Ертеклассика (б.э.б.Ү-ІҮ ғасырлар)
Б.э.б. Ү ғасырдың алғашқы он жылдықтарынан бастап Ежелгі Эллада мәдениеті антик құл иеленушілік демократиясының толық жеңісіне орай өзінің шырқау шыңына шықты. Аса қуатты Персиямен соғыс грек халқына қатал тарихи сын болды. Азаматтық борышты терең түсіну эллиндерге Марафон жанындағы шайқаста және Саламин маңында теңіз өтінде гректердің парсыларды жеңген соғысында рух берді. Гректер парсылармен толық жеңіске жеткенше шайқасамыз деген сертін орындады. Парсылардың талқандалуы Ежелгі Грекия мемлекет-қалаларының қоғамдық құрылысының артықтығын айқын дәлелдеп, азаматтық сананың өсуіне ықпал жасады.
Б.э.б. Ү және ІҮ ғасырларда жасалған сәулетшілердің, мүсіншілер мен суретшілердің даңқты туындылары кейінгі ғасырларда еліктеуге лайық өнеге болды: олар классикалық мұра, яғни үлгі деп есептелді. Б.э.б. Ү және ІҮ ғасырлардағы өнер грек классикасының өнері деп аталады. Ү ғасырдағы сәулет өнері архайка сәулетінде қалыптасқан, каллонналармен қоршалған ғимарат, периптер типін дамытып жетілдірді. Конструкциялық шешімдер дәл есеп-қисабымен, логикалық айқындығымен көзге түсті. Мұндай қатынас-классикалық сәулет өнеріне тән белгі. Классика өнерінің қаһармандық сипаты, әсіресе фронтондарында, әдетте мәрмәрдан қашалған мүсіндер қойылып, метопа тақталары бедермен айшықталатын дорлық храмдардың мүсін әшекейлерінен айқын сезіледі. Мүсіншілер бұл бейнелер сюжетін, К.Маркстің сөзімен айтқанда, «Грек өнерінің арсеналы ғана емес, оның өсіп-өнген топырағы» мифологиядан алды. Классика дәуірінің суретшілері мифке жүгінгенде ескі аңызды жаңғыртып, олардан өз заманына жақын тақырыптарды таба білді. Сәулет өнері мен мүсін өнері бірін-бірі толықтыра, байыта отырып, терезесі тең өнер екенін танытты. Ежелгі элладаның классикалық өнері тарихында б.э.б. 470-456 жылдары парос мәрмәрінен жасалған Олимпиядағы Зевс храмының мүсін әшекейлері көрнекті роль атқарды.
Классикалық өнердің зор жеңісі адамның архаика өнерінің шарттылығынан құтылған тәуелсіз, табиғи қалпын бере бере білу шеберлігінде жатыр. Адам пішінін бедерлі суретте бейнелеу бар тұрқымен аумақты жасалып, мүсінші оны үш өлшемді кеңістіктен көре алатын болды. Афинаға б.э.б. 470-450 жылдар аралығында сыйлыққа әкелінген мәрмәр бедерде тәңірия балғын қыз бейнесінде берілген. Кескін-келбеті сұлулық пен әсемдікке толы.
Б.э.б. Ү ғасырдың екінші ширегі-грек өнерін дамытудың аса қызық кезеңдерінің бірі. Бұл –қауырт ізденістердің кезі, мүсін шеберлерінің адам денесін реалистік бейнелеу тәсілдерін игеру, пішін қимылының көркемдік мүмкіндіктерін ұғыну кезі. Адамның ішкі сыры қызу қимыл үстінде ашылады. Грек мүсін өнерінің шынайы үздік шығармасы-құдай Посейдонның сол заманда сомдалған, Артемисион мүйісі маңындағы теңіз түбінен табылған қола мүсіні. Алпамса атлет денелі жалаңаш теңіз тәңірісінің жауға үш ашалы күрзісін лақтырғалы тұрған сәті бейнеленген.
Посейдон мүсіні-асқақ қола құйма өнерінің ғажайып үлгісі. Б.э.б. Ү ғасырда тап-тұйнақтай пішіні-адам денесінің сұлулығы мен пропорциясын мейлінше келісті жеткізе алатын қола мүсіншілердің сүйікті материалына айналды.
Б.э.б. Ү ғасырдың аса ірі екі мүсіншісі Мирон мен Поликлет қоламен жұмыс істеді. Олардың ежелгі дүниеде даңқа бөленген мүсіндері бізге жеткен жоқ. Олар туралы түпнұсқа жасалғаннан кейінгі бес жүз жылдан соңғы, яғни б.э. І-ІІ ғасырларындағы римдік шеберлер жүзеге асырған мәрмәр көшірмелері арқылы ой қорытуға болады.
Мирон өз өмірінің көбісін Афиныда жұмыс істеумен өткізді, творчествосының гүлденген шағы б.э.б. Ү ғасырдың екінші ширегі еді. Оның шығармаларының көпшілікке ең танымалысы-б.э.б. 460-450 жылдар аралығында жасалған «Диск лақтырушы» мүсіні. Ол атлетикалық жарыс жеңімпазын мадақтайды. Оң қолына дискіні қысып ұстаған жалаңаш балғын жігіт еңкейе алға ұмсынған. Диск ұстаған қолы барынша кейін қарай қайырылған. Миронның жаңашылдығы грек өнерінде алғашқыларының бірі болып, мүсін өнерінде қимыл әсерін бере алғандығында. Мирон атлет бейнесі арқылы адамның қауырт қимылға қабілеттілігін ашады. Қимылды шынайы, нанымды бейнелеу проблемасы Миронды баураса, Поликлет өз творчествосының алдына басқаша мақсат қойды. Ол тып-тыныш тұрған атлеттер мүсінін жасау үстінде мүсін туындысында адам денесін құрайтын ең дұрыс, мінсіз пропорцияларды табуға талпынды. Ізденіс бағытында ол өмірді байыпты зерттеді. Жалаңаш атлеттер пішіндерін байқай жүріп, мүсінші өз әсерін қорытты, мемлекет-қала азаматтарының көз алдына өзінше бір нормаға, еліктеуге лайық үлгіге айналған көркем бейнелер жасады.
Поликлет дененің барша мүшелерінің мөлшері мен олардың өзара қатынасын математикалық тұрғыдан дәл есептеді. Өлшем бірлігіне ол адамның бойын алды. Боймен салыстырғанда адамның басы дененің жетіден бір бөлігін, бет пен қолдың басы оннан бір бөлігін, табан алтыдан бір бөлігін құрайды. Мүсінші «Канон»(яғни ереже) атты теориялық трактат жазып, онда адам тұлғасының ол үшін табиғаттың өзі белгілегендей аса жарасымды пропорциялары туралы өз ойларын баяндады. Поликлет атлет-азамат туралы өз мұратын найзагер жігіттің б.э.б.450-440 жылдар шамасында құйылған қола мүсінінде жүзеге асырды. Алып денелі жалаңаш атлет-«Дорифор» сабырлы да сымбатты қалпында бейнеленген. Поликлет мүсінде өз заманының мұратын жан-жақты жетілген, саламат, сом тұлғаны аса айқын сипаттаған. Ол үшін адам сұлулығын саналы дүниедегі асылдық өлшеміне айналып кеткен.
Фидий б.э.б. 500-480 жылдар аралығында Афиныда туды. Оның тұңғыш ұстазы мүсінші Гегий болды, одан әрі көркемдік білімді пелопоннестік Агелад шеберханасында жетілдірді. Грек аңыздарына қарағанда, Мирон мен Поликлет те осы шебердің қолында оқыған. Фидий Агеладтың қарауында жұмыс істей жүріп, қола құйма өнерін жетік меңгерді. Б.э.б. 465-460 жылдардың арасында Фидий афиналықтар Аполлонның дельфылық храмына сыйға тартқан он үш тұлғадан құралатын қола мүсіндер тобын құйды. Құдайлар мен мифологиялық қаһармандардың бейнелерімен қатар шебер Марафон маңындағы шайқаста афиналық әскерлерді басқарған сардар Мильтиадтың мүсінін орналастырды. «Эллада қалаларының ішіндегі ең сұлуы» Афинының қуаты мен құдіретін б.э.б. 465-455 жылдары
Достарыңызбен бөлісу: |