Осы мұнараны салдыру оңайға түспейді. Кіші ханымды сыртынан көрген
сәулетші жас жігіт оған өлердей ғашық болып қалады. Сөйтіп, мұнараның
соңғы кетігін бітірмей жүріп алады. Кіші ханым өзінің киімін кигізіп, бір
қызметші қызды жібереді. Шебер оған (Кіші ханым деп ойлап) ғашық екенін
айтады. Әмірші айналасы да Кіші ханым мен шебердің арасында бірдеңе бар
деп есептейді, бірақ ешқайсысының қаһарлы ханға айтуға жүрегі дауаламайды.
Тек бәйбішесі – Ұлы ханым өзегін құрт жеген қызыл алманы Әміршіге
жіберткізу арқылы оның ең сүйікті әйелі Кіші ханымның «сырын»
әшкерелемек болады.
Қызметші әйел құрты бар алманы алтын табаққа салып әкеліп жүреді.
Әмірші арасын ашып қараса, бұлаңдап құрт шығады. Қызметшілерінің
алдында мінез шақырып жатпайтын; байқамаған боп табаққа қоя салды.
Қызметші әйел шығып кеткенде, Әміршінің көзі қақ алдында жатқан манағы
нарт қызыл алмаға түседі. Бұл жолы пышақпен кесілген сызығы ақсиып
айқын көрінеді. Өзін өзге тағамдардан бөлектеп оқшау қойыпты.
Бұдан соң Әміршінің ойы онға бөлінеді: «Иә, көк мұнараның өне бойынан
өліп-өшкен махаббатты тану қиын емес. Бірден көзге ұрып тұр. Бірақ сол кімнің
кімге махаббаты? Көк мұнара алыс жорықтағы еріне ынтыға қол созған
сағынышты жар ма, жоқ алыстан қол созған ғашық жүректі «мен мұндалап»
қасына шақырған сиқыр сұлу ма, қайсысы? Мана бұл қасынан көзі қиып кете
алмай көп қараған жоқ па еді, сонда сиқыр мұнара өзіне тартып тұрмап па еді?
Сонда оны салған шебер нені бейнелеген болды? Алыстағы жарын күткен
сағынышты бейнелесе, қасына барғанда, асқақтап аспанға қарап жатып
алатыны несі, сәл алыстасаң болды, қайтадан өзіне баурап, қараған көздің шырқ
айналып шыға алмайтыны қалай? Жоқ, жоқ, шебер мұнараны салдырған
ханымның алыс жорықтағы жарына деген пейілін емес, өзінің ханымға деген
көңілін бейнелеген...».
Достарыңызбен бөлісу: |