Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет14/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

54
Екі күн өтіп, үшінші күні атүсті хабар емес, арнайы жазылған хат, хат емес, бағдарлы мәлімдеме келді.

"Осы уақытқа дейін арыла сөйлеспеген екенбіз. Әрине, менің кінәм. Қажет санамағам. Әлі де күмәнім бар. Дегенмен, сен қабылдарсың, қабылдамассың, негізгі – сен үшін аса мәнді мәселе төңірегінде екі-үш ауыз сөз. Екеуіміздің арамыздағы алалық содан туындап жатыр.



Мен – болмаған тарихшы, сен – болған тарихшы. Бірақ менікі кемшілік емес, сенікі артықшылық емес. Керісінше, мен өзім таңдаған салада айтарлықтай табысқа жеттім, сенің өмір бойғы бар қырсығың осы тарихтан бастау алады. Тарихтың өзі емес, тарихтағы және бүгінгі қазақ туралы ұстанымың. Сен білетін қазақ – өткен заман қазағы. Рас, ер болды, мәрт болды. Ел болды. Бірақ ол қазақ Кенесары-Наурызбаймен бірге өлген. ХХ ғасырға жеткен жұқанасы, яғни кеудеде қалған кісілік пен намыстың ең ақырғы жұрнақтары 1932 жылғы ғаламат ашаршылықпен бірге тозды. Одан соңғы қазақ – мүлде басқа жұрт, басқа ұлт. Асып кеткенде, өткен қазақтың жармағы ғана. Сенің түсінбестігің сонда. Түсінбестігің ғана емес, трагедияң. Сен бағзы тарихтан таныған ежелгі ғұн, түрік дәуірі, оған тете Алтын Орда, оған жалғас Қазақ Ордасының елесімен жүрсің. Бүгінгі қазақ – сол қазақ, қаны бір, жаны ортақ, тек заманы басқа деп ойлайсың. Ал мен өткен тарихтың жалпы сұлбасын біле тұра, ой-пікір, байып-толғамым бүгінге бейім, бүгінгі қазақты нақты танып, зерттеп танығандықтан, сен сияқты елес, ой-қиялдағы қазақ емес, өзімізбен қатарлас өмір сүріп, тірлік кешіп жатқан ел-жұртымыз туралы мүлде кереғар қорытындыға келдім. Сенімен бірлес кезімде: баяғыда солай еді, енді неге бұлай деген күмән тұратын көкіректе; тымырсық архивтен кетіп, тар қаладан кең дүниеге шыққан, қазақтың қайнаған ортасы, жаңа өмірге бойлай енген соң, заман оза келе, неге бұлайын ғана емес, нақты қандайын да қапысыз таныдым. Әлемдегі ең сорлы, ең қор халық екен. Ақылдың аздығынан, қажыр-қайраттың кемдігінен емес. Күні біткен, болашағы жоқ халық екен. Білімнің олқылығы, қабілеттің төмендігінен емес. Ақыл да, қабілет те, күш-қайрат та жетерлік. Пайым, парасаты да артығымен. Жетпейтіні – бір-ақ нәрсе, өкінішке қарай, ең басты нәрсе. Арбаның күпшегі, қораның тіреуі деген сияқты. Бүгінгі тілге көшірсек, машинаның моторы, ұшақтың қанаты дегендей. Оның аты – ұлттық сана. Ұлттық сана жоқ қазақта. Жалғызға емес, жалпыға тән, сүйекке сіңген, қалыпты сыпат. Және назары мен қажыры күнкөріс, тіршілік соңында кеткен бұқара жұрт қана емес, ұлттың бетке шығар кісілері: биліктегі, бизнестегі, саясат пен шаруашылықтағы алпауыттарың тұрыпты, зиялы аталатын, елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан. Қайталап айтайын, қазақта ұлттық сана деген атымен жоқ. Қалған барлық пәле осы жалғыз-ақ кінәраттан туындайды.

Мен өткенді араға тартпаймын. Жарайды, отар болыпсың, кіріптар болыпсың. Бәрі сырттан, жоғарыдан шешіліпті, мұндағы қуыршақ үкіметіңе отарлаушы, өктем халыққа бейім ғана емес, исалмас, тіпті, өз жұртына жау кісілер тағайындалыпты, еріксіз ел амалсыздан бәріне көніпті. Қазір бас билік қазақта. Ал, не болды? Жеріңнің асты мен үстіндегі бар байлық талапайға түсті. Қарақшы болса да қазақ алса жөн ғой. Билік басында отырғандар азды-көпті параға түгелдей жат жұрттық жалмауыздарға өткізді. Жүз есе кеміс бағамен, тегінге жақын. Обал-сауапқа, аруақ, құдайға қараған жоқ. Тым құрса, қолда тұрғанда өздері алсайшы. Бірінің екіншісіне беретін бастырық ақшасы жетпеді, екіншісі – үшіншісі байып кетеді деп қорықты. Сөйтіп, қазақтың неше мың жыл бойы сақтаған, енді неше мың жыл бойы ұрпағыңды бақытқа жеткізер қисапсыз байлығы далаға кетті. Өзінен қызғанғаны өзгеге бұйырды. Мұндағы біздерге жұғын, қаспағы ғана тиді. Қазынаның бір шетінде жүрген бізге. Қалған қара қазақ тақырға отырды. Ендігі сыбағасы – мың жылдық құлдық. Әуелгі жүз жылға аман жетсе. Жетпейді. Кеткен кенің, таланған қазынаңа салауат. Енді табан астындағы қара жеріңнің өзі саудаға түскелі тұр. Жерді сату туралы мәселе көтеріліп жатқанынан хабардар шығарсың. Әзірше қабылдап үлгерген жоқ, бірақ сөзсіз жүзеге асады. Манағы ер қазақ мың жыл бойы қан төгіп қорғап келген, кейінгі ұрпағына мирас қалдырған қайран жер түгелдей жеке меншік бөліске түседі. Қазіргідей, үй салатын, бақшалық, шағын кесіммен емес, тауың тұтасымен, орманың орамымен, көлің көлемі, өзенің ұзына бойымен заңсыз телімге түсіп, кең далаңның дал-дұлы шығады. Әрине, қазақ үшін емес. Ұлтарақ тисе тәуба айтарсың. Ең шұрайлы, ең құйқалы, құнарлы қоныстарың түгелдей орыс-орман, жойыт-жебірге бұйырады. Шешім шығарған кім, бөліске салған кім? Азғана пайданы ойлап, мың жылдық ұрпағының болашағын кескен қазақтың өзі. Билік дерсің. Отарлық, жат жұрттық билік емес қой. Егемен деп аталатын елдің өз иелері. Қазақ. Ал, не айтасың? Саудаңның шынымен біткен жері осы. Енді нең қалды? Дінің мен тілің бе? Мұсылман болып жарытпаған қазақ қазір христиан дінін қабылдап жатыр. Кришнаит болып жатыр. Ешкім зорлаған жоқ. Өз қалауы, өз еріктерімен. Азып-тозудың бұдан артық қандай көрінісі болуы мүмкін? Ал тілдің мәселесі тіпті қиын. Әлемде өз тілінен безген жалғыз жұрт болса, ол – қазақ. Ана тілін тіршілікке қажетсіз деп санайды. Сондықтан, баяғыда орыс, енді ағылшын. Тума тілін білгісі келмейді, білсе тезірек ұмытуға тырысады. Жай ғана жерімеген, керек десеңіз жиренеді. Заттық және рухани қайыршылық үстінде отырып, соншама астам. Жалпақ жұртыңыз. Ал қазіргі "қазақ элитасының" жаңа әулеті өз ұлтын сыйламақ түгілі, қазақ атануды намыс көреді. Сен білесің бе, шет елге, республика қаражатымен, "Болашақ" атты арнайы бағдарлама бойынша, – Америкасы бар, Англия, Франция, Германиясы бар, әлемнің ең таңдаулы университеттеріне оқуға жіберілген, бес, он емес, бірнеше жүз қазақ жасының осы жақында ғана қандай мәлімдеме жасағанын? Қазақ ұлтшылдары, яғни мына сен талап етіп жүргендей, Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі күшіне енетін болса, біз мұндай отанға қайтып оралмаймыз деген. Міне, сенің ең тәуір болашағың. Ал енді ұлттың ұйтқысы болуға тиіс, сырттан шынында да солай көрінетін қазақ интеллигенциясы, өз тілдерімен айтқанда, "зиялы қауымға" келейік. Шыңыраудың түбінде жатқан, нағыз қорыс батпақ осы емес пе. Бос шулағаннан басқа не бітіріпті. Шуының өзі берекесіз, үзік-жыртық. Ештеңенің байыбына бармайды, ештеңені байыздап ұқпайды. Өкіметтің қыбын қалай табамыз дегеннен басқа қам-қарекеті жоқ. Дәрменсіз ғана емес, жалтақ. Тым құрса, өз бастарын қорғай алмайды. Күнкөрісі төмен екен. Кім кінәлі? Өздері. Жабыла мақтағанша, жапырлап сұрамай ма тиесілі сыбағасын. Сұрау тұрыпты, талап қоймай ма. Жоқ. Үйшік алдында бұратылып жатыр. Байлауда, аш ұстаған қожайынға жағынып, құйрығын бұлғаңдатқаннан басқа, ара-тұра көлденең өткенге шәу-шәу үріп қойғаннан басқа қандай тіршілігі бар? Мейлі, дәрменсіздігі заманнан дейік. Ұлттық мәселелерді көтере алмаса, білімсіздігі дейік. Бірақ адамдық кескіні қайда? Ұлт үшін, ұлттық рух, ұлттық мәдениет үшін жанқияр еңбек етіп жүрген бірлі-жарым азаматтарға жаппай топырақ шашуын қалай бағалаймыз? Кезінде Ахаң мен Жақаңды қалай құртты. Мағжанның түбіне қалай жетті. Мұхаңды қалай қудалады. Тоталитарлық система дерсің. Сол системаның сенімді қаруы кім еді? Мағжанның, Мұхаңның ұлтшылдығы туралы мақалаларды орыс жазып па, қайта, қорғаған сол орыс емес пе – бірін түрмеден шығарды, екіншісін мұратына жеткізді. Енді, отарлық заманды ұмытып, егемен күніңе келейік. Құлдар билікке жетті. Билік арқылы байлыққа кенелді. Кешегі, қарғыда өскен сатымсақ партноменклатура және олардың сырқат саналы үрім-бұтағы ғана емес. Өткендегі науқаншыл жандайшаптар мен жаңадан күш тапқан әрқилы авантюристер. Оларға ұлт емес, ұлағат емес, ордалы тұғыр, қордалы байлық қана керек еді. Бар мақсаты оңынан түсті, ойына келгенін жасады, ойрандап бітті. Дәл сондай таным, сондай пиғылдағы, бірақ билікке иектемей, байлыққа ілінбей қалған пақырлар не істеуі керек? Сататын, өткізетін ештеңесі де жоқ, қазақтың аты мен затынан басқа. Өткен тарихы, рухани қазынасынан басқа. Олар да топырлы дуға араласты. Билік пен байлыққа жағу үшін, өздерінің де кісі екенін әйгілеу үшін. Яғни, бұрын ештеңе де болмады, тарих та, мәдениет те бізден басталады демек. Баяғы Октябрь төңкерісінен соңғы құл-құтанның ұраны бойынша. Ата-қазақтағы ұлы тұлғалардың бәрі мансұқ етілді. Ойшылдарың – қияли, ақылманың – наркоман, ғұламаң – сатқын деп жарияланды. Ешқандай теріс айғақ, қиғаш дерек болмаса да, бәрі кәкәй. Есесіне, әр ауыл, әр аймақтан жаңа тұлға, ақын, батыр, әулиелер ойлап табылды. Дерексіз аруақ, тіпті, көпшілігі өмірде болмаған елестердің бүгінгі "алыптарға" ешқандай бөгісіні жоқ. Яғни, тақыр-таза жерде тау тұрғызу қиын емес. Өстіп, егемен заманның ерекше тұлғалары қалыптасты. Мәселен, ұлттың рухани көсемі Мүштар Мақанов сияқты. Айқай, ұран, құр кеуде. Не ақыл жоқ, не білім жоқ, не түйсік, не ұят жоқ. Және қалай айтсаң да, қазіргі жұртыңа лайық. Ой өрісі де, ұғым-таным деңгейі де, адамдық қалып, моральдық ұстанымы, өткен мен бүгінге көзқарасы да. Үйлес төбешіктердің ішіндегі шоқысы. Қажетті сұраныстан туған еріксіз тауар. Ел-жұртыңның қалауы мен тілеуінің нақты көрінісі. Жалпыға тән жамандықтың шіріген шикі жемісі ғана. Ал сен бар пәлені өзі де құрбан болып есептелуге тиіс, орайлы жолмен бақ қуған әумесір сорлыға апарып жапсырасың. Мәселен, күні кешегі, саған тікелей қатысты, қаншама айқай болған, тарих төңірегіндегі әңгіме. Сені сотқа тартуды, жұмыстан шығарып, шет елге қууды талап еткен "еңбекші" қауымға өкпе жоқ екен, – ұқпапты, білмепті, сөзге еріпті. Ал ұлттық парламенттің ғұзырлы жиырма сегіз депутатын, әрқайсысы әр салада үлкен атақ, абыройға жеткен он бес академикті, ананың да, мынаның да ішінде бөтен ешкім жоқ, бәрі де қазақ, сол, қырық бірдеңе кісі – егемен еліңнің бетке шығар азаматтарын қазақта тарих болмады, Әз-Жәнібектен Абылайға дейінгі барлық хандарың қазақ емес, моңғол, бұл халықта бізге дейін тиесілі территория да, тәуелсіз мемлекет те болған жоқ деп жұлқындырған кім? Иә, ұйымдастырушысы бар, бірақ нұсқаушы, мәжбүрлеуші емес қой. Өз еріктері, өздері. Не күн туыпты бастарына? Жарайды, бүгін көңілдеріне жақпаған әлдекімдерді мұқату, жеккөрінішті, сұмырай қылып шығару қажет екен. Сонда әлгі кісімен бірге өткендегі бүкіл қазақ тарихын мансұқ ету шарт па еді? Мейлі, жаңағы жиырма сегіз депутат түгел надан, он бес академигің түгел ақымақ екен дейік. Ал солардың осыншама сандырағын жарыққа шығарған баспасөз тұтқасында отырған кімдер? Бір, екі кісі емес, бір, екі басылым емес, бүкіл республикалық баспасөзге не болды? Бүкіл ұлтты қорлаған осыншама, бейбастақ қана емес, зиянды, былғаныш науқанға орай наразылық танытқан, қарсылық білдірген бір ауыз уәж айтылмауын қалай бағалау керек? Сұмдық қой. "Темірқазықты" қалай талқандар екен, Бас редакторға, мақала авторына қандай жаза қолданылар екен деп, қызыққа қарап қана отырды. Қазақ намысының, әдепкі адамгершілік қағидаларының өздеріне ешқандай қатысы жоқтай. Шынында да қатысы жоқ. Өйткені, бас пен аяқ бір қисап дегендей, арғы, бергіңе түгел тиесілі, жалпыға ортақ бір сыйпат бар. Ұлтсыздық деген. Ұлтсыздық – ұлттық сана, ұлттық сезім, ұлттық танымның жоқтығы ғана емес. Адамдық кептен айрылу, қасиетсіздік деген сөз. Бір кісі, он, жүз кісі емес. Тақта отырған патшадан тақырда отырған қарашыға дейінгі аралықтағы бүкіл ел-жұртыңызға еншілі сыбаға. Біле-білсең, өкіметте, жоғарғы, төменгі билікте алабөтен кінә жоқ. Барлық былық ісін халқыңның қалуымен, қалау болмаса, мақұл, ризашылығымен, бұл сөзді артығырақ көрсеңіз, үнсіз, дәрменсіз келісімі нәтижесінде жүзеге асырып отыр. Жалпақ жұрт, бүкіл қауым санасыз, намыссыз, тілсіз ғана емес, өжданы кем, рухы әлжуаз болғандықтан. Енді осындай жетесіз, құнсыз халық үшін мен неге өлуім керек? Сөзіме сендіре алмаймын, сенгені сол, өзімді қарабет қылғысы келеді. Көзін ашайын десем, менің өзімнің көзімді шығаруға бейім. Отқа айдасаң, боққа қашады, түнек шыңырауға, қараңғы көрге ұмтылады, және сені өзімен бірге ала кетпек. Жоқ, мен тойып біткем сенің қазағыңа. Кешелі, бүгін емес, бұдан қырық жыл бұрын, өмір жолының басында. Сенен бөлінуім – сол түңіліс нәтижесі екен. Тура жол тауыппын. Өмірім оңды болды. Азап, қайғысыз, ой, уайымсыз. Барлықта, байлықта. Ал сен ше? Итпекте деп айтпайын, не асқа, не киімге жарымадың, азап астында, мазақ, қорлық үстінде күн кештің. Кейінгі алған алғысың тағы белгілі. Енді келіп мені кінәламақсың. Сатқын деп ойлайсың. Әй, бұл қазақта сатылмаған кім қалды? Не қалды? Қираған, суға батқан кемемен бірге кету – кісілік пе? Жан сақтап, жуан бөренеге жармассам – жамандығым ба? Және жан сақтығысы келетін – жалғыз мен бе? Күшің бойыңа сыймай бара жатса, сол мықтыларды жөнге келтір. Әйтпесе, менің азғана қызығымды улама. Онсыз да жаным жаралы, тынышымды кетірме. Мен осы қырық жыл бойы жетісіп жүрді деп ойлайтын шығарсың. Балжан мен балалардан басқа қызығым болған жоқ. Бауыры қызу жас тоқал – ашу, ыза, түңіліс жан-жақтан құрсап, күн еңкейген кездегі алданыш қана. Ендігі бар көрер игілігім – билікте ме деп едім. Араға келіп сен қыстырылдың. Күйдірме жанымды. Тыныштық бер. Жармақ.

P.S. Екі сөздің бірін жеткізе алмадым. Әйтсе де екі қайтара оқы. Содан соң өзінен өзі өшеді, бұрынғы хаттар сияқты. Мен алдымда да, артымда да айғақ қалдырғым келмейді. М.Қ."

Біздің Жармақ бүтін шықты. Ақырзаман адамы. Қазақ ақырзаманының. Бүкіл дүниеден түңілген – ештеңеден тайынбайды, иман, ұяттан ада – ешкімге сенбейді, сөйте тұра өмірге соншама құштар. Оның ұғымындағы өмір – билік пен байлық. Екінші қайыра, ежіктеп оқып шықтым. Пәлсапасы күшті. Шын мәнісіндегі ит тірлігі үшін бәрін де құрбанға шалуға әзір. Үшінші қайтара, басынан түсе бергенде жалп етіп өшті. Өзі айтқанындай. Қызық. Атақ пен мансап жолында бөгет болуы мүмкін айғақ қалдырмайды. Бірақ адалдық, азаматтық жолына көлеңке түсірер, ақыр түбі туған жұрт алдында қарабет қылар айғағы жетіп артылады. Әйтсе де, бүкіл өмірі арам есеп, жалған іспен өткен Жармақтың бұл жолғы жан ышқынысы – бақытсыз бейбақтың ақиқат ұғым-түсінігінің көрінісі екендігіне күмән келтірмегем. Жүрегімнің басына үйірілген бір сәттік аяныш сезімін тез өшірдім. Аясам – өзімді аяуым керек екен. Ал Марат... амалы табылған сияқты. Тек іске асыру... қиындау.
55
Араға ай толмай, баяғы, өкіметтік "Егемен Нұрстан" мен кейінгі, оппозициялық "Еркін Гүлстанда" қатарынан, кезекті мақаласы жарияланды.

Өткендегі газет басылымдары, теледидардағы сөз және соған орай нақты бағдарламам бойынша, кейбір ұлтшыл, артта қалған кертартпа көзқарастағы азаматтар мен туралы қиғаш пікірлер таратыпты деп бастайды. Мен өзімнің туған ұлтымның болашағына балта шабады екем. Мен қазақшыл емес, орысшыл екем. Өткендегі отаршылдық елестері қайта тірілген екен. Кейбіреулер, тіпті, менің қайдан келіп, қайдан шыққаным төңірегінде күмән туғызыпты. Дүниеде сондай кісі бар ма өзі, әлдекімдердің арам мақсатын жүзеге асыру үшін ойдан шығарылған қуыршағы емес пе дейді. Оны аз десеңіз, кейбіреулер менің туған ауылым, Арқадағы Егіндібұлақтан хат ұйымдастырыпты. Біз білетін жалғыз-ақ Бейсенұлы Қазыбеков бар еді, Мұрат деген елеусіз тарихшы, бұл Мұрат жалғыз еді, жалқы еді, сонда әлгі Марат Бейсенұлы Қазыбеков қайдан келген дейді. Міне, осындай, кісі күлерлік жағдай.



Білмесеңіз айтайын, сізге ғана емес, бүкіл қауымға. Мен – Марат Бейсенұлы Қазыбеков – атақты Қаз дауысты Қазыбектің тоғызыншы буындағы ұрпағымын. Біздің әулет, арғы аңыз заманды айтпайын, бергі, тарихқа танымал үш жүз жылда қазақ еліндегі атаулы тұқым болды. Бай да шықты, би де шықты, батыр мен бағлан, керек десеңіз, ақын, әнші, күйшіге дейін. Мен, елеусіз емес, белгісіз емес, танымал тарихшы Мұрат Бейсенұлы екеуіміз – сол тұқымнан қалған соңғы тұяқпыз. Бар, жоғын емес, танымалдық тұрғысынан айтамын. Әке-шешеден ерте айрылдық, соған жалғас Полигон деген пәле шығып, біздің әулет ірге тепкен Қу ауданы ыдырап, ел ата-қонысынан ауды. Сондағы, жан-жаққа бытырай көшкен жұрттың қайсысын кім түгендеп алыпты. Менің азамат болып атқа мінгеннен бергі ғұмырым Оңтүстікте, Мәркент ауданында және сол аттас қалада өтті. Кім екенім, қандай қызметтер атқарғаным ондағы жұртқа жақсы таныс. Бұдан соңғы, тәуелсіздік жылдардағы бар ісім жалпы қазаққа мағлұм. Мен кірме емес, таза қазақпын, және атап көрсеттім, ешкімнің дауы жоқ, текті тұқымнан шықтым десем асылық емес. Сондықтан да, ата көрген оқ жонар дегендей, ғұмыр бойы туған халқыма қызмет етіп келемін. Тек өздерін ұлтқа тұлға, елге жанашыр санайтын кейбір азаматтардан бір айырмам, қазақ халқының ұлттық мүддесін Қазақстан аталатын мемлекет мүддесінен бөліп қарамаймын. Қазақ – Қазақстанмен ғана. Қазақстан өсіп, өркендесе, қазақтың да мұратқа жеткені. Және керісінше. Ал иммиграция, яғни келгіншілер төңірегіндегі мәнсіз дауды қайта қоздырудың қажеті жоқ деп білем. Бізден гөрі тереңірек ойлайтын елбасымыз нұсқап көрсеткен меже бар. Республикадағы халықтың ұзын санын жиырма миллионға жеткізу – келешекте бұдан да жоғары қарқынмен дамуымыздың кепілі. Алып-қосары жоқ анық ақиқаты да сол. Тек мені әсіре орысшыл дегендерге азғана уәж. Мен бұл сөзді теріс көрмеймін. Абай да орысшыл болған. Шоқан да орысшыл. Мұхтар Әуезов те орысшыл. Азаматтық еңбек жолын шалғай ауылда өгіз өктеуші болып бастаған, оқымай-ақ өрелі биікке жеткен, осы соңғы жылдарда ғана, мүмкіндік, жағдайы келген соң қолға алып, ұлы халықтың ұлы лұғатын тезінен игеріп, орыс тілінде қарыстай екі кітапты қатарынан жазған, әрі арқалы ақын, әрі аймаңдай саясаткеріміз, ұлт мәселесін көтеруде қажымай, талмай арпалысып келе жатқан рухани жолбасшымыз Мүштар Мақанов та орысшыл. Солардың бәрі жат па екен қазаққа!.. Әйтсе де, Мүкең екеуіміздің заманымыз алдыңғылардан басқаша. Сондықтан да басқаша айттым. Мен жазушы да, ақын да емеспін. Мүмкін көкейдегі ойымды дұрыс жеткізе алмаған шығармын. Әйтсе де, менің оппоненттерім аңдамаған екен. Мен көтерген орыс мәселесі – үкімет пен парламент ұстанып отырған демографиялық саясаттың бір бөлігі ғана. Қазір әлемде моно-этникалық бір де бір мемлекет жоқ. Қырық құрау, бір түйінді Американы айтпай-ақ қояйын. Франция, Германия – бәрінде де басқа ұлттардың үлес-салмағы әжептәуір. Мәселен, Францияда екі миллион араб, Германияда төрт миллион түрік дегендей. Бүгінгі Қазақстан – орыс пен қазақтың ғана отаны емес. Тағы тоқсан ұлт бар. Дөңгелектеп айтқанның өзінде. Қалай айтсаңыз да, тарихи қалыптасқан ақиқат. Алда да солай болса несі бар. Біз сырттағы қазақ көші тоқтасын дегеміз жоқ. Келсін. Бірақ өз орнын білсін. Есіктен кіріп, төр біздікі демесін. Және артық сыбаға дәметпесін. Жаңадан көшіп келген қазаққа айрықша жәрдем берілсе, басқа жұрт не ойлайды? Нәсілдік алалау деген осы емес пе. Мұндай көңілшек жомарттықтан соң елдің, мына мемлекетіміздің сүттей ұйып отырған халықтарының арасына сызат түспей ме. Еншісіз сыбағаға шек қою керек деген әңгіменің төркіні қаражатта емес, саясатта. Ертең мұндағы жалпы жұрттан менталитеті бөлек сыртқы қазақ әлдебір жерде ұлт-аралық жанжал шығарып жатса қайттік? Ұтқанымыз сол ма? Керісінше, оралман болып, тегін олжаға батқысы келген қазақтың сол қазіргі елдерінде отыра бергені біз үшін пайдалырақ. Мәселен, Қытайдағы қазақ диаспорасы, Ресейдегі қазақ диаспорасы осы екі ұлы елмен арадағы достық, туыстық қатынастарға дәнекер болмай ма!

Енді иммиграция мәселесіне қайтып ораламын. Өткенде Ресей туралы ғана айтық. Енді сол сөздің басқа бір тармағына келейік. Тақау көршілер – Орталық Азияның Оңтүстік бөлігі. Қырғыздың жағдайы ауыр, бірлігі кетіп, берекесі қашқан. Өзбектің жері тар, тұрмысы қиын. Тәжік туралы сөз де жоқ – таршылық әрі беймазалық. Осы туыстас үш республикада қолы бос қаншама жұрт біздің солтүстік көршіміз Ресейден кәсіп, нәпақа іздейді. Дәл қасындағы біздің үстімізден аттап өтіп, алыстағы Ресейден. Және тұрақты емес, маусымды жұмыс. Толық емес мәліметтерге қарағанда, небәрі төрт миллион халқы бар Қырғызстаннан бес жүз мың жұмыскер шығыпты Ресейге. Бес миллиондық Тәжікістаннан – сегіз жүз мың. Жиырма бес миллион Өзбектен қанша шығатыны есепке сыймайды. Осы, алыс шетте теперіш көріп жүрген туыстар Қазақстанға қарай бет бұрса, қажетті жұмысымызды жасап берсе, тіпті, Ресеймен екі арадағыдай сабылмай, үй-жайларымен көшіп келіп, біржола тұрақтап қалса несі бар. Рас, өзбек пен қырғыз бізде де жүр. Ресейге өтетіндерінің оннан біріне толмайды. Ешбір есепте жоқ, келеді, кетеді. Ал бізде жұмыс күші жетіспей жатыр. Жаңа айтқанымыздай, өзбек пен қырғыз, оған қоса тәжік бері қарай ауса, ортамыз толмай ма. Әрі алыстан келген бауырларымыз сияқты, болмаған алашағын қумайды, жағдай жаса деп тағы зарламайды, артық шығынға түспейсің. Көжесін ішіп, керекті жұмысын жасап, өз жағдайларын өздері түзеп алады. Оның үстіне, бұл жұртыңыз бала-шағалы, ұйымшыл. Арада, бес-он жыл өтпей-ақ, өсіп, өніп, кетігіңізді бүтіндеп береді. Жиырма жылда манағы жиырма миллионыңыздың өзі беріде қалады. Міне, мәселе қайда, мырзалар. Қайталап айтам, мен орысшыл ғана емеспін, қырғызшыл, өзбекшіл, тәжікшіл болып көрінермін. Өзге ұлтты сыйлау – өзіңді жек көру емес. Айналып келгенде, бәрі де осындағы қазақтың қамы. Мен, интернационалист бола тұра, ең алдымен қазақшылмын. Қазақ мүддесі – менің мүддем. Менің күрес жолым – атақ шығару, пайда іздеу жолы емес. Халқым таныды – одан артық не керек. Ел қатарлы тіршілік құратын жағдайым бар – одан артық не тілеймін. Менің пайдам да, тіршілігім де, тілегім де – туған халқымның болашағында!..

Міне, тағы да ықшамдап, артық желін шығарып бергенде осындай. Жай ғана сандырақ емес. Аяр, улы, зәрлі сандырақ. Ақыры түпке жететін нақты бағдарлама. Бүгінгі бәтуасыз, жауапсыз сөздің ертең шындыққа айналуы – оп-оңай.
56
Көріп тұрмын, көзім жетті, мұнымен де тоқталмайды.

Ал, өзі арман қылып айтқандай, Оңтүстіктің әкімі болсын. Одан да үлкен мансап жоқ па екен. Мәселен, премьер-министр дегендей. Байлығы он есе, жиырма есе өссін, атағы аспанға шықсын, бірақ бұл да арманның шегі болмай қалады. Одан әрі тағы бір тақыт тұр. Келесі кезекте қол созса несі бар. Ойға алғаннан бастап айтылатын сөз, жасалатын қарекет тағы да он, жиырма есе. Осы, ең соңғы, ең үлкен билікке жеткенше желкеңді қиып бітпей ме. Жетсе... жеткен соң берік орнығу керек емес пе. Және одан әрмен баю. Орнығу үшін жарты әлемнің көңілін табу керек. Баю үшін... одан әрі қайда демеңіз, әлемдегі ең ірі байлардың тізімі бар емес пе, мультимиллиардерлер, соның алдыңғы легіне ілігу керек. Содан соң әуелгі ондыққа, бестікке. Осы байлықтың шегіне жету үшін, әлгі билікте біржола беку үшін табан астындағы қара жер, төбедегі көк аспан тұрыпты, ата-бабаңның көрдегі қураған сүйегіне дейін сатып бітірмей ме. Қазірдің өзінде қалтырап әрең отырған, кеудесінде шығасы жаны ғана қалған сорлы халқың ең соңғы тиянақ, ең соңғы үмітінен айрылса не болмақ! Тоқтау бар ма мына пәлеге? Жоқ. Өкіметің де, парламентің де соның ар жақ, бер жағы. Бәрі бір қисап. Бәрі де елдің есебінен. Қазақтың. Тағының тұғырын бекіте түсу үшін, дәулетін дария, мұхиттан асыру үшін ештеңеден тайынбайды. Біздің Жармақ сол көптің бірі ғана. Бар соры – менімен жалғастығы...

Қайран халқың... Несіне жаным ашып отыр деп ойладым. Жармақтың айтқаны рас. Онсыз да жер бетінде қалғысы жоқ. Өмір сүргісі келмейтін халыққа қалайша ара түспексің? Жаны қиналған азабын жеңілдетіп, тезірек аттандырып жіберу де сауап шығар. Қайткенде де обал жоқ. Обал... кейінгі қызыл қарын жас балаға обал. Әй, құлдықта туды, құлдықта өседі, әкесі анау, тәрбиесі мынау, барына риза болады, артымыздағы баланың әуелгі толқынын көріп отырмыз ғой, қазақсың дегенге намыстанып өле жаздайтын, обал жоқ екен. Балапан – басына, тұрымтай – тұсына. Шын обал іздесең – қадарынша халқына еңбек еткен, үмітпен күн кешкен, ақыры бар тілегі сарып болған, байырғы қазақтың ең соңғы сарқыны, аз да болса алаш ұранды азаматыңа жаның ашысын. Аясаң, мені ая, бар еңбегі құрдымға батқан, бар өмірі зая кеткен. Алаштың азаматына обал. Маған обал. Бірақ сол аяу мен есіркеуден маған келіп кетер ештеңе жоқ. Онсыз да біткен адаммын. Менің обалым – фәниде емес, бақида. Арыдағы, айбарлы жұртына асқар таудай тірек болған аруақты бабаларыма қалай көрінем. Алаш ардагерлері қатарында атылып кеткен үлкен әкемнің бетіне қалай қараймын. Қысаста өскен, бөтен соғыстың от-жалынын өткерген, екі рет жер бетіндегі жаһаннамға түсіп, екеуінде де мені жеткізу үшін тірі шыққан, арманда, қапада қайтқан, бар үмітін маған артқан қайран көкем не айтады ертең, о дүниеге барғанда? О дүние тұрыпты, бұ дүниедегі адал есімдері арамға жалғасқан, жаманатқа ілінген біздің ежелгі әулет... ел бетіндегі шіркеу болғалы тұр емес пе! Асылдармен қатар, жасықтар да болған шығар, жақсының тасасында жамандары да жүрген шығар, бірақ қарабет сатқын шықпап еді ғой біздің тұқымнан! Шіріген жалғыз құмалақ біздің бүкіл әулетімізге көлеңке түсірмек пе? Басқаны айтпағанда, жалғыз ұлым Мақсат! Халқын сатқан бұралқының ұлы демей ме. Бүгін болмаса ертең. Әкесі қарабет, ұрпағы – алапес! Тым құрса жалғыз ұлдың болашақ абыройын ойламады ғой мына сұм. Енді қайттік?.. Болары болды. Болмағы бұдан да сорақы. Өткенге дауа жоқ десек те, дабыра сөз ғана. Соңғы жетпіс-сексен жыл бойғы қай шешеннің, қай көсемнің қай сандырағы жұрттың есінде қалыпты. Жүрекке таңбасы түспей, нақты іске айналмай тұрғанда, жел сөзді желге ұшыру керек. Бірақ мен әлі де өзімді қимай тұрғам.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет