Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет8/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15

24
Сендердің, зиялы қауым аталатын мына сендердің мыйларыңа қонбайтын бір ақиқат шындық бар, – деді, бұл жолы жазу столының басына, ескі креслоға емес, серіппелері босаған, кең, көне диванға жайғасып. – Дүниенің тағдырын адамгершілік қағидалары емес, ақшалы әмиян билейді. Бар тіршілік – ақша үшін. Бүкіл адамзат тарихы – ақша, яғни заттық игілік жолындағы күрес тарихы. Рухани қажеттілік, идеялық мұрат дегеннің бәрі бос сөз. Асып кеткенде, ақшаға жету тарабындағы әдепкі қару ғана. Жеке бас бостандығы, жалпыға ортақ азаттық – ақшаның арқасында ғана жүзеге асатын іс. Тіпті, сіз даурыға мадақтап жүрген тәуелсіздік, яғни кешегі отар елдің егемендігінің өзі – заттық игілік, жеке бір кісілердің байлыққа жетуі үшін ғана қызмет ететін құрылым. Саған сөлекет көрінер, арамза сөз, тасыр топастық көрінер, бірақ анық ақиқаты сол. Иә, тәуелсіздік алдың, көп ақылдың керегі жоқ, төңірегіңе бажайлап қара. Міне, мен қолым жеткенше қарпып, байыдым. Ал менен қолы ұзын, қуаты артықтар қаншама. Олар он есе, жүз есе байлыққа жетті. Міне, солардың қайсысы қашан осы елдің бостандығы үшін күресіпті? Күреспей-ақ қойсын, өңі түгілі түсінде ойлап па, мына қазақ деген халық өз алдына ел болса екен деп. Тым құрса, анау Африканың зәңгілері, Мұхитстанның жабайылары жетіп жатқан еркіндік, азаттық бізге де келсе, ту көтерген тәуелсіз ел болсақ деп? Арманың не, елесін көрген жоқ. Сен ойладың. Баяғы алаш қайраткерлері сияқты, сол жолға басыңды тіктің демейік, қадарыңша күшіңді жұмсадың. Ту көтермесең де, ту бекітер тұғыр дайындамақ едің. Яғни, елдің ескі тарихын тірілтіп, еңсесі басылған жұртқа өткенін танытып, санасына сәуле түсіріп, биік арманға жетелемек едің. Сен әрқилы сәтсіз жағдай әсерінен мақсатыңды, түпкі мақсат емес, өзің арқалаған жүгіңді жеріне жеткізе алмасаң, дәл осы тарапта қыруар шаруа тындырған азаматтар да жоқ емес. Мәселен, өлісі бар, тірісі бар, жазушылар қауымынан. Ал, не шықты? Далаға кетті бәрі. Мен дүркіреп, байып жатқанда, сен барыңнан, яғни алдыңдағы сорпа-су, жарты жапырақ наныңнан айрылдың: тақыр кедейге айналдың. Жалғыз сен емес, ұлттық тарих, ұлттық мәдениет, қазақ руханияты... деп өксіп жүрген, заманның салыстырмалы кеңдігінен, баяғыдай айдалып, байланбаса да, сол жолға бар ғұмырын арнаған, арып-аршыған, риясыз, жанқияр еңбек еткен ұлттық қайраткер атаулы түгел. Біз – баймыз, биміз, былқып тұрмыз, сендер – қайыршының ар жақ, бер жағы, қалтақтап әрең жүрсіңдер. Яғни, сен аңсаған тәуелсіздік кімге қызмет етті? Ұлт деген сөздің иісі мұрнына бармаған, барлық уақытта өзінің қара басының қамын ғана ойлаған бізге. Түптеп келгенде, ақшалы қалтаға. Тұра тұр, сөзімді бөлме. Мақұл көрмесең де мойында. Әуелгі кезең дерсің. Орыстар айтпақшы, ағаш кескен кезде ұшқан жаңқа. Жаңқа емес, сол дәу, жуан, тамыры берік, бұтағы салалы зәулім бәйтеректің өзі. Бір ағаш емес, бүкіл орман. Мына біз. Ал жаңқа – сен және сен тұрғыластар. Өндіріс қалдығы дейді оны. Жаңағы жүз ағаштан түскен бір қап жаңқа мен үгіндіні желім құйып, қайтадан сығымдап, жалпақ тақтай жасайды ғой. Сапасы төмен болса да әлдебір қажетке жарайтын. Сендер сол үгінді, жаңқа, үшінші сорт тақтайдың өзіне жете алмай қалдыңдар. Қолыңды селтеңдете берме. Керек десең, қалыптасқан жағдайды біле тұра, терістеудің өзі құнсыздық көрінісі. Тарихты қалай танып жүрсің, көпе-көрнеу шындыққа дау айтқың келеді. Мен осы сөздердің бәрін қуанғаннан айтып тұр деймісің. Мұқату үшін айтып тұр деймісің. Заңды, сыбағалы еншім үшін несіне қуанам. Күйреген, құлаған мүскінді мұқатқаннан не шығады. Сені көтеру үшін, ақылға түсіру үшін айттым. Біл, ұғын, мойында. Неге, қалай деп сұрақ қой. Менің, дәл өзім демейін, бірге туған ағайын, тіпті егіздің сыңарынан да жақын, ет-жүрек бауырым Марат... иә, айырмасы шамалы, Мұрат... Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков қалайша ғана тиесілі есесінен қағылып, осындай мүшкіл, мүсәпір жағдайға түсті? Кім кінәлі? Көктен түскен тәуелсіздік кінәлі. Мен емес. Біздің қауым емес. Сіздің қауым, нақты сенің өзің де кінәлі емессің. Өмірдің заңы дейік, көңіл үшін. Өмірдің, табиғаттың қалыпты заңының өзі саған емес, маған қызмет етеді екен. Бұл жағдай біздің баяғы отарлық кептен шықпаған, соңғы елу-алпыс жылда ұлттық санасы құрдымға кеткен дүмбілез елімізде айрықша көрініс берді демеймін. Ғылым-білім, өнер мен мәдениет жолында сенен бұрын қиындық көргендер, тарыққандар, зорыққандар болмап па. Тіпті, дамыған, кемел елдердің өзінде. Жаңа дәуірде өмір сүрген ұлы суретші Модильяни өнер ордасы Парижде аштан өлген. Арыда емес, күні кеше, осы ХХ ғасырдың басында. Бірақ мұратына жетті дерсің, артында қаншама ұлы мұра қалдырды дерсің. Рас, әлдеқалай, үлкен жұмыс арасында тарта салған шимайының өзі бүгінде жүз мың долларға бағаланады. Ал атақты, қатардағы кез келген туындысы – миллион, бір емес, әлденеше миллион. Не шықты? Аштықта, қорлықта өлді де қалды. Тірі кезіндегі ең елеусіз суретінің өзінің пұлы бүкіл өміріне жететін еді. Ақыры, қызығын басқалар көрді. "Менің коллекциямда Модильяни бар!" Өнер үшін дейсің бе, мақтан үшін, ақшаның құдіретін, өзінің байлығын әйгілеу үшін. Қайткенде де, өткен суретшіге бәрібір. Азғана ақшасы болғанда ғой, жаңағы миллионның бәрі өзінде қалатын еді. Адамша өмір сүретінін айтпағанда.

– Сенің кім екеніңді... кім болып шыққаныңды енді ғана нақты танып білдім!.. – дедім.

– Қазір біржола танисың. Ал мен сені бірден таныдым. Сен баяғы идеалист аспирант кебіңде қалыпсың. Бар айырмаң – өмірің алда тұрған жас емессің. Қажыған, тозған, кәртеміш шал... Бірақ алда... жаңаша өмір сүру мүмкіндігі бар.

– Маған демеуші болғың келеді ғой. Бірақ тегін емес...

– Дәл таптың. Мынау – отыз жыл бойы жинақтаған, шіріп жатқан қағаздың бәрін маған өткізесің.

– Біржола жойып, тып-типыл қылғың келеді...

– Жоқ, таппадың. Мен бұл қағаздарды қазіргі қалпында алмаймын. Осы жерде, өзіңде қалады. Шегіне жеткізіп, үлкен монография жасап шығарасың. Әрине, кезінде баспаға өтіп кеткен бес-он бетін тәрік етіп. Ортасы ойылып тұрса, басқа бір сөздермен алмастырып, қосымшалап, үстеп, жаңадан жазып, қайта толтырасың. Дерек көзі біреу-ақ қой. Арғы-бергі зерттеуші ғалым атаулы түгел пайдаланып жүрген түпнұсқа бұлақтар. Біз сөзбен айтқанда, бұрын қазақта болмаған, тақырыбы тың, байлам, толғамдары соны, ғылым тарихы үшін мәнді, құнды, үлкен кітап.

– Содан соң демеуші болып, баспадан шығарып бересің.

– Баспадан шығарам. Мол таралым, сапалы қағазбен, айналасы екі аптада.

– Сонда саған не пайдасы бар?

– Әлі де мыйыңа барған жоқ па? Үлкен кітапты жазып бітірдің. Өз қолыңмен маған ұстаттың. Сыртында – бірінші бетте бадырайып тұр, авторы – Мұрат Қазыбеков. Иә, Бейсенұлы. Қатесіз. Бар жазуың – орнында. Сол қалпында басылады. Білесің ғой, қазір цензура жоқ, бұл тарапта шынында да сен өмір бойы аңсаған еркіндік. Ешкім қол сұқпайды, бір сөзің өзгермейді. Міне, басылып шықты. Тек мұқабада... қазақы "ұ" қарібі халықаралық "а" дыбысына алмасады. Марат Қазыбеков. Иә, ол да Бейсенұлы. Есебі, бәрі қалыбында, бұрынғыдан ешқандай айырма жоқ. Мұраты не, Мараты не. Екеуіміз бір-ақ адамбыз ғой. Әуелде дерсің. Әуелден. Бүгінгі айырма – жалғыз-ақ әріп. Осы жалғыз әріп үшін... қанша сұрайсың?

– Не?


– Ақша. Әуелі бар жағдайыңды жасаймын. Монографиямыз жазылып біткенше. Қажет тапсаң, көмекке күнделікті қара жүмысты тазартып отыратын хатшы және бәрін қолма-қол таңбаға түсіретін компьютерші. Мынандай әжетхана үйшік емес, үш бөлмелі жаңа пәтер, бар шығынымен. Күнделікті керегің, қалаған ас-суың өз алдына. Бұл – жұмысты тәмамдағанша. Монографиямызды бітірген соң, үй өзіңде қалады және... жүз мың доллар. Қалған ғұмырыңа жетеді.

– Жетпейді, – дедім мен шалқамнан түсіп. – Аз!

– Онда... тезінен, бір жыл орайында бітіріп берсең... екі жүз мың.

– Екі жүзің де аз, – дедім. – Ал аядай үш бөлме кеңінен құлаш жайған үлкен жұмысқа тарлық етеді. Коттедж алып бересің. Немесе салып. Тау беттен, жаңа алпауыттар қоныстанған аймақтан.

Марат маған үдірейе қарап, ойланып қалды.

– Қызық екенсің, – деді содан соң. Әуезінде күмән бар. – Екі жүз мың деген – қыруар ақша. Жарайды, тағы елу мың. Кітабың соншама қымбат екен. Үш бөлме емес, төрт бөлме болсын. Ынсап керек.

– Сенде жоқ ынсап маған қайдан келеді, – дедім. – Жүз теріні жүн-жұрқасымен қосып, шикідей жедің – тоқтамадың. Жүз мың сомды қылқынбай, толғамай жұттың – тоқтамадың. Енді жүз мың доллар емес, сірә бірер миллион де емес, он, жиырма миллионға қанағат етпей, миллиардқа қол созбақсың. Жоқ, шегінбеймін. Үш жүз мың және коттедж.

– Содан соң?

Бір жыл емес, тоғыз, он айда, асса келісімді мерзімнен тоғыз, он күн бұрын үлкен монографияны тәмамдап, қолыңа ұстатам. Басып шығарасың. Мол тираж, мөлдір қағазбен. "Қыпшақ тарихы" – Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков!

– Марат... – деді жармағым күреңіте тұқырып.

– Әуелгі және таза кезіңдегі атыңмен шығармайсың ба?

– Болмайды. Мен – Марат. Мұрат – сен. Сонда келісім қайда қалады. Марат Қазыбеков. Барлық шарт орындалуы үшін. Көнсең.

– Көнем, келісем, – дедім. – Жарайды, төрт бөлме, екі жүз елу мың. Тек... қазақта болмаған ғажайып монографияны қолыңа ұстатқан күні... Балжанды маған қайтарып бересің!

– Басқан ізінен садаға кет Балжанның! – деді Марат оқыс қатайып. – Ол кім, сен кім!..

– Мен... кім? Сенің арам көжеге тойған тоғышар көзіңмен қарағанда кім болсам да, қыз Балжанды үрлеп сүйген, алғаш бетін ашқан – мына мен болам!

– Шатыпсың! – деді Марат шақ етіп. – Сен емес, мен.

– Жоқ. Әуел ашқан – мына мен. Содан соң алдап, ұрлап әкеткен – сен.

– Жарайды, жарайды, – деді Марат ыржия күліп. – Ұрлағам жоқ, алдағам жоқ, өзіме тиесілі, уағдалы қалыңдығыма қосылдым. Ал әуелгі, иә, сенің де... жоқ, менің өзім, екеуіміз қақ айрылмай тұрғандағы. Яғни әуелден менікі. Және ақырына дейін.

– Онда... бауыр басып қалдың ғой, қимай тұрсаң, жас тоқалыңды бер.

Марат маған шүбалана қарады да, жадырай күлді.

– Қалжыңды қой. Қатынсырап бара жатсаң, екеу-үшеуін қатарынан әперейін. Шын айтам. Жаңағы ұсынысты қабылдашы әуелі. Бұлталақтамай, нақты шешіміңді айт. Қаламақы емес, тауар нарқы. Маған сұраусыз, біржола өтетін. Қанша сұрайсың?

– Әуелі бір сауал, – дедім. – Соның саған не керегі бар? Несіне қызықтың? Ғылыми дәреже керек болып қалды ма?



– Ғылыми дәреже оп-оңай, – деді Марат, ескі диванды ортасын оярдай сықырлата шалқайып. – Қаласам, айналасы жарты жылға толмай, ғылым докторы болып шығам. Экономикадан, немесе саясаттанудан. Әрине, экономика тиімдірек. Қалай дейсің бе? Сенің академияң, немесе, кез келген университеттің ең білгір мамандары қолма-қол дайындап береді. Манағы, саған ұсынған қазынаның оннан біріне. Және барлық өткелектен өткізіп, өздері қорғатады. Және осындай да осындай үлес қосқан зерделі, дарынды ғалым деп атағыңды шығарады. Бірақ маған ондай алдамшы, арзан атақтың керегі жоқ. Өзің де байқаған шығарсың, қазір облыстарда билік құрған үш әкімнің екеуі – профессор, академик, үкіметте салалық билікке жеткен екі министрдің үшеуі – ғылым докторы. Күлесің бе, түңілесің бе. Маған ондай, қайдан келгені соқырға белгілі өтірік дәреженің керегі жоқ. Экономика тұрыпты, физика, математика, астрономия, философия да емес. Мен... өзіңнен айрылғаннан бері... ақшаның, пайданың соңында жүріп, мүлде топас, мақұлық болып кетті деп ойлама. Бұрынғы, өзім тәрік еткен, тастап шыққан таным, сананың жұқанасы мүлде жоғалған жоқ. Сол күндерде, кейде... архивте отырғандай, ескі кітаптарды саралап, ой түйгендей... сол, тарихшы қалпымда бұрынғы шаруамды жалғастырып жатқандай сезінетін сәттер болатын. Аңсаймын, сағынам, содан соң... өткенімді ғана емес, бүгінгі... түсім мен елесті ұмытуға тырысам. Ұмытам, қаншама уақыт өтеді, тағы бір күн... өзім – өзім сияқтымын, яғни бүгінгі емес, бұрынғы, бұрынғы да емес, сол бұрынғының жалғасы. Әуелде нақты еді, кейін тәтті қиялға айналды. Бірақ арада оншақты жыл өтер-өтпесте мүлде ойымнан шықты. Тек тәуелсіздіктен бері... Бизнес саласында үлкен табысқа жеткен соң, қайтадан қиялдай бастадым. Әрі бай болсам, әрі... атақты ғалым... Мен ұлт үшін еңбек еткен, отаншыл, қазақшыл ғалым ретінде зор абыройға жеткім келер еді. Көптің бірі болмаймын, оқшауланып, дараланып көзге түсем. Қазір қазақ гуманитариясының құты қашқан. Әдебиеттанудың сиқы анау, баяғы 18-жылғы "Ұлы Октябрь", 28-жылғы "Советстан" төңірегінде жүр. Өз шаруалары оңбай тұрғанда кімге септеспек. Тілтанудан тағы май шықпайды. Тіліңнің өзі жоқ деп жатқанда қайда барасың, тым елеусіз атақ. Тарих! Ең тиімдісі – жабық жатқан тарихтың бетін ашу. Қалыңына түс те, қалқып ала бер. Аяқ аттаған сайын жаңалық. Бұрын білмеген, естімеген тұтас бір әлем. Өз тарихынан бейхабар халқың үшін ғана емес, осы салада өнімсіз іспен өмірін түгескен мамандарың үшін де. Иә. Тарихшылардың өзін таң қалдырасың, еріксіз мойындатасың. Сенің Зерттеу орталығыңның орынбасар төрағасы Алдабек Қаражұманов – кездейсоқ құбылыс емес, заманға лайық, жалпыға тән, ортақ өлшеуіш. Білім, ұғымының сиқы анау. Жабық қазақ тұрыпты, ашық адамзат тарихынан арифметиканың төрт амалы дәрежесінде танымы жоқ. Сонда, халқың үшін қажетті ежелгі тарихты кім зерттемек? Тыңнан жол салып, кім абырой табуы керек? Сен, сен ғана. Жаңадан жасамайсың, бар жұмысың дайын тұр. Алаңсыз отырып, бас-аяғын түгендесең, өзің айтқандай, асса он екі айда дөңгелетіп бересің. Маған. Менің әуел баста тарих факультетін бітіргенім, аспирантурада оқып, диссертация жазғаным, советшіл белсенді, жандайшаптар тарапынан қысым көріп, тар заманда ғылыми ортадан кетуге мәжбүр болғаным – өмірбаянда жазылған, құжаттар арқылы дәлелді, мені білетін ел-жұртқа ежелден мағлұм. Елу бес жылдық мерейтой қарсаңында облыстық, қалалық және аудандық баспасөз бетінде жарияланған марапат мақалаларда тағы айтылған. Енді тәуелсіздік заманында, үлкен еңбегімді, отыз жылдан астам, ұзақ уақыт бойы астыртын және тынымсыз жүргізген зерттеуімді жарыққа шығарып жатсам, ешкім таңырқамас еді. Орайлы іс, заңды сыбаға ретінде қабылдар еді. Енді ұқтың ба, саған неге құмар бола қалғанымды?

– Жоқ, – дедім мен. – Өзіңе өзің қайшы келдің. Ол ештеңе емес, өзіңе өзің көр қазғалы тұрсың. Жаңа ғана айттың емес пе. Ай даладағы менің кесірім тие жаздады деп. Ал сол бір... дау-дамайлы еңбек енді өз атыңнан шықса – біржола құрығаның емес пе!

– Міне, сенің, ақмақтық демейін, өмірлік тәжірибеңнің қораштығы. Немене, сен әлгі, Алтын Ордаға, Қазақ хандығына қарсы көтерілген айқай – әлдебір, надан болса да таным, топас болса да сенім көрінісі деп ойлайсың ба? Алтын Орда асқақтап жатсын, Қазақ хандығы керемет болсын, немесе керісінше, Алтын Орда сұмырай, Қазақ хандығы сорлы болсын – оларға бәрібір. Ал сол атақ пен пайда жолында кесе көлденең тұрған кісіні құлату үшін ата-бабасының мың жылдық тарихы тұрыпты, өзінің ар-намысын ғана емес, бүгінгі ел-жұртын, ертеңгі ұрпақ-зәузатын құрбанға шалудан тайынбайды.

– Сонда мен... кімге бөгет жасаппын?

– Сен емес. Анау, тарихты көтерем, бүгінгі жұртымның санасын ашам деп күнәкар болған Бас редактор. Тарихты көтергені, сананы жаңартпағы үшін де емес. Өзінің бар болмысы үшін. Жаңағы азғындар мен сатқындар, надандар мен топастар "Темірқазық" сияқты ықпалды басылымда ақыл-есі түзу кісі отырғанын қаламады. Мәселе, тіпті, ақыл-есте де тұрған жоқ. Сенің кіші бастығың Алдабек Қаражұманов пен белгілі саясаткер Мүштар Мақанов туған бөле екен ғой. Әлгі журналда, әрине, Бас редактордың ризашылығымен жарияланған бір мақалада сол Мақановтың атына құрғақ демагог, сөзі бар да ісі жоқ, кенеусіз айқай, тежеусіз дабыра деген тәрізді сын айтылса керек. Әділ, ақиқат баға. Шырқырап кетеді ғой Мүштар Мақанов. Тұтас бір науқан бастаған. Оң мен солды түп көтере іске қосып, қарымта ғана емес, әлгі әңгіме әрі қарай өршімес үшін және көлденең жұрттың бәрі қия баспай, именіп, қорғалақтап тұруы үшін. Сен үшін емес, аңқау, аңғалақ сорлы. Ал енді қарсыласты қалай құлату керек? "Жанды жерінен" қарпыған. Саған таң, тағы біреулерге күлкі болса да, анығы сол. Әуелде қазақта тарих жоқ, "Темірқазықтың" ұстанған бағыты теріс деді. Оған болмай бара жатқан соң, тарихқа құмарлықтың астарын ашты. Бір кісі, бір журнал емес, тұтас бір топ, қатерлі, қауіпті, құпия ұйым. Мемлекеттің іргесін шайқалтпақ, заңды өкіметті биліктен тайдырып, демократиялық республиканы монархия жолына түсіріп, легитимді президентті құлатып, Шыңғыс хан әулеті, төре тұқымынан жаңа хан сайламақ екенсіңдер. Ал, керек болса. Сорақы ма? Сорақы. Дөрекі ме? Дөрекі. Сасығы егемен еліңіздің ең қиыр түкпіріне дейін жеткен арам. Бірақ сендер ойлағандай ақымақ, есалаң емес. 37-жылдың кәнігі жендеттері. Өз сөздеріне өздері сенеді дейсің бе? Сенім емес, тәсіл. Советтің сүтін емген, КГБ-ның рухын таныған. Тек не керек, кеш туып қалған. Бірақ ойға алған мақсаттарына түгел жетті. Әуелгі есеп те сол болатын.

– Жарайды, қазақ рухын көтеріп отырған жалғыз журналды жапты, өткендегі қазақ тарихын толайымен теріске шығарды. Күшті екен, мықты екен, сөздері жүріп тұр екен. Сонда, осыншама құдіретті кісілердің мені тапап тастауы тіпті оңай емес пе. Мені емес, сен құмартып отырған еңбекті.

– Сен түзелмессің, – деді Марат зілсіз кейіп. – Қалай ұқпайсың. Оларға керегі – тарих емес, ұлттық рух емес, яғни... тарихың, мәдениетің, рухың тұрыпты, қазағыңның өзінің көк тиынға керегі жоқ... Бар-жоғы бір қисап. Есеп, есеп дедім ғой, және тәсіл. Қажетіне, сәтімен қолданды. Нысанаға алған журналын құлатты, қарсы келгенді мұқатты, бөтен ойы барларды түгел ықтырып қойды, өздерінің құдіретін әйгіледі. Мұқият ойластырылған кампания сәтімен аяқталды. Енді бұл тарапта шаруасы болмайды. Сенің тарихыңды, ұлттық рух, мәдениетіңді айтамын. Немесе, керісінше. Арада жыл өтеді, жыл емес, ай өтеді, басқа емес, сол кісілер – Алдабек Қаражұманов бастаған он бес академик, Мүштар Мақанов бастаған жиырма сегіз депутат – жиыны елге танымал қырық бірдеңе қайраткер тізе қоса, өре түрегеліп, ойбай, қазақтың бай тарихы қайда қалды, Шыңғыс хан да біздікі, Алтын Орда да біздікі, егемен еліміздегі тәуелсіз, азат халқымыз өздерінің ата-бабасының өткен даңқты жолын танып-білуі керек, қаулы қабылдансын, ақша бөлінсін, жұмыс жасалсын деген ұран көтерсе несі бар. Атақтары шығады, абыройға бөленеді.

– Сонда... жұрт не айтады? Көрді емес пе, кеше ғана?



– Ол – кеше. Ал мынау – бүгін. Кешегі теріс, яки оң бағдар алдыңғы күні ұмытылған. Енді жаңа ұсыныс, жаңа қадам. Барлық халық өзінің көсеміне лайық дейді. Жалғыз қазақ емес. Бүкіл совет халқы. Ескіше айтқанда, партия мен үкімет, яғни билеуші қауым, үстем тап қалай тартса да құба-құп. Кеше алай деп шулады. Бүгін керісінше, былай деп дүркірейді. Кеше – кешегіше дұрыс еді, бүгін – бүгінгіше дұрыс дейді. Сен небәрі екі-үш жылға созылған мәнсіз дамай туралы айтасың. Өткендегі жетпіс жылдық, ұзақ дәуірге бүгінгі тұрғыдан қарашы. Сталин данышпан деді – данышпан. Оңбаған деді – оңбаған. Хрущев жақсы деді – жақсы. Жаман деді – жаман. Совет өкіметі керемет деді – керемет, бастаушымыз компартиямен қоса. Бір-ақ күн, жарым сағатта сұмпайы, зұлым болып шықты. Онымен салыстырғанда өмірлік емес әлдебір мәселе төңірегіндегі дау-дамай, баспасөз бетіне шыққан өтірік пен өсек деген немене. Өзгелер түгілі, өздері де ұмытты. Сен ғана, мән беріп, таусылып, тарынып отырған. Әрине, біз кітабымызды жазып бітіріп, баспадан шығарғанша, жағдай ғана емес, кісі – бәрі де өзгереді деп, қол қусырып, қарап отырмаймыз. Кітап қарсаңында – дайындық жұмыстары. Жолды тазартып, пәле-жаланың алдын алу тарабындағы. Кітап шыққан соң – нақты, пәрменді әрекет. Яғни әуелі бұра тартатын қисық ауыздарды жабамыз, содан соң ашық арандарды тығындаймыз. Бірін алдаусыратып, бірін жемдеп дегендей. Тұсаукесер – мол дастарқан, тілектес сөздер. Соған жалғас нақты хабарлар. Хабарға ілескен мадақ, марапат мақалалар. Қажет тапсақ, Мүштар Мақановтың өзі тұсаукесерге келеді, әлгі Қаражұмановтың өзі көлдей мақала жазып береді. Қалған сүмелектер туралы сөз де жоқ. Бар екен деген лақап, жомарт екен, кең екен деген дабыра құлақтарына тисе бітті – өздері іздеп табады, буыңа мастанып, ығыңа жығылып, алмаса да алғыс айтып, бермесең де берекеңді асырып, қолпаштап көтереді де әкетеді. Бір бастап жіберсең – бітті. Қалған қауым дақпырт соңында. Неге, не үшін екенін өздері де білмейді, Мәкең – ғаламат, Мәкең ғажайып, ұлыстың құты, ұлттың тұлғасы, көк аспанды көтеріп тұрған да сол, қара жерді тіреп тұрған да сол, менің бүгінгі тіршілігім де, ертеңгі болашағым да соның арқасы деп, далбақтап шаба береді. Күмәнің болмасын. Кешегі жартыкеш Жиғанның тарихын есіңе ал. Бұрынғы-соңғы қазақта одан асқан кім бар еді – парламенттен таңертең кетті, түстен кейін ұмытылды. Сондай адам болмағандай. Айтып сендіре алмайсың. Енді, бүгінгі көсемің – можантопай Мақанов. Бар тарих содан басталатындай. Дәуірлеп тұр. Келесі сайлауда, қара да тұр, өтпей қалады. Содан соң, күні кеше ғана Мүштар Мақанов дегенге табынып едің деп ешкімді де мойындата алмайсың. Өй, оны қойшы, солай еді ғой, бұлай еді ғой дейді. Есіне түскендері. Әйтпесе, ол кім деп, өзіңнен қайыра сұрауы мүмкін. Міне, өмірдің заңы... емес, бүгінгі қазақтың салты. "Қайран ел осыменен жүр далақтап" деген ғой Абай атаң баяғыда. Жаны ашып. Енді біздің жанымыз ашитын ештеңе де қалған жоқ. Қалыпты мінезді өз қажетімізге пайдаланғаннан басқа. Яғни, Жиғаннан соң Мүштар шықса, ол екеуіндей қайыршы кедей емес, мыңғырған бай, ол екеуіндей әумесір ақымақ емес, ақылды, парасатты, ол екеуіндей шаласауат надан емес, тарихқа терең бойлаған, экономиканың барлық қалтарыс-астарын таныған, жай ғана зиялы, мәдениетті азамат емес, аталы, текті тұқымнан шыққан Марат Қазыбеков неге тұлға болмасқа! Иә. Тұғырлы тұлға. Келесі көсем. Байқайсың ба, сенің құлдықтан қалжыраған, кеудесі басылып, мыйы ашыған сорлы жұртың жолбасшы көсем іздемей тұра алмайды екен. Жоқ, үкімет емес. Бұрын шарасыз қазақ бар қиындық, азабын құдайдан көретін. Енді құдайға сенбейді, барлық сор – жаман ба, жақсы ма, биліктің кінәсі деп біледі. Бірақ дәрменсіз жұрт, кедей, кембағал қауым әлдебір құдыретке сенуі керек, әлденендей сәулесіз үміт күтуі керек. Сондықтан да, кешегі коммунизм елесіне ұқсас, жаңа бір уағызға бейім жартыкеш Жиғандар мен можантопай Мүштарларды көтеріп шығарады. Мен әуелде айран-асыр болып таңырқасам да, кейін жирене, тыжырына отырып, кәміл таныдым. Әлгі сабаздардың атақ-даңқының сырын. Ой-өресі – жабайы тобыр деңгейінде, яғни, қайда барса да халықтың кісісі. Және сол халыққа не керегін біледі. Яғни, іс емес, сөз. Анда-санда парламент мінберінен, сатымсақ баспасөз бетінен "Елім-ау!.. Жұртым-ау!.." деп, өкіріп, өксіп қояды, күн аралатып, өздерінің жеке бастары үшін қауіп-қатерсіз кәкір-шүкір бірдеңелерді көйітеді, айталық, қант қалай қымбаттап кетті, наубайханалар неге майлы шелпек пісірмейді деген сияқты, және аса көрнекі, ірі, ешқашан орындалмас, бірақ ұнасымды жоба-жоспарлар ұсынады, мәселен, Бетпақ-Даланы суландыру, Арал теңізіне Атыраудан алып тоған тарту, қазақ тілін Біріккен Ұлттар ұйымы арқылы бүкіл әлемге тарату деген сияқты. Ал енді күмән келтіріп көр халықтың сондай қамқорына. Мен де дәп солардай танылуым керек. Бірақ уақытша, парламенттің бір сайлауына емес, біржола. Және жел сөз, алдамшы уәдемен емес. Өрелі сөз, нақты іспен. Тек бір жетіп алсам... Халықтың қалтқысыз қолдауына ие болсам... Бәрін орнына келтірем. Кедей-кепшікке қол ұшын беру өз алдына, сондай мархаматқа татымаса да, мына көрінгенге жағынып, өзеурей сабылып жүрген бүкіл өнерпаз, жазарман қауымға жеңілдік, жәрдем жасаймын. Шалғай ауылдарды көтерем, жастардың жұмыссыздық жағдайын жеңілдетем... – қойшы, толып жатыр. Әрине, осының бәрін жүзеге асыру үшін үлкен билік керек. Қатардағы парламент мүшесінен әлдеқайда жоғары. Сол, үлкен мансапқа жеткендердің менен ақылы артық дейдің бе, білігі артық дейсің бе. Өзің де байқап жүрген шығарсың, асып кеткен ештеңесі жоқ. Тек байлығы ғана артық болар. Әлгі мансап, қызметтің арқасында. Яғни, ол да орындалатын арман. Бұдан соң тіпті үлкен биікке қол созсам несі бар...

– Осының бәріне тарихшы-ғалым атанбай-ақ жете бермейсің бе, – дедім.

– Жетем, – деді. – Қайткенде жетем. Тағы да салыстырып қара мені билікте жүргендермен. Байлығынан басқасының бәрі кем. Айттым, білімім жоғары, екі тарапта бірдей. Кісілігім де, мінезім де артық. Жүйкем темір. Түр-тұлғам да келісті. Өмірлік тәжірибем де жан-жақты. Рас қой. Ең бастысы, менікі – шолақ есеп емес, ұзақтан тартылған нақты бағдарлама. Жаңағы, өкіметке енбесе де, билік төңірегіне жақын барған, тұрлаусыз болса да сөзі бар, ақылсыз болса да ебі бар, өзегі қуыс өкіреш екеу неге үлкен абыройға жетті, уақытша десең де? Кенеусіз кеңкелестік, бетсіз популизм өз алдына. Баз-базында ұлтқа ұнаған мәселелерді көтере білгендіктен. Маған керегі – баянсыз атақ, уақытша билік емес, байсалды атақ, түпкілікті, абыройлы билік. Ұлттың ұлы деген дақпырт керек. Тым құрса әуелгі кезеңде. Әуелгі сатыда. Одан соң... биік дегенде мен тым жоғары, ең үлкен биікті нұсқап отыр деп ойлама. Сен күнәлі боласың, мен кінәлі болам. Оған... қайда. Менің әзірге межелеп отырған ең үлкен биігім – министр емес, облыс әкімі. Бөтен аймақ емес, өзім бауыр басқан Оңтүстіктегі. Бас аман болса, одан арғысын тағы көре жатармыз... Ұқтың ба мені... бізді қандай игіліктер күтіп тұрғанын. Сенікі де жөн, жаңағы қалжыңнан басқасы, екі жүз елуді азырқанып, үш жүз елу сұрағаның. Миллион – теңге емес, доллар – миллион доллар болады кейін, мен бар мұратыма жеткенде. Ал әзірге... ойлап тұрсам, артығы жоқ – сен айтқан межеден асып, тура бес жүзге тоқтайық. Бес жүз мың доллар!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет