22. Дәріс тақырыбы: Отбасы тәрбиесінің мазмұны
Дәріс жоспары:
1.Отбасы тәрбиесінің мәні мен мазмұны.
2.Отбасында балаға тәрбие беру жолдары.
3.Жастарды болашақ отбасылық өмірге даярлау мәселесі.
Дәрістің мазмұны:
1. Отбасы тәрбиесінің мәні мен мазмұны
Отбасы- адам баласының дүниеге келгенінде есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп-өнетін, ер жететін, тәрбие алатын қажетті әрі қасиетті алтын бесігі. Адамзат ұрпағына отбасының ерекше құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа ешнәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Балаға ата- ана тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алмайды. Бала отбасы жағдайында өмірдегі әр түрлі жағдайларда өзін қалай ұстауды, адамгершілік әліппесі: кішіпейіл болу, ізеттілік, сыйластық үлкендермен және кішілермен қандай қарым-қатынаста болу сияқты тәжірибе жинақтайды және оны меңгереді. Отбасы тәрбиесі- бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Отбасының басты қызметі баланы тәрбиелеу. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажетті жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.Баланың дамуының қандай қырын алмайық, қай жас кезеңінде болмасын оның тиімді болуында отбасының рөлі ерекше. Жас ұрпақты тәбиелеу өсіруде ата-аналардың атқаратын қызметі орасан зор. «Баланы таба білсең, баға да біл», «Баланы сүйсең, тәрбиесін сүй», «Баланы мақтау жетілдірмейді, тәрбиелеп баптау жетілдіреді» деген мақал-мәтелдер баланы құр айналайын дей бермей, оны бесіктен тәрбиелеу қажеттілігі, тәрбие отбасынан, ата-анадан басталатынын дәлелдейді. Сондықтан әр ата-ана өз міндетін білуі керек.
Отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық педагогика мұраларының мазмұны мен түрлерінде бейнеленген. Көне заманнан-ақ халықтың жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтары, тәрбиешілері, ұстаздары болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман тілектеріне сүйеніп отырған.
Отбасында тәрбие міндеттеріне сай дене, еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, эканомикалық, экологиялық, құқықтық, эстетикалық тәрбиелер жүргізілген. Отбасында аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудың мақсаты жан-жақты жетілген азамат тәрбиелеу болды.
Достарыңызбен бөлісу: |