2 Отбасында балаға адамгершілік тәрбие беру
Адам бақытты өмір сүру үшін денімен қатар рухани саулығына көңіл бөлуі тиіс. Рухани саулыққа көңіл қойылған жағдайда адам елмен сыйласымды, ойлау қабілеті жоғары шама-шарқын білетін, ақыл іс істейтін өте сезімтал, ұстанымды да байсалды, қоғамдағы өз орнын білетін, ісіне жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын, адамдармен тез тіл табыса алатын, табиғатты сүйетін, қоршаған ортадан хабардар, бақыт дегеннің не екенін түсінетін жан болады. Ал, рухани саулығы жоқ адам аталған барлық қасиеттен жұрдай болмақ.
Отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырамайтын басты тірек арқауы. Әке мен шеше – отбасы мектебінің ұстаздары болады.
Қазақ отбасында тәрбие ісі негізінен басты-басты сегіз түрлі мәселені қамтыған. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі. Екіншіден, олар баланы қайырымды, иманды, мейірімді болуға тәрбиелеген. Үшіншіден, тіл алғыш, елгезек болуға баулыған. Төртіншіден, кісі ақысын жемейтін адал, шыншыл болуға үйреткен. Бесіншіден, ұстаз бен көпті көрген қарияны тыңдап, «ақпа құлақ болмай құйма құлақ бол» дегенді бойларына біртіндеп сіңіре берген. Алтыншыдан, үлкенді, ата-ананы сыйлап құрметтеуге үйретуді ең басты міндет етіп қойған. Жетіншіден, кісі айыбын бетіне баспай, біреуге орынсыз тіл тигізбе, әсіресе қаріп-қасерлердің табиғи кемдігін бетіне баспа деп үйреткен. Сегізіншіден, ел қорғаған батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса дегенді ерінбей-жалықпай айтып қана қоймай, жеке өнегелер арқылы көрсетіп отырған.
Бала – ата-ананың адамгершілік өмірінің айнасы. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі қадірлеуінен, олардың өзара бірлігі мен түсінушілігінен, ата-ана мен балалар арасындағы мейірімді қарым-қатынасынан, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді, толып жатқан жазылмаған заңдылықтар арқылы көрініс табады. Баланың жаны мен тәні таза, рухани бай, дені сау етіп өсірумен бірге еңбекке деген сүйіспеншілікке, ұлтжандылыққа, адалдыққа, жинақылыққа баулып өсіру шарт. Осы тамаша қасиеттердің бәрін ата-ана бойынан тауып, соған еліктеп өссе және әрбір ата-ана баласының жүрегіне жол тауып, оның өміріндегі шынайы досына айналса, тер төккен еңбегінің жанғаны.
Достарыңызбен бөлісу: |