Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы


-1. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бөлу тәртібі



бет16/46
Дата09.07.2016
өлшемі3.18 Mb.
#188192
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   46

47-1. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бөлу тәртібі
      Ескерту. 9-бөлім 47-1-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 392 қаулысымен (01.01.2013 бастап қолданысқа енгізіледі).
      396-1. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша бюджет кірістерін орындау есепті кезеңге бекітілген жоспарлы көрсеткіштерден артқан жағдай туындаған кезде, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылына әлеуметтік-экономикалық даму өлшемдерін жақсартуды болжамдаған жағдайда бекітілген бюджеттік бағдарламаларға қосымша бөлінеді.
      396-2. Мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша және кейіннен, ағымдағы қаржы жылының аяғына дейін тоқсан сайынғы негізде есептік статистикалық деректер негізінде өткізілген ағымдағы жылға арналған болжамды макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуді тоқсан сайынғы бағалауды есепке ала отырып, ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет кірістері түсімдерінің болжамын айқындайды.
      Ескерту. 396-2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      396-3. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша және кейіннен ағымдағы қаржы жылының аяғына дейін тоқсан сайынғы негізде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға:
      1) ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет кірісінің атқарылуын бағалауды;
      2) республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің атқарылуы туралы және облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы ағымдағы трансферттерді, нысаналы даму трансферттері мен кредиттерді іске асыру туралы талдамалы есепті;
      3) аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде ашылған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарындағы бұрын алынған қаражат бойынша бюджет қаражатының қалдықтары туралы ақпаратты ұсынады.
      Ескерту. 396-3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      396-4. Осы Ереженің 396-2 және 396-3-тармақтарында көрсетілген ақпарат негізінде мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкілетті орган бюджеттік бағдарламалар және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде бекітілген бюджеттік бағдарламаларға қосымша бөлуге жататын тоқсан сайын шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың жалпы көлемін тоқсан сайын айқындайды.
      Ескерту. 396-4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      396-5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітілген бюджеттік бағдарламаларға шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды қосымша бөлу туралы шешімді қабылдаған кезде Бюджет кодексінің 41-1-бабында көзделген критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан:
      1) республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен және жергілікті атқарушы органдармен есепті кезеңде бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы талдамалы есептің деректері негізінде бюджет қаражатын игеру. Бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуына талдау жүргізу кезінде міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарына сәйкес бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданған міндеттемелердің толықтығы мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес қабылданған міндеттемелердің орындалуы ескеріледі;
      2) бекітілген бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданған міндеттемелердің аяқталу мерзімдері. Бұл ретте міндеттемелері аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде тіркелген бұрын басталған және жалғастырылып жатқан объектілердің ағымдағы қаржы жылының аяғына дейінгі жобаларының (іс-шараларының) іске асырылуының аяқталу мерзімдері ескеріледі;
      3) әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге бағытталған іс-шаралар (жобалар) үшін шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың әлеуметтік бағыттылығын талдауды жүзеге асырады.
      Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тізбесіне енгізілген, бірақ олар бойынша ағымдағы қаржы жылында бюджеттік қаражат жоспарланбай, жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші қаржы жылдарында базалық шығыстарда көзделген бюджеттік бағдарламалар шығыстардың әлеуметтік бағыттылығының критерийлерін және/немесе ағымдағы қаржы жылында бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданған міндеттемелердің аяқталу мерзімдерін сақтай отырып, қаржыландырылатын болады.
      Мынадай:
      1) есепті кезеңге міндеттемелер қабылданбаған;
      2) бұрын алынған қаражат бойынша аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде ашылған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарында есепті күнге бюджет қаражатының қалдықтары бар заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бөлу жүргізілмейді.
      Ескерту. 396-5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      396-6. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізілген талдау негізінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және бюджеттік бағдарламалар бөлінісінде шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бөлу бойынша қорытындыны қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарады.
      Ескерту. 396-6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      396-7. Республикалық бюджет туралы заңды іске асыру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тізбесінде көзделгеннен аз көлемде қаражат бөлінген шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың есебінен қаржы бөлінген республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар бойынша ұсыныстарға нақтыланған есеп айырысуларды ұсынады.
      Ескерту. 396-7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      396-8. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бөлу туралы Республикалық бюджет комиссиясының шешімі негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың есебінен ағымдағы қаржы жылына тиісті бюджеттік бағдарламалардың жылдық жоспарлық мақсаттарын ұлғайту бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын дайындайды және белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
      Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде осы Қағидалардың 5-тарауына сәйкес түсімдердің жиынтық жоспарына және міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді.
      Ескерту. 396-8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      396-9. Жекелеген бюджеттік инвестициялық жобалар және/немесе іс-шаралар қарқынды іске асырылған жағдайда республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бюджеттік инвестициялық жобалар мен өңірлер арасында осы Ереженің 59-1-тармағына сәйкес бекітілген бюджет шеңберінде бюджет қаражаттарын қайта бөлуге рұқсат етіледі.
      396-10. Тиісті бюджеттік бағдарламалар бойынша шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың есебінен қаражатты пайдалану осы Ереженің талаптарына, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларды іске асыруға қабылданған тиісті нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
48-тарау. "Өкілдік шығындар" бағдарламасы бойынша республикалық бюджетте көзделген қаражатты пайдалану тәртібі
      397. Өкілдік шығындар - тиісті қаржы жылына арналған және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне шетел делегацияларын қабылдауға, кеңестер, семинарлар, салтанатты және ресми іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің, республикалық бюджет есебінен ұсталатын, халықаралық байқау миссияларының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан қадағалаушы ретінде жіберілетін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалардың шетелге іссапарлары уақытында өкілдік мақсаттарға бөлінетін қаражат.
      Өкілдік шығындарға:
      1) Қазақстан Республикасына іс-шараларға қатысу үшін шақырылатын тұлғалардың өмір сүруіне және белгіленген пунктіне дейінгі көлік шығындарына ақы төлеуге;
      2) ресми түскі ас, кешкі ас, кофе-брейк, фуршеттерге;
      3) ресми қабылдауларды музыкалық сүйемелдеуге;
      4) сувенирлер, естелік сыйлықтар сатып алуға;
      5) автокөліктік қызмет көрсетуге;
      6) аудармашылардың қызметтеріне ақы төлеуге;
      7) залды жалға алуға;
      8) сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган рұқсат берген өзге де шығыстарға арналған шығындар жатады.
      Республикалық бюджет есебінен ұсталатын, халықаралық байқау миссияларының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан қадағалаушы ретінде жіберілетін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалардың өкілдік шығындарына:
      1)автокөліктік қызмет көрсету;
      2) аудармашылардың қызметтеріне ақы төлеу;
      3) автокөлік жүргізушінің және/немесе аудармашының қонақ үйде тұруына және тамақтануына, егер олар Қазақстан Республикасының атынан байқаушы ретінде байқау жүргізілетін жерде тұрақты тұрмаса, ақы төлеу;
      4) Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиялар жұмысының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне ұсынатын шот-фактуралары бойынша шығыстарға:
      әуежайдан қонақ үйге/қонақ үйден әуежайға трансферге;
      қала ішінде жол жүрулерге (байқаушыларды кездесу өтетін жерге/кері тасымалдау);
      ел ішіндегі сапарларға (байқаушы орналасқан жерге/жерден);
      байланысқа арналған шығыстарға (СИМ-карталар/ұялы телефондарды пайдалану);
      брифингке арналған шығыстарға (брифингтер, дебрифингтер өткізу, брифингке материалдар дайындау, кофе-брейктер) ақы төлеу жатады.
      Ескерту. 397-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы N 2124 Қаулысымен.
      398. Сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте өкілдік шығындарға көзделген қаражат көлемінен шыға отырып, өкілдік шығындарды талап ететін жылдық Іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - жоспар) жасайды.
      Бір жыл ішінде мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган болжамдалмаған іс-шаралар өткізудің саяси маңыздылығын және бөлінген қаражат көлемін ескере отырып Жоспарды түзете алады.
      399. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетте өкілдік шығындарға көзделген қаражатты бөлу туралы өтініштерін сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган мыналар болған жағдайда қарайды:
      1) іс-шаралар өткізу қажеттілігінің негізділігі;
      2) деңгейі мен форматы бойынша делегацияның келу бағдарламалары;
      3) іс-шаралар дайындау мен өткізудің жұмыс жоспары;
      4) іс-шараларға қатысушылардың нақты санын растайтын құжаттар;
      5) шығыстардың әрбір ерекшелігін негіздей отырып қаржыландыру жоспарлары;
      6) осы Ереженің 398-тармағына сәйкес жоспарда тиісті іс-шаралардың болуы кезінде.
      Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері өкілдік шығыстарды өтеуге қаражат бөлу туралы өтініш жасаған кезде нақты шығыстарды растайтын құжаттарды да (түбіртектер, шот-фактура, жөнелтпе құжат) ұсыну қажет.
      400. Осы Ереженің 397-тармағының 3), 4), 7) тармақшаларында көзделген өкілдік шығындар бойынша республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тауарлар мен қызметтер құнын, сондай-ақ көрсетілген тауарлар мен қызметтерді ұсынатын ұйымның деректемелерін көрсете отырып, заңнамада белгіленген тәртіптің сақталуын растайтын құжаттарды береді.
      401. Жоспардың және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өтініштері негізінде сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу және демаркациялауға Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін және тиісті бюджеттік бағдарламалар бойынша республикалық бюджетте сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органға көзделген қаражат есебінен қаржыландыру жүзеге асырылатын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты мәселелермен байланысты өкілдік шығындарды, қоспағанда, осы Ереженің 100-қосымшасына сәйкес өкілдік шығындардың нормаларына сәйкес республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне өкілдік шығындарға қаражат бөлуді жүзеге асырады.
      Өкілдік шығыстарға бөлінген ақша қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған немесе ішінара пайдаланылған жағдайда бюджеттік бағдарламаның әкімшісі сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органға Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына кейіннен өзгерістер енгізе отырып, өкілдік шығындарға қаражат бөлу туралы сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешіміне оның өзгерісті уақтылы енгізуі үшін өкілдік шығындарға бөлінген ақшаның пайдаланылмаған немесе ішінара пайдаланылған сомалары туралы мәліметті жібереді.
      Ескерту. 401-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.11.09 N 1789 Қаулысымен.
      402. Өкілдік шығындарға арналған қаражатты бөлу сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешімімен ресімделеді.
      Іс-шараларға қатысу үшін Қазақстан Республикасына шақырылатын тұлғалардың қонақ үйде тұруына және баратын пунктіне дейінгі көліктік шығындарына ақы төлеуге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шетелдік сапарлары кезіндегі өкілдік мақсаттарға қаражат бөлу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімімен ресімделетін халықаралық байқау миссияларының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасының атынан байқаушылар ретінде жіберілетін, республикалық бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына автокөліктік қызмет көрсетуге және аудармашылардың қызметтеріне ақы төлеуге қаражат бөлу жағдайларын қоспағанда, сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешімімен ресімделеді.
      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның өкілдік шығындарға қаражат бөлу туралы шешімдері жоспарланған іс-шаралар басталғанға дейін қабылданады.
      Егер объективтік себептерге байланысты ерекше жағдайларда сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешімін жоспарланған іс-шара басталғанға дейін қабылдау мүмкін болмағанда, белгіленген тәртіппен сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның өкілдік шығыстарды өтеу туралы шешімі қабылдана алады.
      403. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шешімі негізінде заңнамада белгіленген тәртіппен республикалық бюджетті қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді.
      404. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шетелдік сапарлары, сондай-ақ республикалық бюджет есебінен ұсталатын, халықаралық қадағалау миссиясының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан қадағалаушы ретінде жіберілетін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын жіберу кезінде өкілдік шығындарға қолма-қол шетел валютасын бөлу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      бөлінген қаражатты айырбастау үшін сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган Астана қаласының Қазынашылық департаментінде шетел валютасында шот ашады;
      ҚР ҰБ орталық филиалы Астана қаласы Қазынашылық департаментінің өтініші бойынша шетел валютасын айырбастауды жүргізеді және оны шетел валютасындағы шотқа есептейді;
      Астана қаласының Қазынашылық департаменті ҚР ҰБ-ның орталық филиалының үзіндісі негізінде сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның шетел валютасындағы шотына шетел валютасын есептеуді жүргізеді;
      ай сайын 10-күніне дейін сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган Астана қаласының Қазынашылық департаментіне келесі күнтізбелік айда тиісті айдағы жоспарлы тағайындалымдарға барабар сомада қолма-қол шетел валютасын алуға арналған өтінім жібереді;
      өкілдік шығындарға қаражат бөлу туралы қабылданған шешімнің негізінде сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган уәкілетті тұлғаны көрсете отырып, аумақтық қазынашылық бөлімшесіне қолма-қол шетел валютасын алуға арналған сенімхат береді. Аумақтық қазынашылық бөлімшесі уәкілетті тұлғаға Ұлттық Банктің Астана қаласындағы орталық филиалында қолма-қол шетел валютасын алу үшін 8-25 «Қолма-қол шетел валютасын алуға төлем тапсырмасы» мен 8-24 «Қолма-қол шетел валютасын алуға өтініш пен Сенімхат» нысандарын береді.
      Ескерту. 404-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      405. Сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті орган өкілдік шығындарға бөлінетін қаражаттың жұмсалуына бақылауды жүзеге асырады.
      406. Өкілдік шығындарға қаражат алған республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері сыртқы саяси қызмет саласындағы орталық уәкілетті органға тоқсан сайын көрсетілген қаражатты пайдаланғаны туралы есеп, ал өкілдік шығындарға қаражат алған тұлғалар іс-шараны өткізгеннен кейін 15 күнтізбелік күн ішінде - тиісті тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатқан ұйымның мөрімен расталған сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің құны мен көлемін көрсете отырып, растайтын құжаттарды (түбіртектерді, шот-фактураларды, жөнелтпе құжаттарды) беруі тиіс.
      Осы Ереженің 404-тармағында анықталған тәртіппен бөлінетін қаражат бойынша есеп беретін тұлға іс-шаралар жүргізілгеннен кейін 30 күнтізбелік күннің ішінде сыртқы экономикалық қызмет саласындағы орталық уәкілетті органның валюталық шотына пайдаланылмаған ақшаның сомасын қайтарады және оған гербтік мөрмен расталған Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының шетелдік сапарлары кезінде Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің Бастығы немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шетелдік сапарлары кезінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің шетелдік сапарлары кезінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы (Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жауапты хатшысының өкілеттігі белгіленген тәртіппен жүктелген лауазымды тұлға), Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы немесе ол өкілеттік берген тұлға республикалық бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларын халықаралық қадағалау миссиясының құрамында шет мемлекеттердегі сайлауларға Қазақстан Республикасынан қадағалаушы ретінде жіберу кезінде бекіткен өкілдік мақсаттарға арналған шығындар бойынша актіні, сондай-ақ қолма-қол қаражатты қайтару туралы түбіртекті және ҚР ҰБ орталық филиалының кіріс ордерін қайтарады.
      407. Өкілдік шығындарға бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуына жауапкершілік республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жүктеледі.
49-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану тәртібі
      408. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесу органы;
      көзделмеген шығындар - көзделмегендігіне байланысты ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған және ағымдағы қаржы жылында кезек күттірмей қаржыландыруды талап ететін шығындар;
      Қазақстан Республикасының ресми гуманитарлық көмегі - басқа мемлекеттердің аумағында әскери, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында Қазақстан Республикасы қайтарусыз көрсететін көмек.
      409. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдар резервінің қатаң нысаналы мақсаты бар әрі осы Ережеде және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтен ақша бөлу туралы шешімінде көзделмеген қажеттіліктерге пайдаланылмайды.
      410. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервінен ақша бөлу туралы шешімдерін дайындау мынадай:
      1) ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерде осы мақсаттарға ақша болмаған;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергілікті атқарушы органдар резервінің ақшасына қажеттілік ағымдағы қаржы жылында туындаса және оларға қажеттілік міндеттемелерді тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың жергілікті атқарушы органдардың соттардың шешімдері бойынша өтеу жағдайларын қоспағанда, бюджеттік бағдарлама әкімшісінің өткен міндеттемелеріне байланысты болмаған;
      3) Қазақстан Республикасының ресми гуманитарлық көмек көрсетуге арналған төтенше резервін пайдаланған жағдайда Комиссияның оң қорытындысы болған жағдайларда жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың тиісінше резервінен ақша бөлу туралы қолдаухатқа және жиынтық есеп айырысуларға тиісінше орталық атқарушы органның бірінші басшысының орынбасары немесе жергілікті атқарушы органның басшысы (ол уәкілеттік берген адам) қол қояды. Егер қолдаухат жергілікті атқарушы органдардың сұрауы бойынша берілсе, онда негіздемелер мен есеп айырысуларға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның басшысы немесе өзі уәкілеттік берген адам да қол қояды.
      Ескерту. 410-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.04.2013 № 392 (01.01.2013 бастап қолданысқа енгізіледі); 22.04.2014 N 385 қаулыларымен.
      411. Қаржы жылы iшiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органдардың резервiнен бөлiнген ақшаны пайдаланбаған немесе iшiнара пайдаланған жағдайда, бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның тиiстi резервiне жiберу жолымен бөлiнген ақшаның пайдаланылмаған бөлiгiн қайтаруды ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанына дейiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның тиiстi резервтен қаражат бөлу туралы қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе жергiлiктi атқарушы орган белгiленген тәртiппен әзiрленген және қабылданған негiзде қамтамасыз етедi. Тиiстi қаулы қабылданғаннан кейiн осы Ереженiң 5-тарауында айқындалатын тәртiппен тиiстi қаржыландыру жоспарларына өзгерiстер енгiзiледi.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыстың жергілікті атқарушы органының резервінен алынған ақшаны төмен тұрған бюджет ағымдағы қаржы жылының ішінде толық пайдаланбаған немесе ішінара пайдаланған кезде тиісті жергілікті атқарушы орган ол туралы қаражат бөлген жоғары тұрған бюджет әкімшісіне хабарлайды.
      Жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшісі тиісті резервтен қаражат бөлу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстың жергілікті атқарушы органының қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстың жергілікті атқарушы органының қаулысын белгіленген тәртіппен әзірлейді. Тиісті қаулы қабылданғаннан кейін осы Ереженің 5-тарауында айқындалған тәртіппен жоғары тұрған бюджеттің тиісті қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізіледі.
      Төмен тұрған бюджеттің бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органы тиісті резервтен қаражат бөлу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстың жергілікті атқарушы органының қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстың жергілікті атқарушы органының қаулысы қабылданғаннан кейін тиісті жергілікті бюджетті белгіленген тәртіппен түзетуді жүзеге асырады.
      Төмен тұрған бюджеттің бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органы жоғары тұрған бюджеттің резервінен алынған, толық пайдаланылмаған қаражатты жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің кассалық шығыстарын қалпына келтіру жолымен бюджетке түсетін түсімдер сыныптамасының тиісті кодынан қайтаруды жүзеге асырады.
      Ескерту. 411-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.26 № 352 Қаулысымен.
      411-1. Қаржы жылы ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың резервінен шетел валютасында бөлінген ақшаны пайдаланбаған немесе ішінара пайдаланған жағдайда бюджеттік бағдарлама әкімшісі шетел валютасында бөлінген пайдаланылмаған ақшаның бөлігін резервтен қаражаттың бастапқы жүргізілген шетел валютасын айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша қайтарылуын қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 49-тарау 411-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2010.07.03 N 688 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Қаулысымен.
      412. Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік, табиғи  және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізілген жағдайда, төтенше жағдайдың тиісті түрі саласындағы орталық уәкілетті орган заңнамаға сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға тиісті негіздемелері мен есеп айырысулары бар Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ақша бөлу туралы қолдаухатты ұсынады. Бұл ретте пайда болған әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай өңірлік немесе жаһандық ауқым алуға тиіс.
      Ескерту. 412-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.04.2014 N 385 қаулысымен.
      413. Жергiлiктi ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізілген жағдайда тиiстi жергiлiктi атқарушы органның резервiнен ақша бөлу туралы қолдаухаттарды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың бюджетті атқару жөніндегі уәкiлеттi органы қарайды.
      Ескерту. 413-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.11.2013 N 1227 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      414. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың, оларды оқшаулау және жою жөніндегі іс-шаралардың орын алғанын, төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізу қажеттілігін негіздейтін материалдарды, материалдық-техникалық, қаржылық және адами ресурстардың тиісті негіздемелері мен есептеулерін ұсыну тәртібі мен тізбесін төтенше жағдайдың тиісті түрі саласындағы уәкiлеттi орган анықтайды.
      Төтенше резервтен бұзылған объектілерді салуға немесе күрделі жөндеуге ақша бөлінген жағдайда құжаттармен қатар, сол сияқты құрылыс  жөніндегі уәкілетті органның оң қорытындысы беріледі.
      Ескерту. 414-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 14.11.2013 N 1227 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      415. Өңiрлiк және жаhандық ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізу қажет болған кезде төтенше жағдайдың тиісті түрі саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Yкіметіне әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және/немесе төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізуге ақша бөлу туралы шешiм жобасын енгiзедi.
      Ескерту. 415-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.11.2013 N 1227 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      416. Жергiлiктi ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізу қажет болған кезде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар ауданның және қаланың бюджетті атқару жөніндегі уәкiлеттi органы заңнамада белгiленген тәртiппен жергiлiктi атқарушы органға әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және/немесе төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізуге ақша бөлу туралы шешiмнің жобасын енгiзедi.
      Ескерту. 416-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.11.2013 N 1227 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      417. Төтенше резерв ақшасы Қазақстан Республикасының «Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» және «Төтенше жағдай туралы» заңдарында көзделген әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі iс-шараларға бағытталады.
      Ескерту. 417-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.11.2013 N 1227 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      418. Басқа мемлекеттердiң аумағындағы әлеуметтік, әскери, экологиялық, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында тиiстi орталық мемлекеттік орган Комиссия ұсынымдарының негiзiнде Қазақстан Республикасының ресми гуманитарлық көмек көрсетуіне арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі шешiмiнiң жобасын әзiрлейдi және заңнамада белгiленген тәртiппен оны Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгiзедi.
      Ескерту. 418-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.11.2013 N 1227 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      419. Қазақстан Республикасының ресми гуманитарлық көмегі ақшалай немесе тауар нысанында ұсынылады.
      420. Қазақстан Республикасы ресми ізгілік көмекті ақшалай нысанда көрсеткен жағдайда, ақша қаражатын аудару Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде алушы ел шот деректемелерін ресми ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.
      Ескерту. 420-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 22.04.2014 N 385 қаулысымен.
      421. Қазақстан Республикасының тауар нысанында ресми гуманитарлық көмек көрсетуі үшін ұсынылған тауарлардың құнын және оларды тасымалдау бойынша көліктік ұйымдардың шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде төтенше резервтен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 421-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.02.22 № 165 Қаулысымен.
      421-1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін мемлекеттік материалдық резервтен шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 49-тарау 421-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 16.10.2013 N 1101 қаулысымен.
      421-2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін мемлекеттік материалдық резервтен шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде шұғыл шығындарға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 49-тарау 421-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 02.04.2014 № 306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      421-3. Броннан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен шығарылған материалдық құндылықтар үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын броннан шығару туралы шешім қабылдаған күнінен бастап он екі ай ішінде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 49-тарау 421-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 02.04.2014 № 306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      422. Қазақстан Республикасының немесе оның әкімшілік-аумақтық бірлігінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туындаған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервінен өзге көзделмеген шығындарға ақша қажеттілігі болған жағдайда тиісті мемлекеттік орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға тиісті негіздемелер мен және есептеулермен бірге ақша бөлу туралы қолдаухат ұсынады. Бұл ретте тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бірлігінің құны негізделеді, ал күрделі (қалпына келтіру) жөндеу бойынша және бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға мыналар:
      1) жобалық (жобалық-сметалық) құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы;
      2) сметалық құн 1300000 (бір миллион үш жүз мың) айлық есептік көрсеткіштен және ағымдағы бағадан көп болған жағдайда жобалық (жобалық-сметалық) құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың қорытындысын бекіту туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы органның бұйрығы;
      3) тапсырыс беруші бекіткен және жобалаушы қол қойған жиынтық сметалық есептеулер, жұмыс түрлері бойынша желілік есептеулер;
      4) және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да құжаттар міндетті түрде болуы қажет.
      Заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын ұлғайтуға (қалыптастыруға) ақша Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервінен бөлінген жағдайда тиісті мемлекеттік орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға тиісті негіздемелермен, есептеулермен, сондай-ақ бекітілген қаржы-экономикалық негіздемелер мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның оң экономикалық қорытындысымен бірге ақша бөлу туралы қолдаухатты ұсынады.
      Төмен тұрған деңгейдегі әкімдердің қолдаухаты бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органдардың резервінен қаражат ағымдағы нысаналы трансферттер нысанында да, нысаналы даму трансферттері нысанында да жоғары тұрған бюджеттің тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арқылы бөлінеді.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі іске асыру мерзімі бір қаржы жылынан астам мерзіммен Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервінен апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын және әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың, сондай-ақ саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың салдарларын жоюмен байланысты өзге іс-шаралар жүргізу үшін қосымша қаражат бөлу туралы келесі қаржы жылдарында шешім қабылдаған жағдайда, тиісті мемлекеттік орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген тиісті негіздемелермен және есептеулермен бірге қосымша ақша бөлу туралы қолдаухатты ұсынады, сондай-ақ орындалған жұмыстардың, қызметтердің (тауарлардың) көлемін көрсете отырып, өткен қаржы жылы үшін резервтен бөлінген қаражатты пайдалану туралы есеп береді.
      Жоғарыда көрсетілген негіздемелер мен есептеулер болмаған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган қолдаухатты қараусыз қайтарады.
      Ескерту. 422-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.06.2013 № 650 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 14.11.2013 N 1227 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      422-1. Қазақстан Республикасының немесе оның әкімшілік-аумақтық бірлігінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларды жою мақсатында жүргізілген, көлік құралдарын тартумен байланысты орталық мемлекеттік органның шығыстары және/немесе орталық мемлекеттік органның өзінің теңгеріміндегі көлік құралдарын өзге мемлекеттік органға беру жөнінде келтірілген шығыстары кейіннен Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде заңнамада белгіленген тәртіппен шұғыл шығындарға арналған резервтің қаражатынан өтеледі.
      Ескерту. 422-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2011.07.27 N 866 Қаулысымен.
      423. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган ұсынылған қолдаухаттың негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың шұғыл шығындарға арналған резервтерінде көзделген шекте ақшаны бөлу қажеттілігі немесе бөлу мүмкін еместігі туралы қорытынды береді.
      424. Мемлекеттік органның қолдаухатына оң қорытынды болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе тиісті жергілікті атқарушы органның тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервінен ақша бөлу туралы шешімінің жобасын заңнамада белгіленген тәртіппен осы мемлекеттік орган дайындайды.
      Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе тиісті жергілікті атқарушы органның тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе тиісті жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервінен ақша бөлу туралы шешімінің жобасына осы мемлекеттік орган ақша бөлу туралы оң қорытындының көшірмесін қоса береді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе тиісті жергілікті атқарушы органның резервінен шұғыл шығындарға бөлінген қаражатты тиісті қаулыларда көрсетілген мақсаттарға пайдалану үшін, сондай-ақ түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның қаулысына сәйкес қаражат бөлінген мемлекеттік орган жауап береді.
      Ескерту. 424-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.11.09 N 1789 Қаулысымен.
      425. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының және аумақтық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерін орындау сот атқарушы құжаттары болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің соттардың шешімдері бойынша міндеттемелерін орындауға арналған резервінен қамтамасыз етіледі.
      426. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген негіздемелер болған жағдайда, зиян келтірген, соттардың шешімдері бойынша төлемдер жасауға міндетті мемлекеттік органдар (ведомстволар) көрсетілген шешімдерге барлық сот инстанцияларында шағымдануы тиіс.
      Атқару құжаты түскен кезде одан әрі шағымдану үшін негіздемелер болмаған жағдайда, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сот шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы қаулы жобасын әзірлейді.
      Сот шешімдері бойынша міндеттемелерді орындауға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы әзірленген қаулы жобасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдарға келісуге жіберіледі. Бұл ретте, қаулы жобасына атқару құжаттарының және барлық инстанциялардағы сот актілерінің көшірмелері қоса беріледі.
      Ескерту. 426-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 № 1360 қаулысымен.
      427. Зиян келтірген мемлекеттік органдар (ведомстволар) заңсыз қабылдаған актілеріне, сондай-ақ, өздерінің лауазымы адамдарының заңсыз іс-әрекеттеріне әкімшілік басқару саласында оларға өздерін ұстауға бөлінген ақшамен жауап береді.
      428. Зиян келтірген мемлекеттік органдар (ведомстволар) қылмыстық іс жүргізетін органдардың лауазымды тұлғалары келтірген зиянды өтегеннен кейін, мұндай тұлғалардың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленсе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен оқшауландырылған қаражатты өтеу бойынша шегеру тәртібімен заңнамада белгіленген тәртіппен шаралар қолданады.
      429. Соттардың шешімдері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелерін орындау сот атқарушы құжаттары болған кезде соттардың шешімдері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органның міндеттемелерін орындауға арналған облыстық немесе аудандық деңгейлердегі атқарушы органдардың резервтерінен қамтамасыз етіледі.
      Соттардың шешімдері бойынша төлемдер жүргізуге міндетті жергілікті атқарушы органдар төлемдерді жүргізеді, ал қолданыстағы заңнамада көзделген негіздемелер болған жағдайда көрсетілген шешімдерді барлық сот инстанцияларында шағымдануы тиіс.
      430. Жергілікті атқарушы органдар өздерінің заңсыз қабылданған актілері үшін, сондай-ақ әкімшілік басқару саласындағы лауазымды тұлғаларының заңсыз іс-әрекеттері үшін оларды ұстауға бөлінген ақшамен жауап береді.
      431. Соттардың шешімдері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органның міндеттемелерін орындауға арналған облыстық немесе аудандық деңгейлердегі атқарушы органдардың резервінен ақша бөлу туралы тиісті жергілікті атқарушы орган шешімінің жобасын заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті атқарушы орган дайындайды.
      Бұл ретте соттардың шешімдері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органның міндеттемелерін орындауға арналған облыстық немесе аудандық деңгейлердегі атқарушы органдардың резервінен ақша бөлу туралы тиісті жергілікті атқарушы орган шешімінің жобасына заңнамада белгіленген тәртіпте сот актілері мен атқару құжаттарының көшірмелерін қоса берілуі тиіс.
      432. Ағымдағы қаржы жылында қолма-қол ақша тапшылығы болжамдалған жағдайда оны жабуға арналған облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінің резерві республикалық бюджетте тиісті қаржы жылына, тиісті қаржы жылында облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығы болжамдалған жағдайда оларды кредиттеу үшін көзделеді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ағымдағы қаржы жылында болжамдалған жағдайда облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға ақша бөлу үшін облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға тиісті негіздемелермен және есептеулермен бірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ақша бөлу туралы қолдаухатты ұсынады.
      433. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынылған қолдаухаттың негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің осыған ұқсас мәселелері бойынша бұрын қабылданған шешімдеріне және бұрын облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне берілген кредиттер туралы деректерге сүйене отырып, егер ағымдағы қаржы жылында облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығы болжамдалған жағдайда олардың қолма-қол ақша тапшылығын жабуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ақша бөлу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды береді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға ақша бөлу үшін мыналар:
      1) облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне кредит беру үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген соманың бар болуы;
      2) бөлінетін ақшаның мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген және облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджетіне ағымдағы түсімдермен қамтамасыз етілмеген облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың шығыстарын қаржыландыруға және белгілі бір есепті кезеңде аудандар (республикалық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің тапшылығын қаржыландыруға жіберілуі;
      3) жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен бұрын берілген кредиттер бойынша берешегінің болмауы;
      4) бөлінетін кредит сомасы тиісті қаржы жылына арналған Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген жергілікті атқарушы органның берешегінің лимитінен аспауға әкеп соқтырмауы тиіс.
      434. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын, егер ағымдағы қаржы жылында ол болжамдалған жағдайда жабуға бюджеттік кредит беру қаржы жылының шегінде алты айға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады және республикалық бюджетті нақтылауды талап етпейді.
      435. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің қолдаухаты бойынша оң қорытынды болған кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға ақша бөлу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі шешімінің жобасын бюджетті атқару жөніндегі облыстық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.
      436. Ағымдағы қаржы жылында болжамдалған жағдайда аудандар (республикалық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға арналған резерві ағымдағы қаржы жылында аудандар (республикалық маңызы бар қалалар) бюджеттеріне кредит беру үшін тиісті қаржы жылына арналған облыстық бюджетте көзделеді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ағымдағы қаржы жылында болжамдалған жағдайда аудандар (республикалық маңызы бар қалалар) бюджеттердің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға ақша бөлу үшін аудандар (республикалық маңызы бар қалалар) әкімдері бюджетті атқару жөніндегі облыстық уәкілетті органға тиісті негіздемелермен және есептеулермен Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен ақша бөлу туралы қолдаухатты береді.
      437. Бюджетті атқару жөніндегі облыстық уәкілетті орган ұсынылған қолдаухаттың негізінде, сондай-ақ облыс әкімінің осыған ұқсас мәселелері бойынша бұрын қабылданған шешімдеріне және төменде тұрған бюджеттерге бұрын берілген кредиттер туралы деректерге сүйене отырып, егер ағымдағы қаржы жылында аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығы болжамдалған жағдайда олардың қолма-қол ақша тапшылығын жабуға облыстық деңгейдегі атқарушы органдар резервінен ақша бөлу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы қорытынды береді.
      Облыстық деңгейдегі атқарушы органдар резервінен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға ақша бөлу үшін мыналар:
      1) аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттеріне кредит беру үшін ағымдағы қаржы жылына арналған облыстық бюджетте көзделген соманың бар болуы;
      2) бөлінетін ақшаның мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттеріне ағымдағы түсімдермен қамтамасыз етілмеген шығыстарын қаржыландыруға және белгілі бір есепті кезеңде аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің тапшылығын қаржыландыруға жіберілуі;
      3) облыстық бюджеттен бұрын берілген кредиттер бойынша аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) жергілікті атқарушы органдар берешегінің болмауы міндетті шарттар болып табылады.
      438. Облыстық деңгейдегі атқарушы органдар резервінен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын, егер ағымдағы қаржы жылында ол болжамдалған жағдайда жабуға бюджеттік кредит беру қаржы жылының шегінде алты айға дейінгі мерзімге жүзеге асырылады және жергілікті бюджетті нақтылауды талап етпейді.
      439. Аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) әкімінің қолдаухаты бойынша оң қорытынды болған кезде аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің қолма-қол ақша тапшылығын, егер ағымдағы қаржы жылы ол болжамданған жағдайда жабуға облыстық деңгейдегі атқарушы органдар резервінен ақша бөлу туралы шешімінің жобасын облыс әкімдігінің қарауына бюджетті атқару жөніндегі облыстық уәкілетті орган енгізеді.
      440. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен бөлінген ақшаны алушы бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері олардың пайдаланылуы, орындалған жұмыстардың көлемі мен құны туралы есепті бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімде беруі тиіс.
      441. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ай сайын Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің ақшасын пайдалану және тиісті кезеңге оның қалдығы туралы ақпаратты ұсынады.
      442. Сыртқы саяси қызмет жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға алушы елдің Қазақстан Республикасы көрсеткен ресми гуманитарлық көмекті алғаны туралы тиісті ақпаратты береді.      
      443. Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган тиісті жергілікті атқарушы органның тиісті өкілдігіне резервінің ақшасын пайдалану және тиісті кезеңге оның қалдығы туралы ақпаратты ұсынады.
      444. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдарының резервтерінен бөлінетін ақшаның бюджеттік және басқа да заңнамалар талаптарына сәйкес пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен ақша алған бюджеттік бағдарламаның әкімшісі жауап береді.
      445. Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдары резервтерінің бюджеттік және басқа да заңнамалар талаптарына сәйкес пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет