3.2 Жылқы нутталиозы
Нутталлиоз - қарапайымды қан паразиттері нутталиялар қоздыратын,
ауырған мал денесінің қызбасымен, қанының азаюымен, сарғаюмен,
ағзаларға қан құйылуымен, орталық жүйке, жүрек, қан тамырлары және ас
қорыту жүйелерінің зақымдануымен ерекшеленетін, жіті және жітілеу өтетін
трансмиссивтік ауру.
Нутталлиозбен жылқылар және басқа да тақ тұяқты (есек, қашыр)
жануарлар ауырады.
Қоздырғышы - Nuttalіa equі Theіlerіdae тұқымдасына жататын қан
эритроциттерін зақымдайтын қарапайымдылар. Нутталиялардың пішіні
сопақ, алмұрт тәрізді және нүкте тәрізді болып келеді. Паразиттің тұрқы 1-4
мкм. Тұрқы жағынын олар үш түрлі болады: ірілерінің тұрқы эритроцит
радиусына тең, орташалары эритроцит радиусының жартысындай, ал ұсақ
түрлері радиустың төртінші бөлігіндей. Жылқы қанында бұл паразиттер екі,
үш және төртке бөлініп көбейеді. Сондықтан эритроцит ішінде
нутталиялардың крест тәрізді түрлері пайда болады. Паразиттің бұл түрлерін
“мальта кресі” деп атайды. Тақ тұяқтылардың қанында нутталиялар өте ұзақ
уақыт – 6 жылға дейін, ал кейбір деректерге қарағанда 18 жылға дейін
сақталады. Егер жылқы қанында паразиттердің ірі және орташа түрлері
басым болса, нутталиоз жіті және жітілеу түрінде байқалады, ал оның
түрлері көбірек болса, аурудың созылмалы болғаны.
Нутталиоз ауруының қоздырғышын Dermacentor туысына жататын
кенелер және Hyalomma plumbeum, Rhіpіcephalus bursa кенелері
тасымалдайды. Нутталиялар кене арқылы жылқыға трансфазалы жолмен
таралады. Кене, балапан кене не нимфа сатысында инвазияланса, онда
нутталиоздарды келесі сатылары нимфа немесе имаго таратады. Сондай-ақ,
нутталлиялар кененің келесі ұрпағына трансовариалды (жұмыртқа арқылы)
жолмен де ауысады. Кене мал денесінен қан сорғанда, паразиттер оның
сілекейімен жылқы организміне өтеді. Олар лимфа бездері арқылы қанға
өтіп, эритроциттерге енеді. Эритроциттерге енген паразиттер өсіп-дамуын
жалғастырып, жедел түрде бөлініп көбейе бастайды. Нәтижесінде
нутталлиялар қандағы эритроциттердің 10-30 % -ын зақымдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |