Эффузиялық магматизм және бедер пішіндері. Интрузиялық магматизмнен басқа эффузиялық магматизм немесе вулканизм жер бетінде жиі кездеседі және ерекше көрініс береді. Эффузиялық таужыныстар (лат. effusio төгілу, жайылу) жанартау өңешінен немесе жер қыртысындағы тектоникалық жарылымдарды бойлап жер бетіне шығып төгілген магманың суып қатаюы есебінен пайда болған таужыныстар.
Эффузиялық магматизм (вулканизм) - арнайы жанартаутану (вулканология) деген геология ғылымының зерттеу нысаны. Бірақ бірқатар жанартаулар құбылыстарының геоморфологияға тікелей қатынасы бар. Жанартау каналдарының жер бетінде шығу мұржасына орай олар - кеңістікті, жарықшақты және орталықты деп үш түрге бөлінеді.
Магманың жер бетіне шығуы жанартау өңештері арқылы жүзеге асады. Атқылап шыққан балқыған лавалар және олардың қатты бөлшектері жер бетінде конус тәрізді жанартау пішінін құрайды. Оның төбесі дөңестеу келеді де, орта тұсында тостаған тәрізді ойыс - жанартау көзелігі (кратер) пайда болады. Көзелік түбіндегі көмейі (жерло) магманың каналымен ұштасады.
Жанартау өнімдерінің жер бетінде көрініс беру ерекшелігіне орай жанартау төрт морфогенетикалық түрлерге бөлінеді. Олар экструзиялық, эксплозиялық, эффузиялық және эффузиялық-эксплозиялық түрлер.
Экструзиялық (латын. extrusio - сығу, итеру) жанартаулар - қышқыл липариттік лавалардың сығымдала көтерілуі нәтижесінде қалыптасқан күмбезді пішіндер. Бұндай лавалардың тез сууы салдарынан және өте тұтқыр болғандықтан, ағуы күрт бәсендейді де жалпы лавалық ағымдары болмайды. Бұлар тікелей жанартау көмейінде шоғырланады және сол жанартау ернеулері өңіріндегі күмбездерді құрайды. Осындай күмбездердің ауқымы көлденеңінен бірнеше шақырым, биіктігі 500 м-ден аспайды. Мұндай экструзиялық күмбездер Франциядағы Орталық массивте, Арменияда және басқа жерлерде кездеседі.
Жанартаудың эксплозиялық әрекеті жарылыстар мен қопарылыстардың кеңінен етек алуымен, сөйтіп ірілі-ұсақты кесектермен күлдердің және жанартау газдарының аспанға атқылауымен ерекшеленеді. Бұған мысал Маар жанартауы. Маар жанартауы, конус пішіндес құрылымымен айшықталмаған атқымалар есебінен қалыптасқан онша биік емес белестермен шектелген жайпақ түпті қопарылыс көзелігі (кратері). Қазіргі дүние жүзіндегі белгілі маарлар сөнген, қалдық құрылымды пішіндер. Көптеген маарлар ылғалды климаттарда сумен толып, көлдерге айналған. Маарлардың ауқымы көлденеңінен 200 м-ден 3,5 км-ге дейін, терендігі 60-тан 400 м-ге дейін барады. Ұзақ уақыт бойы денудация әсерінен жанартау аппаратының беткі бөлшегі жойылған қопарылыс көзелігін қопарылыс құбыры (трубки взрыва) деп атайды. Бірқатар жағдайларда ертедегі қопарылыс құбырлары асанегізді (ультранегізді) магмалық таужыныстармен кимберлитпен толтырылған. Кимберлит - алмас түйірлерін кіріктіретін женттастар. Алмас кенорындары (Оңтүстік Африка, Бразилия, Якутия) негізінен кимберлиттік құбырлармен байланысты. Ендеше қопарылыс құбырлары алмас кендерін іздестіруде сілтемесі рөлін атқарады.
Жанартаудың эффузиялық түріне оның көмейінен көтерілген сұйық лава тасқындарының лақылдай төгілуімен сипатталады. Бұған қалқанды жанартаулар жатады.
Қалқанды жанартаулардың кең тараған жері - Исландия аралы. Бұл жерде олардың кіші көлемді түрі көп кездеседі. Мысалы, Диньгия жанартауының көлденеңі 6 км, биіктігі 500 м, көзелігінің көлденеңі - 500 м. Осы жанартаулардың геологиялык қимасы лавалардың бірнеше мәрте жер бетіне . құйылуымен байланысты, жанартау жыныстардың қат-қабатталуымен сипатталады.
Қалқанды жанартаулардың бұдан басқа кең тараған жері -Тынық мұхиттағы Гавай аралдары. Гавай жанартаулары Исландия жанартауларымен салыстырғанда көлемі жағынан ірілеу. Гавай аралдарының ең ірісі қалқан текті үш жанартаудан құралған. Соның ішіндегі Мауна-Лоа жанартауы теңіз деңгейінен 4170 м биіктікке көтерілген, ал түбі 5000 м тереңдікте жатыр. Олай болса, оның жалпы биіктігі 9000 м-ден асып түр, демек, көлемі жағынан бұл дүние жүзіндегі ең үлкен жанартау болып саналады. Аса зор мөлшеріне қарамастан Гавай жанартаулардың жоталары жайпақтау, беткейлердің еңісі 3-10°-тан аспайды. Лавадан құрылған жайпақ жанартау төбесінің ортасында өте зор көзелік орналасқан.
Эффузиялық-эксплозиялық жанартаулардың қалыптасқан кезінде лавалардың жайбарақат төгілуі және ірілі-ұсақты материалдарының атқылауы бір-бірімен алмасып отырған жағдайларда, лава тасқындарымен пирокластикалық материалдарының бір-бірімен қабаттала астасуы нәтижесінде қат-қабатты жанартаулар (стратовулкан) пайда болады. Қат-қабатты жанартаулар жанартау құрылымдарының ішінде ең ірілерінің бірі болып саналады. Бұлардың ішіндегі биіктігі 3-4 км-ге жеткен таулар да бар. Кейбіреулері тіпті 6 км-ге дейін жетеді. Оларға Жапониядағы Фудзияма, Камчаткадағы Ключевск, Корякск, Авача және Козельск, Мексикадағы Попокатепетль жанартаулары және т.б. жатады. Көптеген жанартаулардың шыңдарында мәңгілік қарлар мен мұздықтар бар.
Жоғарыда айтылғандай, көптеген жанартау төбесінде тостаған тәрізді кішігірім қазаншұңқырлар бар. Оларды жанартау кратері дейді. Осы кратер түбіндегі көмейі арқылы жанартау заттары жер қойнауынан көтеріліп атқылайды. Ірі жанартауларда бірнеше кратер пайда болуы мүмкін, олар көбінесе жанартау беткейлерінде дамыған. Бұларды қосарланған (масыл) жанартаулар деп атайды. Көзеліктердің түбі лава және көзелік қабырғаларынан құлаған таужыныстарымен толады. Өте көлемді көзеліктер гавай текті жанартауларда кездеседі.
Жанартау көзелігі атқылау саны жиілеген кезде оның жан-жағы опырылып кетіп, кеңейіп үлкен қазаншұңқыр пайда болады да, оны кальдера деп атайды. Кейде кальдера орасан зор қопарылу әсерінен пайда болады. Кейіннен атқылау қайта басталса, кальдераның түбінде жаңа жанартау конусы түзіледі.
Жанартаулардың атқылау кезінде шығатын сұйық лава таужыныстары жер бетінде ерекше бедер пішіндерді құрайды, бұл лаваның ағу бейімділігі (аққыштығы) мен оның құрамына байланысты. Өте қою және тұтқыр лава төскейдің жоғарғы жағында-ақ қатып үлгереді. Ал, лаваның тұтқырлығы өте жоғары болса, ол жанартаудың көмейінде-ақ қатады да "лавалық бағана" немесе "лавалық бармақ" құрайды.
Лавалық тасқындар қатая бере үстінен күйінді кабыршақпен қапталады. Егер қабыршақтың астынан қатпаған лава ағып шықса, онда лаваның ішінде грот немесе лавалық үңгірлер пайда болады. Үңгірлердің күмбез жағы қопарылып құлайтын болса, олар бедердің теріс пішіндеріне айналады. Осындай қуыстар мен теріс пішінді лавалық науалар. Камчатканың жанартау ландшафтарына тән.
Газ лаваның арасынан атқылап шыққан кезде, оның бетінде кішкене шоқы тәрізді үйінділер қалыптасады. Мұндай бедерлерді горнито деп атайды. Атқыламай, бір қалыпта баяу шыққан газдарды фумарола дейді. Одан бөлінген бірқатар заттар атмосфералық жағдайларда қоюланады да, газ шығып жатқан жердің айналасында шоғырланады.
Теңіз түбіндегі жанартаулар атқылаған кезде лаваның беткі қабаты судың әсерінен тез суиды. Оған қоса су қабатының едәуір гидростатикалық қысымы лаваның жарылу процесіне кедергі болады. Соның себептерінен су түбіне төгілген лавалар есебінен қалыптасқан эффузиялық таужыныстар сырт пішіні шар тектес немесе көпшік тұрқылас шоғырларды құрайды. Әрбір шар тектес құрылымдардың ішкі құрылысы концентрлі болып келеді, ал олардың сыртқы бейнесі кеуек пішінді немесе шыны тектес қабатшамен қапталған.
Жанартау аймақтарының да өзіне тән ерекше флювийлік бедер пішіндері қалыптасқан. Еріген сулар, сазды тасқындар, атмосфералық сулар жанартаулардың баурайларын шайып радиалды жыра жүйесін құрайды. Оларды барранкостар деп атайды. Бұлар жанартау төбесінен радиалды таралған терең эрозиялық жыралар. Жалпы айтқанда, жанартаулы аймақтарда өзен тораптарының бейнесі радиалды сипатымен ерекшеленеді.
Көптеген жанартау аймақтарында, жер бетіне дүркін-дүркін ыстық су мен бу атқылап тұратын көздер кездеседі. Оларды гейзер (исландықтарша qeyser - құйып кету) деп атайды. Гейзердің ыстық суы үйлерді, жылыжайларды (теплицаларды) жылыту, электр қуатын алу үшін пайдаланады.
Эффузиялық жанартау әрекеті дамыған аймақтарда жер бетінде денудациялық және қашаланған бедер пішіндері жиі тарайды. Мысалы, қалың базальтты тасқындар мен жамылғылар салқындағаннан кейін атмосфералық агенттер әсерінен үгіліп жарылып жеке-жеке бағаналарға айналады. Осындай тік бағыттағы, кейде көп қырлы бағаналар өзен немесе теңіз жағаларында толқын су әрекетінен тілімделіп керемет көріністерді елестетеді. Кейбір лавалық жамылғылардың үсті көпбұрышты бөлшектерге жарылып, көптеген полигоналды микропішіндер құрайды.
Жанартау бедері ұзақ уақыт үгілу әрекетінен ең алдымен пирокластикалық материал (кесек бөлшектер мен түйірлер) бұзылады. Одан кейін лавалық және басқа төзімді магмалық заттар экзогенді қашалау әрекетіне ұшырап бұзыла бастайды. Ең соңында жанартау көмейінде кептеліп қалған тік бағандарға ұқсаған көмейтас (некк) сақталып қалады.
Мұхит түбінде, морфологиялық жағынан құрлық бетіндегі жанартаулық жарылымдарға ұқсаған су асты жанартаулары, жанартау қыраттары және басқа да жанартаулы ірі құрылымдар жиі тараған. Тынық мұхит түбіндегі оңашаланған су асты жанартауларын "гайота" деп атайды. Олар 250-2500 м тереңдіктегі өңірде байқалады. Кейбір ғалымдар гайоталарды, кезінде су бетіне шығып тұрған жанартаулы аралдар қалдығы деп есептейді.
Достарыңызбен бөлісу: |