485
Сүлеймен қарақшы
— Бұлар антқа тұратын адамдар деймiсiң. Ей, айтыңдаршы,
сендер антқа берiксiңдер ме?
Мұрсат екi басмашыға қарады.
Басмашылар қазақтарға жауап бермек түгiлi, тура қарауға да
қорқатын сияқты. Жүректерi ұшып отырған сорлылар не десiн?
Осы кезде Құрбан кiрген үйден төрт кiсi шықты. Алдында —
Құрбан. Бәрiнiң қолдарында мылтық. Үй артына қаз-қатар тұра
қалған олар Сүлеймендерге қаратып оқ ата бастады. Бұлар жата-
жата қалысты. Мұрсат кіжінді:
— Қап, жаңа айттым ғой –сенбеңдер Құрбанға деп.
— Жә, болды. Қазiр айтысатын уақыт емес.
Одан да шын
мерген екенiңдi көрсетiп, аналарды бiр-бiрлеп жер жастандыршы.
Бейiсқожаның сөзiнен кейiн Мұрсат мылтығын алға
кезенiп, басмашыларды көздей бастады. Үш-төрт рет оқ атқан
басмашылар берi қарай ентелей жүрдi. Қорықпайтын сияқты.
Ашық келе жатыр.
— Нәлетi таулық, жаңа “антымды
бұзсам қызығымды жер
көрсiн” деп пе едi. Көрсiн, ендi, жер қызығыңды.
Алдағы Құрбан шалқасынан түстi. Оны көрген қасындағылар
бiр сәт тоқтап қалысты. Осы мезет Мұрсат екiншi бiреуiн жер
құштырды. Оның өкiре құлағаны сондай, даусы бұларға анық
жеттi. Тiк тұрған екi басмашы ол сұлап түскенде, оған қарауға да
шамалары келмей, артқа қашты. Мұрсат тағы бiр рет атты. Ендi
қашқанның бiрi етпетiнен түстi. Сол-ақ екен төртiншi басмашы
жата қап, алға еңбектей бастады. Ал
жаңағы құлағаны әлi тiрi
екен. Ол да жер бауырлай алға жылжыды.
— Нәлетiлердi еңбектеген күйлерiнде жерге қадай салайын.
Мұрсат мылтығын тағы оқтай бергенi сол едi, үй бұрышынан
үлкен жүн қалпақ киген бiреу шыға келдi. Еңбектеген басмашы
оған бiрдеңе деп айқайлады. Жүн қалпақты зып берiп, үй
бұрышына тығылды. Бұл кезде Мұрсат мылтығын оқтап
үлгерген-дi. Жараланса да, жандәрмен
алға жылжығанды бiр
атып, қозғалтпай тастады. Оның алдындағыны да бiр атып,
сеспей қатырды.
— Мынау шынымен-ақ мерген ғой.
— Ә, менi бекерге айтады деймiсiң, Сүлеймен.