2. Республикалық кезең өнері (б.э.б. ІҮ-І ғасырлар)
Республика дәуірінде Рим сәулет өнерінің гүлденуі мен грек сәулет өнері жетістіктерін творчестволықпен пайдалану сәулет өнері теориясын дамытуға ықпал жасады. Б.э.б. І ғасырда инженер әрі сәулетші Витрувий «Сәулет өнері туралы он кітап» дейтін трактат жазған, бұл кітап сол замандағы құрылыс тәжірибесінің шынайы энциклопедиясы еді. Витрувий кез келген заманның сәулет ғимаратына қолданылатын негізгі талаптардың: ғимаратта пайдалылық, беріктік пен сұлулық ұштасуға тиіс дейтін қағидасын тұжырымдады.
Рим республикасы дәуірінде сәулет өнерімен қатар антик өнерінде ерекше орын алған реалистік мүсіндік портрет те дамыды. Оның өзіне тән өзгешелігі грек шеберлерінің портреттерімен салыстырғанда айрықша көзге түседі. Ұлы жазушыларды, сардарларды, саяси қайраткерлерді бейнелей отырып, классика дәуіріндегі грек мүсіншілері мемлекет-қаланың барлық азаматтарына үлгі болатын асқан сұлу, жан-жақты жетілген, кемел адамның бейнесін жасауға ат салысты.
Б.э.б. ІІІ-І ғасырлардағы грек шеберлерінің шығармаларында бейнелерді қорыту, типтендіру сақталды, бірақ , сонымен қатар, портреттердің эмоциялық айқындығын, әсерін жетілдіре отырып, айрықша даралап көрсету пайда болды. Осы тұста Италия топырағында, негізінен Этрурияда, портреттік өнерде адам келбетінің даралығын баса көрсетуге тырысқан жаңа бағыт орныға бастады. Бұл өнердің дәстүрлері римдік портрет стилі қалыптасуында шешуші роль атқарды.
Ең ежелгі римдік портреттерді жасаған этрус шеберлері. Б.э.б. ІІІ ғасырдың бірінші жартысында құйылған қола бюст-мүсін өнерінің шынайы маржаны болып есептеледі. Мұнда ат жақты, ірі бас бітімі келісті, сымбатты, өң-әлпеті ажарлы адам бейнеленген. Бет-жүзінің пропорциясы грек өнерінің игі мұраттарына бейімділікті аңғартқанымен, римдік типтегі қыран тұмсық профилі мен сәл білінетін бейнелік белгілерінің асимметриясы оған қайталанбас өзгеше бір өң береді. Шашы мен сақалы тамаша қырналған. Б.э.б. ІІІ-І ғасырдағы Римнің рухи мәдениетін айқындайтын белгі адамның дара мінезі мен сезімдеріне назар аудару болды. Осы тұста өмірдің тура өзінен алынған таң қаларлық жанды да жасампаз бейнелердің тұтас галереясын көрсететін Рим комедиясының өзгеше жанры қалыптасты. Портреттік өнердегі келесі бағыт бет әлпетті бейнелеудегі римдік дәлдікті грек өнеріне тән қорыту, жинақтау тәсілдерімен ұштастыру болды. Б.э.б. І ғасырдың орта шенінде жасалған портреттерде эллиндік мүсіншілердің ықпалы ерекше байқалады.
Сөйтіп, б.э.б. І ғаырда өн бойында бағзы римдік дәстүр мен Грекия портреттік мүсіннің ықпалы біртұтас творчестволық қорытпа болып, өзіндік өзгешелігі бар римдік портрет өнері қалыптаса бастады. Осы ерекшелік Ежелгі Римнің мүсіндік портретінің бұдан былайғы бүкіл даму жолын айқындап берді.
Достарыңызбен бөлісу: |