Лекция сабағының тақырыбы: Бейнелеу өнеріне теориялық кіріспе. Адам мәдениетінде өнердің мәні мен мағынасы Жоспары: Бейнелеу өнеріне теориялық кіріспе



бет16/40
Дата05.10.2023
өлшемі1.3 Mb.
#479915
түріЛекция
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   40
Әлем өнер тарихы

Жоспары:
1. Этрустар өнері (б.э.б. ҮІІ-ІҮ ғасырлар)
2. Республикалық кезең өнері (б.э.б. ІҮ-І ғасырлар)
3. Рим империясы өнері (І-ІҮ ғасырлар)


Мақсаты: Студенттерге б.э.б. ҮІІ-ІҮ ғасырларды қамтыған Ежелгі Рим өнері жайлы түсіндіру
Мәтіні (қысқаша):

    1. Этрустар өнері (б.э.б. ҮІІ-ІҮ ғасырлар)

Рим өз тарихының алғашқы ғасырларында ежелгі Италияның басқа қалалары арасында еш ерекшелігімен көзге түспеді. Этрустар қуылған соң б.э.б. ҮІ ғасырдың аяғынан Рим республикасының кезеңі басталды. Римнің күшеюіне мықты да тәртіпті армиясы көмектесті.
Б.э.б. ІҮ-ІІІ ғасырларда Рим этрус қалаларын, бұдан соң бүкіл Апеннин түбегін бағындырды. Б.э.б. ІІІ-ІІ ғасырлардағы қан төгіс соғыстарда римдіктер өздерінің басты бәсекелесі-Карфагенді күйретіп, осының ізінше Грекия мен Шығыс Жерорта теңізі өңірінің мемлекеттерін жаулап алды.
Рим мәдениеті этрустар мен гректердің пәрменді ықпалымен дамыды. Ерте дәуірде, әсіресе, этрустар едәуір әсер етті. Римдіктер этрустардан азаматтарды сословиеге бөлуді және мемлекеттік қызметті, діни ұғымдар мен әдет-ғұрыптарды, құрылыс тәсілі мен театр ойын-сауықтарын, әскерді ұйымдастыру мен гладиаторлық шайқастарды алды. Рим республикасының бүкіл тарихында дерлік б.э.б. ІІ ғасырға дейін этрустардың мәдени тұрғыдан басымдығы сақталып келеді.
Ежелгі Элладаның әдебиеті мен мифологиясы, театры, поэзиясы мен философиясы Рим мәдениетіне пәрменді ықпал жасап, тіпті жоғары қауымның тіліне айналды. Римге Грекияның көрнекті философтары, тарихшылары мен шешендері келіп тұрды. Б.э.б. ІІІ ғасырдың аяғынан бастап Римнің әскер басылары жаулап алынған грек қалаларынан өнер шығармаларын кемемен тасып әкетіп жатты. Бұл римдіктердің көркемдік талғамын дамытуға жол ашты. Римнің қоғамдық ғимараттары, храмдары мен алаңдары тамаша мүсіндерге толды. Олардың арасында Фидий, Мирон, Поликлет, Скопас, Пракситель, Лисипп сынды ұлы шеберлердің туындылары да болды. Рим ақсүйектері Ежелгі Эллада кескіндемелері мен мүсіндерінің үздік үлгілеріне қыруар қаржы жұмсады. Өнерді білу әрі ол туралы сыншылдықпен ой толғай алу- білімділік пен өте мәдениеттілік белгісі есептелді. Жеке коллекциялардың өсуі грек мүсіндеріне зор сұраныс туғызып, б.э.б. І ғасырдан бастап Римге қоныстанған грек мүсіншілері эллин мүсіндерінің ең әйгілі ескерткіштерінің мәрмәр көшірмелерін көптеп дайындай бастады.
Суретшінің қоғамдық жағдайы күрт өзгерді. Рим әдебиеті римдік суретшілер мен мүсіншілердің есімдерін сақтамауы кездейсоқ жай емес. Римдіктердің творчестволық даналығы сәулет өнері ескерткіштерінде мейлінше айқын көрінді. Рим сәулетшілерінің ғимараттары, ең алдымен, практикалық мақсатқа қызмет етті. Таңғажайып жолдар салынды. Оның ең ежелгісі және ең атақтысы-Апий жолы-Римді оңтүстік Италия қалаларымен жалғастырды. Мұның құрылысын б.э.б. 312 жылы Апий Клавдий бастаған.
Б.э.б. ІІІ-ІІ ғасырлар аралығында Рим құрылысшылары римдік сәулеттің аса көрнекті жетістігі-берік те су өткізбейтін бетонды тұңғыш рет пайдаланды. Бұл материал сәулетшілерге ірі ғимараттар мен күмбезді шатырлар салуға мол мүмкіндік ашып берді. Римдіктер храмдар салуда гректер мен этрус сәулет өнерінің бай тәжірибесін пайдаланды. Тибр өзенінің жағасында тағдыр тәңіриясы Фортуна Вирилиске арналған храм сақталған. Ол б.э.б. І ғасырда бұқа форумы деп аталған, ертеде мал сатылатын алаңға салынған. Римдіктер ғимаратты әшекейлеуде гректік ордер жүйесін кеңінен пайдаланған. Фортуна храмында сымбатты иониялық колонналар портик арқалығын көтеріп тұр, ал жартылай колонналар ғимарат қабырғасын бірнеше бөлікке бөлген. Колонналар байсалды ырғағы сәулеттік бейне тұтастығын аңғартады.
Фортуна храмының қасында жұрт ұзақ уақыт бойы ошақ басының тәңіриясы Вестаға бағышталған деп есептеген дөңгелек храм бар. Қазір ғалымдар мұны жеңімпаз Геркулестің храмы деп жорамалдап жүр. Ол Парос аралынан әкелінген гректің ең асыл мәрмәрінен салынған. Композициясы ғажайып қарапайымдылығымен, кемелдігімен көзге түседі. Коринфтік капительдерге тірелген метрлік колонналар шағын ғимаратқа сұлулық пен сәнділік беріп тұр. Храмның алғашқы арқалығы жоғалған, қазір ол тікелей колонналар капительдерінде жатқан конус тәрізді шатырмен жабылған. Осы храмда пайдаланылған коринфтік ордер содан бері римдік сәулет өнерінің жиі қолданылатын тәсіліне айналды.
Этрустар тегінің тарихы мен олардың тілінің құпиясы осы кезге дейін толық ашылған жоқ. Қазіргі заманның көптеген ғалымдары ежелгі тарихшылар мәліметтері мен Этрурия мәдениетін зерттеу материалдарына сүйене отырып, этрустар Италияға Кіші Азиядан б.э.б ІХ-ҮІІІ ғасырларда келген, әйтсе де олардың өзгеше мәдениетін жергілікті итальян топырағында өсіп-өніп, шынайы гүлдену шегіне жеткен деп есептейді. Этрустар тәжірибелі егіншілер ретінде даңқа бөленді. Олар батпақтарды құрғатып, құнарлы жерге айналдырды, жасанды суландыру жүйесін кеңінен пайдаланды. Ер жүрек те тәжірибелі теңізшілер Мысыр, Финикиямен, Карфаген және Ұлы Грекия қалаларымен, Испания, Сицилиямен қызу сауда жүргізді. Б.э.б. ҮІІІ-ҮІ ғасырларда Этрурия ықпалы Жерорта теңізі өңірінің бүкіл батыс жартысына кең тарады. Сауда жолдарында этрустардың ең әйгілі қалалары-Цере,Тарквинии, Вейи, Вольсинии, Клузий гүлденді.
Б.э.б. ҮІ ғасырдан бастап этрустар цивилизациясына Италияның оңтүстігіндегі грек отарлары арқылы эллин мәдениеті барған сайын пәрменді ықпал жасай берді. Этрустар грек алфавитін, Ежелгі Элладаның театр өнері мен мифологиялық ұғымдарын қабылдады. Грек үлгісі бойынша алтын теңгелер құйыла бастады. Этрурия ақсүйектері қара пішінді, қызыл пішінді құмыралармен әуестенді. Гректер сияқты этрустар он екі құдайға табынды, әйтсе де олардың діни көзқарастарында өлім мен о дүниелік құдайлар, сондай-ақ найзағай арқылы, құстардың ұшқаны мен құрбандыққа шалынған малдардың ішек-қарны, сүйектері арқылы бал ашу айрықша роль атқарды. Этрустар пантеондағы бас орынды бас құдайлар триадасы-Юпитер, Юнона мен Минерва алды, көптеген қалаларда жұрт олардың этрустық атын атап, құрмет ететін. Солардың құрметіне үш целлалы храмдар салынған.
Этрус абыздары жасаған әлем туралы ілім грек аңыздарына, әсіресе дүниенің жаралуы жайындағы вавилондықтар хикаяларына ұқсас еді. Адам өлгеннен соңғы діни рәсімнің етек алуы да этрустарды ежелгі Шығыс халықтары мәдениетімен жақындатты. Этрурия өнерінің өте ертедегі ескерткіштері-б.э.б. ҮІІ ғасырдың аяғы мен ҮІ ғасырдың бас кезіндегі қақпағы мүсінделіп, терракотадан жасалған жерлеу сауыттары осымен сабақтас. Этрустар пластикасында қақпағына марқұмның мүсіндік бейнесі салынған аумақты терракоталық тас табыттар кеңінен тарады. Б.э.б. ҮІ ғасырдың екінші жартысында Цереде жасаған тас табытта шебер ерлі-зайыпты этрус ақсүйектерін бейнелеген. Мүсінші жасаған бейнелер әсемдік, сәнділігімен, әр бөлшегі мұқият айшықталғанымен көз тартады. Мүсінші қолданған көркемдік тәсіл оның архаика дәуіріндегі грек шеберлері шығармаларымен таныстығын айқын көрсетеді. Этрустар храмының сәулет өнерінің гректердікінен айырмасы көп-ақ.
Б.э.б. ҮІ-Ү ғасырлардағы Ежелгі Эллада сәулетшілері құм қайрақ пен мәрмәрден, көбінесе периптер типіндегі храмдар салды. Этрустар берік материалдарды көп қолданған жоқ. Тасты тек іргелік тиянаққа пайдаланып, үйдің қаңқасын ағаштан жасады, ал қабырғаны қам кірпіштен қалады. Биік тұғыр табанда-подиумда тұратын храмдарға сатылы басқышпен көтерілетін. Аумақты, кең портик ғимараттың негізгі қасбетін барынша айқындап тұратын. Этрустар өздерінң ғибадаттық ғимараттарын архаика кезеңінде бүкіл қадым заман дүниесіне тараған бедерлі, сырлы өрнектермен, терракота мүсіндермен әшекейлейтін. Этрустарды күйдірген балшықтан мүсін жасауға б.э.б. ҮІІ ғасырдың ортасында Коринфтен келген грек шеберлері үйреткен дейтін аңыз бар. Б.э.б. ҮІ ғасырда терракоталық пластика бұрын-соңды болмаған кемелдікке жетті. Вейи қаласының шеберлері бұл салада ерекше танылды. Солардың бірі әйгілі Вулка Римге шақырылып, Капитолий Юпитері храмының терракота айшықтарын жасады. Вулка Вейидегі Аполлон храмының сәндік мүсіндерін де сомдаған. Ғимарат шатырындағы акротерийлер арасында Гераклдың Апполонмен бұғыға бола таласқанын бейнелейтін көп пішінді композиция болған.
Эллин мүсіншілері пішіннің пропорциялық құрылымына, архитектоникасына баса назар аударса, этрус шебері әсем де мағыналы кескін кейіпті ұстап қалуға талпынады. Б.э.б. ҮІІ-ҮІ ғасырларда Этрурия шеберлері Жерорта теңізі өңірінің барлық елдерінде танымал болған өзгеше керамика жасады. Көзе шарығында жасалған хұмдар, құмыралар мен шаралар күйдірілген кезде қарайып шыға келетін. Мұндай тәсіл «буккеронеро», яғни итальянша «қара жер» деп аталды.
Этрустар асыл металдарды өңдеу тәсілдерін жетік игеріп, сұлулығы қайран қаларлық асқан нәзік зергерлік бұйымдарды жасауды үйреніп алды. Олар бүршік салу тәсілін меңгеріп, жақұттан алқа жасады; құйттай сырғаларға ұсақ алтыннан бүршік қондырып, алтын білезіктердің бетіне қылдай жіңішке алтын талшықтармен шілтерлеп нәзік өрнек салатын этрус зергерлерінің шығармалары, тіпті, Афинының өзінде жоғары бағаланды. Асқан шеберліктің ғаламат үлгісі-Пренестедегі б.э.б. ҮІІ ғасырдың аяғындағы қабірден табылған әйелдің өңіржиек алқасы. Шағын ғана қақ алтынның бетіне суретші сфинкстерді, қыз басты құстар- гарпияларды, арыстандар мен жылқыны бейнелейтін 137 алтын пішінді дәнекерлеп шебер жапсырған. Этрус мүсіншілері әсіресе, аңдар мен фантастикалық хайуанаттар бейнесіне қызығатын. Этрурия өнері ескерткіштеріне Рим тарихындағы әйгілі Капитолий қасқырының мүсіні жатады. Хайуанаттарды бейнелеудегі кемел шеберлік Этрурия мүсіншілерін антик өнерінің таңдаулы анималистеріне айналдырды.
Ежелгі мысырлықтар сияқты, этрустар да мазарлар қабырғаларын өрнектермен әшекейледі. Мазарларды бірде жартасты үңгіп салса, бірде тастан қалап, үстіне топырақ үйіп, обаға айналдыратын. Олардың ішкі бөлмелері, көбінесе, этрус ақсүйектерінің бөлмелеріне ұқсас шығатын. Мазарлар өрнегі этрустар өмірі, әдет-ғұрпы мен діні жайында айқын түсінік береді. Қабырғаларда мифологиялық көріністер, өлген кісіге бағышталған атлеттік жарыстар, қаралы садақалар суреттері бейнеленген. Б.э.б. ҮІ және Ү ғасырларда жасалған этрус шеберлерінің фрескалары- қадым заман сәндік кескіндемесінің ғажайып шығармалары. Оларда Грекия өнерінің ықпалы айқын көрінеді. Осынау қабырғалық өрнектердің ең таңдаулылары ертеде талантты суретшілердің тұтас бір мектебі жұмыс істеген Тарквинии қаласының іргесіндегі қабірлерде сақталған. Фрескалар этрус ақсүйектері үйлерінің тіршілігін, малайлар мен құлдардың күнделікті жұмысын көрсетеді: жартылай жалаңаш еркек балтамен ет шауып, екіншісі ірімшік қайнатып жатыр, бір бозбала үлкен ыдыстан шарап құйып алуға асығып барады, малайлар әзірленген тамақты той дастарқанына тасып жүр.
Этрурия мәдениеті мен өнерінің гүлденуі б.э.б. ҮІІ ғасырдан Ү ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтиды. Этрус қалаларының үдере құлдырауы осы кезден басталған . Б.э.б. ҮІ ғасырдың аяғындағы қолөнер бұйымдарымен даңқы шыққан Пренесте қаласынан табылған қола ыдыстағы бейнелер-мейлінше нәзік гравюралық суреттер. Суретші теориялық шаһзада Паристі сәнді кестеленген шығыс киімінде көрсеткен. Оның ту сыртында Паристің сотына үш тәңірияны – Гераны, Афина мен Афродитаны алып келген Гермес.
Этрустарға тән реалистік қуат пен ерекше циста қақпағындағы өлген дос қызының мүрдесін көтеріп келе жатқан екі амазонка бейнесінен айқын көрінеді. Алайда, Этрурия өнері эллин мәдениетінің ықпалымен біржола жоғалып кеткен жоқ. Оның дәстүрлері құл иеленуші Римнің көркемдік творчествосын қалыптастыруда елеулі роль атқарады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   40




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет