Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет84/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   85
Жұбаева монография

ҚОРЫТЫНДЫ

Тіл – ұлттық мәдениеттің құрамдас бөлігі, этномәдени код. Тіл қоршаған орта туралы әсерді білдірумен қатар, халықтың зерттеушілік, ізденістік ойларын да сақтайды, яғни тілде халықтың этномәдени, ұжымдық санасында қалыптасқан ғалам бейнесі көрінісін табады. Кез келген ұлттық мәдениеттің семантикалық жүйесі, негізгі коды – этникалық тіл болып табылады. Ғаламның тілдік бейнесі негізінен субъективті сипатта, себебі онда нақты бір адамның көзқарасы, дүниетанымы көрінеді. Ол атадан балаға берілетін категориялар жүйесі арқылы категориялар белгілі бір код құрап, дайын күйінде қабылданып отырады. Әр халық мәдени, тарихи даму барысында қоршаған ортамен тығыз байланыста әлем туралы білімін жинақтап, сақтайды, вербалды сана, ерекше мәдени код түрінде тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады. Адамның когнитивті қызметінің нәтижесінде тіл қоршаған орта туралы әсерді ғана жинақтап қоймай, сонымен қатар халықтың зерттеушілік ойын да жеткізіп, ұжымдық, этномәдени санада қалыптасқан ғалам бейнесін сақтайды. Тіл – жетілген таңбалар жүйесі, сананы объективтендіретін құрал болып табылады.


Тіл мәдениет бөлшегі ретінде адамдардың тәжірибесіне негізделеді. Тілді меңгеру арқылы сөйлермен сол тілде сөйлеп, сол мәдениетке тән дүниетанымды қабылдайды. Тіл мәдениет пен таным үшін белсенді қызмет атқарады.Тіл мен ойлау жүйесі өзара байланысты. Ойлау болмыс туралы білімді игеру жолы болып табылады. Халықтың ойы тіл арқылы көрініс тауып, жарыққа шығады. Тілдік таңба тілдік сананың берілу тәсілі болып табылады, сол арқылы халықтың тарихи, мәдениет тәжірибесі көрінеді. Адамның дүниені тануы арқылы жинақтаған білімі тілдік семантикада көрініс тауып, ғаламның тілдік бейнесін түзеді. Белгілі бір кезеңде тілде көрініс тапқан болмыс туралы түсініктерде зерттеу халықтың ойлау жүйесін айқындап, ғалам бейнесінің қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Әрбір тіл халықтың дүниетанымын айқындап, ғалам бейнесін қалыптастыратын өзіндік жүйе түзеді. Белгілі бір халықтың ғалам бейнесі тілдің мазмұн межесінде көрініс табады. Ол барша мәдениет стереотиптерге негіз болады. Оған талдау жасау арқылы ұлттық мәдениеттер бір-біріне ерекшеленеді. Ғалам тілде көрініс тапқанда, адам санасындағы бейнесі, ұлттық ерекшеліктері де айқын көрінеді, сол себепті әр халықтың өзіне ғана тән бейнесі болады.
Ғалам туралы адамның барлық білімі шартты түрде тілдік және тілдік емес болып жіктеледі, яғни болмыстың құрылымдары туралы жалпы энциклопедиялық білім олардың сипаты туралы және тілдік бірліктер мен ойларының мәндері (нақты тілдік мағына) туралы білім болып табылады. Ғалам туралы білім сияқты тілдік бірліктер туралы білім де жадымызда категориалды формада сақталады. Соған байланысты тіл – категориалды түзілім болып табылады.
Ғалам бейнесі әр тілде түрліше көрініс табады. Зерттеушілер тілдік семантиканы зерттеу арқылы халық түзген, тіл иесі субъект жасаған ғаламның тілдік бейнесін қалпына келтіруді (реконструкциялау) мақсат етеді. Тілдік семантика халықтың ғаламды танып-түйсіну тәсілі және болмыс туралы білімнің кодталу жолы болып табылады, сол арқылы ғаламның тілдік бейнесі түзіледі.
Ғаламның тілдік бейнесінде ұлттық діл көрініс табады. Адам игерілген білімді, дүниетанымын тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады. Тіл адамның болмыстың нақты жағдаяттарын концептуалдау үдерісін бейнелейді. Яғни концептуалды жүйеде алынған ақпараттарды өңдеу, сөйлеу-ойлау әрекеттерінде адам тұтынған көптеген концептілер мен білімнің басқа да құрылымдарын қамтиды. Сол себепті онда табиғи нысан концептілері де, нақты тілдік концептілер де енеді. Тілдегі концептуалдау үдерісінің әрбір тілдік деңгейдегі өзіндік ерекшеліктері болады. Концепт индивидтің ғалам нысандары туралы ойы, түсінігі, білімі болып табылады. Сол себепті концепт ғалам туралы білімді сақтап, концептуалды жүйені құрайды. Ол адамның ойланып, түрлі концептілерді талдап, өзара салыстыруына мүмкіндік береді, сол арқылы жаңа концептілер қалыптасады.
Ғалам туралы, оның құрылымы туралы жалпы түсінік тілдік бірліктердің лексикалық және грамматикалық категорияларында көрінеді. Тілдік тұрғыдан ерекше маңызды болатын мағыналар грамматикада айқын көрініс табады. Адам психикасы үшін ерекше маңызды болатын концептілер грамматикада бейнеленген. Сол себепті грамматикалық категоризация концептуалды қабат түзуін лексикалық бірліктер арқылы көрініс тапқан концептуалды материалды айқындауға мүмкіндік береді. Грамматика концептуалды жүйенің ең маңызды бөліктерін көрсетеді, грамматикалық категориялар категориалды мәндердің ерекше деңгейлерінің репрезентациялану, объективтену құралы болып табылады. Грамматика концептуалды жүйенің ең маңызды бөліктерін көрсетеді, грамматикалық категориялар категориалды мәндерінің ерекше деңгейлерінің репрезентациялану, объективтену құралы болып табылады.
Грамматикада көрініс тапқан категориялар міндетті болатындықтан, морфологияны когнитивті тұрғыдан зерттеуде белгілі бір тіл үшін маңызды болатынын, сөйлеуші назарынан тыс қала алмайтынын, адамзат тәжірибесінің қай бөлшектері ғаламның тілдік бейнесінде көрініс тауып, жіктелгенін анықтауға болады. Тілдік емес бірліктермен қатар болмыс нысандарының бірі ретінде тіл де концептуалданады. Тілдік білімнің концептуалдану жолдарының бірі – морфология. Морфология деңгейіндегі концептуалдау ерекшелігі – ол білімді құрылымдай отырып, лексикалық жолмен берілген концептуалды материал үшін қабат, тор түзіп, белгілі бір деңгейде лексиканың қажетін өтейді. Осыған байланысты тілдік деңгейде морфология мен лексика өзара байланыста болады. Грамматикалық концепт – ең жоғарғы деңгейдегі жалпылау нәтижесі болып табылады. Сол арқылы тілдің лексикалық жүйесінде грамматикалық топтар, яғни сөз таптары, лексика-грамматикалық топтар, жіктер түзіледі. Грамматикалық концептіде ұғымдық, когнитивті, мәдени коммуникативті және грамматиканың (тұрпаттық) параметрлері түйіседі.
Когнитивті тұрғыдан алғанда, морфологияның негізгі бірлігі – морфологиялық категория болып табылады, ол сөз тұлғаларында көрініс тауып, парадигмаға бірігеді. Морфологияны морфема деңгейіне қатысты ғана емес, сөздердің түрлі топтарын репрезентациялайтын тұтас морфологиялық құрылымдар деңгейінде қарастыру қажет. Морфологиялық категориялар мен тұлғалар концептуалды деңгейде, негізгі танымдық үдерістер қатарында сипатталады. Морфологияның ғалам туралы білімді тіркеп, жіктеуі, категорияларға бөлуі осыған байланысты болады. Морфологияның категориялау, субкатегориялау үдерістерімен байланысы морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп, топтастыратынын да көрсете алады. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, адамның интеллектуалды және ментальді қызметімен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеуімен байланысты болады.
Морфология – тілдік білімді объективтендіретін, ғалам туралы білімді құрайтын сала болып табылады. Онда морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілде қалай концептуалданатыны туралы білім қоры жинақталып, адамның концептуалды жүйесін құруда маңызды орын алатын, ғалам бейнесін қалыптастыратын іргелі концептілердің тіл туралы білімді құраудағы орны сипатталады. Әр тілдің грамматикалық және концептуалды жүйесінің ерекшеліктері, басқа тілде кездеспейтін морфологиялық жолмен берілетін концептілер жиынтығы болады, онда бір тілден екінші тілге ауысып отыратын морфологиялық категориялар да болады. Мұндай ерекшеліктер морфологиядағы концептуалдану деңгейлеріне байланысты.
Морфологиялық репрезентация – жіктелген білімдер жүйесіне енетін, тілдік (вербалды) репрезентациялардың бір түрі. Ол конвенционалды сипатта болатындықтан, тілдегі концептуалды мазмұнның берілу жолдарының бірі болып табылады. Морфологиялық репрезентация дегеніміз – морфологиялық категориялар мен көрсеткіштердің көмегімен концептуалды мазмұн құрылымының категориалды тәсілі. Ол тілдік білімге негізделеді. Морфологиялық репрезентация – өте күрделі үдеріс. Онда тілдік және концептуалды деңгейлер қатысады. Морфологиялық жолмен берілген концептуалды деңгей морфологиялық репрезентацияның когнитивті негізін құрайды. Тілдік деңгейде морфологиялық категориялар мен тұлғалар қатысып, тілдік білімдер мен тілдің ғаламды қалай бейнелейтіні туралы білімдерге негізделген білімдердің құрылымдарын репрезентациялайды.
Морфологиялық жолмен берілетін концептілер белгілі бір тілдердегі концептуалды мазмұн мен тұлғалар арқылы морфологиялық категориялардың қалыптасуына ықпал етеді. Морфологиялық жолмен берілетін концептілердің мазмұнында негізгі концептуалды сипаттамалар болады. Олар нақты грамматикалық мағыналарды білдіруде сәйкес келетін морфологиялық категориялар шеңберінде бас қосып, морфологиялық көрсеткіштердің (шақ көрсеткіштері, рай тұлғалары, шырай көрсеткіштері т.с.с.) көмегімен қолданысқа түседі. Морфология концептуалды жүйенің ең негізгі концептілерін, яғни концептуалды кеңістік құрайтын концептілерін репрезентациялайды, сол себепті олар әмбебап сипатта болады. Тілдің грамматикалық құрылымы туралы концептіні меңгеріп, түсіну арқылы вербалды символдарды түсініп, жүйедегі концептілерді қолдануға болады. Сол арқылы концептуалды жүйеде жаңа концептуалды құрылымдар түзуге болады.
Категориялау концептуалдаумен тығыз байланысты. Алайда олар өзара байланысты болғанмен, өзіндік ерекшеліктері де бар. Концептуалдауда белгілі бір деңгей үшін маңызды болатын түсініктер жинақталса, категориялау үдерісінде тілдік бірліктердің осы категорияға негіз болған концептілермен ұқсастықтары негізге алынады. Яғни адам санасындағы оперативті бірліктер концепт түзеді. Біркелкі, өзара байланысты концептілерді біріктіру нәтижесінде категория құралады. Концепт екі түрлі бағытта (білімнің бірлігі ретінде және тілдік формаларда көрініс тапқан білім құрылымы ретінде) қарастырылады. Концептуалды деңгей тілдегі ерекше ұғымдық субстрат болып табылады. Ол тілдік қолданыста жүйелеуші фактор ретінде көрініс табады. Концептуалды деңгей (категориалды мәндер деңгейі) тілдің бүкіл грамматикалық жүйесіне негіз болып, тілден тыс ұғымдар мен олардың вербалдану тәсілдері арасында, логикалық және тілдік категориялар арасында байланыс орнатып, логикалық және сөйлеу-ойлау үдерістерін біріктіреді.
Морфологиялық репрезентация дегеніміз – морфологиялық категориялар мен тұлғалар арқылы концептуалды мазмұнның құрылымдалуының категориалды тәсілі болып табылады. Мұнда морфологиялық көрсеткіштер арқылы мағынаның негізгі, басты бөліктері кодталады. Морфологияда морфологиялық категориялар мен тұлғаларда көрініс алған концептуалдау тәсілдері мен жолдары айқындалады. Морфологиялық концептуалдау жолдары мен тәсілдері тілдің онтологиясына байланысты болады. Себебі морфология тілдік репрезентация заңдылықтарының концептуалдану құралы болып табылады, ол синтаксиспен бірлікте тілдің ішкі мәні мен қолданыс ерекшеліктерін айқындайды. Морфологиялық жолмен берілетін концептілер жалпыұлттық деңгейде қалыпқа түседі. Морфологиялық жолмен берілетін концептілердің мазмұны барынша жалпылық сипатқа ие. Ол морфологиялық және лексика-грамматикалық мағыналарға негіз болып, семантика мен синтаксистің байланысын айқындауда маңызды қызмет атқарады. Морфология оқшау қолданылмайды, ол тілдің басқа деңгейлерімен жымдаса байланысқан, сөйлесім әрекетінде нақты мағыналарды қалыптастыру үшін морфологияның мәні зор.
Морфологиялық жолмен берілетін концептілер тілдің көмегімен санада түзіледі. Ол морфологияның концептуалды кеңістігін құрап, ғаламның концептуалды бейнесінің маңызды жақтарын көрсетеді. Онсыз ғалам туралы ойлап, ғалам бейнесін түзу мүмкін емес. Бір жағынан, олар морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер арқылы берілетін концептуалды деңгейдегі (мысалы, уақыт, сан) категориалды бірліктер болса, екінші жағынан, нақты морфологиялық категорияларының қалыптасуына негіз болған және нақты грамматикалық мағына түрінде сипаттайтын концептілер болып табылады. Біріншісі – морфологиялық құралдармен берілетін мәдени концептіге қатысты болса, екіншісі – морфология саласындағы концептілер, яғни морфологиялық ұғымдарға негіз болған түсініктер. Мұндай (екіншілік деңгейдегі) концептілер санамен тікелей байланысты болады және олар тіл жүйесіне бағытталған, тіл арқылы санада қалыптасқан классификацияланушы (жіктеуші) концептілер болып табылады. Түрлі тілдердегі морфологиялық жолмен берілетін концептілер түрліше болуы мүмкін. Морфологиялық жолмен берілетін концептілер белгілі бір тілдің концептуалды мазмұн мен тұрпат межелерінің бірлігінен құралып, морфологиялық категориялардың қалыптасуына негіз болады. Морфологиялық жолмен берілетін концептілердің мазмұны өте жалпы (абстрактілі) болады. Тілде морфологиялық тұлғалар арқылы берілетін грамматикалық мағыналар дерексіз (жалпы) сипатта болады.
Концептуалды жүйенің морфология деңгейіндегі категориалды бөлігі морфологиялық концептілер арқылы көрініс табады. Морфологиялық концептілер тілдегі ғалам туралы білімнің морфология деңгейіндегі бірлігі болып табылады, яғни тілде энциклопедиялық білімнің берілу жолы, тілдік білімнің бірлігі болып табылады. Морфологиялық жолмен берілетін концептілер бірігіп, морфологияның концептуалды кеңістігін құрайды, ол тілдегі морфологиялық репрезентацияның когнитивті негізі болып табылады. Олар морфологиялық категориялар түзіп, морфологиялық тұлғаларды мағынаны айқындай отырып, категориялар мен топтарға жіктейді. Морфологиялық концептуалдану және категориялану сияқты танымдық үдерістерді жүзеге асыра отырып, концептуалды мазмұнға ие болып, әр тілде өзінше көрініс табады.
Қазақ тіліндегі антропоөзектік факторларды анықтауға мүмкіндік беретін, онтологиялық категориялардың ұжымдық санадағы бейнесін көрсететін морфологиялық категориялардың тілдік табиғатын, грамматикалық категориялардың мазмұндық және коммуникативтік негізіндегі антропоөзектік сипат пен оның көрінісін талдай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады:

  • Адамның когнитивті (таным) тәжірибесі мен ғаламды түйсіну тәсілдері арқылы ойлау құрылымдары (концепт, концептуалды жүйелер мен категориялар) қалыптасып, олардың тілдік құрылымдарға (тілдік таңба мен категорияларға) жіктелуі нәтижесінде грамматикалық категориялар түзіледі. Сол себепті морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер концептуалды мазмұнның құрылымдалу тәсілі болып табылады.

  • Морфологияда тілдік жүйе үшін маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын концептілер көрініс табады.

  • Предикативті қатынас жақ, рай, шақ категориялары негізінде құралады. Антропоөзектік тұрғыдан алғанда, предикативті бірліктер сөйлеуші-тыңдаушы осінде орналасқан. Сөйлеуші (адресат) – нақты адам, сөйлеу актінің авторы, тыңдаушы (адресант) та нақты адам ретінде қабылданады. Предикативті қатынас негізінде сөйлеушінің ақиқат болмысқа қатынасы, коммуникацияға қатысушы адам факторы ескеріледі. Жақ категориясы арқылы сөйлесушілердің өзара қатысы, өзара ілтипаты, сыйластығы, қарым-қатынас ерекшеліктері көрінеді. Модальділік концепті арқылы сөйлесушілердің ақиқат болмысқа деген көзқарасы байқалады. Соған сәйкес модальділік объективті және субъективті модальділік болып жіктеледі. Ол рай категориясына, соған сәйкес ашық (реалды) және неғайбыл (ирреалды) райларға негіз болған. Уақыт тікелей концептуалданбайды, оған жанама түрде оқиғалар, кеңістік пен қозғалыс атаулары уәж болады. Сөйлеу сәті сөйлесушілердің коммуникацияға түскен уақыты болып табылады. Шақ, рай категорияларында сөйлеушілердің дүниені, ақиқат болмысты қабылдау ерекшеліктері көрініс тапса, жақ категориясында олардың тілді тұтыну ерекшеліктері көрінеді.

- Қазақ тілінде қатынас мәні етіс және септік грамматикалық категориялары арқылы репрезентацияланады. Етіс, септік категориялары субъектілі-предикаттық, объектілік, меншіктілік қатынас, мекендік-мезгілдік, көлемдік т.с.с. қатынастарды білдіріп, сөйлеушілердің ақиқат болмысқа деген көзқарасын білдіреді. Етіске тән өзіндік мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері болуына байланысты салт, сабақты етістіктер етіс категориясынан өз орнын алуы керек. Қазақ тілді сөйлеушілердің тілдік санасында өздік, ырықсыз, ортақ етіс мазмұн межесі мен тұрпат межесі тұрғысынан толық қалыптасқан, ал өзгелік етіс тұлғалары тілдік санада әлі орныға қоймаған. Ол өзгелік етіс қосымшаларының сабақты етіс қосымшаларымен ұқсастығына байланысты. Адам объективті шындықты, ақиқат болмысты өзгертетін субъект ретінде көрінетін актив құрылымдар ұлттық болмысты таныта алады.
- Сан-мөлшер мәні жекелік-көптік, шырай категорияларының көмегімен беріледі. Сан-мөлшер концепті арқылы ақиқат болмыстың тілдік санадағы көрінісі байқалады. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сан-мөлшер концептінің ерекшелігін зерттеу арқылы адамның ақиқат болмысты тану сипаты көрінеді. Сонымен қатар сан-мөлшер категориясы тіл тұтынушыларының тілді қолдану ерекшеліктерінен де хабар береді.
- Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер – мазмұн және тұрпат межесі бар грамматикалық жүйе бірлігі болып табылады. Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер концептуалды мазмұн мен репрезентацияланатын тұлғалардың бірлігінен құралады.
- Грамматикалық категорияларда ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері көрініс табады. Морфологиялық категорияларда ұлттық болмыс, ұлттық дүниетаным, адамдар арасындағы қатынас айқын көрінеді. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, ұлттық ділмен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеу ерекшеліктерімен байланысты болады. Белгілі бір этнотілдік қауымдастықтың мәдениеті, білімі мен тәжірибесі тілде көрініс тауып, менталитет түзеді. Білім қоры тіл семантикасында көрініс тауып, белгілі бір тілдік ұжымның ұлттық, мәдени мәдени тәжірибесін көрсетеді. Қазақ тіліндегі жақ категориясының анайы/сыпайы түрге жіктелуі ұлттық ділдің, ментальдылықтың көрсеткіші болып табылады. Морфологияға идиоэтникалық сипат тән болғандықтан, морфологиялық жүйе тілдің өзіндік ерекшелігін танытады.
- Грамматикалық категориялардың қызметі әр форманың өзіне ғана тән семантикалық белгілері арқылы айқындалады.
- Элитарлық тілдік тұлға – ұлттық тілдің жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін толық меңгерген, оларды орынды қолданатын, лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің семантикасын жан-жақты түсініп, орнымен қолдана алатын, коммуникативті стратегиялар мен тактикаларды, вербалды және бейвербалды қатынас талаптарын толыққанды меңгерген, ұлттық тіл мен мәдениет концептосферасын құрайтын концептілердің ұғымдық, бейнелі-ассоциативтік, құндылық сипатын түсінетін тілдік тұлғалар. Элитарлық тілдік тұлғаға ақын-жазушы, филолог, журналистермен қатар тіл білімінің дамуына үлес қосқан ғалымдарды да жатқызуға болады. Элитарлық тілдік тұлғалардың ғылыми тұжырымдарын талдау негізінде қазақ тіліндегі грамматикалық категориялардың қолданыс сипаты, сондай-ақ қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолы мен ондағы түрлі бағыт, ұстанымдар анықталады.
- Қазақ тіл білімінің тарихын шартты түрде төрт кезеңге (ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең: Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектері (1860-1912 ж); ұлттық тіл білімі қалыптасқан кезең: А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омаров, Ж.Аймауытов (1912-1930 ж); ұлт зиялыларының қудалануына байланысты еңбектерін оқытуға тыйым салынып, тіл білімінде еуропоцентристік бағыт белең алған кезең (1930-1988 ж.); репрессия құрбандарының ақталып, олардың еңбектерін пайдалануға жол ашылған кезең (1988 жылдан бергі кезең) жіктей отырып, ұлттық тіл білімінің қалыптаса бастаған кезеңіндегі ғалымдардың еңбектерінде грамматикалық категориялардың антропоөзектілігі, функционалды грамматика, коммуникативті лингвистика бағытындағы зерттеулердің негізі қаланғанын көреміз. Алайда ғалымдардың репрессиялануына байланысты ой-тұжырымдары кейінгі еңбектерде сабақтастық таппай қалған.
- Қазақ тіліндегі грамматикалық категорияларда (жақ категориясын анайы және сыпайы түрге жіктелуі, көптік жалғаудың статусы, болжалдық сан есімдер, етіс категориясының танылуы т.с.с.) әлі де басы ашылмаған мәселелер баршылық.
Сонымен, ғалам туралы білімдер кешені лексикалық және грамматикалық семантикада, сондай-ақ этномәдениеттің ментальді әлемінде қалай көрініс табатынын анықтаудың маңызы зор. Адамның әлемді концептуалдау, категориялау ерекшеліктері, тілдегі концептуалды мазмұн, адамның әлем туралы білімінің көрсеткіші ретінде көрінеді. Белгілі бір нәрсені білдіретін соған атау болған лексикалық бірліктер реалийдің сөйлеуші санасында бар екенін ғана білдіріп қоймай, сонымен қатар объективті әлемде олардың белгілі бір жүйеге түскенін көрсетеді, яғни ғаламның тілдік бейнесін көрсетеді. Ғалам туралы білімнің тілдегі көрінісін сипаттайтын морфологиялық концептілер лексикалық жолмен берілетін концептілерге қарағанда, біршама тұрақты болып келеді. Сол себепті морфологиялық концептілер жалпыұлттық деңгейде стандарттауға бейім болады.
Концепт – адамзат танымының бірлігі, білімді сақтау, өңдеу, жеткізудің негізгі бірлігі. Концепт – концептуалды жүйенің және ғалам туралы білімдер жүйесінің өзіндік элементі. Концептуалды жүйеде түрлі сипаттағы концептілер көрініс табады, сол арқылы адам қабылдаған ақпаратын өңдеп, сараптай алады. Когнитивті лингвистикада дәстүрлі лингвистикада сараланған лексика, морфология, синтаксис, семантика сияқты салалар өзара бірлікте қарастырылып, тілдік формаларда көрініс тапқан, адамзаттың ойлау жүйесіне тән жалпы ұстанымдарды айқындалады. Әрбір тілдік бірлік терең когнитивті үдерістерді айқындап, мағынаның құрылымдалу тәсілін айқындайтын механизм іспетті. Когнитивті грамматика да, когнитивті семантика да – мағынаның қалыптасу негізі ретінде таным нәтижелерін когнитивті тұрғыдан үлгілеу жолы болып табылады.
Грамматикалық концептосфера сөйлермен санасында маңызды орын алады, оның сөйлесім әрекеті үшін де мәні зор. Ғаламды тани отырып, адам оны белгілі бір құрылымдарға жіктейді. Құрылымдау үшін концептуалдау және категориялау үдерістері негіз болады. Адамның когнитивті (таным) тәжірибесі мен ғаламды түйсіну тәсілдері арқылы ойлау тәсілдері арқылы ойлау құрылымдары (концепт, концептуалды жүйелер мен категориялар) қалыптасып, олардың тілдік құрылымдарға (тілдік таңба мен категорияларға) жіктелуі белгілі бір этнос үшін маңызды болатын болатын ерекшеліктер негізінде жүзеге асады. Ендеше, морфологиялық категорияларды ғаламның концептуалдануы тұрғысынан қарастырудың мәні зор. Бұл морфологиялық категориялардың ерекшелігі мен қолданысын сипаттап, оған негіз болған концептуалды құрылымдарды анықтауға, сол арқылы морфологияның концептуалды кеңістігінде көрініс тапқан тілдің концептуалды жүйесін сипаттауға мүмкіндік береді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет