518
Сүлеймен қарақшы
қиқы-жиқы үйлердiң арасынан Құрақтың мекенiн жаңылмай, тез
тапты. Дауыстап едi, үйден он алты-он жетi жастағы бiр бозбала
шықты.
— Кiмнiң баласысың?
Бұлармен амандасқан бозбала Сүлейменге қарап тұрды.
— Сiз баяғыда бiздiң үйде болған едiңiз-ә?
— Егер Құрақтың баласы болсаң, осы үйде болғанмын. Әкең
қайда? Жағдайы қалай өзiнiң?
Бозбала төмен қарады. Сәлден соң басын көтердi. Жүзi мұңды.
— Көкемнiң өлгенiне бiр жыл болды.
— Алда, жазған-ай! Ойбүй, шырағым-ау, оны естiмеппiз.
Иманды болсын. Жүр-ей, Тағай, үйге кiрiп құран оқып шығайық.
Сүлеймен үйге кiргенде жаман иiстi сездi. Үй iшi бұрынғыдан
жүдеу. Тағай күбiрлеп, құран оқыды. Ол болған кезде Сүлеймен
бозбалаға бұрылды:
— Iлгерiде бiр келгенiмде сендер екi-үшеу сияқты едiңдер.
Iнi-қарындастарың қайда? Далада ойнап жүр ме?
— Ата-ау, бұл үйде мен жалғыз қалғам. Әкем төсекте көп жыл
жатты.
Денесi шiрiп, иiстенiп жатты. Сол иiстен бе, жоқ әлде
басқадан ба, iнiм мен қарындасым бiрiнен соң бiрi қатты ауырып,
өле бердi. Көкем өлгенде жерлесуге
келген көршiлер денесiн
ұстай алмады. Қай жерiн ұстаса да, үзiлiп кете бердi. Атаңа нәлет
Бекаба, осының бәрi соның кесiрi.
Бозбала қыстығып жылап жiбердi. Сүлеймен не дерiн бiлмедi.
Тағай тапқан сөзiн айтып, оны жұбатты. Жүрегi шымырлап,
iшiндегi Бекабаға деген кек одан бетер қатайған Сүлеймен терең
бiр күрсiндi.
—
Айналайын-ау, жалғыз қалған екенсiң-ау. Жә, тағдырға
не амал бар. Өзiң ендiгi үлкен жiгiт болып қалыпсың. Әкеңнiң
отын сен жағарсың бұдан былай. Қамыға берме, шырағым. Мә,
қарағым, мынаны ал. Күнкөрiсiңе жаратарсың, — деп белбауына
қыстырулы тұрған бiр буда ақшаны бозбаланың алдына тастады.
Қанша дегенмен жас жiгiт емес пе. Ақшаны көргенде қамыққан
жүзiнде қуаныш табы байқалды.
— Рахмет ата, рахмет!
— Айтпақшы, шешелерiң сол күйi оралмады ма?
— Оралмады. Бекаба сұм оны да өлтiрiп қойған шығар.