30
Сөйтіп мен де аяқ астынан ірі байлардың қатарына қосылдым. Қаражат жөнінен алғанда, әрине, дәп солай емес, күнкөрістік демейін, одан гөрі тәуірірек, біршама молшылық, барақат жағдайға жеттім деуге болар, одан артығының керегі де жоқ, менің байлығым, шектеусіз ұшан байлығым – рухани өмір тарабында. Яғни, бар мұратымды бөгеліссіз жүзеге асыруға мүмкіндігім бар. Тек өмір жетсін, денсаулық болсын. Бірақ өмірді ұзартатын денсаулық та ақшаға қатысты көрінеді. Мен сыңғыраған, бәлкім қаңыраған, қайткенде де сән-салтанатты кең сарайдағы өзгеше жағдайыма үйреніп үлгерместен, жаңа өтініш түскен. Шынын айтқанда, жарлық есепті. Алматының қақ ортасындағы, бұрын партноменклатура және атаулы игі-жақсылар ғана қаралатын элиталық емханада толық тексеруден өтуім керек. Өттім. Толық тексерді. Мұрнымның ұшынан бақайымның басына дейін. Жүйке, жүрегімнен – асқазан, ащы шек, тоқ шегіме дейін және одан да әрмен. Сансыз сырқат тапқан. Әзірше асқынбапты, бірақ алдын алу керек. Тиесілі қорытындысын байыптап үлгермедім, сыртымнан бақылап отырған көреген қамқоршым, сірә өзі емес, уақыты жоқ, мені меңгеруге бөлінген кісілері қажетті шаралар жасаған. Шет елдерге аттануым керек екен. Әуелі Израиль. Жүректі жөндейді, бауырды тазартады. Төрт аптада бәрін оңдап берді. Содан соң Чехия, Карловы Вары – асқазан мен бүйрек. Бір айда тас шайнап, у ұрттайтын жағдайға жеткізді. Қалған-құтқан ұсақ-түйек кеселдер – тозған жүйке мен босаған буын, сықырлаған мойын мен үзілген омыртқа жол-жөнекей, өзінен өзі қалыпқа түсті. Тіпті, қос самайды қуалай ағарған шашымның өзі көгілдір тартып, қоңырлана бастады. Екі айдан астам сейіл-серуеннен соң Алматыға оралғанда, ең жақын тамыр-таныстарымның өзі әрең танығандай екем.
Ауылда, сыңғыраған, меншікті үйімде бар игілік басымда тұрғаны өз алдына, кеуде көтеріңкі, көңіл орнықты. Мұндай жағдайда өндіре жұмыс жасамаудың өзі обал еді. Бел шешіп, білек сыбанып дегендей, өлермен сеніммен қаптал кірістім. Бұрын күнделікті жұмыста екі-үш сағаттан соң қожырай бастайтын едім. Енді ертеден кешке дейін отырсам шаршамаймын. Тіпті, күн озып, түн ортасына тақағанда тынысым жаңадан ашылғандай көрінеді. Ертеңгі шаруаны ойлап, ұйқыға амалсыз жатасың. Күш-қуатым ғана артқан жоқ, қарымым да өлшеусіз ұзарған. Мол ақшаның арқасында әр тараптан жинақталған жаңа әдебиет қана емес. Бұрын атын ғана естіген, сыртынан ғана көрген компьютердің құдыретімен. О тоба, совет өкіметінің құламауы мүмкін емес екен. КГБ ең аяғы қарапайым жазу мәшіңкесінің өзін есепке алып отырды ғой. Мәселен, біздің Зерттеу орталығындағы ескі екі мәшіңкенің таңбасын жарты жылда бір рет түсіріп әкетеді. Қанаттас ғылыми институттар, әр қадамы бағым, бақылау астындағы газет, журнал редакциялары мен кітап баспалары тұрыпты, саясаттан, әдебиет пен мәдениеттен алыс, әрқилы саладағы барлық мекеме, шаруашылық және өндіріс орындарында осылай. Яғни, қалаулы өкімет, сүйікті компартияға қарсы насихат, ұран, үнқағаздар тарай қалса, қолма-қол шығу тегін анықтау үшін. Және қия бассаң ұсталасың деген ескерту. Күнбұрынғы тосқауыл. Міне, осындай өзгеше сақтық және қамсыздану шаралары. Ал біз атын ғана естіген қарапайым көшіргіш ксероксқа мүлде тыйым салынған. Есептен тыс әлдебір жымысқыдан шыққан, советке қарсы бір жапырақ қағазды әп-сәтте жүз дана етіп көбейтпес үшін. Енді қараңыз. Манағы жабайы мәшіңке мен тілсіз ксерокс империялық құрылым үшін өзгеше қатер болғанда, жер-дүниеге жалғас компьютер іске қосылса... үнқағаз таратпай-ақ, жалпы жұрттың көзі ашылып, советің тұрыпты, бүкіл социалистік жүйе қақырай сөгіліп, коммунистік идеологияның іргетасы әп-сәтте талқан болуы анық қой. Сондықтан жол берілмеген. Компьютерге жол берілмеді – қырағы, сақ, көреген советтер шар тарапта тоқырауға ұшырап, соғыс өндірісінен басқа барлық салада әлемнің артында қалып, ешкім итеріп құлатпай-ақ, өзі қазған көрге өзі түсті. Сол компьютер, совет өкіметі қорыққан, менің аспиранттық кезеңімде, кибирнетикалық жаңа технология дами бастаған жылдарда, осының бәрі буржуазиялық мистика деп жарияланған, енді ең аяғы мектеп оқушылары тұрыпты, балабақша бүлдіршіндері ойыншық құралына айналдырған компьютерге қол жеткен соң менің өрісім де өлшеусіз өскен. Бүкіл әлем даналығы, өткен-кеткен барлық дерек, мағлұмат, осы екі сүйем қорапшаның ішінде тұр. Менің құлашты кеңге сермегенім сондай, бүкіл ғылым мен мәдениеттің кеніш көзі – орыс тілінің өзі таршылық ете бастады. Аспирантурада басқа болмаса да, кандидаттық минимум тапсыру қажетімен әжептәуір игерген, бұдан кейінде қажетке жегілмеген соң мүлде көмескі тартқан ағылшынды жетілдірдім. Яғни Батысқа жол аштым. Маған қажетті деректемелері мол шағатай тілін әуелден еркін игерген едім, біз үшін жабық болған, негізі ортақ түрік тілі оңайға түсті, нәтижесінде, түрік оқымыстыларының біздің өткенімізге тікелей қатысты түбегейлі еңбектері мен ескілікті түпнұсқа мұралар әрі түрік тіліне қотарылған ортағасырлық араб, парсы негізді бүкіл тарихнамаға иек артуға мүмкіндік туды. Және ең ұтымды ахуал – мен жағдайым оңалған соң, бар істе сабыр тауып, ендігі жұмысты атүсті емес, түбегейлі түрде, тереңнен қазып, кеңінен қамтып, пәлен жыл, пәлен ай деген меже қоймай, мейлінше тиянақты түрде жасай бастадым. Бір сөзбен айтқанда, ғұмыр бойы елесі де көрінбеген жаңа бір жайлауға жетіп едім.
Бұл кезде ғылыми ортада мен жасап жатқан жұмыстың мән-мағнасы да басқа бір сапаға көшкендей көрінді. Немесе маған деген көзқарас. Бұрынғыдай, "ойдан тарих жасаушы зерттеушісымақ" емеспін, тіпті, "мемлекеттік төңкеріс ниетіндегі террористік ұйымға" да ешқандай қатынасым жоқтай. Зерттеу орталығымыздың орынбасар төрағасы, баяғы Алдабек Қаражұмановтың райынан таныдым. Енді ол емес, мен бастық сияқтымын. Жылы жүзбен көрісіп, ізетпен амандасады. Біраз уақыт жақындап, сөйлесуге де батпай жүрді. Ақыры бір күні, жұмыс соңы, бөлімде оңаша отыр едім, жылмия кіріп, жалпоштана сөз бастады.
– Мұрат Бейсенович, – деген. – Сіз маған әлі күнге өкпелеп жүрген сияқтысыз. Сондай ыңғайсыз. Менің жасым кіші ғой, алдыңыздан өтсем деп едім. Қайткенде де бір мекемеде, бір бағытта жұмыс жасап жатырмыз, дүрдараз болып жүргеніміз келіспейді...
– Сіз бен біздің ешқандай араздығымыз жоқ, – дедім. – Тек бағыт-бағдарымыз қарама-қайшы.
– Ол енді... өзіңіз де білесіз, ғылымда сондай таластар болады. Талас арқылы шындық шешіледі дейді ғой ұлы орыс халқы.
– Орысқа күмәнім жоқ, ал сіздің таласыңыз... – талас емес, нақты тарихи деректерді, көпе-көрнеу шындықты теріске шығармақ болған қарақасқа надандық. Ал сіздің қандас және рухтас туысыңыз Мүштар Мақанов бастаған жиырма сегіз батырдың парламенттік мәлімдемесі – баяғы 37-жылдың жаңғырығы.
Қаражұманов бейкүнә кейіпте, қан-сөлсіз арық, ақсұр беті тыржиып, зорлана күлді.
– Менің бөлем тарихшы емес қой...
– Жалақор болу үшін тарихшы болу шарт емес, – дедім мен кілт кесіп. – Өткен әңгіме, несіне қоздырып тұрсыз?
– Қоздырған – мен емес, өзіңіз, – деді Қаражұманов тағы да жымиып. – Мен тек, бір Орталықта жұмыс жасап жүрген соң, бірлікте болайық деп. Ал анау кісілер... менің қанша қатысым бар... Өз пікірі, өздерінің саясаты...
– Ондай пікірі бар саясатшылар басқарып отырған ел шын бақытсыз, – дедім мен. – Ал бірлік... Анадағы айқайдан соң қандай бірлік болуы мүмкін? Болады, әуелгі райыңыздан қайтып, сол байбалам-баспасөз бетінде менен кешірім сұрасаңыз...
– Түріңіз момақан, бірақ тым кекшіл екенсіз, – деді Қаражұманов бұл жолы езуін жиып. – Өтті – кетті. Ұмытпайтын, соншама не бар. Сол кісілерден, әлгі... қол қойған он бес оқымыстыны айтам, дәл бүгін сұрап көріңізші, ешқайсының есінде жоқ. Қол қойды – бітті. Анау депутаттар да солай. Күніне қаншама қағазды мақұлдап, қостап жатыр, соның қайсы бірін беліне түйіп қалыпты!
– Дәлел айғағыңыз бұлтартпастай орынды, – дедім мен, ызалансам да еріксіз күліп. – Болды ма енді?
– Болды, – деді Қаражұманов. – Мен өз тарапымнан ғана емес. Төрағамыздың тапсырма-тілегі. Ол кісі... сол кездің өзінде ренжіген. Тіпті, менен құтылмақ та болған. Бірақ Мүкең араласқан соң... Сізге айтқаным ғой, сыр етіп. Содан, сіз... сіз шет елде, саяхат, сапарда жүрген кезде Мәкең де арнайы келіп кетті. Сіздің бауырыңызды айтам. Біздің төрағаға. Ешқандай тілек, өтініш жоқ. Керісінше, біздің Зерттеу орталығымызға қатарынан жеті компьютер сыйлады. Біреуі міне, сіздің бөлмеге қойылды. Демеуші атаулы осындай болсын. Бәріміз де ризамыз. Сіздің айтуыңыз шығар, десе де, бүгінгі байлардың өзі әрқилы ғой. Бұл кісі, сырттай естігенде экономист, нарық маманы деп білуші едік, сонымен қатар, кезінде сіз сияқты ғылыми тарих жолына да құлаш ұрған екен ғой; сол бетімен біржола кетпей, шаруашылық, бизнес саласына көшкені қандай жақсы болған, – деді тісінің арасынан ысылдай күліп. – Қай тарихшы... бізге осындай көмек жасай алар еді...
Қаражұмановтың жағдайы түсінікті. Құлдық психология. Ал төраға... әрине, менің туысыма риза болды. Маған зияны тимесе де, пайдасы кем әрі-сәрі көзқарасы түзеледі. Мен – жақсы кісі. Ал менің бауырым... Кенет жүрегім суып кетті. Бұл сұмырай мен үшін ғана келмеген болар. Әйтпесе, әуелгі мамандығын ескертіп несі бар. Жағалап жүріп, қайтадан тарихқа оралмақ. Оралғанда... дайын дүниеге тік қасық... Бүгінде келісе алмады, енді тым құрса соавтор...
Қаражұманов жылмия күліп, әлі сөйлеп тұр. Зауқым жоқ, естігем жоқ. Бір құлағымнан еніп, екінші құлағымнан өтіп, қабырғаға сіңіп жатыр. Әйтеуір сазарып отырған қалпымда басымды изей берсем керек. Сірә, мен реніш атаулыдан бас тартып, татуласқан сияқтымыз. Әйтеуір ақырында ризашылықпен қол алыстық. Қаражұмановтың ең соңғы, шығаберіс сәттегі:
– Мұрат-еке, бүгінде бүкіл еліміздің мақтанышы, қазақ зиялыларының рухани көсемі танылып отырған Мүштар Мақанов бауырыңыз сізге үш қайтара сәлем айтып, өзінің құрмет, ықыласын білдіріп жатыр, – деген сөздері ғана есте қалыпты.
Сол күннен бастап тынышым кетті. Менің етене бауырым, бауырдан да жақын жармағым маған бар жағдайды жасағанда... жеке өмірін қамсыздандыру үшін ғана емес, қайткенде де өзіне бұйыруға тиіс зерттеу жұмыстарын жеріне жеткізбек. Содан соң бір амалын табады. Немесе, жаңа бір шарғы ойласа керек... Бірақ менен сол қағаздан тыс тағы қандай кіріс бар? Басым қатты. Ұйқы бұзылды, тәбетім қашты. Бар жұмысым тоқтап тұр.
Арада үш күн өткенде компьютеріме электронды хат түскен:
"Ұмытып кетіппін, өзің жоқта Тарихты зерттеу орталығына кіріп шыққам. Сенің қамың үшін. Тасбауыр шіркін, төңірегің құрмет тұтса, күнің тыныш болса, ғұмырың да ұзара түспей ме. Неден сезіктеніп, неден бұзылып жүрсің? Мендегі, өзің айтқан бар кінәраттың бастауы сенде екен ғой. Маған сенің ғылыми жұмысыңның түкке де керегі жоқ. Амандық-саулығың ғана керек. Ешқандай қауіп ойлама. Өзің."
31
Қаражұманов менің ең жақын жанашырым болып алды. Және жандайшап хабаршым. Мен жұмысқа әдетте түстен кейін барам. Зерттеу орталығындағы ғылыми қауым көбіне таңертең келеді де, түске таман тарап кетеді. Менің тілегенім де осы оңашалық. Бір есептен, тіркеулі жұмыс орныңдағы кесімді міндет. Екіншіден, кеше, алдыңғы күні таңбаға түскен қолжазбаңды басқа бір жағдайда, тағы бір тексерістен өткізесің. Кейде кеш қалған әріптестермен кәкір-шүкір әңгіме. Яғни демалыс, тыныс есепті. Қаражұманов мен оңаша отырғанда келеді. Мысықша басып, итше ыржиып. Мен – қожайын, ол – қызметші тәрізді. Бұрын кердең, кекірт көрінетін. Бүгінгісі әншейін ғана басыбайлы мінез емес. Менің қамқор бауырым осы пәленің де аузын алып кеткен тәрізді. Қайткенде де бар, кет дей алмадым. Қажетті көз бен құлақ. Соңғы жаңалықтар және тақаудағы болжамдар. Зерттеу орталығындағы. Бүкіл Академиялық ғылым жүйесіндегі. Осы қала, бүкіл елдегі. Яғни берідегі күйбең, күбір тұрыпты, арыдағы үлкен оқиғалар. Мәселен, кім әкімшілікке барады, кім сенаторлыққа өтеді, кім министр болады. Кім кетеді, қайда кетеді, неге кетеді. Кім өседі, қайдан, қалай өседі. Кім кіммен құда, жекжат, кім кіммен дос-жар, одақтас, жемтіктес. Қандай клан, топтардың қандай мүмкіндігі бар. Кімдер кімді және нені басқарып, нұсқап, бағыттап отыр. Өзге тұрыпты, елбасының көңіл күйі, денсаулық жағдайы, алдағы жоспар, жобалары. Бәрін біледі. Білмесе де білгендей көрінеді. Еркіндікке шыққаннан бері күнделікті баспасөз бетіне ара-тұра ғана қарайтын, радио тыңдамайтын, теледидар көрмейтін мен үшін. Әйтеуір әлдеқандай облыс әкімдерін, әлдебір министрлерді дұрыс орналастырғаннан бері, өзіме қатыссыз болса да, қызық көріп, үнсіз, жауапсыз құлақ түрем. Әуелде бұл жабысқақ таскенеден қалай құтылам деп ойлаушы едім, көңіл көтеру, уақыт өткізу үшін жарамсақ пен өсекші де керек көрінеді. Пайдасы болмаса да, зияны жоқ. Сөйтсем, ермек қана емес екен. Бәрін алдынала біліп отыратын, сымсыз, электронсыз, өзгеше ақпарат көзі. Бір күні аптығып келді. Келе сала қолымды алып, қыса сілкілеп, езуі дымдана сөйлеп тұр.
– Жөн-ақ, жөн-ақ, қайырлы болсын! – дейді. – Біздің Мүкең де мақұл көріп отыр. Қолдаймын, сөз өтер, ауыз жетер жерге түгел айтамын деп. Оның өзінің жағдайына күмән жоқ қой. Енді, Мүкеңнен соң Мәкең өтпегенде кім өтпек. Отырады ертең екеуі де қасқайып, парламенттің төрінде!..
Сөз мәнісі түсінікті болды. Менің жармағым парламент сайлауына түсіп жатыр. Немесе түспек. Айтқанындай, отырады ертең, мына Қаражұманов пен мен екеуіміз сияқты бал жаласып, әлгі Мүкең, яғни қаса надан Мүштар Мақановпен қатар. Айтпақшы, Мүкеңнің өзінің қайта өтуіне қандай... қайтадан сайлауға түсуіне қандай себеп бар?..
– Сайлау... сайлаудың уақыты жеткен жоқ сияқты еді ғой. Жаңа парламентімізге екі-ақ жыл...
– Пәлі, ағасы! Бұл дүниеден мүлде хабарсыз екенсіз ғой. Ол – енді жаңа парламент емес, ескі парламент. Тарап кеткеніне айдан асты емес пе. Тарады, немесе таратылды. Әйтеуір әлденеден Үлкен кісіге жақпай қалса керек. Содан соң өздері, депутаттарыңыздың өздері бірінен соң бірі мәлімдеме жасап, мінберді бермей, реформаға, жаңалыққа бөгесін болып отырмыз, тараймыз да тараймыз деп... ақыры, таратылып тарады. Ақымақ қой. Тарағанын айтпаймын, тараудан бұрынғы, қиғаш, тіпті қарсы кеткен кейбір әрекеті. Ендігі парламент ақылдырақ болады.
– Таң қаларлық жағдай... – дедім мен тосын хабарға шынымен таңырқап.
– Таңданатын ештеңе де жоқ. Демократия дегеніңіз осы. Енді сол, көзімізді құртайық деп, мінберден арқыраған ағайындар, бұрынғыдан да көрнекті болу үшін түгелдей қайта түспек. Атасының басы. Көбі өтпей қалады. Әрине, біздің Мүкеңнің жағдайы басқаша. Жаңадан, бірінші рет талап етіп отырған Мәкеңе де күмән жоқ.
– Сайлаушылар... – дедім, аузыма басқа сөз түспей, – сайлаушылар шешпей ме бар мәселені?..
– Ойбүу, ағасы!.. – деді Қаражұманов бір замандағы қазақ қатындарынша, сол қолының сұқ саусағымен бетін басып. – Ғылымнан басқа ештеңеден хабары жоқ шын данышпан сіз ғана! – Лекіте күліп алды. – Біздің сайлау деген – сыртқы көзге ғана. Әйтпесе, бәрі жоғарыдан шешіледі. Өткен үлкен науқанда да солай болған... солай жоспарланған. Алғашқы тәжірибе ғой. Нәтижесінде кейбір жерде тиесілі нұсқау аяқасты қалып, көлденең бір кісілер өтіп кетіпті. "Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" дегендей, ақыры мынау. Енді бәрі тап-тұйнақтай болады. Жоғарыдан түскен тізім бойынша. Жетпіс жеті депутатыңыз түгел. Өткендегі қате қайталанбайды. Бірақ енді, шынын айтсақ, Мәкеңнің жағдайы сәл-пәл күрделі. Төрт кісі түсіп отыр. Мәселе кісінің санында емес. Қалған үшеуі – жергілікті. Ал Мәкең енді... бөтен ғой. Жат жерлік.
– Жат жерлігі қалай! – дедім мен.
– Біздің облысқа Арқадан ауып келді емес пе? Арғын ғой!
Мен дымым бітіп, бақырайып отырып қалсам керек.
– Қорқатын ештеңе жоқ, – деді Қаражұманов мені жұбатып. – Арғын да қазақ. Оның үстіне, анық, үлкен тізімде болса керек... Өтеді, күмәніңіз болмасын.
– Сонда... – дедім, бауырымның "бөтендігі" туралы көкейде тұрған сауалды сыртқа шығарудың өзін ұят көріп, – Сонда... мәселен, сенің тізіміңе қарамастан, сайлаушылар түгел қарсы дауыс берсе...
– Біздің сайлаушы өкімет кімді қолдаса, соның жағында. Жақтамаса, сайлаушылар жақтамас, есеп комиссиясы жақтайды. Әуелгі кесім анық болса, соған орай шешім де анық...
– Түсінікті, – дедім мен. – Әйтсе де...
– Қайтсе де күмәнсіз, – деді Қаражұманов келтесінен түйіп.
32
Араға апта толмай, өткендегідей тым көтеріңкі емес, салбырамаса да, салыққан кейіпте келді. Дүниенің ауыр салмағы бір басында тұрғандай.
– Осы біздің өкіметіміз қызық, – деді. – Демократия деп даурығады, өздері бастап бұзады. Халықтың қалауы деген қайда. Міне, Мәркент сайлау округінде де мәселе ушыға бастаған сияқты. Күмәнсіз лидер – Мәкең еді ғой – Марат Қазыбеков. Әлі де алда. Бірақ жер астынан жік шығып... бір орыс – ескі партия қайраткерін тауып алыпты. Бұрын обкомның екінші хатшысы болған, соңғы қызметі – облыс әкімнің орынбасары. Сидоров, Петр Иванович. Сірә, әкімшіліктегі шаруасын түгендеп біткен, енді бар байлығын бекіту және ентігін басу үшін оза шауып, жұмысы жоқ, жаны тыныш жерде шалжиып отырмақ. Оның үстіне, сорға қарай, жалғыз орысқа қарсы – төрт қазақ...
– Қалайша... сор болады? – дедім мен таң қалып.
– Тағы бір орыс, тым құрса өзбек тауып алу керек еді, – деді Қаражұманов шынымен күйініп. – Жігіттер білмейді ғой істің мәнісін...
– Не мәніс? – деппін сол аңырған қалпымда. – Жалғыз орыс төрт қазақты...
– Кілтипан сонда болып тұр ғой, – деді Қаражұманов енді маған таңырқай қарап. – Тіпті, ешқандай тізімсіз-ақ... Дауысқа түскенде азғана орыс түгелдей туысын жақтайды. Бір деп қойыңыз. Ұзын саны әжептәуір өзбек, олар да... қазаққа қарсы дауыс береді, яғни орысқа. Екі деп қойыңыз. Үшіншіден – қалған, бүкіл электораттың жетпіс пайызын құрайтын қазақтың дауысы жаңағы төртеуге теңдей бөлінгенде... он бес пе, жиырма ма? Асса отыз ғана тиеді қазаққа. Орысың орғи секіріп өтті дей бер.
– Есеп комиссиясы не бітіреді? – деппін, қаным қызып, манағы өзім теріс көрген жаман талды қарманып.
– Есеп комиссиясы? Жетпесе, жеткізіп жібереді. Сол үшін отыр. Жоғарыдан түскен нұсқау. Әрі бізде ұлтаралық татулық сақталуы керек...
– Қазақтың есебінен... – дедім мен.
– Онсыз да есебіміз түгел емес пе, – деді Қаражұманов. – Шылғи қазақ отырған жерден орыс өтсе, бұл – біздегі ұлтаралық татулықтың айқын мысалы болар еді дейді біздің Мүкең. Ал Мәкең... әлі белгісіз нәрсе. Оның үстіне, Сидоровтың босаған орнына барады деген қауесет шықты. Анығы да сол болар. Тіпті жақсы емес пе. Нағыз майлы шелпек. – Қаражұманов қарқылдап тұрып күлді. Өзімсіне арқаға қақты мені.
Бірақ мен күле алмадым. Туысым үшін бе, туғандарын кері тартқан қазақ үшін бе, соншама жайсыз күйге түсіппін.
33
Қазақ тілді, орыс тілді баспасөзді жіті қадағалауға көштім. Басқа емес, алдағы парламент сайлауы. Жармағыма қатысты жағдайды біліп тұру үшін ғана емес, жаңа елдегі жаңа сайлаудың мән-мағнасын аңдап, өткен тарихқа жалғас келешек күннің сұлбасын тану үшін. Үміткерлердің ұстанған платформалары керемет. Кім сайланса да, аталы ел мүлде түрленіп, бүкіл әлемнің алдына шығатын сияқты. Қасқыр да тоқ, қой да аман, бай мен кедейдің, халық пен биліктің айырымы жоқ, бәрі де жалпақ жұрт үшін. Біреу иен түкпірдегі ауылдарға даңғыл жол тартпақ, біреу өткелсіз өзенге берік көпір салмақ. Зейнеткерлер қақысын үш есе өсіріп, баспанасыз жұртты түгел үймен қамтамасыз етпек. Енді біреулер мұғалімдердің жағдайын көтермек, екіншілері дәрігерлердің жалақысын арттырмақ. Ауылдағы жұмыссыздықты жойып, қаладағы пәтер ақысын кемітпек. Айтпақшы, біздің ауданнан түскен депутат, әзірше депутаттыққа кандидат, баяғы атомдық сынақтар кезінде мың жылға уланған, тіршілік үшін жарамсыз ғана емес, қатерлі болып қалған, Еуропаның орташа бір мемлекеті еркін сиярдай кеңбайтақ жерді түгел дезактивация жасаймын, термоядролық жарылыс зардабынан біржола тазартып, бұдан қырық жыл бұрын көшкен елді ежелгі мекеніне қайта қондырам деген уәде беріпті. Ал өзіміз тұрған Алматыдан түскен бір үміткер, әлде инженер, әлде кәсіпкер, әйтеуір есебі түгел, ақыл-есі артық қара қазақ, егер мен депутат болып сайлана қалсам, православ христиандарға баяғы патша заманында салынған, қазір музей ғимараты болып тұрған Орталық шіркеуді қайтарып әперем, онымен тоқтамаймын, қаланың жаңа, әсем құрылысты, халқы мол бір аймағында одан да үлкен шіркеу саламын, онымен де шектелмей, жаратқанның ықыласы түскен таңдама халық, бүкіл Таяу Шығысты тепкіге көндіріп, Американың өзін ырқына жүргізіп отырса да, біз тарапта әлі де қысым, қағажу көріп келе жатқан ұлы жойыт халқының аз да болса мәз туысқан өкілдеріне сәулетті синагога тұрғызып берем депті. Иә. Қайсы бірін санап бітерсің. Айтылмаған уәде, орнатылмаған ұжмақ қалмапты. Тек ағашқа тоқаш өсірем, суды сүтке айналдырам деген серт қана болмапты. Содан соң, иә, ғылым мен мәдениет жоқ. Ешкім ауызға алмаған. Құлап, құрдымға кеткен саланы қайта көтеру мүмкін емесін ең өршіл үміткерлердің өзі мойындап отырғандай. Шынында да, дәл қазір біздің елде өзіңе ғана тән тарихың мен әдебиетің тұрыпты, жалпы адамзатқа ортақ, тіпті, күнделікті тіршілік үшін қажетті химия, физика, математика, ең аяғы медицина деген тәрізді ғылымдар кімге керек. Онсыз да арам тамақ, ауыр салмақ, азғана жалақымен болса да мемлекет мойнында отырған зиялы қауымнан не пайда. Хош. Жетіскен, жеткен жеріміз осы екен. Және біткен жеріміз. Әуелде өз туысымның жағдайын саралаудан басталған әуестік осындай теріс қорытынды, үмітсіз түңіліске бастап әкелген.
Туыс демекші, біздің Мәкеңнің сайлау бағдарламасы басқа жұртпен салыстырғанда тым жұпыны көрінген. Бірақ қисынсыз лепірме, түпсіз өтірік емес, нақты, өтімді, орындалуға мүмкін жағдаяттар. Мәселен, басқа үміткерлер сияқты біздің жармақ та өзі түсіп отырған аудан халқының әл-ауқатын арттырмақ. Қалай арттырмағы көрнекі айтылған. Жұртшылық үшін жаңа табыс көзі – қосымша жұмыс орындары ғана емес, өнімді, түсімді, бар қажеті өзінен табылатын жергілікті тері зауыты, ет, сүт тағамдары комбинаты, арзанқолды бірнеше қоғамдық асхана ашылмақ. Яғни жұртты да жарылқайды, өзінің бизнесін де көтереді. Қарымтасыз іс-шаралар де ұмыт қалмапты. Екі мектеп салады. Бірі – қазақша-орысша, бірі қазақша және ағылшынша. Бұл мектепке жаңадан тартылған мамандардың әуелгі үш жылғы бар шығынын, тұрғын үй-жайымен қоса, өзі көтеріп алмақ. Оқып отырып, ой, жөн-ақ, жарайсың деп риза болмасқа әддің жоқ. Сенің.
Ал халқың... Мәкеңді және басқаларды таразылап, дауыс беруші халқың хош көре қоймапты. Хош көрсе де түгел емес. Ақыры, білгір Қаражұманов айтқандай, орыс пен өзбектің отыз екі пайыз дауысын Сидоров алды. Қалған қазақ төртке бөлінді. Теңдей емес, әрине. Біреуге азырақ, біреуге көбірек. Тәуір деген Мәкең – жиырма тоғыз. Қалғандары тіпті төмен. Қалай айтсаңыз да біз озған сияқтымыз. Қазыбеков Сидоровпен қабаттасып, сайлаудың екінші сатысына жіберілді. Бір айдан соң өтпек қосымша сайлауда күмән жоқ сияқты көрінген. Өзінікі бар, өзгенікі бар, сыртта қалған алпыс, жетпіс пайыз түгелдей Мәкеңе тиесілі болуға керек еді. Бірақ бәрі басқаша шықты. Әлде жарлықты нұсқау ма, әлде шынымен-ақ солай ма, алпыс пайызды Сидоров алды. Нақтылап айтқанда, тура алпыс екі. Дау-дамайсыз, айқын басымдық. Сөйтіп, Арқадан ауған арғыннан Орынбордан өкіреңдеп келген орыстың бағы асты. Марат Бейсенұлы Қазыбеков өтпей қалды.
34
Мен қапаланып, қайғырмасам да, әжептәуір күйзелген сияқтымын. Тұтас бір апта үйреншікті жұмыстан қол үздім. Демалыс емес, ес жию үшін. Ал Мәкең... сайлау өте сала ұсынылған үлкен қызмет – облыс әкімінің орынбасары деген, білгір Қаражұмановтың сөзімен айтқанда, нағыз майлы шелпектен бас тартыпты. Араға жүрген өкілге: "Ықылас-пейіліңізге рақмет. Бірақ мен "Әжетханалар қауымдастығы" деп аталса да, тек бірінші басшының орнына ғана барам," – десе керек. Онымен тоқтамаған. Облыстық және республикалық баспасөз бетінде арнайы мәлімдеме жасайды. Мүлде басқа сарын, басқа мазмұндағы. Әуелі өзімен бәсекеге түскен Петр Иванович Сидоровты құттықтапты. Сайлау әділ өткен көрінеді. Елімізде берік орнап келе жатқан демократиялық үрдістің жарқын көрінісі. Парламентке өтпегенмен, өзін де үлкен жеңіске жеттім деп ойлайды. Отыз сегіз пайыз деген – аса қомақты көрсеткіш, есептеп келгенде, пәленбай мың адам. Бәріне де рақмет. Қарсы дауыс берген ағайындарға және өкпе жоқ. Кімді таңдау – әркімнің өз еркінде. Сайлаушылардың көзімен қарағанда жетіспей жатқан жақтарым болса, оның бәрі алдағы өмірде ескеріледі. Мен халқыма жасаған қызметімді одан әрі жалғастыра берем депті. Соның айқын бір көрінісі – кешегі, сайлауалды бағдарламасынан бас тартпайды. Қолында нақты тегершік болмағандықтан, түгелімен жүзеге асыра алмас, бірақ өзіме тікелей қатысты уәденің бәрінің үддесінен шығам депті. Бәлкім, артығымен. Кейбір, сайлау науқаны кезінде жүктелген аманаттармен қоса.
Ырғатылып отырмай, қолма-қол нақты іске кірісті. Қалай айтсаңыз да оза шапқан Сидоров депутаттық мандатын қолына алған күні, өзі өтпей қалған сайлау округінің ұйтқысы, аудан орталығы Мәркенттің азғана орыс отырған аймағында жаңа шіркеудің іргетасын қалаған. Қыс ортасында басталған шұғыл жұмыс жаз ортасынан аспай жеріне жетіп, бұрынғы, көзге қораш ескі шіркеудің келісті саябағында еңселі жаңа құрылыс бой көтерген. Яғни, уағдадан тыс жүзеге асқан шаруа. Айтылған сөз де ұмыт қалмапты. Сол жылы ерте көктемде өзбек ағайындар тығыз қоныстанған екі ауылда әрқайсысы сегіз жүз балалық екі мектептің құрылысы қатар басталған, және кезекті оқу жылының алғашқы күні бар шаруасы бітіп, есігін айқара ашқан. Бірі – өзбек-орыс мектебі, екіншісі – өзбек-ағылшын мектебі. Қазақ та құр қалған жоқ. Аудан түгілі, облыста жоқ, шағын тері зауыты іске қосылды. Ет комбинаты ашылды. Сүт комбинаты мен арзан асханалар ғана кейінге қалған.
Міне, біздің Мәкең өстіп, қазаққа ишара ғана жасап, оның есесіне орыс пен өзбектің көңілін тауып жатқан кезде өзін өткізген сайлаушыларға ат ізін салмаған, және бар уәдесін ұмытқан Сидоров Петр Ивановичтің арты қозғалған. Яғни, облыс әкімнің орынбасары болып отырған кезіндегі қылмысты істер. Асап жеген, ала берген, ананы қарпып, мынаны жалмап, бәрін бүлдірген, құртқан. Және басқалардай емес, бүркемесіз һәм қисынсыз жасаған. Тіпті, тікелей бастығын аттап кете береді екен. Жергілікті өлшеммен алғанның өзінде жеміт шықты. Сол, тұрғылықты тергеу орындарынан бастап көтерілген, облыс әкімі дем берген қылмысты іс ұлғая келе, мүлде ушықты. Көлденең жұрт жегені үшін емес, кезінде бөліс жайын ұмытқаннан, әйтпесе, оны астар қылмайтын алыптар да бар десіп жүрді. Бірақ кім туралы не айтылмайды. Негізгі себеп – сол Сидоров облысқа, енді бірінші ретінде оралмақ екен деп те соқты. Анасы да рас, мынасы да ықтимал деген, маған тиесілі ақпарын жеткізген Қаражұманов. Тым асып кетіп еді, ендігі жағдайы ауыр. Бірақ бұқаралық баспасөзден өтіп, елдің Бас прокурорының алдына жеткен мәселе жүзеге асуы үшін... күдікті қайраткерді ең алдымен ғұзырлы депутаттық мандаттан айыру керек. Бұрын біздің тәжірибеде болмаған жағдай. Және бір басталып кетсе, әдетке айналуы тағы мүмкін. Мәселе көтерілсе де, күн тәртібіне қойылмады. Қойылған күннің өзінде ақыры күмәнді болатын. Бұл екі ортада Сидоров та қарап отырмаған. Тура Ресейге, анау-мынау емес, әлі де аты айбарлы Мәскеуге тартқан. Кейбірі совет заманынан жалғас, енді бірі осы тараптан кеткен, билікке жақын, немесе сол биліктің бел ортасында отырған ағайыннан араша сұрап. Мәлімдемесі мен сұхбаты қатар жетті. Қазақстанға қаншама жыл еңбегі сіңген. Кеше сайлауда жалпы жұрт қолдаған. Енді сол науқанда жеңіліп қалған ұлтшылдар көтеріп отырған, ойдан құралған, қисынсыз жала. Яғни, орыс болғандығы үшін жапа шекпек. Әрине, жоғарыдан қолдау бар, енді төменнен тіреу табады. Сидоров мәселесіне жалғас орыс мәселесі көтеріліп, оған республикадағы Орыс қауымдастығы үн қосып, мұндағы екі тілдегі ресми баспасөз ақталып, әйтеуір төтенше ырың-жырың амандық, тыныштықпен тынды. Сидоров үшін ғана емес, оны орынсыз қудаламақ болған біздің ағайындар үшін де. Ақыры құлан-таза шыққан, тарихи отандағы абыройы көтерілген Петр Иванович Қиыр Шығыс, Қытаймен шектес өңірдегі шағын, бірақ шұғыл өркендеп келе жатқан бір өндірісті қалаға әкім болып бекиді. Нәтижесінде Қазақстан азаматтығымен қатар, өзіне енді мүлде керек болмай қалған депутаттық мандаттан да бас тартады.
Сөйтіп, арада он екі ай өтпей, босап қалған депутаттық орынға жаңа сайлау жарияланды. Тағы да бес кісі шар салған. Өткеннен айырмасы – түгел қазақ. Біреуі, әрине, біздің Марат. Бұл жолғы дауыс та беске бөлінген. Өткендегідей аумалы емес, тепе-теңге жуық. Мараттікі сәл басымдау – төрттің бірінен азғана артық – он тоғыз пайыз. Қазақтар берген дауыс. Бұған бұрын Сидоровқа тиесілі болған орыс пен өзбектің отыз екі ұпайын қосыңыз. Тура елу бір болып шықты. Елу бір пайыз – алғашқы турдың өзінде толық жеңіске жетті деген сөз! Рас, тағы да күңкіл шыққан. Елу бір емес. Он-ақ пайыз. Асса. Оның өзі жақын қайын жұрт, алыс-беріс сыбайластар деген. Бірақ соған қосымша өзбек пен орыстың отыз екісіне ешкім де дау айта алмаған. Нәтижесінде қалған төртеуден бәрібір көп алып тұр. Яғни, бұл жолы жоғарыдан анық түскен жарлық-нұсқау бойынша көтеріңкіреп жібергеннің өзінде алға шығады. Сондықтан есеп-сайлау комиссиясының жетпіс-сексен емес, тіпті, алпыс та емес, иман-таразы елу бір пайызына күмән келтірудің өзі ұят еді.
Достарыңызбен бөлісу: |