Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет6/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

19
Басқа бір мақсат, бөтен мұрат жолында қайтпас шешім, қатаң көңілмен менен бөлініп шаққан жаңа тұлға – әйтем, бүйтем деп толғанып, толқып тұрмаған. Алды жарық, арты тұйық, ештеңеден қаймықпай, жаңа дүние, жаңа ғұмырға нық аттаған. Әуелі менің таңдап тапқан өмірлік жарымды бауырына басқан. Бірлігіміз осымен бітіпті. Енді, менен, яғни өзінің негізгі жарымынан бостан болған соң, өзгеше жігер, өлшеусіз өлермендікпен бәрін жаңадан, тақыр жерден бастаған. Тақыр болғанда, мұндағы мен сияқты, тұрмыс-жағдайды емес, өмірлік нысана – тіршілік жолын. Әлуетті қайын-атаның кеңесі, әлде өз байламы, сірә, шынында да өз шешімі, бірақ жаңа туыстарының жебелеуімен, жоғары білімді мамандығын қоя тұрып, арланбастан, қорынбастан, аудандық заготконтора, яғни дайындау мекемесінде қатардағы инспектор боп бастайды. Халық тілімен айтқанда, кәдімгі жүн-жұрқа, тері-терсек жинаушы. Ол замандағы ең түсімді жер. Қазақ мал соймай тұрмайды. Көлденең қонақ пен күнделікті сорпа-су, және қысқы соғым. Сойылған малдың терісі бар. Бұл – шаруаның шағын ғана бөлігі. Үлкен үлес – социалистік меншікке қатысты. Колхоз, совхозда мал өлімі – әдепкі жағдай. Ал қысы қатты жұт жылдары жоғарыдан түскен жарлық жөнімен қаладағы ет комбинаттарынан келген қасапшылар қой-ешкіні мыңдап қырады. Етін әкетеді, терісі жергілікті, тиесілі мекемеге өткізіледі. Ана теріні де, мына теріні де қабылдап алып, қажетті бағасын белгілейтін – тері жинаушы. Жеке шаруаға бес-он тиын береді. Онсыз да далада қалатын тері, бергеніне риза. Колхоз, совхоздан келген, тобымен түскен теріге тағы да ең төменгі сұрып. Оның үстіне, пәлен жүз тері шіріді, кесілді, тозды, сайып келгенде шығынға шықты дейтін акті бар. Тіпті, түгел төлемге байласын. Аудандық мекемеде нақтылап тіркегенде, пәленбай жүз, неше мың тері түгел әуелгіден екі, үш, бес есе қымбатқа алынған болып шығады. Айырма пұлы – тері жинаушының сыбағасы. Одан әрі, аудандық қоймадағы мол дүниені облыстық мекемеге қотару керек. Енді тағы да үстеме баға. Тегін емес, тиесілі кісілермен әділ бөліс арқылы. Ал жүн-жұрқаның түсімі бұдан он есе. Қырқым, күзем кезінде колхоз, совхоздан жиналып, өткізілетін қой жүнінің есебі – қағаз ұстаған кісіде. Әр сатыдағы әрқилы сұрып өз алдына, қабылдау кезінде тоқсан тең жазылса, өткізгенде – жүз және одан да ары. Әрине, айырма жүн-жұрқа тағы да тиесілі сыбаға есебінде... Біздің жармақ арада екі жыл өтпей, аудандық мекеменің билігіне жетіпті. Таймай, тапжылмай, тура бес жыл отырады. Шіріген теріден, қоқсыған жүннен өндіген ақша шар-тараптан бұлақ болып құйылып жатыр. Енді дария болмаса да, жылғалы өзен керек екен. Ол тілек те қабыл. Мен өліп-талып архив қарап, шаршап-шалдығып зерттеу жазып, қайткенде де еңбек қорғауға жол таба алмай, кедейліктен қайыршылық жағдайға тақағанда, өтімді, іскер жармағым бұдан да тиімді, әрі сырт көзге таза, мәртебелі көрінетін қазанның құлағы – аудандық тұтынушылар одағының бастығы болады, күйеу балаға тезірек жол босату үшін зейнетке шыққан қайын-атаның орнына. Осыдан бұрын да, сол тұста, тіпті одан кейін де, қаншама мүмкіндігі бола тұра басқадай, жоғарғы есепті әкімшілік қызметке ұмтылмаған. Әрине, райком секретарының көлденең түсімі он есе. Бірақ мал жұтаған қыста, егін өнбеген жазда, облыстағы үлкен бастық ауысқанда – кез келген сәтсіз күні орнынан ұшып кетуі мүмкін. Біздің жармақтың ақылы да, есебі де артық шыққан. Дүниенің көзі – билік емес, байлық екенін жақсы білген. Қаншама заман бойы, әрқилы қызмет ұсынып, әрқайда шақырса да, орнықты, жайлы қазанның құлағынан айрылмайды.

Ақыры, маған ғана емес, менен ақыл-парасаты артық жұрттың өзіне мәңгілік көрінген совет өкіметі өңкиіп барып тырапай асқан. Алақай, тәуелсіздік! – деп, бөркімізді аспанға аттық. Мұндағы біз. Біз болғанда, мен сияқты "зиялы" қауым – қарапайым мұғалімнен белгілі ғалымға, қатардағы журналистен – атақты жазушыға дейінгі аралықтағы мың сан жайдақ қазақ. Көзімізге жас алдық, қуанышымыз кеудемізге сыймады. Халқымыз қарық болады, ер-азаматымыздың еңсесі жазылады дедік, елдің еркіндігі – ұлтымыздың бақыты, бәріміздің мерейіміз, ұрпағымыздың нұрлы болашағы дестік. Шынында да солай болуға тиіс еді. Болмады. Тәңірі көктен түсірген тәуелсіздіктен соң билікке жеткен – нақтылап айтсақ бұрынғы орнында отырып қалған – ежелгі советтік партноменклатура болатын. Өкіметтің аты ғана жаңарды – басындағылар баяғы. Бар өзгеріс – бұрын тұсаулы болса, әр ісінде жоғарыға – отарлық әкімшілікке жалтақтаса, енді бәріне өздері ғана қожайын. Елдің тәуелсіздігі деген сөзді – ен байлықты еркін тонау деп қана ұқты. Сөйтіп, бүкіл қазақ жұрты талапай үкімге кесілген. Бар қазынаң ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Биліктің ең жоғарғы сатысынан ең төменгі деңгейіне дейінгі әрқилы орында отырған тірі жан атаулы қарпып үлгергенінше қарық болды. Сонымен, әуелі жердің үстіндегі байлық талауға түсті. Одан кейін жердің астындағы қазынаға кезек келген. Қорқау қазағы бар, обыр орысы, жебір жойыты бар – билікке жанас жолбасар қауым ендігі, құшаққа сыймас қыруар олжаны сырттағы, шет елдік авантюристермен бөліске салуға тиіс еді. Бұдан соңғы талапай кезегінде – тауы, даласы бар, орман, тоғайы, өзен, көлі бар сол қара жердің өзі тұрған. Қазақ дейтін сорлы халықтың неше мың жылдан бері, жау біткенмен жағаласып, жаннан кешіп, қан жұтып, қылыштың күші, найзаның ұшымен сақтап келген, ұрпақтан ұрпаққа өтуге тиіс құт мекені астындағы қазына, үстіндегі бар байлығымен қоса, жат жұрттың еншісіне кетіп бара жатты.



Кейде ойлаймын, жеміт болса да, жалмауыз болса да, ата-бабадан қалған мирастың бір пұшпағына ие болып үлгерген кез келген қазаққа құрметпен қарау керек екен деп. Содан соң, керісінше, бір кезек, осы азғана, сенің барыңды толығымен иеленіп отырған жат жерлік олигархтармен салыстырғанда құртақандай ғана үлес алған осы өз қандастарың болмаса, ел-жұртың осыншама шапқынға ұшырамас еді деп. Яғни бәріне де Марат және Марат тектестер кінәлі. Нақтылап айтсақ, жоғарыда отырған, кел де ала бер, маған салғырт төлеп, сыбаға тастасаң болғаны деп, бәрін өз қолымен таратып берген ең үлкен Марат. Ал Мұрат, мен сияқты бәкене Мұраттар ғана емес, зор, алып Мұраттардың өзі қайыршы, кембағал жағдайға түскен еді бұл кезде.
20
Біздің Марат Бейсенович, бұрынғы үзіп, тартып жинағаны өз алдына, түске кірмеген тәуелсіздік арқасында аудан және аудандық қалаға қарасты, өзінің қорлы, қоңды мекемесіне тиесілі бар байлықты тұтасымен, тегін иеленіп, облыс көлеміндегі ең ірі алпауыттардың біріне айналған шақта, өткенді жоқтаумен, бүгінгі зармен, болашақ елесті арманмен өмірін оздырған, енді атаусыз кәмпескеге түсіп, қолындағы жарты жапырақ нанның өзінен айрылған мына мен, яғни Мұрат Бейсенұлы, қураған тамырларыма қан құйылып, кепкен талшығыма жан біткендей, үзілген үмітім қайта жалғанып, өлген мақсатым қайта тіріліп, дүр сілкінбесем де, сықырлай бүгіліп тұрған еңсемді көтере кергіп, көкірегімді кере дем алған едім. Өткен ғапыл дүниенің орны толмайды, бірақ алла тағала тым құрса жеті-сегіз жыл ғұмыр берсе, өмірлік нысанамның бір бекетіне жетер едім. Қайткенде де, Батысы мен Шығысын, арғысы мен бергісін түгендеп, орта ғасырлардағы әуелгі Қыпшақ жұртының түбегейлі тарихын толық қамтып жазуға мүмкіндік бар. Қыспағы мол компартия сахнадан түскен, еңсеңді жаныштаған КГБ құрдымға батқан, әрбір сөзіңнен пәле іздеген цензура біржола жоғалған. Ешқашан болмаған, ақылға сыймас, толық еркіндік. Менің санамдағы мүлгіген, ұйықтаған, өлмеші тартқан барлық ұғым, танымды қайта тірілтіп, ескілікті түп нұсқаларды жаңаша қопарып, үзіп-жұлып, тартып-жұлқып жазған барлық қағазымды қайта ақтарып, үлкен, ауқымды шаруаға бет қойдым. Жалпы жұрттың басына түскен, оның ішінде қаладағы қазақ интеллигенциясы, бүкіл зиялы қауымды аздырып-тоздырған тұрмыс таршылығы да, жеке басыма қатысты үй-ішіндік ырың-жырың да бөгесін болмауға тиіс еді. Жас болса келіп қалды, уақыт тынымсыз жылжып барады, қайткенде де бірдеңе бітіріп үлгеру керек. Өкініш мол, кейіс аз, тек тентіреп кетпесе де, дәл өздеріндей дәрменсіз, яғни ұрлық, зорлық жасай алмайтын, алдауға, саудаға қыры жоқ, бар байлығы жоғарғы білім, арнайы мамандықпен шектелетін күйеулерімен бірге, жас балаларын қолтығына қысып жүріп, әйтіп-бүйтіп құбатөбел тіршілік жасап жатқан қыздарыма ғана жаным ашиды. Бірақ қайткенде де олардың қажыр-қайраты бойында, көрешек ғұмыры алда, ал мен – тозған кісі, өмірім есептеулі, сонда да бар үмітті келер күннен күттім, ендігі істің игілікті нәтижесі тек өзіме ғана байланысты болатын.

Өзіме ғана... емес екен. Менің, бұл кезде мүлде тоқтап, жабылып қалған ғылыми басылымға емес, әупіріммен әрең шығып жатқан, бірақ толық еркіндікке көшкен жазушылар журналына жол тапқан алғашқы мақаламның өзі адам айтқысыз айқай тудырды. Мен қызмет атқарып отырған ғылыми зерттеу мекемесінің орынбасар төрағасы Алдабек Қаражұманов бастап, тек тарихшы ғана емес, әдебиетші, экономист, тіпті, математик, медигі бар – жиыны он үш ғұлама оқымысты қол қойған, ашу, ызаға толы наразылық хаты бұрынғы балшабектік баспасөздің жолбасшысы "Социалистік Советстан" газетінің тікелей мұрагері болып отырған, өкіметтік "Егемен Нұрстан" газетінде, тебінгідей, тұтас бір бетке басылыпты. "Қатерлі бағдар" деп аталады. Яғни менің ғылыми зерттеу бағдарым. Бағдар ғана емес, бүкіл болмысым, барлық байлам, пікірім. Бұл Мұрат Қазыбеков дегеннің басбұзарлығы ежелден әйгілі дейді. Совет заманында өзінің тиесілі бағасын алған, жұртшылық тарапынан айыпталып, турауға түскен, ғылымға жат кітабындағы негізгі қағидаларын енді тәуелсіздік күнінде, сөз бостандығы деген желеумен қайта тірілтуі – таң қаларлық жағдай дейді. Міне, кереметке қараңыз. Отарлық өкімет тұтқынға алып, өлімге кескен кітаптың көлеңкесінің өзі бүгінгі күн үшін он есе зиян екен. Мәселен, Батыс Қыпшақ пен Ежелгі Русияға қатысты байламдар – егемен еліміздегі бұрыннан қалыптасқан халықтар достығына қаяу түсіретін көрінеді. "Бізге осы тәуелсіздікті алып берген елбасымыздың көреген саясаты, қажырлы қызметі арқасында берік орнаған тыныштық пен бірлікке қаяу түсірмек мақсат не?" – деп өксиді. Ал Шығыс Қыпшақ – Хорезмге қатысты түйіндер – көршілес Орталық Азия республикаларымен арадағы мемлекетаралық жағдайды ушықтырмақ, оның үстіне қазақтың өз ішіндегі ру алалығын қоздырмақ. Яғни, сырттан жау шақыру тұрыпты, мұндағы қазақты өзара қырқыстыру ниеті бар. Ең сорақысы – осындай теріс ойлы, арандатқыш, зиянкес мақала жазған зерттеушісымақ және оны қолдап, журналына жариялап отырған жазушысымақ Бас редактор екеуі одақтаса отырып, ойдан шығарылған, қолдан қалыптанған жаңа бір тарих – өтірік, жалған тарих жасағысы келеді. Батыстағы қыпшақ – бүгінгі, қазақтағы қыпшақ емес. Тегі мүлде бөтен, еуропалық нәсілді, жат жұрт. Шығыстағы қыпшақ тұрыпты, біздің кісілеріміз ауыз толтыра айтып отырған жалайыр мен қоңырат, керей мен найманның бүгінгі қазаққа ешқандай қатысы жоқ. Олар – моңғол, яғни, басқа бір жалайыр, басқа бір қоңырат. Әйтеуір аты ұқсайды екен деп, көрінгенге жабыса беру – шынайы ғылымға сыйыспайтын тәсіл. Оның үстіне, жат қана емес, жау елді іш тарту мүлде қисынсыз. Сонда, өткенді былықтырып, бүгінге алып келген, ойдан жаңа бір тарих жасаған Мұрат Қазыбек мырзаның мақсаты не? Осындай теріс қағидаларға жол беріп қана қоймай, мейлінше қолдап, меншік журналы арқылы бүкіл республикаға таратып отырған Бас редактор мырзаның қандай есебі бар? Ұштығын жасырғанмен, бәрі көрініп тұр. Жинақтап келгенде, бұл деген – еліміздің егемендігіне қарсылық. Еркіндіктің түп тамырына балта шабу. Қазаққа егемендік алып берген, халқымызды осындай, өзгеше дәрежеге жеткізген елбасымызды аяқтан шалу. Ал осы Мұрат Қазыбек деген зерттеушісымақ – мемлекет тарабынан қаржыланып отырған "Тарихты зерттеу орталығы" аталатын жерде қызмет атқарады. Яғни, қаржысын алып отырып, халыққа қарсы әрекет жасамақ. Зерттеуінің сиқы анау. Сонда не болып шықты? Десе де, осындай зиянкес мақаланы жер астынан қазып алып, жарыққа шығарған "Темірқазық" журналының күнәсі он есе. Және бұл – жазушысымақ Бас редактордың жай ғана қатесі емес. Түкке тұрмайтын том-том кітап жазып, ебін тауып, мүмкін болған атақ, сыйлықтардың бәрін алып, енді егемендік жемісін теріс пайдаланып, құда-жегжат, рулас, жікшіл ағайындарының арқасында дербес, жеке меншік журнал ашып алған бұл жазушысымақтың жайы да жақсы мәлім. Ол да кезінде әшкереленген, оның да кітабы туралған. Ежелден-ақ, ұлтшылдық пікірдегі кәрі қасқыр. Өткенді былай қойғанда, бүгінгі былығының өзі жетіп жатыр. Мәселен, кезінде қазақ халқының мәдениеті мен өнерін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан Нұрқан Жангелдин туралы жазғандарын қайда қоямыз? Қазақ әдебиетінің қолдаушысы, ежелгі мұраның қамқоршысы, бәрімізге бірдей құрметті болған Нұрмаш Құрмашевич Саттаровты қалай қаралады? Бүкіл саналы ғұмыры туған халқына қалтқысыз қызмет етудің көрнекі үлгісіндей Иван Мокеевич Есенғалиевке қандай жала жаппады? Соның бәрі осы, өзі меншіктеніп отырған "Темірқазық" журналының бетінде көрініс тапқан сұмдықтар. Енді жеке тұлғалардан озып, бүкіл халықты қаралауға көшіпті. Басқаның бәрін жинап қойғанда, елбасымыздың берік тірегі, егемен халқымыздың бірден-бір рухани көсемі болып тұрған, қазақ үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, Алатаудың қатып қалған қар мен мұзын ерітіп, İленің арнасын кеңейткен, қаңсып қалған Аралды суға толтырған, өліп қалған қазақ тілін қайта тірілтіп, орыс тілімен бірдей дәрежеде өлең, жыр толғап, екі тарапта қатарынан танылған, алымды ақын ғана емес, азулы саясаткер, ана тіліміздің шын жанашыры, сонау Совет заманында қолына тиген парламент мінберінен айрылмай, күні бүгінге дейін жоғымызды жоқтап жүрген жалынды қайраткеріміз Мүштар Мақановты орысша екі ауыз сөздің басын құрай алмайды, бірақ орыс тілінде өлеңмен роман жазады, қазақ тілінің мәртебесін көтерем деген құрғақ айқай – өзінің шын мәртебесі үшін ғана керек, Алатаудың қар мен мұзы күн тиіп, ерігені рас, бірақ İле сол қалпында, ал Арал жылдан жылға суалып барады, біздің ұлттық қаһарманымыздың ең үлкен ерлігі – қандықол, аяр алқаш Колбиннің жебелеуімен өкіметке өткені, Колбин кетсе де, соның көзі болып, баяғы орнында әлі отыр... деп, қайдағы жоқты айтқанын әсте кешіруге болмайды. Осының бәрі "Темірқазық" журналының елбасымызға қарсы, егемендігімізге қарсы жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқан зиянды жұмысының бір тармағы ғана... Сонда, өкіметіміз не бітіріп отыр? Ғұзырлы билік, әділетті заң орындары қайда? Жоқ! Мұндай шектен шыққан басбұзарлыққа тезінен тиым салынуы керек!.. Академигі бар, геройы бар, бәрі де совет заманынан бері атақты, мансапты он үш оқымысты қол қойған қаралау мақаланың ұзын ырғасы осындай еді.

Басым айнала қайран қалып, буыным дірілдей абдырап, тарихта ежелден белгілі, жұпыны деректерге құрылған, әлдебір ортақол ғана мақаланы жариялағаны үшін осыншама айқай-сүрен шақырған, өздерін де, мені де арылмас дауға қалдырған журнал редакциясына бардым. Бас редактор мәз болып отыр екен.

– Тамаша болды! – дейді. – Соңғы, жалпы жұрт күйзелгеннен бергі уақытта тиражымыз төмендеп кетіп еді. Міне, енді, келер жылғы жазылым қарсаңында көктен түскен берекет! "Нұрстанға" рақмет. Ақы берсе табылмас реклама!

– Сізге жақсы екен, – дедім мен. – Журналыңыздың таралымы артады екен. Ал мен... менің өрісім қайтадан қысқарғалы тұр ғой...

Бас редактор маған шүбалана қарап, азғана бөгелді де, жадырай күлді.

– Бекер қорқасыз, қазір басқа заман, – деді. – Бірақ тарихи сана сол мешеу қалпы, – деді байыппен. – Қайта қарау, жаңару, жаңғыру қаперде жоқ... Тарихшылар – надан, қалған қауым – ұлтсыз, – деді. – Бар қиындық содан туындап отыр. Надандық, ұлтсыздық та ештеңе емес, – деді жеңіл күрсініп. – Тіпті, теріс, қиғаш таным да. Біздің сор – адамдық әдепкі моральдың өзінің аяқасты қалуында. Осы бір ғана мақалада... қаншама нәжіс, пәле мен жала тұнып жатыр. Және ең кереметі – қол қойғандар тұрыпты, оқып, танысқан көлденең жұрттың өзіне сорақы көрінбейді. – Ащы жымиды. – Мынау Қаражұманов деген кім? Қайдан келген?

– Ешқайдан келген жоқ, бұрыннан бар.

– Мына ғарызнамада жазылғандай, шынымен-ақ Тарих-зерттеу орталығының орынбасар төрағасы ма, баяғыдан бері?

– Тәуелсіздіктен соң көтерілді. Бұрын қатардағы ғылым докторы болатын.

– Тарихтан ба? – деді таң қалып.

Тарихтан, – дедім. – Қазақстандағы кәсіподақ тарихынан қорғаған.

– Жөн, – деді Бас редактор. – Тіпті, колхоз, совхоз, жұмысшы, шаруа тақырыбынан қорғасын. Десе де, тарихшы атана тұрып, өз пәнінен тым құрса жалпылама хабары болмауы – ғажап. Мұндай наданды күндіз шам алып іздесең таппайсың. Мейлі, – деді содан соң. – Қағаздағы таңба ешқашан өшпейді. Өзін өзі масқаралап отыр. Ал қалған жұрт... Тарихты білмесін, сөзге ерсін. Нәжіс иісін сезбесін. Бірақ оң, солын таныған әжептәуір кісілер, мақаладағы негізгі сарын – пәле мен жаланы қалай аңдамаған? Әлде олар да мына Қаражұманов сияқты бетсіз бе?

– Беттері табақтай, – дедім мен. – Надан болса да, аузы қисық, көзі қыли болса да, сөз солардікі.

– Заман... – деді Бас редактор. – Заман солардікі болып барады. Ал сөз, басқа жерде болмаса да, дәл осы журнал бетіндегі сөз әзірше бізге тиесілі. Жаңа мақала жазасыз...

Жаңа мақала жаздым. Мейлінше сыпайы. İстің мәнісін ежіктеп. Нақты, көбісі орыс тарихнамасында сақталған, араб, парсы куәландырған, әлемдік ғылымда айналымға түскен ақиқат деректер негізінде. Осымен ғана тоқтамаппын. Әйгілі Шыңғыс ханның бүкіл түрік текті қауымның басын біріктіріп, қуатты ұлыс орнату мақсатындағы жеңімпаз жорықтары нәтижесінде Шығыс Қыпшақ, яғни бүгінгі қазақ жерінің сартауыл басқыншылығынан біржола азат болғанын, одан соңғы Бату хан – Шығыс Қыпшақ пен Батыс Қыпшақты біріктіріп, негіздеген, орыс тілді тарихи әдебиетте, соның әсерімен бүкіл Еуропа ғылымында Алтын Орда атанған, өз жұрты және шығыс деректері Қыпшақ ұлысы деп таныған, екі құрылық шегінде үш жүз жыл бойы салтанат құрған ұлы мемлекет ретінде күш-қуатқа жеткеніміз, одан соңғы Қазақ Ордасы сол сәулетті Алтын Орданың етене бөлшегі, тікелей мұрагері екендігі... Бір сөзбен айтқанда, отыз жылдық еңбегімнің түйінді бір тұстарынан құралған, дәлелді, деректі, байсалды мақала. Орта мектеп оқулығы дәрежесіндегі қалыпты тарих.

Айқайдың көкесі енді басталды. Кезекті, бұрынғыдан да өткен жала мен ғайбат менен озып, түгелдей журналдың өзіне көшті. Бәрін бүлдіріп отырған – осы "Темірқазық". Егемен еліміздің ғажайып жетістіктерін көрмейтін, сүйікті елбасымыздың жанқияр еңбегін тиісінше бағалаудан тайсақтап, бүгінді жауып қойып, қайта оралмас өткенге бет бұрған "Темірқазық" енді болмаған тарихты негіздеуге бел шеше кірісіпті. Қаныпезер Шыңғыс ханды дәріптейді. Зұлым Бату ханды мадақтайды. Тарихтағы жауыз мемлекет, ұлы орыс халқының қарғысына қалған Алтын Орданы біздің меншікті ұлысымыз деп жариялайды. Қазақ жұртын билеген, яғни қанаған, езген, жаныштаған Шыңғыс хан ұрпақтарын түгел саясаткер, батыр, қамқор қылып шығарады. Біле-білсеңіз, біздің қазақ халқын жеті жүз жыл бойы моңғол нәсілі биледі, яғни сіз көкке көтеріп отырған Қазақ Ордасы деген – ойдан шығарылған, тарихта болмаған қисынсыз ертегі. Сол атаусыз елде өкім құрған Жәнібек дейсіз бе, Есім, Қасым, Абылай дейсіз бе – ханыңыздың бәрі моңғол. Моңғол билеген хандық қалайша сізге тиесілі болады? Керек десеңіз, кешегі Кенесары, Уәли ханыңыз тұрыпты, кейінгі Шоқаныңызға қоса, бүгінгі Шота Уәлихановыңызға дейін түгел моңғол. Ащы болса да шындық және қорланатын ештеңе жоқ, "Мен – қазақпын!" деп жер әлемге жар салған ақиық ақынымыз айтқандай, біздің "бәріміз де құл менен күңнен тудық". Яғни, езілген еңбекші тап. Кем болдық, қор болдық. Жел айдаған қаңбақтай, босып, көшіп жүрдік. Кәдімгі күнкөріс, жұпыны тіршіліктің өзі мұң болғанда, қайдағы мемлекет. Жұқана, жұрнағының өзі болмады. Бұрынғы, әлемдегі алдыңғы қатарлы совет ғылымында дәлелденген ақиқат. Қайталап айтайық, күні кеше ғана, сайыпқыран елбасымыз алып берген егемендікке дейін қазақта тиесілі территория, әлденендей шекара болған жоқ. Яғни, мемлекет те болған жоқ. Ендеше, жаңағы жалған тарих не үшін ойлап табылды? Бүгінгі барымызға күмән үшін, ұлы тұлғамызға көлеңке түсіру үшін! Тек сол ғана емес. Жалған тарихтың артында, "Темірқазық" журналының сыртында ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін қара күштер тұр. Алтын Орданы, одан соң өтіпті-міс тағы бір Ордаларды көтеру, осы Ордаларға ұйытқы болған сұмырай Шыңғыс ханды және оның қанішер ұрпақтарын мадақтау – сырттай қарағанда, жай ғана ескілікті көксеу емес, хандық өкіметті дәріптеу. Турасын айтқанда, "Темірқазық" журналының төңірегіне топтасқан, көпшілігі тасада тұрған белгілі бір топтың мақсат-мұраты – біздің егемен еліміздің басында отырған лигитимді өкіметті биліктен тайдырып, Қазақстанда хандық тәртіп орнату, яғни, сүйікті президентімізді тағынан құлатып, төре тұқымынан белгісіз біреуді хан көтеру! Міне, Шыңғыс хан, Алтын Орда, Абылай, Қазақ Ордасы төңірегіндегі әңгіменің, біздің болашағымызға балта шабар жат пікірдің арғы, улы, зәрлі тамыры қайда жатыр!

Осындай ғаламат сандырақ. Дәп осылай деп, республикалық қазақ тілді газеттердің бәрі жазды. Әуелгі бір мақаланы неше қайыра көшіріп қайталап. Үстеме пікірлермен жалғастырып. Академиктердің ашу-ызасы. Еңбекшілердің тілек-талабы. Жалпы жұрттың наразылығы. "Егемен Нұрстан" бастаған. "Баба тілі" мен "Жаңа алаш" қостап, неше мәрте қайыра соғып, жеріне жеткізген. "Еркін қазақ", "Алаш әдебиеті", "Қазақ айдыны", "Гүлстан"... ең аяғы "Аудан ақшамына" дейін жаппай үн қосып, дабыр-дұбырды Алатаудан асырып, Қаратауға, одан әрі Арқа мен Атырауға жеткізген. Атам замандағы троцкишіл-бухариншіл, тағы бірдеңе-сірдеңешіл халық жауларын әшкерелеу науқандарының өзінде мұншама ойбай көтерілмеп еді. Шынында да ақылға сыймас жағдай. Мен шарасыз қалыпта айран-асыр болсам, бұдан бұрын да талай дауды өткерген, талай құқайды көрген журнал редакторының өзі басын шайқап, жерге түкірген.

– Мына шіркіндер ауысып кеткен шығар, – деді әуелде.

– Ақылы орнында, есебі де түзу, – деді содан соң. – Бірақ қандай надан, аяр әрі жиіркенішті жандар!..

– Бұл жұрттан үміт жоқ екен, – деді ақырында менен бетер түңіліп.

Сөйтсек, науқан енді ғана қызып келеді екен. Манадан бергі, азат ақпарат көздері арқылы жүргізіліп жатқан әшкерелеу ұраны, арада апта өтпей, сотқа тарту, ату, айдау талабына ұласты. Егемен республиканың маңдайына біткен еркін парламенттің белді тұлғаларының бірі, алымды саясаткер, атақты ақын, орындалмас ұрандарымен бұқара жұрт қана емес, бүкіл зиялы қауымның рухани көсеміне айналған Мүштар Мақанов бастаған жиырма сегіз алпауыт депутат қол қойған мәлімдеме жарияланды. Ары-бері емес, тура елбасының атына. Манағы ғажайып қағидалардың негізгі тұрғыларын қайталай келе, қатаң әрі нақты сауалдар қояды: Бұл не деген сұмдық? Мақсат не? Жауабын өздері беріпті. Қатардағы жұмырбасты пенденің басы жетпес даналық. Болмаған тарих жасап, қанішер жауыз Шыңғыс ханды және оның шет жұрт – моңғол текті жауыз ұрпақтары – Қасым, Есім, Абылай тәрізді хандарды қайта көтерудің астарында біздің елдің егемендігіне қатер келтіретін зұлымдық жатыр! Тәуелсіздік тамырына балта шаппақ зиянкес, қаскөй, құпия ұйым бары күмәнсіз. Ол ұйымның түпкі мақсаты – тарихты зерделеу емес, Ата заңымызға қайшы күрес тәсілдері арқылы заңсыз төңкеріс жасап, Қазақстанда ескі үлгідегі хандық билік орнату! Бұл деген – қазір артта қалған, қараңғылық түнегіндегі Таяу Шығыс лаңкестері жар салып жүрген "Мұсылман халифатының" тағы бір сорақы көрінісі! Еліміздің, жұртымыздың болашағына қауіп келтіретін мұндай сұмдыққа біз, егемен республиканың еркін парламентінің халық сайлаған ғұзырлы өкілдері, бейтарап қарап, жол бере алмаймыз. Жамандықтың алдын алу үшін шұғыл шаралар қолдануды талап етеміз! Ол үшін ең алдымен, осыншама сұмдыққа ұйытқы болып отырған "Темірқазық" журналына тиым салынсын, ал Бас редактор тезінен тұтқынға алынып, тиесілі жауапқа тартылсын! Егемен еліміздің өткен жетпіс бес, оның ішінде соңғы үш-төрт жылдық даңқты тарихын жан-жақты зерттеу бағдарында арнайы топ құрылып, оның басшылығына атақты тарихшы Алдабек Қаражұманов жолдас бекітілсін! Біздің осы адал әрі әділ, пәрменді әрі парасатты мәлімдемеміз республикадағы барлық бұқаралық баспасөз бетінде таратылып, барлық электронды ақпарат құралдары арқылы әр үйдің төріне шығуға тиіс!

Иә. Жиырма сегіз батыр бұған дейінгі, академигі бар, ардагері, қойшысы, қолаңы бар көп шуылдақтан он, жиырма есе асып түскен. Бұл жолы мен аңырғам жоқ, ызам кеудеме сыймай, тілім байланғандай еді. Айтар сөз де табылмаған.

– Елдің тұтқасын ұстаған кісілерің осындай болса, енді қайда барасың... – дедім қыстығып.

– Онсыз да барып болдық, – деді Бас редактор салқын жымиып. – Құрдымға кеткеніміз қашан. Тек өз еркімізбен қылқынып өлу ғана қалды. Сөз – құнсыз, іс – зая. Бар талабың – бос тыпыр. Тек... кейінгі жас балаға обал. Мұрат ақын айтқандай...

Шын түңілген екен. Тіпті, қарсы мақалаға, не басқадай бір әрекетке ұмтылмады.

– Кейінде сорлы еліңнен әлденендей жұқана қалып, әлдебір есті кісі шықса, бар жауабын осы жиырма сегіз қаһарман қол қойған мәлімдеменің өз ішінен табады, – деді бар болғаны. Ал өзі қағаздарын қамдап, етек-жеңін жинауға кіріскендей. – Менен салауат. Аруақ, құдай риза. Енді ақырғы аманат, жеріне жеткізер азғана шаруа ғана қалды... – деген, жеңіл күрсініп.

Әрине, адамы сол болғанымен, заман басқа, біздің ел тірегі, егемендік жаршысы танылған ағайындар 37-жылдың елесін қанша шақырғанымен, Бас редактор жауапқа тартылмады, қамауға түспеді. Тек шығарып отырған журналы ғана жабылған. Ал өзі... бәрінен баз кешіп, әдеби ортадағы жаңашыл, қоғамдық өмірдегі ағартушылық қызметін доғарып, таза қаламгерлік жұмысқа көшіпті. Ешкіммен араласпайды, ұл-қыздары аяқтанған, жалғыз бәйбішесімен, Алматыға тақау, Алмалы сайдағы тыныш бір ауылда, жайлы қоныс-қыстауында оңаша тұрып жатыр деседі. Тағы бір, көлденең дерек және ұзынқұлақтың айтуынша, эмиграцияға кетіпті. Ол жақта да бар жағдайы түгел болса керек. Ендігі кітаптарын шет елде жазып, шет елде шығармақ. Мейлі, жолы болсын. Атақ-абыройы зор кісі еді, жас кезінен лауреат, жиырма бес жыл бас редактор дегендей, меншікті журнал ашпай, ашса да барына қанағат етсе, әдебиет төңірегіндегі дау-дамайдан асып, өткен тарих тұрыпты, бүгінгі саясат жөніне үкім айтпаса, сол орнында аман-есен отыра берер еді. Бірақ өкініші жоқ сияқты, қайта, егде тартқан кезінде қолы біржола босап, өз тілімен айтқанда, құл-құтаннан құтылып, барақат тыныштық жағдайда, әуелден көңілге түйген, кезекте тұрған бар жазуын алаңсыз жүзеге асыруға мүмкіндік тапты. Мен көрген кездегі ең соңғы лепесі осы орайда болатын.

Ал менің басқадай барар жерім, басар тауым жоқ. Торға түскен торғайдай, баяғы совет заманында бойымды құрсаған үрей елесі қайта тіріліп, қалтырап отырдым. Үлкен пәле күтіп едім. Сібірге айдамас, бірақ тіршілікке талғажау бес-он тиын тауып отырған үйреншікті қызметтен қағып тастау оп-оңай көрінген. Бірақ дін аман қалдым. Рас, дау-дамай, айқай-аттан барысында түгел салмақ Бас редактор тарабына ауып кеткен. Мен елеусіз, кішкентай ғана кісімін. Сол елеусіздік пайдасы. Қайткенде де, еркіндік, демократия көрінісі. Біз де айттық, ол да айтты. Сонымен тыныппыз. Ауырып жазылған жан олжа дегендей, мен жаманатқа ілінсем де, жамандыққа ұшырамағаныма, яғни өзім отыз жыл қызмет атқарған Зерттеу орталығындағы қоңылтақ орнымда қалғаныма тәуба айттым. Сонымен қатар, ақиқат деректерге құрылған маңызды еңбегімнен айнығам жоқ. Әйтсе де, Қаражұмановтың қауашағына сыймаған, Мақановтың түсіне кірмеген ежелгі тарих – келешек тұрыпты, бүгінгі ұрпақтың санасына қалай жетеді деп ойлағанда, жүрегім тітіреп, ұйқым бұзылатын.



Міне, дәл осы кезде, өзімнің біреу емес, екеу екенімді өз көзіммен көрген едім.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет