Сұрақ. “Шығарма шектеулi мүмкiндiк шеңберiнде болады” дегенде, шығарманың мүмкiндiгiн белгiлейтiн басты нәрсе не? Шығармадағы кейiпкерлер ме?
Жоқ. Өйткенi кейiпкерлердiң өзi шығарма мүмкiндiгi шеңберiнде болады. Демек, шығарманың тұтастық сипатын айқындайтын белгi – кейiпкер емес, шығармада көтерiлген мәселелердiң, айтылған идеяның тұтастығы болып табылады. Яғни шығармада қамтылған әрбiр бөлшектiң қажеттiгi немесе артық-кемдiгi де осы идея тұтастығына қатысты анықталады. Көркем шығарма идеясымен тығыз бiрлiкте қарастырылуға тиiстi тақырып, проблема деген ұғымдар бар. “Тақырып” деп шығарманың атауын айтпаймыз ба? Шығармаға атау болып тұрған сөздi немесе сөз тiркесiн тақырып деп бiлу – нағыз қарабайыр түсiнiк. Себебi, “тақырып” ұғымының мәнi одан гөрi әлдеқайда кең. Мәселен, қазiргi кезеңнiң өзiнде “тақырып” деген термин екi түрлi мағынада қолданылады: 1) Шығармада бейнеленген өмiрлiк материал ұғымында; 2) Шығармада көтерiлген негiзгi қоғамдық проблема ұғымында. Бiрiншi анықтаманың да кей тұстарда дұрыс келетiнiн жоққа шығаруға болмайды. Алайда екiншi анықтама “тақырып” ұғымының мәнiн неғұрлым дәл бередi. Оның сыры, бiрiншiден, бұл анықтама бойынша тақырыпты өмiрлiк материал деп қабылдай отырып, өмiрлiк материалды танып-бiлу шығармадағы бейнеленген құбылыстарды талдауға негiзделедi. Екiншiден, тақырыпты шығарманың басты проблемасы деп түсiнуге тақырып пен идеяның органикалық бiрлiгi себепкер болады.
Көркем шығарманы тұтас дүние ретiнде мұқият қарастырғанда ғана, тақырыпты дұрыс анықтауға қол жеткiзуге болады. Суреттелген өмiрлiк шындықты жан-жақты танып алмайынша, шығармада көтерiлген мәселелердiң мәнiне тереңдеп үңiле алмаймыз. Мәселелердiң мәнiн айқындау арқылы ғана шығарма тақырыбын нақты ажыратуға болады. Қандай шығармада болса да, қаламгер бейнелеген оқиғалар, жағдайлар, мiнездер, iс- әрекеттер, т.с.с. барлығы шығарманың бүкiл мазмұнын қамтитын ең негiзгi проблеманы шешуге бағытталады.
Әрине, қаламгер мақсаты өз шығармасында әлде бiр проблемаларды көтерумен шектелмейдi. Сонымен бiрге сол проблемаларды шешу жолдарын да қарастырып, қоғамдық идеалдардан өрбитiн ой-пiкiрлерiн де аңғартады.
Сондықтан да шығарма тақырыбы оның негiзгi идеясымен тығыз байланысты.
Тақырып, проблема, идея – өзара тығыз байланыста тұрып, әдеби шығарманың көркемдiк мазмұнын айқындайтын үш түрлi деңгей. Тақырып – шығарманың заттық болмысы болып табылатын бөлшек; теңей айтсақ, болашақ құрылыстың шикiзаты; проблематика – осы “шикiзат” – тақырыпты бiртұтас көркемдiк-эстетикалық құрылымға айналдырушы; идея – автордың дүниетанымдық сипаттағы тұжырым-бағаларынан өрбитiн көркемдiк тұтастықты қорытындылаушы деуге болады.
Сұрақ. Тақырып, проблема, идея жайындағы пiкiрiмiздi нақтылай түссек…
Көркем шығарманың тақырыбы авторлық суреттеудiң өзегiне алынып, шығармада көрiнiс тапқан ақиқат болмыстағы заттардың, құбылыстардың, оқиғалардың жиынтығы болып табылады. Әрбiр көркем туындыда, әдетте, бiр ғана тақырып көтерiлмей, өзара байланысты бiрнеше тақырыптардың тұтас жүйесi (тематика) көрiнедi.
Әдеби туындыны неғұрлым айқын түсiну үшiн оның мазмұнын белгiлейтiн өмiрлiк өткiр қарама-қайшылықтарға, яғни суреткердiң өзiне де, оның кейiпкерлерiне де сюжеттiк әрекеттер барысында шешуге тура келетiн проблемаларға үңiлу керек.
Көркемдiк бейнелеудiң негiзгi тақырыптарын (заттарын) белгiлейтiн тематикамен салыстырар болсақ, әдеби проблематика суреткердiң өз шығармасы арқылы бастан өткерiп, ойша саралап, оқырманға бейнелi түрде ұсынып отырған өмiрлiк ақиқаттың көкейкестi қарама-қайшылықтары. Қаламгердiң өз дәуiрiндегi аса өткiр мәселелердi туындысына тiкелей (“Кому на Руси жить хорошо?”) немесе жанама (“Кiм жазықты?”) атау етiп алуы жиi ұшырасады. Сондай-ақ проблема туынды атауында әлеуметтiк- философиялық қарама-қайшы мәнде көрiнуi де (“Ақылдан азап”, ”Өлi жандар”) немесе бейнелi түрде символдық мәнде көрiнуi де (“Қарсаңда”, ”Тұңғиықта”, ”Найзағай”) ықтимал.
Проблеманың тағы бiр ерекшелiгi – оқырманның көркем туындыны қабылдау барысында оны өзi ойша дамытып әкетуiне қатысты.
Шығармадағы проблеманы оқырманның өзi қалай дамытуы мүмкiн?
Жазушы өз туындысында көтерiлiп отырған проблеманы ақырына дейiн шешiп бермей, оқырманды ойландыру мақсатында саналы түрде соңғы жауапты ашық қалдыруы да мүмкiн. Сондай-ақ, көркем мәтiн шеңберiнен шығып кететiн сауалдарды ұсына отырып, жазушы кей жағдайларда өз жауабын айтуы да, немесе проблемаларды шешудiң кейбiр жолдарын меңзеп қана қоюы да ықтимал. Мұндай жағдайда проблеманың шешiмiн табу оқырман ықтиярында қалатыны түсiнiктi.
Ал әдеби проблемалардың авторлық шешiмдерi өзара ұштаса келiп, туындыдағы көркем идеяларды құрайды. Идеялардың бұл жиынтығынан шығарманың идеялық-эстетикалық концепциясы шығады.
Проблематика автордың түпкi ойына сәйкес, шығарманың құрылымын айқындап, көркемдiк детальден бастап шығарма атауына дейiн қамтитын тақырыптық мазмұнды белгiлесе, шығарма идеясы бейнеленген оқиғаларға, характерлерге, жағдайларға деген автордың көзқарасын (қарым-қатынасын) танытады. Сонымен қатар дүниетанымдық, философиялық сипаттағы пiкiрлердi көркем баяндау арқылы жинақтап, тематика мен проблематикаға да авторлық баға бередi. Шынайы көркем туындыда проблематика тематикадан келiп шығады.
Сонымен, идея дегенiмiз көркем шығармада көрiнiс тапқан барша құбылысқа қаламгердiң көзқарасы, бағасы болып шықты ғой. Сонда автордың көзқарасы шығарманың қай тұсында айтылады?
Идеясыз шығарма жоқ. Идеялылық – өнер туындыларында бейнеленген оқиғалар мен характерлердiң мән-маңызы жайында образ арқылы берiлетiн ой-пiкiр көрiнiсi.
Кейбiр идеялар автордың өз пiкiрi арқылы тiкелей (көбiнесе лирикада) немесе жағымды кейiпкердiң сөзiмен берiледi. Алайда шығарма идеясы мұндай жекелеген пiкiрлермен шектелмейдi, оның мәнi одан гөрi маңыздырақ.
Кейде шығарма идеясы тақырып, сюжет, образдар арқылы нақты көрiнуi де мүмкiн. Мұндай ашық үлгiдегi идеялар автордың өзiнiң идеялық позициясын саналы түрде көрсетуге ұмтылуынан шығады. Бұл сипаттағы, яғни өзiнiң көркемдiк бағыттылығын ашық танытқан туындыларда бiржақтылық басым болады.
Ерен мәндi идеялар сюжеттiң өн бойын тұтас қамтып жатады. Сюжеттi құрайтын бөлшектердi негiзгi идеядан тыс, жеке алып қарастырса, олардың мәнi болмауы да әбден мүмкiн. Шығарманың идеялылығы ондағы идеялардың санымен айқындалмайды, шығарманың тұтас мазмұнындағы алатын орнымен, маңыздылығымен, ауқымдылығымен өлшенедi. Көркем шығармада түрлi деңгейде көрiнiс табатын философиялық, әлеуметтiк, дiни, моральдық, гуманистiк, педагогтiк, т.с.с. идеялардың қандайы болса да, образдар арқылы, шығармадағы нақты қаһармандар қарым-қатынасы арқылы өнерге тән идеяға айнала алады.
Өнерде, әсiресе, әлеуметтiк идеялар маңызды роль атқарады. Автор өз туындысында әлеуметтiк идеяларды бейнелеудi мақсат тұтпаса да, қарымды қаламгерлердiң көркемдiк дүниесiнде бұл идеялардың болуы заңды құбылыс. Көркем шығарманың идеялылығы дегенде, негiзiнен, әлеуметтiк идеяның басты назарда болатыны да сондықтан. Әдебиеттiң әлеуметтiк идеялылығы оның халықтық сипатынан танылады. Идеясыз шығарма бола ма? Нағыз өнерде идеяның болмауы мүмкiн емес. Ал идеясыз шығарма болуы мүмкiн.“Идеясыз өнер болмайды, алайда идеясыз шығарма болуы мүмкiн” деген пiкiр мүлде қисынсыз ғой?.. “Идеясыздық” – шығармада қандай да бiр идеяның жоқ болуы емес, қоғамдық-әлеуметтiк идеялардың болмауы. Қысқасы, көркем идеялылық дегенiмiз автордың өз шығармасына сырттан енгiзе салған нәрсесi емес, шығарманы жазу арқылы өз туындысының өне бойында қамтып көрсеткен негiзгi ой-пiкiрi. Бұл орайда ескеретiн жәйттердiң бiрi мынау: шығарманы жазуға ниеттенген кезеңдегi iлкi идея оны жүзеге асыру барысында әр алуан өзгерiске ұшырауы әбден мүмкiн. Өйткенi, авторды өзi бейнелеп отырған өмiрлiк шындық логикасы “дұрыстап, тура жолға салып отырады”.
Тапсырма: С.Досжан «Қасірет пен тағдыр» романындағы өмір шындығы, тақырыбы мен идеясы.
Достарыңызбен бөлісу: |