Мемлекет пен құқық өркениеттің аса зор жетістігі, оның адамзат тарихындағы мәні айрықша


Лекция «Қазақстандағы мемлекет»- 3 сағат



бет13/18
Дата26.10.2022
өлшемі213.2 Kb.
#463429
түріЛекция
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
darister

7 Лекция «Қазақстандағы мемлекет»- 3 сағат
Қазақ мемлекеті әлемдік сахнада Қазақ хандығы ретінде XV ғасырдың ортасында пайда болды. Ол өзінің белгілері бойынша, жалпыға танылған билік, ондағы басым болған үрдістер тұрғысынан мемлекеттіліктің жалпыға бірдей танылған теориялық моделіне толық сай келді. Бұл ретте бастапқыда өзінің мемлекеттік басқарудың нысаны жағынан Қазақ хандығы шектеулі монархия болатын. Ол кейін таратылғаннан кейін XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстанның Ресей империясынан отарлық тәуелділік кезеңінде жоғалтқан мемлекетімізді республика нысанында қайтадан жаңғыртуға тырысушылық әрекеттер болды. Осылайша, ХХ ғасырдағы бірін бір алмастырған Қазақстан аумағындағы республикалардың (автономды, одақтас, тәуелсіз), мемлекеттік биліктегі көлденең басқару тұрғысынан да, тігінен алғанда да құрылымы мен ұйымдастыру тәсілі бойынша да айтарлықтай айырмашылықтары болды.
Соңғы жүз жыл ішінде Қазақстанда бірі бірімен параллель түрде немесе бірі бірін ауыстыра отырып төрт республика өмір сүрді, ал оның бесіншісі бүгінгі таңдағы жағдайда жетіліп, дамуда. Осы тұрғыдан, оның алдағы алыс келешегі мен таяу болашағы үлкен теориялық та, практикалық та қызығушылық туғызары сөзсіз.
Қазақ хандығы шектеулі монархия

Кез келген халық әлеуметтік-экономикалық дамуының белгілі бір сатысында өзінің саяси даму жолын тарихи таңдау қажеттілігі алдында болады. Көреген билеушілер мен данагөй ойшылдар, туған халқына өздері дұрыс деп санаған қандай да бір даму жолын көрсетіп, олардың идеяларын қалың жұртшылық толық қабылдаған жағдайда, өз елін артынан ерте алады. Алайда, ол ойларын жамағаты жоқ көрсе, қабылдамаса ойлары да ойран болып қалары ақиқат. Бұдан шығатын шынайы қорытынды, тарихи таңдау жолындағы шешуші сөзді тек халық қана айта алады, яғни ол билеуші көрсеткен жаңа бағдармен жүретін болады, ия болмаса оны қаламаған жағдайда, тіпті қолына қару алуға дейін барып, қарсылық көрсетуге шығады. Бұның өзі сайып келгенде тарихтың түпкілікті субъектісі қаншалықты ұлы болса да жеке тұлға емес, ұлағатты халық екендігінің айқын бір дәлелі. Ол тіптен басында еркі жоқ бодан болса да, өзінің тарихи таңдауын аңсай отырып, нағыз тарихты жасайтын халық. Халық өз таңдауын оңтайлы ахуалды күтіп отырып жүзеге асырады ия болмаса осындай жағдайды өзі де тудырады.


Ежелгі заманнан Қазақстан аумағында қоныстанған және қазіргі қазақтардың түпкі атасы болып табылатын ру-тайпалардан тұратын халықтың көп дәуірлік даму жолы XV ғасырдың ортасында заңды түрдегі тарихи серпіліс жасады. Ол қоғамдық өмірді ру-тайпалық ұйымдастырудан хандық нысандағы мемлекетке ауысты.
Көсемдік түрдегі ру-тайпалық басқару енді мемлекетке орын берді.5 Қоғамда, елдің аумағында мемлекет деп аталатын ерекше басқарушылық құрылымы пайда болады. Осыған байланысты бір маңызды қағидатты түсініктеме беру қажет.
«Мемлекет», «қоғам», «ел» деген терминдер бірі бірімен тығыз байланысты болғанымен, бірақ мазмұны жағынан дәлме дәл болмайтын әлеуметтік құбылыстар туралы түсініктер.
Ең жалпы алғандағы түсінік бойынша қоғам – адамдардың қауымы, ел –адамдар топтасып өмір сүретін бір аумақ, мемлекет – адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін басқарушылық ұйым. Бір құбылысты екіншісінен ажыратып тұратын осындай мағыналық шекті жоққа шығару, ұғымдарды алмастыруға, оларды дұрыс емес қолдануға, соның ішінде ғылыми әдебиетте қате пайдалануға алып келеді, бұның өзі мүлдем жол беруге болмайтын жайт. Бұған мысалды көптеп келтіруге болар еді. КСРО кезінде мәселен, осы кезеңдегі қоғам мен елді «кеңестік» деп атады, алайда, ол мазмұны социалистік болатын да, кеңестер дегеніміз мемлекет нысаны еді.
Мүмкін осы себептен бірқатар елдерде мемлекеттің елдің өз атауынан басқаша аталуы орын алды: «Француз (Франция) Республикасы» (мемлекет) және Франция (ел), «Ұлыбритания Біріккен королдігі» (мемлекет) және Англия (ел), «Иран Ислам Республикасы» (мемлекет) және Иран (ел), «Ресей Федерациясы» (мемлекет) және Россия. Қазақстан Республикасы (мемлекет) және Қазақ Елі (ел атауы).
Қазақ хандығы туралы әңгіме қозғай отырып, оның негізгі тақырыптың мәнін айқындап алған қажет, яқи - сөз хандық дегенде мемлекет нысаны, түрі туралы болып отыр ма, немесе хан билігіне бағынатын қазақтардың жайлаған жері – қазақ елі (Қазақ елі) туралы ма?
Хандық ең бастапқы түсінігінде - бұл басында хан деп аталатын билеушісі бар ел. Сондықтан хандықты сипттаған кезде ең алдымен осы ел орналасқан жер, оның табиғи–климаттық жағдайлары, халықтың этникалық құрамы, оның әлеуметтік құрылымы, шаруашылық жүргізу тәсілі мен түрі, діні мен ділі, мәдениеті қандай және т.б. мәселелерге назар аударылады.
Бір жағынан алғанда, этникалық әрі аумақтық тұрғыдан дұрыс болып көрінетін хандықты осылай түсінушілік, дегенмен, басқарушылық құрылымын қамти алмайды. Бұл тәсілді Қазақстанға қатысты қолданатын болсақ, онда осыдан шамамен алғанда 550 жылдан артық уақыт бұрын біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан және қазіргі Қазақстанның тарихи аумағында қоныс тепкен қазақтар өз хандығын құрды және оны халқын құрады. Шынтауйтқа келгенде тайпалардың топтаса шоғырлануы нәтижесінде Қазақ Елі деген атпен белгілі болған Ұлы Даланың айтарлықтай жерінде орналасқан Қазақ қоғамы қалыптасты, ол тарихи жазбаша көздерде парсылық сөздік экспансиясы әсерімен Қазақстан деп аталып кетті, яғни бұл Қазақтардың елі дегенді білдіреді.
Ал мемлекеттің өзі халықтың өкілдері өкілеттік етуінен, атап айтқанда, елді қорғауы үшін, қоғамішілік адамдар арасындағы қажет қарым-қатынастарды реттеу үшін қажет хан басқарған басқарушы құрылымына елдің атынан сайланған көрнекті қайраткерлері– билері, сұлтандары, батырларының тұлғаларымен көрінді.
Шектеулі монархия нысанындағы орталықтандырылған Қазақ хандығы қалыптасуы процесінің басталуы XV ғасырдың ортасында қазіргі Қазақстанның орталық және оңтүстік аумағында орналасқан Дешті -Қыпшақтың кең сахара жазира даласында болды. Осы уақытта Дешті- Қыпшақтың ханы Әбілхайырдың саясатына наразылық танытқан Керей мен Жәнібек сұлтандар өзіне сенімді руларды жинап, Жетісуге қарай үдере көшеді. Осы жерде барлық рулар мен тайпалардың бір тудың астына бірігуі басталады.
Ежелгі рулар жалайыр, найман, алшын, қыпшақ және т.б. тайпалар қазіргі Қазақ этносының негізін қалаған оның құраушысы болды. Бұрынырақта басқаша қолданылып, алғашқы мағынасының бірі – кезбе, еркін, бөлінген деген адам туралы немесе биліктен бөлініп шыққан көшпелілер тобын білдірген мәннен «қазақ» термині этносаяси мағынаға ие болады. Керей мен Жәнібектің қол астына біріккен түркі тілдес тайпалары Әбілхайыр ханның билігінен босап шыққасын, өзінің төл атауына ие болды және біржолата қазақ деп атала бастады.
Бұл ретте, Ресей орман-даласында өмір сүріп, оның шекара тұстарын мекен еткен ерікті казактар да олардың еркін өмір сүруі салтынан да осындай атауға ие болды деген жорамал бар.
Осылайша бұрын басы бірікпеген түркі тілдес тайпалары бір билік астына топтасқан соң тарихтағы жаңа Қазақ этносы қалыптасуына негіз болды.
Елдің саны жағынан өсуі мен қазақтардың қоғами қатынастары күрделенуі жағдайында бұрынғыдай тек қандық, тума-туысқандық тұрғыдан қарым-қатынастарынан тұратын өмір салтын ұстана беру қиындай түседі. Бұның өзі ру басылары мен ел ағалары ақсақалдар кеңесінің басқарушылық күші мен реттеушілік ықпалы бастапқыдан тек сол бір рулы елдің өзіне ғана таралуымен және олардың дәстүрлі тұру ареалын қамтуымен түсіндіріледі. Шындығында да ру сыртынан басқа жерде олардың билігі жүрмейтін еді. Сол себепті де тарыдай шашылған көп санды рулар негізінде ең алдымен тайпалар, кейін біртұтас этнос қалыптасты, соның нәтижесінде тек жекелеген рулар емес тұтас бір халықтың еркі мен қалауын қанағаттандыратындай мүлдем жаңа басқарушылық құрылымына деген қажеттілік туындады. Және де ол жоғары билеуші – хан, атқарушы органдар, өкілетті сұлтандар мен бектер, әділ төрелік етуші сот органдар – дәстүрлі билер соты және хан жанынан құрылған басқа да түрлі кеңес беруші органдары түрінде көрінді.
Олардың барлығы тұтастай алғанда жиынтық түрде де және жеке алғанда да өз функциясын бұрынғыдай, ру-тайпалық ұйымы жағдайында, қандық яқи туыстық қағидаты негізінде емес, жалпыға бірдей ашық билік принципі бойынша атқарды, яғни билеушілер тарапынан мәжбүрлеу мен қорғаныс шаралары қай руға жатқанына қарамастан, барлық жұртшылыққа бірдей қолданылды. Бұндай билік ашық түрде халық (жұртшылық) үстінен жария үстемдік құрады, ал рулық қарым-қатынас, қауымдық өмір салты кезіндегі билік тек осы рудың өз ішінде қалады. Сол руға немесе қауымға кіретін ру мүшелері ғана билікті кімге және қалай қолдану қажеттілігін өздері шешеді. Осылайша, хандық деген атауға ие болған тарихи жаңа басқарушылық құрылымы пайда болды.
Қазақ хандығы өзінің даму сатысына қарай, шектеулі монархия түріндегі орнықты иерархиялық құрылымына ие болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде халық Құрылтайы (жұртшылық жиылысы) жиналып кеңес құрды, оған сайланған ханмен бірге ұлтқа ортақ келелі мәселелерді шешуі үшін далалық аристократия өкілдері - ру басылары, ел ағалары, сұлтандар келіп қатысты. Ықпалы жоғары, ауызы дуалы, сөзге шешен ру басылар хан жанындағы билер кеңесін - заң-жарғылық органын құрды. Рулар ішіндегі билер сот және әкімшілік билікті атқарды, олар қоғамдағы «ақ сүйек» қауымын құраған чингизидтер ұрпағы сұлтандарға қарағанда, рулық билік тобы «қара сүйекті» құрады.
Далалық демократия атынан өкілдік жасаған осы билеуші институттары, мемлекеттік биліктің ең жоғары буындарына ене отырып, хан саясатын жүргізуде үлкен роль атқарды. Сонымен бірге олар халықтың мүдделерін ұмытуға жол бермей, ханды шексіз биліктен сақтандырып, оның жалғыз дара билеуін шектеп отырды.
Қазақтардың орталықтандырылған этносаяси бірлестігі кезеңіндегі мұрагерлікке негізделген хандық биліктің толық құқығы барлық қазақ ұлыстарының аумағында баршаға міндетті жоғары өкімдерін шығару құқығы, олардың қыс қыстау мен жаз жайлауға көшу жолын анықтау мен жайылымдарды, су көздерін белгілеуі, олардың қарулы қорғанысын ұйымдастыру, жалпыға бірдей орындалуға міндетті нұсқаулар беру, сондай-ақ өлім жазасын кесуі мен адамды ақтап алу, кешірім құқығының болуы.
Хан басқа мемлекеттермен келіссөздер жүргізді, соғыс жағдайын жариялады, бітімгерлікке келді және одақтар жасасты. Осындай жарқын мысал ретінде, атап айтқанда, Тәуекел ханның (1586-1598 жж.) бастамасы бойынша Қазақ хандығының Москвамен дербес дипломатиялық қатынастардың орнатылуын айтуға болады. «Ресми түрде орыс-қазақ қарым-қатынастары шын мәнісінде, XVI ғасырдың 90-жылдарынан кешіктірілмей басталды»24.
Чингизидтердің хан тағына бірегей біржола құқығын сақтай отырып, кең сахарамызда орта ғасырларда Еуропада орныққандай қауымдық демократияның жаршысындай болып, далалық демократияның элементтері бірге көрініс тапты. Ол мәселен, Алтын Орда хандарын сайлау дәстүрі бойынша өтетін қазақ хандарын сайлауы кезінде анық көрінді.
Осы хан сайлау үрдісі азғантай өзгерістерге ұшырап, қазақтарда да сақталды. А.И. Левшин өз кітабында оны былайша суреттейді: Жаңа хан сайлауы үшін халық жиналатын орын мен уақытын алдын ала айқындайды, ол жерде «шағын мәжілістер» өтетін жәе шешім шығару үшін шағын топтары жиналатын, олар басшыға қай тұлға лайық екенін анықтау үшін түрлі рулар мен кішкене ата-әулеттерден сайлаушы өкілдерін ұсынатын. Осындай себеппен шақырылған «құрылтайда», шешендік сөз таластыруы, саяси әңгіме-дүкен құрылатын, олар кейде екі-үш күнге, ал кейде одан да көп уақытқа созылатын. Ал енді таққа үміткер сұлтандар мен бай-бектердің басым көпшілігі қолдауына ие болып, хан болуға тиісті дауысын жинаған кезде, жиналған сайлаушы өкілдері ішінен ең беделді деген бай-оғылан мырзалары оған хан болып сайланғаны туралы ресми түрде хабарлайтын. Содан кейін оған алтын қылыш беретін болған, содан соң жеңімпаз үміткер халыққа адал қызмет етуге ант қабылдайтын.
Таққа отырғызудың салтанатты рәсімі жаңадан сайланған ханды ақ киіз (алашаға) отырғызып, оны қалың көпшілік бұқара бірнеше рет төбеге көтеріп, қайтадан жерге түсірумен аяқталатын болған. Осыдан кейін хан отырған ақ киізді жұлым-жұлым етіп ұсақ бөліктерге бөліп, әркім бір үзік жұрнағын болса да ырым етіп алып кетуге тырысқан. Қазақтарда бұл әдет-ғұрып «Хан талапай» деп аталатын. Қазақ даласындағы хандар мемлекеттік рәміздерді – хандық туын және хан мөрін сақтаушы болды.
Қазақ хандығы саяси орталықтары астаналары болып, XVI ғ. аяғынан XVIII ғасырдың екінші жартысына дейін бір жүз жыл жарым бойы Сығанақ, Сауран, Ташкент пен Түркістан қалалары танылды.
XV ғасырда қазақтар өмір-тіршілігінің көпшілік саласы салттармен, әдет-ғұрып, дәстүрлермен, діни нормалармен реттеліп отырды. Алайда, өмірдің өзі көрсеткендей, бұлардың бәрі де елдегі қақтығыстардың алдын алуға немесе шиеленістерді шешуге жеткіліксіз болды. Сондықтан да қоғамдық өмірге біртіндеп хандар және билер шығарған нормативтік шешімдер мен қағидалар ене бастады. Олар өз кезегінде императивтік сипатқа ие болды, яғни бәрінің орындауына міндетті еді. Бұл жаңа нормативтік қағидалар елді басқарудағы пәрменді күш-құралға айналды. Сол себепті қазақтар тарихын зерттеуші және оның білгірінің бірі А. Левшин, Тәуке ханның қызметін жоғары бағалай отырып, «ол бірнеше буындардың көңілінен шыға отырып, оларда тек тәртіп пен басқару құрылымын енгізген жоқ, сонымен қатар олар үшін көптеген заңдар шығарды». Олардың қатарында, сөз жоқ, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бар. Осы заң жинағы XVI ғасырда дүниеге келген «Қасым ханның қасқа жолы», XVII ғасырдың басында қолданыста болған «Eciм ханның ескі жолы» секілді оған дейін қабылданған заңнамалық жинақтардың заңды жалғасы және оларды біріктіріп, толықтырған негізгі заң – ата заң секілді болды. Және ең маңыздысы Тәуке хан бастамашыл болған «Жеті жарғыны» жасауға қазақтың танымал үш жүздің билері - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қатысуы бұл өз заманының көрнекті құқықтық құжатының заңдық күші бүкіл Қазақ хандығы аумағына кең таралуына басты себепкер болды.
Тәуке ханның «Жеті жарғы» деген заң жинағы өз атауына Қасым ханның «Қасқа жолы» деп аталатын алғашқы қазақ заңнамасындағы бес бөлімге тағы екеуін жер дауы туралы заң және қылмыс үшін құн төлеу туралы заң бөліктерін қосуына орай ие болды деп болжам жасауға болады. Аталған заңға негізінен XVII ғасырдағы Қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік өміріндегі қажеттіліктерге жауап бере алатын қағидалар кірді. «Жеті жарғы» жинағы әкімшілік және азаматтық, сондай-ақ қылмыстық құқық ережелері мен нормаларын қамтиды; салық туралы, діни мәртебе және т.б. туралы қағидалары да бар.
Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» заңдар жинағы қағидаларының біраз баптарын XIX ғасырдың 20-шы жылдары А.И. Левшин жазып алған болатын. Бұдан басқа, авторлар С.Г. Кляшторный және Т.Н. Сұлтанов хабардар еткендей «Жеті Жарғы» бойынша Г. Спасский жазып алған 11 бөліктен тұратын тағы қосымша материалдар бар болып шықты. Сондай-ақ авторлар «осы құжатта тіркелген құқықтық нормалары тек жекелеген жүздер аумағында ғана қолданылған жоқ, олар барша Қазақстан аумағы шегінде таралды» деп айрықша атап көрсетеді.
Бірақ орталықтандырылған биліктің осал болуы және қазақ хандығының әлсіреуі, ордалық кезеңнен кейінгі барлық көшпелі мемлекеттердегі жаппай дағдарыс пен күйзелістен соң «Жеті Жарғы» талаптары барлық аумақта дәл сақталды деуге болмайды. Дегенмен, Қазақ қоғамының басым көпшілігінің осы заң нормаларынан хабары болды және де Ресей империясына кіргеннен кейін де, тіпті кейінірек те оны сақтауға тырысты. Бір таң қалалық жағдай, миллиондаған адамнан тұратын қазақ қоғамында адамды бас бостандығынан айыратын ешбір жаза қолданылмаған.
«Жеті жарғы» құқық қағидасы бойынша жоғарғы билік ханға ғана тиесілі болды. Сол дәуірдің салты бойынша, хан көп жағдайда төреші рөлін де атқаратын, ол мүліктік және жер дауларын шешуге қатысты. Заң жинағында егер қажет болса «...ханның өзі де, барлық сұлтандар, ру ақсақалдары және ру басылары ортақ істі талқыға салу үшін, жәзира даламыздың қақ ортасында, бір жерде күз сайын жиналуы абзал» делінген.
Осы да, Қазақ қоғамындағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттейтін басқа да нормалары хан бастаған басқарушы билік қамтитын барлық әкімшілік аумағында күші болды және таралды. Ал аумағының өзі қазақтар тұрған жерлермен және оларға шектес басқа этностармен қамтылды. Орта ғасырларда қазіргі заман тұрғысынан шектелген сызық бойынша қорғалған деген шекара ұғымы болмаса да әр жұрт, ел өзінің иелік ететін аумағын жақсы білетін.
Хандық билік сол кезеңде белгілі бір дәрежеде барлығын қамтитын сипатқа ие болса да, оның этникалық құрамы бір текті болса да, дей тұрғанмен, осындай биліктің орталықтандырылуының элементіне мал шаруашылығының циклдік сипаты және соған орай пайда болған көшпелі өмір салты өз ерекшеліктерін енгізіп отырды. Көшпелі қоғамның қарым-қатынастарын реттеуде елдің бар ауқымындағы орталықтандырылған басқару жүйесін жүзеге асырумен бірге, шаруашылық жүргізудің қалыптасқан дәстүрлі тәсілдеріне және белгілі бір рулар арасындағы өзара қарым-қатынастарға негізделген рулар және ауылдар деңгейіндегі жергілікті өзін өзі басқару да қызметін іске асырды. Орталық билік олардың өміріне ру аралық қақтығыстар болған кезде және жаугершілік жиі болатын сыртқы басқыншылық шабуылдары жағдайларында рулар мен ауылдар иелік еткен ата мекенді қорғау үшін араласып отырды.
Бұдан басқа, орталық басқару бұл жалпы елге ортақ басқару органдарын ұстап отыруға шығыстарды қоса алғанда, ұлттық мүдделерге жұмсау үшін қажет жүйелі немесе бір реттік алым-салықтарды жинау үшін де талап етілді.
Сонымен қатар қазақ даласында сайланатын хан институтымен бірге өзіндік бірегей нысанды дәстүрлі билері соты да өмір сүріп келді, ол халықтың өмір сүру салтына әбден қолайлы болған институт еді. Билер соты ел арасындағы беделді төрелік айтушы институты ретінде тек мүлік таласын немесе даулы мәселелерді шешіп қана қойған жоқ; егер қажет болғанда жергілікті хан өкімін де даулай алатын, аймақтағы билеушілердің сепаратистік пиғылдары мен жеке өркөкіректік әрекеттеріне тыйым салатын болды.
Билер соты мемлекеттік биліктің дербес бір бұтағы бола отырып, қазақ сахарасындағы деспотизмнің орнауына жол бермейтін күш баланысы болды. Сондықтан да қазақ хандығы бұл біздің көршілерімізбен салыстырғанда ешқашан да авторитарлық билік болған емес. Және де билердің лауазымы мұрагерлік жолмен берілген жоқ, ал олардың қоғам тарыпынан мойындалуы сайлау нәтижелерімен байланысты болған емес. Би (судья) болуы үшін оның бойында жай әдет пен қолданыстағы құқық бойынша білімі секілді, шешендік таланты мен сөзсіз репутациясы сияқты қасиеттері болуы қажет. Билер сайлау ісіне қатысты, қажеттілігіне қарай әртүрлі ережелерді түсіндіріп, жеткізеді. Егер де жауап беретін кісі сот құрамы не оның шешімімен келіспесе, онда талап етуші оның қызметінен бас тартуға құқығы болды.
Далада ең танымал билер үлкен беделге ие болды, олардың пікіріне хандар мен сұлтандар құлақ түріп, тыңдайтын еді. Билер соты қазақ даласы Ресей империясы құрамына кіргеннен кейін де жұмыс істеуін жалғастырды. Әйгілі ғалым Ш. Уәлиханов былай деп атап көрсететін: «билер сотының басты артықшылығы немқұрайлылық пен əртүрлі ресми кертартпалықтың жоқтығы. Бидің мəні беделге негізделген жəне бұл атақ сот практикасына деген патент тəрізді. Билер қазір бізде өз кәсібімен жүрек қалауы бойынша шындап айналысады және сол себептен де өз беделі үшін уайым жейді. Ал егер де олар сайланатын шенеуініктерге айналса, олар көп жағдайда бәрінен бір дүние дәмететін және баршасы үшін төлем жасайтын басқармаларға айналатын болады».
Қазақтардың шешендік өнері, билердің тілдің майын тамызып қара халық алдында әділ төрелік айтуы мен суырып салма айтыс өнері туралы көптеген еуропалық саяхатшылар, мәселен, жер аударылған поляк Адольф Янушкевич жазған болатын.
Патшалық орыс әкімшілігі имперялық сот институымен қатар, далалық билер соты мен діни шариат соты да болуына мойынұсынды. Отарлық немесе империялық деп аталатын соттар негізінен қылмыстық жауапкершілігі ауыр істерді немесе мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтірген қылмыстарды қарады.
Қазақтардың дәстүрлі соттары 1917 жылғы революцияға дейін болды және шынында да мүлік, тұрмыс және отбасылық сипттағы мәселелерді шешетін еді.
Тіптен кеңестік билік кезінде де ауыл-аймақтың көптеген даулы мәселелері өз шешімін ақсақалдар сотынан табатын. Бұл ретте орыс тілді тұрғындар да қазақ халқындағы қазақ билері сотының шешіміне жүгінуге тырысатын, өйткені олар артық төрешіліктен ада, тез және жария сот болды. Осы орайда ғалымдар келесі фактілерді келтіреді. Мысалы, тек қана Көкшетау сыртқы округінде 1859 жыл мен 1865 жылдары арасында орыс қауымдастығынан (славян) би сотына істі қару үшін 117 арыз түскен. Омск қаласында тұрған және далалықтардың этнографиясын зерттеуші А.Гейнс былай деп атап көрсеткен: «Би соты ауызша жүреді және барынша әділ әрі адал, сол себепті тек қазақтар арасында ғана емес, басқа ұлыс өкілдері мен казактар арасында беделге ие болды, сондықтан олардың көпшілігі билер сотына жүгінуге келеді.».
Қазақтардың соты, әдетте, өз шешімдерін «Жеті Жарғы» (жеті қағидалы заң жиыны) және әдет құқығының басқа да құқықтық құжаты негізінде шығарады. Сондықтан да империялық соттан ерекшелігі, олар екі жақты бітімгерлікке (медиаторлыққа) және құқық бұзғандарға келтірілген залалды құн төлеуге шақырады. XXI ғасырда, қазіргі егемен Қазақстанда, қоғамымызда қайтадан төрелік сот және медиатарлық (бітімгерлік) секілді институттарға қайта оралды, олар сайып келгенде билер сотын еске түсіреді және оған ұқсас болып келеді.
Шокан Уалиханов кезінде былай жазған еді: «Би деген биік мәртебеге ие болғандар арасынан таласқа түскендер өз ісіне емін-еркін сот болатын адамды таңдай алуы сайлау жұмысын толық алмастырады және де сайлау өткізілетін мақсаттан да артық нәтижеге қол жеткізеді...Ал өз ісіне салғырт қараған ниеті бөгде сотты бұл жағдайда ешкім таңдамайды, одан ешбір ұрыс-керіссіз бас тарта салады: осыдан кейін оған ешкім жүгінбейді – сонымен оның өз ісі де тәмам.»
Сот процесі арызданушы өтінішін бергеннен кейін ғана, немесе билік құрылымының өкілдері: старшын, сұлтан немесе хандар өтініш жасаған кезде ғана басталатын. Бұл ретте ежелгі ырым-жырым жасау элементтері рәсім ретінде сақталған, мәселен іс басталарда оны қарайтын биге, процеске қатысушылары оның алдына қамшы тастайтын болға, бұл мен осы әділ сотқа сенемін дегенді білдірген. Билер ең қарапайым істерден бастап, күрделі дауларға дейін қарастырған.
Билер соты негізінен бірі бірімен талас пікір тудыру жолымен, айтыс арқылы жүрді, іске қатысушы тараптар осы сотқа қорғаушы адвокаттың функциясын орындайтын өз биімен келетін.
Сот талқылары би үйінде, хан ставкасында немесе ертерек алдын ала уәделескен жерлерде өтті. Би бір өзі тергеуші, прокурор әрі судья болды. Сот ауызша түрде болатын. Куәлар институты болды. Осындай соттың бір жағымды жағы оның ашық жария өтуі еді, яқи процеске кез келген тілек білдірген адам қатыса алатын. Оның тағы бір артықшылығы, процестің өзі көп уақыт алмайтын, қағаз төрешелігінен ада болды. Егер де жауап беруші сот құрамымымен келіспесе ол оның қызметінен бас тарта алды. Сот процесіндегі бірінші сөзге талап арыз беруші, екіншісі – жауап беруші ие болды. Сөз талқысы кезінде процеске қатысушыларға бірі бірінің сөзін бөлуге қатаң тыйым салынды. Тараптар салмақты дәйектер мен дұрыс дәлелдер беруге міндетті болды.
Аталған ежелгі салт-дәстүр сайлау кезінде немесе саяси шиленістерді шешу кезінде қолданылды. Бұл ретте билер, егер билеушілер шешімі ұлттық мүддеге сай келмесе, хандардың да, әскер басылардың өкімдерінің күшін жоя алатынын атап өткен жөн.
Осылайша, XV ғасырдың орта белесіндегі Қазақстанда ру аралық және тайпа аралық интеграциясының нәтижесінде біртұтас қазақ ретінде этносқа бірігуіне орай қоғамда жаңа құрылымы қалыптасуымен байланысты ұлттық басқарудың жаңа жүйесі қалыптасты. Оның негізгі белгілері: 1) басқару органдарының үстемдігі мен тәуелсіздігі; 2) жария яғни баршаға ашық билік болуы, бұл дегеніңіз қоғамдық өмірді басқарумен айналыстын арнайы органдардың болуы (хан, сұлтандар, билер, хан кеңес және т.б.); 3) хандар (жарғы) және билер (ереже) жасаған нормативтік қағидалар); 4) оған билік күші тарайтын әкімшілік аумағының басқару құрылымы; 5) басқару және елдің қорғанысын материалдық қамтамасыз ету үшін салықтар, алымдар, баж салығы болуы.
Сонымен, Қазақ даласында ХV ғасырдың ортасында қалыптасқан хандық белгілері мемлекеттіліктің классикалық анықтамасында берілген мемлекет белгілерімен толық сай келеді. Ал мемлекет үшін мына сипаттар тән: егемендік, жариялы ашық билік яғни, басқару органдары; заңнама жүйесі; бір аумақтың юрисдикция; салықтар және алымдар; азаматтық (бодандық).
Осылайша, мынадай қисынды қорытынды жасауға болады, Қазақ хандығы – бұл оның классикалық анықтамасына берілген мемлекет ұғымына сай келеді, ол тарихи аренада унитарлық аумақтық құрылысымен шектеулі монархия нысанындағы құрылым. Шындығында басқа мемлекеттердің де шығу тегі – генезисі осыған ұқсас. Тек олардың атауы ғана жоғары билеуші атына сай өзгерек, бірақ ол әрине, істің мәнісін онша өзгертпейді, Өйткені, Еуропада – бұл королдік, патшалық, Шығыстың өзге елдерінде бұлар - шах, эмираты, көшпенділер елдерде - хандық, кағанат. Осыған Л.H. Гумилев те назар аударған, ол хандарды герман императорлары, грек басилевтері, араб халифтері, қытайдың «аспан ұлдары» секілді егемен елдің билеушілері деп санады.»6.
Қазақ хандығы азаматтық мәселесін санамағанда осы әмбебап белгілердің бәріне толық сай келді. Ал тіркелген азаматтық институты тіпті отырықшы халықтардың мемлекеті дамуының ерте сатысында да болмаған еді.
Хандық монархиялық нысандағы мемлекет түрі ретінде ең алдымен және басым көпшілігінде көшпелі халықтар арасында пайда болды. Олардың өмір сүру салты мен шаруашылық жүргізу ерекшелігіне орай халықтың есеп санағын тұрғылықты жеріне «байланыстыра» жүргізу техникалық тұрғыдан қиын еді және экономикалық тұрғыдан орында болмаушы еді. Қоғамдық өндірістің көшпелі шарушылық тәсілі осы көшпелі шарушылықтың қажеттіліктері талап ететін шектерде емін-еркін жүріп-тұру мұқтаждығын тудырады (жайылым, шабындық жерлері мен қыстау орындарының жағдайы, су айдыны болуы, климаттық табиғи жағдайлар және т.б.)
Алайда, осындай ерекше жағдайларда мемлекеттің (хандық) халықпен өзара байланысы жергілікті билеушілер арқылы да, кенет төтенше жағдаяттар туындаған кезінде қазіргі ұғымда курьер міндетін атқарған арнайы жаушылар – шабармандар арқылы да, сондай-ақ «ұзын құлақ», яғни ақпарат таратудың таза далалық әдіс-тәсілімен де беріліп отырды.
Адамзат тарихындағы көптеген мемлекеттерге олардың құрылуы және қалыптасуы кезеңінде тән бола қоймаған азаматтық мәртебесінің белгілері, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастардың мән-мәнісін жоққа шығарған еді. Сол замандағы тарихи жағдайларда осы елде өмір сүріп жатқан барлық адамдар автоматты түрде аталған елдің боданы немесе азаматы ретінде осы мемлекеттің заңды бағынышты кісісі болды.
Осыған байланысты қазақтардың өткен тарихи заманын түрлі бұрмалаушылықтардың қатаң түрде сынау керек, әсіресе түрлі саяси пиғылдар жетегінде оның мемлекеттік даму сатысын жоққа шығару еш сын көтермейтін жайт. Сол себепті хандық нысанында бес жүз жыл бұрын құрылған қазақтардың мемлекетінің ерекшелігіне тағы бір рет назар аудару қажет болады. XV ғасырдың ортасындағы тарихи фактілерге қоғамдық-саяси процестерге объективтік талдау жасау «дала демократиясы» мен мемлекеттік биліктің бөліну принципіне негізделген бірегей қазақ мемлекеттілігі институты туралы бұрмаланған көзқарас болуының алдын алудың қажет алғы шарты. Сонымен қатар демократия және мемлекеттік биліктің үш бұтағына бөліну үрдісі еуропалық елдердің саяси өміріне буржуазиялық революциялардың жеңістерінен соң, XVIII ғасырдан бастап енгізіле бастағаны белгілі.
Көшпенділердің орталықтандырылған алғашқы унитарлық мемлекеті ретінде құрылған Қазақ хандығының бірегейлігі келесі мәселенің түйіні болатын. Біріншіден, оның әлеуметтік базасын таптар, әлеуметтік қауымдық топтар не болмаса мүліктік белгісі бойынша жіктелген қоғам болған емес, бұлар өзінің басқарушылық әлеуетін сақтаған шоғырланып, топтасқан ру-тайпалары болды. Екіншіден, мемлекеттік органдардың қалыптасуы және қызметі Қазақстанның жағдайында өзінің ерекшелігіне ие болған әскери және далалық демократияның негізінде жүзеге асты.
Үшіншіден, хандық биліктің династиялығы мен мұрагерлігі қатып қалған қасаң қағида болған емес және оның ережесінен ауытқуы жоғары биліктің дағдарысына әкелген емес. Төртіншіден, мемлекеттік биліктің ұйымдастыруы әлемдік аренада басқа мемлекеттерінің құрылуында ортақ игілікке айналған оригиналдық принциптер базасында жүзеге асырылды (мысалы, мемлекеттік биліктің үш бұтағына бөліну қағидаты).
Осылайша, Қазақ халқының тарихындағы саяси таңдау бұдан 550 жыл бұрын шектеулі монархия нысанындағы орталықтандырылған мемлекет құру арқылы жасалған болатын. Қазақ мемлекеттілігін сипаттай отырып, кейбір шетелдік саяси қайраткерлер оны тек XX ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталды деп ашық түрде есептейді, бұл ретте олар мемлекет болып құрылу тарихын Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздік алған уақытынан бастағысы келеді. Бұның өзі тарихи шындықты көпе көрнеу бұрмалайды және мемлекет секілді жалпы ұлттық саяси инструменттің мәнісі мен белгілерін дұрыс түсінбеушілік болып табылады. Жоғарыда аталып өткендей «мемлекет» деген ұғымында «қоғам», «ел» деген ұғымдарға қарағанда қандай да бір елдің аумағындағы қоғамды ашық көпшілік түрде басқарушы мекеменің функциясы қамтылып отыр. Ал қазақтардың тарихына осы көзқарас тұрғысынан қарау олардың туған елі - Қазақ елінде хандық деп аталатын басқарушылық құрылымы қалыптасты және өмір сүрді.
Барлық қазақтардың ортақ соңғы ханы болған Тәуке ханның 1718 жылы дүние салуына дейін қазақ мемлекеті тарихында қазақтардың орталықтандырылған мемлекеттілігінің үш жүз жылдығы толды. Бір қызығы, Қазақ хандығы мемлекет ретінде тарихта болғаны факт, ал марксистік-лениндік негіздегі советтік тарихтануда қазақтардың төл мемлекеті болмаған. Бұндай шындыққа жанаспайтын қате қорытынды өкінішке қарай қазір де бар.
Дегенмен, тарихи ақиқаты сол - қазақ өлкесіндегі отарлау саясаты өрши түскен сайын жекелеген сұлтандардың сепаратизмі нығаюуына қарай, хандық билік біртіндеп біржолата тарқады. Хандық биліктің билікті жою үшін құқықтық негіздері «Сібір қырғыздары туралы жарғы» және «Орынбор қырғыздары туралы жарғы» деген құжаттар қабылданғасын пайда болды. Бұл жарғылар Батыс Сібір генерал-губернаторы М.М. Сперанскимен жазылды. XVIII ғасыр аяғындағы патша өкілі О.А. Игельстроммен жүргізілген реформалар бірқатар объективті себептерге байланысты аяғына дейін жеткізілмеді.
Тұтастай алғанда, О.А. Игельстром реформалары мен М.М. Сперанский «Уставы» хан билігін тарату және әкімшілік басқарудың жаңа жүйесін енгізу мақсатын қойған болатын7.
Осы жаңа жарғыларға сай хан билігі орнына басқарудың жаңаша округтық жүйесі енетін болды. Олар өзі болыстықтарға бөлінетін сыртқы округтері құрылды, болыстықтар өз кезегінде әкімшілік ауылдарға бөлінді. Сыртқы округтер, өз кезегінде сібір киргиздары облысына біріктірілді. Сыртқы округтарды аға сұлтандар басқарды, аулы – старшындар биледі. Болыстық басқармалары мен ауылдық старшындар әкімшілік, шаруашылық және полиция функцияларын атқарды. Бұдан бөлек әскери казактардан құрылған ішкі қарауыл да құрылды, бұның өзі аға сұлтанның билігін едуәір шектеп қойды. Ауылдың старшындарын жергілікті халық сайлады және олардың лауазымын округтік приказ бекітті. Ал сайлаудың өзі үш жылда бір рет өтетін болды.
Болыстық басшылары болып тек чингизидтер емес, бай-манап өкілдері де сайлана бастады (1854 жылдан бастап).
Болыс және ауыл старшындарын сайлау қызу тартыстың және дау-дамайдың ортасы болды. Н. Коншин кезінде жазғандай «Округтардың ашылуына себепші болған жағдайлардың бірі сібір әкімшілігі өте орынды түрде өз пайдасына пайдаланған жер дауынан туындаған ру аралық алауыздық болатын. Бұдан басқа, орыс бодандығын тез қабылдауға жер таласынан бөлек болыстыққа таласқан сұлтандар арасындағы келіспеушілік те себепкер болды».
Бір жағынан алғанда бұл бір тарихи парадокс, бірақ осы бір тарихи сәттен бастап, биліктің осындай әкімшілік – аумақтық ұйымдастыруы принципі негізінде болашақ қазақ мемлекеттілігінің жаңа сапада қалыптасуының іштей жасырын, параллель әрі объективті ұзақ процесі басталды. Бұрынғы көшпелі жұрттың біртіндеп, соның ішінде мәжбүрлеп те отырықшы елге айналуы, сауда мен өнеркәсіп дамуы, өзара ру аралық қақтығыстардың азаюы қазақтың көшпелі халқын ауыл, болыс және округтар бойынша әкімшілік-аумақтық тұрғыдан басқаруын қамтамасыз етіп отырды.
Қазақ даласындағы хандың билікті жою Қазақ мемлекетінің 300 жылдық даму тарихын үзіп тастағандай болды. Патшалық Ресейдің отарлық әкімшілік органдарындағы қызметтерге қазақ халқы өкілдерін тарту, хан, ру басы қызметтеріне тағайындалуы мен бекітуі істің мәнісін онша өзгерте алмады. Олар ендігі жерде басқа мемлекетке қызмет етуге, олардың талабын орындауға, мәжбүр болды, бұл Қазақ халқының өз қалауына, мүдде-тілегіне қайшы еді. Дегенмен де, бөтен мемлекеттің қол астында қалған қазақ жұрты - Қазақ Eлi ретінде өзін сақтап қалды. Көптеген ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістер аяусыз басылып, жанышталып отырылды. Қазақ Елінің бодандық қапастан шыуға тырысып, өзінше тіршілік етуге тырысуы, оның тарихи дамуы оның өзіндік ұлттық мемлекетін құруына жол бермейтін қолдан жасалған қиындықтармен еш астаспайтын болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет