Жоспары: 1. Гомер кезеңі өнері (б.э.б. ХІ-ҮІІІ ғасырлар)
2.Архаика(б.э.б.ҮІІ-ҮІ ғасырлар)
3. Ертеклассика (б.э.б.Ү-ІҮ ғасырлар)
4. Элленизм (б.э.б.ІҮ ғасырдың аяғы-І ғасыр)
Мақсаты: Студенттерге Гомер кезеңі өнері (б.э.б. ХІ-ҮІІІ ғасырлар), Архаика (б.э.б.ҮІІ-ҮІ ғасырлар), Ертеклассика (б.э.б.Ү-ІҮ ғасырлар), Элленизм (б.э.б.ІҮ ғасырдың аяғы-І ғасыр) өнері жайлы түсіндіру
Мәтіні (қысқаша):
Антик дүниесінің өнері деп – аталатын Ежелгі Грекия шеберлері творчествосының бағзы цивилизициялар көркемдік мұрасынан алатын орны ерекше. Осы атаудың түп төркіні о баста «ежелгі», «қадым заман» мағынасын беретін «антиквус» дейтін латын сөзінен шыққан.
Итальян ойшылдары мен суреткерлері Грекия мен Римнің ежелгі өнерін еліктеуге лайық өнеге тұтты. Оларды баурап алған осы өнердің өміршең күші, адам тұлғасының сұлулығы, сырын ұғуы, адамның шексіз шығармашылық қабілетіне деген кәміл сенімі еді. Қадым заман өнерінің таңдаулы туындылары кейінгі ұрпақтардың да игілігіне айналды. Олар ғасырлар бойы Европаның барлық елдері ақындары мен мүсіншілеріне, драматургтары мен суретшілеріне шабыт берді. Антик дәуірінің көркем әдебиеті, философиясымен өнері бүкіл бүгінгі заман мәдениетінің қалыптасуына елеулі ықпал жасады.
Антик мәдениетін жасаған ежелгі гректер. Олар өздерін «эллиндер», өз елін «эллада» деп атаған. Антик дүниесінің өнері ежелгі эллада жерінде б.э.б. І-мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында өмірге келді. Оның 15 ғасырдай уақытты қамтитын ұзақ ғұмыры б.э-дың Ү ғасырында Рим империясының құлауымен аяқталды.
Гомер кезеңі
Б.э.б. І мыңжылдықтың басында Ежелгі Элладаның барлық тайпалары, дорлар сияқты, алғашқы қауымдық құрылыстың ақырғы сатысында тұрған болатын. Олардың тарихының б.э.б. ХІ-ҮІІІ ғасырларды қамтитын ерте кезеңі-«гомер кезеңі» деп аталады. Өйткені біздің бұл дәуір туралы біліміміздің негізгі көзі-б.э.б. ІХ ғасырдың аяғында немесе ҮІІІ ғасырдың басында туған «Илиада» мен «Одиссея» дастандары. Грек дәстүрінше, екі дастанның да авторы Гомер деп есептеледі.
Грек халқы құдайлар мен қаһармандар өмірі туралы әдемі хикаялар шығарды. Халықтың ауызекі творчествосының осы өзгеше түрі миф деп аталады. Мұнда сонау өткен замандар туралы естеліктер мен ақындық қиял тас түйін ұштасқан. Жетелеген мифтерде дүние мен адам баласының пайда болуы жайлы аңыздар құралды. Мифтердің орасан зор маңызы-ұшан-теңіз бейнелілік байлығында. Грек ақындары, философтары мен тарихшылары, суретшілері мен мүсіншілері мифтерді одан әрі пайдаланып, шығармаларының сюжетіне арқау еткенде, көбінесе мифтерге өз заманы мен өз көзқарасына сәйкес жаңаша мазмұн беріп отырды.
Гомер эпикалық дастандарында жарқын бейнесін тауып гүлденген мифологиямен салыстырғанда, б.э.б. ХІ-ҮІІІ ғасырлардағы Ежелгі Элладаның бейнелеу өнері мен сәулет өнері алғашқы қадамын ғана басқан еді. Бұл кезеңнің жұпыны да жетілмеген қарапайымдау сәулетінде бірде-бір қауқарлы құрылыс жоқ, тек б.э.б. ІХ ғасырдың аяғында қайтадан храмдар пайда болды.
Б.э.б. ІХ-ҮІІІ ғасырлардағы грек құмыра өрнектеу өнерінің ұзақ дамуы нәтижесінде аты геометриялық ою-өрнектерден алынған геометриялық стиль қалыптасып, керамика бұйымдары сонымен әшекейленді. Ыдыстары сан түрлі пішінмен ерекшеленді. Геометриялық стиль керамикасының таңдаулы нұсқалары-б.э.б. ҮІІІ ғасырдағы афиналық құмыралар. Олардағы өрнек суреттер асқан кемел көркемдігімен, мұқият ойластырылған композициясымен көзге түседі, ыдыс пішінімен сәтті үйлеседі. Құмыралардағы суреттер шартты түрде «лак» деп аталатын жылтыр қара қоңыр бояу мен салынған.
Гомер кезеңінің мүсініне тән нәрсе-құдайларға сыйлыққа берілетін қыштан немесе қолдан жасалатын мүсіншелер, сондай-ақ геометриялық құмыра өрнектеріндегі хайуандардың бейнесіне өте жақын жануарлар пішіндері.
Сөйтіп, б.э.б. І мың жылдықтың алғашқы ғасырларында өнерді дамытуда көркемдік кәсіп-керамика жетекші орын алды. Құмыраларды айшықтаған геометриялық стиль кескіндемесінде алғашқы қауымдық мәдениеттен таптық қоғамға өту кезеңіне тән дүниетанымның айналадағы өмір шындығын адам өнер тілінде танып, ұғынудағы тұңғыш талпыныстарының бірін білдіретін дерексіз, символикалы шартты жүйесі ерекше көрінісін тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |