Мектеп табалдырығын алғаш аттаған баланың және бастауыш сынып оқушысының зейінін бағалау әдістемелері
Зейін - баланың мектепке танымдық тұрғыдан дайындығын, оның оқу әрекетінің табысты болуын сипаттайтын негізгі психологиялық процестердің бірі. Оқуда, оның
ішінде бастауыш оқу сатысыңда туындайтын проблемалардың көпшілігі зейін дамуындағы кемшілікке байланысты болады. Сондықтан, алдын-ала, ең кемі мектепке бармастан 1 жыл бұрын, бала зейінінің жеке ерекшеліктері мен оның даму деңгейі анықталса, кемшіліктерді жою жолындағы жұмыстар жеңілдейтіні сөзсіз.
Зейін онтогенезде аз өзгереді, оның негізгі сипаттары жыл өткен сайын тұрақталады, бірақ бала зейінінің дамуындағы кемшіліктерден жүйелі жұмыстар арқылы арылуға болады. Бұл зейіннің нашар дамыған қасиеттерін басқа қасиеттерді ерекше дамыту арқылы толықтыруға болатындығымен түсіндіріледі. Мысалы, зейіннің тұрақтылығының нашарлығы оның жақсы бөлінуімен, ал зейіннің көлемінің аздығы, оның интенсивтілігімен, көру зейіндегі кемшіліктер есту немесе қимыл зейіндерінің артықшылықтарымен, механикалық зейіннің жеткіліксіздігі логикалық зейіннің жоғары дамуымен толығады. Ұсынылып отырған әдістемелер комплексі зейіннің тұрақты қасиеттерімен қатар, оның балаларда басқа қасиеттер есебімен толығуын бағалауға да мүмкіндік береді. Зейіннің тұрақтылығы дегеніміз оның бір нәрсеге ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде бағытталып тұру қасиеті. Зейіннің бөлінуіне зейін аймағында бір мезгілде бірнеше обьектіні ұстап, оларды бірдей дәрежеде зейінмен қабылдау қасиетін жатқызамыз. Осы сипатқа байланысты зейінді кең аумақта да немесе бір объектінің кішкене бөлшегінде де ұстап тұруға болады. Адам зейінінің бір объектіден екінші объектіге, алғашқыдан соңғысына көшіп отыруы зейіннің ауысу қасиетін бейнелейді, зейіннің ауысу шапшандығы, яғни оны келесі объектіге шоғырландыруға қажетті уақыт зейіннің ауысу көрсеткіші болып табылады. Ал зейін аймағы дегеніміз - зейін аймағына бір мезгілде сыйғыза алатын объектілер саны. Бастауыш сынып окушыларында зейіннің тұрақтылығы, бөлінуі және ауысуын зерттеу үшін негізгі әдістемелік материал ретінде Ландольт сақиналарын алуға болады, себебі бұл материал зейінді зерттеуде барлық жас кезеңіне /бастауыш сыныптан бастап, ересек адамдарға дейін/ қолданылатын әмбебап құрал болып есептеледі. Зейіннің ерекшеліктері мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларда олардың оқуға дайындығын анықтау үшін зерттеледі, оларға сақиналардың көлемі жазу жолының биіктігіндей болуы ескерілгені жөн. Ол үшін Ландольт сақиналары стандартты қағазға толығынан сыйғызылады. Парақтың оң жағында баланың фамилиясы, аты, жасы, балабақшада болған тобы, бөлінген сыныбы және зерттеу өткізілген күн жазылады. Зейіннің тұрақтылығы, бөлінуі және ауысуы бағалауға Ландольт сақиналары салынған 1 ғана парақты пайдалануға болады, ол үшін әрбір жаңа тапсырмаға сәйкес оның пайдаланылмаған бөлігімен жұмыс жасауға нұсқау беріледі. Мысалы, әрі қарай жалғастырып орындау немесе парақты 180°-қа бұрып, келесі жағынан бастау т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |