Логика ғылым ретінде


Дедукция. Күрделі пайымдаулардың құрама ой тұжырымы



бет12/21
Дата18.10.2023
өлшемі1.1 Mb.
#481013
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   21
лекция Логика ғылым ретінде

Дедукция. Күрделі пайымдаулардың құрама ой тұжырымы

Қарапайым пайымдаулардан шыққан құрама ой тұжырымдарымен қатар, күрделі пайымдаулардан шыққан да құрама ой тұжырымдары бар.


Алғышарттардан шыққан қорытындылардың логикалық қажеттілігі оларда субъектілі-предикатты емес қатынастармен, қарапайым пайымдаулардан шыққан ой тұжырымдарындағыдай, күрделі пайымдауды құраушылар арасындағы логикалық байланыспен анықталады.
Осы байланыс сипатынан, тәуелді мұндай ой тұжырымдарының шартты және ажыратушы деген екі түрі ажыратылады. Олар әрқалай үйлесуде өздерінің әрқилы түрлеріне ие бола алады. Тура тұжырымдар негізінде шартты, шартты-кесімді, ажыратушы-кесімді және шартты-ажыратушы ой тұжырымдары болады.
Шартты ой тұжырымдары

Кем дегенде алғышарттарының бірі шартты пайымдау болса, оны шартты ой тұжырымы дейді. Алғышырттарының тек біреуінің не екеуінің де шартты болуына байланысты, шартты ой тұжырымы екі түрге: шартты-кесімді және таза шартты деп бөлінеді.


Таза шартты ой тұжырымы — екі алғышарты да шартты пайымдаулар болатын құрама дедуктивті ой тұжырым.
Сондықтан қорытындысы да шартты пайымдау болады.
Мысалы:
«Егер бұл әрекет — алаяқтық болса, онда ол қылмыс».
«Егер ол — қылмыс болса, онда ол заң бойынша жазаланады».
«Егер бұл әрекет — алаяқтық болса, онда ол заң бойынша жазаланады».
Таза шартты ой тұжырымының құрылымы төмендегідей:
Егер А, онда В
Егер В, онда С
Егер А, онда С
Символдық жазылуы:
А → В
В → С
А → С
формуласы мынадай болады: ((p → q) ˄ (q → r)) → (р → r).
Бұл жердегі пайымдау: салдардың салдары дегеніміз, негіздің салдары деген қағидамен жүреді.
Шартты-кесімді ой тұжырымы — бұл бір алғышарты — шартты пайымдау, басқа алғышарты мен қорытындысы — кесімді пайымдау болатын құрама дедуктивті ой тұжырымы.
Мұндай ой-тұжырымға негіз бен салдар арасындағы белгілі байланыс негіз бола алады.
Шартты-кесімді ой тұжырымында ой жалпы төмендегідей төрт бағыт бойынша өрбуі мүмкін:
1) негізді бекітуден салдарды бекітуге;
2) негізді терістеуден салдарды терістеуге;
3) салдарды бекітуден негізді бекітуге;
4) салдарды терістеуден негізді терістеуге.
Сондықтан ойдың өрбуіне қарай теория жүзінде шартты-кесімді ой тұжырымының төрт түрі немесе төрт модусы мүмкін.
Дегенмен, қарапайым кесімді силлогизмдегі 256 мүмкін модустың тек
19-ы ғана дұрыс болатындай, мұнда да 4-еудің тек 2 модусы ғана дұрыс.
Бірінші — бұл modus ponens— құптаушы модус. Яғни, ой негізді бекітуден салдарды бекітуге жылжиды.
Мысалы:
«Егер құрғақшылық болса, егін құриды».
«Құрғақшылық болды».
«Егін құрыды».
Оның құрылымы: Егер А, онда В, сұлбасы: А → В.
Символикалық жазылуы: ((p → q) ˄ p) → q. Формула логикалық заң болады.
Екінші — modus tollens— терістеуші модус, ой негізді терістеуден, салдарды терістеуге қарай жылжиды.
Мысалы:
«Егер құрғақшылық болса, егін құриды».
«Егін құрымады».
«Құрғақшылық болмады».
Оның құрылымы: Егер А, онда В, сұлбасы: А → В
В емес ˥ В
А емес ˥ А
Символикалық жазылуы: ((p → q) ˄ ˥ p) → ˥ р. Бұл формула да логикалық заң болады.
Неге тек осы екі модус қана дұрыс болады? Нәтижесінде олардың дұрыстығы, шын мәнінде себеп пен салдардың арасындағы объективті өзара қатынаспен анықталады, бейнеленуі болып ең алдымен шартты пайымдаулар шығады. Егер себеп болса, онда салдар болады. Ал егер салдар жоқ болса, онда себебі де болмаған.
Неге басқа екі модус бұрыс? Себебі, себеп пен салдардың өзара қатынасы бірмәнді емес. Бір ғана жалғыз салдар көптеген себептердің нәтижесі болуы мүмкін (себептің көптігі деп аталады). Ал бір ғана себеп көптеген салдар тудыруы мүмкін (салдардың көптігі).
Міне, егер осы себеп жоқ болса, онда бұл салдардың да болуы мүмкін емес деген сөз емес: ол басқа себептің салдары болып шығуы мүмкін.
Мысалы:
«Егер құрғақшылық болса, егін құриды».
«Құрғақшылық болмады».
«Егін құрымады».
Жоқ, алғышарттан мұндай тұжырым логикалық қажеттілікпен шықпайды. Егін басқа себептен құруы мүмкін: мал жаншып тастады, шегіртке жеп қойды, қышқылды жаңбыр жауды және т.б. Екінші жағынан, егер осы салдар болса, онда ол тек сол себептен шықты дегенді білдірмейді. Мысалы:
«Егер құрғақшылық болса, егін құриды».
«Егін құрыды».
«Құрғақшылық болды».
Дегенмен мұндай тұжырым да міндетті емес.
Жоғарыда көрсетіп кеткендей, себептер әртүрлі немесе мүлде басқа да болуы мүмкін.
Бұдан шартты-кесімді ой тұжырымының төрт ережесі шығады. Оның сақталуы алғышарттар ақиқат болғанда, тұжырымның ақиқаттығын қамтамасыз етеді.
1. Негізді бекітуден салдарды бекітуге жылжуға болады.
2. Салдарды терістеуден, негізді терістеуге қарай жүруге болады.
3. Негізді терістеуден, салдарды терістеуге қарай жүруге болмайды.
4. Салдарды бекітуден, негізді бекітуге қарай жүруге болмайды.
Соңғы екі жағдайда тек ықтимал тұжырымдар ғана алынуы мүмкін. Дегенмен, егер бірінші алғышарт, біздің күнделікті ойлауымызда «егер ..., онда» жалғаулығымен айтылатын тепе-тең пайымдау болса, онда тұжырым нанымды болады (алғышарт ақиқат болса, әрине). Мәселе ондай пайымдауда негіз бен салдардың байланысы өзара — бір мәнді болуында жатыр. Мысалы, «Егер сан екіге бөлінсе, онда ол жұп сан». Бұл «Егер сан жұп болса, онда ол екіге бөлінеді» дегенді білдіреді.

Ажыратушы ой тұжырымдары


Ажыратушы деп, кем дегенде бір алғышарты — ажыратушы пайымдау болатын ой тұжырымы аталады. Басқа алғышартының сипатына қарай оның негізгі екі түрі аталады: таза ажыратушы және ажыратушы-кесімді ой тұжырымдары.


Таза ажыратушы ой тұжырымында екі (немесе барлық) алғышарты ажыратушы пайымдау болып келеді. Дәстүрлі логикада оның төмендегідей құрылымы қабылданған:
А дегеніміз В, немесе С,
В дегеніміз не Е, не F,
А деген не Е, не F, не С.
Бірінші ажыратушы пайымдауда екі балама келтірілгенін көріп тұрсыздар. Екінші пайымдау алдыңғылардың бірінің орнына тағы екі балама кіргізеді. Қорытындыда бізде енді үш балама бар. Мысалы:
«Бұрыштар тік немесе тік емес болады».
«Тік емес бұрыштар доғал немесе сүйір болады».
«Бұрыштар тік немесе доғал не сүйір болады».
Ажыратушы-кесімді ой тұжырымы. Ол бір ажыратушы және бір кесімді алғышарттан тұрады. Қорытындысы — кесімді пайымдау болады.
Ойдың өрбуіне қарай ажыратушы-кесімді ой тұжырымының екі модусы шығады.
1) polendo tollens— құптай-терістеуші модус, мұнда ой баламаның бірін құптаудан, басқасын терістеуге бағытталады. Мысалы:
«Қылмыс қасақана немесе абайсыз жасалған болуы мүмкін».
«Бұл қылмыс абайсыздықтан жасалған».
«Бұл қылмыс қасақана жасалмаған».
Сұлбасы: А немесе В. Символикалық жазылуы: А ˅ В

В В
А емес ˥ А


немесе формула: ((р ˅ q) ˄ q) ˥ р.


1) tolendo ponens — терістей-құптаушы модус. Мұнда ой біреуін терістеуден, басқа нұсқаның құпталуына қарай жылжиды.
Мысалы:
«Қылмыс қасақана немесе абайсыз жасалған болуы мүмкін».
«Бұл қылмыс абайсыз жасалған болып табылмайды».
«Бұл қылмыс қасақана жасалған болып табылады».
Сұлбасы: А немесе В. Символикалық жазылуы: А ˅ В

В емес ˥ В


А А
немесе формула: ((р ˅ q) ˄ ˥ q) → р.
Ажыратушы-кесімді ой тұжырымдар белгілі бір ережелерге бағынады:
а) пайымдау жоққа шығара — ажыратушы болуы тиіс, яғни ойлаған варианттар (бөлу мүшелері) бір-бірін жоққа шығаруы тиіс. Егер бұл ереже бұзылса, онда логикалық қателіктер тууы мүмкін. Мысалы:
«Кітаптар пайдалы немесе қызықты болады».
«Бұл кітап пайдалы».
«Бұл кітап қызық емес».
Бұл жерде тұжырым логикалық қажеттілікпен шығып тұрған жоқ, яғни дизъюнкция қатаң емес, әлсіз. Кітаптар бір мезетте пайдалы да, қызықты да болуы мүмкін.
ә) ажыратушы пайымдау толық (жабық) дизъюнктивті пікір болуы тиіс. Бұл ереженің де бұзылуы қателікке әкеледі. Мысалы:
«Өкімет заң шығарушы немесе орындаушы болуы мүмкін».
«Бұл өкімет заң шығарушы емес».
«Бұл өкімет орындаушы».
Бұл тұжырым да қажеттілікпен шықпайды. Өкімет соттық болуы мүмкін, бірақ бұл вариант дизъюнкцияда қарастырылмаған, яғни ажыратушы пайымдауда осы тектің барлық түрі аталған жоқ. Оны баламаның толық емес тізімі деп атайды. Қате басқаша да болады, егер ажыратушы пайымдауда «артық мүшелер» болса, онда қорытынды да жалған болып шығуы мүмкін.

Шартты-ажыратушы ой тұжырымдары


Алдыңғы екеуінің аралас формасы шартты-ажыратушы немесе лемматикалық ой тұжырымдары болып табылады.


Шартты-ажыратушы деп, алғышарттардың бірі — ажыратушы пайымдау, ал басқалары — шартты болатын ой тұжырым аталады.
Қорытынды кесімді немесе ажыратушы болуы мүмкін.
Лемматикалық деген атауы гректің lemma — «сөйлем, болжам» сөзінен шыққан.
Ой тұжырымдарының бұлай аталуына неше түрлі болжамдар мен олардың салдарлары қарастырылуы негіз болған.
Шартты-ажыратушы ой тұжырымының әртүрлі негіздері бойынша бірнеше түрі бар.
Біріншіден, лемматикалық ой тұжырымдары ажыратушы алғышартындағы баламалардың санына қарай бөлінеді.
Ажыратушы алғышарты екі баламалы шартты-ажыратушы ой тұжырымы дилеммалар, үш — трилеммалар, төрт және одан көптері — полилеммалар деп аталады.
Пікірлер тәжірибесінде дилеммалар өте жиі пайдаланылады. Сондықтан мысалға диллемаларды аламыз, себебі барлық шартты-ажыратушы ой тұжырымдарының құрылу жолдары бірдей.
Ойдың өрбу бағытына қарай дилеммалар екі түрге: конструктивті (жасаушы) және деструктивті (бұзушы) деп бөлінеді.
1. Конструктивті дилемма. Ол ойдың негіздегі нұсқаларды бекітуден, салдарды бекітуге өтуімен сипатталады. Мысалы:
«Азаматтың жеке басына зиян келтірілсе, онда ол толық көлемде өтелуі тиіс» (зиян келтірушімен).
«Егер зиян азаматтың мүлкіне келтірілсе, онда ол да толық көлемде өтелуі тиіс».
«Бірақ зиян азаматтың жеке басына немесе онын мүлкіне келтірілген».
«Қандай жағдайда болмасын, ол толық көлемде өтелуі тиіс».
Сұлбасы: Егер А, онда С; егер В, онда С.


А немесе С
С

Символикалық жазылуы: (А → С) ˄ (В → С), А ˅ В,


С
немесе (((p → r) ˄ (q → r)) ˄ (p ˅ q)) → r.
2. Деструктивті дилемма. Ол ойдың негізден туатын салдарды терістеуден, негіздің өзін терістеуге бағытталуымен ерекшеленеді.
Мысалы:
«Егер менің бос уақытым жеткілікті болса, онда мен кітап жазамын және сурет саламын».
«Мен кітап жазбадым немесе сурет салмадым».
«Менің жеткілікті бос уақытым болмады».
Сұлбасы: Егер А, онда В және С.
В емес немесе С емес
А емес
Символикалық жазылуы: (А → В) ˄ (А → С), │В ˅ │С,
˥ А
немесе (((p → r) ˄ (q → r)) ˄ ( ˥ p ˅ ˥ r)) → ˥ p.
Келтірілген мысалдар конструктивті және деструктивті дилеммалардың екі негізден бір салдар немесе бір негізден екі салдар шығатын қарапайым түрлерін көрсетеді.
Бұл түрлердің әрқайсысының, екі негізден екі салдар шығатын күрделі түрлері бар.
Шартты-ажыратушы ой тұжырымдары бағынатын ережелер, басқа шартты және ажыратушы ой тұжырымдары ережелерінен құралады.
Қорытындыда тағы бір айта кететін нәрсе, қарапайым кесімді силлогизмнің қысқартылған формасын қарастыра келе, ой тұжырымдарының басқа да түрлерінің энтимема формасын қабылдайтыны туралы айтқанбыз. Бұл шартты-кесімді және ажыратушы-кесімді ой тұжырымдарына да қатысты. Ойлау тәжірибесінде энтимеманың төмендегідей түрлері кездеседі:
а) шартты алғышарты түсіп қалған шартты-кесімді ой тұжырымдары;
Мысалы, «Бұл құжат заң бұзылушылықпен алынған, сондықтан ол сот ісін жүргізуге қабылданбайды».
ә) ажыратушы алғышарты түсіп қалған ажыратушы-кесімді ой тұжырымы;
Мысалы, «Бұл пайымдау қарапайым емес, ендеше ол күрделі».
б) қорытындысы түсіп қалған ажыратушы-кесімді ой тұжырымы.
Мысалы, «Бұл адамның ажалы біреу өлтіргеннен, не кенеттен немесе табиғи себептер күшімен келуі мүмкін. Бұл адамның ажалы кенеттен келді».
Бірнеше қарапайым пайымдаулардан құрылған күрделі ой тұжырымы таза шартты ой тұжырымынан туады. Бала кезімізден белгілі С. Маршак өлеңін еске түсірейікші:
«Шеге болмады — таға жоғалды.
Таға жоғалды — ат ақсады.
Ат ақсады — командир өлді.
Атқораны қиратты, армия қашты.
Тұтқынды аямай, жау қалаға енді.
Себебі ұстаханада шеге болмады».
Ғылыми әдебиеттерде, көпшілік ақпарат құралдарында күрделі пайымдаулардан құралған құрама ой тұжырымдарының әртүрлі күрделі формалары құбылыстың немесе нәрсенің тіршілік ету не пайда болу себептерін, бір нәрсенің мүмкін нұсқаларын, даму баламаларын тандауда неғұрлым нақты, жан- жақты, терең талдаулар жасау қажет болғанда әрқашан қолданылады. Бұл конъюнкциялы күрделі ажыратушы-кесімді ой тұжырымы, құрамында конъюнкциямен бірнеше шартты пайымдаулары бар күрделі ой тұжырымы және энтимемалық сипаттағы конъюнкциямен күрделі шартты ажыратушы ой тұжырымы. Қылмыстық-тергеу тәжірибесінде, мысалы, жорамалдарды өңдеу кезінде мұндай ой тұжырымдары жиі кездеседі.
Дедукция туралы жалпы айтылғандардан, келесі нәрселерді ерекше атап көрсету қажет. Дәстүрлі логиканың жемісі сол, ол дедуктивті ой тұжырымдарының аса көп: қарапайым және күрделі пайымдаулардан құралған тура және құрама түрлерін, өз құрылымы бойынша қарапайым, күрделі және тармақталған формаларын зерттеді әрі айқындады. Ол әрбір жеке жағдайға сәйкес, дұрыс форманы бұрысынан ажыратуға көмектесетін ереже түзді. Бірақ, өкінішке орай, ол оларды талдау мен тексерудің біркелкі қағидасын бере алмады. Міне, оның негізгі кемшілігі осында.
Қазіргі логика — пікірлер логикасы мен предикаттар логикасы — салыстырмалы дәрежеде дәстүрлі логиканың осы кемшілігін жояды. Тұжырымдардың қазіргі теориясы сондай немесе басқа да ой тұжырымдарының құрылымын, мейлі тіпті өте күрделі болса да, символикалық формада көрсетуге тырысады. Әрі осының негізінде оларды тексеруді жүзеге асыруда. Бұл үшін арнайы даярлықты талап ететін, күрделі және жеткілікті дәрежеде аса айрықша логикалық рәсім жасалған. Оның талдауы біздің курсымыздың міндеттері аясынан шығып кетеді.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет