Дістемелік кешені



бет35/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   73
tzha keshen-2022-2023

Лекция 10. Тақырып:
Қазіргі қазақ романдарындағы тарихи дерек пен қиял қосындысы.
10.1 Д.Досжановтың «Алаң» романындағы тарихилық пен көркемдік қиял.
10.2 І.Есенберлиннің тарихи романдары («Мұхиттан өткен қайық»)
1.XX ғасырдың 80–90-жылдары мен XXI ғасырдың бас кезіндегі прозалық романдарымызда Қазақстанның жаңаша дамуы жолындағы тарихи өзгерістері тақырып нысанына айналды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің бұрынғы Кеңес Одағын құрайтын аты «Одақтас», бірақ Ресейге толық тәуелді халықтардың тағдырларына түбегейлі өзгерістер әкелгендігі әдеби шығармашылық әлеміне де ықпал еткені мәлім. Осы тарихи оқиғадан кейін Қазақстандағы және шетелдегі қазақ халқының мыңжылдықтар белестерінде қалыптасқан өзіндік өркениет дәстүрлерінің рухани құндылықтарының өткені мен қазіргісі, болашағы әдеби шығармалар, ғылыми-зерттеулер арқылы мол жазыла бастады.
Шетелдердегі және Қазақстандағы қазақ жазушылары ұлтымыздың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан өркениеті бар екендігін, сонау сақ, ғұн, түркі дәуірлерінен бері қарай планетамыздың барлық түкпірлеріде жауынгерлік жорықтарымен, мемлекеттік құрылымдармен әбден танымал болғандығымыз туралы көрнекті еңбектерді жазып жариялады, бұл үрдіс үздіксіз жалғасуда.
Қазақ ұлты тағдырының бейнеленуіндегі тарихилық пен көркемдік қиял тұтастығы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі салтанат құрған жаңа тарихы басталған XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасыр басындағы қазақ прозасы романдарынан байқалады. Бұл орайда, көрнекті жазушы Дүкенбай Досжановтың романдарын айтуға болады.
Жазушының «Алаң» (1993) атты романының тарихилығы, шығарма желісі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі құжаттық деректерге, нақты прототиптерге
сүйене жазылған реалистік сипатымен танылады
.
Романның он бір тараудан
құралған композициясы, сюжеттік бөліктері авторлық эпикалық
баяндаулармен, философиялық толғаныстармен, психологиялық талдаулармен, кейіпкерлердің монологтарымен, диалогтарымен, т.б. поэтикалық тәсілдермен өрнектелген. «1. Романға барар жол немесе кіші ұлтты ұлылап ұстайық», «2. Роман бастауы, жастар көтерілісі», «3. Роман қақтығыстары», «4. Роман – сынақ алаңы», «5. Романның қиын түйіні», «6. Романның соттағы оқиғасы», «7. Роман шырғалаңы – ажал», «8. Романның сын сағаттағы кейіпкері», «9. Романның 92-жылғы оқиғасы. Абылайхан», «10. Романның 37-жылғы оқиғасы. Мағжан», «11. Роман сағасы, әкелер көтерілісі» атты тарауларда ұлт тағдырындағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тұрмыстық мәселелерді эпикалық шығарманың көркемдік жүйесі, шешімі арқылы жеткізуге тырысқан.
Роман тарауларының басты кейіпкерлері – XX ғасырда өмір сүрген, қызметтері Қазақстан тарихына қатысты болған адамдар. Бұлар – көркем шығарма поэтикасы заңдылығы бойынша прототиптер. Академик З. Ахметовтің қисыны бойынша: «Прототип (грек. prototypon – түп, төркін бейне) – әдебиет шығармасындағы кейіпкердің бейнесін жасауға тірек, негіз болатын болған адам, өмірде бар бастапқы түпкі тұлға. ... әдеби кейіпкердің тұлға-бейнесі, образы нақтылы бір прототипке негізделіп жасалғанымен, әдебиетке, көркем өнерге тән типтендіру, жинақтау принциптеріне сәйкес және жазушының нақтылы шығармасындағы идеялык нысанасына орай сомдалып, өзгеше сипат алады» [74, 170 б]. Бұл пікірге сүйене отырып, «Алаң» романындағы прототиптілік негізділігін сақтай отырып, бірақ көркем шығарма талабына орай әдеби тұлға тұғырында бейнеленген тарихи қайраткерлер тұлғаларын көреміз.
Қазақ поэзиясындағы алашшылдық – түрікшілдік ұраншысы Мағжан Жұмабаев, қайраткер-қаламгерлер Смағұл Садуақасов, Сапарғали Бегалин, Созақ көтерілісінің көсемі Сұлтанбек хан Шанақұлы, адамзат бейбітшілігінің жоқшысы, академик Андрей Дмитриевич Сахаров, Семейдегі атом бомбасы сынақ орынын жабу ісінің күрескері Рым Смакұлы, Желтоқсан көтерілісінің күрескері, Халык Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков (романда Қайран Рысқұл) – тарихи шындық реализмімен бейнеленген. Романда прототиптік негіздегі әдебиленген кейіпкерлер қатарында облыс, аудан басқарған отаншыл-ұлтшыл көзқарастағы Ырыс Мырза, Оразкүл жаңа нарықтық экономика заманының бизнес әлеміндегі өкілі Абылайханның іс-әрекеттері кезең тынысына сәйкес өрілген.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасын жасаған Жандардың шеберханасындағы ойлану-толғануы мен қолымен істеген ісі нәтижесінің сарапқа салынып жатқан кезінде туындының ұлттық және жалпыадамзаттық гуманизм рухы биіктігінде көркемдік киял жинақтауымен берілген мағыналарын автор кейіпкерінің сөзімен түсіндірген:
«– Желтоқсан окиғасы қазақ ұлтының жүрегіне түскен жара, беті қара котырланып келе жатқан жараны ақылы бар адам тырнамас болар. Әлгі де алтын пырақтың ай мүйіз иесі деп қайран қалғандар болды. Түсіндірейін: пырақтың жалы деп ұққандарың – замана желі, күнге қарсы жұлдызша аққан сәйгүлікті көргеніңіз бар ма, сол мезетте екі құлағының арасынан от өрілгендей сезілер, сіздердің мүйіз деп тұрғандарыңыз тік шаншылып өрілген от, ұлт арманы, келешекке зау биікке созған қолы – символдық мегзеу, тұспал деп қабылдаған лайык. Өнерді маңдайдағы көзбен көру бар да көкіректегі көзбен сезіп білу бар. Жұмыр жердегі қилы мақұлықты қиыстырып қаз қалпында елтаңбаға көшіру тапқырлық емес. Адам әлемі әдемі айшық тапсын, елдік жерлік белгі де сол әлемнің толғанысы, қозғалысы сөйлесін. Мегзеу, мүсіндеу деп тұрғанымыз «ұрпаққа айтсақ-ау, мұра етсек-ау» деген ойдың айшығы, соның тұспалы. Қара шаңырақты аспанға шапшыған ай мүйізімен корғап, дөңгелек дүниенің дүлділі болар екпін мен ерлік бойымызда бар деп қарсы ұрып тұрған тұжырым мынау ағайын!» [161, 213 б].
Бұл романның идеялық нысанасын айқындайтын авторлық дүниетаным биіктігі.
Көркемдік қиял – өмір шындығы негізінде адам ойының романтикалық сарынды кеңістігін танытатын шығармашылық тәсіл. Жазушы Д. Досжан «Алаң» романындағы сюжеттік-композициялық желідегі тарихилық сипатты көркемдік қиялымен туындаған толғаныстарымен, жинақтауларымен қоса өріп отырады. Профессор С. Негимовтің пайымдауы бойынша: «Көркемдік қиял – көркемдік ойлау ерекшелігі, суреткердің дүниеде, өмірде болатын, болуы мүмкін нәрселерді, жай-жағдайларды, қиял арқылы елестету қабілеті, бейнелеп көрсету тәсілі.
Көркемдік қиял шындық пен шарттылықтың бірлескен тұтастығына негізделеді» [74, 116 б].
«Алаң» романында жазушы кейіпкерлерінің сомдалуында олардың оңашадағы ойланулары-толғанулары, кейбіреулердің түс көрулері және т.б. тәсілдерін шығарма композициясында мол қолданған.
Романдағы тарихилықтың көркемдік қиял арқылы романтикалық-реалистік сипатпен танылуы – кейіпкерлерінің нағыз ұлтын сүйген шын ұлтшыл-отаншыл көзқарастарын даралай танытатын тұстарында айқындала түседі. Мысалы, «Роман және сынақ алаңы» тарауының кейіпкері Бақытбектің Қазақстан Республикасы Президентінің тобымен бірге Түркияға, Иранға барған ресми сапарынан оралып келе жатқандағы самолет ішіндегі Елбасы екеуі арасындағы әңгімелесуден туындаған мегзеулі ойлар жүйесі шығармадағы идеялық түйінді анықтайды: «... Бақытбек Президенттің нұсқаған жағына көз салған беті, ет, жүрегі дір етіп шімірігіп кетті. Қара қошқыл алып бұлт жолбарысқа ұқсап, бүкіс белін бүгіп көкжиектен бермен нығыз тұтаса жатып алыпты. Күн сәулесін өткізер емес. «Неге ұқсайды?» – деді Президент. «Жолбарысқа келеді екен, қандай қорқынышты». «Иә, сайын сахарада желдей есіп, осынша кең даланы иемденіп өтіп өткен қазекемнің кешегі күні қандай болса, бүгіні де сондай ... жұтып қойғысы келіп аранын ашқан, аңдыздаған жолбарыс көп ... құтылудың жалғыз жолы – біз де жолбарыс бола біліуіміз қажет!» Нені мегзеді, қалай ұқтырды ...
Ешкім өз тағдырын таңдамайды. Тағдыр адамның талайына жазылады. Мына мазасыз алмағайып, андыздаған уақытта түлкі болып тағы шекең шылқымайды, тазы болып кімді, қалай шалмақшысың; қасқырға ұқсап саяқ жортып не оңдырады; текті ауыздан шыққан аталы сөз әлгі – қазаққа жолбарыс болмай теңдік жоқ » [161, 112 б].
Романның «Алаң» болып аталуының философиялық-символдық мағыналық астарын жазушы тараулардағы, сюжеттік бөліктердегі толғаныстарымен өріп беріп отырады. Алғашқы «Романға барар жол» тарауында атомның теріс, оң тебуінің күшінен протон мен нейтрондардың газды ортада сұрапыл соқтығысқа ұшырауы жаңалығын ашқан, кейін сол жаңалығының адамзатқа апат әкелуіне қарсы болған «Өркениет, бейбіт қатар өмір сүру және жеке бастың бостандығы туралы ойлар» атты еңбегімен, Кеңес Одағының тоталитарлық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы шыққан академик Андрей Дмитриевич Сахаровтың ой-толғаныстары – жазушының философиялық толғаныстарымен дәйектелген.
Романға тақырып болған «Алаң» сөзінің философиялық-психологиялық мағынасы арқылы жазушы осынау өткінші жалған фәни дүниенің сипатын бейнелейді:
«Біле-білгенге дөңгелек жарық дүние – үлкен алаң. Алаңға шығып пікірін ашық айтуға әркімнің жүрегі дауаламайды. Көп пенде өмір бойы айтамын деп діттегенін айта алмай өтеді. Қолын сермелеген көсемдердің, басы қақшаңдаған жолбасшының соңынан қойша сүмеңдеп ілеседі, қара бастың қамымен мәзденеді, тобыр көбейтеді, өз әлінше, өз білгенінше біреу ілгері, біреу кейін жүріп дүниеден өтеді, өліп-талып алаң шетіне жетеді.
Алаң – адам тағдыры. Жарық дүниеге келген екенсің: күнделікті тәубаң бейнетің болсын, жүрегіңнің басынан шүкіршілік кетпесін. Алаңнан жүріп өту бұйырған екен: білеріңді, түйгеніңді жұрт алдына шығып айтып қал, дабыраны көбейтпе, даралануға ұмтылып бақ дер едім. Қайтсем де дараланам, дабыраям деп ізет шекарасынан аттама, өзім білемге семіріп, Тәңірінің көзіне түсіп жүрген жолаушыға таң қалам, алаңнан аман-есен өтуіне тілек қосам» [161, 21 б].
Роман композициясына тұтастай желі болып тартылған тарихилық пен көркемдік қиялдың егізделе өрілген жолы эпикалық шығарманың соңындағы «Түйін» бөлімінде жинақтала қорытындыланған. Романның әуелгі тарауында тұжырымдалған фәни жалған дүние – алаң кеңістігінен кейінгі тараулардағы кейіпкерлердің күнәлі немесе күнәсіз өту дәрежесіне қарай бақи дүниеге кірер қақпа аузындағы имантаразысынан барша пенделердің өтіп жатқандағы хал-ахуал бейнеленген.
Автор осы арада бақи дүниедегі имантаразысынан өту сынағына түсу туралы жазылған әлем әдебиетіндегі Альигери Дантенің «Құдіретті комедиясымен», «Мың бір түндегі» жер асты елімен, «Тәураттағы» Иса пайғамбардың сары бауыр сахарасымен, Джозеф Конрадтың күнәкарлар мен есуастар мекені «Тамұғымен» салыстырады. Жазушы роман тарауларындағы оқиғалар сюжеттерінде даралана мінезделген кейіпкерлерінің фәнидегі күнәлі немесе күнәсіз болу дәрежелерін имантаразасынан өту сәттеріндегі романтикалық сарынды көркемдік қиялмен түйіндейді. Фәни – Алаңнан өту деңгейіне қарай Бақи-Имантаразысындағы бағалану – тарихилықтың көркем шындық тілімен өрнектелуі.
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ прозасының романдарында тарихилық пен көркемдік қиялдың тұтаса өрілуі – қаламгерлердің классикалық әдебиет үрдістерін шығармашылықпен игеруінің көрсеткіштері. Әлем әдебиеттерінің әдеби тек жанрлары шығармаларындағы көркемдік шындық поэтикасы заңдылықтарын игеру арқылы қазақ әдебиеті де өркениеттегі өзіндік ұлттық бояулы болмысымен танылуда. Қазақтың ұлттық рухани құндылықтары дамуының өркениеттегі жетістіктері арқылы мемлекетіміздің беделі де нығая түсері ақиқат.
2. Көркем әдебиет шығармаларындағы өмір шындығының нақты деректік негізі – тарихи тұлғалар. Сөз өнері тарихының кезеңдеріндегі шығармалар кейіпкерлерінің барлығы да өмір сүрген ортаның, ондағы жеке адамдарға негізделіп сомдалды. Қазақ және әлем халықтары әдебиеттеріне ортақ бұл поэтикалық заңдылық арқылы ұлттық және жалпыадамзаттық тіршілік қозғалысы жүйесі айқындалады.
Қазақ әдебиеті мұралары – әлем өркениетіндегі өзіндік қалыптасу, даму жолы бар ұлттық рухани мәдениет қазынасы. Ежелгі дәуірдегі түркі өркениетінің жазба жәдігерліктері мен ауызша авторлығы сақталған мұралардағы басты кейіпкерлердің өмір шындығы аясындағы сипатының халық ортасынан алынған деректілігі басты орын алады. Бұл көркемдік үрдіс кейінгі әдеби даму кезеңдерінде де үздіксіз жалғасып келеді.
Қазақ романдарындағы өмір шындығы дерегінің нақты көрінісі – тарихи тұлғалар. Қазіргі қазақ романдарындағы тарихи тұлғалардың прототиптік негіздері – халыққа мәлім қоғамдық-әлеуметтік шындық. Бұл орайда, ХІХ және ХХ ғасырлардағы қазақ тұрмысының ортасын айқын көрсететін тұлғалардың да романдардағы бейнеленуі – өмір тағылымын танытады.
Академик З. Ахметовтің теориялық тұжырымы – анықтамасы қазіргі қазақ романындағы тарихи тұлғалардың поэтикалық бейнеленуін түсінуге бағдарлайды:
«Прототип (грек. prototypon – түп, төркін бейне) – әдебиет шығармасындағы кейіпкердің бейнесін жасауға тірек, негіз болатын өмірде болған адам, яғни, өмірде бар бастапқы түпкі тұлға.
Шығармадағы кейіпкер мен уақиға нағыз өмірден алынғанда да, олар қаламгердің өмірлік тәжірибесімен, бұрынғы көрген-білгендерімен ұштасып, оның қиялында туған сезім-әсерлермен сабақтасады. Өйткені өмірден көрген сол кейіпкер мен уақиға жазушының жанына жақын болмаса, ой-қиялымен арман-мақсатымен жанаспаса, ол тіпті соларға елеңдемеген, мән бермеген де болар еді.
Сөйтіп, әдеби кейіпкердің тұлға – бейнесі, образы нақтылы бір прототипке негізделіп жасалғанымен, әдебиетке, көркемөнерге тән типтендіру, жинақтау принциптеріне сәйкес және жазушының нақтылы шығармасындағы идеялық нысанасына орай сомдалып, өзгеше сипат алады» [74, 171 б].
ХХ ғасырдың 90-жылдары мен ХХІ ғасырдың бас кезінде жаңа тәуелсіз Қазақстанның әдебиетіндегі романдарда тарихи тұлғаларды бейнелеуде прототиптік негізділік белсенді сипатқа ие болды. Себебі, тәуелсіздгі жарияланған Қазақстанның бұрынғы, соңғы тарихындағы бұрын толық айтылмай келген мәселелер, яғни «Ақтаңдақ беттер» болып аталып жүрген мәселелер кең қамтыла жазыла бастады. Қаламгерлердің барлығы да қазақ тарихындағы бұрын жаңсақ түсіндіріліп келген оқиғалардың, қайраткерлердің өмір шындығы негізіндегі шынайылығын сақтай жазуды игерді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет