Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет7/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15

21
Әрі-сәрі, бей-берекет күн туды. Сансыраған, абдыраған. Адам сенгісіз жағдай еді. Бірақ күмәнсіз ақиқат. Қаласаң да, қаламасаң да мойындауға, қабылдауға тиіссің. Әйткенмен, өзгеше ахуалдың мән-мағнасын анықтау керек еді. Қанша дағдарсам да, ақыл-есім орнында сияқты, енді ойланбасқа болмады. Қалай, неге, қайда? Яғни, қалайша ғана екіге жарылдым, енді не болмақ? Бақытсыздық, Ананы білмеймін, Менің өзімнің күтпеген сорға ұшырауымның түп негізі және басты себебі оңай табылды. Басыма көлденең, шарасыз қиындық түскенде, тағдырдың екі тарам жолының қайсысын таңдарымды білмей, дал болғам. Азапты болса да, ғылым жолы артық көрінеді, сонымен қатар, кеңшілікте, бейбіт өмір сүргім келеді. Екі тарап тағдыр. Бірінен қорқам, қорқа тұра қимаймын, екіншісін көңілім қаламаса да, пайым-парасатым мақұл көреді. Екеуі жеңісе алмаған, сөйтіп, амалсыздан екіге айрылыппын. Бір бүтін – қос жармақ. Анау, кеткен жармағым алғашқы қадамынан бастап, маған тиесілі бар игілікке ие болған. Әуелі жүрек емес, есеппен қосылған сұлу жар, оған жалғас молшылық өмір, барақат тіршілік. Салқын ақыл, сабырлы мінез, серпімді талап, жігерлі жұмыс. Берік, нақты бағдар – бар болып, бай болып, береке тыныштықта дәурен сүру – басқа ниет, пиғылдан ада. Ал мұндағы жармақ – құр кеуде ғана. Рас, терең білім, ұлттық таным, бірақ соған орай қажымас қайрат, қайыспас жігер жоқ. Соның өзінде түзу заман, еркін елде туса, ғұмырлық бар мұратына жетер еді. Ал мұнда бәрі керісінше. Ақылда ерік, дарында өріс жоқ. Тежеу, тексеру, шектеу. Сызылған сораптан сәл-пал ауытқысаң – көретінің құқай. Ақыры осындай дәрменсіз, кембағал кейіпке түсіпті. Күтпеген тәуелсіздік өшкен үмітті қайта жаққандай еді. Бірақ заман жаңарғанымен, адам бұрынғы. Советтік жалпош ұран егемендік жалған ұранға ұласты. Ақыры міне. Уа, тәуелсіздік жасасын дейді, баяғы құлдық пиғылмен құлдық шаруасын одан ары жалғастыра береді... Мейлі, деп ойладым. Менің ата-баба тарихын зерттеуіме, ойдағы мақсатымды жүзеге асыруыма кім бөгет жасай алады? Рас, бұрын да өзімше жұмыс атқарсам, ешкім қолымнан ұстап тұрмаған. Алайда, түп нәтижесінде бар еңбегің аяқсыз қалатын, күл-топыраққа көмілетін. Құдайың сақтаса. Әйтпесе, айдау мен түрме. Және жасаған еңбегіңді архивке тапсырмайды. Қайткенде де бар ісің құрдымға кетпек. Қазір бұрынғы қысас – ашулы айқай мен құрғақ жала, жөн-жосықсыз күстанаға алмасты. Елден шыққан сұмырай деп жариялайды, қаскүнем, зұлым, зымиян дейді, бірақ ешкім де түрмеге тыға алмайды. Хақ патшаның жеке басына тиіспесең болғаны. Мейлі, онсыз да бұзылған дүниені қайыра оңдайтын мен емес. Бастапқы жұмысымды одан әрі жалғастыра берем. Ақыры солай деп шештім. Бірақ ешқандай береке болмады. Барымның өзінен айрылған сияқтымын. Жарық сөнген тылсым түн, елу бес жылдық мерейтой үстінде Менен соңғы бар өмірі туралы толық дерегін алған айнымас жармағым Марат... есімнен кетпейді. Көріссем, сөйлессем деймін. Мүмкін... қайтадан жымдасып, бір кісіге айналармыз... Жоқ, байлығына қызығып тұрғам жоқ. Басқасына да. Ол – әуелде менен жарылса да, қазір бөтен кісі. Тек Балжан... Екпетті, байыпты бәйбіше. Жүзі нұрлы, жүрегі мейірбан. Өңі де қайтпаған, отызға жаңа ілінген, толықсыған келіншектей. Қыз кезінде қандай еді. Біздің әуелгі, көк шалғын төсегіміз... Одан бұрынғы және кейінгі, ұзақ екі жыл бойғы, қол ұстасып қатар жүрген қимас күндер. Егер сол заманда, сол бір мазасыз түнде, басқа емес – ғылым емес, байлық емес, тек бір Балжан үшін ғана... бүтін қалпымды сақтасам, екіге жарылмасам... Алматыда қалар ма едім, ауылға кетер ме едім? Қателік неде? Кімнен? Менде. Қателік емес, айнымас тағдыр. Мен – мен болсам, қайткенде де, ең соңғы сәтте шұғыл шешініп, Алматыда қалады екем, барақат өмірден бас тартып, ауыр, азапты, ақыр түбі баянсыз, нәтижесіз... алдамшы идея үшін. Содан соң қарқылдап тұрып күлдім. Мен... және мен – өзара керағар екі таңдауды қатарынан жүзеге асырыппын. Ғылым үшін қалада қалдым. Балжан үшін... емес, байлық үшін ауылға кеттім. Бәлкім, дәл сондай терең есеп болмаған шығар. Ендеше, тыныш, бейбіт өмір үшін деңіз. Кеттім. Және қалдым. Алмағайып күрес жолын таңдап. Бір оқпен екі қоян. Жоқ, екі оқпен бір қоян. Мына менің оғым далаға кеткен. Анау Балжанды қағып түсіріпті. Тек бүтін қалпында емес. Жарты Балжанды. Әуелде бүтін деп ойлаған. Арада апта өтеді, ай өтеді – бүтін дегені – жарты екендігін өзі де аңдай бастайды. Жан сезімі ортайған, тән сезімі ғана кенересінде тұр. Әзірше. Әуелгі кемісті қамсыз тіршілікпен тығындайды. Кейінгі, уақыт оза келе ортайған кенерені жас тоқалмен толтырады. Сонда Балжанның ортайған екінші жарымы қайда? Менде емес. Өзінде. Жүрегінің терең түкпіріне тұнған. Яғни ол да, өңін бермегенмен, жартылай ғана бақытты болыпты. Соңғы, соңғы емес, әуелгіден жарылып шыққан жаңа қосағы да дәп солай. Бірақ екеуі де, бірі – жарты көңіл екенін, бірі – жарты жан екенін білмейді. Бәлкім, қайткенмен арасы ажырамаған зайыптық өмір де екі жартының бір бүтінге ұмтылу нәтижесі шығар. Сол қалыптарында бүгінгі күнге жетіпті.

Мен де жеттім. Жарты қалпымда. Тек бір емес, екі жарты ретінде. Шындығында, бөлінбей-ақ жарты шыққан, жарым-жарты болып жүрген қаншама жан бар. Оған қарағанда біздікі тәуба дерліктей. Кейбір сәтте көкірегімді түсініксіз ғана емес, орынсыз, қисынсыз қуаныш кернегендей. Мен – екі кісімін. Әуелде бүтін, біреу болып туғам. Содан соң қақ айрылып, екі жармақ – бүтін есепті екі кісі ретінде қалыптандым. Жиырма төрттен елу беске дейінгі аралықта қатарынан екі ғұмыр кешіппін. Десе де... бұдан ары не болмақ? Екеуіміздің ендігі тағдырымыз? Қаншама заман бұрын қаққа айрылып, мекен-тұрағы ғана бөлек емес, тыныс-тіршілігі де қарама-қайшы екі қиырға кеткен екі жармақ қайтадан кірігіп, қосыла алмайды. Осы, бөлінген бетінде, әркім өз жолымен жүре бермек. Бал құшақты Балжан да, қызығы мен қиындығы аралас жастық дәурен де келмеске кеткен. Одан соңғы бұлдыр заман да бастан біржола өткен. Ендігі ғұмыр әркімнің өзіне ғана тиесілі. Мен өзімнің ет-жүрек, етене жармағым Маратты қайта көрсем деген ниеттен біржола жерідім. Мүлде қажетсіз. Бірақ Марат олай ойламапты.


22
Тылсым кештен соң арада небәрі оншақты күн өткен. Онсыз да құты қашқан ескілі-жаңалы жазбаларымды ретке келтірген өнімсіз әрекет үстінде жайылып-шашылып отырғам. Түннің бір уағы болса керек. Оқыстан есік қағылды. Задында, әлдеқалай келе қалған балаларым осылай, қоңыраулатпай, ақырын ғана тақылдататын. Мезгілсіз келіс. Әлдене жайсыздық ойлап, жүрегім зырқ ете түсті. Буыным қалтырамаса да, жедел барып есікті аштым. Кеудемнен кері соққандай, лық шегіне бере, сілейіп тұрып қалыппын. Ананың өзі! Марат!..

Маған барлай қарап, азғана кідірді. Содан соң, кері бұрылмастан, қол сілтегендей болды.

– Бәрі дұрыс, сыртта күтіңдер! – деген, мойнын болмашы қисайта бере, баяу, бірақ қатқыл, әмірлі әуезбен.

Әлдекімдердің, біреу емес, екі-үш кісі, баспалдақты бойлап, тарпылдамай, нық басып төмен түскен дыбысы естілген.

– Ал енді осылай тұра береміз бе, – деді сұраусыз кейіппен, таныс-бейтаныс мейман маған жымия қарап. – Кіруге болатын шығар.

Менің жауабымды күтпеді. Босағадан еркін аттаған. Мен шегіншектеп кетсем керек, есікті де мұқият тартып, өзі жапты. Бірден төрге басты. Жоғары шығысымен, сөре-сөре кітапқа, шашыла жайраған столға қарап азғана бөгелді де, белдікті, былғары пальтосын шешіп, айналдыра қаусырып, екі бүктеп, төсек-диванға тастады. Қайтадан дәлізге шығып, кухняға бас сұғып, туалетке кірді. Содан соң менің оң қанаты босап, асты түскен, тозыңқы креслома, жазу столына келіп отырды. Алдындағы ескі жазбалардың бірер бетін көтере бере, уыстап тобымен алды, қабағына кірбің түсіп, таңбасын танымағандай, үңіле шұқшиып, ақтарыстап азғана қарады да, кеудесін кере күрсініп, сол, қобыраған қалпы кері ысырды. Столдың арғы шетіне қол созып, айқара ашылған екі кітапты қатарынан алды.

– Марко Поло... – деді таңырқап. – Тизенгаузен; Алтын Орда, парсы деректемелері... Жоғалмапты, бар екен... – деді. Көзі қаймыжықтанып, бетін көлеңке шалғандай. – Қанша заман... Сақталып тұр... – Содан соң кеудесін кере дем алып, еңсесін жазды. – Иә, – деді жеңіл күрсініп, әлдеқайда көз тігіп. – Үлкен оқымысты, ғаламат тарихшы болатын едім. Барлық бөгесін, қиындыққа қарамастан...

Түршіксем де, таң қалмадым. Манағы тосырқау – ызалы кекесінге ұласқан. Сол кезде ғана аңдадым, манадан бері үнсіз, тілсіз, сұраусыз мейманым қалай бұрылса, солай ыңғайланып, енді өзімнің жазу столымның алдында, жанды көлеңкедей, состиып қана тұр екем.

– Оның есесіне алпауыт бай болдың, – дедім оқыс тіл бітіп.

– Бай... Әрі мыңғырған бай, әрі даңқты ғалым болсаң тіпті жақсы емес пе!.. – деді маған көз тоқтата қарап. – Жарар, – деді содан соң қатқыл жүз, салқын әуезбен. – Өткен өмір, орындалмаған арман...

– Өкінесің... – дедім мен батылданып. Өзімді өзім билеп алған едім. – Қимаған сыңай танытасың. Ал сонда... қайрылмай-ақ кеттің ғой, ешқандай толқыныс, күмәнсіз...

– Неге? – деді Марат. – Таң атқанша дөңбекшіп шыққаным есімде. Содан соң берік шешіндім. Әуелде қаражат, тағы басқа жағдайымды түзеп алып, ең бастысы – заманның аңысын аңдап, асса төрт жыл орайында қайтып келмек едім. Ең соңғы сәтте қаншама азап, қиындық, алмағайып күрес күтіп тұрғанын анық пайымдадым да, өткеннен мүлде жеріп, ат құйрығын кесуге бекіндім.

– Сонда... Балжан сенімен бірге кетуге қалай көнді? – деппін еріксіз, отыз жыл бойы көкейімде жүрген күмәнді сыртқа шығарып.

Марат маған қабағын көтеріп, әуелде таңырқай, содан соң мысқылдай, күле қарады.

– Қалай көнді? Қызық екенсің. Қарсаңындағы кеште келіскеміз. Пойыздың билеті қалтада. Жол жүгіміз буып, түйілген. Таң атар-атпастан мен... енді бөгелсем айнып қаларымды аңдадым да, тезінен тұрып, апыл-ғұпыл жуынып, жетім дорбамды сүйретіп, Балжанның бөлмесіне бардым. Жатақтас қыздардың ең соңғысы таңғы пойызға шығып кеткен екен, әлі уақыт мол. Менің ұйқым шала, есебі, таң ата азғана мызғығаным болмаса, мүлде ұйықтамағам, Балжан да ұйқылы ояу. Қойнына кіріп... құшақтасып жатып ұйықтап қалыппыз.

Менің баяғы түсім... шын екен. Жаңа ғана болғандай, ішім удай ашып, жүрегім шымырлап кетті.

– Содан, – деді өткен қызық күндер қиялына қайта оралған Марат маған ешқандай назар аудармастан, – пойыздан кешіге жаздап, әрең үлгердік. Жол бойы айрықша бақытты болдық. Балжан... қалтқысыз. Мен де... Тек... ара-тұра жүрегім суырылып, көңілім құлазып, өткенімді қимай, бірақ болашаққа үлкен үмітпен... Әйтсе де өкініш жоқ еді. Балжан қасымда. Екеуіміз ойнап-күліп... Кеш батып, түн озып, ертеңіне түс аударып, тура бесінде... Хан күйеуіндей қарсы алды мен. Екінші күні – ұлан-асыр той. Үшінші күні – тау етегіндегі сәнді санаторий... Содан соң жаңа, әуелде жат көрінген, жыл өтпей үйренген, тіршілік үшін қажетті қызмет, жаңа адамдар, жаңаша қарым-қатынас. Әрине, жаңа бір тұрмыс. Бейнетінен зейнеті мол қызғылықты өмір өстіп жалғаса берді. Көп ұзамай, барлық алаң, күмәннан арылдым. Содан отыз... отыз бір жыл өтті, барақат өмір, қамсыз тыныштықта. Жетерім көп, аларым алда деп қамсыз жүргенде... тас төбеден түскен пәлекет... Сен!.. – деді маған тіке қарап, ызбармен. – Сен қалай таптың мені?

– Мен... тапқам жоқ, – дедім. – Осылай, өз үйімде отырғам. Кенет жарық сөнді. Тас қараңғы. Қайта жанғанда... думан той, сәнді сарайдың ішінен бір-ақ шықтым...

– Соқ өтірікті! – деді Марат кекете мырс етіп. – Сен әуел бастан анық білдің. Соншама кеще болмасаң, бәрі де түсінікті емес пе. Киім салынған дорба жоқ. Костюм, қалтасындағы азғана ақша, жаңа туфлимен қоса, ол да жоқ. Ең бастысы – Балжан кетіп қалған... Тұра тұр, – деді алақанымен жасқап, мені тыйып. – Тіпті, мыйыңа ештеңе кірмесін. Кеше ғана... айрылмас жағдайға түскен Балжанның соңынан іздеп бармайсың ба. Бардың. Естідің. Көрдің. Біз таудағы санаторийде жатқанда. Түнде, терезеден баспалап, пердеге жасырынып. Балжан аңдап қалды. Қатты шошынды. Мен сырттан сығалап жүрген әлде әуесқой, әлде бұзық көлденең біреу шығар, немесе әлденендей елес деп ойладым. Бөтен бір ой қаперіме келмепті. Сөйтсем, сен екенсің. Содан, Балжан екеуіміздің алаңсыз, бақытты жағдайымызды көрген соң, үмітіңді біржола үздің. Әйткенмен, мені алыстан аңдап, бар ісімді қадағалап отырдың, менің жаңа салада жеткен жетістігімді көрдің...

– Содан соң... – дедім мен айтар сөз таппай абдырап.

– Содан соң, заман біржола оңалып, яғни елбасымыздың қажыр-қайраты, көреген саясаты арқасында тәуелсіздік тұғырын бекітіп, сен қатарлы бозөкпе идеалистер түгел апатқа ұшырап, нағыз іскер, жігерлі азаматтар табысқа жеткенде, бейнелеп айтқанда, замана теңізі толқып, сендер сырттағы қоқыс болып, біздер кең айдынға шыққанда... менің сондай жағдайымды естіп, арнайы іздеп келдің... Марат Бейсеновичтің туған бауырымын деп, өзіңді осы той үшін емханадан тесік тәпішке, жыртық халатпен қашып шыққан мүсәпір етіп көрсетіп. Өзіңше ойлап тапқан ұтымды жүрісің. Шынында да сен үшін ұтымды болып шықты. Біздің бас көмекші басқаңа күмәнданса да, туыстығыңа шәк келтірмеген, тиісінше шешімін тапқан. Егер оның орнында тұрпайы біреу болса ше? Адамша, қымбатқа шамаң келмес, бүтін киініп келсең қайтетін еді? Тіпті, басқа күн таппағандай, дәл сол күні, сол сағатта, сол жерге келетін не жөнің бар? Жарайды, аз-маз ішіп алыпсың, қуанышың қойныңа сыймаған екен, тым құрса жарты күн бұрын телефон шалмадың ба? Өзгесін айтпағанда, Балжаннан ыңғайсыз деп ойламадың ба. Жоқ. Бірақ бәрін де өлшеп, есептеп келдің. Маған шантаж жасау үшін! Тұра тұр, тұра тұр, әуелі сөз тыңда. Бастап бүлдірген сен ғой. Шантаж болмаса, бөтен бір арам ой. Біле білсең, оныңнан ештеңе шықпайды. Ешкім сенбейді. Айғағың жоқ. Рас, түрің ұқсайды. Егіздің сыңарындай. Ал, болсын. Мүмкін сен әкеміздің алғашқы әйелінен, немесе жолдан туған бала шығарсың. Тіпті, егіздің сыңары бол. Менен бірдеңе талап етуге қандай құқықтық негізің бар? Жоқ. Мені ықтыратын, бұқтыратын ештеңе де жоқ. Ондай бірдеңе дәметсең – ақымақшылық. Болары болды, ештеңе бүлінген жоқ. Осымен қоя қой. Алдағы уақытта артыңды аңдап, өз орныңды біліп, келесі бір әнтек қимылдан аулақ болсын деп сақтандыру, керек десеңіз, қатаң ескерту үшін келіп тұрмын мына мен.

– Мен сені іздегем жоқ, – дедім ыза мен қорлықтан қыстығып. – Айттым, жарық сөнді, жай ғана қараңғылық емес, тылсым түнек орнады, сірә, кеңістікте толқын соғып, сондай, мекендік алмасу болды, табиғи ма, кездейсоқ па, екеуіміздің тағдырымызға тікелей қатысты болғанымен, ерік, қалауымыздан тыс, түсініксіз жағдай. Бұған дейін мен сенің дүниеде бар екеніңді білгем де жоқ, әлі де сенбей тұрмын.

– Енді сенуге тура келеді, – деді Марат. – Ал сенің әнеукүнгі ісің... қалай айтсаң да оқыстан келуің... бір есептен кешірімді. Мені – Өзім деп ойлағансың ғой. Жоқ. Мен – сен емеспін. Сен – мен емессің. Бұрын біреу болсақ та, қазір екі кісіміз. Өкінішке қарай... – деді.

– Өкінетін не бар? – деппін.

– Адамның өткенінің бәрі қимас және қымбат, – деді Марат. – Саған жаным ашиды.

– Мүмкін, менің саған жаным ашуы керек шығар, – дедім қитығып.

– Жоқ, – деді Марат. – Менде бәрі де бар. Сенде... Жарар, – деді содан соң. – Мені арнайы іздеп барғаныңды мойындамадың. Намыс. Ал мен... менде де намыс бар. Басқаша атқанда, сенің қазіргі жағдайың...

– Қандай жағдай? – дедім мен ашу шақыруға ыңғайланып.

– Мынаны айтпаймын, – деді екі қолын екі жағына жайып. Яғни, менің кедей, кембағал тіршілігімді. – Соңғы кезде бүкіл республика баспасөзін дабылдатқан оғаш ісің және оның заңды нәтижесін айтам.

– Оқыпсың, – дедім. – Және қалай оқығаныңды аңдап тұрмын.

– Мәселе менің түсінігімде емес, – деді Марат. – Әрине, ғылымнан шеттеп кетсем де, заманымда зерттеп, танығам, қазақтың өткені туралы әжептәуір түсінігім бар. Тіпті, тарихтан бейхабар, орташа ғана сауатты, бірақ ақыл-есі түзу, иман-ұяттан айрылмаған кез келген кісіге айқын жағдай. Дүрлігіп, дабылдата бермей, сабырмен, байыппен тыңдаса жетіп жатыр ғой. Күрделі шиыртпақ емес, тіпті, түйінін шешіп әуре болмайтын, әдепкі ақиқат. Алайда, жабыла шулап, түзуді теріске шығарды. Бірақ мен сені қостайды деп ойлама. Сенікі қате. Мүлде дұрыс емес. Дұрыс, тек қажетсіз. Сенің қателігің де сонда. Әйтсе де, менің айтпағым басқа. Сенің бар екеніңді, сол бір мазасыз түнде менен ажырап, әуелгі қалпыңда, сол арада қалғаныңды білмейтін едім, құдай ақы шыным, әлгі дау-дамай туындағанда, бұрынғы өзімді танығандай болдым. Ойың, сөзің емес, аты-жөніңе дейін. Мұрат. Бейсенұлы Қазыбеков. Қайткенде де Мұрат. Мен өмірім жаңа арнаға түсіп, бар тірлігім басқа бір кепке көшкенде есіміме дейін өзгертіп едім. Өзгергенде, бір ғана әріп. Қазақы дыбыс, қазақы танымнан құтылдым. Советтік әрі халықаралық, қалай аударсаң да оңтайы келетін тамаша есім – Марат. Қаншама заман өтсін. Кенет, күтпеген жағдайда, баяғы Мұрат қайтадан елес береді. Мен қатты күдіктенсем де, сенімім болмады. Бұл кезде жақын таныс, жолдас-жора, тіпті, көлденең әріптес, істес болған жұрт әуестене бастаған. Әлгі... сұмырай, басбұзар, өкіметке, елбасыға қастандық жолындағы... деп айтпайды, дүмше, даукес, пәлеқор деп те айта алмайды, әлгі, баспасөзде көп әңгіме туғызып жүрген тарихшы Мұрат... сіздің ағаңыз не ініңіз емес пе дейді. Шынында да күмәнсіз сияқты. Марат – Мұрат. Екеуі де Бейсенұлы. Және Қазыбеков. Содан соң... қалайын, қаламайын, өзімді сол абыройсыз даудың қақ ортасында жүргендей сезіне бастадым. Кейде... жарлы кейіпте, жадау пәтерде, шаң басқан ескі кітаптарды ақтарыстап, шимай-шатпақ жазу үстінде отырғандай көрінем. Әлде өң, әлде түс. Ақыры, сен бар болып шықтың. Менің бүкіл облыстағы қасқа мен жайсаң жиналған елу бес жылдық мерейтойым әбден қызған шағында, сол жақ қапталда, бір столдан кейін, жас бизнесмендердің ортасында отырсың. Аз-маз жүдеу болсаң да, сәл-пәл қартаң болсаң да, бірден таныдым – менің өзім! Мына менің бұдан отыз бір жыл бұрын жұртта қалған жарамсыз жартым. Осыған дейін бой тасалап отыр екенсің, менің көзім түскен бетте... қалт етіп, стол астына тығылғандай едің, әп-сәтте ізіңді суытып үлгеріпсің. Содан соң... ертеңіне, әрине, көмекшілерімнен бажайлап сұрастырып, келіс жағдайыңды анықтадым...

– Ол жігіттердің ешқандай жазығы жоқ, – дедім. – Қайта...

– Біз де солай шештік. Шефтің сырқаттанып, емханада жатқан, той күні шыдай алмай, сол қалпында шығып кеткен туған ағасын жетімсіретпей, лайығымен қарсы алып, өз дәрежесіне сай киіндіріп, сыйлы дастарқанға отырғызғаны, осы орайда ешқандай сөлекет іс шықпағаны үшін... бәрі де алғыс алды, сияпатқа жетті. Оларда да, менде де басқша амал жоқ екен. Аузы берік, сыннан өткен жігіттер, ағамыздың оқыс келісі, өзгеше тұрпат, түсініксіз мінезі туралы қалай ойласа да, сыртқа сыз бермейді. Бұдан соң, көптен бері араласпай кеткен бауырымның дерегін білу қажет еді. Сенің шын болмысың – әуелгінің үстіне соңғы отыз жылдық ғұмырың, бүгінгі ахуал-тірлігің, мекен-тұрағың оп-оңай анықталды. Енді өз кезегімде менің неге сені іздеп келгенімді ұқтың ба?

– Ұғатын не бар, – дедім. – Бұдан былай екеуіміздің арамызда ешқандай қатынас, байланыс болмауға тиіс екенін ескерту үшін...

– Таппадың, – деді Марат. – Айттым емес пе мана, жанашырлық деп. Екеуіміз бірге туған бауырдан да жақынбыз. Бір құрсақты жарып шыққан егізден де. Рас қой...

– Бірге туған бауыр сыңарының бойында барын түгел сыпырып алмайды, – дедім.

– Сыпырып алғам жоқ, тартып алғам жоқ, – деді. – Әрқайсымыз өз қалауымыз бойынша, теңдей.

– Балжан да теңдей ме?

– Теңдей. Әуелде. Содан соң... сен жерімесең де, керексімедің. Әйтпесе, кетем бе, кетпейім бе деп толқымас едің. Ал мен Балжансыз болашағым жоқ деп білдім. Сөйтіп, бұл тараптағы артықшылық маған көшті.Сенің өз еркіңмен. Мен сенің қалауыңды ғана орындадым. Яғни толық компенсация. – Марат айламды асырдым дегендей, әлде мені жұбату үшін, қарқылдап күлді. – Жарайды, – деді. – Қайткенмен де, өткен іс, тәжікелеспей-ақ қояйық. Сені ешкім зорлаған жоқ, мені ешкім күштеген жоқ. Қалдың – кеттім. Енді... қалай айтсаң да, мен өз өмірімді дұрыс жолға қойдым, тынымсыз еңбектендім, әрине, әуелгіден басқа бір салада, сөйтіп, ойлаған мақсатыма жеттім. Алғашқы бір межеге деп айтайын. Бүгінгі деңгей – қолдағы ырыс-дәулет, – менің мүмкіндігімнің ақырғы шегі емес. Түпкі мақсат – биікте. Енді... сенен несін жасырайын, атақ керек, билік керек. Сонда бүгінгі барың еселеп өседі. Мен әуелі Қазақстандағы, одан соң, бәлкім, әлемдегі ең ірі байлардың қатарына қосыламын. Жай ғана сасық бай емес. Атақты, абыройлы азамат, белгілі саясаткер, қоғам қайраткері! Ұқтың ба?

– Жоқ, – дедім мен. – Иә, негізінен аңдап тұрмын. Бірақ сенің ой-тұрғыңа қарағанда, жарлы, жалбағай менің қанша қатысым бар бұл іске?

– Сен деген – мен, – деді Марат, манағы сөзіне мүлде керісінше.

– Мен деген – сен емес.

– Қателесесің, – деді Марат. – Бірге туғанымызды, бала күнде бір ұяда өскенімізді айтпаймын. Жастық шағыңды еске ал. Өмір жолының алғашқы кезеңі. Оқу, ізденіс, Балжан... – Назарын төмен салып, кеудесін кере тыныс алды. Менің жүрегім шым ете түскен. – Әрине, – деді, сөзін ары қарай сабақтап. – Өтті, кетті дегендей. Айтарға ғана. Біз қазір екі жарты емес, екі бүтінбіз. Екінші бөлігіміз жарақат болса да. Қайта қосыла алмаймыз. Бірақ... Ынтымақтасып, бір бағытта жұмыс жасауға мүмкіндік бар... Қазір қайсымыз қандай қалыпта тұрсақ та, түбіміз ортақ қой. Мен жеткен игіліктер саған да тікелей қатысты. Сенің... сәтсіздіктерің, белгілі мөлшерде, менің де кінәратым. Сенікі, менікі дейтіні жоқ, мендегі бар – түгелдей саған тиесілі, және керісінше...

– Қидым саған мына ескі диванның екінші жартысын, – дедім.



– Қырсықпа, – деді Марат. – Әуелі тыңдап ал...
23
– Сені осы тірі қалпыңда, жүзбе-жүз көргенде қатты тіксіндім, – деп бастады Марат. – Отыз жыл бойы көңілде жүрген буалдыр, жартыкеш күмән. Әуелде жиі қайталанып, кейінде сиресе де ұмытылмай, оқтын-оқтын оралып тұрған, жайсыз ұйқыдан деп білген ауыр түстер шындыққа айналды. Соңғы екі жыл орайында ескі тарих төңірегіндегі жаңа зерттеулері жұртты шулатып, қаншама дақпырт әңгіме, есалаң мақалаларға ұйытқы болған – аттас біреу емес, өзің болып шықтың. Өзің емес, өзім. Арамыз қаншама алшақтаса да, ортақ бір жіптік, жүйелес тамыр, талшықтар сақталып қалса керек. Әуелде ыза болдым. Кейін шаруашылыққа бейімделіп, сырттай оқып бітіргем, экономист, жай ғана дипломды емес, осы саладағы шын білгір маманға айналғанмен, алғашқы әуестігім – тарих қой. Және ең жоғарғы, терең тарих. Мұншама көрсоқыр, топас надандыққа таңырқап едім, уақыт оза келе мүлде түңілдім, сіздің "зиялы" деп аталатын қауымнан біржола күдерімді үздім. Сыпайылап айтсам. Шындығында, түңілгем жоқ, жирене бастадым. Осыншама көрсоқыр, надан ғана емес, арсыз, түйсіксіз, жалақор, парықсыз ортадан іргемді ертерек ажыратып, басқа тарапқа кеткеніме қуандым. Әрине, маған бәрібір еді. Тіпті, қызық. Өзіңнің өлшеусіз артықшылығыңды кәміл сезініп, әлгі құрт-құмырсқаларды қол жетпес, көз көрмес биіктен тамашалап отырғаның. Бірақ дау-дамай басқа бір тарапқа ауыса бастады. Кешегі совет заманындағы жала мен пәле. Сен және сені қойттап отырған бас редактор – алғы шеп қана, сендердің арттарыңда, тасада тұрған саяси, бәлкім террористік топ бар – яғни, ежелгі хандық дәуірді көксейтін халық жаулары мемлекеттік төңкеріс әзірлеп жатыр екен. Баяғы 37-жылғы "жапон шпионы" дегеннен өткен сандырақ. Алайда, осы сырқат санадан туған сорақы байлам – ақыл-ойы сол деңгейдегі билікке ақиқат шындық болып көрінуі де ғажап емес қой. Мейлі, сенбесін. Әуелде күліп алсын. Содан соң, әлдебір былғаныш саяси ойын, қарсыластарды жерге тықпаса да, қыжырту, біржола тұқыртып алу жолындағы ұтымды құралға айналса несі бар. Және осының бәрі – көлденең іс емес, маған тікелей қатысты. Бар пәлені бастап отырған – Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков. Атымыз ұқсас, жөніміз ортақ. Тексере келгенде, әрине, бір бүтіннен қақ айрылған жармақ ақылға сыймайды, екеуіміз – бірге туған егіз деген қорытындыға келуі оп-оңай. Яғни, бұл мәселеден мен қайткенде де сырт қала алмаймын. Бәлкім, әлгі арызқойлар айтқандай, сені қаржымен қамтамасыз етіп, баспасөзге жол ашып, құтыртып отырған қаскөй әрі қалталы топ мына менен бастау алатын шығар. Одан әрі шұқылай бастаса, менің бизнесімнен не қалады, өзім қайдан барып шығам. Соңғы кезде сотқа тартылған, тіпті, түрмеге кесілген, аттарын нақтыламай-ақ қояйын, пәлен деген, түген деген алпауыттар неден жазықты болды деп ойлайсың – ұрламай жатқан кім бар, жырлағаны, яғни әлдебір оппозициялық топтармен жең үшынан жалғасқаны, ақшалай көмек жасағаны үшін. Ал сенің мына, егемен еліміздің заңды көсеміне қарсы тікелей бағытталған, сірә, саяси күрес емес, қарулы төңкеріс арқылы президенттік биліктің орнына хандық өкім орнатпақ бағдарламаң бойынша жұмыс жасап жатқан қылмысты топтың... – тұра тұр, тұра тұр, менің ұғымым емес, әлгі, сенімен тартысқан он бес академик, отыз ардагер, жиырма сегіз депутаттың сөзі, – иә, сондай топ құрып, пәрменді үгіт-насихатпен шектелмей, диверсияға, қарулы төңкеріске тікелей дайындық жұмыстарына кіріскен Мұрат Бейсенұлы Қазыбековтің туған бауыры Марат Бейсенұлы Қазыбековтің күні не болмақ? Екі дай пікір тууға мүмкін емес. Ешқандай күмәнсіз нәрсе. Тіпті, туған бауыр емес, аттас, бөтен кісі болсаң да, маған сүйей салу оп-оңай. Пәленің алдын алу керек еді. Яғни, сенің көзіңді құрту. Кім болсаң да. Әрине, әуелі сенің жөн-жоба, жай-жапсарыңды, жүріс-тұрыс, кіріс-шығыс жағдайыңды нақты анықтау керек еді. Содан соң жалпаңнан түсіру – жарты минуттық қана жұмыс. Иә. Бәрі айқындалды. Кешелі, бүгін емес, өткен елу бес жылдық мерейтойдан бірер апта бұрын. Есім, сойымыз ғана емес, туған жеріміз ғана емес, туған күн, ай, жылымызға дейін бірдей. Бірге туған бауыр да емес, егіздің сыңары да емес, бір кісі – бүтіннен бөлінген жармақ екенбіз. Өткен өмірді саралап, әрнені еске түсіре келе, неге және қалай бөлінгенімізді, сағаты, күніне дейін ойша таныдым. Бөлінбеске – сені білмеймін, мына менің сені тастап шақпасқа шарам жоқ екен. Бір тарап – азап, екінші тарап – барақат; мен оңай жолды емес, оңтайлы жолды таңдадым. Әрине, сенің менен кейінгі тағдырыңды танып, зерттеп, білген соң... саған жаным ашыды. Және өзімнің оң ісіме көзім жете түсті. Иә. Риясыз шыным, қайткенде де... ет-жақынбыз ғой, жаным ашыды. Қатты күйзелдім. Сен көрген қиындық пен қиямет өз басымнан өткендей. Ең ауыры – өткен заман емес, бүгінгі күн екен. Жеткен жерің, ақырғы нәтиже. Соншама мехнат пен азаптың төлемі осындай болса... кім үшін, не үшін басыңды қатерге байладың? Өтемсіз еңбек, өтемсіз ғана емес, абыройсыз, түптеп келгенде мүлде қажетсіз еңбек. Далаға кеткен, өксумен өткен зая ғұмыр. Таңдап тапқан тағдырың. Трагедия емес, сен ойлағандай. Комедия. Трагедиялық комедия. Басында есіркеп едім, ойлана, бағамдай келе ыза болдым. Жай ғана ыза емес, өшпенді ыза. Артқа қарайлаған, елес-қиял соңында адасқан, ақыры құр құдықтың түбінде қалған, яғни бәріне кінәлі – сенің өзің екенсің. Әлмисақта бірге болғанымыз рас, қазір бөлек екеніміз де ақиқат. Бөлінген сәттен әрқайсымыз өз тіршілігіміздің соңында кеттік. Енді, арада отыз жылдан астам уақыт озғанда, қайтадан тұтаса алмаймыз. Яғни, дербес өмір одан ары жалғасады. Бұрын біліспесек те бейбіт ғұмыр кешіп едік, енді... сен менің болашағыма, бар болмысыма қатер төндіріп тұрсың. Қимасам да, әуелгі қатал шешімге біржола бекідім. Барлық жағынан мұқият ойластырылды. Қанша оңай көрінгенмен, мұндай жауапты істе қате кетпеуге тиіс еді. Ең соңғы сәтте безбендеп қарасам... қате, жай ғана қате емес, мені өзімен қоса әкетер сорақы қатеге жол ашады екем. Міне, кездейсоқ жағдайда қазаға ұшырадың: тапа-тал түсте көлденең машина қақты, кешкісінде әлдебір тонаушылар басып кіріп, үйіңді ойрандап, өзіңді пышақтап кетіпті дегендей. Әйтеуір жалпаңнан түстің. Содан соң... асып тұрған атақ-даңқың болмаса да, берекесіз айқай-шуға ұйытқы болдың, сен туралы шағын некролог, тіпті, жай ғана хабарлама, естірту шыққанда, жалпы жұрт, сені білетін шектеулі қауым, мені білетін мұндағы тамыр-таныс, әріптес, істес ағайындар тарабынан маған жаппай көңіл айту науқаны басталмай ма. Яғни, менің сені қаржыландырған қылмысыма айғақ табылады. Міне, дәл сол кезде тиесілі мәлімдеме жасамақ болдым. Өлімнің аты өлім, обал болған екен, бірақ мынау Қазыбековтің маған қатысы жоқ, бөгде біреу деп. Тіпті жақсы, деп ойладым әуелде. Бірақ... бұл мәселеге бірден назар аудармай ма тиесілі өкімет орындары, нықтап тексермей ме. Анықтамай ма, аттас емес, тіпті, бауырлас та емес, егіздің сыңары екен деп. Міне, гәп қайда. Әйтсе де, басқа жол жоқ тәрізді. Бауыр болса несі бар. Өлді – қалды. Сталин заманының өзінде әке үшін – бала, аға үшін іні жауап бермейді деген, сақталмаса да, заңға жуық нақты қағида болған. Оның жаны да бөтен, жөні де бөтен демейміз бе. Ақыры, жауапты операцияны мерейтой науқанының соңына қалдырдық. Бірақ межелі сызықтан өтер қарсаңда, той күні, сенің емес, менің бақытыма орай, арнайы іздеп келдің. Мейлі, іздеген жоқсың, төбеден түстің. Көзбе-көз көрген соң... өз ахуалымды жаңа бір қырынан таныдым. Танығам да жоқ. Жағдай күрт өзгерген. Ертең... әлі қолға алынбаған тексеріске жол ашады екем. Менің сақшы, шабармандарымнан жауап алу басталады. Оларды қойшы, сенімен дастарқандас болған бизнесмендер куәлік береді. Яғни, ағалы-інілі екеуіміздің соңғы күнге дейін араласып тұрғанымыз. Маған сенің өлімің емес, тірлігің сор болып жабысады. – Марат ауыр күрсініп, азғана бөгелді. – Рас, дәлелсіз жала, бірақ қатерсіз емес. Қайталап айтайын, сенің өлімің емес, тірлігің, яғни сені қаржыландырып, мемлекеттік төңкеріске дайындалуым. Сенен қайткенде де құтылу қажет екен. Манағыдай емес, туыстығымызды мойындаймын. Көлденең кілтипан шықса, тексеретін кісілердің де тамағы тесік, қажетінше тығындаймын... Бірақ қатердің алдын алу шарасы жүзеге аспады. Тек мені тоқтатқан – басқа нәрсе. Басқа бір ғаламат... Өзіңді өзің... – Марат тамағына сөз тығылғандай, қалт бөгелді, әуелгі көтеріңкі әуез жоқ, кіріптар, мүсәпір болмаса да, төменшік жағдайға түскендей, кеудесі басылған қалыпта азғана кідірді. – Ақыры, ұйқы, күлкісіз, үш күн, үш түн қатарынан ойландым, – деді. – Күмәнсіз... Анық... Төтенше бір шешімге тоқтадым. Сенімен жүздесуім, келісуім керек екен. Қорықпа... – деді. – Арамдық сақтасам, осының бәрін айтпас едім. Енді саған ешқандай қатер жоқ. Тек игілік қана күтіп тұр сені... – Ескі креслоны сықырлата, ауыр түрегеп, жалаңқат линолеум төселген тас еденді тар бөлмеде ерсілі-қарсылы жүріп кетті. – Ай, Жармақ бауыр, үйіңе арнап келгенде, тым құрса жарты шыны шай бермейсің бе, – деді маған түйіле қарап. Өтініш емес, жарлық сияқты.

– Сүтсіз, қара шай... – дедім.



– Мейлі. Шәйнектің түбінде қалған, салқын болса тіпті жақсы. Тамағым құрғап кетті, саған болмашыны ұғындырам деп. Бөтен ойымды да жасырмадым, бар сөзімнің шындығына сенсін деп. Сенде болмаса, менде құпия жоқ...

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет