Сораба - тақия тәріздес. Артында салпыншағы бар. Қыздар тіл-көзден аман болсын деп, оларға ырымдап кигізеді.
Қыздар кепеші. - қабырғасы биік, төбесі дөңгелек, ою-өрнектермен, мон-шақ, асыл тастармен безендірілген сәнді баскиім.
Жырға - асыл тастармен, ақық моншақпен көмкерілген сәнді баскиім.
Қасаба – тұрпаты дөңгелек, желкесіне қарай ойыңқылау келген, дөңгелек тақияға ұқсас етiп пiшiледi де, артқы жағына немесе желкесiне қарай бiрте-бiрте ойыңқы түскен құламасы болады, ұшы әйелдiң арқасына қарай төгiлiп жатады. Айдыны зерлi жiптермен кестеленiп, қиылысқан жерiн алтын жолақпен жауып, зерлi әшекеймен безендiредi. Құламасына шашақтар тағылады. Шашақтың көп тағылуын “ұрпағы көбейсiн” деген игi тiлекпен түсiндiруге болады. Қасабаның маңдай тұсына түрлi асыл тастармен тiзiлген дөңгелек табақшалармен бекiтiлген қыстырма iлiнген. Ал самай тұсына ұзынырақ күмiс қоңыраушалармен ұшталған 5-6 тiзбек салпыншақ қыстырған. Көне түркі (қыпшақ) бас киімнің негізгі элементтерін бойына сіңірген қасаба атауы «алтын зерлі» деген мағына береді дейді этнограф Ө.Жәнібеков. Қасаба көбіне төре, сұлтандардың қыздары киетін бас киім саналған.
Бөрік. - аң терісінен тігіледі, жиегіне жұрын жүргізіледі. Жұрындалған терісіне сәйкес бөріктің мынандай түрлері бар: алтай қызыл бөрік, қам-қа бөрік, қазақы бөрік, қарқаралы бөрік, құлын бөрік, құндыз бөрік, құ-райыш бөрік, құс бөрік, мари бөрік, нар өркеш бөрік, ноғай бөрік, оқалы бөрік, сәукеле бөрік, шеркеш бөрік, шоқты бөрік, шоппаш бөрік т.б.
Қазақта сирек те болса кездесетін бас киімінің ерекше түрі – қарқара. Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Қыздардың басында төбесіне құс қауырсыны қадалған сұлтан киетін бас киім болыпты» дейді (Шығармалар жинағы. І том, 326 б.). Қарқара кигенде әйелдер жаулықтың бір ұшын желке тұсына келтіре сәл шығарып қояды да, қалған бөлігін кимешектің сыртынан айналдырады, шашын көрсетпей жауып тұрарлықтай етіп орайды. Жаулықтың ұзындығына байланысты қарқараның биіктігі де әртүрлі болады.
Кимешек – қастерлі, ел арасынан үзілмей келе жатқан әйел адамның бас киімі. Кимешек ақ бұлдан тігіліп, жиегін астарлайды. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын “шықшыт” дейді. Кимешекті жас ерекшелігіне сәйкес әшекейлейді. Егде әйелдердің кимешегінің әшекейі аздау, ою-кестесі жеңіл болады, сары, ақ жіппен сырылады. Жас әйелдердікі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің алдын “жақ” деп атайды. Оны қол кестесімен кестелейді. Кимешек-шылауышты жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, кемпірлер тартып киеді. “Кимешек кию, шылауыш тарту” деген сөздер арқылы бұл бас киім айқындалады. Кимешекті басқа сәйкестіріп пішіп тігеді. Кимешектің адамның арқасына түсер жері ұзыншақ келеді. Мұны “құйрықша” деп атайды. Адамның белінен төмен түсіп, шашты жауып тұратындықтан осылай аталғанға ұқсайды.
Кимешек кеуде, иық, жонды жауып тұратын тұйық болады. Тек адамның бет-әлпеті шығып тұратын жері “ойық” болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ойықтың жиегін өңді жіппен “шалып” тігеді. Мұны “алқым шалу” деп атайды. Алқым шалудан кейінгі “жадағай” тігісті “су” деп атайды. Судан кейін “қиықшалап” тігеді. Қиықшадан кейін су “жүргізіп”, “құман бау” деп аталатын әшекей тігіспен тігеді. Құман баудан соң “Күрең кесте” деп аталатын ою-өрнек салынып тігіледі. Күрең кестеден кейін “сағат бау” тігісі жүріледі. Сағат бау кей жерде “ағақ бау” деп те аталады. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазып тұрғанға әсері болады. Кимешектің бір мәні әйел адамдардың шашын шаң-тозаңнан сақтап, додырап шықпауына септігін тигізеді. Бұл да діни наным-сенімнен туындап, мұсылман әйелдерінің шашын жасыруларына көмегі тиеді.
Қазақта жас келіннің алғаш кимешегін кигізуге байланысты ғұрыптық әрекеттер өткізілетін. Күйеуге шыққан әйелдің бас киімі – кимешектің бөлшектері оның жасына орай біртіндеп өзгеріп отыратын. Некелескен кездегі бас киімнен кейін алғаш киілген кимешек ең сәнді болып есепетелді. Жас келінге алғашқы кимешегін кигізу әйелдің қонақы асын беруімен бірге өтетін. Оны келіннің енесі ұйымдастырып, күйеу ауылының қарт әйелдері шақырылған. Олардың бірі жас келінге кимешек кигізіп, енесінен сый алатын.
Кестесіне қарай кимешек қызыл жақ, сары жақ, ақ жақ деп үшке бөлінеді. Ақ жақты қарт әжелер, қызыл жақты келіншектер, сары жақты жастар киеді. Кимешек кейде күміспен, тана, моншақтармен шеттіктеледі. Әр тайпа мен рудың кимешектерінің пішімінде, түрінде және сырт көрінісінде өзіне тән ерекшеліктері болған
Достарыңызбен бөлісу: |