Ал біздің Парламент шығарып
жатқан заңдардың санына жете
алмайсың. Саны бар да, салмағы жоқ.
Қандай сандар шығарып жатқанын депутаттар өздері ұмытып қалады.
Парламент өзі шығарған заңның орындалуын қадағаламайды. Сондай
да бола ма екен?!
Бір кем дүние.
Сəуле əкесін іздейді
Сталиннің тізімі бойынша Тұрар Рысқұлов тұтқындалып, қол-аяғына
кісен салынып, Кисловодскіде демалып жатқан жерінен Мəскеуге, Лубянка
түрмесіне жеткізілді.
Жендеттер бір сəт
ұйқы бермей, ұдайы ұрып-соғып, қабырғасын
сындырып, əп-əдемі бұйра шашын жұлып, тозақтан жаман азаптап, ақыры
атып тастап, Мəскеу түбііндегі
Бутово деген деревняға апарып, көміп еді
ғой.
Арада алпыс жыл өткеннен соң үлкен қызы Сəуле Бутовоға барып,
əкесінің моласын іздеп-іздеп таппай қайтты. Туған жерінен бір уыс
топырақты орамалға түйіп алып барып еді,
қай төмпешікке төгерін білмей,
бүкіл зиратқа құлаштап тұрып шашып кеп жіберді.
Сəуле əкесін Бутоводан бекер іздейді. Тұрар Рысқұлов сол 1938 жылдың
10 ақпанында-ақ ғарыштағы Шолпан-Кебіс жұлдызын мекендеп алып еді
ғой.
Бірақ таң алдында туып-бататын Шолпан-Кебіс жұлдызына жету қайда?
Мүмкін, таң маһшарда болмаса...
Бір кем дүние.
Мұса пайғамбардың амалы
Бір заманда еврей халқы Мысыр перғауындарының құлдығында
болғаны тарихтан белгілі. Оларды сол құлдықтан құтқарған Мұса (Моисей)
пайғамбар ғой.
Перғауынның тұтқынынан қашып шыққан
еврей елін Мұса пайғамбар
40 жыл бойы шөл дала – құмның ішімен ары-бері алып жүре беріпті.
Мақсат: құлдықтың қамытын кигендердің тұқымы таусылып болсын
деген ғой. Құлдық психологиясынан азат, жаңа тəуелсіз ұрпақ өссе, соны
Иерусалимге алып бармақ. Ол сол мақсатына жетті де. Жаңа ұрпақтың
тұяғын Палестина топырағына тигізсе – арманына жетеді.
Ал 300 жыл бойы Ресей бодандығында болған қазақтардың ескі көзі əлі
де сол баяғы құлдық
психологиядан арыла алмаған, жасқаншақ. Құлаққа
ұрған танадай шыр айнала береді.
Тарих жаңа буыннан, жалтақтамай, жасқаншақ болмай өсіп келе жатқан
ұрпақтан үміткер.
Бірақ ескіні естен шығартатын Мұса пайғамбар қайда? Жоқ қой...
Бір кем дүние.
Гегель
Осы жұрт философ Гегельді біле ме екен?
Оқығандар ғой, білетін шығар. Білсе, сол кісі айтыпты: «Өз
ана тілін
менсінбейтіндер – өз ұлтын үш рет өлтіргендер», – деп.
Орысшасы: «Трижды убивает свою нацию тот, кто игнорирует родной
язык».
Ол философ Гегель қазір тірі болса, біздің Қазақстанның,
өз отанында
айдың-күннің аманында өмір сүріп жатқан қазақтардың , əсіресе қала
қазақтарының, оның ішінде билік басында отырғандардың хал-жағдайын
білсе, əлгі айтқаны – айтқан ба!.. Не деп айтарын, не нəрсеге теңерін де
білмей қалар еді-ау.
Қайран Гегель! Сенің шəкіртіңбіз деп жүрген
философсымақтардың өзі
дəл қазір де ана тілін сен сияқты қорғай алмай, көкезу болып жүр-ау.
Бір кем дүние.