Хх ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелері



Pdf көрінісі
бет3/27
Дата26.02.2023
өлшемі1.37 Mb.
#470079
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27
kopbaeva mr khkh gasyr basyndagy kazak debieti tarikhynyn ms

 
 
 
 
 
 


 
 
 
ХАЛЫҚ АРАСЫНАН ШЫҚҚАН ӘНШІ-АҚЫНДАР.
ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫ 
(1867-1923) 
Лекцияда қаралатын мәселелер: 
1. Әсет Найманбайұлының шығармашылық ғұмырбаяны. 
2. Әсет Найманбайұлының әндерінің шығу тарихы.
3. Әсет Абай дәстүрін жалғастырушы.
4. Әсет Найманбайұлы шығармаларындағы бай мазмұн мен алуан формалар.
5. Әсет батыс пен шығыс мәдениетін меңгерген өнерпаз.
6. Әсет Найманбайұлы ел өнерпаздарының насихатшысы.
7. Әсет Найманбайұлы шығармашылығының зерттелуі. 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 1997, 709-719-беттер. 
2. Әсет. Өлеңдер, әуендер, айтыстар, дастандар, хикаялар, естеліктер. Алматы, 1968. 
3. Бес ғасыр жырлайды. ІІ том, Алматы, 1989, 337-345-беттер. 
4. Жұбанов А. Халық композиторларының творчествосы. Алматы, 1942.
5. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. Алматы, 1963.
6. Затаевич А.В. 1000 песен киргизского (казахского) народа. (Напевы и мелодий). 
Оренбург, 1925 г.
7. Онтология казахской поэзии. Алма-Ата. 1958.
8. Жұбанов А.Қ. Ақын жырлары. Алматы 1958.
9. Әбдірахманов Т. ХХ ғ.б. қазақ әдебиеті. Октябрь алдындағы кезең. А., 1983 
10. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті, Алматы, Қазақ 
университеті, 2002.
11. Тебегенов Т. Әдебиет тарихы, Алматы, 1999.
12. Тебегенов Т. Халық ақындары, Алматы 1997.
13. Жеті ғасыр жырлайды: 2 томдық, Алматы. Жазушы, 2004. 2-том. 528 б.
Өткен ғасырдың ІІ жартысында өмір сүріп, әлеуметтік, ғибраттық ойларын 
өлеңмен, әнмен таратқан Абайдан бастап ақындық өнер қазақ арасында жаңа сапаға 
ауысты. Ақын сөз шебері ғана емес, бүкіл ел қамын ойлайтын білімді, әлеуметтік 
қайраткерге айналды. Міне сол дәуірде Абай айналасында бір топ білімді, дарынды 
жастар пайда болды. Солардың бірі - Әсет Найманбайұлы. 
Әсеттің есімі оқырман жұртқа, негізінде «Әсет пен Рысжан», яғни айтыс ақыны 
ретінде таныс. Алайда Әсеттің айтасытарымен бірге «Пушкин», «Салиха-Сәмет», «Ағаш 
ат», «Үш жетім қыз» т.б. поэма дастандар жазған эпик ақын. «Адамның бұлбұлы» атанған 
әнші композитор. Оның өзі шығарған «Әсет», «Қаракөз», «Інжу-маржан» секілді ондаған 
әндері бар. 
Әсет Найманбайұлы 1867 жылы Қарқаралы уезі, Темірші болысы сегізінші ауылда 
туған. Әсет-руы Арғын, Қаракесек ішінде майлық деген белгісіздеу атадан шыққан.
Әсет жас кезінде ескіше білім алған, әкесі оны 7-8 жасында Көктума қаласындағы 
Зейнулла деген имамның медресесінде оқытады. Медреседе оқып жүріп, өзінің зеректігін 
танытып, өлең мен домбыраға, гармонға да құмарлығын білдіреді. 


Әсет 14-15 жасқа келгенде әкесі өледі де оқуды тастап, Көктал болысы Байжігіт 
деген елдегі нағашысының қолына барады. Онда Әсет ән салып, өлең айтумен көзге 
түседі. Әсет осы жерде үйленеді де, өз еліндегі үй ішін көшіртіп алып, туған еліне бұдан 
кейін қайтып оралмайды.
Әсет 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болған. Әсеттің бала-шағасы қазіргі 
Семей облысы, Мақаншы ауданы, Бахты селосында тұрады.
Әсеттің «Емілбарлық» деген өлеңінде: 
Жеріміз кейін қалды Емілбарлық 
Дутыңнан таңда қағаз алдық жарлық 
деп жат елге барып, жәбір көргендерін ашық айтады. 
Әсетті білетін жолдастарының айтуына қарағанда, ол өлеңді суырып салып 
айтатын, тілге бай, сөзге еркін импровизатор ақын.
Әсет көп жағдайларда бұқара халықының сұрауымен әртүрлі сықақ өлеңдер, көңіл 
айту, жоқтаулар да жазып беретін болған. Мысалы Жұрымбай деген байдың сұлуы 
Бибішке арнаған сықақ өлеңі т.б. 
Соңғы кезде Жақыпбаев Бозтайжолдас Қ.Әділбекұлынан жазып алған Әсеттің жеті 
әнінің ішінен: «Мәлике қыздың әні», «Майда қоңыр», «Зұлқия әні», «Мақпал әні», 
«Кәрілік туралы ән» т.б. сияқты әндері халықтың сүйікті әніне айналған. Әсеттің кәрілік 
туралы әнінің мәтіні былай: 
Ақша бет ауырғанда албырарсың, 
Қаракөз жан бергенде жаудырарсың, 
Қаламға атша шапқан он саусағың, 
Астында қара жердің саудырарсың. 
Әсет қазақ халқының өткен ғасырдағы ауыр тұрмысын, қараңғы қапас өміріндегі 
орын тепкен өрескел кемістіктерді аяусыз әшкерелейді. Әсет даңқ құмарлықты, 
жағымпаздықты сынаумен қатар, халықтың кім көрінгенге жем болып, алданып 
келгендігін надандық деп налып жырлады. 
Әсет талай айтыстарда да өзін көрсеткен ақын. Бірақ, олардың көбі қағаз бетіне 
түсірілмегендіктен сақталмаған. Рысыжанмен (қыз) айтысынан Әсеттің айтыс өнеріндегі 
талантын толық көруге, байқауға болады.
Әсет өз заманындағы қисса жазушы ақындар сияқты әртүрлі тақырыпта қиссалар 
да жазған. Бұл дастанның үш-төрт варианты Қазақ Ғылым академиясының тіл мен әдебиет 
институтында қолжазба түрінде сақтаулы. Бұл дастан «Ағаш ат» деп аталады. 
Дастан он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылған, тілі көркем, оқуға жеңіл, 
оқиғасы ертегі негізінде құрылған тартымды. Әсеттің күрделі шығармасының бірі – 
«Салиха – Сәмен» атты романтикалық поэмасы. Әсеттің бұл поэмасында Алтай тауын 
мекендеген Ясукай деген ханның сұлу қызы Салиха мен сол ханның қол астындағы Сәмен 
деген өжет жігіттің бас бостандықтары үшін махаббат жолында қайырымсыз, хандардың 
орнатқан әділетсіз заңына әдет-ғұрпына қарсы тұрып, армандарына жете алмай, қатал 
заңның құрбаны болғандығы жайлы сөз етеді. 
Әсеттің ендігі бір қисса дастандарының бірі «Үш жетім қыз» атты шығармасы. 
Әсет орыс әдебиетіне де бой ұрған. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Евгений 
Онегин» романын аударған. Әсет өзін Абай шәкірттерінің бірі санап, қазақтың ұлы 
ақынын қадірлеп, ұстаз тұтқан адам.
Әсет Найманбайұлы сонау 1904 жылдан бастап-ақ ауылы аралас, қойы қоралас 
жатқан етене өз-туысы қытай қазақтарына келіп-кетіп жүрген. Онда көбінше 
Тарбағатайдағы 
Иса қажының ауылында, Қызыр төре төңірегінде болған, 1916 жылдың 
дүрбелеңі кезінде Тарбағатайға бала-шағасымен келіп, Байжігіт елінің ішіне қоныстанған. 
Содан бастап Тарбағатайда, Алтайда, Бұратолада, Іледе болып, ән мен күйдің, өлең-
қиссаның туын тігіп, қасиетті елі мен жерінде сауық-сайран салған. Әйелі мен балалары 
Тарбағатайда, Бұратолада ел ішін ықтасын етіп, аз ғана малмен күн кешірген.


Әсет 1923 жылы жадыраған жаз маусымында Іледегі қазіргі Құлжа ауданының 
Көкқамыр жайлауында дүние салды. Оның көк шыммен көмкерілген ару топырағы 
сарқыраған Сәтбай бұлағының бойындағы ақын қонып жатқан қазақи татар байы Ғапари 
қажының жұртына жасалды. Әсеттің сүйегі сол маңдағы Ламбура деген жердегі Тасжота 
бейітіне жерленіп, басына белгі қойылды. 
Әсеттің әйелінің аты Тәті (Тәтіжан) Қаракерей ішінде Жаңбыршы руындағы 
Жылқышы деген адамның төртінші қызы.Тегінде оның «Мақпал» әні әншінің құлай 
сүйген осы жарына арналған сияқты. Әсеттің Тәті қолында Шәмшібану деген қыз бен 
Қожеке есімді ұл қалыпты. Оларды кейін Тәтінің інісі құсайын мен Қаракерей Тасы 
руындағы Мейірман қажының ұлы Омар болыстың әйелі Мәдина бағып-қаққан деп 
дәлелдейді. Кәдірихан, Рақымжан, Садық, Боранбай сияқты адамдар. Әсет көзінің 
тірісінде сыйласып өткен әнші, шешен, сері, сұңғыла, бардам әйел осы Мәдинаға 
«Мәдина» деген естелік өлең де жазып қалдырыпты. 
Қолға алса-құйқылжың болсын, 
Күмістей жылтыраған жүні болсын. 
Аса қара болмаса қоңыр ала, 
Ал күрең-үш қызылдың бірі болсын. 
Келінім Мәдинаға дұғай сәлем. 
Ағамның сұрағаны - шыны болсын. 
Әсеттің кейіп-кескінін, мінез-құлқын, өнер өресін шәкірттері және сол кезде 
Тарбағатайда бірге болған Әріпжан артынан еріп, өнер үйренген Қайшымен 
(Шағантоғайда 1979 жылы сексеннен асқанда қайтыс болған). Алтай ауданы шіріккенде 
өткен Мұқыш, Бұратолада өткен Кәдірихан, Іледе өткен Рақымжан, Сұлтан Мәжіт, 
Семенбет Садық, Толымбек ақсақалдар былай бейнелейді: Әсет орта бойлы, толық денелі, 
қою қысқа қара мұртты, дөңгелек жүзді, болар-болмас майда секпілді қара торы адам еді. 
Әні де, биі де сазды, қимылы тез ақкөңіл, әзілқой тез қайтар, мысқылшыл болатын. Өлең 
мен әнде суырып салма, төкпе өнерін бұлдамайтын. Бет-жүзің демейтін, жанынан әнші-
күйші, сауықшыл жастарды тастамайтын дүбірлі жан еді. 
Әсеттің жанына шәкірт болып көп жыл ерген әнші, әйгілі «Бөпем» әнінің авторы 
Кәдихан өзінің Әсетпен Көкқамыр жайлауында болғанын былай баяндайды: «Талайдан 
Әсеттің атын естіп, құлай жығылып, асқақ әніне құмар болған жалынды да жас кезім 
болатын. Әсет Көкқамырда жүр дегенді естігенде, менде ес қалмады. Екі бұзаулы сиыр, 
екі дөнен, бір қой беріп, бір Монғолдың қара жорға атын Әсетке арнап алдым да, 
Көкқамырға тартып кеттім... 
Ақын жанына таңертеңгі шайдан кейін, қымызға араласқан қызу дүбірлі кезде 
жеттім. Жабықбай ақалақшының ауылындағы үлкен үйде көп адам кең дастарханда, ән-
күйлі мәжілісте екен. Төрде аңсап барған ұстазым Әсет отыр. Cәлем беріп кіріп бардым 
да, қамшымды бүктеп, етегімнің қонышына тыға салып, отыра кеттім. Менімен аман-
сәлем үшін шырқалып жатқан ән сәл тынды. Мен жөнімді айттым. Әсет аға күлімсіреп: 
«Е, Қабанбай батырдың ұрпағы екенсің ғой. Қамшыңды керегеге іліп қой, балтырыңа 
батады, жайланып отыр» деді қамқорлықпен. Өнерімен өрнек сызған жанашыр жанға 
жасаураған жанарымен тігіле қарадым». 
Ардагер Әсет аржақта туылып, бер жақта өтті дегенді естігенде біздегі секемшіл 
болып қалған үдікті ойдың қылаң беретіні сөзсіз.Бірақ Әсетті тарих тарзысы ұлы 
отанымыздан, бай ұлттық мәдениетіміздің мінбесінен ары қақпайды.
ХIХ ғасырдың екінші жарымынан ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін Шынжаң 
қазақтарының ішінде Әсет, Ақыт, Кенбай, Жүсіпбек қожа, Көдек, Төлеубай, Шілбі-
алмахун, Күдері, Әріпжан, Асылхан сияқты жазба ақындар мен жыршылар жетілді. Бұлар 
өздері жасаған дәуірдегі әр алуан мәселелерді өздерінше толғып, өздерінше көрсетті. 
Олардың қоғамдық-әлеуметтік өмірлерін туған шығармаларында әр алуан қақтығыс-
тартыстар мен күрестердің таңбалары әрқайсысына өзінше көрінді. Жасаған ортаға 
әрқайсысы өзінше көз жіберіп, қарғысы мен махаббатын, сүйініші мен күйінішін, 


қарсылығы мен қолдауын ашық бейнеледі. Сөйтіп, өздерінің тұрғысы: қоғамдық орны 
арқылы тарих кезеңінде өздерінше бой көрсетті. Жасаған ортасына өздеріне сай ықпал-
әсер жасады. 
Әсет Найманбайұлы міне, сол таяу замандағы қытай қазақ әдебиетінің халық 
басына хан көтерген белді өкілі. Өз өмірінде қайдағы бір «қашқын», «сіңбе» де емес, қазақ 
әдебиетіндегі тұтас берік бірлік пен тұнық тұлғаны жан-тәнімен қорғаған ардагер жан. 
Әсет өзін биікке қанат қақтырған тынысты өлкесі Алтай, Тарбағатай,Ілені ғазиз анам, 
қайсар панам деп, ең соңғы тынысына дейін жырлаған. 
Әсет тек қазақ халқымен ғана емес, орыс, татар, ұйғыр, өзбек, т.б. туысқан ұлттар 
мәдениетімен де толық танысып, туысып кеткен. Бұл жөнінде де фактілер толық. 
Әсет қолына қалам алып «Ағаш ат-қызыл табан», «Француз», «Жамсап», 
«Перизат», «Барат қыз», «Салиқа-Сәмени», «Нүсіпханы», «Шерзат», «Шәмсия», 
«Кешұбай» сияқты ертегі-аңыздан бірталай дастандар мен қиссалар жазғанын халық 
қазынасынан таптық. 
Әсеттің бай мазмұн, соны форма тапқан осы дастандары мен қиссалары араб-
парсының немесе қазақтың ежелгі классикалық жырларының оқиғасы мен стилін жадағай 
қайталамай, керісінше өз дәуіріне тән ұлттық ерекшеліктермен байытылған. Қалың 
халыққа өз орталарынан ойып алынған шыт жаңа мұрадай сезім береді. 
Әсеттің жазып және айтып таратқан өлеңдері де бір төбе. Мысалы Әсет өлеңдері 
деген атпен тарап жүрген қыруар сырлы да, хикмет өлеңдері: «Насихат», «Өсиет», 
«Қоштасу», «Қызай елімен танысу», «Мешін жұтып», «Бозбалаларға», «Жабықбай мен 
Мешпетке», «Шілбі Алмахунға», «Әсет пен Сәмет төренің айтысы», «Әсет пен Қалидың 
айтысы», «Әсеттің Мәлікпен айтысы», «Әсет пен Бақтыбайдың айтысы», «Әсет пен 
Кәрібайдың айтысы», «Әсет пен Ырысжанның айтысы», «Есенқұлмен жазысқан хаты», 
«Жас туралы», «Ана», «Жігіт пен қыздың айтысы», «Табиғат», «Бақытсыз сұлу», «Мұңлы 
қыз», «Еміл-Барлық», «Ақыт-Дәуіткен», «Ақтаңгер», «Арнама», «Алашнама» (Шежіре) 
сияқты көп өлеңдері тілден-тілге жалғасып, мидан миға өтіп, жорғадай жұтынып, тотыдай 
құлпырып бүгінгі күнге жетіп отыр. 
Әсет шығармаларының дені надандықты, жалқаулықты қандауырлап, ізгі өмірге 
үндейді. 
Абай 1889 жылы желкілдеп жетілген жиырма бес жастағы Әсетке арнау жазып, жас 
ақынның нұрлы бет алысын нұсқады: 
Біреуден біреу артылса, 
Өнер өлшеніп тартылса, 
Оқыған, білген, білген-ақ, 
Надан, надан-ақ сан қылса. 
Кісіде бар болса талап, 
Отырмас ол бойын балап. 
Жүрер, әр қайдан ізденер,
Алар өз сүйгенін қалап. 
Абай Әсетке өшпес үлгі берсе, Әсет жұрт жиналған жердің бәрінде: «Абай тек 
өлеңші емес, өрнекші еді ғой» деп отырады екен. Әсеттің Абай мектебінен үлгі алғаны 
анық. Әсеттің де өз мектебі, өз шәкірттері болған. Мысалы, ел ішінде аты әйгілі бітімші 
Шеризадан Өтепбергенұлы, Малай төренің баласы Сәмет, Араб Андасұлы, Қали 
Әділбеков, 
Кәдірихан, 
Тоқтаған 
Бозанұлы, 
Әділжан 
Құрманғалиұлы, 
Қызыр 
Мамырбекұлы өнерде Әсет айналасынан жапырақ жайған жандар. 
Әсет өз өмірінде араб, парсышаны үйреніп, ислам дінін жінтіктеп зерттеген сияқты. 
Ел аралап жүргенде де байманаптарды, діни ғұламаларды өз сөзіне иландырып 
адалдықты, пәктікті, қайырымдылықты үздіксіз үгіттеп отырған. 
Дүние жолдас бола ма адамдарға, 
Не қажет айтып-айтпай надандарға? 


Байлығын өлеңдермен өңдемек пе, 
Бұл сырды ашпай болмас жарандарға? 
Байекем байлығына тоймаған ба, 
Не жетсін, өнер қуып ойлағанға? 
«Еңбексіз бақыт таңы атпас» деген 
Алуды өмір шашап қоймаған ба?- 
деп, жұрт алдында жұғыны кеткен тоймас аранға зілді тойтарыс жасайды. Сонда дін 
жалауын жамылғы еткен сұрқия Ешен қазірет ортаға араласып: «Ән шырқап, өлең айту-
күнә. Бұл жын ойнақ сайтанның ісі. Әсетті жазалау керек» деп даурығыпты. Сонда әнші-
ақын мұны да өлеңнің от қамшысымен былай осқылапты: 
Дәлең бір дөңгеленген майда жорға, 
Қисыны қиюласар әрең зорға. 
Жаралдық адам болып, мал емессің, 
Ілінбе қазіретім шықпас торға. 
Мысалы надан адам моламен тең, 
Не пайда байлығынан арам олжа... 
Аллаға күпірлік іс істемедім, 
Қалайша келе мені тарттың сотқа? 
Отырған өлең тыңдап кеп халайық, 
Күйер ме тегін мынау жалалы отқа?! 
Алтын-күміс жамбыға дұға саттың, 
Не үшін қарамайсыз бар мен жоққа? 
Құдайға кім кінәлі, кімдер адам, 
Төрелік айтқызалық осы топқа. 
«Залалұм уә ән пусаһүм» деген аят, 
Ей, қазы, осы өлеңде бар ма, жоқ па? 
«Ассабыр шайтан» деген әділ сөз бар, 
«Бисабыр рахмани»-деген қайда? 
Күнәсіз боламын деп ойлай көрме, 
Саттың ғой дінді апарып әрбір жайға, 
Алдап-арбап біреудің малын жесең, 
Ділі қатты демей ме, тілі майда? 
Әсет атының ардақтылығы, Әсет еңбегінің ұлылығы, Әсеттің басқадан ерекше 
орны, Әсетке халық қауымының ықыласы мен құштарлығы оның өзіне тән ғана қасиетті 
әнінен де байқалады. 
Әсет атақты Біржанның айнымас шәкірті сияқты. 
Арғынмын, атым Әсет, арындаған 
Арындап ән сала ма дарымаған? 
Аспанның аясында ән шалқытып, 
Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған,- деп шырқаған Әсет: «Аққумын аспандағы 
ән қосамын, шығарсамшы терден түптен тартып» деген Біржан салға өзге елдің өресі 
жетпейтін биіктен үндеседі. Дами келе Біржан, Әсет әуендері өрге көтеріп, алысқа 
шалқытқан қазақ әндеріне француз жазушысы Роман Роллан мынадай баға береді: 
«Қазақтың отаншылдық жігерге толы халық музыкасының ешкімге, ештеңеге ұқсамайтын 
ерекше тартымдылығы сондай, қазақ әнін тыңдағанда күллі дала көз алдыңнан өткендей 
болады». Әсеттің қайсыбір әнін естігенде де өзі қамтыған табиғаттың өлмес куәгеріндей 
картиналы шымылдық көз алдыңа жайылады. 
Әсеттің қазір халқымыздың рухани мәдениет қазынасында сақталған «Інжу-
маржан», «Мақпал», «Жайма шуақ», «Ардақ бірінші», «Ардақ екінші», «Мұңлы қыз», 
«Көктас», «Қысмет», «Кең дүние», «Ләйлі қыз», «Сырғақты», («Зар қақты»), «Көртолғау», 
«Шама», «Сырмақ үйкер», «Қоңыр қаз», «Қарғаш», «Әнмен қоштасу», «(«Ақырғы сөз») 


қатарлы толып жатқан әндері бар. Бұл әндердің шыққан уақыты шығу мән-жайы 
жөніндегі қыруар хикаялар бар. 
1955 жылдан бастап іле облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі мен 
облыстық мәдениет мекемесі әдеби мұраларды жинауға кіріскен. Ол кезде облыс 
көлемінде Әсетке ерген шәкірт өнерпаздар да, мол еді. Солардың айтқан дәлелі мен 
жазылған естеліктер, жазып алған белгілі адамдар қазір де кезігеді. Осы дәлелдерге 
қарағанда Әсет Тарбағатай, Алтай, Іле өңірінде жүрген кезінде жаңадан 11 ән шығарыпты. 
Солардың кейбіреулерінің қысқаша мән-жайы былай екен: «Інжу-маржан» әні 1910 жылы 
Тарбағатайда жазылған, 1917-1918 жылдары «Кең дүние», «Ләйлі қыз», «Қыз мұңы» әнін 
Тарбағатайдағы Бәйжігіт руы Оспан деген адамның ауылында жүргенде шығарыпты. 1919 
жылы Әсет Алтайға Бейсембі Көке күйшінің ұрпақтарын көргелі барып, Жәке, Сүгірбай 
ауылында он екі Абақты игі жақсыларының ортасында «Қоңыр қаз»,»Көктас» әнін 
шығарған. 1916 жылы Төкестің Қарағанды Қапсалаң деген жеріндегі Қозыбайдың баласы 
Тойекенің асына 300 үй тігіліп, Алтай, Арқа, Жетісудан бәрі түгел шақырылған. Осы 
астың соңын ала келген Әсет әйгілі күйші Қожекенің баласы домбырашы Рақышпен 
танысады. Астан кейін Рақыштың ауылында қонақ болып жатып «Жайма шуақ» әнін 
тудырады. «Ардақ біріншіден» 1921 жылы Көкқамырда жүргенде жариялап, «Мақпалда» 
1922 жылы Сайрам бойында керей, найман, албан, суан, өзбек, татар, ұйғыр араласқан 
жәрмеңкеде шырқап, ел қошаметіне ие болады. 1922 жылы күзде «Ардақ екіншіден» 
Құлжа қаласындаға Ғапаридың Әбілахытының үйінде ән сауықшыларының сайранында 
айтқан. «Қысмет» әнін 1922 жылдары ырғаққа түсіріп, 1923 жылы жазда Көкқамыр 
жайлауына жиналған көп ұлттың көңілді елі ортасында толық жариялапты. Бұл әнін Әсет: 
«барлық бұлшық еттерге қысым түсетін ән болғандықтан «Қысмет» деп атадым» деп 
түсіндірген. Ең соңында Әсет ажал аранына тап болып, ентелеген жұртқа «Қысметті» 
айтып бере алмай «Ақырғы сөзін» шығарып көз жұмған. Ал «Сырмақ үйкер» әнінің 
жасалу тарихы былай көрінеді: Әсеттің атасы Жылқышы ертеректе Әсетті шақырып, бір 
топ қыз-келіншектердің алдында ән айтқызыпты. Шырқап көтеріліп, құйқылжып 
төмендеген әнді қыз-келіншектер тықыршып, елти тыңдайды. Сонда Жылқышы: 
«Апырмай, қарағым, еркек мен тағат таппай кеттім, мыналардың не жаны шыдап отыр 
екен». Сонда әннің аты «Сырмақ үйкер» аталыпты. 
Әсет өлеңінің, әнінің, қиссаларының қазақ әдебиетінің марқайуына жасаған 
ықпалы өте зор. Басқасын айтпағанның өзінде жолсыз шөлейт қалаларда, айсыз қараңғы 
заманда Әсет пен Таңжарықтың үндері қандай тамаша тоғысқан. Сүйемдей ғана қысқа 
өмір сүрлеуінде өлең, дастанды төгіп өткен Таңжарық Жолдыұлының: «Абай, Әсет, 
Ахмет, Міржақыптар, оған қисаң жетпейді мың баланы» - деп ауызға алуы қандай?!. 
Әсетке адал шәкірт болып, Әсет көз жұмған мекенде қасаған әнші, ақын Рақымжан 
Мешпетұлының: 
«Қысмет» бір қызық ән тамашалы, 
Қақышы жоғары үнмен жарасады. 
Күлгелеп жүрегіңді, өкпеңді үрлеп, 
Құрылыс қуатыңмен санасады. 
Әсеттің дәл өзіндей болмаса да, 
Рақымжан анша-мұнша жанасады,-
деуі жоғарыдағы айтқанымыздың айқын дәлелі. 
Әсет өз өмірінде Шинжаң қазақтарының ортасына оншалық қанық емес Абай, 
Біржан, Естай, Шашубай, Мәди, Балуан Шолақ, Шәкәрім әндерін толығымен таратушы 
болды... Сол себепті Алтай, Тарбағатай Іледе Әсет заманымен тартып қазірге дейін талай-
талай айтулы әншілер, көрнекті композиторлар шықты. Мысалы Әсетті көре қалған 
немесе соған тақау шыққан Әріпжан, Кәдірихан, Рақымжан, Сұлубай, Бүркітбай, Мұқыш, 
Жақып. Сұлтан Мәжит қатарлы әнші-ақындардан сырт, бүгінгі күнде де Әсетше 
сорғалаған әндерді құмарта қуып, ән өнерінің әр түрлі көтерілген Дәнеш, Абылай, 
Пайхулла, Әбілхайыр, Жұмаш, Еркінбек қатарлы әншілер Әсетше әнмен жетілуде. 


Әсет өз заманында бүкіл елге таныс өнегелі аға ақын болады. Әрі ақындар 
қауымының ақылшысы, ұстазы болды. Сондықтан ол ақындық өнердің жаңа жақсы 
бүршіктерін қайда барса аялап, мәпелеп өсіруге дем берді. Ақындар арасындағы пайдасыз 
нысайларға дер кезінде ақылын айтып, жөн сілтеді. 1910 жылдары Іледегі Ақдолла, 
Дәуіт,Алтайдағы Ақат, Ахметпен хат арқылы айтыс бастайды. Бұл айтыс бара-бара өз 
жақтарынан өтіп, ел мен жердің жыртығына жол салады. Мұны көрген Әсет Тарбағатайда 
тұрып, дереу арашаға түсіп, мынадай ақылын кесіп айтады. 
Біржан сал, Ақыт мырза, Дәуітеке, 
Алтай менен Іледен шықтың жеке, 
қалыпсың адам басың мақұлыққа, 
ұқсайсың бірің ешкі, бірің теке... 
1911 жылы Әсет Тарбағатайдағы Шыңхай төңкерісінің жерлік құрбаны 
Демежанның Қараағаш деген кісінің үйінде есіл ерді ел былай жоқтайды: 
Ассалаумағалейкум, Қара ағаш, 
Тұрыпсың бұтағың жоқ жап-жалаңаш. 
Құшақтап сеніменен көрісейін,
қарақат, көзіңнен сен ағызшы жас. 
Құдіред саяңдағы гүлің қайда, 
Атақты Демежандай ұлың қайда? 
Маңыңа жан қарамас болып қапсың, 
Айдай толықсыған түрің қайда? 
Түндей тылсым қылып байлаған кім, 
Ұқсасаң болмас па еді Қабанбайға! 
Әсеттің осы жоқтауының мұңлы ырғағы мен өзім айтатын қиссалардың мұңлы
жеріне әуен етіп жүрмін», - деп көп тараған екен Әріпжан ақын. Қорытып алғанда, Әсет 
мұралары жан-жақтылы, алуан түрлі, саны көп, сапалы мұра. 
Әсет Найманбайұлының есімі біздің халқымызға әбден таныс. Таныс қана емес-ау, 
күні бүгінге дейін Әсетті көргендігін, оның әндерін тыңдап, шырқау-шырқау өлеңдерін, 
айтыстарын естігеннен әңгіме жыр қылып отыратын қариялар баршылық,сол 
естеліктердің бірінде былай делінеді: 
«Ес біліп, етек жапқан кездерімде менің анам Мәрия Әсет айтыстарын, Әсет 
толғауларын жиі айтып беруші еді. 
1920 жылдың бер жағы болса керек... Әсет өзінің елінен Тарбағатайға өтіп, Тоқта-
Барлық тауларында айтысқа түсіп, Сайрам көлінің бойындағы ауылдарда болып, біздің 
Майқан тауларына келіпті. Майқан-Сайрам көлінің батысындағы Ақбайтал тауларымен 
ұштасып жатқан Қорғас ауданының жайлауы. Балдырғаны білектей, бүлдіргені жүректей 
әсем жайлаудың сыңсып, тұрған кезі екен. Құдай айдап, қызыр жетелеп, аңсағаны көктен 
түскендей қалың қауым ел Әсеттің айтысын тамашалап, оны неше күн бойы жырғап 
қалыпты. Сонда менің жаңа түскен шешем тағы бір келіншекке ілесіп Әсетпен айтысқан 
екен. 
Арғынның аты Әсет арғындаған, 
Арындап ән сала ма дарымаған.
Аспанның аясында ән толқытып, 
Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған. 
Жүйрікпін, жұрттан озған жортарманмын, 
Майдамын, майда қоңыр мамырлаған. 
Тауықпын тары тердім найман шалдан, 
Найман – ел айы туған маңдайшадан. 
Үйректей, қаздай қалқып, жүрмін жүзіп, 
Көп елді, көп жұртымды Қызыр шалған. 


Ертіс, Сыр, Есіл, Іле өзендері 
Тау өтпес Тарбағатай, Тянь-Шаньнан. 
Ойда орыс, қырда Қытай қоныстасым, 
Ауылым бар ауғанға да таяп барған. 
Жел қабыс сол ортаның заржағымын, 
Күңіреніп тоқсан бунақ әнге салған. 
Осылай еске алып отырушы еді менің шешем, қайран Әсет ақынды! 
Бұл 1940-жылдардың оқиғасы, Кейіннен оқып, білім алып, ат жалын тартып иініп, 
газетте қызмет істедім. Ақын, әнші Әсет енді менің алдымнан тіпті де жарқын кездесе 
бергеніне қуанышты болушы едім. 
1956-жыл. Жаздың айы. Алтайдың Жемеле ауданында, аудан орталығы – 
кішкентай Жеменей қыстағында тілшілік сапарымен жүрген едім, осында біздің Іле қазақ 
автономиялық облысының бір топ өнерпаздары ойын көрсете барды. Аудандық үкіметтің 
үлкен ауласынан сахна жасап, далада ойын қойды. Міне, көрермендер ду қол шапалақтап, 
Әсет әнін шырқаған әнші Камалды ерекше ілтипатпен қарсы алды. Әсет әні хор болып 
шырқалды. 
Мақпал-ау, Мақпал, 
Мақпал-ау, Мақпал, 
Үкілі қоңыр ала үйрек секілдім-ау, 
Бір хабар алмаған соң өкіндім-ау. 
Әсет –«Ырысжан мен Әсеттің айтысы», «Ағаш ат» қатарлы өлең құдіретіне сирек 
кездесетін дастан-жырлар жазған ақын. 
Мәдениет зор төңкерісінің алдында Әсеттің көп дастан өлеңдері Қорғас ауданы 
Лау-Сау-Гу мал фермасының Ластай тауында қысы-жазы отыратын малшы Садай 
Сыламбай баласында бар болатын. Ол кісі түні бойы шам жарығында отырып, «Ағаш 
атты» оқушы еді. 
1988 жылы қыста біз Іле облыстық әдебиет, көркемөнер бірлестігінің бастығы 
Жұмаділ Маман, жазушы Оразхан Ахметов және мен үшеуіміз кәрияның үйіне сол «Ағаш 
атты» іздеп бардық. Кәрия науқас болатын, қойған жерінен тауып бере алмады. Себебі, 
Мәдениет зор төңкерісі кезінде әлгі дастанды сауысқанның ұясына жасырғанын, содан 
жыл өтіп, алуға барғанда жаңбырмен езіліп, қанша кептірсе де, оқуға келмегенін күрсініп 
айтты. 
Биыл Әсет ақынның туғанына 125 жыл толады. 1923 жылдың жаз айында Құлжа 
ауданының Ұланбура жайлауында қайтыс болған әнші, өнерпаз, ақын біздің Құлжа 
қаласына да сан рет келген. «Қоштасу» өлеңінде Әсет былайша толғанады: 
Дариға-ай, осы екен ғой өлім деген, 
Ешкімге күні бұрын көрінбеген. 
Абайдай арт жағына сөз қалдырып, 
Дариға-ай, жақсы екен ғой алу деген. 
Дүниеде мендей сорлы ақын бар ма, 
Баспаға ешбір сөзі берілмеген. 
Үйінде Ғаппаридің жатып алдым, 
Алмасты кепіриш деп татып алдым. 
Құдайдың маған берген ажалы жоқ, 
Құлжадан бес теңгеге сатып алдым... 
Өлді деп қайран Әсет күңіренерсің, 
Бұл әнді үйренгенін үйренесің, 
Бұл әнді бірің бұзып, бірің түзеп, 
Бұқадай мұрындықсыз сүйрелерсің. 


Әсеттің айтқаны келді. Содан бері қарай жетпіс жылдай уақыт өтіпті. Қаншама 
қиын-қыстау күндерді бастан кешірсек те, Әсеттің шырқау әндері бір мезгіл де толастаған 
емес. 
Сайып келгенде Әсет Найманбайұлы – сегіз қырлы, бір сырлы ақын, әрі әнші-
композитор. Оның өлең-жырлары, айтыстары мен дастандары және музыкалық 
шығармалары халқымыздың әншілік дарынын, даналығын танытқандай, ұрпақтар ғибрат 
алғандай асыл мұра, әдеби қазына. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет