Әдебиеттер
1. Набуова Р.А. Бастауыш мектептегі сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыруда педагог мамандарды даярлау теориясы мен әдістемесі. Монография. – Алматы: "NURPRESS" , 2019. – 180 бет.
ДӘРІС - 9. СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ ЖҰМЫСЫНЫҢ ӘДІСТЕМЕСІ
Жоспар
Сынып жетекшісінің негізгі қызметтері
Сынып жетекшісі жұмысының бағыттары
Сынып жетекшісі жұмысын жоспарлау әдістемесі
Тәрбие процесінің нәтижелерін талдау әдістемесі
Сынып жетекшісі – мектептегі оқу-тәрбие жұмысын тікелей және негізгі ұйымдастырушы, сыныптағы тәрбие жұмысын жүзеге асыру үшін директор тағайындаған ресми тұлға. Қазіргі кезде сынып жетекшісі институты айтарлықтай өзгерді; сынып жетекшісінің бірнеше түрі бар: – пән мұғалімі – бір мезгілде сынып жетекшісі қызметін атқарады; – босатылған сынып жетекшісі – тек тәрбие жұмысын атқарады; – сынып кураторы (қамқоршы) – қандай да бір жұмысты бақылау тапсырылады; – тьютор (қорғаншы, сүйеуші, қамқоршы) – педагогтың бірқатар ұйымдастырушы қызметін оқушылар өз міндетіне алған жағдайда бақылау ұйымдастырады.
Сынып жетекшісінің негізгі қызметтері: тәрбиелеу (баланы әлеуметтік қорғау); ұйымдастыру (сынып және мектептің тіршілік әрекетінің барлық педагогикалық аспектілері бойынша жұмыс, тұлғаны және ұжымды қалыптастыру, оқушыларды зерделеу); үйлестіру (тәрбие процесіне қатысушылар – педагогтер, оқушылар, ата-аналар, жұртшылық арасында дұрыс қарым-қатынас орнату); басқару (оқушылардың жеке ісін және құжаттамалардың басқа түрін жүргізу негізінде тұлға мен ұжым дамуының өзгерісін бақылау). Баланы әлеуметтік қорғау қызметі басым болып табылады, бұл – балалардың дене, ақыл-ой және рухани-адамгершілік дамуы, олардың барлық құқықтары мен адами құндылықтарын шектеудің алдын алу үшін қалыпты жағдайды қамтамасыз ететін практикалық әлеуметтік, саяси, құқықтық, психологиялық-педагогикалық, экономикалық және медициналық-экологиялық шараларды мақсатты, саналы түрде реттейтін жүйе.
Ұйымдастыру қызметінің басты міндеті – балалардың аймақ, микроорта, мектеп өмірін және оқушылардың өз өмірін жетілдірумен байланысты жақсы бастамасына қолдау көрсету. Бұл кездегі сынып жетекшісі міндетінің бірі оқушылардың өзін өзі басқаруын дамыту болып табылады.
Сынып жетекшісінің үйлестіру қызметі тәрбие жұмысын педагогикалық ұжымның басқа мүшелерімен және ең алдымен осы сыныппен жұмыс жасайтын педагогтермен (сыныптың микропедагогикалық ұжымымен) тығыз ынтымақтастықта жүзеге асыруда көрінеді.
Басқару қызметі аясында сынып жетекшісі тәрбие жұмысына болжау, мақсатты тұжырымдау, жоспарлау, бақылау және түзетуді жүзеге асырады. Болжау қызметін жүзеге асыру оқушылар тәрбиелілігінің бастапқы деңгейін анықтауды және өзгерістерді үнемі бақылап отыруды білдіреді. Мақсатты тұжырымдау қызметін тәрбие жұмысының мақсаттарын оқушылармен бірге әзірлеу ретінде қарастыруға болады. Бақылау және түзету қызметінің негізгі мақсаты – сынып тәрбие жүйесінің үнемі дамуын қамтамасыз ету. Қарастырылған қызмет деңгейлері сынып жетекшісі жұмысының бағыттарын анықтайды, олардың ішінде алты басым бағытты бөліп көрсетуге болады.
Бірінші бағыт – Денсаулық Оқушының физикалық және психикалық денсаулығын қорғау, сақтау және дамыту мақсатында сынып жетекшісі оқушылардың физикалық денсаулығын зерделеу және алдағы уақытта түзету үшін мектептің, аудан, немесе қаланың медицина қызметкерлерімен бірге жұмыс жасайды; оқушылардың атааналарымен бірлесе жұмыс жасайды және пән мұғалімдеріне кеңес береді; денсаулықты сақтау, дамыту, түзету бойынша оқушылармен ағартушылық жұмысты ұйымдастырады; дене шынықтыру сабақтарына, спортпен айналысуға дұрыс қарым-қатынас қалыптастыру бойынша жұмысты ұйымдастырады; оқушыларда тұлғалық өсуді (өзі туралы және өз денсаулығы туралы пікірді қалыптастыру) қалыптастырады және т.б.
Сынып жетекшісі оқушылардың түрлі жас деңгейінде дамуының психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін, бала ағзасының физиологиялық ауытқу белгілерін білуі, олардың денсаулығындағы ауытқу себептерін түсінуі тиіс. Сынып жетекшісі мектеп дәрігерімен және ата-аналармен бірге оқушыларды тамақтандыру, шынықтыру, физикалық және тыныс алу жаттығуларының жеке бағдарламасын құрастыруға көмектеседі, оған жұмыс жасау мен демалудың, ұйықтайтын уақытының жеке кестесін дайындауға көмектеседі; оқушыға өз тұрмыс кестесін жасауға көмектеседі.
Екінші бағыт – Қарым-қатынас Қарым-қатынас – бұл бала тұлғасын дамытуға, ең алдымен көпшілікке таныс құндылықтар қалыптастыруға бағытталған этикалық тәрбиесіне барынша көңіл бөлу ескерілген ықпал. Сынып жетекшісі «оқытушы – оқушы», «оқушы – оқушы», «оқытушы – оқушы – ата-ана» жүйелері жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында эмпатия көрсету біліктілігіне, қарым-қатынаста жақсы көңіл-күй ахуалын қалыптастыруға, өзара қарым-қатынаста талдамалы және рефлексивтік біліктілікке үйрету; өзара қарым-қатынас проблемалары бойынша ата-аналарға кеңес беру және ағартушылық жұмыстар ұйымдастыру; қарым-қатынас тренингтерін, кездесулер, пікірталастар, қарым-қатынас сағаттарын пайдалана отырып оқушылар мен ата-аналарды белсенді қарым-қатынас түрлеріне үйрету; әрбір оқушының ұжымдағы орнын және оның қарым-қатынас жасаудағы проблемаларын зерделеу, диагностика материалдары негізінде проблема бойынша түзету жұмыстарын ұйымдастыру және т.б. жұмыстарды жүргізеді.
Сынып жетекшісі балаларды, олардың өзара қатынасын, қарымқатынастағы проблемаларды зерделейді. Ол үшін ата-аналармен әңгімелесу барысында оқушылардың қандай ортада тәрбиеленіп жатқанын және отбасылық байланыстың беріктігін, ата-аналардың баламен арадағы өзара қатынас стилін, баланың отбасындағы орнын түсінуі, мінез-құлқының тұқым қуалаған ерекшеліктерін және т.б. анықтай білуі керек.
Қарым-қатынас аясындағы баланың орнын анықтаған педагог әдептілікті сақтай отырып проблемаларды шешуге көмектеседі, оқушының жолдастарымен, ересектермен, ата-анасымен қарым-қатынасын түзетуі, баланың ұжымда өзін-өзі танытуы үшін жағдай жасайды, мысалы, «жолы болмайтын», «сотқар», «екілік алатын оқушы» сияқты оның әлеуметтік рөлін өзгертуіне көмектеседі. Мұғалімнің басты міндеті – адамдар арасындағы қарым-қатынасты, адамның әрекетін бағалау нормаларын басқарушы болу.
Үшінші бағыт − Адамгершілік Оқушыларда өз дене дамуының сапалары туралы білімді, қатынас жасау біліктілігін дамыта отырып, адамгершілік қасиеттерін жетілдіруге зор назар аудару қажет. Сынып жетекшісі осы бағытта жұмыс жасай отырып шынайы өмірлік жағдайлардан алынған адамгершілік тәрбиелеріне сәйкес білу, түсіну және әрекет ету тілегін дамытуы; басқа адамдардың ұқсас жағдайларда аман қалған мысалдарын келтіре отырып төтенше жағдайларда күресу және аман қалу біліктілігін тәрбиелеуі; оқушының өзіне деген қызығушылығын, өзін өзі жетілдіру тілегін тәрбиелеуі; өз халқының, өз отбасының салт-дәстүріне, әдетғұрпына оң көзқарас қалыптастыру, айтылғанды тыңдау, көру, түсіну және жауап қайтару, өзі туралы қорытынды жасау біліктілігін қалыптастыруы тиіс.
Сынып жетекшісі оқушыларды адамзаттың өмір сүруінің мәнін, өзінің және өзге адамдардың өмір сүру құндылықтарын түсінуге үйретеді, оқушыларда тарихи өткенді және болашақты, сондай-ақ өзінің тікелей рөлін түсінуі мен сезінуін қалыптастырады. Мұғалімнің міндеті – оқушыларға ең жоғары құндылық – ол адам өмірі екендігін түсінуге үйрету, олар ересек өмірде әлемнің рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарынсыз толыққанды қалыптаса алмайтынын түсіндіру.
Төртінші бағыт − Оқу Оқушылардың зияткерлік біліктіліктерін дамыту – сынып жетекшісі жұмысындағы өте маңызды бағыт болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастырғанда жалпы сыныптың оқу ерекшеліктерін зерделеу және әрбір оқушының оқу мүмкіндіктерін алдағы уақытта түзету үшін анықтау; педагогтармен бірлесе отырып оқушылармен сабақ барысында және сабақтан тыс жүргізілетін жеке жұмыстың әдістерін, тәсілдерін және түрлерін анықтау; сыныптан тыс шараларды ұйымдастыруда зерделеу нәтижесін пайдалану; отбасымен бірлесе отырып оқушының оқудағы біліктіліктерін, оның танымдық белсенділігін, болашағы мен кәсіптік анықталуын дамытудағы бірыңғай тәсілін дайындау; оқушының өз зияткерлігін дамытуына оң қарым-қатынас қалыптастыру қажет.
Сынып жетекшісі оқушылардың танымдық қызығушылықтары, қабілеттері, ойлау ерекшеліктері, ес, зейін, ерік, оқудағы қиындықтарын анықтауға бағытталған тесттер жүргізген тиімді. Сынып жетекшісі оқушымен жеке әңгімелесуде, оны сабақта және сабақтан тыс уақытта бақылау арқылы оқушы үлгерімінің төмендеу немесе жоғарылау себептерін анықтайды; оған ата-анасы, жолдастары, оқытушылар сабақ оқуға қалай көмектесетінін, оқушы үй тапсырмасын өз бетімен орындайтынын, болмаса оны сабақ оқуға мәжбүрлейтінін, мұғалімге қандай көмек қажет екенін, үйдегі немесе сабақтағы табысты оқу қалайша ынталандырылатынын анықтайды.
Сынып жетекшісі оқушыларға көмектесуде пән мұғалімдерімен, оқу ісі меңгерушілерімен бірлесе жұмыс жасайды, оқушылармен жұмыс жасауда олардың мүмкіндіктеріне сәйкес келетін оқытудың формалары мен әдістерін пайдалану үшін баланың ойлау, жады ерекшеліктері туралы әңгімелейді.
Бесінші бағыт – Бос уақыт Сынып жетекшісі жұмысының маңызды құрамдас бөлігі балалардың бос уақытын ұйымдастыру болып табылады. Бұл – демалыс, қабілеттері мен қызығушылықтарын дамыту және адамдармен еркін қарым-қатынас жасау уақыты. Сынып жетекшісі сабақтан тыс уақыттағы оқушылардың қызығушылықтарын және қажеттіліктерін анықтау; оқушылар үйірме, секция және т.б. таңдағанда оларға кеңес беру және түсіндіру; оқушылардың жеке өзінің және басқа адамдардың жетістіктері мен табыстарына қуану біліктілігіне және т.б. назар аударуы қажет.
Сынып жетекшісі келесі ережелерді ескерген жағдайда оқушылар бос уақыт аясында жақсы дамиды: бос уақыт формасы мен мазмұны оқушыларға күштеп таңылмайды, олар өз еркімен таңдайды; бос уақыт қызметі оқушылардың өзін-өзі басқару принципіне құрылады, балалар өз бос уақытының ұйымдастырушысы болып табылады; бос уақытты ұйымдастыру формалары орынды кезектеседі. Бос уақыт әрекетінде оқушылардың дербестігі, шығармашылық мүмкіндіктері, адамгершілік қасиеттері айқын көрінетіндіктен сынып жетекшісі балаларды мұқият қадағалауы және олар туралы жаңа білімді тәрбие процесінде пайдалануы қажет.
Алтыншы бағыт − Отбасы Мектеп оқушыларының отбасылары әртүрлі. Олардың материалдық және мәдени деңгейлері әртүрлі. Ол оқушылардың денсаулығына, оның психикасына, оқуға деген қарым-қатынасына әсер етеді. Тәрбие процесін отбасымен ынтымақтаспай жүргізу мүмкін емес. Бұл бағыттағы жұмыстарда сынып жетекшісі оқушылардың отбасын зерттеуі; ата-аналармен психологиялық-педагогикалық ағартушылық жұмыстар ұйымдастыруы; атааналар мен балалардың бос уақытын бірге өткізуін ұйымдастыруы; атааналардың жеке бастамасын марапаттауы тиіс.
Сынып жетекшісі оқушының материалдық игілік аясын, өмір салтын, оның отбасылық дәстүрлері мен әдет-ғұрпын білуі керек. Ол тақырыбы балалардың жеке және жас ерекшеліктері, сыныпқа тән проблемалар, мектептің міндеті ескеріле отырып жоспарланған ата-аналар жиналысын үнемі өткізіп отыруды; туындаған қажеттіліктерді ескеріп жеке әңгімелер өткізуді; сынып жетекшісі қызметінің барлық бағыттары бойынша сынып ата-аналарын бірге жұмыс жасауға қатыстыруды; оқушылар мен ата-аналардың өзара шығармашылығын ұйымдастыруды қамтамасыз етуі тиіс.
Сынып жетекшісі жұмысын жоспарлау әдістемесі
Сынып жетекшісі қызметінің тиімділігі көп жағдайда құжаттардың бірнеше түрін құрастыруды талап ететін жұмысты сауатты жоспарлаумен анықталады. Жұмысты жоспарлауда сынып жетекшісі осының алдындағы жұмыстың нәтижесі мен оны талдау қорытындысын; тәрбиелік және ұйымдастырупедагогикалық міндеттерді; оқушылармен және сынып ұжымымен, атааналармен жүргізілген жұмыс материалдарын, педагогикалық және әдістемелік ұсынымдарды; елдің, қала мен ауданның және мектептің озық тәжірибесін; атааналардың және қоғамның мүмкіншіліктерін; мектептің, өндірістің, мәдени мекемелердің әлеуметтік ортасының тәрбиелік әлеуетін; оқу жылының дәстүрлі мерекелерін; ел, қала, ауыл өмірімен байланысты оқиғалар мен деректерді; танымал тұлғалардың өмірімен және қызметімен байланысты оқиғаларды, даталарды; мектептің және сынып ұжымының дәстүрлерін; жақын жердегі мәдени мекемелер өткізетін шараларды; мектеп ұжымының жоспарын; сынып ұжымының және сынып жетекшісі жұмысының осының алдындағы жоспарларын ескеруі қажет
Сынып сағатын ұйымдастыру мен өткізу әдістемесі
Мектептерде сынып ұжымының жұмысы үшін аптаның бір күнінде және түрлі формада сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағатын ұйымдастыру әдістемесі оның мазмұнын анықтауды болжайды, ол балалардың мақсаттары мен міндеттеріне, жас ерекшеліктеріне, олардың тәжірибесіне байланысты. Сынып жетекшісі білім алушылардың тәрбиелік деңгейін, олардың адамгершілік түсініктерін, көзқарастарын, қызығушылықтарын, тілектерін, пайымдауларын (сауалнама, әңгіменің көмегімен) зерделегеннен кейін, ұжымдағы тәрбие және қарым-қатынас проблемасын айқындаған соң ғана сынып сағаттарының тақырыптары мен мазмұнын анықтайды. Сынып сағаттарын дайындауда және өткізуде түрлі тәсілдер қолданылады:
– әңгімелер, газет және журнал материалдарын оқу, соңынан талқылау, мезгілдік басылымдарға шолу жасау; – шақырылған мамандар өткізген дәрістер;
– сауалнама және оның нәтижесін талдау;
– дөңгелек үстел басындағы сұхбат, нақты жағдайды талқылау;
– өнер туындыларымен танысу, оқушылардың көркем-шығармашылық қызметінің элементтері (сынып сағаты барысында ән айтып, билеген, сурет салған кезде);
– танымал тұлғалар айтқан ойларды одан әрі талқылау үшін сілтеме жасау;
– «ми шабуыл» («ой-талқы»), шығармашылық топтардағы жұмыс.
Балалар үшін ұжымдық шығармашылық қызмет тәсілдері мен әдістердің элементтері анағұрлым тиімді және қызық екенін практика көрсетіп отыр. Балалардың алдында шақырылған қонақтар немесе ата-аналар өнер көрсеткен сынып сағаттарын ерекше атауға болады. Танымал адамдармен болған кездесулер тәрбиеде маңызды рөл атқарады, дегенмен олар балалардың қызығушылығы қанағаттандырылғанда және тәрбиешінің педагогикалық ойлары жүзеге асқанда ғана табысты болмақ.
Сынып жетекшісінің оқушылардың ата-аналарымен қарым-қатынас әдістемесі Сынып жетекшісінің маңызды міндеттерінің бірі – отбасының бірігуіне, нығаюуына, ата-аналар мен балалар арасында өзара түсіністік, баланың отбасында дамуы үшін жайлы, қолайлы жағдай орнатуына ықпал ету.
Сынып жетекшісі мен отбасының ынтымақтастығы – бұл ең алдымен, отбасын, баланы отбасында тәрбиелеудің ерекшеліктері мен шарттарын жанжақты және жүйелі зерделеуді білдіретін мақсатты және ұзақ жұмыстың нәтижесі. Бұл зерделеудің негізгі аспектілері: – отбасының құрамы, ата-ананың жасы мен мамандығы;
– отбасы өмірінің тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық жағдайы, материалдық қамтамасыз етілуі;
– бала тәрбиесіне қатысудағы ата-аналардың белсенділігі;
– ата-аналар мен балалардың құндылықты бағдарлары;
– баланың күн тәртібін орындауы;
– ата-аналар мен балалардың бос уақыты;
– отбасында міндеттерді бөлу;
– дәстүрлер, отбасылық мерекелер;
– ата-аналар мен балалардың қызығушылықтары, қабілеттері;
– отбасындағы қарым-қатынас болуы тиіс.
Егер сынып жетекшісі ата-аналармен жұмыста үйретушілікке жол бермей, олармен ақылдасып, бірге атқаратын қызметтері туралы келіскенде; олардың педагогикалық білім алу қажеттілігін әдеппен түсіндірген жағдайда педагогтер мен ата-аналардың өзара түсіністігіне қол жеткізуге болады. Ата-аналармен қарым-қатынаста «Сіз қалай деп санайсыз?», «Қалай болатыны туралы бірге ойланайықшы», «Сіздің пікіріңізді білгім келеді» сияқты ойлар жиі айтылуы тиіс. Оқушылардың ата-аналарымен қарым-қатынаста сынып жетекшісі жұмыстың алуан түрін пайдаланады.
Ата-аналарға арналған дәрістер оларды тәрбие мәселелерімен таныстырады, олардың педагогикалық мәдениетін көтереді, бала тәрбиесіне бірыңғай көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Дәрістердің тақырыбын анықтауға ата-аналар мүмкіндігінше қатысуы қажет. Сұрақ-жауап кеші ата-аналар сауалнамасынан кейін немесе топтар бойынша бала тәрбиесінде және олармен қарым-қатынаста туындаған проблемалық сұрақтар құрастыруда жүргізіледі. Бір сұрақтарға педагог жауап бере алады, ал басқа сұрақтарға (мысалы, психология, жыныстық тәрбие бойынша) жауап беру үшін арнайы мамандар шақырылады. Тәрбие мәселелері бойынша пікірталас-ойлану – ата-аналарға арналған, олардың педагогикалық мәдениетін көтеретін қызықты формалардың бірі. Ол еркін жағдайда өтеді, қатысушылардың барлығына проблеманы талқылауға қатысу мүмкіндігін береді. Сынып өміріндегі, отбасындағы, бірге көрген спектакльдер немесе кинофильмдердегі нақты жағдайлар талқылау тақырыбы болуы мүмкін.
Мектеп әкімшілігімен кездесуді жыл сайын өткізіп отырған тиімді. Педагогтер ата-аналарды өз талаптарымен таныстырады, олардың тілектерін тыңдайды. Анықталған проблемалар бойынша әрекет ету бағдарламасын құрастыруға болады. Туындаған проблеманың күрделілігіне байланысты кездесулер жеке кеңестер, әңгімелер, немесе топтардағы жұмыспен аяқталуы мүмкін.
Ата-аналар жиналысында оқу жылына сайланатын ата-аналар комитеті мен педагогтердің өзара қарым-қатынасы ең маңызды форма болып табылады. Ата-аналары аса белсенді және өзара қатынасқа мүдделі сыныптарда ата-аналар комитетінің қызметін өз тілектері бойынша топтарға біріккен барлық ата-ана кезек-кезегімен атқарады. Қажеттілігіне қарай өткізілетін ата-аналар комитетінің отырысында мұғалім мен ата-аналар жиналыста қабылданған идеялар мен шешімдерді жүзеге асыру тәсілдерін дайындайды.
Сынып жетекшісінің ата-аналармен жұмысында ең кең тараған формасы – ата-аналар жиналысы, оның шешімі баланы отбасында тәрбиелеудің негізгі бағыттарын, отбасы мен мектептің қарым-қатынасын күшейту бойынша сынып жетекшісі мен ата-аналар комитетінің қызметін анықтайды.
Тәрбие процесінің нәтижелерін талдау әдістемесі
Тәрбие процесінің тиімділігін анықтауға мүмкіндік беретін негізгі критерилердің бірі – ұжымның даму деңгейі және ондағы қарым-қатынас сипаты. Ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық ахуал ұжым дамуының маңызды сипаттамасы болып табылады, оны зерделеуде келесі көрсеткіштер негізге алынады:
– ұжым мүшелерінің ұжымдағы қарым-қатынасқа, қызметті ұйымдастыру процесіне, басшылыққа қанағаттанушылығы;
– басым көңіл-күйі;
– үлкендер мен кішілердің, ересектер мен балалардың өзара түсіністігі;
– ұжым мүшелерінің басқаруға қатысу деңгейі, өзін-өзі басқарудың даму деңгейі;
– ұйымшылдық, бірлескен іс-әрекеттің нәтижелілігі;
– ұжымның әрбір мүшесінің өз қадірін сезінуі, ұжым үшін мақтанышы;
– ұжым мүшелерінің барлығының қорғалуы. Ұжым мүшелерінің өзара қарым-қатынас жағдайы ұжым дамуының негізгі сипаттамасы болып табылады, ол «мұғалім – оқушы», «оқушы – оқушы», «педагог – педагог», «үлкен – кіші», «ата-ана – педагог», «ата-ана – оқушы», «ата-ана – ата-ана» деңгейлерінде жүзеге асырылады.
Педагогикалық процеске қатысушылардың өзара қарым-қатынасы тиімділігінің тікелей көрсеткіші – оның негізгі сипаттамаларын дамыту болып табылады:
– өзара тану бойынша (тұлғалық ерекшеліктерін, бір-бірінің жақсы жақтарын, қызығушылығын, әуесқойлығын; бірін бірі жақсы білу және тану ұмтылысын; бір біріне деген өзара қызығушылығын білу дұрыстығы);
– өзара түсіністік бойынша (педагогтер мен оқушылардың алдында тұрған міндеттердің, өзара қарым-қатынастың ортақ мақсатын, ортақтығы мен тұтастығын түсіну; қиындықтарды және бір біріне деген қамқорлықты қабылдау; түрлі жағдайдағы мінез-құлық себептерін түсіну; бағалау және өзінөзі бағалаудағы барабарлық; бірлесе қызмет ету тілегінің сәйкес келуі);
– өзара қарым-қатынас бойынша (бір бірінің пікіріне және ұсыныстарына әдептілік, зейін білдіру; бірлесе қызмет етуге эмоциялық әзірлік, оның нәтижелеріне қанағаттану; бір бірінің көзқарасын құрметтеу, тілектестік, аяушылық; ресми және бейресми қарым-қатынасқа ұмтылыс; балалардың бастамашылдығын және дербестігін ынталандыратын қарым-қатынастың шығармашылық сипаты);
– өзара іс-әрекет бойынша (үздіксіз байланыстарды жүзеге асыру, бірлескен іс-әрекетте белсенділік; екі тараптан болған байланыстарды орнатудағы бастама; іске қатысушылық (атқарылған жұмыстың саны, сапасы, шапшаңдығы), өзара көмек негізінде іс-әрекетті үйлестіру, келісушілік; бірін бірі қауіпсіздендіру, көмектесу, қолдау);
– өзара ықпал ету бойынша (даулы мәселелер бойынша келісімге келу қабілеті; жұмысты ұйымдастыруда бір бірінің пікірін ескеру; формасы жағынан негізді және сыпайы екі жақты ескертулердің әсерлілігі, бір бірінің атына айтылған ұсыныстардан кейін мінез-құлық пен іс-әрекеттер тәсілін өзгерту; еліктеу үлгісі ретінде басқаны қабылдау).
Достарыңызбен бөлісу: |