Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет2/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

1

Бар кілтипан, кілтипан емес, пәлекет, жай ғана пәлекет емес, қайырылмас бақытсыздық, түп негізі бұдан тура қырық жыл бұрын сабақ тартқан қос айыр тағдыр сыры, нәтижесінде мені бүгінгі мүшкіл хал, шарасыз азапқа жетелеген адам сенгісіз оқиға жарықтың сөнуінен басталды. Кәдімгі, түнді түріп, төңірегіңді ашып тұрған әдепкі, жасанды жарық, яғни үйдегі электр шам. Мен кухняда шай ішіп отырғам. Түнгі ұзақ жұмыс алдындағы азғана тыныс. Ғылыми журналға өткізбек, орта ғасырдағы Дала тарихына қатысты көлемді мақаланың қорытынды бөлігін тәмамдап, басынан түсе түгел байыптап, біржола дайын қылуға тиіс едім. Шай үстінде тағы да толғанып, түйінгем. Көкжиегім кеңейе түскендей. Көлемді болса да, шектеулі мақала – ғұмыр бойы бітіре алмай келе жатқан үлкен шаруаның бір бөлшегі ғана. Жаңа бір тарих. Алдыңғының нұсқасы, кейінгінің сұлбасы бар. Бірақ тұтастай алғанда, бітіп тұрған ештеңесі де жоқ. Тым аумақты, айрықша ауқымды. Тиянақты, түбегейлі, мәнді, мағналы еңбекке айналуға тиіс. Мына, негізі ескі болса да, тұрғысы жаңа, көлемді мақала жаңа заманның ғана емес, менің өзімнің де жаңғырып, қайтадан күш алуымның бір көрінісі тәрізді. Қалай айтқанмен де, көңілім толып отыр. Еңсем көтеріліп отыр. Тынысым кеңіген, сенімім артқан. Бұл – өзгеше кезеңнің, өнімді еңбектің басы ғана деп білдім. Қайткенде де бүгін бітіріп, тезінен жарыққа шығару керек... Түйініп, бекініп, "әуп" демесем де, "алла" демесем де, сергек көтеріліп, орнымнан тұра бергенде жарық өшті.



Иә, жарық сөнді. Оқыс ештеңесі де жоқ. Тәуелсіздікке жеттік деген беймаза үш-төрт жыл орайындағы үйреншікті жағдай. Шылпара ыдыраған алып империяның қай тараптағы бөлшегі болмасын, аяқ, қолын жинай алмай жатқан. Нео-балшабектердің бассыздығы және жаппай талапай, бұқара жұртты жаныштаған таршылық, дефицит пен инфляция, адамның азуы, моральдың тозуы... Әйтеуір еліміз еркіндік алыпты-мыс дабырадан басқа көңіл алданар ештеңе жоқ. Пост-советтік басқа тараптың жағдайы тіпті қиын деседі, бірақ бұрынғы отандас, қазіргі тағдырластың сенен де ауыр соры – мұндағы ахуалды ешбір жеңілдетпейді. Әйтсе де, әуелде анық көрініс берген, баяғы зорлықпен колхоздасу кезеңіндегі ғаламат ашаршылық елесі енді бірте-бірте алыстай түскендей. Нанның қымбаттағаны, қанттың азайғаны, сабынның таусылғаны, қолдағы қаражаттың күлге айналып, айлық табыстың апталық тамағыңа жетпеуі – өткінші кезең деседі. Ал күн құрғатпай сөніп жатқан жарық мәселесі – ештеңе емес. Жарты сағаттан соң, төрт-бес сағаттан соң, ұзап кетсе, ертең кешке жағылады. Жана бере қайта өшсе тағы да уақасы жоқ. Бірақ біздің бұл жолғы қараңғылық – бұрын болмағандай. Жарықтың өзінің сөнуі басқаша көрінді. Білте шам сияқты жалп еткен жоқ. Электр шамына тән, үйреншікті жөнімен жарқ еткен де жоқ. Әлдебір тылсым күш жалмап, жұтқандай, шыңырауға, тұңғиыққа батқандай, дымсыз жоғалған. Бірден түпсіз түнек орнады. Тілсіз, саңылаусыз, меңіреу, шойын қараңғылық. Тыста ай тумаған, аспан бұлтты сияқты. Сол қара аспан төмен құлап, жер бетін тұмшалап басып қалғандай. Сыртқа қараған терезе үңірейіп көрінсе керек еді, түнекпен астасқан, ешқандай белгі, бедер жоқ. Тым құрса кең көшеден арлы-берлі өткен машиналар жарығы аңдалмайды. Терезе сыртқы жалпақ дүниеге емес, тура құрдымға бағытталғандай. Ал отырған үйіңіздің есік, қабырғасы жоқ, қараңғылық әлеміне тоғытылған. Төңірек түгел тылсым. Үйреншікті, нақты дүниенің жалғыз белгісі – астыңдағы орындық. Және алдыңдағы стол болса керек. Мен қармаланып, кесе түбінде қалған шайымды ішпек едім. Ештеңе ілінбеді. Кесе түгілі, сол столдың жиегі. Қолымды алға соза бере, іркілдім. Қараңғыда бірдеңелерді төңкеріп, бірдеңені шағып алармын деп, бұдан әрі ешқандай талап жасамадым. Бойым түршіксе де, түнекке асылған өз кейпімді қызықтап, азғана бөгелдім. Бар тиянағым – мана сылқ етіп, қайтадан отыра кеткен жалаңаш орындық еді. Бірақ бұлайша, белгісіз, дерексіз қалыпта қала беруге болмады. Орындықпен қоштасуға тура келген. Түрегелдім. Бұл жолы жайлап, қорғалақтап. Сол беті қайыра сыйпаланып едім, орындығым да әлдеқайда жылжып кеткендей. İздеп көрсем, тұнған тыныштық бұзылып, төңірегім түгел бүлінетіндей. Және іздеп қажеті де жоқ екен. Ендігі тірек, әдепкі әлеммен байланыс – өкшесіз ескі кебіске сұғылған екі аяқ қана. Жер басып тұрмын. Анық. Қара жер емес, үстіне линолеум төселген тас еден.

Қалай отырғаным есімде. Газды пеш, кранды астаушаға қарсы. Яғни, шығыс бетке. Одан берірек, көлденең қабырғада шағын ғана, тапалтақ мұздатқыш. Алдымда, айттым, дәл қазір бар-жоғы белгісіз, текше бұрышты, кішкентай ас стол. Оң қол – шығар есік. Микроауданның небәрі сегіз шаршы метрлік үйшік-кухнясы ғой. Енді сол кухнядан, яғни оң жағымдағы енсіз есіктен өтіп, ащы ішектей тар, бірақ қысқа дәлізбен қарсы қабырғаға дейін жүруім керек. Содан соң тағы да оңға. Менің жұмыс кабинетім. Өзімше айтқанда. Өйткені, үш қабырғасы, төрдегі жазу столының екі жағы, арғы қос бұрыш толған кітап – жарымы сөреде, жарымы жерде. Бергі, кухнямен жалғас қабырғада диван-төсек бар. Яғни, жатын бөлмеміз де осы. Әрі қонақжай зал. Алпысты алқымдағанда осындай кәріп жағдайға жеттік. Немесе, өзгеше бақытқа. Бір заманда үш бөлме үй болған. Және үш бала. Және бір әйел. Құдайға тәуба, балалар өсті, кетті. Бала болғанда, түгел қыз. Орындарын тапты, өздерімен өздері. Әйел де... жөнін тапты. Қартайғанда бизнесмен шықпақ. Әзіргі кәсібі – ала қап. Түркияға барады – тобымен тон әкеледі, Қытайға барады – тең-тең киім-кешек, кәкір-шүкір. Алғашқы жылы, аш-арықтан шығып, тұрмысымыз әжептәуір түзеліп қалған. Содан соң... мен сияқты табысы тапшы арамтамақты асырап-сақтау – артық шығын көрінген. Ала қапты жалғыз өзі арқалаудан қажыпты. Ғылым Академиясындағы, атағы дардай, ендігі ақшасы бұл әкеліп жүрген жалғыз дорбаның жарты құнына толмас, қадірсіз, қажетсіз, арам қызметті тастап, адал саудаға араласуым керек. Өз бетіммен ештеңе жасамаймын, селбесе еріп, бір басын екі еселеп, яғни әр жолы жеткізбек тауардың мөлшері мен орайлас пайдасын екі есе өсіріп. Мен ала түгілі, тарғыл қап арқалауды намыс көрмеймін, бірақ өзім ғылым есігінен сығалаған отыз бес жыл бойы ойға келмеген, яғни барлық жолы жабық болған ежелгі қазақ тарихына қатысты түбегейлі зерттеуге – жаңалықты мақала, жан-жақты монографияларға кірісуім қажет еді. Соныдан бастамаймын, бұрында үзілген, тоқыраған, жеріне жетпеген еңбектерімді жаңғыртып, тереңдетіп, аясын, аумағын кеңейтіп, жаңа бір өріске шығам. Тәуелсіздік келді, тарих – бостан, сөз – еркін. Әлемнің көкжиегі жаңа ғана ашылған. Қалай ғана қиып тастарсың. "Или – или!" – деді қатын. Не алай, не былай шығасың. Мен алай да, былай да шыққам жоқ, өз орнымда қалдым. Тек тұрғын үйім ғана ауысқан. Үш бөлмені айырбастап, екіге жардық: әйел өзіне лайық үлкен үлес – екі бөлме, маған осы аядай, ұядай бір бөлме. Әрине, сәйкесінше, кіп-кішкентай кухня, тізең әрең бүгілетін туалеті, арқаңды ыссаң, шынтағың қабырғасына тірелетін, астауы әрең сыйып тұрған ваннасымен. Кітап атаулыны түгел өзің аласың, сонда тепе-тең шығамыз, деген, әділдік жолын қалаған қосағымыз. Шынында да, заң жүзінде ортақ шаруашылық, жартысы маған деп жармасса қайтетін едім. Екі бөлмесімен қоса, өзінен де, сөзінен де құтылдым. Тіпті жақсы болды. Толық еркіндік, тып-тыныш оңашалық. Бар табысым бір басыма жетпейтіні рас, бірақ осы қалада тұратын үлкен қызым ара-кідік жарым қадақ май, бірер асым ет дегендей, қолында барын әкеп тастап тұрады. Алмасаң ренжиді, қысыла тұрып қабыл көресің. Қыздың жанашырлығы мол екен, ұлым жоқ деп іштей қамығушы едім. Шынында, осындай азғана көмек болмаса, қара нан, қара шаймен аштан қатуым анық еді. Ал әйелдің көмегінен бас тарттым. Үнемін өз үлесіне қоссын. Байысын. Мүмкін, елуді алқымдаған шағында, өзіндей іскер, ала қап арқалауға машыққан, лайықты бай табар. Қайта айналып келіп сорымды қайнатпаса. Әйтсе де, келмесіне, молынан кеткеніне сенем. Сонымен, рақат тіршілік кешіп жатқам. Шамның сөнуі де ренішсіз, әдепкі жағдай. Тек бүгін... аз-маз тосырқап тұрғаным болмаса.

Тосырқау... немесе, үрейге жақын дағдарыс. Рас, жарық жоғалған сайын абдырайтын едім. Қараңғылықтан қорыққаным емес. Жасап жатқан жұмысың еріксіз үзіледі. Шарасыз іркіліс – бір күндік бөгесін үстіне, үлкен шаруаны, қалыпты жұмыс ырғағын бұзатын көлденең кесел. Ақыры, мұның да емін тапқандай едім. Жазу столымда жуан майшам тұр. Түбінде сіріңке. Баяғыда, бала кезімізде, ауылда, кәресін кейде бар, кейде жоқ, пиала шам жанбай қалғанда, кешкі сабағымызды кез келген шұқыр, кішкентай ыдысқа, көбіне төңкерілген сынық кесе түбіне жасалған майшаммен оқыдық қой. Қолдан ширатылған білте орнатып, ерітілген тоңмай құйылған жабайы шырағданмен. Ал мынау – онымен салыстырғанда самаладай. Қайткенде де басқа амалың жоқ. Кейінбесең, тарынбасаң болғаны. Тұтатасың да, бабымен күнделікті жұмысқа кірісесің. Электр шам келер сәтте қайтадан тірілуі мүмкін. Немесе бірер сағаттан соң. Жана сала, көп ұзамай, қайта өшуі тағы оңай. Мейлі, жанбай-ақ қойсын. Бәрібір жұмысың шорт үзілмейді. Сірә, бүгін де осы майшамға сығыраятын сияқтымын. Тек... жұмыс орныма жетуім керек. Мына ұйыған қою қараңғылықта. Рас, газды пештің жақтауында сіріңке тұр. Бірақ оған жеткенше, сыйпалап жүріп тапқанша... кабинетке шығуым әлдеқайда жеңіл.



Сонымен, орнымнан тұрдым. Аз ба, көп пе, амалсыз дағдарыстан кейін, қалтиған күйімде екпетімді оңға бұрдым. Екі, әлде үш қадамнан соң кухняның енсіз, тар есігі. Екі қолымды екі тарапқа қармаланып едім, жақтау, қабырға – ештеңе ілінбеді. Тағы бірер қадам бастым. Төңірегім түгел қуыс сияқты. Өтіп кеткен болдым. Енді жайлап, тура жүру керек. Бес, алты қадам. Жеті... сегіз қадам жүрдім. Қарсы қабырғаға тірелмедім. Сірә, қиғаш кеткен тәріздімін. Енді жүрсем, бірдеңеге соғылуым мүмкін. Онсыз да көрдей қараңғыда көзімді жұмып, азғана бөгелдім де, оңға бұрылдым. Тоқсан градусқа. Содан соң, бағытымды біржола түзеу үшін тағы да азғана – жиырма, жиырма бес градусқа. Енді өзім кабинет деп атайтын жатын, демалыс – универсал бөлменің есігіне болмаса да, қабырғасына тірелуім керек. Одан кейін әрлі-берлі сипаланып жүріп ішке кірем де, бұрынғыша қармаланып, жазу столыма, яғни түнекті түріп, жарық дүниеге қайта енгізетін шырпы мен шамға. Бір қолымды алға, бір қолымды көлденең созып, екі аттадым. Есік. Оң қолым алды қуыс жақтауға ілінген. Сол қолымды жазып едім, тар есігім өлшеусіз кеңейіп кеткендей, екінші жақтауға әрең тиді. Кең қақпаның қақ ортасында, құлашымды кере созып, азғана тұрдым. Сырлы, беймәлім, жат есік. Бәлкім, ар жағында... әлдебір тарихи романдағыдай шыңырау зындан. Мен шошына сескеніп, бөгеліп қалдым. Аттасам ба, аттамасам ба... Ақыры бойымды жиып, оң қанаттағы жуан, жалпақ жақтау, өлшеусіз қалыңдап кеткен салқын қабырғаны құшақтай сүйеніп, сол аяғымды көлденең созып, түртінектеп көрдім. Еден тәрізді. Қисая жамбастап тұрып, одан арғы азғана жерді тағы байқастадым. Ойық жоқ, апан, зындан жоқ. Бірыңғай, теп-тегіс. Кәдімгі еден. Тек линолеум төселген жылмағай емес, әлде кілем, әлде түкті палас... Басым айналғандай, тағы азғана кідірдім. Содан соң өзіме өзім күлдім. Сірә, ауыса бастаған шығармын. Немесе, жалғыздықтан, тұрмыс талқысынан есеңгіреген. Түсім емес, өңім. Жаңа ғана жарық сөнді. Алақандай жерде адастым. Енді өзімнің, жатын дейсіз бе, кабинет дейсіз бе, екі жылдан бері бауыр басқан үйреншікті, меншікті бөлмемнің табалдырығында тұрмын. Осылай, таң атқанша тұруым керек пе?.. Бір қолымды есік жақтауынан айырмаған қалпы, алға қарай нық аттадым. Екінші аяғымды жидым. Қолымды жақтаудан босатып, қалт тұрдым. Күзеттегі салдаттай. Содан соң демімді ішіме тартып, жайлап тағы бір аттадым. Сол сәтінде жарқ етіп шам жанды. Мен еріксіз қарығып, көзімді көлегейледім.
2
Жарқ етіп шам жанды. Мен көлегейлеп, көзімді жұмдым. Сол сәтінде құлағыма даңғыр-дұңғыр музыка, дабыр-дұбыр дауыстар жеткен. Көзімді ашып, қолымды көтере бере, қайтадан қорғандым. Жарық – менің бөлмемдей, жібінен салбыраған жалғыз шам емес, сансыз шам – самсаған жарық. Аумағы ат шаптырым дерлік кең сарайдың кірберіс босағасында тұр екем. Төбе толған әсем өрнек, әрқилы кейіпті, бір емес, қатарласа жамыраған әлденеше шаңырақ люстра, хрусталь моншақ, ұзынды-қысқалы салпыншақтарға шағылысқан алтынды, күмісті, қызғылтым, көгілдір, ақшаңқан нұрдан көз тұнады. Төрт қабырға – алтын кәсекті, ескілікті, арғы, бергі заман суретшілерінің әрқилы туындылары. Еден – есіктен төрге дейін, түгі тусырылған, бөлек-бөлек емес, біртұтас, көк-ала қалы кілем. Осыншама сәнді, кең сарайдың іші толған салтанатты қауым. Біразы төрде – ақ дастарқанды дөңгелек столдар басында. Енді біразы – көбіне жастар, топырлата билеп жүр. Ерекше жағдайдағы өзгеше бір мереке тәрізді. Кенет... төрдің төбесінде, биігірек құрылған ұзыншақ дастарқан үстінде, қақ ортада күлімсірей еңселеніп отырған... екі жағында үш-төрт кісіден, әйел, еркек, олар да бай мен бәйбіше – нағыз марғасқалар екені аңдалады... сол үлкендердің үлкені, шын орталық, ең басты адамға... көзім түсті. Мен – менің өзім отырмын қақ төрде. Той иесі, осыншама жұртқа мол дастарқан жайылған думанды, мерекелі салтанаттың басты тұлғасы – мына мен екем!..
3
Мен өзімнің одағай ахуалымды – мұндағы тұрысым, андағы отырысым – істің мән-жайын аңдап, байыптап үлгермедім, қарсы алдымда ұзын бойлы, кең иықты, үстінде сұрғылт, ықшам киім, белінде тапанша, қолында радиотелефоны бар, рәзеңке таяқ па, әлде өзгеше қару ма, тағы да бір салпыншақты, суық жүзді жас жігіт пайда болды. Биші, тойшы қауымнан, ең бастысы – төрдің төбесіндегі қожайыннан тасалай берген.

– Сіз кімсіз? – деген, ысылдай дік етіп.

Жауап күтпеді, мені кеуделей ысырып, жаңағы кең қақпадан өткеріп, дәлізге шығарды. Дәліз дегенім – ауызғы бөлме, бөлме болғанда, жоғарыдағы ақ сарайға жете-қабыл, сәнді, салтанатты, тек той дастарқаны жасалмаған, ортасы бос, шет қабырғаларға жұмсақ диван, үлкен креслолар қойылған кіші сарай екен.

– Сіз кімсіз? – деді күзет сақшысы сол қатқыл қалпында. Енді еркінірек. – Қайдан келдіңіз, қалай кіріп кеттіңіз?

– Мен өз үйімде... – дедім тұтығып. – Ешқайдан келгем жоқ, өз үйімде...

Сақшы маған байыптап, таңырқай қарады.

– Аты-жөніңіз?.. – деген содан соң сыпайырақ әуезбен.

– Мен... мен – Мұрат Қазыбеков... – дедім.

– Әкеңіздің аты...

– Бейсен. Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков.

Енді сақшы мүлде абдырады. Мені қолымен жасқап, қозғалмай тұра тұрыңыз дегендей белгі берді де, екі-үш қадам шегініп, қырындай бұрылып, қолындағы редиотелефон арқылы әлдекіммен, сірә, бастығы болса керек, қысқа сөйлесті.

Келер мезетте бірі сақшы киімді, төртпақ, екіншісі костюм, галстукті, қозықарын, дембелше – екі жігіт жетіп келген. Үшеуі азғана тілдесті. Үшеуі емес, әуелі дембелше – еңгезер сақшымен. Иә, қимылы еркін, тұрысы өктем, бастық болды. Маған қатысты істің мәнін екі қайтара пысықтап сұрағаннан соң, алға қарай аттап, бет-бейнеме бажайлай қарады да, жылы жүзбен, қол беріп амандасты.

– Біз сізді өз бөлмеңізге апарып салайық. Қай қабат еді?

– Екінші қабат, – дедім мен еріксізден.

– Екінші қабат... Біз сол екінші қабатта тұрмыз. Мұнда... қабылдау бөлмесі және салтанат сарайы. Мүмкін үшінші шығар? Әлде төртінші?

– Мен қай қабатта тұратынымды жақсы білем, – дедім. – Жаңа, жарық сөнгенде адасып...

– Жарық сөнген жоқ, – деді сақшының кейінгі, төртпағы. – Ал сіз...

Сақшылардың әуелгісі, сірә, ортаншы бастық, маған тәуірірек көрінген зор жігіт қолын көтере бере, алақанын тосып, кішісін тоқтатты. Ал үлкені... қозықарын дембелше менің иығымнан қағып, жымиып күлген.

– Адасып кеттіңіз... Сірә, аз-маз сырқаттанып жатқансыз ғой. Немесе, мына үлкен мереке құрметіне, ептеп...

– Сіз менің басымды ауыртпаңыз, – дедім шынымен ыза болып. – Мен ішімдік атаулыны татып алмайтын кісімін. Ақыл-есім түзу. Ғұмыры ауырып көргем жоқ. Мені кім деп тұрсыз?!

– Ағасы, кейімеңіз, – деді үлкен бастық мені өзімсіне құшақтап. – Сізге ешқандай күмәніміз жоқ. Әйткенмен, ініңіздің мерейтойында... Дос-дұшпан демейік, қаншама көлденең кісі бар...

Қалт бөгелдім. Менде бірге туған, тіпті, немере, аталас аға-іні, апа-қарындас болған емес. Жалқы туғам, жалғыз келем. Осы тұрған бойым. Сонымен қатар... әлдебір белгісіз түйсік... Мына мен, иә, менің өзім... сыртта емес, іште, тойлы сарайдың қақ төрінде қасқайып отырған сияқтымын. Мен отырмын!

– Өтіп жатқан – кімнің тойы екенін білесіңдер ме? – дедім кенеттен, көмейіме өзім де ойламаған өзгеше лепес тығылып. – Анау – осындай тойдың төрінде салтанат құрып отырған – мына мен!

Той төрінде мейірленіп отырған қалпымда, түр-тұлғама қарадым, – әлбетте өз көзіммен: үстімде көнетоз көк халат, аяғымда арты тозған киіз кебіс, өзім, – төрдегі төремен салыстырдым, – түрім аумағанмен, өңім жүдеу, әрі… Жоқ, той – менікі! Манағы талап, бұйрық есепті қатқыл сөздерден соң сәл-пәл абдырап қалған үлкен бастыққа тіке қарадым:

– Той – менікі! – дедім. – Барам, отырам, көрем!.. Егер дәл осы қазір маған өзіме лайықты құрмет жасамай, далаға сүйремек болсаңдар, арты үлкен шатаққа айналады!

– Онда... – деді бастық азғана аңырап барып, зорлана жымиып, – тыныш отырсаңыз...

– Отырам, – дедім. – Тыныш отырам. Көремін, ішемін, жеймін! Солай! Кім деп тұрсыңдар мені?!

– Жөн, – деді үлкен бастық. – Тек киіміңіз...

– Байға тай мінсе де жарасады, – дедім, ыржиып күлген кейіпте. – Киім бізден қалған. Әйткенмен, ыңғайсыз болар, үйге барып, костюм киіп...

– Жарайды, оған уақыт тар, – деді Үлкен тағы да өзімсіне, иықтан қағып. – Сендер жүре беріңдер, – деді екі сақшыға. – Тек... сұқ саусағын ерніне тигізді. – Қазір де, кейін де. Ал бүгін, тойдың ақырына дейін ақсақалды бағып-қағу, бар күтімі сендердің мойындарыңда... Енді, ағасы, – деді содан соң маған. – Енді тойға өзіңізге лайық кейіпте, сақадай сайланып барасыз... – Мені қолтықтап алды. – Төменге түсейік.

Төменге әдепкі баспалдақпен емес, мен бұрын көрмеген, шынылы, тап-таза лифтімен түстік. Жарқыраған әмбебап дүкен. Әрине, ат шаптырым, көл-көсір. Пальто, тон. Көйлек-көншек. Костюм, күртенің неше атасы. Бір сөзбен айтқанда, қымбат киім-кешек. Уақыт кешкіріп кетсе де, әлі жабылмаған екен. Кісі қарақұрым емес, әйткенмен әжептәуір. Негізі қалталы аларман сияқты, таңдайды, өлшейді, тамашалап жүреді, касса алдында есеп айырысып жатқаны да бар – сауда тоқталмаған. Бастығым мені дүкен аралатқан жоқ, түкпірдегі бір бөлмеге алып барды. Орта жастағы, толықша келген, сүйкімді әйел отыр екен.

– Гүлжан апай, – деді менің қамқоршы бауырым. – Мына біздің ақсақалға бүгінгі кешке жақсы киім керек, – деді. – Қара смокинг... – Мені бастан-аяқ бір шолып шықты. – Қара смокинг – елу екінші өлшем, үшінші кесім, ақ көйлек, жағасы... отыз тоғыз, қара, жоқ, иә, қара көбелекше, содан соң қара туфли, қырқыншы размер...

Меңгеруші әйел ықыласпен орнынан тұрып, мақұлдап басын изегенмен, маған таңырқай қарап, бөгеліп қалып еді.

– Бұл кісі аз-маз сырқаттанып, емханада жатқан еді, сұраусыз шығып кетіпті, енді тойдан қалмаймын деп тұр. Өзіңіз де түсінесіз ғой, – деді. Гүлжан апайы әлі де түсіне қоймаса керек, – Шефтің есебіне жазасыз, – деді. – Бұл кісінің аты-жөні Мұрат Бейсенович Қазыбеков. Енді ұқтыңыз ба? Осы бәріміздің ағамыз!


4
Мұздай киінген қалпымда салтанатты сарайға қайтып әкелді.

Ғафу етіңіз, – деді қамқоршы інім. – Сізге қай стол бекітілгенін білмеймін. Сірә, келмейді деп, белгілемеген шығар. Жоғарыдағы орындарға отырып қойды. Мына жастар жақта... артқа сақталған бір орын бар еді...

– Маған сол шет жақтың өзі жақсы, – дедім. Манағы күмән елесі тарқамаса да, сенім молайған. Әуелде қалтыраған жүйкем түгелімен қалыбына түскен.

– Тек бөтен мінез көрсетпеңіз, – деді қамқоршым. – Бізге де тыныштық керек. Білесіз ғой, жұмыс... Және бейсауат әңгіменің қажеті жоқ. İніңіздің абыройы үшін...

Мен келіп төменгі жағынан, төрге қырындай жайғасқан, сәл-пәл шеткерірек, мол дастарқанды, он кісілік дөңгелек стол – жастар екен, бөтен әңгімеге ешқандай зауықтары да жоқ, өз қызығы өздерінде, мен келіп отырған кезде бет-жүзіме таңырқай қарады, содан соң бұрын көрмегендей, жаңа танығандай, төрдегі той иесіне көз салды, маған қайыра қарады да, ризашылықпен жымиып, жаппай жамырамаса да, үлкен құрметпен орындықтарынан тұрып, коньяк, виски, таза арақ, ақшыл, қызыл түсті шарап құйылған рүмке, фужерларын көтерісіп, менің апельсин шырыны толтырылған сары бокалыммен соғысты, "Сіз үшін және Марат Бейсенович үшін!" – дескен.

Өстіп, төрде отырған той иесінің аты-жөнін білдім. Мен – Мұрат. Ол – Марат. Бейсенович. Бейсенұлы. Әрине, сойы да бірдей – Қазыбеков. Марат Бейсенұлы Қазыбеков! Енді таныс-бейтаныс бауырым... әлде сыңарым... әлде жын-шайтан... қайткенде де мына жұрт маған теліген, күмәнсіз туысқа балаған өзгеше кісіні байыптап, бажайлап тексере бастадым. Қиғаш отырмыз. Бергі жақтағы, қалыңшаш, жауқабақ, марлат жуанға бұрылған кезінде ғана тіке көрем. Манағы, екпіндей келіп, аңырып қалған күзет сақшысы, одан кейінгі, мен туралы тым тәуір ойламаса да, сөзімнен ыққан, бар кейпіммен қабылдап, мұздай киіндіріп, той дастарқанына әкеп отырғызған, сірә, атқарушы төраға, немесе бас менеджер, мұндағы, әуелде таңырқаса да, қолма-қол жуасып, ізет, ілтипатпен қарсы алған абыр-дұбыр жастар – көзі көрген кісі атаулының шатыспауы мүмкін емес екен. Тура менің өзім. Яғни, айна-қатесіз, аумаған сыңарым. Дюманың көпке танымал бір романындағыдай, екеуіміздің орнымыз ауысып кеткен жоқ, және туа сала тағдыр екі айырмаған. Сонда не?..

Кенет... Мараттың арғы, оң жағында отырған келісті бәйбішеге көзім түсті. Әуелде құлағындағы, көгілдір, қызғылтым нұр шаша құбылған гауһар сырғасын ғана аңдаған едім. Енді аппақ бетін бері бұрып, күйеуінің әлдебір сөз, кеңесіне мейірлене жымиып, еңсесін жазғанда қапысыз таныдым. Жүрегім зырқ ете түскен. Бұл... бұл – қазір елу... елуге ілінсе де, отыз бестегі толықсыған келіншектей көрікті, бағлан әйел... – баяғы Балжан еді. Менің армандағы ғашығым. Жаз шыға қосыламыз деп, қалтқысыз табысқан қалыңдық. Шешуші, алмағайып сәтте, бір-ақ күн, бас-аяғы жарым сағатта зым-зия жоғалып кеткен, содан бері, ғұмыр бойы көкейімде тұрған қасірет-мұң. Бетінен нұры төгілген қайран Балжан... Мең-зең күй, жарым көңілде, жүрегіме қайғы құйылып, езіліп, жаншылып барам. Кенет... Балжанның қасында Анау емес, Өзім отырғандай, бойыма тәтті жылу тарады. Айрылмаппын. Арманыма жетіппін. Балжан басқаға кетпей, өзіме бұйырыпты. Енді міне, бар ғұмырды бірге өткеріп, иық сүйесе, қатар отырмыз...

Тағы да ауыса, алжаса бере, есімді жидым. Балжанның қасында отырған – Мен емес, Анау. Мен – мұндамын, белгісіз ортаға адасып келген. Дәп солай... Өзімнің ерекше ахуалымды байыптау керек еді. Бірақ мен Балжаннан көз айыра алмадым. Менің Балжаным. Менің... Жүзінде мұңды мерей бар Балжан қайтадан алыстап, менің жанымда емес, бөтен кісінің қарауында отыр. Салқын, бейқам қалпы, қатарындағы жас келіншекке бұрылды. Балжанның бойынан байсалды, қазақы сұлулық танылса, онымен жымия күліп, шүйіркелесіп сөйлесіп кеткен уыздай келіншек – бүгінгі заманның аруы еді. Шүйке бас, аққу мойын, тәкаппар. Жазық маңдай, балғын иекті қырмұрын. Артық әшекейсіз, бірақ талғаммен, сәнмен киінген. Балжанның қызы ма деп едім.

– Біздің шеф көреген экономист, алымды бизнесмен ғана емес, ғажайып саясаткер ғой, – деді менімен көршілес отырған жібек жағалы қара смокинг киіп, ақ көйлегіне теңбіл-сары көбелекше таққан томпақ жігіт, әуелі маған, содан соң қасындағы қуыршақтай келіншегіне қарап, сыпайы күліп алып, дастарқандас басқа жігіттерге. – Біз жалғыз әйелді әрең игеріп жүргенде, ол кісіде – бәйбіше, тоқал. Және басқа жұрт сияқты астыртын емес, көпе-көрнеу. Тіпті, жұртқа жариялап тоқал алғандардың өзі осылайша, бәйбішесімен қатар отырғызып қоя алмас еді.

– Шефке күмән жоқ, – деді қияқ мұртты екінші жігіт, қасындағы көкиген, орысбайлау келіншегіне қарап алып. – Біздің Балжан жеңгеміз осыншама ақылды болмаса...

– Алдымен осы Мәке-ағаның дәрежесіне жетіп алыңдар, – деді үнсіз күліп отырған үшінші жігіттің, желке шашын сәнмен түйген кербез келіншегі. – Бізді бар жағынан, толық қамтамасыз етіңдер. Бала-шағамыз өсіп-жетсін. Сонда, бәлкім, біз де Бал-жеңгеміз сияқты ақыл табармыз...

Бәрі қоса күлді.

– Сіз қалай қарайсыз, аға, – деді маған әуелгі, беті томпақ жігіт. İшім отқа оранып отырса да, еріксіз күлдім.

–Мен біреудің өзін ұстай алмадым... Балжанның жөні бөлек қой...

–Аға дұрыс айтады, – деді манағы кербез келіншек. – Жігіттер, бәрі де әйелдің арқасы, мойындау керек. Ал енді... осы Бал-жеңгеміз үшін ішейік...

Жастар ыдыстарын соғыстырып, қайтадан жамырай гуілдесіп кетті. Иә, Балжан... Өзгеше еді ғой. Қазір де өзгеше. Балжан қыз, Балжан келіншек, Балжан бәйбіше. Аттас емес, сол Балжанның өзі. Өзі екен!

Ал Марат... Сыңар емес. Ұқсар емес. Мен. Марат деген – мына мен. Мұрат. Есімінде жалғыз-ақ дыбыс алмасқан. Қалғаны – түр-тұлға, бәлкім, болмыс-бітіске дейін ешбір айырғысыз. Басқадай өзгеріс... – ондағы емес, мендегі уақыт таңбасы екен. Бүгінгі Марат – мына менің бұдан екі-үш жыл бұрынғы, таршылыққа түспей тұрған кездегі кейпім. Шашы, қасы қап-қара. Беті, сірә, мендегі әжімсіз. Және дәл мендей арық-тұрақ емес, баз біреулердей быржиған, сытырлаған семіз де емес, шақпақ еті бойындағы жарау аттай қунақ. Әрине, молшылықта ғұмыр кешіп жатыр. Асы дәмді, нәрлі. Таңдап, талғап ішеді. Бүгінгі байлардың бәрінің де жетіскен дәстүрі: гольф ойнайды, аңға шығады, шалғай курорт, таңдаулы демалыс жайлары, тұрақты ем-дом, серігу, сауығу шаралары. Содан соң... қол жеткен бар байлығын сақтау, мүмкіндігінше одан әрмен ұлғайтудан басқа қам-қайғысы жоқ, жаны тыныш. Тыныш болғанда, дүниауы тіршіліктен тысқары ештеңемен басын ауыртпайды. Ұлттық мүдде, елдік мұрат, ұрпақтың болашағы... – бәрі де бос сөз, күл болмаса бүл болсын. Өз мүддесі, өз мұраты ғана бар. Ал болашағы айқын. Сәулелі, нұрлы, даңғыл. Қамсыз, қапасыз ғұмыр. Маңдайына жазылған. Оның. Ол деген... – мен екен ғой. Сонда мен дегенім... кім? Қайтадан көзім бұлдырап, санам тұманытып бара жатты. Манағы түнек қараңғылық басқан үрейлі, сұрықсыз бөлмеме қайтып оралғандай, мең-зең болып азғана отырдым. Осының бәрі түсім шығар деп ойладым.

Түсім... емес екен. Келер мезетте дүние қайтадан жарқырап ашылды. Сапырылған би, ың-жың музыка, у-ду топыр тоқталып, жұрт тегіс дастарқан басына үйірілген екен. Заржақ тамада... – қазақ тойының жүргізушісі әрі ұйытқысы саналатын асаба – мұнда біреу емес, үшеу көрінеді. Бір еркек, бір әйел және орыс жігіті. Яғни, әуелгі екеуі қазақ. Зарлап емес, жарлап, сәнмен, салтанатпен, бірінің лепесін екіншісі қуа жалғастырып, орысша-қазақша, толғай күңірентіп жатыр. Қазақтың ең үлкен асы келіпті. Ет қой баяғы. Ең үлкен астағы ең қадірлі сияпат – бас. Бұл бас – ауданымыздың және орталық қаламыздың мәртебелі басшысына лайық. Енді асқа бата, ұлағатты сөз алдында, осы кісінің құрметіне – музыка!.. Әлде қалмақ, әлде сыған, әлем-жәлем киінген жалбырбас, қожалақ жігіт сахна сыртынан атқып шығып, далбырлап, теңселіп, еңкейіп, шалқайып, қисайып, бүгіліп, жер тепкілей селкілдеп, шыңғыра ұлып, өкіре мөңіреп, орыс па, орман ба, әлдебір сұрықсыз әуезбен көкірегіңді аралап, төбеңді бұрғылай бастаған. Бірақ ұзаққа бармады. Мана, аты аталып, сөз берілгенде орнынан көтерілген бастық, – той иесінің сол жағындағы дүңкиген жауқабақ қолын көтеріп еді, даңғыр-дұңғыр балтамен шапқандай, қалт тиылды. Әншінің желбіршек қос қанаты ербең етіп жайылған күйі ауада ілініп, аңыраған үні созыла бере, ортасынан үзіліп тоқтаған. Бастық жауқабақ қана емес, ызбарлы, кеуделі кісі екен.

– Ғафу етіңіз, – деді тамағын кенеп алып. – Маған артық құрмет жасалып жатыр. Аудан әкімі – Жәкең, мен небәрі сол кісінің көмекшісі есепті, маған осы орталық қала ғана қарайды; ал енді бәрімізге сыйлы, мәртебелі әкім мырза облыс орталығындағы үлкен әкімшіліктің, премьер-министрдің өзі қатынасып, өзі басқарып өткізетін төтенше әрі маңызды жиналысына кетті, әйтпесе бүгін мына төрде отырар еді. Жалғыз Жәкең ғана емес, облысымыздың, үлкен қаламыздың басшы азаматтарының біразы сол жиналыста, әйтпесе, олар да құрметті қонақ болар еді. Жаңа айтқанымдай, мына мен небәрі өзіміздің осы Мәркент ауданының әкімі Жәкеңнің әмір-жарлығын, яғни юбилярға арнаған құттықтау сәлемін жеткізушімін. – Демігіп, аз-маз бөгеліп, алдында тұрған сусыннан бір ұрттаған. Көмекші ме, қызметші ме, төменшектеп тұрып ұсынған қызыл пәпкіге қол созды.

– Бәке, – деді бастықтың алдындағы микрофонға иектеген Марат. – Сіз біздің күннен күнге көркейіп келе жатқан, қазірдің өзінде облысымыздағы маңызды бір бизнес орталығына айналған қаламыздың әкімі ғана емес, ауданымыздың абыройлы басшысы, бүкіл республикаға танымал Жәкеңнің өзінің бірінші орынбасары боласыз. Яғни, үлкен тұлғаның оң қолы. Өзі болмасаңыз да, көзі деп қабылдаймыз. Бізді елеп-ескеріп келгеніңіз үшін, мерейімізді көтеріп, төрімізді көркейтіп отырғаныңыз үшін сізге мың да бір рақмет!..

Бәкең ұлықтана жымиып, ризашылық білдірді де, көзілдірігін киіп, баптанып тұрып үлкен әкімнің құттықтау хатын оқуға кірісті. Қалыпты дәстүр ыңғайындағы мерекелік құжатта Марат Бейсенович Қазыбековтың еңбек жолы, атқарған барлық қызметі еске салынған екен. Ғұмырбаян шежіресі мерейтой иесінің жарық дүниеге келуінен басталыпты. Сол жылы, сол ай, сол күні сол жерде, сол ата-анадан туғам... туған. Мектепті алтын медальмен бітіріп, университетке түс... кен. Тарих факультетіне. 1961, яғни дәл сол жылы қызыл дипломмен, үздік бітір... ген. Аспирантура... Бірақ аспандағы ғылымнан жердегі нақты еңбек жолын артық санап, біткен, қорғағалы тұрған жұмысын кейінге шегеріп... басқа бір, өнімді, ұтымды, халыққа да пайдалы жаңа жол тапқан көрінем. Яғни, мен емес, Анау. Осы кезден бастап менің, яғни Мұраттың бар өмірі сыртта қалады да, оның, яғни Мараттың басқа бір тағдыры қиялай тартылады. Қалай тартылса да, өзімнің жалғасым екен деймін. Сонымен Марат ауылға, ауыл болғанда, туған жеріне емес, қайын жұртына, осы облыс, осы ауданға келген. Мұндағы ел жігерлі жасты жатырқамай қабыл алады. Ал ол, яғни мен... өмірді тереңірек тану үшін... қойшы әйтеуір, ит мініп, ирек қамшылап, бүгінгі күнге жетіппін. Енді міне, атақты бизнесмен. Біздің, небәрі қазақы, шалғай аудан орталығы болса да, үлкен бизнес ұйытқысына айналып бара жатқан Бәркент... әлде Жәркент, Сарқант, жоқ, ...кент, ой, тәйірі-ай, Мәркент еді ғой, иә, Мәр... кенттің тұғыр, тіректерінің біріне айналған. Ауданға ғана емес, бүкіл облысқа танымал екем!.. Өз өмірбаянымды өзімнің есіме түсірген ресми құттықтаудан, вице-әкімнің одан соңғы қосымша сөзінен, кейінгілердің үстеме мадағынан жинақтап, қорытып ұққаным – басыма сыймайтын, өзім де сенгісіз ғажайып еді. Біз Балжан екеуіміз үлгілі шаңырақ иесіміз. Төрт бала тәрбиелеп өсіріппіз. Үлкен ұл – әлдебір банктың төрағасы. Бүгін әлгі атаулы жиыннан шыға алмаған. Одан соңғы қыз – шет елдік әлдебір алпауытқа ұзатылған. Жер шалғайлығынан емес, жас сәбиіне қарайлап, бүгінгі тойға келе алмаған. Кіші екі қыз – олар да алыста, республика президентінің арнайы "Болашақ" программасы бойынша, Америкада оқып жатыр екен. Бәрі де халқының абыройлы, ауыр жүгін арқалап жүрген әкелерінің тойына арнайы құттықтау жолдапты. Бұл тарапта басқа, әзірше кенже, тағы бір ұл бар екен. Әкесінің жолын қуатын нағыз бизнесмен болады, бесіктен шыға сала қаз тұрды десті. Қошамет сөздер ыңғайына қарағанда, ақыр түбінде үлес салмағы басқа балалардан асып түсетін сияқты. Кейбіреулер басқа бас қосылсын, сүткенже – алда деп жатты. Жас тоқал, әрине, жалғыз ұлмен тоқтамайды. Жөн-ақ. Бағзы бір заманда ортасы ойылып, құты кеміген қазақ еселеп көбейсін!

Той дүрілдеп жүріп жатыр. Уа, шырқа... Бейсенұлы Қазыбеков! Қашан сұрағанымды, қалай құйылғанын білмеймін, өмірі құмартпаған ақ арақтан төрт-бес рүмке тастап алыппын. Осыншама табысқа жеткеніме тәуба деймін. Баймын, бармын. Бірақ ең үлкен жетістігім – балаларым. Үлкен ұл, жан-жүрегімнен жаралған тұңғышым қазірдің өзінде... Тәк-тәк... Сабыр, сабыр... Ертең келістіріп ішем, бүгін тартына тұрған жөн. Той иесі болған соң, төрде отырған соң, жұрттың бар назары менде. Оның үстіне, манағы... сақшыларым төңіректеп... батпайды, бірақ қыңқылдап... Олардікі де жөн. Аспа, таспа. Онсыз да дүниенің тұтқасы қолыңда тұр. Қолыма қарадым. Екі қолымды жеке, жеке. Содан соң беттестіріп. Ештеңе де жоқ. Менің қолымда тұтқа түгіл, арақ-шарап құйылған шишаның өзі жоқ. Қайтадан есімді жидым. Бар жағдайды бағамдап, ойланып, толғанып, кесіп, пішіп... отырмын. Төрге бір, өзіме бір қараймын. Рас, мен деген – ол. Ол деген... – мен емес. Сонда қалай болды? Солай. Солай болды. Шындықты мойындау керек. Десе де, әуелгі дағдарыс кейінгі сүйінішке ұласты, қызғаныш жоқ, ризашылық қана бар.

Көбіне өз орнымдамын. Кейде төрге шығып кеткендеймін. Төмендегі орыннан төрдегі орын тәуірірек тәрізді. Міне, тағы да төр. Сол мезетте иықтаса, қатар отырған Балжанның жұпар лебі бетіме тиді. Арыда отырған, құшағы отты тоқалдан әлдеқайда тартымды көрінеді. Өмірлік қосағым ғой. Жас кезінде, әрине, бүгінгі күндесінен он есе көрікті болды. Көркінен бұрын қылығы. Қылығынан асқан жібек мінезі. Ақ-адал жар еді. Қапыда айрылдым демесем...

Келер сәтте әуелгі орнымда отыр екем. Тағы да өзінен өзі шүпілдеп толған рүмкеге қол созып едім. Әлдекім сыртымнан қаусыра құшақтады – манағы мейірбан менеджер екен. Бүктетіле еңкейіп, құлағыма сыбырлады:

– Ақсақал, шаршап отырған жоқсыз ба?

– Кісі өз тойында өзі шаршамайды, – дедім, мейірлі, мерекелі сәтімде тәтті қиялымды орта белінен үзген бағынышты кісіге ұнатпай қарап.

Қамқоршым бірден басылды.

– Аға, – деген, өктем емес, кішік әуезбен. – Аға, алай-бұлай... нетіп қалсаңыз, бар кінә маған ауады ғой...

Сонда ғана қайда отырғаным, нақты кім екенім есіме түсті.

– Қам жеме, бауырым, – дедім күбір етіп. – Саған сөз келтірмеймін. Қуаныш, толқыныс үстінде өзім де аңдамай қалыппын. Енді татып алмаймын. Шын сөзім...

– Сіз мені теріс түсіндіңіз, – деді қамқоршы бауырым мүлде жуасып. – Мен у-дудан мазаңыз кетті ме дегенім ғой...

– Рас, – дедім. – Қазіргі музыка кісіні қараптан шаршатады... Енді үйге кетсем де болар еді, бірақ мана мен шыққан есік қайда қалды? – дедім орайсыз жағдайым есіме түсіп.

– Өзіңіз білесіз, ақсақал, – деді қамқоршым еріксіз жымиып. – Маған керегі – тыныштық қана. – Содан соң төрге қарап, бағжаң ете түсті. – Әне... – деді қырындай бере. – Шефтің өзі назар аудара бастады... – Сөй деді де, жылысып жүре берді.

Мен тұқыра еңкейіп, азғана отырдым. Байқаймын, көзімен тесіп, ішіп-жеп барады. Өз көзім өзімнің өңменімнен өткендей. Шыдап болмады. Мен не, қылмыскермін бе соншама. Мен деген – мен. Өзім. Өз бейнемде отырмын. Ал Анау кім? Менің түр-түсімді, ғұмыр белестерімді, уәделі қалыңдығымды сұраусыз иеленген? Ыза буып, басымды көтеріп, жалт қарадым. Енді менің екі көзім қатарынан оқ болып қадалғандай. Анау, яғни Марат және соған қоса Бейсенұлы Қазыбеков деген, менің жұмбақ кейіпті ұқсарым, әлде сыңарым, әлде... шорт білсін, кім екенін... бетінен саз балшықпен ұрғандай, өңі бұзылып, көзі бақшырайып, басы қалт етіп, орындықтың арқалығына шалқалай берді. Содан соң бойын жиып, теңселе бере орнынан тұрды. Екеуіміздің жанарымыз еріксіз түйіскен. Сол сәтінде жалп етіп, қараңғылық түсті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет