1.3. Қоймалардағы және сақтайтын орындардағы материалдардың құндылықтардың есебі және ТМҚ-ның бухгалтериядағы есебі
Қойма шаруашылығының жақсы жағдайы тауарлы-материалдық құндылықтардың есебін дұрыс ұйымдастырудың маңызды шарты болып саналады. Қойманың үй-жайы тұйықталған, дабылдамамен, стеллаждың, жәшіктердің, еденшелермен (поддон), механизация жабдықтарымен және салмақ өлшейтін приборлардың қажетті мөлшерімен жабдықталуға тиіс.
Қойма ішінде материалдардың әрбір тобы, топшасы мен түрі белгілі бір жерде сақталуға тиіс. Сақтайтын әрбір жерге материалдық затбелгі бекітіледі. Басшының бұйрығымен қоймада жұмыс істейтін материалды жауапты адамдардың тізімі бекітіледі. Олармен материалдық жауапкершілік шарты жасалады. Материалдардың қоймадағы есебін тікелей осы адамдар жүргізеді. Материалдық құндылықтардың қоймалық есебі үш әдістің біреумен ұйымдастырылуы мүмкін.
Бірінші әдіс – сандық-сомалық есеп әдісі. Осы әдіс негізінен қорлар номенклатурасы кішігірім, шағын кәсіпорындарда жүргізіледі. Бұл орайда қоймада және бухгалтерияда материалдық құндылықтардың әрбір номенклатуралық нөміріне сандық-сомалық есептің карточкалары ашылады. Материалдық қорлардың қозғалысы жөніндегі құжаттың әрбір дерегі карточкаға жазылады. Ай соңында карточкалардың жиыны шығарылып, олар жылдық, сорттық, айналымдық ведомоске көшіріледі. Мұндай әдіс кезінде қосарланған есеп жүргізіледі. Ол өте кең ауқымды және талдамалық есептегі жазулар санын арттырады.
Екінші әдіс – сальдолық (жедел-бухгалтерлік) әдіс. Материалдық құндылықтардың есебін қойма меңгерушісі жүргізеді. 1 қаңтарда бухгалтерия материалдардың қоймадағы есебінің М17 нысанындағы карточкаларын ашады. Мұндай әрбір номенклатуралық номерге 1 қаңтардағы қалдық сандық өлшеммен енгізіледі. Карточкалар тізілім бойынша қойма меңгерущісіне беріледі, ол келіп түскен материалдық құндылықтарға кіріс құжатын толтырады және құжаттарына сәйкес оларды босатады. Бұл ретте ол кіріс пен шығысты карточкада натуралдық көрсеткішпен бөліп көрсетіп, әрбір жазба операциясынан кейін қалдығын шығарады. Осындай тәртіппен материалдық құндылықтардың қоймадағы күн сайынғы есебі жүргізіледі.
Қойма есебі карточкаларының жүргізілуін бухгалтерия қадағалайды. Оның қызметкерлері аптасына немесе он күнде кем дегендебір рет тікелей қоймада қойма меңгерушісінің қатысуымен қойма операциялары бойынша бастапқықұжаттар мен карточкалардағы жазудың мерзімділігі мен дұрыстығын тексеруді жүзеге асыруға міндетті. Операциялардың жазылуы мен қалдықтардың шығарылуын тексеруді бухгалтерия қызметкері М17 нысанының тиісті бағанына қолын қою арқылы растайды. Тексеру қойма меңгерушісінің бухгалтерияға бастапқы құжаттарды табыс етумен ұштасады. Өткізілген құжаттардың деректері М18 нысанындағы құжаттарды қабылдау-өткізу тізіліміне енгізіледі, бұл жерде олардың нөмірі мен саны көрсетіледі. Тізілім құжаттарды қоса отырып, бір данада жасалады. Егер қоймалар кеңсе-жайдан (офистен) алыс жерде болса, онда карточкалардың дұрыс толтырылуына бақылау орталық бухгалтерияда жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда қойма меңгерушісі белгіленген мерзімде ай соңындағы материалдардың қалдық ведомосін екі дана етіп жасап, бухгалтерияға өткізеді. Ведомос сандық өлшеммен есепті айда қозғалысқа түскен материалдар бойынша ғана жасалады. Ведомоске цех (учаске) бастығы қол қояды және құжаттарды ресімдеу дұрыстығы тексерілгеннен кейін, оның бір данасы ескертулерімен бірге қоймаға қайтарылады. Материалдардың номенклатурасы кішігірім қоймаларда карточканың орнына сорттық есеп кітабын жүргізуге рұқсат етіледі. Ай соңында бухгалтериядан материалдардың қалдық есебінің кітабы (қалдықтарды есепке алудың М20 нысанындағы ведомосі) қоймаға беріледі. Қойма меңгерушісі оған материалдар есебі карточкасынан қалдықтарды көшіреді. Бұдан кейін жинақтау және жалпы кітап бойынша материалдық құндылықтың есептік топтары бойынша жиынын есептен шығару үшін бухгалтерияға қайтарылады. Бұл әдіс кезінде:
бухесеп жедел есепке негізделеді және онымен тығыз байланысты;
қоймадағы және бухгалтериядағы есепті жедел салыстыру, демек есепті айда жіберілген қателіктерді жою мүмкіндігі туындайды;
есептік бағаларды қолдану ай сайын қорлардың орташа құнын анықтаужөніндегі қиын жұмыстарды жояды.
Бұл түгендеу жүргізуді жеңілдетеді және есептің жедел функцияларын күшейтеді, құжаттарды өңдеу және есептік тіркелімдердің жағдайын жақсарту бойынша компьютерлік техниканы қолдану мүмкіндігін кеңейтеді. Қорлардың талдамалы есебінің синтетикалық есептен қалуына жол берілмейді. Сальдолық әдіске тән қасиет – қорлардың сандық есебі тек қоймада жүргізіледі, ал бухгалтерияда қорлар сомалық өлшеммен сақталатын жері бойынша және әрбір шот немесе қорлар тобы бойынша ескеріледі.
Үшінші әдіс – материалдық есеп берулер әдісі. Қойма меңгерушісі (құрылыс учаскесінің бастығы, прораб, шебер) қоймада (учаскеде) санақта тұрған материалдардың барлық номенклатурасы бойынша М19А нысанындағы материалдық есепті ай сайын жасайды. Есеп беруде 20 (материалдар) – бөлімшенің шоттары бойынша ай басындағы қалдық, кіріс, шығыс және ай соңындағы қалдық келтіріледі. Өткен айдың материалдық есептемесінен есепті айдың басына көшіреді, содан кейін түсімдер мен шығыстар туралы алғашқы құжаттардың алдын ала топтастырылған деректерінің негізінде материалды-жауапты адамдар кірісті түсім көздері бойынша, ал шығысты – материалдардың пайдалану бағыты бойынша толтырылады. Материалдардың ай соңындағы қалдығы есептеу жолымен анықталады. Алғашқы құжаттары қоса берілген материалдық есептемеге оны жасаушы қол қояды және есепті айдан кейінгі айдың 3-күнінен кешіктірместен (немесе кестеге сәйкес айдың күні) бухгалтерияға тапсырылады. Онда оны жасаудың дұрыстығы тексеріледі, кірістелген, берілген және жұмсалған материалдардың саны бухгалтериядағы деректермен салыстырылады.
Материалды құндылықтардың бухгалтериядағы есебі.
Қоймадан тізілім бойынша келіп түскен құжаттар алдын ала жинақталғаннан кейін таксалауға беріледі. Таксалаудан кейін құжат деректері кәсіпорында белгіленген есептік топтар бойынша (орман материалдары, темір және т.б.)
топтастырылады. 20 және 22 (тауарлар) – бөлімшелердің шоттары бойынша тауарлы-материалдық құндылықтардың кірісі мен шығысы бойынша жүретін, материалдардың талдамалы есебінің жинақтаушы ведомосте әрбір топ бойынша сомалық өлшеммен көрсетіледі:
а) өткен айдағы ведомосте алынған ай басындағы қалдық;
б) құжаттарды өткізу тізілімінен ай ішіндегі топ бойынша тауарлы-материалдық құндылықтардың кірісі;
в) құжаттарды өткізу тізілімінен ай ішіндегі топ бойынша тауарлы-материалдық құндылықтардың шығысы;
г) есептеу жолымен анықталған ай соңындағы қалдық.
Жинақтау ведомосі бухгалтерия мен қойма есебінің деректерін салыстыру үшін пайдаланылады. Қойма есебі материалдардың талдамалы есебі карточкаларында және қалдықтар кітабында жүргізіледі. Қалдықтар туралы деректер сәйкес келу керек, өйткені қоймадағы жазулар (қалдықтар кітабы мен жинақтау ведомосі) бір ғана құжаттардың негізінде жүргізілген. Бухгалтерияда жинақтау ведомосінің (сальдолық әдіс кезінде) немесе материалдық жауапты адамдардың материалдық құндылықтардың қалдығы мен қозғалысы туралы есептеменің негізінде «Материалдардың ақшалай өлшемдегі қозғалысы» деген №10 ведомосі жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |