Дәрістер тезисі


Әлеуметтану ғылымындағы негізгі теорияларға шолу



бет5/41
Дата09.11.2023
өлшемі491.47 Kb.
#482799
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41
Лекциялар Әлеуметтану-9

Әлеуметтану ғылымындағы негізгі теорияларға шолу
Құрылымдық-функционалды теория
Негізгі өкілдері: әлеуметтанудағы классикалық кезең өкілдері - О.Конт, Г.Спенсер, Э.Дюркгейм; сондай-ақ Т.Парсонс, Р.Мертон, Э.Гидденс, т.б. ғалымдар дамытты.
Қазіргі әлеуметтану ғылымында әлеуметтік құбылыстар мен процестерді түсіндіру және талдауға теориялық тұрғыда негіз болатын, бірін-бірі толықтыратын макро- және микродеңгейлі бірқатар ғылыми парадигмалар бар. Солардың біріншісі, қоғамдық жүйені басты орынға қоятын құрылымдық-функционалдылық теориясы. Құрылымдық-функционалдылық парадигмасы әлеуметтік құбылыстар мен процестерді макродеңгейде қарастырып, қоғамда болып жатқан кез келген жағдайдың себебі қоғамдағы жүйелердің, яғни әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени жүйенің жағдайына байланысты деп түсіндіреді. Бүгінде әлеуметтік құбылыстар мен процестерді зерттеушілер тарапынан құрылымдық-функционализмге қызығушылық артқан. Бұның себебі, бәлкім, қазіргі жаһандану заманының салдарын түсіндіру барысында туындаса керек. Құрылымдық-функционалдылық парадигмасының мазмұны бойынша – адамның мінез-құлқының қалыптасуына және оның белгілі-бір жағдайларға қатысты белгілі-бір ортада жасаған іс-әрекетіне оның қоршаған ортасы әсер етеді. Осыған байланысты адамнан күтілетін әрекет пен оның жасаған іс-әрекеті үнемі сәйкес келіп отырады. Әлеуметтену барысында бір ұрпақтан екінші ұрпаққа қоғамдық құндылықтар беріледі және бұл қызметті отбасы атқарады. Отбасы арқылы адамның бойында сүйіспеншілік (отанға, жақыныңа), сәйкестілік (ұлттық) сезімдері қалыптасады. Міне, осы жерде әлеуметтану ғылымының универсалды жәдігері болып табылатын құрылымдық-функционалды парадигманың арықшылығы байқалып, және ол - қазіргі заманның «сұрапыл күшіне» (Guggernaut) баланған жаһандануға қарсы қойылатын теңдессіз теория бола алады. Өйткені бұл теория адамзаттың менталды құндылықтарына сәйкес келеді: отбасы құндылықтарын қастерлеу, отбасының ұрпақтан ұрпаққа құндылықтарды трансформациялайтын қызметін берік ұстану, отанды сүю, ұлтын, тілін қадірлеу, дәстүрді құрметтеу сияқты мызғымас адамзат нормалары.
Құрылымдық-функционалдылық теориясы өкілдерінің пайымдауы бойынша (мысалы, Р.Мертонның айтуы бойынша) адамның қоршаған ортаға, қоғамға интеграциясы жанжалсыз жүруі керек. Құрылымдық-функционалдылық теориясы оқиғалардың себебін қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық-саяси жағдайлармен, қайсыбір қоғамда қалыптасқан дәстүр мен мәдениет тұрғысынан түсіндіреді.
Құрылымдық теория өкілдері кез келген әлеуметтік құбылысқа әсер ететін факторларды төмендегіше топтастырады:

  • Экономикалық (жалақы, жұмыссыздық, жұмысбастылық, баға, өндіріс, кәсіпорындар, ақша айналымы, мемлекет кірісі, т.б.);

  • Әлеуметтік (баспана, білім беру, денсаулықсақтау мекемелері, дүкендер);

  • Демографиялық (жасы, жынысы, отбасылық жағдайы);

  • Саяси (ел ішіндегі саяси жағдайларға байланысты);

  • Моральдық (мәдениет, діни ахуал).

Сонымен, құрылымдық-функционалдылық парадигмасының мазмұны – адамның қалыптасуына және оның қандай да бір жағдайларға байланысты белгілі-бір ортада жасаған іс-әрекетіне оның қоршаған ортасы әсер етеді, яғни адамның қоғамда қалыптасқан үлгілерді қабылдауы. Сонда ғана адам қоғамға жанжалсыз кіріге алады деп түсіндіреді әдістемелік бағыт өкілдері.
Яғни, құрылымдық-функционалдылық теория - біріншіден, қоғамды жүйе ретінде қарастырады;
екіншіден, қоғамдағы құбылыстар мен процестер бір-бірімен себеп-салдарлық түрде байланысып жатыр;
үшіншіден, қоғам өздігінен реттеліп отырады, әмбебап.


Символдық интеракционизм теориясы
Әлеуметтік құбылыстар мен процестердің, оқиғалардың себептерін микродеңгейде түсіндіретін теориялар. Сондай теорияның бірі символдық интеракционизм (Дж.Мид, Г.Блумер, Ч.Кули). Бұл теорияның ерекшелігі – белгілі-бір нақты жағдайға байланысты жасалатын тұлғааралық қарым-қатынастардың ерекшеліктерін түсіндіру, яғни адамды, оның іс-әрекеті мен мінез-құлқы, күнделікті өмірдегі әлеуметтік қарым-қатынастары басты орынға қойылады. Бұл теориялардың негізгі идеясы – күнделікті өмір, идеал, сенім, көзқарас, өмірлік ұстаным, қарым-қатынас, адамгершілік қатынастар, мотивтер, мінез-құлықтар.
Символдық интеракционизм XX ғ. 20-шы жылдарында пайда болып, көптеген әлеуметтік мектептердің өмірге келуіне әсер етті. Бұл бағыттың аталуын теоретикалық әлеуметтануда былай деп түсіндіреді.
Символдық деген термин бұл әлеуметтік мектептің «мән» түсінігіне акцент қоятынын білдіреді, ал әрекетке түсуші тұлғалардың осы мәнге сәйкес өзара әрекеттерін «интеракция» термині білдіреді.
Символдық интеракционизмнің негізін қалаушы американдық социолог Герберт Мид (1863-1931). Бұл теорияның үш негізгі тірегі бар.
1) Кез-келген әрекет пен мінез-құлық актісі әрекет етуші субъекті өз әрекетіне берген мән негізінде пайда болады. Қысқаша айтқанда, біздің мінез-құлқымыз біз оны кей уақыттарда сезінбесек те мәнге ие. Бұл мән де жалпы әлеуметтік символдарға ие. Мыс.: әскери әрекетке қатыспау жалпы символға сай қорқақтықты білдіреді. Ал басқа бір жеке адам үшін бұл саналы түрдегі пацифизм (зорлыққа қарсылық) болуы мүмкін, яғни тіптен өзге символ. Ал бұл да жалпы қоғамдық символика болып табылады. Яғни бірінші де, екінші де жағдайларда мінез-құлық актісінің артында қоғамдық символдар тұр.
2) Қоғам соған тұрақтайтын символдар адамдардың өзара қарым-қатынасы әсерінен туады. Адам әрқашан да басқа адамдардың өзі туралы пікірінің әсерін сезінеді және соған тәуелді.
3) Адамдар іс-әрекет үрдісінде символдар мәнін түсінеді немесе түсіндіреді, сол сияқты оны өзіне өлшеп көреді. Осы үрдіс адамның даралықтылығын құрамдайды және өзара әрекет негізі қызметін атқарады.
Мінез-құлық актісінде адам өзіне «мәнді символ» табады. «Мәнді символды» адам өз санасының ішінде анықтайды, ал өз кезегінде адам санасы сыртқы дүниеден келген мәндермен толықтырылады.
Г.Мид мынадай даралық формуласын ұсынды: SELF = I + MESELF – даралық; I – бұл адамның қоғамнан жасырып ұстайтын жеке санасы, оның өзі де біле бермейтін интуициясы, инстинктісі; ME – адамның қоғамдық мәнмен байланысқа түсетін санасы.


Конфликт теориясы
Әлеуметтанудың ғылым ретінде дамуына үлес қосқан келесі теория – конфликт (жанжал) теориясы. Негізгі өкілі – Карл Маркс және марксистер (Маркстің ізбасарлары), сондай-ақ М.Вебер, Г.Зиммель, т.б. Бұл ғалымдар әлеуметтік таптар, әлеуметтік жіктелу, әлеуметтік топтарды зерттеушілер. Негізгі ұстанымдары - әлеуметтік таптар мен топтар арасында материалды игіліктердің теңсіз бөлінуі әлеуметтік жіктелуге, әділетсіздікке алып келеді. Бұл – қызығушылықтардың әртүрлілігін туғызады, ал бұл өз кезегінде қоғамда жанжал, қарсылықтарды тудырады. К.Маркс еңбектерінде таптық жанжал қоғам өзегі болып табылады делінген және таптық жанжал себебі, адамдардың экономикалық жүйедегі жағдайына байланысты әртүрлі топтарға бөлінуі.
К.Маркс пікірінше таптық күрес көптеген саяси жанжалдар көзі болып табылады. К.Маркс теориясына сәйкес таптық жанжал тарихтың қозғаушы күші болып табылады.
Қазіргі уақытта конфликт теорияларының әртүрлі варианттары ұсынылды. Қазіргі теориялар ішіндегі ең мәндісі неміс социолог-ғалымы Р.Дарендорф теориясы. Ол К.Маркстің «қоғамдағы негізгі жанжалдасушы таптар – экономикалық белгісіне байланысты ұйымдасқан таптар»,- деген пікірін жоққа шығарады. Р.Дарендорфтың ойынша әлеуметтік жанжалдың ең басты себебі бір адамдардың басқалар үстінен билікке ие болуы. Негізгі жанжал билік иелері мен одан тыс қалғандар, бірақ билік иеленуге әбден мүмкіндігі барлар арасында пайда болады.
Р.Дарендорф конфликт теориясының мына негізгі мәндерін құрамдады:

  1. Кез келген қоғамның басты бейнесі үстемдік, жанжал және жаныштау болып табылады.

  2. Қоғамдық құрылым адамдардың бір тобының екінші топ үстінен билігіне негізделген. Мыс.: бизнесмендер жұмысшылар үстінен, офицерлер солдаттар үстінен, оқытушылар студенттер үстінен билікке ие.

  3. Осындай әрбір топтың, ол оны түсінсе де, түсінбесе де жалпы мүддесі бар. Әртүрлі топ мүшелерінің мүдделері әртүрлі және қарама-қайшылықта. Мыс.: өз кірісін көбейтуге мүдделі іскер адамдар мен қоршаған ортаны қорғау қозғалысының белсенділері арасында әрқашан да жанжал туып отырады.

  4. Адамдар өз жалпы мүдделерін түсінгенде олар қоғамдық топ құра алады. Мысалы, кәсіподақ қозғалысы нысанында.

  5. Қоғамдағы жанжал мынадай жағдайларда өте күшейеді: а) барлық билік түгелімен тек аздаған адамдар қолында ғана шоғырланған, ал қалғандар одан толығынан қол үзген; б) биліктен қол үзгендер оны алудың өзге мүмкіндігіне ие болмаған жағдайда; в) адамдар ерікті түрде саяси топтар құра алмаған жағдайда.

Тексеру сұрақтары:

  1. Әлеуметтанудың ғылым ретінде пайда болуына қандай тарихи оқиғалар, өзгерістер әсер етті?

  2. О.Конттың қоғамды жаңғырту идеяларының әлеуметтанулық мәнін түсіндіріңіз

  3. Г.Спенсер индустриалды қоғам мен аграрлы қоғамды қалай сипаттады?

  4. М.Вебердің ойынша әлеуметтану қандай ғылым?

  5. Құрылымдық функционалды теория әлеуметтік құбылыстардың себебін қалай түсіндіреді?

  6. Конфликт теориясының мәні неде?

  7. Символдық интеракционистік теория тұлғаны қалай зерттейді?

Әдебиет:

  1. Бринкерхоф Д., Уейтс Р., Ортега С. Әлеуметтану негіздері: Оқулық. 9-басылым. Ұлттық аударма бюросы. Астана, 2018 жыл

  2. Әбдікерова Г.О. Әлеуметтану. Оқу құралы. Алматы. Қазақ университеті, 2011 жыл

  3. Әбсаттаров Р. Әлеуметтану: өзекті мәселелер. Алматы «Қарасай» баспасы, 2013 жыл

  4. Биекенов К.Ү., Биекенова С.К., Кенжакимова Г.А. Әлеуметтану: Оқулық. Алматы, 2016 жыл

  5. Садырова М.С. Әлеуметтану: өзекті мәселелер. Алматы, 2014 жыл

  6. http://elib.kaznu.kz/book/ - пән бойынша әдебиеттердің электронды нұсқалары базасы




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет