Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет3/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

5
Жалп етіп, жер-дүниені қараңғы түнек басты. Мең-зең болып, азғана отырған меңіреу тыныштықтан соң тырбанып орнымнан көтерілдім. Қолымды созып едім, тас қабырғаға тиді. Сипалай бере қалт бөгелдім. Дөңгелек бұдыр. Сірә, әлденендей тетік. Амалсыз басып едім. Жарық қайта жанды. Самала емес, әдепкі. Салтанатты сарай емес, қуықтай тар бөлме – мана қаншама қарманғанда таба алмаған тар босағадан өте бере, төбеден сарғыш көлеңкелі, сұрықсыз жетім люстра салбыраған, қабырғадан еденіне дейін кітап ыбырсыған, ескі диваны жапырайған, жетім столды, жадау, жарлы пәтер – өз үйімде тұр екем. Абдырағаным сондай, тақыр еденге сылқ етіп отыра кетіппін. Қанша отырғанымды білмеймін, бір кезде сүйретіле еңбектеп, асыла шығып, ортасын оя сықыр еткізіп, төсек-диваныма құныса шөкеледім. Өзім. Өз үйім. Сықалған кітап сөрелері, еденде, бұрышта жиналған, кей тұста ретсіз шашылған тағы қаншама кітап. Иқы-жиқы столым да орнында. Қобыраған қағаз, шимай жазу. Бірі көк, екіншісі қара пасталы арзан тегіршік автоқаламның екеуі қатарынан жатыр. Бергі, сол жақ бұрышында тұқыл, жуан майшам, түбінде жартылай ашылған қорапты сіріңке. Бәрі орнында, бәрі дұрыс. Осындай да қызық түс болады екен. Кедейлікті кім тілейді, байлықтан кім қашады. Сірә, көңіл түкпіріндегі бір қиял. Әрине, миллионер болып кетсем де, таңдап тапқан ғылымнан қол үзбеймін ғой. Қарымым ұзарып, күш-қуатым арта түседі. Күнкөріс жайына алаңдамайсың, кітап шығару мәселесі өзінен өзі шешіледі. Бірақ құрғақ қиял – асса парықсыз түске ғана айналады. Парықсыз ғана емес, қисынсыз түс. Кенет... үсті-басыма қараппын. Қылау түспеген сәнді, қымбат смокинг... Сипаладым. Шештім. Уыстап, тартып, аударып, айналдырып, мұқият тексердім. Шынайы, нақты. Есігі қисайған жаман шипәнеріме апарып ілдім. Тап-таза, бұлғарысы жібектей қара туфлиімді де шештім. Оны да табанына дейін төңкеріп, ұлтанын шертіп көрдім. Сықыр еткізіп ашып, шипәнердің астыңғы тартпасына қойдым. Көбелекше мен көйлек те өз орнын тапты. Орнын таппаған – мына мен ғана... Ақыры, жыртық мәйкі, шолақ трусимен ғана тұрғанымды аңдап, жамылғыш халатымды іздедім. Жоқ. Сонда ғана есіме түсті. Мана, судай жаңа киінген әмбебап дүкенде қоқыр жәшікке тасталып еді ғой. Енді жарқын дүниеге қайта барғым келіп кетті. Көнетоз халатым қалған дүкенге емес, әрине. Той өтіп жатқан алтынды сарайға. Әлбетте, бұл қалпымда емес. Асығып, аптығып, қайтадан әуелгідей киіндім. Жарықты өшіріп, жаңа ғайыптан келген орныма барып тұрдым. Екі минут... Бес минут... Тұтас бір сағаттай көрінген. Жарқырап күміс люстралар жанбады. Сәнді сарай айқара ашылмады. Амал жоқ, өзімнің жұпыны пәтерімдегі жетім шамның тетігін бастым. Ештеңе өзгермеген. Манағы жадау көрініс бұрынғыдан да жайдақтала түскендей. Ойланып азғана тұрдым. Сәл-пәл қателік жіберіппін. Бар керемет кухнядан басталып еді ғой... Шам атаулыны түгел сөндіріп, кухняда отырмын. Манағы, әлде кешегі, әлде бағзы бір замандағы ұқсас ахуалды елестетуге тырысам. Алай, алай, былай. Дәп солай. Тек қараңғылық... соншама қою емес. Қою, бірақ түнек емес. Сыртта, көлденең көшеде әрлі-берлі өткен мәшиналардың тұншығыңқы дыбысы естіледі, жағылған шамдардың сүлесі аңдалады. Бәрібір түн. Түн ортасына тақау. Жайлап орнымнан тұрдым. Көзімді тарс жұмдым. Бетімді оңға бұрдым. Екі қадам. Үшіншіде жақтауына иығым тиіп, кухняның есігінен өттім. Енді ептеп бес қадам жүруім керек. Әлде алты. Дәліз тастай қараңғы болуға тиіс. Бағана көзім ашық еді ғой. Аштым. Шынында да қараңғы. Бірақ көзге түрткісіз емес. Бұлдыраған бозамық бар. Әйткенмен, алды-артың, оң-солың айырғысыз. Жүріп келем. Төрт... Бес... Алтыншы қадамда қарсы қабырғаға тірелдім. Оңға бұрылам. Және сәл қырын. Екі қадамнан соң есік. Босағадан аттадым. Көз шағылдырып, жарқ етіп жанбады. Азғана бөгелістен соң өзім жақтым. Әдепкі жүдеу көрініс. Өз үйім, өлмелі төсегім...
6
Ертеңіне тұяқ серіппей, түске дейін ұйықтаппын. Атып тұрып, шипәнерге ұмтылдым. Сәнді, қымбат смокинг өз орнында. Қара туфли де. Ал ескі халаттың жұрнағы да жоқ. Мен де... өз қалпымда сияқтымын. Анау емес, мен. Менің өзім. Өз қалпымда, өз орнымда. Ақыл-есім түзу. Түзу сияқты. Азғана мастық тарқаған. Бірақ түндегі елес көз алдымда. Шипәнерді қайтадан ашып, қара смокингті қолыммен ұстап, анықтап көрдім. Кешегідей. Елес емес, сурет емес, нақты өзі, зат. Менде бұрын мұндай киім болмаған. Түндегі тойдан тәбәрік. Айнаға қарадым. Өзім. Кең маңдайым, аялы қоңыр көзім, құс тұмсығым, шұнақ құлағыма дейін. Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков. Бүгінгі жасым... тура елу бесте. Туған күнім... кеше... кеше толыппын елу беске. Осы кеше ғана екі бестік – мерейлі биік ретінде тойладым. Мен... емес екем. Анау... Жарайды, ол шіркін тұра тұрсын. Әуелі Өзімді түгендеп алайын. Елу бес. Сәл қартаң көрінем бе, қалай. Самайым ақ қылау. Бір кездегі жазық маңдайыма үш қатар, көлденең әжім түскен. Көзімнің қиығы шашыраған. Екі езуімде тағы да қиғаш сызықтар. Елуге ер кейпімде жетіп едім. Енді міне... Тұрмыс талқысы, соңғы үш-төрт жылдағы. Тұрмыс талқысы ғана емес. Рухани күйреу. Болашақтан түңіліс. Отарлық кісені бұзылса, еркіндікке шықсақ, ұлттық ғылымға да жол ашылады деп білуші едің. Еркіндік келді. Ұрлық-қарлықтың, зорлық-зомбылықтың еркіндігі. Сенің ғылымың – қажетсіз, өзің – бөгесін болып шықтың. Бұрын кеудең басылып тұрса да, өзіңді кісі санатында көруші едің. Енді міне. Ешбір есепте жоқсың. Люмпен-пролетариат. Жалғыз сен емес, бүкіл ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері түгел. Бүгінгі заманның тұлғасы – сылдыр Сөз емес, сықыр Ақша. Яғни, қалың кітап емес, жуан қалта. Ақша дегеніміз, қалта дегеніміз – Анау. Анау емес, сенің Өзің. Тағы да шатыса бастадым. Мен, міне, бармын. Анау да... бар. Екеуміз. Бұл екеуіміз ағайынды емес, егіздің сыңары емес, көлденең, кездейсоқ ұқсар да емес... бір-ақ кісіміз. Бір кісі – қақ жарылған екі тағдыр. Қалайша? Заманға да, қоғамға да кейісті ысыра тұрып, ең әуелі өз басымдағы ерекше ахуалдың мән-мағна, болмыс-бітімін анықтап алуым керек екен.

Сөйтіп, Мұрат пен Марат. Туған жеріміз бір, дүниеге келген жылымыз, айы, күніне дейін, тіпті, сөз жоқ, сағат, минут, секундына дейін сәйкес. Бір ата, бір анадан жаралыппыз. Бір шаңырақ астында өстік. Мектепте, одан соң университетте екеулеп... екеу емес, жалғыз өзім оқыдым... оқыдық. Аспирантура – ол да, мен де... Әзірше біргеміз. Яғни, тұтас. Жалқы. Бір кісіміз. Болсын. Иә, аспирантура. Міне, жолымыздың айрылған тұсы. Ұзақ екі жыл бойы емес. Екінші бітіп, үшінші жылға аяқ басарда, жазғытұрым...

Таптым! Балжан жоғалған күні екіге жарылыппыз!..
7
Мен университеттің алғашқы жылында-ақ өзімнің ғылымға икемдігімді танытқан едім. Атақты тарихшы, есім-сойын араға салмай-ақ қояйын, профессор Ақсақал өзі өткізген дәріс, оған жалғас семинар сабақтары, жыл аяғындағы курс жұмысынан соң талайымды танып, өз қамқорлығына алды. Менің университет тұрыпты, одан соңғы кезең – артық-кем емес, он-он бес жылдық ғылыми бағдарламамды жасап берген еді. Бастапқы алаш оқығандарының тағылымын таныған, тар заманда өсіп жеткен, әуелде 38-жылы, одан соң 51-жылы, алғашқысы он жыл, кейінгісі төрт жыл, – ең өнімді, қайратты кезеңін түрме мен лагерьде өткізген, бірақ жасымаған, қатайған, әуелгі бетінен таймаған, өзгеше тағдырлы, кемеңгер кісі еді. Тек соңғы кезде денсаулығы сыр бере бастаған. Бар аманатын маған артпақ екен. Басы бостан күннің өзінде сезіктілер қатарында, бақылау астында жүргенмен, бетті, беделді, оқу бітіретін жылы ректорға дейін барып, мені аспирантураға алып қалды. Тақырыбым тамаша – "Хорезм және Дәшті-Қыпшақ, XII-XIII ғасырлар шегі" деп аталатын.

"Бұл – бір кандидаттық емес, бес докторлық диссертацияның тақырыбы, – деген Ақсақал. – Университеттегі дипломдық жұмысың – бастапқы, сәтті барлау. Ендігі үлкен шаруаң – айрықша күрделі. Он жылдық, жиырма жылдық тынымсыз еңбек. Ал әзірше негізгі тұрғыларын байыптап, үстінен қалқымасаң да, тереңін түгеспей, шағын монография жазып шығасың. Қазір заман сәл-пәл кеңіген тұс, "оттепель" – жеке тұлғаға табыну зардаптарынан соңғы азғана "жылымық". Басқа барлық жұрт игілігін көріп, қажетіне қарай, ұтымды пайдаланып жатыр. Тек біз ғана, ескі сорап, өткен заманда тұрған. Бұлай қала беруге тиіс емес!.." – деген.

Солай қала берді. "Аспаннан шұға жауса, құлға ұлтарақ тимейді" дегендей, біз – құлдардың ішіндегі ең қоры едік. 32-жылғы ғаламат ашаршылық, оның арғы жағындағы, бергі жағындағы, айрықша қатаң, түбегейлі репрессиядан соң мүлде жанышталып, жер болғанбыз. Енді қазақты отарлаудың, біржола құртудың жаңа кезеңі – "тың игеру" деген қарымды науқан басталды, жат жұрттық басқыншыларды жүз мыңдап қоныстандырып жатыр, бүкіл солтүстік, орталық облыстарда қазақ тілді баспасөз, театр, мәдениет ошақтары жаппай жабылса, қалған тарапта да жан-жақты жаныштау күн санап қарқын алған. Халықты ұлттық санадан айырып, ұлтанға айналдыру саясаты әбден күшіне енді. Қазаққа қатысты әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық дәстүрлер түгел артта қалған, кертартпа, зиянды деп табылды, қазақтың тілі шетке қағылып, өткен тарихы мүлде мансұқ етілді. Жоғарыдан – Мәскеуден түскен жарлықтың республикадағы ең билікті даңғырасы – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология тарабындағы хатшысы – Нұрқан Жангелдин дейтін жандайшап болатын. Басқа жұрт, ең аяғы, қарайлас, көршілес, тағдырлас қырғыз, өзбекке дейін өлгенін тірілтіп, өшкенін тұтатып жатқанда біз ескілікті мүлде жауып қойдық, өткендегі тарихи тұлғалар, бұрыннан тиым салынған арыстар тұрыпты, ара-кідік санатқа ілініп жүрген кісілеріміздің өзінің жөн-жобасы айтыла қалса, қаншама айғай шығатын. Тіпті, ана тілі, ұлттық мәдениет, ежелгі тарих төңірегінде қалыпты, бейтарап сөз қозғаудың өзі сұмдық көрінетін. Ең ақыры – домбыра ұстаудың өзі күнә деп бағаланды. Қазаққа тікелей қатысты әңгіменің барлығы саяси қылмыс, ұлтшыл зиянкестік екен. Қайдағы тарих! Менің бар ісім бастан-аяқ теріске шығуға тиіс еді. Әйткенмен, қай тарапта да әмбебап маркстік таным, лениндік екшеу, партиялық көзқарас дегендей, сыналай отырып, қиялай тартып, әлдебір нәтижеге жетуім ықтимал; яғни тиесілі тақырыпты түбегейлі қамти алмасам да, болашақ үлкен зерттеудің сұлбасын жасап, дерекнамасын түгендеп, негізгі тұрғыларын айқындадым, енді оза шаппасам де қатардан қалмай, қажетті диссертацияның басын қайырып үлгеруім мүмкін еді. Ғылым саласындағы алға қойылған әуелгі мақсат та сол болатын.

Бірақ жолым көлденеңнен кесілді. Біздің Ақсақал ештеңе өзгермегеніне, керісінше, басқаға кең дүние біз үшін тарыла түскеніне көзі жетіп, қатты торығып жүр еді, ақыры, бір-ақ күнде фәниден көшіп кете барды. Мен аспирантураның екінші жылын еңсергем, кандидаттық минимум аталатын міндетті емтихандар өткерілген, қажетті тақырыбыма бойлай енгем, алғашқы бөлімнің қаралай нұсқасы қағазға түсіріліп те қойған. Енді... жаңа жетекші тағайындалды. Қырмасақал. Доктор, профессор, социалистік дәуір маманы, колхоздасу кезеңі туралы жуан кітап жазған, халықтың жаппай наразылығы, көтерілісі жоқ, ашаршылық айтылмайды, кедейлердің талабы, жалпы жұрттың барақатқа жетуі, бәрі тамаша ғой. Менің мүлде бөтен тараптағы жұмысым ондай тамаша болмай шықты. Бастан-аяқ тарихи тұрғыда теріс, саяси жағынан қате көрінеді. Мәселен, Хорезм мен Қыпшақтың өмірлік мүддесі қарама-қайшы дейсің. Керісінше, бірлікте болды. Қайыр ханды ашкөз қарақшы, ақылсыз зұлым, тіпті, опасыз сатқын етіп көрсетесің. Нағыз ұлттық батыр емес пе. Хорезм мен Шыңғыс хан арасында соғыс басталғанда қыпшақтар ешқандай қарсылық жасамады, моңғол туының астындағы жалайыр, қоңырат, керей, найманды туыс санап, соларға қосылып кетті дейсің, сен біздікі деп отырған найман мен жалайыр, керей, қоңыратың – тек аттары ғана ұқсас, мүлде бөтен жұрт. Өзің ойлап қарашы, егер әлгілердің бәрі біздің аталарымыз болып шықса, моңғол қайда қалады? Хорезм тұрыпты, анау Ресейді кім жаулаған болып шығады? Мұның аты не? Екіншіден, сен мақтап отырған қыпшақтар түгел сатқын болып шыққан. Өз отанына өзі жау. Ол аз болғандай, бүгінгі қыпшақпен жалғастырып, қазақтың бір атасы етіп көрсетесің. Сонда, айтпасаң да көкейіңде тұр – ұлы орыс халқының туын тіккен Киев Русімен жауласқан половец қыпшақтар да сенің атаң ба? Қайдан барып шықтық? А?.. Жоқ, шырағым. Қазақ – күні кеше ғана бой көтерген басқа бір жұрт. Артта қалған, жабайы. Өзіндік территориясы, меншікті шекарасы, мемлекеттік құрылымы болмады. Көрінгеннің тепкісінде, мүлде азып-тозып бара жатқанда "Лениндей күн шығып, – Жарқырап атты таң!.." Гимнді білесің бе, күнде таңертең радиодан айтылатын? "Қараңғы тұманнан жол таппай тұрғанда..." "Орыстың ұлы Елі құраған!" Сен немене, көктен түстің бе? Ақсақал... жасады, кетті. Ал сен... ғылым қайда, атақ қайда, бір басыңның амандығын ойламайды екенсің. Қазақта ежелгі тарих жоқ! Жоқ! Советтік тарих қана бар. Қазақ тарихы дегеніңіз Ұлы Октябрьден соң ғана басталды. Ұқтың ба!?..

Міне, осындай керемет. Нәтижесінде, бар жұмысым жарамсыз болып шықты. Түгелімен қайта және керісінше жазуым керек. Әйтпесе, ең дұрысы – жаңа тақырып. Балшабек жетекшім бес-алтауын қатар ұсынған: "Қазақстан кәсіподақтарының қалыптасу кезеңдері"; "Қазақстан теміржолы Ұлы Отан соғысы жылдарында"; "Балқаштағы балық шаруашылығы"; "Немесе, – деген, – ескілікке бейімдеу сияқтысың, "Ұлтшылдық, байшылдық идеологияға қарсы күрес, 20-жылдар". Содан соң әлде кекетіп, әлде мейірленіп жымиған: "Міне, ең жақсы тақырып, қажетті, зәру, өтімді: "Тың көтеру эпопеясының алғашқы кезеңі". Кейін, соңғы кезеңдерді қосып, ұлғайта, тереңдете зерттеп, докторлық диссертацияға айналдыруға мүмкіндік бар. Менің өзімнің тікелей жетекшілігіммен. Байқаймын, түптің түбінде оған да шамаң келеді. Тек осы қазірден бастап бетіңді түзеу керек!.." Менің шамам келмейтін еді. Келсе де бағытым басқа. Түзелуім, кері бағытта жұмыс жасауым мүмкін емес.

Қайткенде де, әуелгі, Ақсақал негіздеген бағдар... мансұқ болды. Университетте, осы қалпымда жүрсем, ары қарай жалғастыра алмайтыным анық. Жаңа тақырыптардың сиқын көрдік. Енді қайтпек керек? Академияға қарай бет бұрудан өзге амал жоқ сияқты. Онда, Тарих-зерттеу орталығында біздің Ақсақалдың ізбасар шәкірттерінің бірі бөлім бастығы болып қызмет атқаратын. Үлкен ұстаздың үйінде талай рет көргем, бұдан соң қаралы топырағында кездесіп едік, енді университеттен опа таппайсың, бізге қарай ойысқаның жөн деп еді. Біліп айтыпты. Алайда... екі аралықта Балжан тұрған. Менің жалғыз өзім аспирантураның азғана стипендиясымен әйтіп-бүйтіп жан бағар едім, үйлене қалсам, жатақханадан пәтерге шығуым керек, әрі күнделікті тіршілік қақысы... Қазақ бөлімін бітіргелі отырған болашақ мұғалім Балжанның орыс жайлаған Алматыдан әлденендей қызмет табуы неғайбыл. Әке-шешем көмектеседі, жағдайымыз бар деген өзі. Ай даладағы қайынжұртқа иек артуды намыс көріп едім. Сонымен қатар, ешқандай қызмет табылмаса, жас маманның қараптан-қарап үйде отыруы тағы обал. Әлде, қызды ауылына жібере тұрып, бірер жыл дүниенің аңысын аңдасам ба екен. Жоқ. Азғана болса да айрылуға қимадым. Бір кетсе, біржола кететіндей. Әрі мұндағы жағдайым да тығырық. Өзім де ауылға барып, үш-төрт жыл қызмет атқарып, аз-мұз қор жинап, қайта оралам ба... Онда... қарайып, бар білігім көмескі тартуы тағы мүмкін ғой. Осында қалсам... Уақытша болса да бәрін тастап, кетіп отырсам... Қалсам... Кетсем...

Ойым онға бөлінді.

Ал қыз... бәріне құп еді. Тек қана менен екі елі ажырағысы келмейді. Кетсең де, қалсаң да бірге боламыз деген.

Қайран Балжан!
8
Мен жас кезімде қыз-қырқынға жұлдызды болдым деп айта алмаймын. Бірақ көзегенімді қолға түсірмей тынбас едім. Балжан менің тұзағыма тіпті оңай ілінді. Екеуіміз жатақханадағы би кешінде таныстық. Мен үшінші қабатта – аспиранттар бөлігінде тұрам. Қоңыр күз еді. Әуелгі жылды жаңа бастағам. Қыз – төртінші курс екен. Әсем әрі қонымды киінген. Дөңгелек бет, имек қас, бота көз, қызыл шырайлы, сәл-пәл толықша келген өрім тал. Он жеті, он сегіз жасар, балғын кейіпте... Және... тым аңғал, тап-таза. Әлбетте, жоғарғы курсқа жеткен қыз әжептәуір әккі саналады, тым әрі кетпесе де, кемі екі-үш жігітпен киноға, театрға барған, елеусіз бір бұрышта бұзауша жаласып қалған дегендей. Ал біз... мен – бүлдірген ештеңем болмаса да, өзімді кәрі қасқыр санаймын. Сонымен, бірден көзім түсті уыздай бойжеткенге. Биледік. Қатарынан екі мәрте. Азғана үзілістен соң үшінші қайтара. Ертеңіне киноға бардық. Шыға сала, алакөлеңке бір тұста, жапырағы саудыраған емен ағаштың тасасында бөгеліп тұра бере, еріксіз сүйістік. Оқыс, қысқа. Ерні бал екен. Тұла бойы от болып жанып тұр. Мен екінші қайтара еңкейгенде, көзі тұманытып барып, мойнын бұрып әкетті. "У меня есть мальчик..." – деген, жасаураған, шарасыз әуезбен. Яғни, жігітім бар... Жүрегім зырқ ете түсті. "Был да сплыл!.." – дедім зорлана күліп. Болды – кетті. "Енді мен бармын! Мәңгіге, біржола!.." Шынында да, біржола табысқан екенбіз... табысқан сияқты едік. Келер аптада ғой деймін, менің көкірегіме шөгір болып қадалған алғашқы жігітін де көрдім. Шынында да " мальчик" – өзімен бір курс, бір топта оқитын, нәзік бітімді, сүйкімді, аққұба бала екен. Әлденеге өкпелеген, кейісті қалыпта, қыздар бөлмесінің алдында тұр. "Сәлем және құрмет!" – дедім де, өзіме тиесілі қызды жетектеп жүре бердім. Содан екі жыл бойы жұбымыз жазылған жоқ. Кино, театр. Немесе, жатақхананың бір түкпіріндегі кешкілік кездесулер. Ойлап тұрсам, ұзақ өмірімдегі ең бақытты күндер екен.

Одан да бақытты күн болды. Санам сан тарапқа шашылған дағдарыс кезеңде. Бұ дүниеде қиындық болмай тұрмайды, бірақ ең ауыры – әрі-сәрі ахуал. Қалам ба – кетем бе, кетем бе – қалам ба... Қалсам не істеймін, кетсем қайда барам – шешімі онша қиын емес, бірақ таңдау – болашақ ғұмырыңды айқындайтын, өзгеше жауапты жағдай. "Біздің ауылға барайық," – деді бір күні Балжан. Әкесі потребсоюз – яғни аудандық тұтыну қоғамының бастығы екен. Бар жағдайы толық. "Мектепте мұғалім боламыз, – деді. – Ал сен – бір жылдан соң завуч, екінші жылы – директор. Жоқ, мұндағы ғылыми жұмысыңды тастамайсың, – деді маған бажайлап қарап алып. – Сырттай жалғастырасың. Немесе, өзің айтқандай, үш-төрт жылдан соң қайтып келеміз..."

Сол күні тауға бардық. Медеуге қарай астық та, орта жолда автобустан түсіп, қырға көтеріліп кеттік. Тағы бір белестен соң еңіс, жасыл беткейге түстік. Төңірек түгел ағаш, тығыз бұталар, қақ ортадағы, үй орнындай, көгалды тепсеңге тоқтадық. Неге осыншама ұзадық, неге оқшауландық, білмеймін, анығы – ойда бөтен ештеңе жоқ еді. Құшақтасып, аймаласып, қызу сүйісіп, азғана отырдық. Бәлкім, бірталай уақыт. Содан соң басқа бір ахуал туған. Тамағынан мейірлене иіскеген соң омырауын ашып, толық екі анарының арасындағы ойпаңға түсіппін. Содан соң... ақ төсінен өптім. Қыз менің бұрын болмаған оғаш қылығымнан бөтен бір пиғыл аңдалғандай, есін қалт жиып, шошып кетіп еді. Бірақ қолымды қақпады. Қайтадан босаңсыды.

– Қазір, қазір... – дейді күйіп-жанып. – Тұра тұр... Қорқам, – деді содан соң еркіме біржола көніп. – Жаным... мүмкін, керек емес шығар... кейін...

Кейінге қаратпадық. Қыздың бет-жүзі, түр-тұлғасы қаншалық таза болса, қойны да соншама пәк екен. Күн көрмеген, жел тимеген. Ризашылықтан демім бітіп, салыға үзіліп, бойым босаған соң, жеңіл аударылып, тұңғиық көк аспанға қарап, ойсыз, қимылсыз, әжептәуір жатыппын.

– Неге үндемейсің?! – деді кенет қызым ышқына дыбыстап. – Әлде... басқаша...

– Мен сені бұрынғыдан да артық... жақсы көрем...

Қыз қырындай жамбастаған қалпы, менің кеудемді сипай бере, қолын тартып алды. Содан соң, еңсесін жазып, екі бетін басып, азғана отырды да, өксіп жылап алды.

– Бүгінгі күннен біздің жаңа өміріміз басталады, – дедім мен. – Көк шалғын үстінде мәңгілік некеміз қиылды!..

Біздің зайыптық өміріміздің алғашқы және соңғы күні екен. Бұдан соң, біржола айрылысқанға дейінгі жеті-сегіз апта ішінде әлденеше рет оңаша қалсақ та, ырқыма көнбеген; тіпті жақсы, онсыз да бәрі менікі, көп ұзамай заңды түрде қосылуға тиіс едік.

Бірақ бәрі де басқаша шешілген.
9
Ақыры, оқу жылының соңында, менің қайткенде де бүгінгі күн үшін зәру тақырып – отаршылдық идеологияны насихаттайтын сара жолға түсуімді талап еткен жаңа жетекшім Қырмасақалмен арадағы ашық әңгімеден соң, аспирантурадан біржола кететін болдым. Бәлкім, әзірше ғылым атаулыдан қол үзе тұрам. Қайткенде де осы жаздан қалдырмай сүйген қызыма үйлену қажетіне ден қойғам. Ол заманда арыдағы құдалық рәсімі ұмытылған, кейінгі жаңғырған дәстүр қалыптаспаған, алдынала барыс, келіс, азды-көпті, қажетті, қажетсіз ырым-жырым да сақтала бермейді. Әдетте алыс оқудағы жастар қол ұстасып, әуелі жігіттің үйіне, кейде алдымен қыздың үйіне, әрине, хабарын білдіріп, бірақ төтесінен барады. Көбіне-көп қалада жүрген қалпында, өз беттерімен жұптасып, оңаша пәтерге шығады. Содан соң екі жақтағы әке-шеше, яғни сырттай телінген құдалар той-томалақ үстінде, кейде балалары оқып жатқан жерде, кейде екі әулеттің бірінің үйінде жүздесіп табысады. Жағдайлары келсе, ертелі-кеш кит киісіп, кезек шақырысып жатады.

Біздің, арнайы, заңды түрде тіркелмесек те, ерлі-зайыпты ретінде қалтқысыз қосылғанымыз анық еді. Екеуіміз де солай ойладық. Тек қалыпты жора бойынша, жеке пәтерге шықпадық. Уақыт тар, ең бастысы – көлденең көзге ыңғайсыз көрінген. Оның үстіне қыз, дәмнен ұшынды ма, әлде асқазаны бұзылды ма, жүдеңкіреп жүрген. Әйтсе де айрықша көңілді. Жүзі бал-бұл жанып, дипломы қолға тигенше дегбірі қалмады. Екеуіміз үшін де соңғы межеге соншама асыққан. Ауылға, жақын бір жеңгесіне сыздықтап жеткізген сияқты, әке-шеше, ағайын-туысымен түгел дүрлігіп, екі тойға қатар дайындалып жатқандай. Менікі, әлбетте, жарым қуаныш. Бірақ сол жарымның өзі бүтіннен үлкен сияқты. Ғылым, әрине, қымбат, бірақ қайткенде де өз қолыңдағы нәрсе. Ал асық жар... өмірде бір-ақ рет кездессе керек. Қайта айналмас, қайрылмас бақыт құсы. Мұндағы басқа шаруаның бәрін шегеріп, қолдағы бақытымды біржола тиянақтауға бекіндім. Әуелі Балжанның ауылына барып, үлкен кісілердің батасын аламыз. Содан соң біздің ауылға. Біздің ауыл болғанда, ол жақта әке-шеше жоқ, мен университет бітірер қарсаңда селбесіп, бірінен соң бірі кеткен. Басқадай ет-жақын туған-туыстан тағы мақұрыммын; оның үстіне... біздің ауыл атомдық полигонның астында қалған, ендігісі – ескінің жұрнағы ғана, ата-жұртының басым бөлігін тікенек қоршау ішінде қалдырып, ысырыла көшіп, бұрынғы белгілі ауданның шекара сызығында ғана отыр, қайткенмен де туған жер ғой; мен сырттай сағынғанмен, тым қолайсыз болса да, басқа барар жерім жоқ, әуелгі бірер жыл орайында қайын жұртта емес, өз ауылымда қызмет атқару қисындырақ көрінген.

Балжан дипломдық жұмысын сәтімен қорғап, оқуын бітірді, мен аспирантураның ең соңғы стипендиясына пойызға, жарлы-жақыбай қауым, оқушы, студенттерге тиесілі жалпыға емес, тіпті, әжептәуір қызметкерлер жүретін төрт кісілік плацкартқа да емес, қымбат, жұмсақ вагон, жеке купеге екеуімізге билет алдым, "Алғашқы оңаша пәтеріміздің ордері сенде болсын!.." деп, қыздың өз қолына ұстаттым. Бар тағдырымды қоса тапсырғандай қуанып еді. Алматыдан біржола болмаса да, екі жыл тұрған жатақханадан түп көтеріле кетіп барам, азғана, бірақ құнды тарихи дерекнама кітаптарымды қатырма қорапқа салып, жеке байладым. Киім-кешек, – үстімдегіні айтпағанда, жалғыз костюм, үш-төрт көйлек, жеңіл пальто, тағы басқа ұсақ-түйек – шағын сумкаға сыйды. Балжанның буыншақ-түйіншегі молырақ шыққан. Жақсы және әрқилы киінетін еді, мен көргенде қыстық, жаздық, күздік сырт киімнің өзі әлденешеу, ұзынды-қысқалы, қалыңды-жұқалы, күнделікті, мерекелік… көйлек-көншек, аяқ киімде есеп жоқ – кейбірін курстас қыздарға сыйлап, кейбірін тастап, ықшамдап шектегенде бір бау, екі шабаданға әрең сыйған. Қалыңдықтың жасауы әлі де жетімсіз деп, оған бір күліп алдық.

Енді ертең түсте аттанамыз.


10
Кешіне жаңа ғана шыққан, жұртты үйірген "Қос мекенді кісі" деген киноға бардық. Жартылай фантастика, бірақ өмірде шын болғандай әсерлі. Қыз – сұлу, нәзік, мейірбан, жігіт – келісті, кісілікті, адал, аңғал. Кездейсоқ ұшырасады, бірін-бірі қалтқысыз сүйеді. Ақыры, жігіттің өзгеше тағдырына орай, зұлым күштердің қастандығы нәтижесінде, екі айрылуға мәжбүр болады. Әдемі, мұңды фильм екен. Балжанға ауыр тиді. Көңілі басылып, жыларман болған. Бұл – кино ғой, өмірде шын болған оқиға емес, әуелде Беляев деген жазушының қиялынан туған шығарма, қызымыз да, жігітіміз де күні бүгін аман-есен, бұрын экранға шықпаған, сондықтан біздің көз алдымызда кейіпкерімен астасып кеткен дарынды жас актерлар, түсіруші режиссер жақсы таңдапты, алда, аманшылық болса, басқа бір қойылымдарда, жаңа бір тұлғада көресің, ал дәл осы кинофильм мен оған негіз болған роман арасында әжептәуір өзгешелік бар, бірақ бәрі орнымен және жанр ерекшелігіне сай, ұнасымды, жоғары деңгейде шығыпты, қызық үшін емес, тағылым, тәрбие үшін... деп, арыдан беріге тартып, басқа тарапқа алдарқатып, әрең жұбаттым. Ал біз... басқа бір жағдайдамыз, бізді айырар күш жоқ, бар ғұмырымыз бірге өтеді деп бауырыма басқам. Ертең... ертең түске дейін... Жатақханаға келген соң, ұзақ жол алдында жақсы тынығу қажет десіп, қимай, әрең айрылыстық. Мәңгіге қосылуға бір-ақ күн қалған. Бір күн емес, жарты түн.

Балжан мерейлі, қуанышты еді. Мен де... бақыттымын. Бірақ көңілім орнықсыз, ішім алай-түлей. Жаңағы жайсаң жігіттің қайғылы тағдыры қайтадан қозғау салған. Ол мұхит айдынына сіңіп жоғалса, мен орталықтан тыс, шалғай ауыл, қиян далада сағымға айналатын сияқтымын. Жоқ, бүгін, осы қазір ғана емес, соңғы екі-үш айдағы дағдарыс ахуал. Рас, сүйгеніме қосылдым. Қосылғалы тұрмын. Оның есесіне... сәтімен басталған, арғы жағында басқа бір әлем – ата-баба тарихының белгісіз беттері ашылмақ, еліңнің өткенін танытып, өзіңнің атақ-абыройың асатын өмірлік үлкен шаруа адыра қалып барады. Бар кілтипан, дүниенің тұтқасы, менің тағдырым университеттегі кейінгі жетекші – шолақ белсенді Қырмасақалға тіреліп тұр ма екен. Академияға бармаймын ба, Ақсақалдың Қарасақал шәкіртіне. Қазір баяғы 37-інші, тіпті, кейінгі 51-інші жыл емес, әрине, қиындық азайған жоқ, темір құрсау қалпында, десе де, бұрынғы тікелей репрессия, абақты мен айдау жоқ қой, басқа тараптағы азды-көпті кеңшілікке біз неге ұмтылмаймыз, әлі басталмаған күрестен неге тайқимын, азапсыз ғылым қайда, шындап, жан кешіп, бел шешіп кіріссем, алғашқы нәтиже алыс емес еді ғой, ғылыми дәрежеге ілініп, әуелгі тиянағымды тапсам, одан арғы өрісімді тұтамдап ұзартып, зерттеу аймағын да кеңейте бермеймін бе, алда қаншама ғұмыр бар, мұратымның бар үддесінен шықпасам да, белгілі бір межеге жетер едім ғой... Кешегі Ақсақал жарықтық екі мәрте айдалып, он бес жылын қапаста өткізсе де, жарық дүниенің өзінде қудалаудан көз ашпай, өле-өлгенше бақылау астында жүрсе де, қаншама мәнді шаруа бітіріп кетті, ол заманмен салыстырғанда менің қиындық дегенім – кеңшілік емес пе... Неге ғана күрестен қашып, жолдан тайдым... деп, қатты торықтым. Жатақхананың асты түскен, енсіз, жайсыз темір төсегінен жамбасым тесілгендей, он аударылып, қырық төңкерілдім. Менің бөлмелес серігім, физик аспирант, ұйқысы қатты Құлашбек екі рет оянып, тіпті, басын көтеріп, бір жерің ауырған жоқ па, не болды деп сұраған. Бәрі орнында. Ұйқым қашқаннан басқасы. Қазір ұйықтаймын. Ұйықтай алмадым. Қараңғы түнді көзбен атырдым. Екі жақ қабырғасына екі төсек қойылған ұзыншақ, шағын бөлмеге бозамық жарық түсе бастағанда әрең көз іліп едім.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет