Лекция 11. Есте сақтауды зерттеу әдістері
Адамның есте сақтауы зейінмен салыстырғанда көп аспектілі процесс, сондықтан бір-екі әдістеме немесе бірлі-жарымды жеке көрсеткіштер арқылы есте сақтауға баға беру мүмкін емес. Бала мектепке келгенде бастауыш сатындағы оқуды меңгеріп кетуі үшін ең аз дегенде төменде көрсетілген ес түрлері мен оның көрсеткіштері анықталуы керек:
1. Қысқа мерзімді көру және есту есі, олардың көлемі мен ақпаратты жедел естің сәйкес түрінде сақтау қабілетінің деңгейі. Сезім мүшелері арқылы қабылданған кез келген ақпарат /оқу, еңбек, әлеуметтік т.б./ қысқа мерзімді жедел көру және есту естерінсіз ұзақ мерзімді есте сақтауға айналмайды.
2. Есте қалдыру, есте сақтау және қайта жаңғырту мақсатында баланың өз бетінше, өз бастамасымен есте сақтау үшін әр түрлі құралдарды пайдаланумен сипатталатын жанама естің болуы.
3. Есте қалдыру мен еске түсіру процесінің динамикалық ерекшеліктерін дұрыс та дәл бағалаудың маңызы зор. Ол үшін жаттаудың динамикасы және оның нәтижелілігі, белгілі ақпарат бірлігін қатесіз еске түсіру үшін қажетті қайталаулар саны т.б. көрсеткіштер анықталуы қажет. Естің осы түрлері мен аталған көрсеткіштерін анықтау тәсілдерін қарастырайық. Бірақ естің психодиагностикасын жүргізу процесінде төмендегі жағдайларға назар аударуды естен шығармаған жөн.
Кіші мектеп жасындағы оқушылардың есте сақтауы да олардың зейіні сияқты дифференциальды түрде жеке көрсеткіштер бойынша бағаланып, олардың әрқайсысы бойынша баланың есте сақтауы туралы басқаларға тәуелсіз қорытынды жасалады. Ал баланың ес процестері туралы тұтас қорытынды оның есте сақтауының даму көрсеткіші туралы жалпы сипаттама түрінде болып, шарттылық маңызы басым байқалады. Сондықтан да есте сақтаудың жеке түрлеріне қатысты көрсеткіштердің көпшілігі салыстырмалы түрде жоғары, қалғандары орта деңгейде болған жағдайда да, баланың есте сақтауы жоғары немесе орта деген бір жақты қорытынды жасауға болмайды. Себебі, берілген жағдайда зерттелмеген естің түрі маңыздырақ болып кетуі немесе кейбір әрекетте жоғары деңгейді көрсеткен естің түрі, ал басқаларында орта деңгейді көрсеткен естің түрі шешуші болуы мүмкін. Ендеше, бала есінің дамуы жөнінде қорытынды жасау үшін жеке көрсеткіштерге көбірек сүйенген дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |