дедім, кітапхана құрамына риза болып. – Керегін тауып, бәрін жабдықтаған өзің сияқтысың...
– Аға, бәрі де сол кісінің арқасы ғой, – деді Көмекші ашық әуезбен. – Мен, аға, тәуелсіздікке дейін филосифия институтында аспирант болғам, – деді тіке қарап, жанары жарт етіп. – Соның алдында, университетте оқып жүргенде дзю-доға қатысып, спорт мастері, қала чемпионы болғам. Өз тарабымнан сабақ алып, каратэге де машығып едім. Ақыры, білігім емес, білегім алып шықты қиын-қыстау заманнан. Әуелде шефтің – сіздің бауырыңыздың жеке оққағары болдым, содан соң адал еңбегіммен сенімге кіріп, бір саладағы атқарушы директор болдым. Шаруашылық қана емес, отбасына, жеке өзіне қатысты ең маңызды жұмыстар да әдетте мен арқылы жасалады. Анау – өзіңіз тойда көрген және көрмеген сақшы, оққағар атаулы түгелдей менің бұрынғы әріптестерім, кейінгі жолдастарым... Жарайды, аға, көп сөйлеп кеттім, – деді тартынып. – Сізді білгендіктен. Өзіңізді көрмесем де, "Академия хабаршысынан" есте қаларлық екі-үш мақалаңызды оқып едім. Шефпен алғаш танысқанда бірден ойладым. Әрине, сондай ағаңыз бар ғой деп, сұраусыз, артық сөз айтуға болмайды. Бүгін де... қазақшылап кетім ғой деймін. – Әуелгі салмақты, ұстамды кейпіне көшті. – Біздің шеф... универсал кісі ғой, іскер ғана емес, жомарт, кең, жарылқай да алады, талап ете де біледі, тумысынан лидер, жұртты ұйытып, төңірегіне топтай алады. Әлі көресіз. Жаңа күш алып келеді, бұл – басы ғана... Солай болуы заңды. Қазақтағы аталы әулеттің тұяғы... екенсіздер. Иә, аға. Енді, мына бір қабырға – тұтасымен өзіңіздің тарих, – деді төрт-бес қадам алға басып. – Карамзин, Ключевский... Бартольд, Бахрушин... Вернадский, Гумилев... Отан тарихына қатысты түпнұсқа зерттеулер көңілдегідей болмады, іздегеннің бәрі табылмады. Әйткенмен, – деді, – өзіңіздің қазіргі кітапханаңызда бар шығар, бірталай дүние. Содан соң, міне, – деді абажадай кабинеттің қақ төріне аяқ басып. – Сіздің жұмыс столыңыз, қатарындағы арнайы столда – компьютер, интернетке қосылған. Қазір дүниенің кеңіген заманы, қажетті ақпар, қалаған әдебиетіңізді іздеп табуға мүмкіндік мол. Осы интернет арқылы жалғасып, айрықша құнды, ділгір кітаптарыңызды сұрастырып, қолында бар кісілерден тиесілі бағасына сатып аласыз, кітаптың өзі болмаса, ксерокөшірмелерін алғызасыз, оның үстіне әлемдегі ең бай кітапханалармен хабарласуға мүмкіндігіңіз бар... Несіне айтып тұрмын, – деді содан соң ыңғайсыздана жымиып. – Өзіңіз де білетін жағдай.
Достарыңызбен бөлісу: |