Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы


Бір топқа жататын заттардың белгілерін өзара салыстыру



бет83/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   85
Жұбаева монография

Бір топқа жататын заттардың белгілерін өзара салыстыру Бұл мән күшейтпелі шырайдың көрсеткіштері арқылы беріледі. Мысалы: Мейманды күтпеу ар-ұжданға сыймаған, Ең асыл дәмін Қонағым бар деп жинаған. Қимас досы тұтқиыл келіп қалғанда Жалғыз атын сойып тастап, сыйлаған (К.Салықов, Жезкиік). Жігіттер тым ыссы картопты саусақтарын күйдіре қабығын аршығыштап барар жеріне жіберуде (Ө.Қанахин, Ауыр күн.). Ақылы алты бөлініп, ойы сан боп, Жарым көңіл жарылып тым қопақтап. Асыл сүйек патшаның баласы ғой, Бос қалса, бұған да ұят құр қопақтап (Ә.Найманбаев, Шығ.).
Мұнда заттар қандай да бір белгісіне қарай екшеліп, сол белгінің қанықтығына, молдығына қарай сұрыпталады. Күшейтпелі шырай көрсеткіштері «заттың айқын белгісі» сипатын актив қолданысқа түсіре отырып, мәнмәтін және семантикалық факторлардың көмегімен нақтыланады. Мұнда ішінен, ішіндегі, арасынан, арасындағы, қатарындағы т.с.с. көмекші есімдер, мекендік қатынаста жұмсалған зат есімдердің қатысуымен жасалған бірліктер қолданылады. Сол арқылы бірнеше зат өзара қарсы қойылып, солардың ішіндегі сол белгісі молы ерекшеленеді. Мысалы: Бұлардың ішінде ең зияндысы – дизентерия амебасы. Ол адамды амебиаз ауруына шалдықтырады (ҚҰЭ).
Ерекше белгісі бар заттардың ішінде біреуін даралау: Алаңға қазақ халқының ең талантты әншілері, күйшілері, тақпақшылары мен бишілері жиналды (Ә.Нұршайықов, Менің Қазақст.). Ең кіші дегендер – мен шамалас. Ең үлкен дегендер – он бес-он алтыға келіп қалғандар (Б.Соқпақбаев, Бастан кеш.). Мұнда ерекше сапаға ие зат біреу емес, бірнешеу болады. Күшейтпелі шырай көрсеткіштері арқылы «белгі мөлшері» концептінің мазмұнындағы «заттың айқын белгісі» мәні актуалданып, морфологиялық репрезентацияда мәнмәтін факторы арқылы әрі қарай нақтылана түседі. Мұнда зат басқа заттармен бір қатарға қойылып, теңестіріледі, солардың бірі ретінде көрінеді. Сөйлем-сөйлесімде бірі сияқты сөздер қолданылады. Мысалы: Ақша-несие саясаты – мемлекеттің ұдайы өндіріс процесіне араласуының аса маңызды әдістерінің бірі (Қаз. тілі термин. Экономика.). Мәнмәтін факторының көмегімен «белгі мөлшері» концептінің мазмұнында «ерекшелеу» сипаты актуалданады. Ол «заттың айқын белгісі» мәнімен тоғыса отырып, концептуалды мазмұн құрайды.
Салыстырмалы шырай үшін бір-біріне қарсы қойылатын, салыстырылатын заттардың болуы (жасырын тұрса да) міндетті болса, күшейтпелі шырай үшін ол міндетті емес. Мұнда заттың бойындағы ерекше сапаға мән беріледі, ол басқа затпен салыстырыла бермейді. Оны мына мысалдардан да аңғаруға болады: Шыбындай қырылып жатыр, – деген сөздерін өте орасан көріп: – Алыпқашты өсек, өтірік деген осындайдан шығады-ау, – деп қойды (М.Әуезов, Таңд. шығ.). Асқар тауды ардақтайды ел қайда да, Асқар таудай адам болу тым қиын. Адам болмай, ағам болсаң жай ғана, Онда маған ағалығың бір тиын! (М.Шаханов, Ғасырлар.). Қайда көрсең кінәмшіл, Исабай тым шыдамсыз... Ашуланшақ, арызкеш, Мінезі бар ұнамсыз (Ш.Смаханұлы, Шимайбек.). Баяғыда жайлауда бір түнде жылқыға жау тиіп, «аттан» шығып, ауыл алай-түлей шаба жөнеліп жатқанда жаңағы «Жайбасар» үй ішінде ең алғаш бір асыққаны ғой. Қалбаң қағып, аптығып жүріп есікті таба алмай қапты (М.Әуезов, Шығ.). Қағадат ул-ахир-дұғаның ақырында Аллаға тахият, одан тәшәһһуд, одан салауат пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлемге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз, яғни Алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз (Абай, Тол. жин.). Ең бірінші бақытым – халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбатырақ алтыннан нарқым менің (М.Мақатаев, Шығ.).
Келтірілген мысалдарда күшейтпелі шырай екі затты салыстыру негізінде туындамаған, ол заттың қандай да бір белгісін ерекшелеу мәнін үстеп тұр. Күшейткіш үстеулердің сөз мағынасын күшейтіп, нықтауына байланысты А.Байтұрсынұлы оларды нықтаулық үстеулер деп атаған [52, 257-б.]. Күшейтпелі шырай тұлғалары «заттың айқын белгісі» мәнін актуалдандырып, мәнмәтін және семантикалық факторлардың көмегімен нақтылана түседі.
«Белгі мөлшері» концептінің мазмұны белгі интенсивтілігінің үлкен деңгейі» және белгі интенсивтілігінің жоғары деңгейі» сипаты арқылы беріледі. Ол коммуникация барысында лексика-грамматикалық мәндерді білдіру үшін қызмет етеді. Сөздердің лексика-семантикалық топтарының семантикасы деңгейінде концептуалды мазмұнды репрезентациялайтын морфологиялық категориялар қазақ тілінде көптік жалғау, сын есімнің шырай категориясында көрініс береді. Ол сан-мөлшер концептін репрезентациялайды. Сан мәні тілде түрлі лексика-грамматикалық топтар арқылы беріледі. Сан-мөлшер заттардың мөлшеріне, үдеріске, белгіге қатысты қолданылуына байланысты зат есім, сын есім категорияларында көрініс табады. Қазақ тілінде сан-мөлшердің морфологиялық репрезентациясы зат есімдерде көрініс тауып, негізінен жекелік-көптік ұғымына қатысты қолданылады. Сын есімдерде «сан-мөлшер» концепті негізінен статикалық белгіге қатысты қолданылып, шырай категориясында көрініс табады.
Сын есімдер арқылы адам бейнесі айқын көрінеді. Тілдің антропоөзектік ұстанымы сын есімдердің лексика-семантикалық жүйесінде айқын көрініс тапқан. Адам бейнесі көбінесе ішкі (ментальді) сипатына негізделеді. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сын есімнің ерекшелігін зерттеу арқылы адамның ақиқат болмысты тану ерекшеліктері көрінеді, тілдік таңбада көрініс тапқан ғалам бейнесінің санадағы көрінісі байқалады. Сын есімдер адамдардың когнитивті тәжірибесінде ерекше мәнге ие, себебі ол тілдік санада шынайы болмыстың атрибутивті «портретін» қалыптастырады. Шырай категориясы – тілде сан ұғымын репрезентациялайтын морфологиялық категориялардың бірі. Сол арқылы адамның сан мен сандық қатынастар туралы танымы көрінеді. Ол салыстыру негізінде көрініс тауып, зат белгілерінің ұқсастық-айырмашылығын сипаттайтын тілдік формалар арқылы беріледі. Шырай категориясы қай сөз табын анықтауына байланысты түрлі сипатта болатынын аңғарамыз. Шырайлар белгілі бір заттың сипаттарын көрсетсе, негізінен заттың статикалық белгісін көрсетеді.
Сонымен, когнитивті бағыттағы зерттеулерді негізге ала отырып, сан-мөлшер ұғымының концептуалдану ерекшеліктерін, сан мәнін қалыптастыратын когнитивті механизмдерді айқындауға, оның қалыптасуына ықпал ететін қосымша лингвистикалық факторларды анықтауға болады. Сөйлем-сөйленім деңгейінде сан-мөлшер мәнінің қалыптасу жолдарын талдау арқылы оған негіз болған концептуалды сипаттар айқындалады, сан-мөлшер концептінің мазмұнын анықталады, сол арқылы сан-мөлшер ұғымының концептуалдануындағы когнитивті және тілдік құрылымдардың өзара қатынасын саралауға анықтауға болады.
Сан-мөлшер мәні жекелік-көптік, шырай категорияларының көмегімен беріледі. Сан-мөлшер концепті арқылы ақиқат болмыстың тілдік санадағы көрінісі байқалады. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сан-мөлшер концептінің ерекшелігін зерттеу арқылы адамның ақиқат болмысты тану сипаты көрінеді. Сонымен қатар сан-мөлшер категориясы тіл тұтынушыларының тілді қолдану ерекшеліктерінен де хабар береді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет