Көгершіннен ұят болды
Шағалалардың күнкөрісі жаман емес. Есілдің суында əзірше майда
шабақтар бар. Ерінбегендер қармақ салып, шынашақтай шабақ ұстаса,
қуанып қалады. Судың бетіне ойнақтап шыққандарын шағала көкпар ілген
шабандоздай қақшып алып, қайқаң қағады.
Ал көгершіндер балық ұстай алмайды. Кенесары ескерткішін айнала
отырғандарға жақындай береді. Азын-аулақ нəпақаны адамдардан дəметеді.
Біреуі скамейкада жалғыз отырған маған жақындап келіп, ары-бері
жүріп алды. Көгершін сырын білгендер қалталарына нан, шекілдеуік, тары
сала жүреді. Құс баласы соған дəніккен.
Ал менің қалтамда тамақ жоқ, не беремін? Көзін қылиландыра қарап,
басын қисайтады. Əлі дəметеді. Қалтамда тиындар бар. Бірақ көгершін
ақша тілемейді. Оған нан керек, дəн керек. Ол үшін алтын, күміс нəбары
тас сияқты.
Қалталарымды қаққылаймын. Нан да жоқ, дəн де жоқ. Көгершін көзі
қылилана қалады. Мені мазақтайтын тəрізді. Ұят-ай...
Бір кем дүние.
Иман Жүсіп
Балуан Шолақ. Қажымұқан. Иман Жүсіп. Қараөткел.
О да бір дəурен. Қараөткелдің бойындағы Ғалияның қымызханасы.
Ирелең аққан Есілдің бойы баяғы Қыпшақ ауылдары. Күйгенжар,
Талапкер, əріректе Қажымұқан туған жер.
Ерейментау мен Ақ Мешіт жақтағы Шиелінің арасында ат артқан сол
Иман Жүсіп, кешегі Кеңес заманында колхоздастыру кезеңі келіп, Созақта
сайқал саясатқа қарсы көтеріліс болғанда, сол көтеріліс көсемдерінің біріне
айналған ғой. Көтеріліс күшпен басылғанда, Əулие-Ата маңында
большевиктердің қолына түсіп, қала шетіндегі Қарасу бойында «халық
жаулары» атылған орда есіл ердің сүйегі қалды.
Басына барып, дұға оқитын белгі жоқ: Қарасу бойы қаптаған үйлер. Қай
үйдің астында қалғанын бір Құдай біледі.
Бір кем дүние.
«Келі» дейді. Қай «келі»?
Бидай түйетін, тары түйетін, арпа ақтайтын келі болушы еді. Келі мен
келісап баяғы қазақ ауылының үй шаруасындағы басты құралдарының бірі
еді.
Дəл осы заманда газеттер «келі», «келі» деп жазады. Қай «келі» десең,
кəдімгі орысшадан келген «кило» екен. Яғни килограмм.
Ал енді оның «келі» болып кететін қандай қисыны бар? Күні кешегі
келі — келісап қазір қолданыстан шығып қалды деп, оның негізгі
мағынасын өзгерте береміз бе?
Өткенін ұмытып кетпеу үшін, жарықтық Аяз би бабамыз:
Аяз би, əліңді біл,
Құмырсқа, жолыңды біл! –
деп қаудырақ тонын босаға жаққа іліп қойған екен.
Бұл заманда келі мен келісап үйіңде болмаса да, музейде тұр.
Алдыңа қарап тірлік ет.
Өткенге қарап шүкірлік ет.
Шіркін, бір кем дүние.
Ұмытшақпыз.
Көпір
Арыстан өтіп, Түркістаннан өтіп, Шымкентке жетіп, Борандыға келіп
тірелген шойын жол құрылысы тоқтап қалды.
Ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып келе жатқан темір
тұлпар қаңтарулы.
Əулие-Атада төңкеріс. Патшалық өкіметтің соңғы тірегі құлап, тағы
төңкеріліп, Кеңес өкіметі орнаған шақ.
Жаңа өкімет бастығы — Тұрар Рысқұлов.
Жаңа өкімет темір жолдың Əулие-Атаға қашан жететінін сұрастырады.
Сөйтсе, Боранды Бекет темір жолынан көпір салынуы керек екен.
Көпір дегенде, көз алдыңа жолдың үстінен өтетін өткел елестейді. Ал
мынау темір жолдың астынан өтетін көпір.
Мəселенің шиеленген түйіні — Тəңіртаудан бастау алып ағатын бұлақ
суы сол көпір асты арқылы өтуі керек. Ал ол судан машина, арба өтер,
атпен, есекпен өтерсің, ал жаяуды қайтерсің?
Көпірге қарама-қарсы жарлауыт үстінде аласа үйлердің бірінің тұсында
Орынбай шал аласа орындықта отырады. Екі жағында екі балдағы жатады.
Алдында жайдақ үстел үстінде темекі, папирос. Саудасының түрі сол.
Көксайдағы қырғыз жездеміз Нұралы қарт біздің үйге бір қап темекі
əкеліп тастайды. Оны Айша анамыз осы Орынбай қайнағасына жеткізіп
береді. Орекең өткен-кеткендерге осы «товарды» стакандап сатып отырады.
Сол Орекең бір күні бір оқиғаның куəсі болады. Біздің ауылдан
жоңышқа артқан дəу сатылы арба Орекең отырған көшемен өтіп, төмендегі
темір жолдың астындағы көпірге таяп қалады. Бау-бау жоңышқаның
үстінде шоқиып «Қосбас» Байжұман жəкеміз отырады. Жоңышқа артқан
сатылы арба биік қой.
Көпірге жақындай бергенде ат айдаушы бала:
– Ата! Ата! Жат! Жат! – деп жанталаса айқай салады.
Байжұман жəкеміз биік арбаның үстінде қаздиып отырған жеріне бүк
түсіп жата қалады. Арба су аққан көпірдің арғы шетіне өткенде ат айдаушы
бала қараса, Байжұман жəкеміз безілдеп жатыр екен. Рельстің астындағы
көпір жəкеміздің жон арқасының терісін сыпырып алып қалыпты.
Соны естіген Орынбай шал:
– Əй, Байжұман! Сол көпірдің сенің басыңды алып қалмағанына шүкір
де! – дейді ғой. – Жата қалмағаныңда басыңды қақшып түсетін еді. Құдай
сақтады.
Еңіске қарай сатылы арба жылдам жүріп кеткенде Байжұман ата өзінің
замандасы Орынбайды байқамай, сəлемдеспей өте шыққан ғой.
Бастан құлақ садаға деген. Бас аман. Жон арқасы жазылар.
Бір кем дүние.
Қымыз
Ақтанберді жырау айтты:
Арудан асқан жан бар ма?
Жылқыдан асқан мал бар ма?
Сары қымыздан асқан дəм бар ма? –
деді. Əулие ғой. Иманы бар əр азамат, əр əкім осыны ойлап, жылқы
малын жей бермей, көбейтіп, қымызбен жұрттың шөлін қандырса,
халықтың тоқсан тоғыз пайызының денсаулығы жақсарар еді.
Жарықтық Жамбыл жəкем айтты:
Үйірілген қышқыл-тəтті сары қымыз,
Ауруға ем, сауға қуат, дəрі қымыз, –
деді. Сол қымыздың қуаты шығар, Жамбыл жəкең жарықтық жүз
жасады.
Егер біздің елде əкімдердің бəрі Серік Үмбетовтей болса, Қазақстан
тұтас дүние жүзіндегі ең дені сау мемлекет болар еді.
Серік Үмбетов Жамбыл облысын басқарды. Тараз шаһары түгел
қымызханаға айналды.
Серік Үмбетов Алматы облысын басқарып еді, Талдықорған қымызға
молықты. Басқалар қайда?
Бір кем дүние.
Серік Үмбетовтей тағы бір азамат — Дархан Мыңбай Оңтүстік
Қазақстанның Түркібас ауданының əкімі болып жүргенде Күмісбастау мен
Кемербастау баурайында керемет қымыз фестивалін өткізді.
Кейін облыс əкімінің орынбасары қызметіне көтерілгенде, Қымыз
мерекесін Шымкенттің өзінде өткізді.
Қазір ол Мəдениет министрінің орынбасары болып, Астанаға келді.
Енді ерке Есілдің бойында баяғы Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иман
Жүсіп заманындағыдай Ғалия арудың қымызханасы ашылар ма екен?
Əттең, бір кем дүние.
Достарыңызбен бөлісу: |