Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет15/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

57
Шұғыл электрон-пошта жетті. Ентіккен, деміккен шағын ескертпе.

"Жайсыздау хабар. Бірақ қорқатын ештеңе жоқ. Балжан бірдеңе сезіп қалған сияқты. "Сенің бірге туған ағаң бар екен ғой, – деді. – Мен бұрын қалай білмегем?" Туған жерімізге Полигон түсіп, одан соң әке-шешеміз өлгеннен кейін арамыз бөлініп кеткен, байланысымыз үзілген, өзім де жақында ғана білдім деп алдарқаттым. Сірә, менің орайсыз көтерілген әңгімеге қатысты соңғы мақаламды көзі шалып қалғандай. Енді сақ болайық. Өзің."


58
Ертеңіне екінші хабар.

"Балжан кешегімен тоқтамапты. Былтыр, сенің көңіліңді табу үшін "Нұрстанда" берілген мақала пәле болып жабыспаса не қылсын. Бұрын болмаған әдетпен, кешқұрым кабинетке, үстіме басып кірді. "Сенің аға деп жүрген бауырың егіздес сыңар екен ғой," – деді. "Иә, иә, жарты сағат қана бұрын туған. Сондықтан аға есепті ғой," – дедім. Өңі бұзылып, азғана отырды. "Сен осы сыңарыңмен ауысып кеткен жоқсың ба?" – деді кенеттен, қатқыл әуезбен. "Қалай, қалай?.." – деймін, сасқалақтасам да, әзілге сүйеген болып. "Солай. Баяғыда, әлгі сыңар ағаң Алматыда қалғысы келіп, өзінің орнына сені салып жіберген жоқ па?" Жүрегім зырқ етіп, табаныма түссе де, зорлана күлдім. "Қайдан шығарып отырсың?" – деймін. "Бір түрлі. Өткенді ойлап отырсам. Сонда... жолға шығарда, одан соң алғашқы күндерде... бір түрлі, көңілің жарым, сөйте тұра тым батыл..." "Енді бәрін тастап кетіп барам, қимайсың ғой, оқуыңды, ғылымды. Ал енді... өзіңнің заңды келіншегің болған соң, ай-шайға қарамай... Риза болған сияқты едің ғой. Ендігің қай өкпе!" – деймін. "Өкпе емес. Өткенді саралау. Кеш те болса. Онда... тауда басқаша болатынсың. Бірге жүрген барлық уақытта..." "Ал қазір ше? – дедім сөзді бөтен жаққа бұрып. – Қазір қандаймын?" "Қазір... мүлде басқа адамсың. Бұдан он жыл бұрынғымен салыстырғанның өзінде." "Сен де басқасың, – дедім. – Қыз кезіңмен салыстырғанда." Міне, ақымақшылық. Есім шығып, сөз қуып отырып, әлгі, тоқал алғанымды ұмытып кетіппін. Бірақ Балжан теріс түсінген жоқ. "Мен... менің, әрине, жасым ұлғайған шығар, – деді. – Бірақ жүрегім... көңілім бұрынғыдай," – деді көзіне жас алып. Мен ғұмырлық жарым болдың, ең қымбатым сенсің деп, әрең жұбаттым. Иә, айтпақшы, өткен қызық күндерді еске алып, кәкір-шүкір әңгімемен көңіл әбден жайланғанда, тағы да оқыстан сарт еткізді. "Сыңарың екеуің аспирантурада бір уақытта, бір жерде оқыдыңдар ма?" – дегені. Соққының қаттылығы сондай, аузымды ашып отырып қалыппын. Ал Балжан баяғыда... таудағы қуаныш жасы есіңде ме, бірақ бұл жолы керісінше, үнсіз өксіп, бетін басып, ағыл-тегіл жылады... Жүрегім бір жамандықты сезіп тұр. Әйткенмен, амал жоқ. Қандай да құбылысқа дайын болайық. Дәл осы ретте ешқандай алауыздыққа жөн жоқ. Өзің."

Әй, сұмырай. Мені бар бақыттан айырған сен едің ғой. Енді келіп араша сұрайсың. Балжанның көңілін табу менің қолымда тұрғандай. Біле-білсең, екеуімізге бірдей ауыр салмақ емес пе. Сен емес, тас жүрек тажал. Сен бар ғұмырын өзіңнің жолыңа бағыштаған әйелдің көңіл-жайын емес, өз басыңның тыныштығын ғана ойлап тұрсың. Балжан екеуімізді айтам. Мені қойшы, бар азабын өткерген, әуелден көндіккен. Балжанға қиын болмаса не қылсын. Үшеуіміздің... ортамыздағы шын сорлы сол екен ғой!
59
Көп ұзамай, жаңа бір хабар жетті. Бұл жолы шынымен жайсыз. Марат үшін ғана емес, мен үшін де.

"Балжан бәрін де біледі. Былтырғы, сенің көңілің үшін, 61 жылдығыңа орай шығарылған мақала әлдеқалай қолына түсіпті. Суретіңді де көрді, өмірбаяныңды да оқыды. Және саған қатысты басқадай деректерді де тапқызып алған сияқты. Енді ешқандай күмәні жоқ. Екеуіміз ауысып кеткен деп ойлайды. Тәжірибесіз, махаббатқа мас, аңғал жас қызды тәлкек ету үшін. Талкек етпесе де, әркім өз пайдасы үшін. Сен ғылымыңды, Алматыңды қимай, қала бергенсің, орныңа мені салып жіберіп. Қанша жақын көрсем де, бөтендігіңді бірден аңдадым дейді. Содан соң бір рет, алғашқы айда, іздеп келіп те кетіпсің. Сырттан бақылап, бәрі дұрыс орнығып болғанына көз жеткізу үшін. Елу бес жылдық тойда да алыстан көзім шалды, бірақ байыздап ойламаппын дейді. Екі жолы да келгенің рас қой. Әлі де ешқайда кеткен жоқсың, барсың. Амал жоқ, мойындауға тура келді. Ауысқан жоқпын, нақты өзімін деймін. Тек әуелгінің жартысы. Жармақ. Осындай жағдай, өз еркімізден тыс айрылдық, күні кешеге дейін екінші жартымыз туралы екеуіміз де білгеміз жоқ... деп. Әрине, сендіре алмадым. Керісінше, екеуіміздің орын ауыстырғанымызға ешқандай күмәні қалмады. Енді сенімен кездеспек. Өз аузыңнан естіп, көзіңе тура қарап отырып, істің анығына жетпек. Мен байсырап отырғам жоқ, ешкімге де құмар емеспін, мен аяқасты болған намысымды жоқтаймын дейді. Қырық жылғы қатындықтан кейін. Енді қыздығын алған кісіні іздемек. Иә, айтпақшы, мен үшін екеуің де адамдық кейіптен айрылған, жиренішті құбыжықсыңдар дегенін қайтерсің. Бұған не амал бар?"


60
Амал бар еді. Енді ғана табылды. Тек Балжан емес. Өткен күн келмейді. Не бетіммен көрінем. Не айтам, қалай айтам. Менен айып жоқ. Марат та дәл осы жолы кінәсіз. Бірақ біздің адам сенгісіз шындығымыз Балжанға қандай жеңілдік әкелмек? Қайғы үстіне қайғы қоспаса. Ортақ ұлды кімге телиді? Екі Жармақтың арасында, тас диірменге түскен бидай дәніндей, парша-парша болып кетпей ме. Ендеше, барлық іс осы дүдәмал, жұмбақ күйінде қалуға тиіс. Немесе, анық, айқын түйінмен шешілді деңіз. Үстіңгі, қосалқы Жармақтың Балжанға сандырақ болып көрінген шын сөзі ғана емес. Соңғы алты-жеті жыл бойғы, әзірше шындыққа айналып үлгермеген бар сандырағы. Және ертең көп алдына көсіліп шығатын Бас сандырағы. Әйтеуір амалы табылды. Балжанның емес, Мараттың. Айнымас шешімге келдім. Жармақтың тағдыры менің қолымда тұрған.
61
Жармақтың тағдыры менің қолымда. Бірақ менің бар тіршілігім Жармақтың қатал қадағалауы астында. Советке жат саналған күдіктіні КГБ-ның өзі дәл бұлай бақыламаған шығар. Әлгі, Замятиннің романындағы, ашық шыны астында күндіз-түні толық тексерісте ғұмыр кешіп жатқандар сияқты. Ол – кінәсі, қылмысы болмаса да, қапысыз бағымға кесілген қаншама адам – тұтас бір мемлекеттің халқы еді ғой. Ал мен – жалғыз өзім. Қадағалауы заңды және әлдеқайда оңай. Шыныламаса да, алаң-ашық. Сезімтал әрі көреген бөліме-фондар арқылы қабырғаның арғы жағынан көріп отырады. Жүрген, тұрған, тіпті, суға түскенің мен әжетханада жайланғаныңа дейін. Кешкілікте бар жарықты өшірсең, түнде көру жабдықтары арқылы. Қадамың қалт кетпейді. Төсектегі ұйқы, қорылың мен пысылыңа дейін. Көрген түс пен ойлаған ойдан басқасы түгел алақанда. Әрине, біздің Жармақ күн сайын және барлығын бірдей көрмейді. Қажетті және күмәнді тұстарды ғана. Және сол сәтінде алдына тартылмақ, немесе хабар берілмек. Әуелде қоңылтақсығанмен, кейін үйреніп кеткем. Киінем, шешінем, пысқырам, түшкірем. Өз үйімде оңаша отырған есепті. Сыртқа шыққанда, әрине, сәл басқаша. Амалсыз еріп жүреді, алыстан, жақыннан алдыма, артыма шығады, таспаға түсіруі де мүмкін, әйтеуір арнайы бөлінген кісілері бір сәт те көз жазбайтыны анық. Бірақ ақыр түбінде айланы мен асырдым. Тіпті, әуелгі күннен десем болады. Кең көшеде, әлдебір ғимарат, ығы-жығы жұрт ішінде, базарда, дүкенде, көпшілік дәретханада дәл үйдегідей анық көре алмайды. Менің есебім осыған құрылған еді. Қызық үшін, күзетшілерімнің басын қатыру үшін әдепкі серуен, қыдырыс үстінде алай да тартам, былай да сызам. Өзіме қажет істерді сезік тудырмай, еркін жасау үшін тапқан амал. Ондай өзгеше шаруа да жоқ менде. Әйткенмен, ақыр түбі кәдеге асты, сақшыларым менің ізімді баспай-ақ жолымды қиып, көбіне алыстан аңдайтын болған, ал кітап дүкені, әлдебір шаруашылық жайларына кірсем, шектеулі жерде түйісіп қалмау үшін аулағырақ тұрады, кейде сырттан да тосады. Енді әдетке айналған істің пайдасын көрмекпін.

Әуелі көлденеңнен алдарқаттым. Тап-таза компьютерімнің ашық бетіне бадырайтып жаңа бір тақырып жазып қойдым. "Хан және президент." Әжептәуір ойланып отырып, "Өткен тарих ұлағаты және бүгінгі күн тағылымы" деген қосымша тақырып тіркедім. Баяғыда ұрланған, ескі тарихқа қатысты құнды кітаптарымның орнына әкеп тастаған, бүгінгі заман, өзгеше тұлға және ағымдағы саясатқа қатысты біраз қоқырды ақтарып, солардың ішіндегі ең қалыңын, сыртындағы жарқырай күліп тұрған суретті көрсете, стол үстіне әкеп қойдым. Қасына оңды, солды, ретсіздеу шашып, деректік, анықтамалық тағы бірнеше кітап тастадым. Содан соң бүгінгі нарық тынысын, халқымыздың әл-ауқат жағдайын және кәсіпкерлік қабілетін бағамдау үшін базар мен дүңгіршектерді аралауға кірістім.

Әркімнен әрненің жөнін сұраймын, базардағы бозарған жұрт, дүңгіршектегі түнерген жұрт – күнкөрісін әрең айырып отырған еркін саудагерлермен әңгімелесем. Кейде алпауыттар иелігіндегі үлкен дүкендерге де кірем. Керегімді апталық саяхаттың әуелгі күні тапқам. Бірақ асықпадым. Төрт-бес күн бойы алдарқатып жүріп, кешкі алакеуім, қағаберіс қалтарыста, әп-сәтте сатып алып, сығымдай бүктеп, қойныма емес, ышқырыма, ышқырдың арғы жағына тығып жібердім. Үш құлаш жібек арқан. Арқан болғанда, кәдімгі, ашық аулада кір ілетін жуан жіптің бір үзігі. Тартып көргем. Өткенде. Өгізді ілсең үзілмейді. Әрі жұмсақ, сусымалы. Олжама қуанғаныммен, бірден қайтпай, тағы екі-үш орамды айналсоқтап жүрдім. Содан соң ғана үй. Әрине, жасы келген кісі, ғылым жолындағы жаңа тақырып, көрнекі зерттеу кезінде әжептәуір шаршап қалған, сырт киімді селқос сыпырып, шалбарымды сүйреткен қалпы қаракөлеңке бөлмеде, жұмсақ төсекке келіп жығылдым. Азғана сұлық жаттым да, етпеттеген қалпымда, бүгіле тартып шалбарды сыпырдым. Төсектің аяғына қарай ысырып тастап, бірден көрпемді қымтандым. Жазылып, керіле созылып, еріксіз жымидым. Содан соң ұйықтаған қалыпта көз жұмдым.

Шын ұйықтап кетіппін, түн ортасынан ауа, селк етіп ояндым. Дәл осы кезде мені бақылап отыруы неғайбыл, әйтсе де көрпе астында бұққан қалпы, дамбалымның ышқырына бүктелген жібімді алып, ептеп саумалап, бір жақ ұшын таптым. Дар тұзағын жасаудың өзі өнер деседі. Арнайы мамандары бар. Ширата орап байлайды. Сірә, өлім жазасының өзін сәнге айналдыру. Бірақ сәнді ештеңесі де жоқ. Жуан кендір арқан. Бір жақ ұшы тоқпақтай түйіліп, епетейсіз тұзақ шығарылған. Менікі шынымен-ақ әсем еді. Ешбір өнерсіз-ақ. Өнер болса, дарға емес, малға жетік қазақтың өнері. Кәдімгі қарапайым күрмеу ғой. Әуелі жуандығы шынашаққа жуық, берік жібек жібімнің қолға ұстаған басын, бас бармақ сиятындай ғана ілмек қалдырып, берік байладым. Содан соң, екінші ұшын іздемей-ақ, түйін түбінен кері айналдырып, ілмектен өткізіп, тұзақ шығардым. Дайын. Менен сұраусыз бөлініп, сүйген жарымды бауырына басқан, енді ата-бабамның аруағына шәк келтіріп, бүкіл ескілікті әулетімізге көлеңке түсірмек сұмырай Жармақтың дар тұзағы дайын болды. Қапысыз, қатесіз, тамаша тұзақ. İлмегін сол қолыма кигізіп, қысқадан алып, ептеп бастап, қатты тарттым, мықты жіп берік байланыпты, қылқынған білегім ұйып бара жатқан соң қайта босаттым, содан соң ұзына бойын, екінші ұшына дейін түгендеп, мерейім өсті. Сол, көрпе астындағы қалпым, ілмегін кеңейтіп, дөңгелектеп, шұбалған бауын шашыратпай, ширата қосып, мұқият орап, бір жақ ұшын қайыра, жөргемдей түйіп, кішкентай ғана дөңгелек қалпында жастығымның астына тықтым. Сәлден соң көңіліме күмән туды. Ең қолайы – жастықтың іші екен. Көрпені басыма тарта күргейлеп, жастықтың тысын ағытып, бидайын тағы сөгіп, бір жақ бұрышына салдым, азғана жатқан соң қайта алып, мамық жұмсағының ішіне тықтым. Сыртқы қаптарын түгел түймелеп, басыма жастап жайланған соң ғана көңілім орнықты. Әйтсе де ұйқы келмеген. İшкі мамығына кек қаруы тығылған тірі жастықты астыдан үстіге шығардым. Аялай сыйпалап көрдім. Ешқандай бедер, белгі жоқ. Қайта екінші жастықта әлденендей түйірпек байқалады. Бүктеп жатқам ғой манадан бері. Енді қос жастықты қатарынан бауырыма басып, өткен өкінішті өмірімді емес, әуелгі күндерімді, Балжанмен танысқан маужыр түн, алып емен саясында алғаш сүйіскен, бейуақта, жатақхананың алакөлеңке бір бұрыштарында сағына аймаласқан, көшеде серуендеген, киноға, театрға барған, ең ақыры – бүкіл өмірімнің жұлдызды, сәулелі мезеті – тауда табысқан күнді ойлап, ағыл-тегіл жыладым. Кейіс, нала емес, мейір мен қуаныш жасы. Мен де бақытқа шомған екем бір кезде. Қайрылмасқа кетті бәрі де. Бүгін емес, баяғыда. Ендігі бөгеліс, аялдың қисыны жоқ еді. Ойлап тұрсаң, бұл да бақыт. Әділ үкімнің орындалуына үш күн қалған.


62
Үш күн бойы көңілді жүрдім. Өзіме ризашылықта. Ең ақырғы, сөзсіз орындалатын шешімтал ісіме мерейім өсіп. Өмірдегі ең үлкен қателік түзеледі. Жаңа бір... әлемге қадам басам. Әрине, сұрауы орынды, жауабы қатаң. Бірақ... менің еркімнен тыс болды ғой бәрі де. Ал ең соңғы нақты шаруа – менің айнымаған ақ ниетімнің көрінісі емес пе. Кешірім жасалуға тиіс. Қайткенде де бүгінгі азаптан құтылам. Одан соңғысы – бір аллада.
63
Сәрсенбінің сәтті күні туған. Мен үшін. Біздің Жармақ та дәл солай деп шамаласа керек. Шамалаған жоқ, сенімді болды. Күмәнсіз. Осы өткен айда ғана құрметті сенатор болып сайланған. Сайланған жоқ, мәртебелі, төтенше жарлықпен тағайындалған. Енді парламенттің екі шатырының біріккен мәжілісінде "Қазақстан: демография және иммиграция" деген шешуші тақырыпта батыл және өтімді баяндама жасамақ. Нәтижесі жоғарыда мақұлданып та қойған тәрізді. Әйтпесе бұл Жәкең сенатқа не үшін келді. Иә, сөз жоқ, тиесілі қаулы, қарар да әзір. Сенатор Марат Қазыбековтің атағы аспанға шығып, алдынан бұдан да даңғыл жол ашылмақ. Бірақ көр... өзінің көрін қазып қойған. Күні біткен, сағаты санаулы, сағат емес, минуттар ғана қалды.

Мен барымды киіп, бақанымды ұстап, яғни қапысыз қаруымды әзірлеп, сақадай сай отырмын. Дегбірсіз ыза, салқын сабырмен. Құзыретті мәжіліс таңертеңгі онда басталуға тиіс. Басталды. Екі минутқа кешігіп. Үлкен кісіні күткен екен. Келді. Дүрліге орнынан тұрған жұрт, ду қол шапалақтау. Мен де орындығымнан атып тұрыппын, мен де қол соғып жатырмын. Тарихи жиналыстың басталған қуанышына. Екі минут деген не тәйірі. Ертеңге қалса қайтер ем. Мен тоқтадым, басқалар әлі қол соғуда. Қызу құттықтау баяғы жаппай ұранға ұласпады, бірақ жұрттың жүзі жарқын. Тағы екі минут, үш минут кетті. Төрт минут. Уақа емес. Мен қайткенде де үлгерем. Міне, күн тәртібі. Баяндама жөні. Біздің Жармақ – құрметті сенатор, белгілі саясаткер, танымал қайраткер Марат Бейсенұлы Қазыбеков мінбеге көтерілді.

Мен бәрін де мұқият есептегем. Күзетшілерім тақау жерде. Дәл осы ғимарат болуы да мүмкін. Әйтеуір үш минут өтпей жетіп үлгереді. Содан соң есік. Кәдімгі құлып. Мен көпке дейін неше қабат болат есігімнің ішкі ілгегі жоғына назар аудармаппын. Баяғыда, жүрегім ұстаған кезде сырттан оп-оңай кіргені жанға қуат болып еді. Артынан ойлағанда, бәрі орынды көрінген. Дәрігерлік шұғыл көмек қана емес, ілгексіз есік те. Енді керісінше шыққалы тұр. Бірақ бұл жолы дәп солай аша алмайды. Үш кілтті ұясына қатарынан салып, әрқайсысын үш қайтара бұрағаннан соң, қайта суырмай қалдырғам. Бірақ бұларға тоқтау жоқ. Әйткенмен, аз да болса бөгесін. Қисынын тауып ашқанша, тағы үш минут. Екеу дейік. Мейлі, бір минут. Яғни, жинақтап келгенде, толық төрт минут уақыт бар. Әлбетте, қазір олар да теледидар, тікелей хабар алдында отыр. Шефтің салтанатты сәтін тамашалап, соған орай аз-маз босаңсыса, екі-үш минутын өткізіп алуы мүмкін, бірақ оған үміт артпау керек. Қайткенде де төрт минут, тіпті, үш, асса үш жарым минутта бар шаруаны тәмамдап үлгеру қажет.

Кенет... дәл осы сәтте жалғыз ұл да... Теледидар алдында отыр-ау деген ой келді. Күтпеген көрініс... Қамығады, қиналады. Бірақ... әкесін өмір бойы арқаланып жүрген кім бар. Мына мен... мені көрген де жоқ. Енді білмей де кетеді. Сонысы жақсы. Жасы отыз сегізде, өзі де балалы-шағалы азамат. Әйтсе де қиын. Маған. Бетінен бір сүймей кетіп барам. Немерелер... екі ұл, бір қыз... Бар қуанышын басқа... емес, Балжан көрсін. Аман болсын ұрпағым.

Ал Балжан... көрер, көрмес, көп ұзамай, тіпті, келер сәтте естуі анық қой. Қалай дегенмен, қырық жыл бірге ғұмыр кешкен зайыбы, оған да оңай емес. Жылар, сықтар, ақыры барына тәуба айтып, тоқтамға келер. Көңілдегі жұмбағы шешілмей кетсе, уақасы жоқ. Тіпті, соның өзі жақсы. Кездескен болсақ, анығын айтсам... маған сенер еді, кешер еді екеуімізді де, бірақ... өкпесі тарқамас еді. Маған деген. Шынында, Маратты бөліп шығарған менің өзім ғой... Қалып қойған тағы мен. Сонда бірге кетсем... сен үшін өмірлік мұратымнан айныдым... деп айтпасам да, өмір бойы жүрегімнің басында кейіс тұрар ма еді... Көңілге қаяу түспеген, пәк, таза, әуелгі қалпымызда айрылысқанымыз... ол да бақыт. Бәлкім, о дүниеде жауаптасармыз. Бұ дүние бұйырмапты бізге...

Басталып кетіпті. Біздің Жармақ мінбеге көтеріле салысымен, қолындағы қағазын алдына қояр-қоймастан, кеудесін кере шалқайып, еңселі, сәнді, салтанатты, төбесі киіз үй шаңырағы кейіптес биік күмбезді кең сарайды, осы Көк ордада, бүкіл болашақтың тізгінін өз қолдарында ұстағандай, күржиіп, мелшиіп, сыздап, сазарып, кеуіп, пісіп отырған өңшең қасқа-жайсаңды, кеңейтілген мәжіліске келген бүкіл билікші қауымды жаңа көріп, жаңа ғана танығандай, асқақ құрмет, тәкаппар кейіппен, етегінен басына, оңынан солына дейін түгел шолып шықты. Содан соң, өзіне сенімді қоңыр күңгір дауыспен бастап кеткен.

Егемен елдің болашағы... ертеңгі сәулетті, жарқын заманымыз... – біздің бар тіршілік, бар бақытымыз Қазақстандағы халық санының еселеп өсуіне байланысты екен. Көпке ырыс қонбақ. Көбейсек, тым құрса бүгінгі ең үлкен меже – жиырма миллионға жетсек... игереміз, өндіреміз, арттырамыз, өркендейміз... Кіріспе сөзді толығымен мақұлдадым. Енді менің орайлас ісім де дәл осы деңгейден табылуы керек еді. Өзімді өзім терістемей тұрғанда жүзеге асып үлгеруі қажет. Жайлап басып кабинет-кітапханаға барып, жедел қимылмен, кісі бойынан биік, айыр баспалдықты әкелдім. Қақ ортаға, қарсы қабырғадағы теледидардың алдына орнықтырып, қойнымдағы тұзақ арқанды суырдым. Жеті баспалдақты төрт аттап биігіне шығып, төбедегі үлкен люстраның жоғарғы қақпағын төмен ысырып, болат ілгегіне берік тұзағымның бір ұшын қысқарта тартып, жақсылап байладым. Жарты минутқа есептелген, бірақ қолым қалтырады ма, ебім келмеді ме, екі қайыра жасадым – қырық бес-елу секунд. Қолма-қол дар тұзағын мойныма ілдім. Үш секунд. Жиыны артығымен есептегеннің өзінде бір минуттан сәл ғана астам, мейлі, жиырма секунд дейік. Мен әуелгі, сезікті қимылдан, нақты әрекетке көшкенге дейінгі аралықта асса бір жарым минут қана өтті. Міне, бәрі дайын. Қайрылмас ажал тұзағы мойында тұр. Қапысыз ілінді. Енді... бар жұмыстың нәтижесін көруім керек. Нәтиже ғана емес, жеңіс, қуаныш сәтін. Тұзақтың мойындағы ілмегін қысқартып, жоғарыдағы бауын қос қолдай тартқылап көрдім де, енді ешкім ешқайда кетпесіне көз жеткізіп, жарты қабырғаға жуық көгілдір экранға қарадым. Республика парламентінің біріккен қос шатырының кеңейтілген мәжілісінде, Көк ордада көсіле баяндама жасап тұрған Жармаққа. Дәл осы сәтте ірі суретпен, тура екпетінен көрсетіп жатқан. Соншама марлат. Соншама сенімді. Мәңгі жасардай, ертең емес, ендігі жыл емес, дәл осы қазір, ойға алған барлық арам жоспары сөзден іске айналып, қаз-қалпында жүзеге асардай. Мен еркісіз күлдім. Тұзағымды тартып, аз-маз қылқынып көрдім. Сол кезде... Марат та қалт тоқтаған. Қылқынып бара жатқандай, көк галстук байланған ақ көйлектің үстіңгі түймесін босатты. Мен тұзағымды одан әрмен тарта түсіп, астымдағы баспалдақты аяғыммен қағып құлатуға ыңғайландым. Мараттың өңі бұзылып кеткен. Алдында, мінбенің оң жақ бұрышында тұрған, салқын шәй құйылған стақанға қол созды. Сол мезетте менің пәтерімнің сыртқы есігі де шақыр-шұқыр етті. Асығыс жетіпті. Үш минутқа да толмай. Ашқалы жатыр. Ендігі бөгеліске жол жоқ. Марат ортасынан асыра шәй құйылған стақанды қалтыраған қолына алып, ұрттай берді де, шашырата төгіп, қайтадан орнына қойды, сол сәтінде қос қолдай тамағын ұстаған. Осы кезде мен де аяғымның астындағы тиянақты ысыра теуіп жіберген едім.

Басым төбеге созылып, табаным еденге тірелді, қылша мойнымды Мараттың қышқаш қолдары сығымдай үзіп, көз алдымда көк-ала от ойнап, манағы мінбедегі қанды су тамағымды кептеп, тынысым бітіп, түнекке баттым.



64
Қанша уақыт өткенін білмеймін, мүмкін, алпыс екі жылдық тұтас ғұмырым, мүмкін қас қағым ғана сәт, анығы – асса ширек минут, мен тұзақтан, дар тұзағы ғана емес, тіршіліктің бар мехнаты, қайғысы мен азабынан біржола құтылып, фәниден озып, мәңгілік, еркін бақиға өткен сәтімде, іле-шала, сарт етіп ашылған есік, топырлай жүгірген аяқ дыбысы, абыр-дабыр сөзге назар аудармастан, қарсы алдымда тұрған, соңғы мезетте көз үзіп қалған теледидарға қарадым. Жармақ бүктеле құлаған жоқ, жоғарыдан тартылғандай, екі қолын алға соза, екі өкшесі көтеріле, кеуделей асылған қалпы, биік мінбердің үстінде жатыр. Парламент опыр-топыр болды. Әлде сақшылар, әлде жанашыр әріптес, жоқ, бірыңғай сұр киінген арнайы қызмет өкілдері қаусыра құшақтай көтерісіп, мінбер алдындағы шаршы бітімдес қызғылтым паркет үстіне салды. Әлдеқайдан аппақ, бітеу, шағын шелек кейіпті мұсайлары салпылдаған кезекші үш-төрт дәрігер қатарынан келді. Бірі дем салып, аузынан үрлеп, екіншісі кеудесін басып жүрегін тербеп, үшіншісі тағы бір әрекетін жасап... әжептәуір әуреленген соң, қолдарын жайып, бастарын шайқасқан. Бітті. Жармақтың алдамшы, арам, баянсыз ғұмыры мана әрең ұрттаған ең соңғы жарты жұтым сумен шектеліпті. Мыңғырған байлықтан өзімен бірге ала кеткені сол-ақ екен.

Мына менің де, арам деп айтсам обал тәрізді, адал, пәк деуге тағы батылым бармайды, қайткенде де мәнсіз, мағнасыз, зая ғұмырым таусылған екен. Ғазиз жаным тастап шыққан бейбақ денем қыл тұзақтан алынды. Ол да қабаттаса жеткен дәрігердің куәлігінсіз-ақ. Келмеске кеттіпін. Қосақ арасында. Бөтен біреудің жаласы үшін. Бұл да бекершілік сияқты. Соншама не жазығым бар еді, өлімге қиятындай. Өзіме өзім жаным ашып, жыламақ едім, көзімде жас жоқ екен. Көздің өзі жоқ. Көз түгілі бас жоқ. Мүлде жоқпын. Қолмен ұстап, көзбен көрер уақытша тұрақ – баянсыз Тән емес, кеудеден шыққан Жан ғана екем. Шын өлгенімді, опасыз Тәннен ажыраған мәңгілік Жан екенімді аңдаған соң, байсалды сабыр таптым. Әйтсе де өткенімді қимай, азапты өмірді емес, баянсыз дәулетті емес, дүниенің бар дерегі мен даналығы жинақталған, ешкімде жоқ бай кітапханамды, мәресіне жетсе де, халқына жетпеген, енді ешқашан жарыққа шықпас қырық жылдық зерттеу кітабымды, әлі де ойда тұрған, ашылмай, жазылмай қалған жаңа еңбектерімді қимай, азғана іркілдім. Бірақ бөгелуге мұрсат жоқ екен. Әлдебір аялы, жеңіл, сонымен қатар қуатты күш жайлап тартып, шырқай көтерді, Көк аспанның төріне қарай ұштым.


65
Аспанның екінші қатына шыққанда, сол жағымнан қоңыр көлеңке көрінді. Құр сүлдеде... өлген кісінің тірі Жанында көлеңке бола ма? Және тиянағы жоқ, табаны жоқ кеңістікте. Келер мезетте көлеңке жақындай түсті. Мен аңдап, сақтанып үлгергенше, бауырыма тығылды. Марат екен. Төменшік, үнсіз, тілсіз. Мұңды, қайғылы. Шарасыз өкініш, ауыр қиналыс үстінде. Мен самғай ұшқан қалпымда бір сәт аяушылық сезімге берілсем керек. Сол тілсіз, мүсәпір қалпында ішіме кірігіп жоқ болды. Иә. Әуелде менен бөлініп еді ғой. Бөлінген, кеткен. Өзінше тіршілік жасаған. Енді келіп... Қайтадан бөліну керек деп ойладым. Енді мен бөлінем. Әділдік қайда. Ол алай, мен былай. Міне, қазір бөлінем... Бөліне алмадым. Екі жармақ емес, бір бүтін екем. Тұтас. Бір Жан... Енді мойындауға тура келді. Мұрат деген де мен, Марат деген де мен. Бір кісі. Мен өзім. Бірге тудық, бірге өстік, заманың тайғағында екі кейіпте дербес ғұмыр кешсек те, ақыры бірге өлдік. Енді ғарасат майданында бірге жауап береміз. Екі кісі, екі ғұмыр емес, бір кісі, бір ғұмыр ретінде. Мен ғана. Жалғыз өзім.

Ойлап тұрсам, әуелде күмәнға беріліп, күнәға жол ашқан өзім екем. Бағыт-бағдарым айқын, сенімім мол, мұратым шынымен биік болса, екіге бөлінбес едім. Жармағымды жамандыққа, арамдыққа итермелеген менің өзім. Енді тіршіліктегі бар күнәсін де өзім көтеруге тиіспін. Әйтеуір дәтке қуат, бүтін қалпымда сол теріс жолмен кетсем қайтер еді. Негізгі бөлігім оң ниетінен айнымапты. Бірақ оң да болса жармақ қалыпта не бітірмек. Ертерек ойлау керек еді. Енді міне. Өтті, кетті – өкінгеннен не пайда, жылағаннан не жеңілдік.

Кеңшілігі мол бір алланың рахматынан басқа үміт жоқ...

Қош бол, зая кеткен ғапыл ғұмыр!

Қош, соры арылмаған қайран ел!..
ххх
Міне, осындай... өзгеше тауарих. Бастан-аяқ қисынсыз өтірік. Иә, айтпақшы, көркем туынды атаулы түгел ойдан шығарылатын еді ғой. Біздің жазармандар қауымында. Қазір тіпті, деректі аталатын дүниелер – өткеннен естелік, баяғыда таңбаланыпты-мыс күнделіктің өзі айғақсыз, дәйексіз қиялдан құрылатын болды. Халқына қарсы қылмыскерлер – ұлттық қаһарман, жәреуке мен жалтақ – сыпыра батыр. Алаш азаматтары көлеңкеде қалып, алаяқтардың бағы көтеріліп тұр. Жамандық атаулының бәрі жаба тоқылып кетті. Солармен салыстырғанда, Иманның хикаяты мейлінше бейкүнә көрінеді. Әлгі ұлттық қаһармандар мен сыпыра батырлардың ешқайсысына тура тіремейді. Керек десеңіз, бөтен біреу емес, "Өзім" деп отыр. Өзі болмаса да. Өзі емесіне, басқа да емесіне ешқандай күмән айта алмайсыз. Азғана күмән – қиялдаймын, тұспалдаймын деп отырып, өмірлік ақиқат шындықты жеріне жеткізе алды ма деген тарапта ғана болса керек. Сонымен қатар оқиға өрбитін мезгіл де әжептәуір ескірген. 1961 жылдың қоңыр күзінен басталып, 2001 жылдың қысқы айларымен тәмамдалатындай. Жаңа заманға иек артты демесек, түгелдей бұрнағы дәуір – ХХ ғасыр, еліміз әлдеқашан өтіп кеткен белестер мен қиындықтар. Бірақ жүз жыл, мың жыл бұрынғыны да жазып жатады ғой, және Иманның өзі де жаңа ғасырдың есігінен сығалап үлгермей, сол 2001 жылдың көктемінде бақиға аттанып кеткенін білесіз. Әйтеуір баспаға дайындап үлгеріпті. Бірақ ешқайда ұсынбаған. Ұсыну ойында да болмаған сияқты. Өзіне сенбеген. Өзіне сенсе де, артық дабыра, шуды қаламаған. Өнер жолында көп теперіш көрген қаламгер еді ғой. Қорыққан. Ал біздің қорқатын ештеңеміз де жоқ. Ержүрек батырлықтан емес. Өз талайымызға деген сенімнен. Бұрында бір айтқанымыз бар еді: "Бізге соқтыққанның өзінің соры қайнайды" деп. Сыпайылағанда. Бұдан әрі сәл қатқылдау: "Бізге қара күйе жаққысы келген кісінің өзі қарабет болады!" Және: “Біз туралы айтылған қандай да лепес – ең әуелі сол кісінің өзінің бағасын айғақтайды,” – деп. Қалаңыз, қаламаңыз, ақыр түбінде кімнің кім екенін заманның өзі айқындап береді. Шынында да. Ұлы Мұхаңа кім тас атпады. Ғажайып Мағжанды кім балағаттамады. Енді бүгін солар қайда, біз... яғни Мұхаң мен Мағаң қайда! Ендеше, әлденеден тартынатын, әлденеден именетін жөніміз жоқ. Осындай нық сеніммен айнымас Иманның бар салмағын көтеріп алуға әзірміз.

Өткенді білесіз. Бүгінгісі осы. Ертеңгісі тағы бар.

Айтпақшы, Иманның бұдан басқа да, бұрын жарияға шықпаған жаңа дүниелері қалды. Орайлы мезетінде оны да көре жатасыз.

Қайыр, есен-сау тұрыңыз. Иманнан айрылмасаңыз, барлық Мұрат орнына келері күмәнсіз.


18.I. – 9.II, 2007,

Прага.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет