233
Сүлеймен қарақшы
— Ахыретке аттанар кезде жалған сөйлеп не етейiн, Сүлеймен.
Қоқаннан Бекабаға нақты кiмнiң барғанын бiлмеймiн. Тек
қайбiр күнi Бекаба менi шақырып алды да: “Менiң алдымдағы
күнәңдi жуғың келе ме?” — дедi. Басқа амалым болмағандықтан
“иә”, — дедiм. Кiнәлi болғанымның себебi былай: Тәшкенде
аты шыққан дархан шанышқылы
Қараман және Қосаралдың
құлшығашы Парманқұл деген қос қазақ қарақшы бар. Мизам
айында сол екеуi қазақтарды бiрiктiрiп, Бекабаның көзiн жоймақ
болған. Мен Бекабаның қол астында жүрсем де бауырларымды
жақтап, солардың жағына шығып кеттiм. Әттең, Бекабаға
шабуыл жасар күнi Қараман мен Парманқұлды НКВД ұстап,
қамап қойды. Олар ұсталған соң арамыздан қандай сатқынның
шыққанын қайдам, Бекаба жоспарымыздың
бәрiн бiлiп қойды
да, менi үйiнiң астындағы зынданға қамап қойды. Сол зынданнан
шығарып қой, менi осында жұмсағаны. Жаныма бiр жөйiт пен
Қоқанды жақсы бiлетiн бiр сартты қосып бердi. “Қоқанға барған
соң “Тұмарабаттағы” Тұрдақ дегеннiң үйiн тауып аласыңдар.
Сол жақта Сүлеймен деген қазақтың бiр әңгiсi аңырап жүргенге
ұқсайды. Соны пiштiрiп емес, өлтiрiп кел”, — деп жоғарыдағы
әңгiменi қоса айтты. Мiне, осылайша Қоқанға келiп қалдым.
— О, әкеңнiң… Менi әңгiге теңеп жүр ме? Бүгiн менi
Тәшкенге ертiп бар. Мен оны ұрғашы есекке айналдырып, қодық
тастатқызайын, — дедi Сүлеймен түтiге.
— Сабыр етшi, Сүлеймен. Осы, атқа қона сап, жауға шаба
кетуге дайын тұратының-ай, сенiң. Мынаның әңгiмесiн аяғына
дейiн
есiткенiмiз жоқ қой, әлi. Сөйтiп, Құрақ, Тұрдақтың үйiн
таптыңдар. Тұрдақ бұл жаққа қалай жұмсады? — дедi Төрекелдi.
— Тұрдақтың үйiнде үш күн жаттық. Төртiншi күнi
“Құдияррабаттағы” осы Сүлейменнiң үйiн аңдуға кiрiстiк. Мұны
көрсеткен Оқап, Ынсап деген жергiлiктi адамдар. Бiрақ оны
көшеден де, үй маңынан да кездестiре алмай, екi күн жүрдiк.
Үшiншi күнi үйге қай жерден асып түсуге болатынын байқадық.
Сөйтiп жүргенде Сүлейменнiң Оқап танитын бiр адамы кездесiп
қалды…
— Пұсырманқұлдың кешегi кездестiргенi сол Оқап екен ғой,
— дедi Аязбек.