азаматтың əуітіне алып барды.
Əуіт
дегеніміз өзен-сайды бөгеп, плотина жасаған, яғни бөгет. Су
толған. Жан-жағы тал-дарақ.
Балықтың ұрығын жіберген. Ол көбейген. Енді қалмақ салып аулай бер.
Содан бері біздің Мыңбұлақтың бір бұлағы – Бердімбет сайындағы
бұрынғы ескі əуітті жөндеп,
табанын тазартып, су толтырып, балық өсірсек
деймін ғой, баяғы.
Сонда Бердімбет баба сайының
қос қанаты ну орманға айналса,
айдында балықтар тайдай тулап, тоғайға қаздар қонып, үйрек
ұшса деймін
ғой, баяғы.
Кім біледі, тірі жүрсек, ондай күнді де көрерміз.
Мыңбұлақта баяғы-баяғы бағзы заманда ит мұрыны өтпес қалың орман
болған екен. Сол дəурен қайтып оралса дейсің ғой, баяғы.
Бір кем дүние.
Тұнжыр тұман
Таң азаннан дала тұнжыр тұман. Көшеде адамдар бүрсеңдеп бара
жатыр.
Ал майда құстар құйқылжыта əн салады. Əсіресе қара торғай. Əлде
олар тоңбай ма? Əлде олар
адамдарға қарағанда оптимист, үлкен үміткер
ме?
Тоқ болатын да жағдайлары жоқ. Айнала аппақ қар. Құрт-құмырсқа
шыға қоймаған кез. Құстар өміршең. Тірмізік.
Бəлкім, олар бір-біріне жамандық, қастандық ойламайтындықтан болар.
Бірінің үстінен
бірі арыз жазып, бірін бірі даттап, боқтап, бəле жауып,
соттатып жатпайды ғой құстар.
Сол пейілдеріне қарай Құдай оларға қуат беріп,
қуаныш беріп қойған да
болар.
Əйтеуір, əн салады. Жылауық, зарлы да емес, көңілді.
Біз неге осылардай емеспіз?
Бір кем дүние.
Жайнамаз
Əкемiз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, əдемi гүлдерi
жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар едi.
Алдымен мешiт бұзылды. Оның үйiндi
болып қалған кiрпiштерiнiң
үстiнде байғыз дейтiн құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды.
Көп ұзамай Мұртаза рахметiлiк "халық жауы" ретiнде ұсталды. Бұл
1937 жылдың, сiрə, желтоқсан айы едi.
НКВД үйге тiнту жасады. Мен ол кезде 5 жасар баламын. Бəрi есiмде.
Тiнткенде бəлендей байлық табылған жоқ. Тек бiр милиционер төрде iлулi
тұрған жайнамазды жазып көрдi де: "Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен.
Аяғым тоңып жүр едi", – деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-
бүктеп, қойнына тыға салды...
Арада алпыс жыл өткенде жолым түсiп,
Кереку қаласына барып,
мешiтiне кiрiп, дұға оқығанда, Тəңiрi жарылқағыр бас имам маған
Қағбадағы мешiттiң суретi салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда
баяғы
милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс
болып келiп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештiм. Мұны марқұм
Мұртазаның əруағы сездi ме... бiлмеймiн.
Бiр кем дүние.
Достарыңызбен бөлісу: