2. Франциядағы классизм ағымы
ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегінде Францияда жаңа ағым өмірге келді. Бұл ағым-классизм деп аталады. Классизмнің негізі-көне антикалық өнер болды. Сол антикалық өнердің ықпалымен мүсін мен сұңғат жаңаша бет-бейнеге ие болып өркендеді.
Осы кезде Францияның саяси-әлеуметтік құрылымында жаңа өзгерістер, ұлы бетбұрыстар етек алды. Тарихи өзгеріс-ұлы француз революциясы елде етек жайды. Революция ықпалымен король Людовик ХҮІ тақтан түсіріліп, бұрынғы ақсүйектік өнерге қарама-қарсы классизм өнері өмірге жол татты. Классизм өнері революция жыршысы, өнер ағымы болып қалыптасты. Бірақ та кейіннен генерал Наполеон Бонопарт 1804 жылы өзін император сайлағаннан кейін, классизм өнері соның ықпалына көніккен, әскери жеңістерді дәріптеген өнерге айналды.
Жоғарыда атап өттік, классикалық өнер көне-антикалық өнердің ықпалымен шықты. Сұңғат та солай дамыды. Антикалық өнерде сұңғаттың негізі болатындай шығармалар өте аз еді, сондықтан сұңғат саласы үлгі ретінде антикалық мүсіндерді алды, соған еліктеді.
Француз реалист суретшілері
Франциялық классизм тұсында негізгі сұңғат жанры портрет болды. Сондай портрет шеберінің бірі-Жак Луи Давид болды. Оның жұмыстарының ішіндегі ең бір елеулісі- «Горацилердің анты» жұмысы. Картина желісі ежелгі Рим тарихынан алынған. Картина ағайынды Горацилер егде тартқан әкесіне жаумен қасық қаны қалғанша соғысуға ант беріп тұр. Қайғыдан әбден күйзелген шеше мен қарындасы осы уақиға көрінісіне куә болып тұр. Дәл осы картина Француз революциясы қарсаңында халықты көтеріліске шақырғандай елге әсер етті. Суретші Давид та революцияға белсене араласып, ірі шайқастың басықасында жүрді, сол революция тақырыбына қалам тартты. Сондай картинасының бірі-«Мараттың өлімі» жұмысы. Суретші революция көсемінің сатқындар қолынан айуандықпен қапыда өлтірілуін көрсеткен. Мұнда да сурет антикалық мүсін сияқты орындалу өрілген. Бояу өте жұқа жағылған, қалам ізі білінбейді.
Өкімет басына Наполеон келгеннен кейін суретші соның қол астында сарай суретшісі болады. Не бір императорды дәріптейтін үлкен-үлкен жұмыстар жазды.
Екінші бір қылқалам шебері, Давидтің шәкірті-Жан Огнест Доминик Энгр (1780-1867) өзінің ұзақ ғұмырында ұстазы ұстанған классизмге жан-тәнімен берілген суретші болды.
Суретші әсіресе антикалық мүсін өнерімен жақын танысып, оларды салудан жалықпады. Сонымен қатар ерте қайта өрлеу дәуірі суретшілерінің қолтумаларымен танысып, сұңғаттың талай тылсым құпияларын игерді. Осындай өнердің маржандарынан нәр алып, арқаланып өскен Энгр қолы жатық шебер портретші бола білді. Суретші артына көптеген портреттер қалдырды. Суреттерінің бірі-«Ханым портреті» жұмысы. Жай, қарапайым қарындашпен салынған суреттері жоғары шеберлік шыңына жеткен суретші екенін көрсетеді. Сондай жұмыстардың бірі- Паганин портреті т.б.
Әр кезеңде, өнер бағытында, ағымында белгілі бір уақыттан кейін оған қарсы тұратын, содан жаңа ағым, бағыт пайда болатынын тарихтан жақсы білеміз. ХІХ ғасырдың екінші жартысында классизмге қарама-қарсы ағым романтизм бағыты өмірге келді. Енді суретшілер орта ғасыр кезеңіне (дәуіріне), алыс экзотикалық елдерге, әсіресе Шығысқа көңіл аударып, арманға толы ойлы да ғажап жұмыстарды өмірге әкелді. Ұмытылып бара жатқан табиғатты жазу, тарихи тақырыптар қайта жандана бастады. Романтикаға толы әдебиет өркендеп, соның мазмұнымен ондаған қолтумалар жазылды.
Осы кезеңде француз өнерінің романтикалық саладағы ірі тұлғалы суретшісі- Теодор Жерико (1791-1824) болды. Оның ең атақты қолтумасының бірі – «Плот Медузы» жұмысы. Жериконың бұл жұмысы монументалды, терең кеңістікке құрылған адам мен табиғат жекпе-жегін керемет шынайылықпен жеткізе білген шығарма болды.
Романтикалық өнердің екінші бір шебері-Эжен Делакруа (1798-1863). Суретші көбінесе халықтың шет жерлік басқыншылармен соғысын, революция қозғалысын жырлады. Жұмыстары –«Хиоседегі қырғын», «Халықты бастаушы Еркіндік». Делакруаның жұмыстары батырлық эпосқа тән қызу қанды, шытырман қозғалысқа бай болып келеді.
Мүсін өнерінде, романтизм жанрында санаулы шеберлер жұмыс істеді. Ең елеулілерінің бірі-француз шебері Франсуа Рюда (1784-1855). Оның Жұлдыз алаңындағы (Париж) триумфальды аркадағы бедерлеме жұмысы осы романтизмдік ықпалды бейнелейді. Бұл жұмыс революциялық ән-«Марсельеза» деп аталады. Жұмыста революциялық қимыл-қозғалыс, кезең үлкен асқақтықпен берілген.
ХІХ ғасырдың ортасында шыншылдық өнер бағыты өмірге келді. Бұдан бұрынғы романтизм де, классизм де шыншыл өмірді, күнделікті өмірді көрсетуден аулақ жатқан еді. Олар көбінесе ескі заман уақиғасын немесе өткен өмірді әсерлеп көрсететін.
Ал жаңа бағыттағы реализм суретшілері күнделікті өмірдің болмыс-бітімін ешбір қоспасыз көрсетуге, бар тіршілікті шын табиғи беруге атсалысты. Сонымен бірге өмірдің ауыртпалығын, көлеңкелі жақтарын бүкпесіз көрсетуге де ден қоя білді.
Алғаш реализмнің дамыған саласы пейзаж болды. Осы салада сол кезде көзге түскен суретшінің бірі француз Гюстав Курбе (1819-1877) еді. Ол реализмнің негізгі күрескері болды. Суреттерінің ішіндегі ең көзге түсер, айтулысы- ұзындығы 6 метрлік «Орнанедегі жерлеу» атты шығармасы. Қолтумада 40-тан астам кейіпкерлер бейнеленген. Оның бәрі өмірде бар, сол Орнанедегі тұрғылықты адамдар.
Екінші бір суретші-Жан Франсуа Милле. Ол көбінесе шаруалар өмірін, олардың зейнеткерлігін бар шыншыл өміршеңдікпен бейнеледі. Оның қолтумаларында шаруалар өмірінің көлеңкелі жақтары, кедейшіліктің етектен тартқан ауыр өмірі айнадағыдай айқын көрінетін еді. Суретшінің «Тұқым себуші», «Сабақ жинаушылар» атты жұмыстары бар.
Француз реалист суретшілерінің бірі, ұлы сықақшы Оноре Домье (1808-1879) өзінің артына мыңнан артық өлмес туындылар қалдырды. Ол көбінесе саяси мәндегі туындылар жасады.
ХҮІІІ ғасырдың 20 жылдары Францияда Рококо ағымы өмірге келді. Бұл ағым жарты ғасыр бойы Европа елдеріне тарап, өзінің әдемі де жеңіл сипатымен сол кездегі ақсүйектер ортасын еліктіріп әкетті. Рококо Барокко ағымынан шыққан, соның жалғасы іспеттес. Рококо көбінесе үйлердің, сарайлардың ішкі жағын көркемдеуге қолданылды. Бұл кезеңдерде көбінесе шағын сарайлар, үйлер тұрғызылды. Олардың сыртқы көрінісі өте қарапайым болып келді, барокко әдісіндей құбылмалы әшекейлі керегелер біртіндеп жоғала бастады. Үйдің ішкі керегелері әдемі панелдермен, айналармен көмкерілді. Олардың шетін, ернеулерін сымбатты, сұлу айшықтар көмкерді. Жұмсақ меруерт түсті маталармен жасалған жиһаздар, жалт-жұлт еткен айна ернеулері, хрусталь люстралар бөлмені әсем әуенді қобдишаға айналдырғандай болатын. Көбінесе әшекей заттары қатаң симметриялы болып келетін. Әсіресе раковина іспеттес әшекейлер жиі қолданылды, сонымен бірге қытай сән-салтанаты әшекейі кең етек жайып, көркемдеуге қолданылды. Рококо ағымында жасалған үй-жиһаз бұйымдары қуыршаққа ұқсас шағын әдемі еді. Әйелдер мен еркектер үлбіреген жұқа жібек матадан киім киді.
Сұңғатта негізінен ашық түстер кеңінен қолданылды (күлгін, аспан көк, қызғылт сары). Көбінесе майлы боямен қоса пастел де жиі пайдаланылды. Рококо қолтумасына тән нәрсе-олар көбінесе малшылар мен малшы балаларды жиі бейнеледі. Бейнелер шынайы қарапайым халықтан шыққан адамдар бейнесі емес еді, малшыға ұқсап киінген ақсүйек адамдары еді. Фламандиялық суретші Антуан Ватто (1684-1721) бау-бақшадағы салтанатты отырыс, ойынды әсем бейнеледі. Ал Франсуа Буше(1703-1770) болса антикалық жеңіл түсініктегі қиял-ғажайып тақырыпқа құрылған картиналар жазды. Осылардың ішінде өмірді онша әсерлемей, шыншылдыққа жақын бейнелеген Жан Батист Семеон Шарден (1699-1719) болды. Оның «Ыдыс жуушы» атты еңбегі соның бір айғағы. Суретші өзінің кейіпкерлерін тек ақсүйектер ішінен емес, Париждің ұсақ буржуазиясының ішінен, қарапайым жұмысшылрдың ортасынан тапты. Шарденнің әсіресе натюрморттары адам тамсанардай керемет шеберлікпен жазылған. Қарапайым заттардан құрылған натюрмортында, әр заттың өз болмысын, табиғи көрінісін өмірдегідей шыншылдықпен бейнелеген. Шарден, өмір көрсеткендей, ең ұлы колористердің қатарында, Тициан, Веласкес, Рембрандттармен бірге аталады. Шарденнің негізгі сүйетін, жақсы көретін реңі: күміс-сұр түс. Оның натюрморт тақырыбына жазған жұмыстары «Өнер құралдарынан құралған натюрморт», «Натюрморт» жұмыстары т.б.
ХҮІІІ ғасырда Англияда екі тамаша суретші қатар өнер өріне шықты. Бұлар Англия сұңғатын бүкіл Европаға мәшһүр етті. Әсіресе олардаң атақдаңқы портрет жазудан шықты.
Д. Рейнольдс (1723-1792) негізінен портретші болды, сол кездегі ақсүйектер ғұрпындағы барокко ағымын бетке ұстап дамытты, сонымен қатар оны буржуазиялық идеяға сай өзгеріске келтіруге тырысты.
Рейнольдстың ең негізгі қарсыласы, замандасы Томас Гейнсборо (1727-1788) негізінен имперессионизм бағытымен жүрді, ол ұсақ мазоктар байланысы динамикасымен жұмыс істеді. Оның ең атақты жұмысының бірі-«Көгілдір киімді бала» жұмысы. Жұмыста суретші адамды ақсүйектік табиғи кейіпте бейнелеуде Рейнольдспен жақындасады, соған ұқсайды. Ал айырмашылығы: Рейнольдс барокко ағымында көбінесе барокколық қызыл, сары, қоңыр тонда бейнелеп көрсетсе, Гейнсборо жұмысы рококо ағымына жақын адамға жеңіл әуенді әсер етеді. Ол өзінің замандасы Рейнольдсқа керағар басқа реңмен, күміс-сұр көгілдір, ашық-жасыл түстерді қолданады. Бұл екі ағылшын суретшісі өзінен кейінгі талай суретшілерге жол салып, ой тастаған шеберлер болды.
Достарыңызбен бөлісу: |